Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әлихан Бөкейханның рухына...

15.03.2017 4115

Әлихан Бөкейханның рухына

Әлихан Бөкейханның рухына - adebiportal.kz

Кеудеңе түйген арманын елдің,

Шолпандай жарық ардағым едің.

Заманға бұрып - шоқпарды сілтеп,

Бейнеңе жарқын күл шашқан ермін.

d709357b395a71b18928a2fe295882ff.jpg

Ұйтқыдай елді ұйыта білген,

Мінберден шіреп "думаға" кірген,

Сұңғыла ойлым - орыстың дені

Көңілі қостап бастарын иген.


Қараңғы қазақ қамымен қалғыр,

Үркердей топтың көсемі-ең алғыр.

Алдыңа қойған мақсатың асқақ,

Түркіні қосу жазбады тағдыр.


Туымды тіктің, жерімді даулап,

Астана сайлап, арымды арлап.

Қызылға, аққа жарылған мезет,

Мансұқтап мұрат, сүріндің талғап.


Ұлтжанды келбет кеудеме симай,

Сырттадым, сылдыр "өсекке" сендім.

Өзекке тептім, құм құштың қимай,

Аруағың тілдеп - "тірілей" көмдім.


Биігі таудың болжатпай - мәңгүрт,

Ұйқыда жатқан қапысыз қалғып,

Күйімді білдің - еңбегің ерен,

Ісіңе зордан қарадым салғырт.


Көріспей көп жыл, табыспай қалдым,

Тағыдай тарпаң шабыстан шалдым.

Кешіңіз Ата - өкпені талдыр,

Есімді жидым, ақылға салдым.


Жетпеді көзім жетелі ойға,

Бұғаттан елес сіңіріп бойға.

Ноқталы басым көгеннен босап,

Көз жазған көмбе іздедім, қайда?!


Бағытың қымбат сілтеген алға,

Түсінсем кештеу көңілге алма.

Бүтіндеп оң-сол делбені қақтым,

Көктем мен жазым орнаған таңда.


Алшаңдай бастым салтанат, тойда,

Шаттықтың лебі тарады бойға.

Жайылды атым - таныды жаһан,

Төріңе жайғас, берілме мұңға.


Егемендігіңді аяла!


  Дүние төңкеріліп, ала-құла тірлік кешкен заманда Отандастарымның өзге елдің шоқпарын соғып, бала-шағасымен соғысқа аттанғандарын оқығанда не уәж айтарымды білмей, қатты қынжылдым. Азатындай бізге не жетпеді? Неден таршылық көрдік? Егемендігімізді әспеттеп, оны қорғау жолында қажет болса қан төгудің орынына, кімнің жыртысын неге жыртып жүргендеріне түсінбей, ішім қан жылады. Осылай бөлініп-бөлініп қырыла береміз бе? Діннің апиындығы осы тұс па дегендей үрей биледі...


  Сонымен, Егемендігіміздің жиырма төрт жылдығы қарсаңында бұл өлең төмендегідей мазмұнда дүниеге келген еді...


«Үкілі найза қолға алып»,

Тағдырын елдің толғанып,

Жауға тосып кеудені,

Қалың қолмен ырғалып,

Шаңдағында шаң жұтып,

Шақпақ күнмен қан жұтып,

Кіреуке сауыт сөгіліп,

Қоңыр жүзі албыртып,

Ерін жастап басына,

Ат арытып жасынан,

Шапқан жауға тасына,

Төнген бетер жасыннан,

Қақпан білек қарысқан,

Жер-суы үшін алысқан.


Түн баласы көз ілмей,

Таңмен тасып табысқан,

Қытымыр аяз құрыстап,

Мұртына қырау жабысқан,

Салтанатпен тыныстап,

Ас-суын ішпей дабыстан,

Бас көтеріп - жылыстап,

Қашқан жаудан қарыстай,

Қара жерді табыстап,

Біздерге кеткен арыстар,

Риза болған күн бүгін!


Жұмыр жағы суалып,

Ат - сайманын туарып,

Төбесіне ту тігіп,

Ерлігіне қуанып,

Бірлігіне жұбанып,

Намысқа буып ұланын,

Жалқыдан жұпқа құралып,

Отан деген тұмарын,

Қасиеттеген арыстар,

Арманда кеткен арыстар,

Көңілі толған күн бүгін!


Жалғаннан өткен арыстар,

Қияда қалған арыстар,

Қиянды шолған арыстар:

Жер бесікте күрсініп,

Аруағымен түйсініп,

Ісімізге сүйсініп -

Аунап бір тұрған күн бүгін!


Ғажап күнім өпкенше,

Азат күнге жеткенше,

Нелер өтті, не болды,

Балапан нетті сескенсе?

Тарихың біледі,

Ақтаңдақтан түледі.

Сезді бір таңның атарын,

Боздақтардың жүрегі.

Өткенсіз бүгін болмайды,

Шежірең соны толғайды,

Жан-жағынан қаперсіз,

Отырған оңбай сорлайды.

Айқара ашқын түндігің,

Күн сәулесі сауласын.

Қазақтың қайсар елдігін,

Мәдениетін - аңдасын.

Аспан түс туым желбіреп,

Айбарымды асырсын.

Бауырыңнан елжіреп,

Жөн білгенде ғасырсың!

Алақанда даралап,

Бәйтерегіңді саялап,

Өзеніңе шомылып,

Тау-тасыңды аралап,

Саф ауасын жұтынып,

Апортынан тұтынып,

Ғашығыңа ұтырын,

Тауып гүлін ұсынып,

Қанағатпен ақырын,

Ырысыңа тұшынып,

Егемендігіңді аяла!


Ұлт тағдырын аяла!

Тең көргенді саяла.

Терезеңіз теңелді,

Теңдігіңді аяла!

Жауын достай сыйлаған,

Кеңдігіңді аяла!

Қазыбек би толғаған,

Өрлігіңді аяла!

Шыжғырғанға сыр бермес,

Момыныңды аяла!

«Бір күндік»те  бәрі елес,

Қорығыңды аяла!

Арыстан жон, мың белес,

Сар далаңды аяла!

Бұлақ пен көлді жалғаған,

Сай-салаңды аяла!

Топшысы қатқан қырансың,

Шыңға біткен шынарсың,

Әлемдегі алты елден,

Көктен күлген ұлансың.

Қайсар ұлсыз қыңбайтын,

Жүрекпен ұғып тыңдайтын.

Бірлікпен іс тындырып,

Бақ, талабын шыңдайтын...

Көк бөріге еліктеп,

Көкке жетті үніміз.

Махаббатпен беріктеп,

Суарылсын түніміз.

Іңкәріміз - шуақ таң,

Шыбынсыз жазы мұраптың,

Жасанып өніп, тұрақтау,

Үстінде майса құрақтың.

Шарықтап ұшпай шағала,

Айдыннан аңсар таба ма?

Барыңды бапта, бағала,

Кір келтірме бағаңа!

Құрметке сұранғай,

Шаттығымыз тоналмай.

Жақсылықтан құралғай,

Әр қадамың құралай!

Құралай!

Құралай!


Немерелерге өсиет...


1.

Түйіп ал құлағыңа зерде қусаң,

Байлық бітсе елге сал елмен болсаң.

Атадан мирастыққа қалды бізге,

Қастерлі қара жер-су, бозды жусан...


2.

Өзіме пендем беремін есеп оңаша,

Сүрінсем сүйеу, іздеймін достан араша.

Дәметіп жоқтан, болмасқа жүдә налимын,

Арымай текке тек жүрген қандай тамаша!


Шошимын ойдан сүйреген қиыс бағыттан,

Қамшыны басып таулана қонсам шабытқа.

Күй сандық кеуде гөй-гөйден тиек ағытқан,

Жықпақшы тулап, бұлқына тартып, шалып та.  


Өткенді шолу қатеңнің белін дөп басу,

Кешігіп өтіп бүрікпес үшін шоққа су.

Жаңғырып жатқан, жанығып жатқан дүние асу,

Жұмбақты сәтте музасын қосар қоштасу.


Бүйірден таяр - ұзақ па уақыт, қысқа ма?

Енгесін төрге көрмесін дәйім қысқара!

"Жарығың шолақ, бір тұтам" дейді өткендер:

Қауызын аршып ой түю абзал тұспалға.


Тілегім егіз: көрмесін өмір қысқара,

Болмасты болжап, ақырды тосқан масқара.

Жұмағың - жерің, бағыңды бапта күн ұзақ,

Жылжыған жөнмен жаны бар затты жасқама.


Бағыңды бапта, бақтағы гүлің ұрпағың,

Ертеңгі жарық жұлдызы олар ортаның.

Ақсамай тәлім, тәрбие тұрып назарда,

Болуы шартты еге алсаң дәнін ынтаның.


Ұл-қызың тұрсын иіліп күнге сұранып,

Айдары айбар, бұрымы бұлақ бұралып.

Асқақсың сен де асқарлы таудай күн шалған,

Өнгенде ұлтпен шуағың сәуле таралып.


"Көз жазды әне  ғасырлар жиған дәстүр де",

Сұрасаң дейді сындырмас шиді "тас мүрде".

Қазақ боп тудың, өзгеден күтпе ырыс-құт,

Анаңның сүтін, ұлтыңның ұлын қастерле.


Қастерлеу көпті, қастерлеу ұлтты мәдениет.

Толысып толып ақ таңнан тіле ақ ниет.

Қадалса шөңге қандастың қара санына,

Қолыңды созғын қалауын тауып әлеумет.


Жақсыны аңсау жұмылсаң қашпас, сырғымас.

Бірікпей саусақ сыйламас кірме, тұрғылас.

Ұлтыңа таңба түспесті таңда әр істе,

Пейілі кеңді дарабоз дерді құрбылас.


Тастама досты тұтатқан жаудың отына,

Өртейді жанды арыңның алмас соты да.

Суарып соққан құрышта бір күн кетігер,

Жетімек құлын дауылмен түлер отыға.


Жосықсыз істің басында тұрсаң ақталма,

Жағыңды жақтар азамат іздеп шатпаңдар.

Түкірік ата жыныңды бүркіп тапталма,

Бауырға сіз де, түңілсін жаннан жат жандар.


Өмірің өзен сұлуың төккен өрнекпен,

Ләзатын сімір, қалыса көрме дүрмектен.

Жақсыға жұғыс, әр ұлтта толы жақсы адам,

Жаны ізгі жанды қабылда лайық құрметпен.


Жүрегі жайсаң жомартты бөле ізетке,

Өмірдің басын, аяғын тіре құрметке.

Жеріңнің сәні талыңда - көркі жапырақ,

Адамның көркі - шынайы пейіл, құрметте.


Отанды қорға ұрпаққа мирас аманат,

Төсіңді тосып арғымақ атты тағалап.

Қайқыдан қылыш ұшында сатқын туралған,

Күйелеп елді, келтірген ұлтқа жаман ат.


Түтіні түзу маздап бір жанса ошағың,

Бауырың, балаң, қостап та тұрса қосағың,

Бірлігі бекем - отбасы, Отан бөлшегің.

Арманы түзу жақсыдан үлгі тосарың.


Жаныңнан орын дайын ет ақтан пендеге,

Кішілік таныт, көкірек соғып: Мен! - деме.

Қалауын тауып жолымен жөнді озғанды,

Қыжылың қайнап, қызылың шығып күндеме.


Ес білген сәттен қолға алып жөнде мінезді,

Мінезсіз жанның қимылы келер дөңезді.

Тәніңе енген осалды тұсың болса егер,

Сылып ал, тізде өң бермес өскін өңезді.


Жуасты жүндеп, тоздырып жүйке қандасты,

Қым қуыт дүние сырт беріп талай алмасты.

Сияпат алып, бетті осып орға сырғыма,

Саналы жаннан - паралы жандар албасты.


Қашаннан қымбат жер ана байтақ туған жер,

Көк орай шалғын сәбилер шалқып, қонған ел.

Жаратқан тұлпар құм құшып жатыр талай ер,

Мұратқа жетпей, төгіліп ел деп қан мен тер.


Ғасырдан ғасыр жеті ата ғұрпын сақтаған,

Көк бөрі символ көк тәңір хоштап жақтаған,

Асылдан сынық дархан да, жомарт, ақ пейіл,

Жігерлі ұлтпыз ұлтанда ұлып жатпаған.


Сарқылмас кенім тыңдарға құлық танытсаң,

Сырымды жайдым, кезіксе кезең тарыққан:

Дүлейлер салған соқпақпен китің аяңда,

Өсиет осы мен жиған ұлы халықтан.

   

Қарауылтөбемен сырласу! 

 

  Елдің батысында "Көкжар" жәрмеңкесінің атымен қалған "Ойыл" атты, баққа малынған миуалы жер бар. Сол елдің батысында "Қарауыл төбе" атанған биіктік тұр. Жәрменке кезінде байлардың тіккен ақ шаңқан ағаш үйлері "Қарауылтөбеге" сән беріп, жасандырып, көше-көше қатар түзеп, созылып жатады екен.

  "Ойыл" ойда орналасқан қала. Жаугершілік уақытында "Қарауылтөбеден" қойған от қырық-елу шақырымдағы Самай, Үргенішбай, Дайра т.с.с. биіктіктердегі елге көрініп, хабар тараған.

  Атты кісі еркін жүретін жер асты жолдары да болған екен...

  Берісі,  жиырмасыншы ғасырдың басында "Көкжарда" Алаш партиясының сиязы өткен деген деректер келтіріліп жүр. Яғни, "Көкжар" саяси-идеялогиялық жұмыстардың ұясы болды деуге саяды. Ендеше, Алаш алыптарына да таныс өлке екендігі даусыз.

   Сонымен бірге, "Қырық оба" атымен қалған орында қала да болған дейді ұзын құлақтар. Қазіргі күндері ескі қорғандарға архелогиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр...

  Кіндік топырағымыз сол өлкеге қарасты болғандықтан, сәлем бере баратынымыз бар. Ұйқыдан бас көтеріп мөлдір ауасымен сергігенде -  "Қарауылтөбе" мұнарланып мүлгіген тыныштықты бауырына басып, әлдилеп тұрғандай әсерге енем...


Ассалаумағалейкум,

Киелі топырағым!

Шыңыңда зұлматты күн,

Қарауыл отыратын!

Заманда хабар тасқын,

Төбеңе мұнара орнап,

 Медеумен хат алмастым,

 Алыпқа антенна орап.

Келіп тұр мен сырласқым,

Арада дастан қалсын.

Тұрарсың - мен тұрмаспын,

Мәңгілік тек сен барсың.


Баурайың балталанса,

Бергенсің жауға сыртың.

Аруақ! - деп арқаланса,

Ері серт, көсем жұртың.

«Қырықобаң» - қырда шаһар,

Ықылым жорығы бар.

Жаңғырып, бір үн қатар,

Хат жетсе қорымынан.


Сіңлілер «Ботакөзге»,

Бой түзеп таранады.

Әжібай, Арал  түзде,

Қарашы қара нары...

Қаңқайдан қайырып-ап,

Қызылың әндеткенді.

Мәйегін айырып-ап,

Мұхиттай сал да өткенді.


Қасқайған хан алдында,

Шернияз ғұламаңыз.

Шер төкпей «таралғыда»,

Халығы қыла ма аңыз?!

Сиырылған талағыңдай,

Шұбардың санағында:

Құмды мен Теректіңіз,

Бабатай балағыңдай.

Келбатыр ойпатында,

Ерлерің тұрысқанды...

Өң-түсі, сипаты да,

Жетпеген сыбыс қалды...

Атасам Қандыкөлді,

Бір қырғын болғаны хақ.

Жақсыбай, Сапақ ерді,

Ұмытты бүгінгі жақ.


Бәйке мен Бике сұлу,

Тарихы сұранады.

Ерлігі жанға жылу,

Көз шалды жылнаманы.

Батырым сауыт шешіп,

Көрмеген Тәңірберген.

Кең өріс, көңілі өсіп,

Шапағат Шәңкеге иген...

Бұл өлке мырзалы өлкем,

Әлпештер топырағын.

Таңбалап атын көркем,

Жайқалтқан жапырағын.


Сәудегер жүктен сорлап,

Теңделген «Мақта өткелде».

Шоршыған сазан тулап,

Құлпырып өзектер де.

Тамсанып көрнісіне,

Желдіріп Асан өткен.

Мәуелі жемісін де,

Талайлар аңсар еткен.

Сол өзен тулап жыққан,

Теңдеген жүктеріңді.

Айырылып өң мен құттан,

Арал боп өткеруде.


Табиғат тектіліктен,

Қалайды бапталғанды.

Пенделік мәрттілік пе,

Суалып, шақталғаны?

... Аспанның көңілі қап,

Бел бауын бекіткен бе?

Өзеннің өзегі қақ,

Кешеді кесіртке де.

Ақ толқын өзегіңнен,

Сарқырап құламайды.

Сан тарам кезегімен,

«Тамшыны» қуалайды.


Көп жасап құмыққан ба,

Көздері бал бұлақтың?!

Жуасып, солыққан да,

Үзілген "Қуырдақтың".

Желбіреп Жекен сайда,

Желменен тербеледі,

Қараойдай мекен - жай да,

Ой-қырмен тең келеді.


Қайыңды қияғыңдай,

Бауыры балаусалы.

Ойылдың сыңарындай,

Сағада қаламсабы.

Саралжын сары белден,

Тұр жайнап, түсін бермей.

Төрт түлік Қиылға өрген,

Мамырлап, көсілгендей.


Көптоғай қопасымен,

Қаражал, Таушанқыры,

Самайдың жотасымен,

Өрлігі тамсандырды.

Ақшатау арқалығың,

Қалқаны арқалы ұлдың.

Қиядан мұндалайды,

Жайып сап дархандығын.

Ойылың ұлтаныңдай,

Жылжиды арнасымен.

Көкжарың қыр табылған,

Бүр жарды жалғасымен...

Дәуірлеп бүгілместен,

Таңменен ертелеттің.

Өткенді көшкен естен,

Асан боп төкпелеттің.

Қазаққа мерейі үстем,

Жеткіздің: саламатын,

Мұқалып, үгілместен,

Бабалар аманатын.


Ойпаттан бойың асқақ,

Көк тіреп тұрғандайсың.

Орындық тауын жасқап,

Далаңнан сыр аңдайсың.

Астына қанатыңның,

Көмкеріп «Сегізсайды».

Сен биік жаратылдың,

Қондырып төбеңе айды.


Барқындай жанатыңның,

Тыныштық күйін тербеп.

Ой құшып таң атырдың,

Әр үйге күнмен төрлеп.

Ғасырлар құндылығы,

Жәрмеңке белесіңде.

Алаштың шерлі-мұңы,

Шертілген кеңесіңде.

Жаншаның төре есімі,

Жаңғырды ел есінде.

Тарихпен кеңесуді,

Саласың сен есіме.

... Жер асты жолдарыңның,

«Көмбе» ме табандары?!

Күптелген томдарыңның,

Емлесін табам ба әлі!?


Сырбүккен қойынына,

 Биігім өзің едің.

Қарағай, тобылғыңа,

Тамсанып, көз ілемін.

Шынарлы биіктейсің,

Ақшатау сілемінде.

Пірім боп кіріккенсің,

Нәресте жүрегіме.


Ұлықтап естілерді,

Мәрмәрды жиып тұрсың.

Ұрандай естілетін,

 Кеудемде  нәзік қылсың!

«Қарауылтөбе» - датқа,

Дәуірлер куәгері.

«Күлтөбем» мұрағатқа,

Мұқалмай тұра бергін!

Біз үшін «Бақша сарай»,

Бақ терген құтты мекен.

Төбеңнен төгіп арай,

Күн тұрсын өбіп бекем.

Айбарлым, алыбым-ау,

Паңдықтан арылмағын.

Бір дәнмін арығыңда,

Бірімін табынғанның.

Гүлдей бер тамырыңнан,

Еліңнің тілегі сол.

Суалмай бауырыңнан,

Шаттықпен жалғансын жол...


Кәрі кептер...


  Көп кетерлер дән теріп жүргенді. Арасында қимылы баяу, дене пішімі ірі бір кептер маңғаз қозғалады екен. Шалт қимылдыларымен салыстыра қарағанда жасы тоқтасқан секілді. Біз жақындағанда көгершіндер ұша жөнелді. Көзге іліккен "кәрі" кептер анағұрлым төмен көтеріліп, топтың соңына ілесті.

  Кәрілік деген осы ма еді? - деген суық ой кетпей қойды...


(мысал)


Көзге ұрады сонадан кәрі кептер,

Қуат кеміп, жүзінің әрі кепкен.

Құбылып түрлі түске жылтыр түктер,

Жүргені топ сағалап, жылжып еппен.


Жан-жағы кілең пері төкпелеткен,

Қалмасқа бел байлайды бұл да көптен.

Бәрі-бәрі баулыған балапаны,

Қатарға бой түзеген, тартқан жіптей.


Табиғаты құмартып шынар көкке,

Шырқап ұшып түсінді, шықты текке.

Жас кептерлер оқ бойы ұзап кеткен...

Ду ете көтерілген бір мезетте.


Көп болды шырқау көкте шалқымады,

Қанат жазса-ақ қара тер, алқынады.

Білдірмеске бекініп, алқын-жұлқын,

Үдегенмен - балапан тақымдады...


Қаға-қаға талды ма қанаттары,

Жүрек соғып, жүзі өрт алаптанды?

Қыран мезгіл қияда жасырынып,

Құмарлық қолын бұлғап тағатты алды.


Еске алса сол бір күнді – жасындайын,

Таңнан ұшса желігі басылмайтын.

Па, шіркін, құрбылармен жырлар ма еді?!

Селдетіп, нөсерлеткен тасқын жайын.


Мезгіл қайда ақ кептер сылаң қағып,

Өрге салса - шүйетін жалаң барып,

Көз құрты боп сейілде талайлардың,

Жалынына қарылған, құмар қанып?


Қайда, қайда, сұлу шақ жасырынды?

Түндер қайда ұрлаған жан сырымды?

Бозала таң, боз сәуле, бозғылт шақпен,

Ақ кептерді қия алмай қанша ұрынды?


Қайда бәрі, кетпестей, өшпестей шақ?

Қайда көшіп кеткені желекті бақ?

Қайда анау  алма ағаш гүлін салған,

Көрінетін сұлулық көшпестей-ақ?


Қайда күндер ататын шапақтанып,

Шаттықпенен қарсылап, шалқақ барып,

Ақ кептердің ақ майда мамығынан,

Бір иіскеп, шарлап ұшар моншақ тағып?


Тәніне тәні тисе-ақ ақкептерді,

Жүйрік қиял малданып, жан жетпеді...

Гүлге қонса көбелек қалбаң-құлбаң,

Бұл самғады бетке алып жал, бөктерді.


Қуаныштан жүрмес пе ем қалқып көкте,

Кәрілік бұғалығын тартып еппен,

Жаз жайнатып, күз аунап қысқы бетке,

Соқпаса аяз беттен, қарлы леппен.


Мысық табан аяңдап кәрі мыстан,

Уысына түсірмек қағып тыстан.

Өмір неткен арпалыс жас кәріден,

Көзін жазып қалатын бұрылыстан.


Тіршілікте қанша гүл күнге тіктеп,

Бой түзеді, ада еді мың күдіктен.

Сұлу өріп бойларын мың гүл көктеп,

Мың гүл солды, жел қуды мәңгіліктен.


Самғай берер, білмес жас қартаюды.

Кәрі де жоқ жастыққа қайта мінген.

Қарттық  әсте сүйгенмен жантаюды,

Жас салмағын ұядан арта келген.


Аңсаймын жұлдыздан мол көптігіңді,

Бейбіт ұшу көгершін тектілігі.

Мұқалма ыстық қысса, суық қармап,

Адам бар - тигіз деңіз септігіңді.


Жөткірініп, соны оймен бетке ап жерді,

Қалқи түсіп несібе бақтан терді...

Жалғаған машықтарын жас кептерлер,

Қаперсіз көк зеңгірге самғай берді.


Самғай берді...

Самғай берді...


Әз Наурыз


Әз-Наурыз,  хош төрледің ортамызға,

Көп күттік құлақ қойғын қолқамызға.

Наурызда берген бата қабыл болып,

Айналсын халқымыздың аты аңызға.


Әз-Наурыз, жаршысысың жақсылықтың,

Ұрпақпыз балағынан таршылықтың.

Жүрегіміз даладай кең біткеннен,

Қалаймыз ну болғанын тал шыбықтың.


Әз-Наурыз нөсерлі бол, нұрға шыла,

Бетегелі белімді бұл ғасырда.

Көрсетпе пейілімнің тарылғанын,

Тілгізбе аспанымды қорғасынға.


Әз-Наурыз арда тұтып ардағымды,

Сала гөр мейірімге салмағыңды.

Сүр қосып дән дәмімен құрметтейін,

Көже асып, ақ таратып аймағымды.


Әз-Наурыз сіңірейін шуағыңды,

Тыныштыққа бөлей гөр тұрағымды.

Жанарым мөлдіреген гүлге тұнып,

Жұтайын тұнық кәусәр бұлағымды.


Әз-Наурыз жаршысы бол берекенің,

Қолында табиғаттың ер етері.

Жайласа түлік, құсым көл етегін,

Әр күнім ырыс, құтты, мерекелі.


Әз-Наурыз жамандықты өртке орағын,

Төскейімде шаңдатсын тек құланың.

Шырағын жақ, сылып ал өкпе-назын,

Жомарттықпен түлеген текті ұланның.


Әз-Наурыз күн мен түнді теңестіріп,

Арайлап ат, пендеңді кеңестіріп.

Сәби бер пәк кейпінен жаңылдырмай,

Және тұр маңдайынан жел естіріп.


Архиеология...


  Атырау қаласындағы жолдастар тарихымыздың терең қатпарларына үңілдірмек мақсатта Сарайшықтағы музейге алып келіп, ұлтжанды азаматтардың жасап жатқан тірлігімен таныстырды. Толқыдым. Көзім тойды. Бірақ, іздегенімді кездестірмей оралдым. Ол "ҚАЗАҚ" деген бір сөз еді...


  (эпитафия)


Сарайшық,

Сарайшық,

Сарайшық.

Төбе боп «бекінген» аралшық.

Тарих қойнауын шегелеп,

Шегеннен сыр тартқан хабаршы.


Мәрмәрін әспеттеп ақ құмнан,

Сан ғасыр көшкінін сылып ап,

Қазақтың төрі деп бақ тұнған,

Жақтың шам білтелі қолыңа ап.


...Күнінде көк тіреп күмбезің,

Арбапты алыстан мұндалап.

Әлемнің үнімен үндесіп,

Қоныс-ең жайқалған қырда бақ.


Білмедім неліктен, қай тұста,

Шайқалды ұйыған тірлігің?!

Қазақ па үйелмен қан құсқан,

Бітеден үгіліп түндігі?!


Ел көшкен, ел қайда, Хан сасып,

Алтынды көліңнен ығысқан?!

Сұлулар қайда екен қар басып,

Ханзада, бектермен жылысқан?


Кестелі орамал гүл теріп ұсынған,

Сыналап жазу да көк түркі тұсынан,

Бірі жоқ, шықпады алдымнан,

Өрнек те зерленген айқошқар.


...Араби әліппе мәтінін,

Мұнтаздап жиғансың қойынға.

Түспеуі неліктен сәтінің,

Қазақтың тағдыры қиын ба?!


Қайдамыз, қайда біз, қандаймыз,

ШаҺарда неге жоқ таңбамыз?!

Неге жоқ анамыз әлдилеп,

Атамыз алшын деп салған із?!


Бу болып көкке ұшып кетті ме,

Алтынмен апталған өркениет?!

Тараған ұрпақ ек тектіден,

Көктүркі таңбалы көркем бет.


Абатты көшеңді «сыпырсам»,

Қай жерден қилысар тораптар?!

Жәдігер жауһарға жұтынсам,

Қазақ жоқ, сұранған сұрақтар.


Дәметіп тінімді тарайтын,

Жолығып қалар деп қария көз.

Өзіңе сеніммен қараймын,

Сарайшық, сар дала салқам төс.


Мыңқолға илігіп: билігі -

Сан рет сыпырып түндігін.

Сызуын, қызығын килігіп,

Жусатқан, Қазақпын - кіндігі.


Бағзыдан  біз бота боздаған.

Тынымсыз отығып, үңілген;

Ғылымға, тізделген ғұмырға,

Қалаға - айналған күбірге.


Дәстүрі, даңқы бар қазақпын,

О-о-о, бастан асаумын, азатпын!

Келімсек найзасын сындырған,

Өскінмін, жұртымда ғажаппын.


Ерлігін, елдігін аңыздай,

Өзгелер өзіне жазғызған,

Қазақпын қазанат жалында,

Тарихы созылған сағыздай.


Ес жиып оңымды білгенде,

Сыр тарттым Ақжайық жағаңнан.

"Кремль біреу деп дүниеде",

Күл қапты - естелік таланған.


...Сарайшық қорымға ап келдің,

Зерделеп жатқанға қуанып.

 «Не түйдің?!» дейсіз бе? Сақ белгің ...

Барамын тірлікке жұбанып.


Керенияз Кенжебаев 



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар