Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мо Ян. Қызыл гаулияң (жалғасы)

26.07.2020 614

Мо Ян. Қызыл гаулияң (жалғасы) 16+

Қытайшадан аударған: Серік НҰҒЫМАН

Басы мына жерде.

Күймешілер ауыл көшесінен өткен сайын адымдарын кең алып, ілгерінді-кейінді ырғалып, аяқтарын орай алмастырып, алшаңдай басады. Мұны «көше таптау» дейді екен. Бұл бір жағынан келін түсірушінің көңілін аулап, көбірек сыйлық алу үшін болса, екінші жағынан, өздерінің кәсіби деңгейін көрсету үшін жасалады екен. Көше таптағанда, аяғын біркелкі баса алмайтындар толық қанды күймешілер болып есептелмесе керек. Күйме бағанын қолмен сүйейтіндер де жетіскен күймеші емес. Нағыз күймешілер екі қолымен бүйірін таянып, қадамын біркелкі басатын, күйменің серпілген ырғағы мен керней-сырнайдың әсем әуенін тығыз сәйкестіре алатын, барлық адамға қандайда бір бақыттың тасасында үлкен қайғы-қасірет жататынын анық аңғарта алатындар екен.

Күйме ауылдан ұзап, жазық далаға жеткен соң күймешілер аяқ асты дөрекіленіп шыға келеді. Бұл бір жағынан жол қысқарту болса, екінші жағынан, жас келінді аздап әуреге салу екен. Күйменің солқылдаған соққысына шыдамаған кей келін қатты лоқсып, торғын мешпеті мен кестелі кебісіне құсып, әбден былғанатын болса керек. Олардың лоқсыған үнінен күймешілер шер шығарып, ләззат алады екен. Соншама жас, бойын бұла күш билеген азаматтардың көтеріп апарып тапсыратындары қаймана біреуге қолдарынан берген құрбандық секілді болса, жандары қалай қиналмасын? Өштерін жас келіннің жанын қинап, үрейін ұшырудан алмай ма?

Сол күні әжемді көтерген төрт күймешінің біреуі кейін менің атам болады – кейінгі Үй Жанау сардар. Ол кезде жиырмадан жаңа асқан ол Дұңби ауылындағы күймешілердің таңдаулылардың бірі екен. Мінездері Гаумидің Дұңби ауылындағы гаулияң секілді ашық-жарқын болып келетін атамның замандастарын біздің кейінгі буын бозөкпелермен қалай салыстыруға балар? Өз заманының салты бойынша, күймешілердің жол бойы жас келінмен қалжыңдасуы құдды бір арақ ашытушылардың ашытылған арақтан еркін дәм татқанындай ерсілігі жоқ іс екен. Ханзаданың қалыңдағы болса да, именбей әзілдеп, тартынбай қылжақтайды екен.

Гаулияң жапырақтары күймені тынбай сабап, сартылдатып келе жатады. Бір кезде гаулияң арасынан әлдекімнің жылаған дауысы естіліп, біразға созылған тыныштық бұзылады. Өксіген үн сырнайшылар ойнаған күйге ұқсап, ұзақ сыңсиды. Әуенді таныған әжем аянышты үнді сырнайшылар қолындағы қайсыбір аспаптың сызылтып келе жатқанын аңдайды. Күйменің пердесін аяғымен сырғанда, алдыдағы жігіттің тер сорғалаған жон-арқасын көреді. Одан да маңыздысы, өзінің қызыл кестелі кебіс киген аяғын байқайды: сырттан төгілген күн сәулесі нұрға бөлеген олар үп-үшкір, жіп-жіңішке күйлерінде ғажап бір кейіпке еніп, үлбірей қалған екен. Шамгүлдің екі дана жапырағына ұқсап, монтиып тұрады. Тұнық судың астында айнала жүзген қос алтын балықтан тіпті де аумайды.

Әжемнің қыл кірпіктеріне ілінген гаулияң дәніндей қос тамшы жас іле жүзіне құлап, миығына келіп тоқтайды. Көңілі шерлі қыздың көкірегі мұңға толады. Ілгері қиялында өзі жасап алған сахна кейіпкері секілді келбетті де білімді, сырбаз күйеуінің асқақ бейнесі жас толы жанарында күңгірттеніп барып, ғайып болады. Дән әулетінің ақпа кеселге шалдығып, репеті қашқан Пиәнлаң атты ұлының науқас кейпін көз алдына елестеткенде, жүрегі мұздап сала береді. «Сонда осы бір жұп әдемі аяқ, гүл-гүл жайнаған асыл ажар, сарқылмас ыстық ықылас, құлпырған көркем келбет... осының бәрі, шынымен-ақ, бір ақпа кесел адамның игілігіне айналғаны ма?.. өйткенше, өлгенім оң емес пе?» деп ойлайды әжем.

Гаулияң арасынан қалқып келіп тұрған жылаңқы үнге ілесіп ренішке толы мынандай сөздер де құлағына жетеді: «Оу, зеңгір аспан... көк аспан... гүл бейнелі нұр аспан... ағатай-ау, келмеске кеттің қайырылмай... қарындасыңның тауы шағылды-ай... айтайын саған сыр қылып, Гаумидің Дұңби ауылында, қыз жыласа, естілер, ән салғандай тамаша...»

Миіңгоның алғашқы жылдары Чүйфу ауданындағы Күң Фузы әулетінің «жоқтаушылары» біздің ауылға келіп, арнайы жоқтау үйреткен деседі. Думанды тойы өткен күні дәл мынандай... әйелдің күйеуін жоқтап жылаған зарына тап болған әжем мұны жаман ырымға жориды. Онсыз да оңып тұрмаған халі тіпті де ауырлай түседі. Дәл сол кезде күймешілердің бірі арадағы үнсіздікті бұзады.

– Күймедегі жас келін, ағаларыңа тіл қатсаңшы... ұзақ жолда зерігіп өлетін болдық қой, – дейді ол.

Әжем қызыл кездемені алып, басына жаба қояды. Күйме пердесіне қарай созып отырған ши аяғын да тартып алады. Күйме ішін қайтадан алакөлеңке басады.

– Ағаларыңа ән салып бер... ағаларың сені көтеріп келеді ғой!

Түсінен шошып оянғандай болған бір кернейші күйменің артынан кернейін барылдата жөнеледі. Бар-бар еткен керней бар дауысымен озандайды.

– Дүр... дүр... дүр...

Күйменің алдында келе жатқан біреу кернейдің үнін аузымен салып дарылдайды. Алды-арыттан бірдей жыртыла жарылған күлкі үні естіледі. Әжемнің тұла бойын тер басады. Күймеге шығардың алдында үлкен нағашы әжем «жолда күймешілермен салғыласушы болма, күймешілер мен кернейшілер шетінен сұм, алаяқ келеді, қандай жамандықтан да қолдарын тартпайды» деп қайта-қайта таптаған екен.

Күймешілер күймені бар күштерімен селкілдетіп, ырғауға кіріседі. Орнығып отыра алмаған әжем орындықтың жақтауынан мықтап ұстап алады.

– Қыңқ етпей ме? Онда ырғаңдар! Ырғап дыбыс шығара алмасаңдар, ырғап зәрін шығарыңдар!

Күйме дауыл ұрған кемедей теңселе түседі. Әжем орындықтың жақтауына одан сайын жабыса түседі. Таңертең жеген тауықтың екі жұмыртқасы асқазанында асты үстіне түсіп, төңкеріліп жатады. Құлақ түбінен шыбындар ызыңдап, қатты лоқсығанда, аузына жұмыртқаның күлімсі иісі келеді. Тісін тісіне баса түседі. «Құспа, құсушы болма!». Әжем өз-өзіне қатаң бұйрық береді. «Құсушы болма, Фыңлиән! Елдің айтуынша, күймеде құсқан жаман ырым. Күймеде құссаң, өмір бойы жолың болмайды...»

Күймешілер әуелгіден бетер құтырып кетеді. Кейбіреуі үлкен нағашы атамды «ақшаны көрсе көзі тұнатын пәле» деп балағаттаса, екіншілері «теңін таппаған сорлы» дейді. Тағы біреулері «Дән Пиәнлаң тұла бойынан ақ ірің мен сары су аққан ақпа кесел» дейді. «Дән әулетінің ауласының сыртында тұрсаң, мұрныңа борсыған еттің сасық иісі келеді. Дән әулетінің ауласында көкбас шыбындар үйір-үйір болып үймелеп жүреді» дейді олар және.

– Жас келін, Дән Пиәнлаңды маңыңа жолатпа... жолаттың болды, шірисің!

Керней-сырнай жағы тынбай барылдап келе жатады. Әлгі бір жұмыртқаның күлімсі иісі күшейе түседі. Әжем тісін тісіне басып, еріндерін жымқырып алады. Жұтқыншағын бір дәу жұдырық төпештеп жатқандай болады. Ақыры шыдай алмайды... аузын ашып қалғанда, ақтарыла атылған қою құсық пердені жауып кетеді. Бес шыбын оқтай зулап келіп, лат қоймалжыңға кенедей жабысады.

– Құсты, құсты... ырғаңдар! – Күймешілер шу ете қалады. – Ырғап жүріп оны сөзге келтіреміз!..

– Ағалар, маған рақым етіңдер… – дейді әжем ықылық ата қиналып.

Соны айтып, еңіреп жылап жібереді. Болашағы мүлде кесілгендей, өмірбойы құтыла алмас азап теңізіне батқандай, қабағат қорланады. О, әке... о, шеше... дүниеқоңыз әке, тас жүрек шеше... менің түбіме сендер жеттіңдер!

Әжем ағыл-тегіл еңірейді. Гаулияңдар тербетіледі. Күймешілер ырғауын тоқтатады. Есірген, пәле іздеген кернейші-сырнайшылар да күй ойнағандарын қояды. Тек әжемнің өксік атқан үні ғана қалып, әйелзатының сызылған сыңсуы онан да жағымды сырнайдың мұңды сарынымен барып тоғысады. Сырнай үнін естіген әжем жылауын тоқтатып, құдды бір аспан күйіне құлақ түргендей, әуеден ұшып келіп жатқан көркем ырғаққа ықыласпен назар салады. Жүзін жас жуып, бетінен далабы кеткен жас келіншек қасіретке толы сырлы саздан ажал сыбысын естіп, өлім иісін иіскегендей, жаналғыштың гаулияңнан аумайтын қызыл еріндері мен гаулияң болып күлімсіреген алтын-сары жүзін көргендей болады.

Тіл-ауыздан айрылған күймешілер аяқтарын ауыр алып, үнсіз жүріп отырады. Күйме ішіндегі құрбандықтың қайғылы сыңсуы мен арт жақтағы сырнайдың сүйемел үні көңілдерін астаң-кестең етіп, есеңгіретіп тастағандай. Гаулияң арасындағы тар соқпақта тұнжырай ілбігендер келін алып келе жатқандарға емес, өлік шығарып бара жатқандарға ұқсап қалады.

Әжемнің алдында келе жатқан күймешінің – кейін менің атам болған Үй Жанаудың жүрегінде бір ерекше сезім оянып, ол бейне маздап жанған алаудай лапылдап, болашақ жолына нұр шашып, сәуле сепкендей болады. Жас келіннің өксіген үні оның жан түкпірінде бұғынып жатқан махаббат сезіміне от тамызады.

Жол ортада күймешілер бір сәт аялдап, күймелерін жерге қояды. Жылай-жылай мең-зең болған әжем бір аяғын байқамай күйменің сыртына шығырып алады. Тым нәзік, керемет әдемі, сүйкімді аяқты көргенде күймешілер естерінен тана жаздайды. Үй Жанау жақындап келіп еңкейіп, әжемнің кіп-кішкене, нәркез аяғын аса еппен, құдды бір құс балапанын ұстағандай аялай қармап, күймеге кіргізіп қояды. Іште отырған әжем осы бір жылы сыпайылықтан әсерленіп, күйменің пердесін ашып, алақаны қыз-қыз қайнаған жас жігіттің қандай адам екенін көргісі келеді.

Меніңше, барлық неке – тағдыр жазуы. Өмірлік істер қашанда Тәңір бұйрығымен болады. Бұл шәк келтіруге болмайтын ақиқат. Тек әжемнің аяғын ұстағаны себепті ғана Үй Жанаудың жүрегінде ең ұлы, жаңа тіршілік бастауға деген ең ынталы ыстық шабыт оянған. Содан былай оның өмірі түбірімен өзгеріп жүре береді және әжемнің өмірін де өзгертеді.

Күйме қайта жолға шығады. Керней ұзақ барылдап барып тынады. Солтүстік шығыстан жел тұрып, көктегі бұлттарды айдап, күн көзін тұтас көлегейлейді. Күйме іші күңгірттене түседі. Әжем жел тербеген гаулияң жапырақтарының сыбдырын естиді. Толқынды толқын қуалап, бірін-бірі қақпақылдап, алысқа әкетіп бара жатады.

Солтүстік шығыстан күннің күркірі тағы естіледі. Күймешілер жүрісін жылдамдата түседі. Әжем Дән шаңырағына тағы қанша қалғанын білмейтін. Қолды болған лақтың кебін киген байқұс қыз ажал мезеті таяған сайын жүрегі тыншып, байсал тартады. Әжемнің қойнында бірге келе жатқан өткір қайшы бар екен. Оның Дән Пиәнлаң үшін, әлде өзі үшін әзірленгенін анық білмепті.

Әжем отырған гүлді күйменің Бақалы өзегінде тоналуы – әулетіміз тарихынан тарайтын аңыз-әңгімелер арасындағы ең салмақтысы. Ерекше орны бар оқшау оқиға.

Бақалы өзегі – ойпаң жердің ішіндегі ойпаң екен. Топырағы құнарлы, суы мол аңғарға шашылған гаулияң тұқымы қақала, қаулап өсіпті. Әжемнің күймесі сол араға жеткенде солтүстік шығыс аспаннан қызыл найзағай жарқ етіп, бұлт арасынан жамыраған күннің сарғыш сәулесі жолға түседі. Ентіге дем алған күймешілер қара терге малшынады. Бақалы ойпаңына енгенде ауа кенет зіл тартып, жол жағасындағы қалың гаулияң қарая жарқырап, бітік өскен арам шөп пен жыныс шырмауық жол бетін тұмшалап, аяқ басар жер мүлде көрінбей қалады. Киіздей қалың шөп арасынан бой көтеріп, көк, күлгін, ақ, қызылт түсті қауашақ ашқан кекіре гүлі көзге жиі түседі. Маңайдан бақаның мұңлы бақылы, көк шегірткенің мазасыз шырылы, түлкінің зарлы шәуілі естіліп тұрады. Күймеде отырған әжем бойын оқыс сызды самал ұрғандай тітіркеніп, майда терісінің бетіне ұсақ-ұсақ бүртіктер тепсініп шыға келеді. Білегінің құс еттене бұжырланып кеткенін анық байқайды. Не болғанын түсініп үлгермейді, алдынғы жақтан біреудің:

– Жол ақысын беріңдер! – деп айғайлағанын естиді.

Қуанғаны да, қайғырғаны да белгісіз, жүрегі тосын аунап түседі. «О, жасаған, қыспа нан жейтіндерге де жолықтық-ау, міне!» деп күбірлейді ішінен.

О заманда Гаумидің Дұңби ауылында қарақшы деген топ-топ болып қаптап жүреді екен. Қалың гаулияң арасында суда жүзген балықтай бірде шығып, бірде жоғалып, емін-еркін сайрандаса керек. Ел арасынан өздеріне жақтас жиып, топ құрады екен. Барымтаға шығып, мал айдап, жаман істің түбін түсіріп, ал оң жұмыстың берекесін қашырады екен. Алда-жалда қарны аша қалса, екі адам ұстап, бірін қалдырып, екіншісін хабар салуға ауылға жібереді екен. Арасына жұмыртқа, сарымсақ салып ораған, екі қарыстай ұзын, қыспа нан әкелуге бұйырады екен. Оны жегенде қос қолмен екі жағынан қысып ұстап, ауызға қарай итеріп отыратындықтан, ол «қыспа нан» аталыпты.

– Жол ақысын беріңдер!

Қыспа нан жейтін адам тағы гүр ете қалады. Күймешілер тоқтап, жол ортасында көлденең түсіп жатқан тонаушыға қарап, аңырып тұрады. Тонаушы аласа бойлы, бетіне қара сия жаққан адам екен. Басына жүгері қабығынан өрілген төбесі биік қалпақ киіп, иығына шөп сулық жамыла салыпты. Ішінен түймесі жиі қара мешпет пен белін буған жалпақ белбеуі көрініп тұрады. Белінде қызыл торғынмен томпита орап алған түйіншегі бар. Оны үстінен бір қолымен қармап басып алыпты.

Әжем демнің арасында ештеңеден жасқанбайтын батыр жанға айланып шыға келеді. Өлімнен сескенбейтін адам басқадан қалай қорықсын? Күйменің пердесін ашып, қыспа нан жейтін адамға қарайды.

– Жол ақысын беріңдер, әйтпесе бәріңді жайратып саламын! – деп тағы айғайлаған әлгі адам, беліндегі қызыл түйіншегін қағып-қағып қояды.

Кернейші-сырнайшылар қойындарынан әжемнің әкесі сыйлаған жармақтарын алып, әлгі адамның алдына қарай тастайды. Күймені жерге қойған күймешілер де аздың алдында алған бақыр ақшаларын солай лақтырады.

Жармақтарды аяғымен жинастырып алған әлгі адам көзін күймеде отырған әжемнен алмай, тесіле қарайды.

– Сендер түгел... күйменің артына кетіңдер! Болмаса, мен оқ шығарамын! – деп ақырады ол беліндегі нәрсесін қағып-қағып қойып.

Күймешілер нарау басып күйменің артына қарай озады. Ең соңғында кетіп бара жатқан Үй Жанау шұғыл бұрылып, әлгі қыспа нан жегішке оқты көзімен ата қарайды. Сол сәт түсі бұзылған әлгі адам беліндегі қызыл түйіншегін сығымдай ұстап:

– Артыңа бұрылма... енді бұрылсаң, атып тастаймын! – деп айбат шегеді.

Қолын беліндегі нәрседен алмаған тонаушы күйменің алдына келіп, әжемнің аяғынан ұстайды. Әжем жайбарақат күледі. Әлгі адам от қарып алғандай шошып, қолын шұғыл тартып алады.

– Күймеден түс! – дейді сосын зірк етіп. – Маған ілес!

Әжем қозғалмайды. Бетінде ұйып қалған манағы күлкі.

– Күймеден түс!

Орнынан көтерілген әжем аспай-саспай күйменің бағанынан аттап, жайнай ашылған кекіре гүлінің арасына барып тұрады. Оң көзін қыспа нан жейтін адамға, сол көзін күймешілер мен кернейші-сырнайшыларға салады.

– Гаулияңның арасына қарай жүр! – дейді беліндегі қызыл шүберектегі нәрседен қолын алмаған жол торушы.

Әжем қаннен-қаперсіз тұра береді. Бұлт арасынан жалт еткен жарқылға ілесе жеткен, мыс барабан даңғырындай қатты шыққан сұмдық гүріл әжемнің ашық ажарындағы жылы жымиысты быт-шыт қылып, сайдан санын, құмнан ізін таппастай етіп тоз-тозын шығарады.

Әжемді гаулияң ішіне қарай ықтиярсыз айдап келе жатқан жол торушының қолы беліндегі нәрседен ажырамайды. Әжем мардымсыған бір назармен Үй Жанауға қарап қояды.

Үй Жанау жол торушыға қарай төтелете тартады. Жұқа еріндерін жымқыра тістеген оның екі езуінің бірі өрге көтеріліп, екіншісі төмен салбырап кеткен екен.

– Қозғалма! – дейді жол торушы үні қатты болғанмен, десі бәсең шығып. – Тағы бір адым аттасаң, атам! – Қолы беліндегі қызыл шүберектегі нәрседен ажырамайды.

Үй Жанау қыспа нан жейтін адамға жақындай түседі. Ол алға адымдаған сайын анау шегіншектей береді. Бейтаныс адамның көзінен жасыл ұшқын шашырайды. Бетінен мөп-мөлдір тер моншақтары тарам-тарам боп ағады. Үй Жанау үш қадамдай қалғанда ол ұят-намысты қайырып қойып, баж етіп бұрылып, тұра қашады. Үй Жанау тұра қуып, жетіп барып, құйрықтан бір тебеді. Денесі арам шөпке оралып, кекіре гүлді жапыра, бар екпінімен алға қарай ұша жөнеледі. Аяқ-қолдары бос кеңістікте талпынған сәбиге ұқсап ербеңдеп, ақыр-соңы анандай жердегі гаулияң сабақтарының арасына барып топ ете қалады.

– Жанымды қия көр, ағатай,! Сексенге келген анам бар еді. Бұл жолға шарасыз түстім, – дейді тонаушы Үй Жанаудың алдында жаттанды сөздерін шұбыртып. Желкесінен қыса ұстаған Үй Жанау оны күйменің алдына сүйреп әкеліп, жолдың үстіне жалп еткізеді. Сосын сөзден тиылмай тұрған аузын дәлдеп шірене тебеді. Баж ете түскен жол торушының жартысын жұтып, жартысын аузынан шығарып үлгермеген қара қаны мұрнынан бұрқ етеді.

Үй Жанау еңкейіп, оның беліндегі нәрсені суырып алады. Қызыл шүберекті сілкіп қалғанда, ішінен ағаштың қисық-қыңыр жіңішке тамырлары лақ етеді. Тұрғандар тіксіне қарайды.

Тонаушы тізерлеп отыра қалып, қайта-қайта бас ұрып, кешірім сұрайды. «Жол торушының бәрі үйде сексенге келген анам бар дейді», – деп азкем шегініп тұрған Үй Жанау күймешілер мен кернейші-сырнайшыларға көп ішіндегі көсемдей мардымси қарайды.

Шу ете қалған күймеші, сырнайшылар атылып келіп, тонаушыны ортаға алып, жеткендері қолмен, жетпегендері аяқпен, жабыла соққылауға кіріседі. Алғашында әлгі адамның ойбайлаған ащы дауысы естіліп тұрады да, аздан соң біржола өшеді. Кісі денесіне тиген соққының былшылдаған дыбысын естіп жол бойында тұрған әжем Үй Жанауға бір қарап қойып, жүзін іле көкке, жасын оты жарқылдаған аспанға бұрып әкетеді. Ажарындағы әлі сейілмеген асқақ жымиыс оны тым паң, асыл текті, бекзат етіп көрсетіп тұрады.

Кернейшілердің бірі қолындағы үлкен кернейін үйіріп әкеп, тонаушының тақ төбесінен періп қалады. Өткір ернеуі бас сүйекке «кірш» етіп кірген ол кернейін күшеніп жүріп әрең шығарып алады. Тонаушының ішек-қарны шұрылдап, екі бүктеліп қалған денесі кенет жазылып, сұлық түсіп жатып қалады. Бір жолақ ақ пен қызылдың арасындағы сұйықтық төбесіндегі терең жарықтан жылып ағып шығып жатады.

– Өлді ме? – дейді қабысқан кернейін құшақтаған кернейші.

– Өлді... бір салғанға шыдамайтын шүкімайт екен!

Үрейленген күймеші, кернейшілер өңдері бұзылып, сасып қалады.

Өлі адамға бір, тірі адамдарға бір қараған Үй Жанау тіл қатпайды. Гаулияң жапырағынан бір уыс үзіп алып, алдымен күйме ішіндегі әжемнің құсығын сүртеді. Сонан соң барып әлгі ағаш тамырын алып, үңіле қарайды. Қызыл шүберекті неше қайтара байлап, бар пәрменімен аласқа лақтырады. Әуеге көтерілген зат қызыл көбелекке ұқсап ұшып бара жатып екі бөлініп, алдымен тамыр, артынан қызыл шүберек, жасыл гаулияңның үстіне кезек-кезек құлайды.

Артынан әжемді күймеге сүйеп шығарған Үй Жанау:

– Жауын келе жатыр, тез қозғалайық! – дейді.

Әжем күйменің пердесін жұлып алып, түкпір жаққа тастай салады. Соның арқасында жолай таза ауамен еркін тыныстап, Үй Жанаудың қақпақтай кең жауырыны мен қанжырдай аш белін көріп отырады. Араларының жақындығы сонша, әжем аяғын шамалы көтерсе болды, оның құйқасы қалың әппақ басына тиіп кетердей еді.

Жел екпіні күшейіп, ары-бері ырғалған гаулияң толқын-толқын болып теңселеді. Жол жиегіндегі сабақтар әжеме тағзым жасап, құрмет көрсеткендей мойындарын иіп, бастарын жол ортасына қарай соза түседі. Күймешілер аяқтарын жіті басып, гүлді күйме өте орнықты, құдды бір суда жүзген қайықтай жаймен ғана сырғып отырады.

Көп өтпей құйып беретін жазғы нөсерді күткен бақалар шаттана әнге басады. Түнерген аспан барған сайын сұрғылттанып гаулияң алқабына төне түседі. От қамшысын кенет үйірген найзағай жерге жете бере жарқыл шашып, «шарт» етіп көкті жарған дауысы құлақтарды тұндырады.

Қабағат көңілденген әжем қара боран көтерген жасыл толқындарға жасқанбай қарайды. Бұлттар диірмен тасындай үйіріле жөңкіледі. Жел бағыты жиі өзгеріп, ығына алған гаулияң жапырыла тербеледі. Сөйтіп, айнала лезде әлем-тапырыққа айналып жүре береді.

Алғаш түскен үлкен-үлкен жаңбыр тамшылары гаулия масағын теңселтіп, арам шөптерді қирата жапырып, жолдағы майда топырақты лай батпаққа айналдырады. Күйме төбесін сартылдата сабайды. Мөлдір моншақтар әжемнің кестелі кебісіне, Үй Жанаудың тақыр басына төгіледі. Тіпті, кейде қиғаштай ұрып, әжемнің жүзіне де келіп тиеді.

Үй Жанау бастаған күймешілер аяғын қанша жылдам басып, жүрістерін тездеткенмен, түске таяу құйып берген найзағайлы жаңбырдан аман қала алмайды. Сансыз гаулияңды сұлатқан сел нөсер кең далада армансыз сіркірейді. Гаулияң түбін паналаған бақалар ақ тамақтарын бүлкілдетіп, тоқтаусыз бақылдайды. Қараңғы інінде тығылып жатқан түлкілер гаулияң жапырағынан сырғыған су моншақтарына қызығып, телміре қарайды.

Топырақ жол әп-сәтте құй батпаққа айналып, арам шөптер басылып, кекіре гүлі су болған бастарын көтеріп, дүр сілкініп, құлпырып шыға келеді. Күймешілердің кең қара шалбарлары бұттарына жабысып, бойлары сұңғақ тартып, келбеттері келісе түседі. Жауын шайып, құйқасы жарқыраған Үй Жанаудың басы әжемнің көзіне аумаған толған ай болып көрінеді. Төпеген өткінші әжемнің киімдерін де малмандай қылады. Әсілі, күйменің пердесін жауып, су болудан сақтануына болғандай екен. Бірақ, әжем олай етпеген, еткісі де келмеген, күйменің ашық тұрған есігінен тігіліп, аласапыранға айналып кеткен кең дүниеге қараған да отырған.

Қалың гаулияңды қос қолымен қақ жара жүгірген әкем солтүстік батыстағы ауылды бетке алып ұшып отырады. Аяқ тықырынан үріккен бір борсық гаулияң арасындағы арықты қуып, қорбаңдап қаша жөнеледі. Әкемнің оған қарауға мұршасы болмайды. Тақтақ жолға шыққан соң барып, бақайынан қағар кедергі жоқ, ор қояндай орғиды. Ауыр брауник наганы зіл салмағымен басып, қызыл шүберек белбеуін батып бара жатқан айға ұқсатып, салбыратады. Салақтаған жанқұралы сартылдатып жамбасын соғумен болады. Әлдене асығыстық меңдеген әкем өзін ат үстінде қылыш үйірген ержүрек батырдай сезінеді. Ұзамай көз ұшында бұлдыраған ауыл сыртынан жүз жыл жасаған жап-жасыл өрік ағашы түнере қарауытып, ырғала қол бұлғайды. Аяғы аяғына тимей дедектеген әкем құралын қолына алып, көк аспанда қалықтап жүрген құстардың жерге түскен көлеңкелерін көздейді.

Көшелер қаңырап бос жатады. Қай үйдікі екені белгісіз, бір ақсақ, соқыр есек тоқал тамның түбінде байлаулы күйі қыбыр етпей мүлгіп тұрады. Беті ашық тас диірменнің үстінде қатар қонған қос қара қарға омалып отырады. Көп өтпей әкем ауылдағылардың барлығы біздің арақ қазандығымыздың алдындағы аумақты алаңқайға жиналғанын көреді. Ілгері мұнда біздің үй сатып алған мол гаулия қызыл қырман болып үйіліп жатады екен. Ол кезде әжем қолына ақ құйрық желпуішін алып, кішкене ши аяқтарын дік-дік басып келіп, ептеп сілтеп алған жұмыскерлердің бұттап гаулияң сатып алғанын бақылайды екен. Айдай ақ жүзін таң арайы секілді жұқа қызғылт сәуле нұрға бояйтын болса керек.

Алаңқайға жиналғандар жүздерін оңтүстік шығысқа беріп, сол тұстан кез-келген уақытта естілуі мүмкін мылтық дауысына құлақ түріп тұрады. Біразы әкем құралпы ойын балалары. Табандары қанша қышығанмен олар асыр салуға батпайды.

Өткен жылы шошқа соятын пышақпен Лохан атаның терісін сыпырған Сүн У мен әкем қырманға бір уақытта жетеді. Сол жолғы сұмдық оқиғадан кейін Сүн У есінен мүлде адасады. Қол-аяғы ербеңдеп, көздері бақырайып, бет-аузы тыржыңдап, албаты сөйлей беретін есалаң жанға айналады. Кейде езуінен ақ көбік ағып, тізерлеп отыра қалып: «Ағатай, ағатай... маған оны тақсыр істетті ғой, менің істемеске шарам болмады... сен өлген соң үшбаққа шықтың, ақ тұлпарға мініп, оқалы тон кидің, қолыңа алтын сапты қамшы ұстадың», – деп ерні ерніне тимей зарлайтынды шығарады.

Ауылдағылар оның бұл түрін көргенде жүректеріндегі өшпенділік шамалы бәсеңдеп, маңайынан мүсіркей қарап өтетін болады. Неше ай жынданып жүрген оған ұзамай тағы бір дерт қосылады: аласұрып азкем айғайлаған соң бет-аузы қисайып, сілекей-маңқасы шұбалып, сөзін анық айта алмай, сіресіп қалатынды табады. Жұрт мұны Құдайдың жазасына жориды.

Қолында брауник наганы, басы-көзін гаулияңның ақ ұнтағы мен қызыл тозаңы басқан әкем жеткен бойда өкпесін соғып, ентігіп тұрып қалады. Киімдері алма-жұлма, қабақтай қарнына жабысқан қабат-қабат кірі айырыла жарылып кеткен Сүн У сол аяғын сүйреп, оң аяғын көстеңдете басып ішке енгенде ешкім назар салмайды. Бәрі тегіс жігері тасып, көзі жанып тұрған әкеме қарайды.

Әжем аяңдап әкемнің алдына келеді. Отыздан жаңа асқан шағы ғой, шашын шүйдесіне түйіп алған оның қойған кекілі құдды бір селдір меруерт шілтердей жарқыраған маңдайын жауып тұрады. Қашанда жәудірей қарайтын қос жанарының мөлдірін жұрт гаулияң арағының нәрінен жаралған дейтін. Боран-шашын бір басылмай, аласапыранда өткен он бес жылдық өмірі ақыры әжемді гүл жайнаған бойжеткеннен кермаралдай керілген кербез келіншекке айналдырып тынған-ды.

– Не болды? – деп сұрайды ол әкемнен.

Ентіге дем алған әкем наганын беліне қыстырады.

– Жау әскері келген жоқ па? – дейді әжем.

– Лың бастық деген әлгі иттің баласы… біз оны оңдырмаймыз! – дейді әкем.

– Не жағдай болды? – деп сұрайды әжем тағы.

– Қыспа нан жаса, – дейді әкем.

– Мылтық дауысы естілмеді ғой! – дейді әжем.

– Қыспа нан жасаңдар! Жұмыртқа, сарымсағы мол болсын! – дейді әкем.

– Жау келмеді ме? – деп сұрайды әжем.

– Үй сардар саған қыспа нан жасап, өзі әкеліп берсін дейді.

– Ауылдастар, үйге барып, қыспа нан жасайық, – дейді әжем.

Бұрылып, жөнеп бермекші болған әкемді әжем ұстап қалады.

– Дугуан, маған айтшы, Лың бастыққа не болыпты?

Әжемнің қолынан жұлқына босанған әкем қомпылдап:

– Лың бастық көлеңкесін де көрсеткен жоқ... Үй сардар оларды енді оңдырмайды, – дейді.

Әкем зыта жөнеледі. Тыртиған арық сұлбасы ілеземде ұзай береді. Артында қалып, соңынан ұзақ тілмірген әжем күрсініп жібереді. Иен қалған қырманда аңқайып оқшау тұрған Сүн У әжеме тесіле қарап, аузынан сілекейі шұбырып, қолымен әлдененің нобайын салады.

Әжем оны елемейді. Тамға сүйеніп тұрған ат жақты бойжеткенге қарай төтелете тартады. Бойжеткен әжеме қарап сылқ-сылқ күледі. Әжем аяңдап қасына барғанда ол кенет тізерлеп отыра қалып, екі қолымен ышқырын сығымдай ұстап, еңіреп жылап жібереді. Оның шүңірейген шұңғыл көздерінен жылтылдап жын оты шашырайды. Әжем оның бетінен сипап қояды.

– Лиіңзы, қызым, қорықпа, – дейді сосын.

Он жеті жастағы Лиіңзы бойжеткен өз уағында аулымыздың гүлі болыпты. Үй сардар алғаш ту көтеріп, қол жинап, көлік сайлаған кезде, елу неше адамдық қосын жасақтапты. Сол қосында үстіне қара киім, аяғына ақ бәтіңке киген, ұзын қылып шаш қойған, аққұба өңді, арық жас жігіт болыпды. Айтуларға қарағанда, Лиіңзы бикеш сол азаматқа ғашық болған. Аса жағымды астана әуенінде сөйлейтін, ешқандай жағдайда күлмейтін, қабағы қарс түйіліп жүретін, екі қасының ортасында төмен қарай тік тартылған үш терең сызығы бар оны жұрт Рын орынбасар деп атайды екен. Рын орынбасардың тым салқын сырт бейнесінің астарынан аса ыстық жалын сезген Лиіңзы бойжеткен сол отқа қарылып, беймаза күйге түседі. Үй сардардың қосыны сол кезде әр күні түске дейін біздің үйдің гаулияң жиятын алаңына келіп, жаттығу жасайды екен. Үлкен кернейші Лиу Сышан Үй сардардың қолында сырнайшы міндетін атқарып, үлкен кернейді әскери сырнай ретінде пайдаланады. Әр жаттығудың алдында Лиу Сышан кернейлетіп, жасақты шақырады екен. Сырнай үнін ести сала Лиіңзы бойжеткен де үйінен жүгіріп шығып, алаңға тез жетуге асығыпты. Келген бойда бір шеттегі топырақ тамға шығып, Рын орынбасарға құмарта көз салыпты. Жаттықтырушы Рын орынбасар ылғи да беліне жалпақ қайыс белбеу буынып, оған брауник наганын асып жүреді екен.

Көкірегін кере, кеудесін тік ұстаған Рын орынбасар қосының алдына келіп, «Тік тұр!» деп дауыстағанда, екі қатар боп сапта тұрған жасақ өкшелері бір келкі «сарт» етіп, қата қалады екен.

– Тік тұрғанда екі аяқты сымдай түзу, құрсақты ішке тартып, кеудені кере ұстап, көзді өңменнен өткендей тік қадап тұру керек, – дейді екен Рын орынбасар.

– Мына түріңе қарашы, – дейді екен сосын Уаң Уыниді теуіп қалып. – Қарашы мына... тақымыңды ашып, талтайып тұрған кейпіңе, құдды бір саритын қашыр секілді. Сабайын десең, не таяқ көтеріп жарытпайсың...

Лиіңзы бойжеткен Рын орынбасардың адам ұрғанын көріп, кісі боқтағанын естуді қатты ұнатыпты. Оның сырт бейнесінен жамыраған маңғаз кейпіне құлай жығылып, құлдық ұрыпты. Қолы бос кезде Рын орынбасар біздің үйдің қырманына келіп, екі қолын артына ұстап, бой жазып жүреді екен. Сонда Лиіңзы бойжеткен тамның қалқасынан оған ұрлана қарапты.

Рын орынбасар бірде одан:

– Атың кім? – деп сұрайды.

– Лиіңзы, – деп жауап береді қыз.

– Тамның артынан сығалап, не көріп жүрсің?

– Сізді.

– Хат танисың ба?

– Танымаймын.

– Әскер болғың келе ме?

– Келмейді.

– А-а? Неге болғың келмейді?..

Лиіңзы бұл айтқанына артынан қатты өкініпті. Егер Рын орынбасар қайта сұраса, әскер болғысы келетінін айтатынын әкеме ебін тауып жеткізіпті. Бірақ, Рын орынбасар одан әлгі сұрақты екінші қайта сұрамайды.

Лиіңзы мен әкем тамға шығып алып, Рын орынбасардың қырмандағы жаттығуда қосынға төңкерістік әндер үйреткенін көреді. Әкемнің бойы аласа болғандықтан, аяғының астына үш қабат кірпіш қойғанда барып әрең дауалдың ішін көре алады екен. Лиіңзы әдемі иегін топырақ тамға тіреп, таң шапағын жамылған Рын орынбасарға телміреді де тұрады екен. Рын орынбасар қосынға «Гаулияң пісті, гаулияң қызарды. Жапондық келді, түрі ызғарлы. Ел ойран болып, шаңырақ қирады… Бауырлар, аттан, қолыңа қару ал! Жау қырып, қорғайық мекенді», – деген әнді айтқызып, үйретіп жүреді.

Жасақтар ән әуенін меңгере алмай, дауыстары жан-жаққа қашады. Тамға жабысқан балалар әнді тыңдай-тыңдай құлақтарына құйып алады. Әкем тірі кезінде бұл әннің сөзін де, әуенін де жаңылмай жатқа соғатын.

Бір күні Лиіңзы бойжеткен тәуекелге мініп, дәт бекітіп Рын орынбасарды іздеп шығады. Бірақ, шатасып, әскери керек-жарақ бөлімінің бастығының үйіне кіріп кетеді. Бөлім бастығы Үй сардардың туған көкесі Үй Дая екен. Жасы қырықтан асқан, өзі арақкеш, дүниеқоңыз, әйелжанды кісі сол күні өле мас болады. Кіріп барған Лиіңзы құдды бір ажалы жеткен аққудай аузы ашық аранға тап болады.

Рын орынбасар бірнеше жасаққа бұйрық беріп, Лиіңзы бойжеткенді аяқ асты еткен Үй Даяны байлатып тастайды.

Сол күндерде Үй сардар біздің үйде қонақ болып жатқан екен. Рын орынбасар жағдайды мәлімдегелі барғанда, ол әжемнің төсегінде ұйықтап жатады.

Беті-қолын жуып, таранып алған әжем араққа басытқы болатын балық қақтауға кіріседі. Ызадан жарыларман болған Рын орынбасар үстіне кіріп барып, әжемнің жүрегін тас төбесіне шығарады.

– Сардар қайда? – дейді әжеме.

– Ұйықтап жатыр! – дейді әжем.

– Оят.

Әжем Үй сардарды оятады.

Ұйқылы-ояу есіктен шыққан Үй сардар керіліп, есінеп алған соң:

– Не жағдай? – дейді.

– Сардар, жапондықтар әпке-қарындастарымызды аяқ асты етсе, өлтіреміз бе, жоқ? – деп сұрайды Рын орынбасар.

– Өлтіреміз! – дейді Үй сардар.

– Сардар, ал егер бір қытайлық өз әпке-қарындасымызды аяқ асты етсе, не істейміз?

– Өлтіреміз!

– Жақсы, сардар! Мен де сізден осы сөзді күтіп едім, – дейді Рын орынбасар. – Үй Дая періште қыз Сау Лиіңзыны аяқ асты етті. Мен жігіттерге оны байлатып тастадым.

– Сондай іс болды ма? – дейді Үй сардар.

– Сардар, ату жазасын қашан атқарамыз?

– Қызбен жату... енді үлкен қылмыс бола қоймас, – дейді бір кекіріп алған Үй сардар кібіртіктеп.

– Сардар, қылмыс жасаса, ханзада да жазаланады.

– Сенше оған қандай жаза қолданған дұрыс? – дейді Үй сардар сазара қарап.

– Ату керек! – дейді Рын орынбасар тайсалмай.

Ыңыранған Үй сардар өңі бұзылып, дегбірсіздене ары-бері жүреді. Артынша жүзіне күлкі үйіріліп:

– Рын орынбасар, жұрт алдында елу дүре соғып, Лиіңзының үйіне 20 күміс теңге берсек болмай ма? – дейді.

– Сенің туған көкең болғаны үшін бе?.. – дейді Рын орынбасар кекесінмен миығын тартып.

– Сексен дүре соғып, Лиіңзыны қосайық... мен де оны кіші шешем ретінде мойындаймын...

Рын орынбасар белбеуін шешіп, брауник наганымен қоса Үй сардардың алдына тастай салады. Артынан қолын қусырып:

– Сардар, ыңғайына қарай көрерсің, – дейді. Соны айтады да нық қадаммен адымдай басып біздің ауладан шығып жүре береді.

Мылтығын қолына алған Үй сардар Рын орынбасардың ту сыртынан тігіле қараған қылпы тістеніп:

– Жоғал, сүмелек! Оқушы басымен мені басқарғысы келеді. Он жыл қыспа нан жеген аға-шөнеңді әлі ешкім басынған емес, – дейді.

– Жанау, Рын орынбасарды жіберуге болмайды. Жасақ жинау оңай болғанмен, жетекшілерді дайындау оңай емес, – дейді әжем.

– Әйел адам не біледі? – дейді қайтерін білмей дағдарған Үй сардар.

– Сені ер екен деп жүрсем, ез екенсің ғой! – дейді әжем.

Наганын жұлып алған Үй сардар:

– Сенің не... өлгің келіп тұр ма? – дейді айғайлап.

Шалғайын дар еткізіп айырған әжем әппақ омырауын көрсетіп:

– Кәне, ат! – дейді қасқайып.

«Апа» деп шыңғырып жіберген әкем әжемнің құшағына барып асылады.

Әкемнің сүп-сүйкімді домалақ басын, әжемнің толған айдай көркем жамалын көрген Үй Жанаудың ойына өткен істердің қаншасы келіп, қаншасы кеткені білгісіз, күрсініп жіберіп, құралын түсіреді.

– Киіміңді жөнде! – дейді сосын. Жолай қамшысын алып, ауладағы мамаағашта байлаулы тұрған құла атын жайдақ міне салып, жаттығу алаңына қарай тұра шабады.

Тамға сүйеніп сөйлесіп тұрған жасақтар Үй сардарды көріп, қайта сап түзеп, қақая қалғанымен, ешкім үн қатпайды.

Екі қолы байланған Үй Дая ағашта таңулы тұрады.

Атынан секіріп түскен Үй сардар Үй Даяның алдына барып:

– Істегенің рас па? – дейді.

– Аузы (Үй Жанаудың еркелеткен аты), аға-шонеңді тез босат, енді сенің қол астыңда істемеймін, – дейді Үй Дая.

Топты жасақ көз алмай Үй сардарға қарайды.

– Көке, сені атамын! – дейді Үй сардар.

– Ей, иттен туған! Сен сонда туған көкеңді атпақпысың? – дейді Үй Дая айғайлап. – Көкеңнің өзіңе көрсеткен мейір-шапағатын ұмытып қалма… әкең ерте өліп, шешең екеуіңді мен асырап, осы күнге жеткізгем… егер мен болмасам, баяғыда итке жем болар едіңдер!

Үй сардар қамшысын көтеріп, Үй Даяның бетінен тартып жібереді. «Ант ұрған!» – дейді сосын айғайлап. Артынша тізерлеп отыра қалып:

– Көке, бағып-қаққан мейіріміңді ешқашан ұмытпаймын. Сен өлген соң қарыма қаралық байлап, аза тұтам. Мереке күндері басыңа барып, қабіріңді сыпырып тұрам (діни рәсім), – дейді.

Үй сардар атына қарғып мініп, қамшы басып, Рын орынбасар кеткен жаққа қарай шаба жөнеледі. Дүбірлеген ат тұяғы дүниені дүр сілкіндіріп бара жатқандай болады.

Үй Даяны атқан кезде әкем алаңда тұрып, куә болыпты. Әуелі Үй Даяны мылқау мен қосынның екі жауынгері ауылдың батыс жағына айдап апарады. Өйткені, сондағы сасық қара су іркілген, маса-шіркейі жыртылып-айырылатын, жарты ай пішінді иін жағасы жаза алаңы етіп таңдалған екен. Иін жағасында жапырағы сарғайған жалғыз ағаш өсіп тұрады. Шалшық суда бақалар шоршып секіріп жүреді. Үйілген үймек қоқыстың шетінде әйел адамның жыртылған сыңар кебісі жайқиып жатады.

Екі жасақ Үй Даяны иіннің жиегіне апарып тұрғызып, қолын босатып, мылқауға қарайды. Мылқау иығындағы мылтығын алып, шақпағын қайырып, таңдайына оқ басады.

Үй Дая артына бұрылып, мылқауға қарап күледі. Әкем оның күлкі үйірілген жүзінің кешке таман нұры солғындап, батып бара жатқан күннен аумай қалғанын байқайды.

– Мылқау бауырым, қолымды шеш. Байлаулы күйде өлгім келмейді.

Шамалы ойланған мылқау мылтығын ұстаған күйі оның алдына барып, беліндегі найзасын алып, кендір арқанды қырт еткізіп қиып жібереді. Білегін жазып, артына бұрылған Үй Дая:

– Ат енді, мылқау бауырым! Жүректің ұясынан дәлдеп ат! Жанымды қинама! – дейді ақырып.

Әкемнің пайымдауынша, адам өлер алдындағы қасқағым сәтте басқалардың өзіне деген құрметін оятады екен. Үй Дая қанша дегенмен біздің Гаумидің Дұңби ауылының тумасы ғой, қылмысы үшін жазаға кесіліп, өлім алдында тұрғанда да саспай, батырға тән жүректілік танытады. Бұл ерліктен қатты тебіренген әкем табаны қышып, безе жөнелуге шақ қалады.

Үй Дая аяғының ұшында жатқан сасық сулы иінге қасқая қарап тұрады. Қашып шыққан жасыл тұңғиық гүлі мен қауашағы әппақ жабайы тұңғиық гүлінің өсіп тұрғанын байқайды. Одан иіннің қарсы жағында күн сәулесіне шомылып, жайқалып тұрған гаулияңды көреді. Сосын өр дауыспен:

– Гаулияң пісті, гаулияң қызарды. Жапондық келді түрі ызғарлы. Ел ойран болып, шаңырақ қирады... – деп шырқай жөнеледі.

Мылқау мылтығын бір көтеріп, бір түсіреді.

– Мылқау, сардарға айтып, мынаны құтқарайық, – дейді екі жасақ.

Мылтығына таянған мылқау Үй Даяның бұзып, быт-шытын шығарып айтқан әнін тыңдап, бір сәт тұрады.

Үй Дая артына бұрылып, отты көзімен ата қарап:

– Ат, бауырым енді! Әлде маған өзімді өзіме атқызбақпысың? – дейді ағайлап.

Мылтығын оқтаған мылқау Үй Даяның жалпақ басын қараға алып, қару масасын басып қалады.

Үй Даяның басының сынған қыштай быт-шыт болғанын көрген әкем, осы көрініске ілесе «тарс» еткен жойқын дауысты да естиді. Гүрсіл ішінде мылқау басын жерге салбыратады. Мылтық аузынан ақ-боз түтін ақтарылады. Бір сәт қозғалмай тұрған Үй Даяның денесі кенет кескен ағаштай опырылып, иін ішіне құлайды.

Мылтығын сүйреткен мылқау екі жасақты соңынан ертіп жолына түседі.

Жүректері тас төбелеріне шыққан әкем мен бір топ бала анталап, иін жағасына жетіп барады. Қабақта тұрып шалшықта шалқасынан жатқан Үй Даяны көреді. Оның тұтас бет-жүзінен жалғыз ғана аузы аман қалған екен. Төбе сүйегі әлдеқашан ұшып кетіпті. Миы езіліп, төмен ағып, қос құлағына толып қалыпты. Бір көзінің қарашығы шарасынан шығып, бір тал жүзім құсап шықшытының тұсында ілулі тұрады. Денесі майысып құлап түскенде қоймалжың батпақ жан-жаққа шышырап, әлгіндегі нәп-нәзік тұңғиық гүлінің сабағын майыстырған екен, әппақ жібек жіптей созылып, білегінің қасында жатады. Әкемнің мұрнына тұңғиық гүлінің хош иісі келеді.

Кейін Рын орынбасар іші сары торғынмен әдіптеліп, сырты мыс теңге түсті сұйық маймен сыланған, арша табыт алып келіп, Үй Даяны дабыралы рәсіммен жерлейді. Қабірі иін жағасындағы жалғыз талдың астынан қараяды. Сүйек шығатын күні Рын орынбасар қара киім киіп, сол білегіне қызыл торғыннан белгі байлап, бойын тік ұстап, шашын жалтырата тарапты. Қаралық таққан Үй сардар өкіріп-бақырып жылайды. Ауылдан шыға бере ол су жаңа қыш тегенені кесекке періп қалып, күл-талқанын шығарады.

Сол күні әжем әкеме де ақ шүберектен қаралық тағып береді. Өзі де тағады. Қолына жас талдан таяқ ұстаған әкем Үй сардар мен әжемнің соңынан ереді. Қыш тегене кесекке тиіп быт-шыты шығып, сынықтары жан-жаққа шашыраған көріністі көрген әкем Үй Даяның бас сүйегінің қаңылтақ кірпіштей жарылып, бытырай шашылғанын есіне алады. Дәл осы бір-бірінен айырғысыз екі жарылудың арасында ішкі бір табиғи байланыс барын анық аңдайды. Осы жолғы іс пен алдыңғы оқиғаны бірлестіре қарағанда, үшінші бір жағдай жарыққа шығатындай боп сезіледі оған.

Көзінен жалғыз тамшы жас ақпаған әкем сүйек шығарғандарды бажайлап бақылаумен болады. Қаралы топ талдың астына келіп қораланып тұрғанда, он алты атпал азамат әлгі ауыр табытты жуан кендір арқанмен екі жағынан көтеріп, қабірге жайлап түсіреді. Үй сардар жерден бір уыс топырақ алып, безірейген күйі табыттың қақпағына қарай тастайды. Оның сар еткен дыбысы кісілердің көңілін қобалжытады. Күрек ұстаған бірнеше жігіт қара топырақты күреп алып, көр ішіне лақтырады. Ренжіген табыт ыңыранып, бірте-бірте қара топырақтың астына еніп бара жатады.

Күрелген топырақ қабірді толтырып, жердің бетіне көтеріледі. Одан томпайып, сүйір төбелі төмпешікке айналады. Үй сардар жанқұралын суырып, биік талдың үстіндегі көк аспанға қарай арт-артынан үш тал оқ атады. Атылған оқ талдың тәжін ендеп өтіп, сабағынан үзілген бірнеше тал сарғайған жапырақ бос кеңістікте қалқып жүреді. Жарқыраған үш тал жез иіндегі сасық суға ыршиды. Бір ер бала иінге секіріп түсіп, жасыл батпақты шалпылдата кешіп барып, жездерді теріп алады.

Рын орынбасар да брауник наганын алып, аспанға арт-артынан үш оқ атады. Наган ұңғысынан ұшып шыққан оқтар ысқырған күйі гаулияң үстіндегі кеңістікке қарай самғайды. Үй сардар мен Рын орынбасар түтіні шұбалған құралдарын ұстап, бір-біріне қарайды. Басын изеген Рын орынбасар: «Нағыз қаһармандық мінез!» – дейді. Іле жанқұралын беліне қыстырады да, аршынды қадаммен адымдап ауылға қарай тартып отырады.

Үй сардардың қолындағы наганның жаймен көтерілгенін, құрал қарауылының кетіп бара жатқан Рын орынбасардың ту сыртынан кезелгенін әкем байқайды. Бейіт басына келгендер қатты сасады. Бірақ, үн шығаруға батылдары жетпейді. Бұдан мүлде бейхабар Рын орынбасар біркелкі ырғақпен адымын үлкен тастап, тісті дөңгелектей шыр айналған күнге қарап, ауылды бетке алып кете барады. Әкем Үй сардардың қолындағы жарақтың әнтек сілкінгенін аңдайды. Аралық соншама алыс, құрал соншама әлсіздей сезіліп, тарс еткен дыбысты, тіпті, естімей қалады. Әкем ұшқан оқтың ауаны қақ жарып барып Рын орынбасардың қап-қара шашын жанап өткенін көреді. Бұған да қайырылып қарамаған Рын орынбасар нық-нық басқан ырғақты жүрісінен жаңылмай, алға оза береді. Әкем Рын орынбасар жақтан келген, ерін ұшымен үрлеген таныс ысқырықты естиді – құлаққа әбден сіңісті болған «Гаулияң пісті, гаулияң қызарды!» әнінің әуені. Әкемнің көзіне жас толады. Рын орынбасар жүрген сайын алыстап, алыстаған сайын тұлғасы зорая түседі. Үй сардар тағы бір оқ атады. Бұл жолғы мылтық дауысы жер-көкті дүр сілкіндіреді. Ысқырып ұшқан оқ та құдды тарс еткен үн секілді әкеме анық естіледі. Оқ бір түп гаулияңға барып тиеді. Ұзын сабақ қырқыла құлайды. Қисайған гаулияң масағы жантайып, жерге таяған тұста тағы бір оқ тиіп, быт-шыты шығады. Шошып қалған әкемнің көзіне Рын орынбасар жол жағасына еңкейіп, бір шоқ сап-сары ошаған гүлін үзіп алып, мұрнына апарып, ұзақ иіскеп бара жатқандай боп көрінеді.

«Рын орынбасар коммунист болуы мүмкін. Коммунистерден басқалардың арасынан мұндай батыр шығуы екіталай», – дегенді әкем маған талай рет айтқан болатын. Өкініштісі, Рын орынбасардың қаһармандық ғұмыры тым қысқа болады. Аршынды қадаммен алшаңдап, айдарынан жел есіп, ұзап кеткеннен кейін, арада үш ай өткенде, брауник наганын сүртіп отырған ол абайсызда оқ шығарып, өзін атып алады. Оң көзінен кірген оқ оң құлағынан шығады. Жарты бетін тұтас темір түсті көк ұнтақ жауып, оң құлағынан төрт-бес тамшы қан ағады. Мылтық дауысын естіген адамдар лап қойып ішке кіргенде, әлдеқашан жан үзген жігіт жерде сұлап жатады.

Рын орынбасардың брауник наганын қолына алған Үй сардар үнсіз қарап, ұзақ тұрады.

VІІ

Әпкіш ағашпен қыспа нан көтерген әжем мен екі шелек бұршақ ботқасын иықтаған Уаң Уынидің әйелі Мошүй өзеніндегі үлкен көпірге қарай асыға басып жолға шығады. Олар әуелде гаулияң алқабын қиғаштай кесіп, оңтүстік шығысқа қарай төте тартпақшы болады. Бірақ, гаулияң арасына кірген соң онда әпкішпен жүрудің мүмкін емесін біледі. «Жеңеше, төте жолмен тарталық. Алыс болғанмен, жүрісіміз жылдам болады», – дейді әжем.

Әжем мен Уаң Уынидің әйелі қалықтаған құс құсап көсілген ұлан кеңдікте аптыға басып ұшып отырады. Қызыл күрең мешпетін ауыстырып киген әжемнің қара бояуға боялған шашы құбыла жылтырайды. Тығыршықтай ғана Уаң Уынидің әйелінің қол-аяғы тіпті жеңіл екен. Үй сардар қол жиып, көлік сайлаған тұста ол Уаң Уыниді біздің үйге ертіп келіп, қосынға алғызу үшін араға әжемді салады. Әжем бірден келіседі. Үй сардар әжемнің көңілі үшін ғана Уаң Уыниді алып қалады. Үй сардар одан: «Өлімнен қорқасың ба?» – деп сұрайды. Ол: «Қорқамын» – дейді. Сонда оның әйелі: «Сардар, оның қорқамын дегені қорықпаймын дегені. Жапонның қырғи үшақтары келіп үш ұлымызға бомба тастап, жапырақ-жапырақ қылып шашып кетті ғой», – дейді.

Уаң Уыни тумысында әскер болуға жарамайтын адам екен. Оң мен солын тез айыра алмайтын, аңғарымы кем, сезімталдығы төмен, тым саяқ болыпты. Алаңда қадамдап жүруге жаттыққан кезде Рын орынбасардан қанша рет таяқ жегенін ешкім білмейді. Әйелі оған «оң қолыңа гаулияң сабағын ұстап ал, «оңға бұрыл» деген бұйрықты естігенде, гаулияң ұстаған қолыңа қарай бұрыл» деп ақыл үйретеді. Әскер қатарына алынған кезде Уаң Уынидің қолында құрал болмапты. Әжем оған біздің үйдің құс мылтығын ұстатқан.

Иреңдеген Мошүй өзенінің жағасындағы биік қырмен жүрген олардың аяқтарының астынан ашылған сары гүлдер мен таяу жерде жайқала өсіп тұрған қызыл гаулияңға қарауға мұрсалары болмайды. Шығысты бетке алып зытады да отырады. Уаң Уынидің әйелі қиыншылықты көп көріп, ысылған адам екен. Ал әжем – бардам жерден шыққан бақуатты әйел ғой, діңкелеп, қара терге малшынғанда, Уаң Уынидің әйелінен жалғыз тамшы сөл шықпайды.

Әкем көпірге ерте жетеді. Үй сардарға «қыспа нан қазір келеді» – деп мәлімдейді. Риза болған Үй сардар оның басынан сипап қояды. Қосынның жартысынан көбі танауларын күнге тосып, гаулияң арасында жатыр екен. Бос отырып іші пысқан әкем іле мылқау тобындағылардың не істеп жатқанын білмек болып, жолдың батыс жағына өтеді.

Бар зейінімен беріліп қанжар қайрап отырған мылқаудың тұсынан шығады. Жүзінде жеңіске жеткен адамның күлкісі ойнаған әкем, беліндегі брауник наганын қолымен басып қойып, оның тура алдына барып тұрады. Әкемді көрген мылқау ыржиып күледі. Қасындағы кісілердің бірі қорылдап ұйықға батып, қалғандары бей-жай күйде, шалқаларынан түсіп қыбырсыз жатады. Әкеммен сөйлесуге ешкімнің құлқы болмайды.

Әкем жүгіріп тас жолға шығады. Сары топырақты жол ақшулан тартып, құлази көсіледі. Өткір тістерін жоғары қаратып көлденең тасталған төрт тырманы көрген әкем: «Жауды тоса-тоса тағаттары әбден таусылған екен ғой» деп ойлайды. Су үстінде бүкірейген тас көпір аурудан жаңа айыққан адамдай күжірейіп тұрады. Артынша әкем өзен қырына келіп отырады. Шығысқа қарайды. Батысқа көз жібереді. Бірде ағып жатқан өзенге, енді бірде жабайы үйректерге назар тастайды. Өзен айдыны сондай көркем еді. Жағадағы әрбір тал шөп тірі, аунаған әрбір толқынның астында сыр жасырынғандай болып сезіледі. Әкем жылқынікі, не қашырдікі екені белгісіз, бітік өскен бір шоқ қалың шөп басып қалған ақ сөңке сүйектерді көреді. Сол сәт есіне тағы да біздің үйдің қара қашырлары түседі.

Көктемде бос жатқан иен аңызда жабайы қояндар қашып, қашырға мініп, қолына құс мылтығын алған әжем құлағын жымыра зытқан оларды қуып, артына мінгескен әкем беліне тас болып жабысып, әбден далақтар еді. Қашырдың дүбірінен үріккен қашқындардың көбін әжем ақыры атып алатын. Үйге қайтқанда қашырдың мойнында салақтаған ұзын бір тізбек қоян келе жатар еді. Әжемнің азу тістерінің арасында гаулияң дәнінің үлкендігіндей темір түйіршек қыстырулы жүріпті. Жабайы қоянның етін жегенде кіріп кеткен екен, қалай шұқыласа да шықпай қойыпты.

Әкем еңселі кірбектің үстінен құмырсқа көреді. Бір топ қызыл-күрең құмырсқа асығыс қимылдап, әлдеқайда ылғал топырақ әкетіп бара жатыпты. Әкем олардың жолына бармақтай бүртік қойып қояды. Жыбырлаған жәндіктер одан айналып өтпей, үстіне қарай өрмелейді. Әкем іле бүртікті алып, өзенге тастай салады. Түскен жерден толқын тарағанмен, судан дыбыс шықпайды.

Түс болады. Өзен суынан дірілдеп ып-ыстық, жағымсыз леп көтеріледі. Барлық жер жарқырап, барлық жерден ызыңдаған үн тарайды. Әкем жер мен көктің арасын гаулияның қызыл тозаңы басқандай, гаулияң арағының хош иісі иелегендей күйге түседі. Қол-аяғын созып, шалқасынан жатады. Сол сәт әкемнің жүрегі атша тулап қоя береді. Өмірде қандай да бір сарыла күтудің нақты нәтижесі болатынын, ол нәтиженің соншама оңай және сондай табиғи болатынын ол кейін біледі. Әкем қызыл гаулияң арасындағы тас жолда жасыл қоңыз тәрізді төрт құбыжықтың өздеріне қарай үн-түнсіз өрмелеп келе жатқанын байқайды.

– Мәшине!

Түсініксіз бірдеңе деп былдырлаған әкемнің сөзін ешкім елемейді.

– Жаудың мәшинесі!

Орнынан атып тұрған әкем аққан жұлдыздай зымырап келе жатқан мәшинеге тіксіне қарайды. Мәшиненің артынан шұбатылған ұзын құйрық, алдыңғы жағынан қозғалмалы ақ жарық шашқан қос шырақ көреді.

– Мәшине келді!

Әкемнің айғайы құдды бір өткір пышақ секілді барша адамның үнін бас көтертпей қиып түседі. Гаулияң алқабын меңіреу тыныштық басады.

Қатты қуанған Үй сардар:

– Балдыздар ақыры келген екен ғой! Бауырлар, тез дайындалыңдар! Мен ат дегенде, атыңдар! – дейді айғайлап.

Жолдың батыс жағында отырған мылқау орнынан тұрып, құйрығын қағады. Белдерін буып, қаруларын қолдарына алған жасақтар өзен қырының қапталына барып жабысады.

Мәшиненің гүрілі анық естіледі. Ауыр брауник наганын қолына алып, Үй сардардың қасында жатқан әкемнің білезігі шымыр-шымыр ұйып, алақанынан шып-шып тер шығады. Бас бармағының қалың еті оқыс тыржың етіп, әрі қарай тоқтамай бүлкілдей жөнеледі. Әкем бармақ басындай еттің тұрақты ырғақпен жыбырлағанына шошына қарап, ішінде қабыршағын жарып шығуға талпынып жатқан балапан бардай сезінеді. Одан әрі бүлкілдеткісі келмеген әкем оны бармағымен басқанда, жалғасып тұрған тұтас білегі дірілдеп кетеді. Үй сардар байқап қалып, арқасынан жеңіл мытығанда, бүлкіл шып тиылады. Әкем брауник наганын сол қолына алады. Оң қолының тартылып қалған бес саусағы көпке дейін жазылмай қинайды.

Ағызып келе жатқан мәшине жақындай түседі. Шекесіндегі бақырайтып ашып алған ат тұяғындай екі көзі қос жолақ жарық шашып, дүрілдеген үні нөсер алдындағы дауылдай гүркіреп, бір түрлі бейтаныс, адам жүрегін езгендей тосын тебіреніс алып келе жатады. Өмірінде тұңғыш рет мәшине көрген әкем «бұл құбыжық шөп жей ме, әлде жем жей ме, су іше ме, әлде қан іше ме... олар біздің үйдегі екі үлкен жас, күшті әрі белі жіңішке қашырдан әлдеқайда жүйрік екен» деп ойлайды. Ай секілді доңғалақтары көз ілеспей зырлап, сары топырақты аспанға көтеріп, таяп қалады. Бірте-бірте үстіндегі заттар да көріне бастайды. Тас көпірге жете бере жүрісін кілт баяулатқанда құйрығынан бастап көмген қою шаң басынан бір-ақ шығады. Алдыңғы екі мәшинедегі үстілеріне өрік сары киім, бастарына жарқыраған темір қалпақ киген 20 шақты адамды бұлдыр тұман жауып қалады... Темір қалпақтың «болат дулыға» аталатынын әкем кейін біледі... Бір мың тоғыз жүз елу сегізінші жылы жаппай болат қорыту науқаны басталғанда біздің үйдің шойын қазанын да қалдырмай жиып әкетті. Болат-темір үйінділерінің арасынан ағам ұрлап әкелген болат дулығаны отқа қойып, су қайнатып, ас әзірледік. Жалын шарпып, түсі өзгеріп кеткен болат дулығаға қадала қарап отырған әкемнің көк-жасыл көздерінен қартайған тұлпардың қасіретті шері ұшқындады... Ортадағы екі мәшинеге ешкінің үлкендігіндей ақ дағарлар тиеліп, ең соңғысына да алдағылар сияқты бастарына темір дулыға киген жиырма шақты жапон әскері жайғасыпты.

Өзен қырына таяған көліктердің баяу айналған дөңгелектері тым үлкен еді. Қолапайсыздау, төрт бұрыш келген тұмсығы әкемнің көзіне алып шегірткенің басы болып көрінеді. Бұрқыраған шаң-тозаң басылған соң мәшиненің артынан көк түтін будақтайды.

Әкем басын мойнына алып бұға түседі. Бұрын-соңды болмаған бір сызды суық табанынан өрлеп, кіндігіне шауып, сонда жинала-жинала қоғамдалып, үлкен қуатқа айналады. Әкем кіші дәрет қысқанын сезеді. Қысылғаны сонша, шүметайының басынан су тамшылап тұрғандай күй кешеді. Бар күшімен тақымын қысып, атылуға тақау тұрған сұйық зәрді тежейді. «Иттің күшігі, қозғалма!» – деп зекиді Үй сардар.

Шарасыз қалған әкем «өкіл әке» деп сыбырлап, дәрет сындырып келуге рұқсат сұрайды.

Үй сардар рұқсат береді. Әкем гаулияң арасына барып, от тиіп кеткендей насыбайының ұшын дуылдата ашытқан гаулияң түстес ащы зәрін күшініп жатып әрең сариды. Өзін керемет жеңілдеп қалғандай сезінеді. Ойда жоқта көзі түсіп кеткен ол жасақтардың ғибадатханадағы тас мүсіндердей түнеріп, ғажап сұсты кейіпке енгенін көреді. Тілі шығып, салақтап кеткен Уаң Уынидің көздері кесірткенің көздеріндей бақырайып, меңірейіп қалғанын байқайды.

Мәшинелер түйсігі бар алып мақлұқ құсап демдерін ішінен алып, өрмелеп келе жатады. Әкем олар жақтан тараған жағымды иісті сезеді. Дәл осы кезде қызыл жібек мешпеті терге малшынған әжем мен алқына дем алған Уаң Уынидің әйелі иреңдеген Мошүй өзенінің жағасындағы биік қырдан қара көрсетеді.

Бір әпкіш қыспа нан көтерген әжем мен екі шелек бұршақ ботқасын иықтаған Уаң Уынидің әйелі Мошүй өзеніндегі сүркейлі тас көпірге қарай таяп келе жатады. «Жеттік-ау, әйтеуір, жеңеше», – деп қояды көңілі жайланған әжем Уаң Уынидің әйеліне. Ұзатылғаннан бері бай да бақуатты ғұмыр кешкен әжемнің көтеріп келе жатқан ауыр наны балғын иығында терең із қалдырады. Өмірінің соңына дейін жалғасып, дүниеден бірге өткен ол дақ кейін әжеме еріп үшбаққа көтеріледі. Міне, сол көгілдір дақ – әжемнің жапон шапқыншыларына ерлікпен қарсы тұрған әйдік даңқының нақты айғағы.

Бұл жолы да әкем әжемді елден бұрын көреді. Әлдене тылсым күштің әсерінде, жұрттың бәрі бірте-бірте таяп келе жатқан мәшинеден көздерін алмай қадалып тұрғанда, жүзін батысқа бұрып, қызыл көбелек болып ұшып келе жатқан әжемді байқайды. «Апа!» деп айғай салады.

Әкемнің саңқ еткен дауысы берілген бұйрық боп, жапон мәшинелерінен оқ жаңбырша жауады. Мәшинелердің үстіне құрылған үш сирықты пулеметтер үні жауынды түнде абалаған ит шәуіліндей құмыға естіледі. Әкем әжемнің киімінің кеуде тұсы жыртылып, екі тесік тесілгенін көреді. «Аһ!» деп ышқынып, шалқалай құлаған әжемнің әпкіш ағашы жауырынының астында қалады. Бір шарбақ қыспа наны өзен қырының түстік жағына, тағы бір шарбағы терістік жағына қарай домалайды. Ақ жайма, жасыл сарымсақ, жұмсақ жұмыртқалар көгал беткейге жамырай шашылады.

Әжем құлағаннан кейін Уаң Уынидің әйелінің шаршылау келген басынан атылған қызыл-сары сұйықтық алысқа, кәдімгідей қашыққа, өзен қырының астындағы гаулияңға қарай шашырайды. Аласа бойлы тапал әйелдің оқ тиген соң бір адым артқа шегініп барып, бойы босай майысып, өзен қырының түстік жағына қисая бергенін, одан домалап өзен тағанына түскенін әкем көріп тұрады. Көтеріп келе жатқан екі шелек ботқасы ақтарылып, батырдың қанындай боп жан-жаққа жайылады. Темір шелектің бірі қағыла-соғыла барып, қара ботана боп жөңкілген өзен суына түсіп, баяу қалқып мылқаудың алдынан өтеді. Тас көпірдің тіреуіне бір-екі соғылып алып, көпір тесігінен шығады да, Үй сардардың, одан әкемнің, одан Уаң Уыни және ағайынды Фаң Лиу мен Фаң Чилердің көз алдарында аударыла жылжып кете барады.

«Апа!»

Көкірегі қарс айырыла шыңғырған әкем өзен қырына секіріп шығады. Ұстамақшы болған Үй сардар қармай алмай қалады. «Қайт!» деп ақырады соңынан. Әкем Үй сардардың бұйрығын естімейді... мүлде естімейді. Қушиған арық бойы жіп-жіңішке өзен қырының үстінде алуан түрлі күн сәулесіне боялып жүгіріп бара жатады. Ол биік қырға қарғып шыққан сәтте наганын жапырағы үзілген бір түп алтын-сары ошаған гүлінің түбіне лақтырып кетеді.

Құшағын жайған әкем әжеме қарай құстай ұшады. Жаға жерге түскен иненің сыңғыры естілердей боп тынып қалады. Өзен суы тоқтап қалғандай беті ғана жарқырап, үнін астына жұтады. Ту сырттағы гаулияң қыбырсыз мүлгиді. Қыр үстінде жүгіріп бара жатқан әкемнің әлжуаз денесі айбатты кейіпке еніп, тым асқақ көрінеді. Тынбай «Апалап» айғайлап бара жатады. Осы бір «Апалаған» үнге тірі адамның көз жасы, перзенттік сүйіспеншілік, тіпті, одан да терең мағыналар сіңіп кеткендей еді.

Шығыс жақтағы өзен қыры біткен соң әкем құрылған темір тырмалардан секіріп өтіп, батыстағы су жиегіне барып жабысып, етбеттей өрмелейді. Қабақ астында өңі тас мүсіндей сазарып кеткен мылқау әкемнің қасын жанап өтеді. Әжемнің үстіне жетіп құлаған әкем тағы да «Апалап» айғайлайды. Әжем еңселі өзен қырының үстінде жүзін көгалға төсеп сұлап жатады. Арқасындағы аузы сыртына айналып кеткен екі тесіктен гаулияң арағының қош иісі бұрқырап тұрады.

Әкем әжемнің иығынан тартып шалқасынан жатқызады. Әжемнің жүзінен ешбір жарақат белгісі байқалмайды. Өңі сұрланып, шашынан шашау шықпай, маңдайын жапқан кекілінің астында екі қасы керіле доғаланып сұлық жатады. Көздерін жартылай ашқанда қаны қашқан жамалынан еріндері қып-қызыл боп көрінеді. Әжемнің жып-жылы қолын ұстаған әкем тағы да «Апалап» айғайлайды. Әжем кірпіктерін керіп кең ашқанда, ашық ажарына риясыз күлкі үйіріледі. Әжем келесі қолын да әкемнің алдына қояды.

Көпірге келіп тоқтаған жау мәшинелерінің гүрілі бірде бәсеңдеп, бірде көтеріліп, құбылып тұрады.

Әлдекімнің алып көлеңкесі өзен қырынан қылаң етіп, әкем мен әжемді жиектен еңіске алып түседі. Бұл мылқаудың істеп жүрген ісі екен. Әкем назарын жиып үлгермейді, құтыра ысқырып, жаңбырша жауып кеткен оқ бас жақтырындағы қалың гаулияңды қылыштай қиып, қырқып түседі.

Құйрық тістесе тізілген төрт мәшине көпір сыртында бір сәт бөгеліп қалады. Ең алдағы және ең соңғы мәшинедегі сақылдаған сегіз пулеметтен шыққан оқтар түзу-түзу жолақ тартып, жыртылған желпуіш шабақтарындай доға жасап, бірде жолдың шығысына, бірде батысына айнала атылып, тұтас гаулияң алқабын басына көтереді. Қырқылған гаулияң сабақтарының кейбірі ұзынынан құлап, кейбірі бүктетіле сынып, жусап қалады. Өзен қырына барып тиген оқтар бұрқ еткізіп шаң көтеріп, құмыққан үн шығарады.

Өзен қырының қаптылына жабысқан жасақтар бауырларын көк шөп пен қара топырақтан алмай, қыбырсыз жата береді. Үш минуттай от ашқан пулеметтер кенет тоқтай қалады. Мәшинелердің маңы шашыраған қалың жезге толады.

– Оқ шығармаңдар! – дейді Үй сардар бәсең дауыспен.

Жау әлі үнсіз. Өзен бетіне ұйыған сұйқыл дәрі түтіні баяу ескен желмен ығысып, шығықа қарай қалқып бара жатады.

Әкем айтады, дәл сол сәттік тыныштықты пайдаланған Уаң Уыни тәнтіректей басып өзен қырына шықты дейді. Қолында құс мылтық, көзі бақырайып, аузы арандай ашылған күйі биікте тұрып: «Балалардың анасы!» – деп көкірегі қарс айырыла айғайлады дейді. Қайта қозғалып үгермеген, жауып кеткен оқтан... кеуде тұсы... аржақ-бержағы көрініп тұратын ай тәрізді үлкен тесікке айналыпты. Ішек жабысқан оқтар Үй сардардың басынан асып, зуылдап өтеді.

Басымен шаншыла құлаған Уаң Уыни өзен тағанынан бір-ақ шығыпты. Араларын көпір бөлген екеуі бір-бірін көріп жатады. Басы аман қалып, жүрегі соғудан тоқтамаған Уаң Уыни өзгеше бір сергек сезімнің, айқын да толық түйсіктің көкірек түбінен жамырап тұрғанын анық сезеді.

Уаң Уынидің әйелінің арт-артынан үш ұл тапқанын әкем маған айтып берген болатын. Үш бала гаулияңнан жасалған тамақты тоя жеп, бастары дәу, денелері шымыр болып өсіпті. Бір күні Уаң Уыни мен әйелі гаулияңның арам шөбін отауға атыз басына кетеді де, үш ұл үйде қалады. Олар аулада ойнап жүргенде ауылдың үстінен жапонның қос қанатты қырғи ұшағы ұшып өтеді. Ұшақ тастаған бір бомба Уаң Уынидің қоңырқай қопсысына түсіп, үш баланың борша-боршасын шығарады. Дене мүшелерін үй төбесіне, ағаш бұтақтарына іліп, қабырғаларды қанға бояп кетеді... Үй сардар жапонға қарсы ту көтергенде, әйелі Уаң Уыниді жетектеп әкеледі...

Тісін тісіне басып, тесіле қараған Үй сардар жарты шекесі суға батып жатқан Уаң Уыниге ызбарлана алайып: «Қозғалма!» – дейді зілдене.

VIII

Шашыраған гаулияң дәндері әжемнің бетіне келіп түсіп, бір түйірі жартылай ашылған аузына кіріп, күріштей әппақ тістерінің арасына тұрып қалады. Қызылы бірте-бірте сейіліп бара жатқан әжемнің ерніне қарап отырған әкем «апа» деп тағы бір рет өксік атқанда, екі тамшы көз жасы омырауына ағып түседі. Меруерт моншық боп төгілген гаулияң дәндерінің астында әжем көзін ашады. Жанарынан құбылған жақұт секілді нұр жамырайды. «Балам... өкіл әкең қайда?» – дейді әжем. «Өкіл әкем соғыста», – дейді әкем. «Ол сенің туған әкең», – дейді әжем оған. Әкем басын изейді.

Әжем бар күшін салып басын көтеріп отыруға тырысады. Қозғалған сайын денесіндегі екі тесіктен қан атқақтайды.

– Апа, мен барып оны шақырып келейін, – дейді әкем.

Қолын бұлғаған әжем басын көтеріп отырады.

– Дугуан... ұлым... анаңды сүйе... үйге қайтайық, үйге… – дейді сосын.

Әкем тізерлеп отырып, әжемнің білегін мойнына салады. Сонан соң бар қайратымен орнынан көтеріліп, әжемді де қоса тұрғызады. Әжемнің көкірегіне ұйыған қан әкемнің алқымына жағылады. Анасының қанынан қашанғыдай гаулияң арағының қою иісін сезеді. Әжемнің ауыр денесі басқан әкем аяқтары дірілдеп, тәнтіректей басып, қалың гаулияңға қарай жүреді. Бастарынан аса ұшқан оқтар алдарындағы гаулияң сабақтарын қырқып, баудай түсіріп жатады.

Әкем қалың гаулияң сабағын қолымен ашып, ақырын-ақырын жылжып отырады. Көз жасы мен ащы тері әжемнің қанымен араласып, репетін әбден кетіреді. Анасының денесінің барған сайын ауырлап бара жатқанын сезеді. Гаулияң түбірі де бақайынан жиі қағып, жапырақтар бет-аузын аямай кескілейді. Ақыры бір кезде ұшып түсіп, әжемнің зіл денесінің астында қалады. Одан тырмысып әрең шығып, анасын жөндеп, шалқасынан жатқызады. Демін созақтата алған әжем әкеме қарап болар-болмас күлімсірейді. Осы бір ақыл жетпестей тылсым жымиыс, болмашы күлкі әкемнің жадында тайға басқан таңбадай болып мәңгілікке қалады.

Шалқасынан жатқан әжемнің көкірегіндегі жылу біртін-біртін бәсеңдей береді. Ол кенет ұлының киімін шешіндіріп, омырауының үстіндегі оқ тескен жерді ұстағанын, іле астындағы оқ тескен тесікті де қолымен басқанын сезеді. Әжемнің қаны әкемнің қолын қызыл түске, іле жасыл түске бояйды; әжемнің әппақ мамасын өз қаны жасыл түске, артынша қызыл түске бояған екен. Оқ әжемнің асыл мамасын тесіп өтіпті. Араның ұясы сияқты тор көз қызғылт түзілістер анық көрініп тұрады. Әкем әжемнің мамасына қарап, қатты қиналады. Әжемнің жарақатынан аққан қанды қолымен басып, тоқтата алмайды. Жыли сырғыған қызыл сұйықтықты, бірте-бірте қуарып бара жатқан әжемнің өңін кірпік қақпай бағады. Әжемнің денесі кез-келген уақытта көкке көтеріліп, ұшып кететін сияқтанып, барған сайын жеңілдей түседі.

Бақытқа бөленген әжем гаулияң көлеңкесінде жатып Үй сардарға қосылып, жарық дүниеге әкелген менің әкемнің сүйкімді жүзіне үнсіз телміреді. Өткен күндердегі отты тірліктерінің жарқын суреті құдды бір шапқан аттай зымырап көз алдынан заулап өтеді.

Әжем ана бір жылы шелектеп құйған сел нөсерде қайыққа мінген кісідей теңселе ырғалған күймеде отырып Дән Тиіңшиудің ауылына кіргенін, көшеде көлкіп су ағып жатқанын, су бетінде бір қабат гаулияң қауыздары қалқып жүргенін есіне алады. Күйме Дән әулетінің қақпасына жеткенде, желкесінде селтиген бір тұтам бұрымы бар қатпа қара шал шығып қарсы алады. Қалың жаңбыр басылғасын да жер бетіндегі ұсақ көлшіктерге сірке тамшылар тынбай тамып тұрады. Кернейші-сырнайшылар тоқтамай күй ойнағанымен, ешкім келіп думандатпайды. Істің ойдағыдай емес екенін әжем бірден сезеді. Бірі елуден, екіншісі қырықтан асқан екі еркек келіп әжемді қолтықтап, Тәңірге тауап қылдырады. Елуден асқаны дәл Лиу Лохан ата, қырықтан асқаны арақ қайнататын тағы бір жалшы екен.

Күймешілер мен кернейші-сырнайшылар үсті-бастары малмандай болып су кешіп тұрып, жүздері қуарған екі жүдеу еркектің үлбіреген әжемді демеп, тас қараңғы төргі үйге алып бара жатқанын байқап, үнсіз бақылайды. Әжемнің мұрнына екі еркектің бойынан жамыраған арақтың ащы иісі келеді. Құдды бір арақ көлшігіне тоғытып алған шүберек дерсің.

Әжем ішке кіріп, Құдайға құлшылық еткенде, сасық иіс бұрқыраған желегін басына бүркеп алады. Жанып тұрған балауыз шамнан тараған күлімсі иіс ішінде біреу келіп, әжеме торғын қиығын ұстатып, сонымен жетектеп алып жүреді. Қараңғылық жайлаған осы бір тымырсық аралық өте сүркейлі сезіледі. Ертіп әкелген кісі әжемді сәкіге отырғызады. Қызыл желегін ешкім келіп алмаған соң, әжем өзі жұлып тастайды.

Ол сәкінің қасындағы төрт бұрышты орындықта бет-аузы құрысып, екі бүктеліп отырған біреуді көреді. Сопақ басындағы жұп көзі былшық басып қызарып кетіпті. Орнынан тұрған ол тауықтың сирағынан аумайтын бір қолын әжеме қарай созады. Қатты шыңғырған әжем қойнындағы қайшыны суырып алып, сәкіде тұрып әлгі еркекке ызбарлана қарайды. Шөге солған бейтаныс кісі қайта барып орнына отырады. Сол түні әжем таң атқанша қолынан қайшысын тастамайды. Сопақ бас еркек те шаршы орындықтан қозғалмайды.

Ертесі таң сәріде әжем әлгі еркектің ұйықтап қалғанын байқап, сәкіден түседі. Үйден шығып, қақпаны ашып, тұра жөнелмек болады. Бірақ, ұсталып қалады. Бір тұтам қып бұрым қойған әлгі шал келіп білегінен шап береді. Жеп қоярдай зәрлене қарайды.

Екі қайтара құрғақ жөтеліп алған Дән Тиіңшиу сүркейлі өңін шұғыл жадыратып:

– Балам, бізге ұзатылып келген екенсің, енді менің туған қызым сияқтысың. Пиәнлаңда ондай ауру жоқ. Ел айтқан сөзге сенбе. Біздің шаңырағымыз үлкен, шаруашылығымыз да зор. Пиәнлаң жуас, сен келдің... енді осы шаңыраққа сен ие боласың, – дейді. Дән Тиіңшиу бір тізбек мыс кілтті әжемнің қолына ұстата салады. Әжем алмай, кері қайтарады.

Келесі түні де әжем қайшысын қолынан тастамай таң атырады.

Үшінші күні түске таяу есегін жетектеп, әжемді төркіндетпек болып үлкен нағашы атам келеді. Келін болып түскеннен кейінгі үшінші күні қызын алып қайтып, төркіндету Гаумидің Дұңби ауылының орныққан салты екен. Дән Тиіңшиумен қағыстырып арық ішкен әжемнің әкесі түс ауғанда барып әрең аттанады.

Арқасына көрпе салған есекке қырынан отырған әжем ырғалып-жырғалып ауылдан шығады. Алапат жаңбырдан кейінгі үшінші күн ғой, жол әлі шылқыған су екен. Гаулияң алқабынан шұбылып бу көтеріліп, ақбоз тұманға оранған жасыл жазира періште демі сіңгендей ғажап түске енеді. Үлкен нағашы атамның қоржынында күміс теңгелер сыңғырлап, масайған көздері қарауытып, басар жерін анық көре алмай, тәнтіректеп келе жатады.

Кішкентай есек басын жерге салып, мүлги аяңдайды. Батпақ жолда тұяқтарынан түскен із соңында бадырайып-бадырайып қала береді. Есекте отырған әжемнің басы айналып, көзі қарауытады. Қабағы ісіп, шашы дудырайды. Үш күнде тағы бір қарыс өскен гаулияң әжеме мазақтай қарағандай болады.

– Әке, менің ол үйге қайтып барғым келмейді... енді өлсем де ол үйдің табалдырығын аттамаймын, – дейді әжем.

– Қызым, сен қандай бақыттысың... атаң маған бір үлкен қара қашыр беретін болды. Мен есегімді сатамын, – дейді әкесі.

Есек мойнын созып, жол жағасындағы батпақ жабысқан жасыл шөпті жұлып алады.

– Әке, ол ақпа кесел екен... – дейді әжем өксіп.

– Атаң бізге бір үлкен қашыр беретін болды, – дейді әкесі.

Әбден мас болып, есінен айрылған үлкен нағашы атам жол бойы құдасының үйінен ішкен-жегенін шөп арасына лақылдатып құсумен болады. Лас құсықтан сескенген әжемнің асқазанының астаң-кестеңі шығады. Әкесін сондай жек көріп кетеді.

Бақалы өзегіне жеткенде, танауды жарған сасық иіс есек екеш есектің де еңсесін езіп, құлағын салпитып жібереді. Әжем өткендегі тонаушының өлігін көреді. Іші кеуіп діңкиіп кеткен екен, үстінде қалың көкбас шыбын ұшып-қонып, үймелеп жүреді. Әжем мінген есек қасынан өткенде, қобырай үркіп, «ду» көтерілген қалың шыбын жасыл бұлттан аумай қалады. Есектің артында келе жатқан үлкен нағашы атам жолға симағандай біресе сол жағадағы гаулияңға барып сүйкеніп, бірде оң жақтағы шөптерді таптап, сенделектеп еріп отырады. Өліктің тұсына келгенде, «и-и-и» деп тыжырынып алып, артынан: «Жарлы неме... әй, жарлы неме... осында келіп жатып, ұйықтап қалғансың ба?» – дейді еріндері жыбырлап.

Біраз ұзап кеткен соң да әжем әлгі тонаушының асқабақ тәрізді кескінін ұмыта алмайды. Шыбындар үркіп ұшқан сол бір сәтте көз алдына өліп жатқан пенденің байсылды, тып-тыныш бейнесі мен тірі тонаушының қатал да зұлым кескіні қатар көрініс береді. Жүре-жүре жол қысқарады. Мөлдіреген ашық аспаннан күн сәулесі қиғаш түсе бастайды. Үлкен нағашы атам есекке ілесе алмай қалады. Жол білетін есек әжемді алып алға қарай тартып отырады. Бір бұрылысқа жетіп, тұмсықтан айнала бергенде әжемнің денесі кенет көтеріліп, жылы орнынан сырғи қозғалып, әлдебір қарулы білектің демеуінде қалың гаулияңның терең түкпіріне қарай қалқып кете барады.

Әжемнің бұлқынарға дәрмені болмайды. Бұлқынғысы да келмейді. Үш күндік жаңа өмір көрген түстей зымырап өте шығады. Біреулер бір минутта ұлы көсемге айналса, әжем үш күнде тіршіліктің шын сырына қанығады. Құшақтауына ыңғайлы болу үшін әжем бір білегін алып, әлгі адамның мойнына артады. Гаулияң жапырақтары сатырлап артта қалып жатады. Жол жақтан үлкен нағашы атамның: «Қызым, қайдасың?» – деп айғайлаған қарлығыңқы дауысы естіледі.

Тас көпір жақтан кернейдің құлақ жарған озаны мен пулеметтің дем алмай сақылдаған үні келеді. Әжемнің қаны алған тынысына ілесіп тарам-тарам болып ағады. «Апатай, қаныңды сыртқа ағызба! Тоқтатып ал, қаның сарқылса, өлесің», – дейді әкем. Гаулияң түбіндегі қара топырақтан уыстап алып, әжемнің жарасына басады. Қан тоқтамай қайта ағады. Әкем тағы да уыстайды.

Әжем рахаттана жымиып жатады. Көгілдір түсті түпсіз терең аспанға, мейірімді анадан аумайтын гаулияңдарға қарайды. Санасында жап-жасыл, ұп-ұсақ ақ гүлдермен көмкерілген жіңішке соқпақ сұлбаланады. Дәл сол жолмен есек мінген әжем бей-жай күйде келе жатады. Гаулияң түкпірінен әлгі бір айбатты да шымыр денелі еркектің асқақтата салған әні естіледі. Көкте қалықтаған жасыл бұлтқа ұқсаған әжем гаулияң басын жеңіл басып, дауыс шыққан жаққа қарай ұша жөнеледі…

Әлгі жігіт әжемді жерге түсіреді. Денесі балқыған әжем майысып, қозынікінен аумайтын меккер көзбен қылымси қарайды. Бетіндегі қара шүберекті жұлып алған бейтаныс адам шын кескінін көрсетеді. Дәл өзі екен! Әжем Тәңірге сансыз шүкіршілік айтады! Бұлықсыған бойын шаттыққа ұқсас қатты бір діріл билеп, көзіне ып-ыстық жас толады.

Үй Жанау бір шоқ гаулияңды аяғымен таптап жапырып, жеңсіз жейдесін шешіп алып, үстіне төсейді. Әжемді тік көтеріп сонда апарады. Есі шыққан әжем оның жалаңаш кеудесіне тіксіне қарайды. Тамырында тепсініп аққан қаны күнге күйіп, қарайып кеткен терісінің астында тоқтаусыз жөңкіліп жатқанын ап-анық аңдайды. Үстін селдір тұман жапқан қалың гаулияңның сылдыры айналаны басып бара жатады.

Кенет жел тынып, қыбыр-жыбыр басыла қалады. Көз ұялтқан күннің сояу-сояу дымқыл сәулелері гаулияң арасына қадалып, шыншылып түседі. Жүрегі атша тулаған әжемнің он алты жылдан бері жасырып келген әйелдік құмары лап етеді. Жейденің үстінде жатып балықтай бұлқынады. Үй Жанау еңкейіп, басыла береді. Қылтасын бүгіп, әжемнің қасына келіп тізерлей шөгеді. Әжемнің бойы дірілдеп, бір шоқ сарғыш, хош иісті ұсақ ұшқындар көз алдында жылтылдап ұша бастайды.

Үй Жанау қолапайсыз қимылмен әжемнің үстіндегі киімдерін сыпырып алып, тік түскен күн сәулесінде аязда қалғандай қалтырап, ұсақ-ұсақ ақ түйіршектер басып кеткен қос анарын торситып сыртқа шығарады. Жігіттің тегеурінді әрекеті тудырған қатты ауырсыну мен рахатты ләззаттан жүйкесі ширыққан әжем тұншыға ыңыранады. «О, жасаған!» деп барып, талықсып кетеді.

Қаулаған қалың гаулияң арасында махаббат бақытына шомған әжем мен атамның адамдар арасындағы жол-жосын дегенге үрке қарайтын жүректері бір-біріне шексіз ләззат бағыштаған тәндеріне қарағанда әлдеқайда етенелікпен жақындай түседі. Сөйтіп, олар ұшы-қиырсыз гаулияң алқабында бұлтты – атыз, жаңбырды – тұқым қылып шашып, біздің Гаумидің Дұңби ауылының бай тарихында өшпес із қалдырады. Менің әкемді жер мен көктің сығып алған асыл мәйегі, қасірет пен қуаныштың түйін тастаған шырынды жемісі деп атауға әбден болады.

Жан ұшыра аңыраған есек гаулияң арасына кіріп келеді. Әжем балдай тәтті құмарлық әлемінен суырылып шығып, азапты дүниеге қайта оралады. Басын көтеріп, ақыл-есін әлі жия алмай отырған әжемнің жүзінен тарам-тарам жас ағады. «Ол шынымен ақпа кесел екен», – дейді әжем.

Жүгініп отырған атам қайдан алғаны белгісіз екі қарыстай ұзын қанжарын қынынан суырады. Қанжардың толқи аударылған жүзі қылаулап тұр екен. Сілтеп қалғанда, екі түп гаулияң сабағының бел ортасынан сырғып өтеді. Ұзын дің тікесінен тік қырқылады. Теп-тегіс боп кесілген жерден қара-жасыл сөл ағады. «Үш күннен кейін қайта орал», – дейді атам. Түкке түсінбеген әжем оған аңыра қарайды.

Атам киімін киеді. Әжем басы-көзін жөндейді. Атамның әлгі қанжарды қайда тығып жібергенін аңғармай қалады. Әжемді жол бойына шығарып қойған атам жалт береді де, жоқ болады.

Үш күннен кейін әжем есегіне мініп қайта оралады. Әжем ауылға кіре сала Дән шаңырағындағы әкелі-балалы екеудің кісі қолынан мерт болғанын, өліктерінің ауылдың батыс жағындағы иінде жатқанын естиді.

Шалқалап жатқан әжем гаулияң алқабының парлаған жылуына армансыз шомылып, өзін көкте самғаған қарлығаш секілді гаулияң алқабының үстінде қалықтап жүргендей сезінеді. Ана бір шапқан аттай жылжыған таныс кескіндердің қозғалысы баяулағандай болады... Дән Пиәнлаң, Дән Тиіңшиу, үлкен нағашы атам, үлкен нағашы әжем, Лохан ата… тағы қанша кекті, мейірімді, қаныпезер, момақан жүздер көрініс берді... барлығы демде ғайып болады. Отыз жылдық ғұмыр тарихының ең соңғы жолдарын әжем осылай өзі жазып жатады. Өткеннің бәрі... қош иісі аңқып, толықсып піскен жемістердей... түгел үзіліп түсіп жатады... ал, болашақтағының бәрі... қас-қаққанша өте шығар от шеңбер сияқтанып бұлдырай көрінеді. Әжем тек өтпелі, тым жақын әрі айнамалы осы шақтан ғана тас болып жабысып, айырылмайды.

Әжем әкемнің тағының тұяғы секілді екі кішкене қолымен өзін сипалап жатқанын сезеді. Әкемнің жасқана шыққан «апа» деген үні әжемнің өшпенділік мен сүйіспеншілік мүлде сейіліп кеткен, мейірім мен кек әлдеқашан жойылып тынған күңгірт санасында тіршілікке деген мол ынтызарлығын қайта бір көсеп өтеді. Әжем ыстық алақанымен әкемнің бетінен мейірлене сипауға қанша тырысқанымен, қолын көтере алмайды. Алға қарай зымырай жөнелмек болғанда, маңайынан үшбақтан түскен бір шоқ алуан түсті нұрлы сәулені көреді. Құлағына кенет үшбақтың сырнай, керней, кіші керней... топ болып орындаған салтанатты күйінің әуені келеді.

Әжем қатты шаршағанын сезеді. Әлгі бір сырғып бара жатқан осы шақтың тұтқасы – кісілік дүниенің байлауы қолынан сусып кетуге тақау тұрады. Өлген деген, сірә, осы! Менің өлетін болғаным ғой, тегі! Ендігәрі мына көкті, мына жерді, мына гаулияңды, мына ұлымды, қол бастап соғыс салып жүрген қосағымды көре алмайтын болғаным ғой!

Мылтық дауысы тым алыстан естіледі. Араны зілбатпан қалың тұман бөліп тастаған ғой, шамасы. «Дугуан!.. Ұлым... келіп, маған көмектес! Қолымнан тарт... менің өлгім келмейді! О, Жасаған! Жасаған ие... маған жар сыйладың... Жасаған ие, маған ұл бердің. Жасаған ие, маған байлық бердің. Жасаған ие, маған қызыл гаулияң секілді отыз жылдық бақытты ғұмыр бердің. О, Жасаған... берген екенсің, осы несібелерді қайтарып алма! Мені кешір, мені жібер! О, Жасаған, сенше, мен күнәлімін бе? О, Жасаған, сенше, менің бір ақпа кесел адаммен бірге жатып, бір топ терісі іріп, еті ағып тұратын құбыжықтарды туып, осы көркем дүниенің сұрқын қашырғаным оң ба, теріс пе? О, Жасаған, ар деген не? Әділет деген-ше? Ізгі пейіл деген не? Қара ниет деген-ше? Мұны маған ешқашан айтқан емессің! Бәрін мен өз түсінігім бойынша істедім! Мен бақытты сүйемім, күшті болғанды қалаймын, сұлулықты ұнатамын! Тәнім өзімдікі, өзіме өзім қожамын… мен күнәдан қорықпаймын, айыптаудан жасқанбаймын, сенің он сегіз қабат тозағыңнан да сескенбеймін. Мен істеуге тиістінің бәрін істедім, орындау қажет болғанның бәрін орындадым, мен ештеңеден тайынбадым! Бірақ, менің өлгім келмейді! Тірі жүргім келеді! Менің бұл дүниені ұзағырақ көргім келеді! О, жаратқан ием!»

Әжемнің адалдығы Жасағанды әсерлендіреді. Оның суалған көздерінде дымқыл сөл пайда болады. Хикметпен ұшбақтан ұшып келген нұр оның жанарының алдында жарқылдайды. Әжем әкемнің ақсары жүзі мен атамдікінен аумайтын өжет көздерін тағы көреді. Әжемнің еріндері болар-болмас қыбырлап: «Дугуан» дейді. Қуанған әкем: «Апа, сен жазылдың! Сен өлме. Мен сенің қаныңды тоқтаттым. Енді ақпайды! Мен барып, әкемді шақырып келейін. Сені көрсін. Апа, бірақ, сен өлме, әкемді күт», – дейді.

Әкем зыта жөнеледі. Оның аяқ дыбысы баяу сыбырлаған дауысқа, жаңа ғана естілген үшбақтан келген күй әуеніне айналады. Әжем ғарыштың үнін естиді. Үн түп-түп қызыл гаулияңнан шығып тұрады. Әжем қызыл гаулияңға тесіле қарайды. Бұлдыраған көзіне қалың гаулияң керемет көркем әрі өзгеше пішінді боп көрінеді. Олар сыңсиды, бұралады, боздайды, шырмалады. Бірде албасты кейпіне, бірде жанашыр жақынның бейнесіне енеді. Әжемнің көз алдында бір-біріне жыланша оралып, сытыр-сытыр қайта тарқатылады. Оның ақыл жетпес кереметін әжем толық түсіне алмайды. Олар қызыл-жасыл, ақ-қара, көк-күлгін болып, сақылдап күледі, өкіріп жылайды. Көлдеген көз жастары әжемнің көңіліндегі құлазыған құмды шөлге жаңбыр боп жауады.

Гаулияң арасындағы саңылаулардан көк аспан қиық-қиық боп көрінеді. Көк аспан сондай биік һәм сондай аласа еді. Әжемнің пайымындауша, аспан мен жер, аспан мен адам, аспан мен гаулияң тоғыса жымдасып, барлығы көрінбейтін аса үлкен шырмауық тордың астында тұтаса шырмалып жатады. Аспандағы ақша бұлт гаулияңды сипап, сырғып өтеді. Ол тағы әжемнің бетін де сипайды. Ақша бұлттың қатқыл жиектері әжемнің жүзін сипап өткенде, сыр-сыр еткен дыбыс шығарады. Астындағы көлеңкесі мен ақша бұлт бірі алда, бірі артта, қалмай ілесіп, қатар ілгерілейді. Бір топ жабайы ақ көгершін көктен сорғалап келіп, гаулияң сабағына қонады. Көгершіндер гуілдеп зікір соғып, әжемді оятады. Әжем олардың түрін жақыннан анық көреді. Олар да гаулияң дәніндей қып-қызыл көздерімен әжеме қарайды. Әжем оларға қарап ыстық ықыласпен езу тартады. Ал олар аса кешірімшіл жылы шыраймен әжемнің ақтық демдегі тіршілікке деген махаббаты мен сүйіспеншілігіне қарымта қайтарады. «О, жанашырларым, мен сендерді қимаймын!» – деп дауыстайды әжем. Көгершіндер гаулияң дәндерін тынымсыз шоқып, әжемнің үнсіз шақыруына жауап қатады. Көгершіндер бір тараптан шоқып, екінші тараптан дәрдерді жұтып, бөтегелерін бұлтитады. Мамықтары үрпиіп, дән шоқыған сайын қобырай көтеріледі. Желпуіш тәрізді құйрықтарын жел ұрғанда ары-бері аударылған қияқтары жапырақтардан аумай қалады.

Сонау бір жылдары үйіміздің дөдегесіне ұя жасап, кептер баққанымыз бар еді. Күзде әжем аулаға су толы үлкен астау қоятын. Түзден ұшып келген кептерлер соның ернеуіне қонып, ретті бір қатар болып отырып, суға түскен көлеңкелеріне қарай бөтегелеріндегі гаулияң дәрдерін лақылдата құсатын. Сонан соң аулада кердеңдей басып ойқастап жүретін.

Көгершіндер! Бейбіт, тып-тыныш мүлгіген гаулияң басында соғыс аласапыранынан үркіп, мекен-тұрағынан айрылған бір топ кептер отыр. Олар әжеме телміре қарайды. Құдды бір әжеме үнсіз аза білдіріп отырғандай.

Әжемнің көзі қайта қарауытады. Қанаттарын қағып көкке көтерілген көгершіндерден сондай бір таныс әуеннің ырғағы естіледі. Теңізден аумайтын зеңгір аспанда топшыларын сермеп ұшқанда, қанат пен ауа сүркеліп, ортасынан гуілдеген дыбыс шығады. Самғай жөнелген әжем көгершіндердің соңынан еріп, балауса қияқтарын желпіп, әуеде қалықтап айналып жүреді. Қара топырақты жер мен жасыл түсті гаулияң төменде қалады. Әжем әбден тозығы жеткен ауылдарға, иреңдеген өзендерге, айқасып өтіп жатқан жолдарға аса бір сүйіспеншілікпен қарайды. Оттай ыстық оқтар тесіп, дал-дұлын шығарған тұманды кеңістікке, өмір мен өлім арпалысқан сәтте қайтерін білмей дағдарып қалған тіршілікке құмарта көз салады. Ең соңғы рет гаулияң арағының иісін, жылы қанның күлімсі лебін иіскейді. Санасында кенет бұрын-соңды болмаған бір көрініс көлбең етеді: жаңбырша жауған рақымсыз оқ астында киім-кешектері алба-жұлба болған неше жүз ауылдасы қол-аяқтары ербеңдеп, гаулияң алқабында үйелеп жатады.

Бұл дүниемен жалғап тұрған ең соңғы жіңішке жіп әне-міне үзілуге таяйды. Көп ұзамай барлық уайым, күллі ауыртпалық, бітпес жанталас, үрейлі үмітсіздік, бәрі түгел гаулияң алқабына түсіп, бұршақ секілді гаулияң басын төпеп кетпек. Қара топыраққа тамыр тартып, қайтадан бүр жармақ. Қышқыл дәмді жеміс беріп, оны кейінгі, одан кейінгі ұрпақтар иеленбек.

Өзінің еркіндікке шығу барысын осылай аяқтаған әжем көгершіндермен бірге еркін самғайды. Оның бір уыс болып кішірейген ой әлеміне қуаныш, тыныштық, мейірім, рақат, жарастық секілді құндылықтар ағылып келіп армансыз ұялайды. Көңілі тоғайған ол ақ-адал жүрекпен: «О, жасаған! О, жаратқан ием!..» – дейді аһ ұрып.

IX

Мәшине үстіндегі пулеметтер толассыз оқ жаудырып, дөңгелектері тоқтаусыз дөңгелеп, мысғымас етіп соғылған тас көпірдің ортан беліне қарай өрлейді. Бораған оқ атам мен оның серіктерінің басын көтертпейді. Абайсызда төбесін қылт еткізген бірнеше жасақ жанынан айрылып, өзеннің қырында қалады. Атамның кеудесін ашу кернейді. Көпірдің ортасына жеткенде мәшине үстіндегі пулеметтердің оғы аспанға қарай атылады. «Бауырлар, атыңдар!» – дейді атам. Өзі арт-артынан үш оқ атып, жапонның екі әскерін мәшиненің үстінде сұлатады. Аққан қан мәшиненің тұмсығын қызылға бояйды. Атама ілесе жолдың шығыс, батыс жағындағы су жағасынан ондаған мылтық жамырай гүмпілдеп, тағы жеті-сегіз жапон әскерін омақастырады. Мәшинеден құлаған екі жапон әскері аяқ-қолдары ербеңдеген күйі көпірдің қос жақтауынан Мошүй өзеніне қарай сорғалайды. Фаң текті ағайындылардың абажадай ату құрылғысы «гүрс» еткенде, аузынан от тілі жалаң етіп, өзен айдынын жалап өтеді. Темір бытыра, шойын бүртіктер тура барып екінші мәшинеге тиелген ақ қаптарға тиеді. Ыс-түтек сейілген соң, шұбар-ала боп жамыраған сансыз тесіктерден әппақ күріш құйылып, еңіс саулайды.

Әкем гаулияң алқабынан өткен соң, еңбектеп өзен қырына шығып, атама қарап асығыс-үсігіс бірдеңелерді айтады. Атам дереу наганына оқ басады. Жаудың бірінші мәшинесі жүрісін тездетіп көпір үстіне шыға келгенде, алдыңғы дөңгелектері көкке қараған тырманың тістерін басып, желі шығып кетеді. Шаншылған тырмаларды артқа сүйреп, өкіре гүжілдеген мәшинені әкем кірпі жұтып, қиналғанда мойнын ербеңдете тулаған жыланға ұқсатады.

Алдыңғы мәшинедегі жаулар жерге қарай жапа-тармағай секіреді. «Лау Лиу, керней тарт!» – дейді атам. Лиу Дахау үні зәрені алғандай үлкен кернейін озандатып кеп қоя береді.

«Алға!» – дейді атам ұран салып. Серпіле атылған ол қолындағы наганын көздемей-ақ атып, жапон әскерлерін баудай түсіреді. Батыс жақтан мәшине маңына жетіп үлгірген кісілер жаумен қоян-қолтық араласа кетеді. Соңғы мәшинедегілер оқтарын аспанға атады. Мәшинеде екі әскер ғана қалады. Әкем мылқаудың оларға қарай оқтай атылғанын, екі әскердің найзасын кезеп қарсы ұмтылғанын, мылқаудың біреуінің найзасын қылыш сыртымен қағып жіберіп, екіншісінің болат дулығалы басын шауып, ұшырып жібергенін, әуеде қалқып бара жатқан әлгі бастың ұзақ ыңыранып барып құлағанын, жерге түскен соң да одан ыңырсыған үн шыққанын көріп тұрады. Мылқаудың қылышы қандай өткір еді деп ойлайды ішінен. Жау әскерінің басының мойнынан ажырар алдындағы сұмдық үрейінің жүзінен біразға дейін тарқамай, жақ еттерінің тоқтаусыз бүлкілдеп, танауының түшкіргісі келгендей делдиіп жатқанын да байқайды. Мылқау келесі әскердің басын да қағып түсіреді. Денесі мәшине жақтауына сүйеніп қалған оның мойын терісі кенет жиырылып, қаны сыртқа діректеп атылады. Осы кезде соңғы мәшинедегі әскерлер пулеметтерінің аузын төмен салып, құтыра от ашады. Атамның серіктері кескен ағаштай жапырылып, жау өліктерінің үстіне құлайды. Мәшиненің төбесіне отыра кеткен мылқаудың кеудесінен қан бұрқ етеді.

Жер бауырлап жатқан әкем мен атам еңбектей жылжып гаулияң алқабына жетеді. Өзен қырынан ақырын бастарын қылтитады. Ең соңғы мәшине гүрілдеп артына шегініп барады екен. «Фаң Лиу, ат! Ана иттен туғандарды көздеп ат!» – деп айғайлайды атам.

Фаң тектілер дәрі толтырылған құрылғыны өзен қырына шығарады. Фаң Лиу еңкейіп, білтені енді тамыза бергенде қарнына оқ тиеді. Бір үзік жасыл ішегі щұбалып сыртқа шығып қалады. «Апа» деп дауыстаған Фаң Лиу ішін басып, гаулияң арасына қарай домалайды. Шегініп, көпірден шығуға айналған мәшинені көрген атам: «Атыңдар!» – деп айғайлайды асығыс. Оттықты алып, дірілдеп келіп білтені тұтатпақ болған Фаң Чи қалай істесе де тұтата алмайды. Атам атылып барып оттықты алып, үрлеп-үрлеп жібереді. Оттық қызарып жанады. Атам оттықты тигізіп, білтені тамызады. Ысылдаған білте болмашы ақ түтін шығып барып қайта сөнеді. Алып құрылғы ұйықтап қалғандай үнсіз мелшиіп тұра береді.

Әкем оны атылмайды деп ойлайды. Жау мәшинесі көпірден шегініп, алыстап кетеді. Екінші, үшіншісі де көткеншектеп, кері жылжиды. Үстіндегі күріш жерге, көпірдің үстіне ақтарылып, одан өзенге төгіліп, су бетін ұсақ ақ ноқаттарға толтырады. Бірнеше жау өлігі батысқа қарай баяу қалқып ағып бара жатады. Өліктен қан шығып, топ-топ жыланбалық қан араласқан суға үйіріле үймелейді. Шамалы үнсіздіктен кейін алып құрылғы «гүрс» ете қалады. Өзен қырынан көтерілген нән темір бір жолақ алапат жалынға айналып, толассыз ақ маржан саулаған мәшинеге барып тиеді. Мәшиненің астынан лап етіп от тұтанады.

Көпірден шегініп кеткен мәшине кілт тоқтайды. Жапа-тармағай секіріп түскен жау әскерлері өзен қырына жата қалып, пулеметтерін құрып, оқ жаудырады. Бетінен оқ тиген Фаң Лиудің мұрны дал-дұл болып, қаны әкемнің жүзіне шашырайды.

Өртенген мәшиненің ішіндегі екі әскер есікті ашып, қарғып түсіп, сасқалақтап барып, өзенге секіреді. Күріш тиелген ортадағы мәшине не ілгері, не артқа кете алмай, қамалып тұрып қалады. Көпір үстінде шарасыз гүжілдеп, дөңгелегі зырылдап босқа айналады. Ақ күріш жаңбыр тамшыларындай сарылдап төгіле береді.

Қарсы жақтағы жау пулеметтері кенет тына қалады. Тек бірнеше мылтық дауысы ғана естіліп тұрады. Құралын қолына алған он шақты жау әскері өртенген мәшиненің екі жағын тасалап, солтүстікке қарай ұмтылады. «Атыңдар!» – деген атамның бұйрығына үн қосқандар көп болмайды. Артына бұрылып қараған әкем өзен қырының асты-үстінде баудай түскендердің денесін көреді. Жараланған кейбірі гаулияң арасында ыңырсып, ойбайлап жатады. Атам арт-артынан бірнеше оқ атып, бірнеше жау әскерін көпірден құлатады. Жолдың батыс жағынан да мылтық дауысы неше дүркін естіліп, бірнеше жау жасағы мұрттай ұшады. Жау шегінеді.

Өзеннің түстік жағынан ұшып келген бір тал оқ атамның оң иығына дариды. Білегі дірілдеген атамның қаруы қолынан түсіп, бауы мойнына ілініп қалады. Гаулияң арасына кірген атам: «Дугуан, маған көмектес», – дейді дауыстап. Жеңін жыртып, жараланған жерін ашқан соң, әкеме беліндегі ораулы ақ кездемені алдырады. Екеуі селбесіп жүріп жараны таңады. Осы орайды пайдаланған әкем: «Әке, апамның сені көргісі келеді», – дейді. «Ұлым, әуелі маған ілес, ана иттен туғандардың көзін жояйық!» – дейді атам. Белінен әкем лақтырып жіберген брауник наганып алып, өзіне қайтарады. Өзен қырынан Лиу Дахау қанға малшынған бір аяғын сүйретіп, еңбектеп келе жатады.

– Сардар, керней үрлейін бе? – дейді жақындай бере.

– Үрле! – дейді атам.

Жаралы аяғын созып, келесі аяғымен тізерлей отырған Лиу Дахау кернейін көтеріп, озандата үрлейді. Аспаптың аузынан күрең-қызыл дыбыстар көкке қарай қалықтай жөнеледі.

– Алға, бауырлар! – дейді атам ұран салып.

Жолдың батыс жағындағы гаулияң арасынан бірнеше дауыс қоштай ілеседі. Сол қолына қаруын алып, қарғып тұрған атамның жағын бірнеше тал оқ жанап өтеді. Басын ішіне алып аунап түскен атам гаулияң арасына келіп топ ете қалады. Жолдың батыс жағындағы өзен қырынан аянышты үн естіледі. Әкем тағы бір жасаққа оқ тигенін біледі.

Лиу Дахау кернейін аспанға қаратып үрлей береді. Қалықтаған күрең-қызыл дыбыстан гаулияң сабақтары қалтырап, дірілдеп кетеді.

– Ұлым, жүр, жолдың батысына барып, сондағы ағайындарға қосылайық, – дейді атам әкемнің қолынан ұстап.

Көпір үстінде жалынға оранған мәшинелерден қою түтін будақтайды. Әппақ дәндер өзенге бұршақша жауады. Әкемді жетектеген атам тас жолдан зымырап өтеді. Өкшелей қуған оқтар жолдың шұрық-тесігін шығарады. Екі беті күйіп, терісі сылынған бір жасақ атам мен әкемді көріп: «Сардар, біз біттік!» – дейді кемсеңдеп.

Сүлкіні түсіп, гаулияң арасына отыра кеткен атам көпке дейін басын көтермейді. Өзеннің қарсы бетіндегі жау да мылтық атудан тиылады. Көпір үстіндегі мәшинеден гүрсілдей жарылған дыбыстар естіледі. Жолдың шығыс жағынан Лиу Дахаудың кернейі озандай береді.

Әкем үрейден арыла бастайды. Өзен қырын жағалап, батысқа қарай біраз жүрген соң, бір шоқ сарғайған қу шөпті тасалап, ақырын басын көтереді. Әлі от тимеген екінші мәшиненің кебежесінен бір жапон әскерінің қарғып түскенін көреді. Ол мәшине ішінен тағы бір қарт сарбазды сүйеп түсіреді. Тырли арық қарт сарбаз қолына әппақ қолғап киіп, беліне ұзын қылыш асып алыпты. Қап-қара етігінің қонышы тізесін соғып жалтырап тұр.

Мәшинені қалқалап аяңдап келген екеуі көпір тіреуіне жармасып, төмен сырғиды. Брауник наганын көтерген әкемнің қолы дірілдеп, нысанаға алған қарт сарбаздың құйрығы қарауыл ұшында ары-бері қозғалып, бұлтыңдай береді. Тісін тістене басып, көзін жұмып тұрып атып қалады. Жанқұрал «тарс» етеді. Ысқырған оқ суға барып тиіп, сонда жүрген бір жыланбалықтың бауырын аударып кетеді. Жау сардары ербеңдеп суға құлайды.

– Әке, үлкен бастық! – деп айғайлайды әкем.

Желке тұсынан атылған оқ сақа сарбаздың басын жарып кеткен екен. Аққан қан суға жайылып, тарап бара жатады. Тағы бір жау әскері қол-аяғын бірдей сермеп, қашып барып, көпір тіреуінің артына тығылады.

Жау қайта оқ боратады. Атам атылып келіп әкемді бауырына алып, басып қалады. Гаулияң арасынан да зуылдап оқ атылады. «Жарайсың! Нағыз өз ұлымсым!» – дейді атам.

Өздері өлтірген қарт сарбаздың аты шулы генерал майор Жұңгаң нигау екенін әкем мен атам білмейді.

Лиу Дахаудың кернейі озандай береді. Өртенген мәшиненің лаулаған от-жалынына қақталған көктегі күн қызыл мен жасылдың арасында құбыла оңып, солып бара жатады.

– Әке, апамның сені көргісі келеді... шақырып жатыр, – дейді әкем.

– Апаң әлі тірі ме? – деп сұрайды атам.

– Иә. Тірі, – дейді әкем.

Атамды жетектеген әкем қалың гаулияңның түкпіріне қарай жүгіреді.

Гаулияң арасындағы әжемнің жүзіне гаулияң көлеңкесі түсіп, ажарында әлі тарқамаған атама деген жарқын күлкі үйіріліп тұрады. Өңі бұрын-соңды болмаған ақ түске еніп, екі көзі ашық жатады.

Атамның қайыстай қатқан етсіз бетінен екі тамшы жастың ағып түскенін әкем алғаш рет көреді.

Қасына келіп тізерлеп отырған атам жарадар қолымен әжемнің көзін жабады.

Мың тоғыз жүз жетпіс алтыншы жылы атам дүниеден өткен кезде шешем екі саусағы жоқ сол қолымен оның бақырайып жатқан көздерін жапты. Мың тоғыз жүз елу сегізінші жылы атам Жапонияның Бихай аралындағы қу медиян даладан оралған тұста еркін сөйлей алмай қалған болатын. Әрбір сөзі ауыр кесектей аузынан зорға атылып шығатын.

Атам Жапониядан қайтып келгенде, ауыл үлкен шара өткізіп, салтанатпен қарсы алды. Оған аудан әкімінің өзі келіп қатысты. Ол кезде мен екі жаста болатынмын. Әлі есімде, ауылдың бас жағындағы ақөрік ағашының астына бір-біріне тіркеп сегіз үстел, әрбір үстелдің үстіне бір күбіден арақ, он шақты үлкен кесе қойды. Аудан әкімі күбіні көтеріп, бір кесе арақ құйып, оны атама қос қолдап ұсынды. «Қарт қаһарман, сізге бір кесе арақ ұсынамын! (Үлкен құрмет белгісі) Сіз ауданымыздағы барша халыққа даңқ сыйладыңыз!» – деді әкім. Орнынан ебедейсіз көтерілген атам бозғылт қарашығын бір аударып-төңкеріп алып: «О-о, о-о, мылтық, мылтық», – деді. Мен атамның кеседегі арақты ерніне апарғынын, әжім басқан мойынының сіресіп, жұтқыншағының өрлі-төмен жылжығанын анық көрдім. Арақтың аз мөлшері ғана аузына құйылды, көбі иегінен асып, лақылдап кеудесіне төгілді.

Әлі есімде, бірде атам мені жетектеп, мен кішкене қара күшігімді жетектеп, атыз басына бардық. Сонда айналып жүрдік. Атам Мошүй өзеніне барып, үлкен көпірге көз салғанды бек ұнататын. Көпір астында, қолын тіреуге сүйеп, түске дейін, кейде түстен кешке дейін тұратын. Мен кейде атамның көпір тастарындағы жыпырлаған шұрқ-тесік іздерге қарап, ұзақ тесіліп қалатынын байқайтынмын. Белуардан келіп бойлап өскен кезде атам мені ертіп гаулияң алқабына баратын. Ол ұнатып баратын маң Мошүй өзеніндегі көпірден тым алыс емес еді. Ол ара, менің шамалауымша, әжем дүние салған жер. Ондағы қара топыраққа әжемнің ыстық қаны сіңген ғой.

Бұрынғы үйіміз әлі бұзылмаған кез, бір күні атам қолына кетпен алып, шетен ағашының түбін қаза бастады. Безілдектің балапан құрттарын қопарып шығып, маған берді. Мен оларды иттің алдына тастадым. Ит құрттарды тістеп алып шайнады. Бірақ, жұтқан жоқ.

– Әке, не қазып жатырсыз? – деп сұрады коммунаның асханасына тамақ істеуге кетіп бара жатқан шешем.

Басын көтерген атам шешеме сүлесоқ қарап қойды. Шешем кетіп қалған соң қазу жұмысын ары жалғастырды. Соңында үлкен ор пайда болып, жуан-жіңішкелі ұқсамайтын он шақты ағаш тамырын кесіп, көлденең қойылған жалпақ тасты ашып, қап-қараңғы кірпіш ұрадан тат басып, мүлде сұрқы кетіп қалған темір сандық алып шықты. Темір сандық табаны жерге тиер-тимей үгітіліп, қирап қалды. Жаман шүберектің арасынан тат жеп қызарған, менің бойымнан шамалы биік темір зат көрінді.

– Бұл не? – деп сұрадым мен.

– О-о, о-о, мылтық, мылтық! – деді атам.

Атам мылтықты күн шуаққа қойып, жылу өткізді. Өзі алдына отырып алып, көзін бір ашып, бір жұмып... бір ашып, бір жұмып, осы қылығын қайталай берді. Артынан орнынан тұрып, отын жаратын үлкен балтаны әкеліп, мылтыққа қарай оңды-солды сілтеді. Соңында ескі қаруды керексіз темір үйіндісіне айналдырды. Оны уыстап лақтырып, ауланың барлық жеріне шашты.

– Әке, апам өліп қалды ма? – деп сұрайды әкем атамнан.

Атам басын изейді.

– Әке! – дейді әкем тағы.

Әкемнің басынан сипаған атам белінен қанжарын суырып, гаулияң сабақтарын кесіп әкеліп, әжемнің денесін бүркейді.

Жағалаудың түстік жағынан сарнаған мылтық үні қайта көтеріліп, айғай-сүрен үдеп, бомба жарылған сұрапыл гүрсіл және естіледі. Әкемді жетектеген атам көпірге қарай ұмтылады.

Көпірдің түстігіндегі гаулияң арасынан сұрғылт киім киген жүз қаралы әскери адам лап қойып шыға келеді. Өзен қырынан төбе көрсеткен он шақты жапон әскерінің кейбірі оққа ұшады, кейбірі найзаға ілінеді.

Әкем беліне жалпақ белбеу байлап, алты атарын асып алған Лың бастықтың бірнеше зор денелі оққағардың ортасында, өртенген мәшинелерді айналып өтіп, көпірдің солтүстігіне қарай келе жатқанын көреді. Мырс етіп, миығына күлкі үйірілген атам қаруын серт ұстап, көпірдің үстінде тапжылмай тұрады.

Алшаң-алшаң басып таяп келген Лың бастық:

– Үй сардар, келістіріп-ақ соқтың! – дейді.

– Иттен туған оңбаған! – деп боқтайды атам.

– Бауырың сәл кешігіп қалды!

– Иттен туған оңбаған!

– Біз үлгеріп келмегенде, сен жүдә құритын едің!

– Иттен туған оңбаған!

Атам құралын алып Лың бастыққа кезейді. Лың бастық көзімен ишарат еткенде, сом денелі екі қорғаушы атылып барып, атамның қаруын тартып алады.

Әкем брауник наганын суырып, атаммен алысып жатқан бір қорғаушының құйрығынан атады.

Екінші қорғаушы әкемді бір теуіп ұшырып түсіріп, білезігінен басып тұрып, қолындағы қаруын жұлып алады.

Атам мен әкем қорғаушылардың қолында қалады.

– Лың шұбар, сен ит көзіңді ашып, мына тұрған бауырларыма қара!

Тас жолдың екі жағындағы өзен қырының үстінде, гаулияң арасында өлі денелер мен жаралы жандар айқасып жатады. Лиу Дахаудың кернейі үздік-создық озандайды. Қып-қызыл қан оның езуі мен мұрнынан қатар саулай бастаған екен.

Әскери бас киімін шешкен Лың бастық жолдың шығыс бетіндегі гаулияң алқабына қарап басын иеді. Батыс жағындағы гаулияң алқабына қарап тағы да тағзым жасайды.

– Үй сардар мен Үй бекзаданы босатыңдар! – дейді Лың бастық.

Қорғаушылар атам мен әкемді босатады. Оқ тиіп, құйрығын қолымен басып алған ана оққағардың саусақтарының арасынан қан тамшылап, ағып тұрады.

Қорғаушылар қолынан қаруды алған Лың бастық оны атам мен әкеме қайтарып береді.

Көпірден шұбап өткен Лың бастықтың жасағы мәшинелер мен жау әскерлерінің өлігіне лап қояды. Пулеметтер мен мылтықтарды, оқ пен оқшантайларды, қылыштар мен қындарды, белбеулер мен етіктерді, әмиян мен сақал алғыштарды сыпырып әкетеді. Бірнеше жасақ өзенге секіріп, көпір тіреуінің артына жасырынған тірі жау әскерін сүйреп шығады. Біреуі жоғары шенді жау сардарын көтеріп әкеледі.

– Бастық, генерал екен! – дейді атамансымақ біреу.

Көңілді бейнемен жетіп келіп қараған Лың бастық:

– Әскери киімін сыпырып, қалған заттарын жинап алыңдар! – дейді. – Үй сардар, Тәңір тағы жолығуға жазсын! – дейді артынан.

Бір топ қорғаушылары ортаға алған Лың бастық түстікке қарай тартып отырады.

– Тоқта! Лың текті неме! – деп ақырады атам.

Артына қайырылған Лың бастық:

– Үй сардар, ту сыртымнан оқ атқалы тұрған жоқ шығарсың? – дейді.

– Жайыңа қалдырмаспын сені! – дейді атам тістеніп.

– Уаң Ху, Үй сардарға бір пулемет қалдыр! – дейді Лың.

Бірнеше әскер пулеметті атамның аяғының астына әкеп қояды.

– Мына мәшинелер, ондағы күріш… түгел саған қалды.

Көпірден жамырай өткен Лыңның қолы өзен қырының үстінде реттеліп сапқа тұрып, жиекті бойлап шығысты бетке алып тартып кетеді.

Батар күн ұясына қарай еңкейеді. Өртенген мәшинелердің қап-қара қаңқалары ғана қалады. Күйген резіңке дөңгелектердің сасық иіс қолқаны қабады. От ілінбеген екі мәшиненің бірі – алда, бірі – артта, қаңқиып көпір үстінде тұрады. Өзен суы қан сияқтанып қарайып, түздегі гаулияң қан секілді күреңіте қызарады.

Әкем өзен қырының үстінен бұзылмаған бір қыспа нан тауып алып, атама береді.

– Әке, мынаны же… бұл апам пісірген қыспа нан, – дейді.

– Өзің жей ғой! – дейді атам.

Әкем нанды атамның қолына ұстатып:

– Мен тағы біреуін тауып келемін, – дейді.

Әкем тағы бір қыспа нан тауып келіп, қомағайлана ауыз салады.

Жалғасы бар...

Көрнекі сурет: Чжан Имоудың "Қызыл гаулияң" фильмінен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар