Біз бұл мақаланы не үшін жазып отырмыз? Абай шығармаларын шығару барысында осындай жәйттер қайталанбаса екен деген ниет. Сөзіміздің ақ-қарасын патша оқырман өзі аңғарар.
Абайдың 1961 жылғы жинағына (баспаға дайынған: Әбiш Жиреншин) «Жаңа табылған өлеңдер» деген тақырыппен бiршама өлеңдер кiрiстiрiлген. Сондағы жалған, Абайға ешқандай да қатысы жоқ өлеңнiң бiрi – «Тәңiрбердiге» дегенi. Сол өлең:
Байсып, паңсып,
Көрiнгенге бәлсiп,
Өзi ғана келгендей
Дүниеге жансып.
Маң-маң басып,
Мен-мендiгi асып,
Мал бiттi деп көңiлi
Көтерiлiп тасып..., - деп басталады (430-бет).
Негiзi бұл өлең - ақын Төлеу Көбдiковтiкi. Мұның сырын «Қайым Мұхамедхановтың «Хаттар сөйлейдi» (Алматы, 2016 жыл) кiтабындағы «Письмо К.Мухамедханову от сына Толеу Кобдикова» деген хаттан (108-110-беттер) бiлуге болады. Яғни хатта өлең авторы Төлеу екенi, оның Байсейiтке арналғаны айтылады:
Байсейiт паңсып,
Өзiне өзi нәмсiп,
Бұтып-шатып,
Бiлiп тұрған жансып,
«Неткенсiн нетiп,
Мен ұрысқасын кетiп»,
Қоныс қонған елдiң
Жер-жебiрiне жетiп,
Маң-маң басып,
Мән-мәндiгi асып,
Ауызы сасып,
Мал бiттi деп тасып.
Бұл өлең хақында Қайым Мұхамедханұлы: «Төлеудiң өз туысқаны Қойкелдi деген байға айтқан өлеңiн Абайдың өз ағасы Тәкежанға айтқаны деп кейбiреулер бұрмалап, Абай жинағына кiргiзген», - дейді. Ал Абай жинағындағы түсiнiкте: «Бұл 1940 ж. Шар ауданында мал базында тұратын, қазiр қайтыс болған, жасында Абаймен көп жолдас болған қарт Көсембек Байғұттыұлы аузынан жазып алынды» (650-бет), - деп жазылған...
Мұның бәрі сынамай қоя салар жайлар емес, ағайын. Алда талай Абай жинақтары шығар. Сол уақытта сөзiне қарап түбiн тап басып танитын Мұхтар Әуезовтей, Қайым Мұхамедханұлындай абайтанушылар қалар ма екен, әлде, Абайдың жаңа табылған өлеңдерi деп бөтен өлеңдерді де топырлатып кіргізе берер ме екенбiз...
Сондай-ақ осы 1961 жылғы жинаққа Абай айтты-мыс деген тағы бір жыр шумағы кіріп кеткен. Ол туралы ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов жазған кезінде. Енді сол өлеңге қатысты да бір-екі ауыз сөзбен тоқтала кетейік.
1961 жылы «Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасынан» шыққан «Абай Құнанбаев шығармаларының бір томдық толық жинағы» (Редакциясын қарап, түсініктерді, жаңа материалдарды толықтырып баспаға дайындаған Әбіш Жиреншин) кітабындағы «Ақынның өмірі» деген мақаласында абайтанушы ғалым Әбіш Жиреншин: «Ауыр қайғыға шомылған Абай өлерден үш күн бұрын тіршілік сөзін мүлдем тоқтатып, ешкімді үстіне кіргізбейді, ешкіммен сөйлеспейді, тамақ та ішпейді. Жаулардан жәбірлік көргенде өзі сүйсініп айтатын «Ер бір-ақ өледі, ез – күнде өледі» деген оқшау сөз ақынның талай жылғы жүрегіне жара, сүйегіне таңба болған намысы мен қайғысын шынықтырып, ақырғы рет қажырлы қайратпен дұшпандарына бас имей көз жұмады. Бірақ та туған елін, өскен жерін қимай, қоштасқан ақын:
Сарыарқаның самалы-ай,
Самалдап ескен дүние-ай.
Қорлықпен кешкен өмір-ай,
Өтті деген осы ма-ай, - деп іштен тынып, мұрадына жете алмай, арманмен өткендей болады» (55-бет), - деп жазды.
Енді қараңыз, Абай жинағын Ә.Жиреншин 1961 жылы шығарып отыр. Ал ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов 1951 жылы яғни осыдан он жыл бұрын «Ә.Жиреншиннің «Абай Құнанбаев» деген кітабы туралы пікір» атты мақаласында дәл осы өлеңге қатысты:
«71-бетте «Абайдың өлердегі сөзі» деген бір-екі жол «Сарыарқаның самалы-ай» деген өлеңсымақ Абайдыкі емес, мүлде өтірік қоспа» (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы», 44-том, «Дәуір», «Жібек жолы», Алматы, 2014, 83-бет), - деп айтқан болатын. Ал абайтанудың білгірі Ә.Жиреншиннің Әуезовтей заңғардың 10 жыл бұрын айтқан осы ескертпесінен неге қорытынды шығарманы түсініксіз...
«Абайға абай болайық» дегіміз келеді, ағайын!
Бауыржан Берікұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.