Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Нұрбол Ыбырай: Нағыз ақындар бірінші өледі...

15.02.2017 3610

Нұрбол Ыбырай: Нағыз ақындар бірінші өледі...

Қуатты ойдың бастауы


«Бақытты жандар өлең жазбайды...». Ақтөбелік жас ақын Нұрбол Ыбырайдың осы сөзі-ақ «ауыр жол» атанып кеткен поэзия өнерінің қыр-сырын анықтап бергендей. «Ақындық – жастықтың ісі» деген де – ескірген пікір. Мәселе – тағдырда. Бақытсыз болайын деп болмайсын, әлбетте. «Жұрт бақытты адамдарды жақсы көреді. Ал бақытты адамдар ешуақытта өлең жаза алмайды» деп Өтежан Нұрғалиев те айтып кеткен кезінде. Бақытты өмір көркем шығармаға арқау болып жарытқан емес. Ал құбылысқа айналу – өз еркіңде. Ол үшін талап пен талғамды қатар ұстай білуің керек. Сонда ғана іздену, еңбектену арқылы тер төгесің. Болдым-толдым деу – бекер. Сондай азапты сәттердің рухани ләззатын сезіну – шын талантқа ғана бұйырған Тәңірдің сыйы.

«Өлең дегенің – өкініш...» дейді сосын. Мұны айтқызып отырған біз өмір сүріп жатқан уақыт пен дәуірдің өзі. Есті адамға өкініш тән. Бұл – Алланың бір хикметі. «Өнеге шашқан жыршылық, Құдайға ол да – құлшылық» (Сүгір Бегендікұлы) дегендей, өлең жазу – ақын жанының тәубесі. Шындықты жырлау қашанда оңай болмаған. Ақын қуатты ойдың бастауына айналғанда барып нағыз өлең туады. Бастысы – ар алдындағы жауапкершілікті сезіне білу. Әйтпесе, «арамшөптердің» (Мұқағали) талайын көріп те жүрміз. Алғашқы жыр жинағын («Қанаты жоқ періште») шығарып үлгерген ақын інім осы айтқандарымды ескерсе, жаман болмайды деп ойлаймын.  Төмендегі өлеңдер жөнінде айтылар сөзді оқырман еншісіне қалдырдым. Абайша түйіндейтін болсақ, «сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе, оған кімнің ұнасар таласуы?»


   Асылбек Жаңбырбай, ақын




* * *


Селт етсе көңіл – сеземін қайғы,

Күтемін от боп бекіністі алдан.

Бақытты жандар өлең жазбайды,

Өлең дегенің – өкініш, қарғам!..


Тірліктен жаның шөлдеген болса,

Белгілі – жырдың бұлақ екені.

Жолығып сорға көлденең қанша,

Ақындар неге жылап өтеді?


Қандай болса да тағдыры ханның,

Қоғамға мынау жалынышты емен!

Шын сүйе білген барлық ақынның

Өмірі өтеді сағынышпенен.


Жанарда үміт барын сезінсе,

Өлең-жүрегім нұрын себеді.

Зұлымдық келіп қару кезенсе,

Нағыз ақындар бірінші өледі...


Қанында ойнап тілек-құмарлық,

Өмірден көрмес шапағатты онша.

Бөлейді нұрға жүректі барлық,

Ақындағы Ұлы Махаббат болса!


...Селт етсе көңіл – сеземін қайғы,

Күтемін от боп бекіністі алдан.

Бақытты жандар өлең жазбайды,

Өлең дегенің – өкініш, қарғам!

(23 сәуір, 2015 жыл)


8b6267f22d175d1bd51dac1fe72db9b0.jpg



* * *


Жылама жаным, жылама жаным...

Сейілмес қайғы жылаумен.

Ауыр болды ма сынағы Алланың,

(Тіл табыспадың ба Құдаймен?)


Кем емес едің өр емендерден,

Тағдыр ма сені жүдеткен?

Құла жапанда Төлегені өлген,

Аумай қалдың ба Жібектен?


Келмеске кетті сүйіктің сенің,

Ажалға қарсы кім тұрар?

Сен жылап жүрсең күйік кешемін,

Ақында мұңның кілті бар.


Сағаты жетсе Тажал да өледі,

Қоштасу, мейлі, қиын де...

Шын сүйгендерді ажал бөледі,

Қосылмадым деп күйінбе!


Мәңгі сағыныш жан жүдетпей ме,

Тірлікте мынау тасып қал!

Махаббаттың да мәні кетпей ме,

Қосылса барлық ғашықтар...


...Төлегені өлген Қособадағы,

Жұбата алдым ба, Жібегім?

Сенің жаныңмен қоса жылады,

Қоса жылады жүрегім...

(7 шілде, 2016 жыл)


ИНДИРА ІЗБАСҚАНҒА


Индира, Индиражан, Индира қыз!

Бұл күнде кімдер абыз, кімдер аңыз?

Сүрлеуімен жүрген соң ар-намыстың,

Мен сені ұқсатамын гүлге нағыз.


Болса да жолым ашық, қадамым гүл,

Мен мұңын шерте алдым ба даланың бұл?

Қанатын қақтырды ма ақ арманның,

Кешегі бала Индира, бала Нұрбол?


Дүние саған да өлең, маған да өлең,

Ақиқатын айтады әманда Әлем.

Азғындықтан ашпады көзін қоғам,

Құдайын ұмытты ма адам деген?


Мұңымды сезесің бе менің бейбақ,

Мен күнде ойға батам елімді ойлап...

Ешкім де ар сотынан қаша алмайды,

Құдайдың сөзі бар ғой... сенімді айғақ.


Индира, Индира қыз, Индирам-ай!

Бұл тірлік кімге қиын, кімдерге оңай?

Қасқыр мінез қазаққа, тілейтінім,

Қаһарын төкпесе екен мүлде Құдай.


Шындықтың көтере ме жүгін өлең,

Ел үшін қобыз болып күңіренем.

Қазақтың тағдыры үшін, ертеңі үшін,

Жолында Батыраштың сүрінер ем.


...Индиражан, сен маған сенесің бе?

Жырым қалар уақыттың белесінде.

Бір төбе боп қалады барлық адам,

Қыр басында немесе ел есінде...

(12 сәуір, 2016 жыл)


«ӨМІР ҒОЙ БҰЛ...»


Тағдыр жолы жүргізгенде қисалаң,

«Шаршаттың» деп әкем ренжіп, кейісе анам,

Ақталатын ақтық сөзді таба алмай,

«Өмір ғой бұл...» дей салам.


Демі бітіп аласұрған күйдің де,

Өкпемді айтып наласы көп кей күнге.

Бір сұлудың жас сыйлаймын көзіне,

«Өмір ғой бұл...» деймін де.


Сөзімді айтып өскеннен соң кейде нық,

Жүрдім жастай қошемет пен сый көріп.

Тасадан жұрт тас лақтырса, жұбандым

«Өмір ғой бұл...» дей беріп.


Мінезінен сор тапқанның бірі едім,

Сор тапсам да жұртқа бақыт тіледім.

Анамды мың уайымдатып, жылады:

«Өмір ғой...» деп жүрегім...


Аяғымды шалыс бастым неден мен?

Не болса да айырмаңдар мені елден.

Түсінбеуге құқығы бар әркімнің,

«Өмір ғой бұл...» дегенмен...


Менің жаман жырларымды көрсе елім,

Жақсылыққа жетелейді әр сенім.

Мен өзіңді со-о-о-ондай жақсы көремін,

Өмір...өмір... не құпияң бар сенің?

(17 қыркүйек, 2012 жыл)


НЕГЕ?


Неге сенің қабағыңнан мұң көрем,

Айлы түнің көп пе кірпік ілмеген?

Неге сенің көңіліңде бар қайғы,

Неге сені бәрі, бәрі алдайды?


Неге сенің солғын тартқан гүл-өңің,

Мұң жинайтын құмыра ма жүрегің?

Неге сенің сәттерің көп «әттеген»,

Оңайлықпен беріле ме бақ деген?


Неге арсыз ой мен сөзге сенесің,

Ұмыттың ба шындық тәтті емесін?

Неге мүлде ілеспедің дүрмекке,

Қойыларын білмедің бе бір нүкте?


Неге сенің маңдайыңда сор қалың?

Сен бақытсыз болады деп қорқамын...

...Өмір тосқан әр дауылға алаңдар,

Өз сенімін жоғалтатын адамдар!

(14 наурыз, 2016 жыл)


***


Қимасым менің, қымбаттым!

Жолығып албырт шақпенен,

Жүрекпен саған тіл қаттым –

Жүрегімдегі тәтті өлең...


Көзіміздегі сырды ұғып,

(Тағдырға айттық не деп біз?)

Мен сені сүйдім жыр қылып,

Тым шексіз және себепсіз...


Егілдің талай, жыладың,

Көзіңе мұңлы шер төнген.

Қойныңа барып құладым,

Ұшақтай болып өртенген.


Бермесе тағдыр сыйды аса,

Өкінішімнің әні – бұл.

Сағыныш меңдеп қинаса,

Мендегі өртке жанып өл!


Безіндім мылқау қаладан,

Бағыңды тілеп күнбе-күн.

Ақын боп тудым анадан,

Ғашық боп өлу – міндетім!


...Мөлт етіп бір мұң көзіңде,

Жүрегің жылап соғады, ә?

Сендегі ұлы сезімге

Ақындығым да – садаға!

(27 сәуір, 2015 жыл)


* * *


Бағаладым басқа қонған бақ қой деп,

Өлең болып өрілгенде тәтті ой кеп.

Ақ бақытым аппақ таңмен оянды,

Сен күлімдеп киген кезде ақ көйлек.


Тағдыр сені қай бағыма сыйлады?

Арылмайтын ойым болдың мидағы.

Қыз күндегі қырсықтықты қойдың да,

Ата-анама келін болдың ибалы.


Шаттықпенен әрленсін де әр түнім,

Махаббаттың мезі етпесін шарты мың.

Босағасы берекелі үй болу,

Тек еркекке қатысты емес, жарқыным.


Серілікпен шертілсе де сырлы әнім,

Сен туралы жазылады жыр да мың.

Мықты ақынға өмір бойы жар болу,

Ерлікпен тең екендігін біл, жаным.


Көмейімнен тербетіліп өлмей ән,

Менің мәнді махаббатым кімге аян?

Тағдыр берген куәлікке ойланбай,

«Сені өлгенше сүйемін...» деп қол қоям.

(5 қараша, 2014 жыл)


* * *


«Сен менің жүрегімде мәңгіге жұмбақ сезімсің...»

  (Сенің естелігіңнен)


Мағынасыз тірліктегі мұңды ұрлап,

Жылап жатқан сорлы сезім, солғын бақ...

Жүрегіңмен назыңды айтып ең соңғы,

Жанарыңмен бара жаттың қол бұлғап.


Қоштасудан сезім өлер жатқа әйгі,

Білем жаным, бүгін бізден бақ тайды.

Мен ұмытып кетемін ғой, шара не,

Жүрегім де қайғы жұтып жатпайды.


Бақытына апармады басқан із,

Тағдыр алдап, кездестік-ау босқа біз.

Осы бақта өкініштен өртенгем,

Бірақ онда... жылап тұрды басқа қыз.


Кешір, тағы бола алмаған жан жарым,

Абыройыңа дақ түспеді, Арға мін.

Сезім – қаңбақ, келеді де кетеді,

Өмір өзі көрсетеді қалғанын.


Сағыныштың сарсаңына төзер кім?

Келеді әлі сезімімді сезер күн.

Ойлап күнде жатпасаң да – өз еркің,

Есте мәңгі сақтасаң да – өз еркің!


Махаббатта бар ма өзі, сірә, мән?

Бақытты бол, бағыңды тап, жүр аман!

...Қимастықпен өшірілді тағы да,

Телефонның тізімінен бір адам.

(8 маусым, 2014 жыл)


ЖАЗМЫШ


«Я не люблю когда мне врут, но от правды я тоже устал.»

  (Виктор Цой)


Сол… Жылауық жүрекпенен аш көңіл,

Өзгергем жоқ. Өзгерді тек қасқа Өмір.

Таңдайыма сөзі түспей Тәңірдің,

Маңдайыма жазылды ма басқа жыр?


Сұлбасында шексіздіктің жоқ хабар,

Бір басымда бақытсыздық, бақ та бар.

Есігінен теуіп кетіп Өмірдің,

Бақи ғана қалды маған аттанар.


Пешенеме бұйырғанын сезді ме Ес?

Тірілерге жақпай жүр ғой бұл мінез.

«Өтірікті жек көремін! Бірақ та,

Шындықтан да шаршап жүрмін соңғы кез».


Ессіз Өмір есі кетіп жалмаңдап,

Сірә, маған бұйырады жалған бақ.

Соңғы өлеңді оқып берем Ажалға,

Соңғы демім қалғанда-ақ…


Күтіп тұрған жұмағым жоқ, кірер ем…

Менде бары – аңқау жүрек, кір өлең.

Білгеніңді істей берме, ей, Өмір,

Жөргегіңді жерге тығып жіберем!


Қансыраған сенімімді құртқанмын,

Кімдер келіп, жыр-көземнен ұрттар мұң?

Тәңір мені Ақын етті, сезем мен,

Әңгімесі қажет емес қырттардың!


Арманымды өлтірме не, өлтір не,

Өмір деген өзгермейтін кең түрме.

…Сайтан алғыр, өлемін де қаламын,

Сайқал Өмір, ашуымды келтірме!


(10 қараша, 2012 жыл)



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #Ақын

Көп оқылғандар