Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жастар жырлайды: Ана туралы өлеңдер

08.03.2019 626

Жастар жырлайды: Ана туралы өлеңдер

Анам жүрді қашан да жан-жағымда,

Балалығым. Күнім жоқ құламаған.
Бірнеше күн ауырып қалғанымда,
Жалбарынып Құдайға жылады анам.

Асыл адам жаныңнан табылғанда,
Бар ғаламның сезерсің тербелісін.
Мен қайтадан тырыстым ауырмауға,
Жылағанын анамның көрмеу үшін.

Мектептегі төмендеп үлгерімім,
Тәртібім де ешкімге ұнамаған.
Толы болды екіге күнделігім,
Жанарына жас алып жылады анам,

Қылығыма сол күнгі өкінермін,
Айтқан сөзім өзіме заң мен үшін.
Аяқтадым ең үздік оқу орнын,
Жылағанын анамның көрмеу үшін.

Жолға салып сынақты тағдыр күрең,
Өзімді-өзім бәріне кінәлағам.
Өзімді-өзім жоғалтып алдым білем,
Көрсетпестен тағы да жылады анам.

Басқа жандар жаныңды ұға алар ма?
Өмірдегі ең басты сол жеңісім.
Содан кейін тырыстым жыламауға,
Жылағанын анамның көрмеу үшін.

Әлімжан Әлішер

МАМА



Көңілсіздеу бүгінгі іңірдің десі,
Төзімді бойға уақыттың сіңірді көші.
Мейірімге шөлдедім, сағындым, Мама,
«құлыным» деші?..

Жамандықтан бұл күнде жүрегім ада,
Сен де мені сағындың,
бiлемін, Мама?!
Түсіме енші, Тәңірден бүгінгі менің
тек осы тілеуім ғана!

Тыныштықты қай жақтан табады санам?
Жылылық аңсап Тағдырдың қабағын бағам.
Күтші, Мама, күп-күрең Күзді арқалап,
кешікпей барады балаң...

Жазғырма, Мама, қара деп көңілі босын.
Қайтейін мұңның өмірде өрімі басым.
Оңашада отырам өлеңмен сүртіп,
Осылай көзімнің жасын.
Кешірші, Мама...


Айжан Табарак

ХАТ

Не біледі, мына жұрт, не біледі?

Кеудемді көптен бір ой кеміреді!

Ана жайлы асыл сөз айта алмасам,

Аузымнан ат тебердей көрінеді!

Үлде мен бүлде болмай төңірегі,

Бейнетті көрудей-ақ көріп еді.

Жетеме жетіп бүгін соны ойласам,

Менің жаным екі есе егіледі!

Қадіріңді мен сонда, ұққаным жоқ,

Көз жасыңды көрсетпей сыққаның көп!

Түйедей болсам да әлі уайымдайсың,

Түніменен түсімнен шықпадың деп.

Керуен-күн кідірмей аз орнында,

Жарытып бір жақсы өлең жаза алдым ба?!

Қиынның қиыны екен қайран анаң,

Қартайып бара жатса көз алдыңда...

Жаңғырып жасын-мұңым шатырлады!

Шамалы ғой ұлыңның қатырғаны.

Балқашта қалып қойған бала бейнем,

Кеудеңде құндақталып жатыр ма әлі?

Көндіре алмай ноқтаға ой ырғағын,

Байыптаймын мен, байғұс, кейін бәрін.

...Ұлылықты тағы бір ұғындырып,

Маңдайымнан сипашы мейірбаным!

Айдын Байыс

***

Жаным анам, жағдайың қалай қазір?
Көрген жансың тағдырдан талай зәбір.
Сәл сүрінсең үстіңнен аттап өтіп,
Кей адамдар табалап, талауға әзір.

Сенесің бе өзіңді шын сағындым…
Өскен ұл ем ішінде құм, шағылдың.
Жыр күреңді ерттеп ап ақын ұлың,
Жайлауында жүр бүгін тұмса мұңның.

Ауыл жақтан салғалы іргемді алшақ,
Артта қалды балдәурен, күлген бал шақ.
Таңдайға сап балқаймақ сағынышты,
Жүрмін енді қалада қыр белді аңсап.

Ана, саған айтайын сырымды қай,
Жеткізбейді жүйіткіп ғұмыр-құмай.
Жан адамға сыр айтпай тек дұғаңмен,
Жаратқанға шағасың мұңыңды ұдай.

Дүр дүниенің есігін жырмен аттап,
Ана, саған сыйлайын гүлдер аппақ.
Тағы бізді ойлаумен көз ілдің бе,
Жанарыңның түбіне мұң қонақтап.

Ана, сені ешкімге теңгермеймін,
Ұлы десін балаңды көргенді үйдің.
Ел аңыз қып айтса да мен өзіңді,
Әжесінен Абайдың кем көрмеймін…


Азамат Әбілқайыр

АҚ ЖАУЛЫҚ

Әндетеді өзгеше баяу ғалам,

Меңдетеді тәлкегін тағдырым да.

Таңым қалды... мен әлі оянбаған,

Арым қалды... анамның жаулығында.

Өткенімді ойыма алдым ба құр,

Көктемімді жіберді уақыт күз қып.

Бар бақыты анамның алдымда тұр,

Бірақ, неге билейді бақытсыздық?!

Көздейді әлі жанымды жала, күмән,

Төзбей бәрі, тек жалғыз мұң шыдады.

...Қала оттары – анамның жанарынан,

Түнде ғана таматын тамшылары.

Сездің бе екен кезікпей кетеріңді,

Кез бұл бөтен... үмітім соңғы өледі.

Терезелер қымтамас етегімді,

Жабылмаған олардың перделері.

Тілекке ұнап таласар баққа бәрі,

Жүрек жылап қалса егер қарғар мұны..

...Күшпен, мүмкін, арым да атталады,

Түскен бір күн анамның ақ жаулығы...

Ләззат Мақаш

АНА СӨЗІ

Үш балапаным бағым ба, әлде сорым ба?

Ер жетті міне еңіреп қалмай соңымда.

Ағаңмен әпкең өз күнін өзі көріп жүр,

Қыраным ал сен қаласың менің жанымда.

Қараша үйің қалмауы үшін қаңырап,

Жайқалшы, ботам, теректей терең тамыр ап.

Қанағат балам қатардан қалмай есейдің,

Аманат саған әкеңнен қалған шанырақ.

Көшейік деме, өзгеше туған өренім,

Осында тудым, осында онда өлемін.

Жалғыз жанымды жыраққа кетіп жылатпай,

Жақсы әйел жанымды нұрға бөлегін.

Желікпе босқа еріксіз еріп қиялға,

Қалаға барсам төрт қабырғаға сиям ба?

Төсінен кетпей барқыт далаңның құлыным,

Несібем өзің, өсіп-өн осы ұяңда.

Жаратқан ием көсегемізді көктеткен,

Өзіне алып әкеңді бізден шеттеткен.

Ырысқа бөлер сүт кенжем едің сен менің,

Жұмыста берер жыр сүйер елің мектептен.

Ауылға барсам осылай дейді анашым,

Қалаға қимай далада өскен баласын.

Мен деген, ана, тұлпардан қалған тұяқпын,

Білесің жылқы тастап кетпейді даласын.

Қайрат Иманбеков

БАХЫТКҮЛ СЕРІКҚЫЗЫ

Бахыткүл Серікқызы!

Қаңғыбас ұлыңды кеше гөр!

Жастыққа мас боп жүр көшеде ол.

Сен сене көрмеші,

Мергенді,

Адам болмайды десе егер!

Ренжіме, ұлыңды жек көрме!

Жанашыр басқа ешкім жоқ менде.

БАХЫТКҮЛ СЕРІКҚЫЗЫ!!!

Мен саған осылай айтамын,

Әжемді сағынып кеткенде.

Бахыткүл Серікқызы!

Жанарың неге жас төгеді?

Еңсең де неге ерте шөгеді?

Білемін, жүйкеңді жұқартқан,

Менде де қателік көп еді.

Бахыткүл Серікқызы!

Тарыла бермесін тынысың,

Ештеңе етпейді, құрысын!

Тауыспай кеткен оқуым,

Ұнамай, тастаған жұмысым...

Белшемнен батқан қарыз да,

Үстімнен кеп түскен арыз да.

Басымнан кетпейтін бұл қырсық,

Шашыма жабысқан сағыз ба?!

Бахыткүл Серікқызы!

Іске аспай қойды ғой жоспарым,

Бәйгеден келмей жүр қосқаным.

Азайып кеткелі дұшпаным,

Көбейіп барады достарым.

Берекесіз болып істерім,

Үрейлі неліктен түстерім?

Мойыны қатқан тазыдай,

Түлкі алмай, ауаны тістедім...

Бахыткүл Серікқызы!

Ұлыңды кешіре гөр енді,

Ақылды болады ол енді!;)

Мен саған жазбаппын, ұят-ай,

Қыздарға көп жазған өлеңді.

Бахыткүл Серікқызы!

Үміттен! Көзіңде отты жақ!

Мен түбі тұрамын, көп құлап.

Ақын ғып дүниеге әкелген,

Өзіңе де обал жоқ, бірақ!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Ана туралы өлеңдер, 8 наурыз, ана, мама, Әже, апа, әйелдер күні, құттықтау
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар