Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АҢЫЗ-ӘФСАНА
Әбіл-Серік Әліакбар. Жоғалған түркі жаһұты – «1001...

22.06.2020 3688

Әбіл-Серік Әліакбар. Жоғалған түркі жаһұты – «1001 түн» 16+

Әбіл-Серік Әліакбар. Жоғалған түркі жаһұты – «1001 түн» - adebiportal.kz

- Ұмытпасам осыдан біраз бұрын (04.10.2019 ж.) біздің «Әдебиет порталында» Біржан Ахмерге берген сұхбатыңыз жарық көріп, онда «“1001 түн” – әлем әдебиетінің даулы жаһұты» деген пікірді алға тартқан едіңіз...

- Иә, Біржан Ахмер бауырыма берген сол сұхбатта «1001 түннің» шығу тегі туралы әлемдік салыстырмалы әдебиеттанудағы пікірлер мен болжамдардың басы ашылмай қалғаны рас. Кезінде, «Әдебиет порталы» ұйымдастырған «Алтын көпір» байқауына Борхестің “«1001 түн» аудармашылары” әңгімесі бойынша қатыстым. Содан бері «1001 түн» жайлы түрлі деректерді қарастыра бастадым. Нәтижесі Борхестің “«1001» түн аудармашылары” әңгімесі бойынша салыстырмалы-салғастырмалы әдебиетанушылық пайымдама жасауға ұласты.

- Атақты қаламгер осы әлем әдебиетінің жаһұтын тегін шығармасына өзек етіп отырған жоқ. Осы туынды туралы жер жаһанда түрлі тілдегі, түрлі ділдегі, түрлі діндегі адамзат баласы қаламынан талай құнды дүниелер жазылғанынан құлағдармыз. Осы арабтық мұраның түркі әдебиетіне оның ішінде қазақ әдебиетіне қандай қатысы бар?

- Тегі түркіден (бүгінде «Парсының 1000 әпсанасы» деп келген, енді бірде ІХ-Х ғасырда өмір сүрген Масуди Әбу-әл-Хасен Әли ибн Әл-Құсейіннің шығармасы өзек болған делінетін) «1001 түннің» Қалмақан Әбдіқадыров тәржімалаған нұсқасы көршілес қырғыз бен өзбек тілдеріне аударылған суреткерлік шеберлігі аса бай туындыны кейін, Ғабит Мүсіреповтің айтуымен Қалтай Мұхамеджанов орыс тіліндегі 8 томдық академиялық басылымы бойынша «1001 түнді» 1990 жылы толық тәржімалаған еді. Алайда, жарыққа шығуы көпке созылған еді. Арасынан іріктеп алынған таңдамалы ертегілерінің С. Оспан беташарын жазған элнұсқасын madenimura.kz сайтынан таныса аламыз.

- Сонымен Борхестің туындысы қашан жарық көрді?

- Хорхе Луис Борхестің «Мың бір түннің» аудармашылары деген кітабы бірінші рет 1936 жылғы «Мәңгілік тарихы» жинағының 397-413 бетеріне еніп, сол бойынша орыс тіліне аударылып, жарық көрді.

- Хорхе Луис Борхестің «Автобиографиялық жазбаларына» кезек беретін болсақ: «...Мен өз қолыма алып, ең бірінші оқыған хикаятым «Гекльберри Финн» болды. Одан соң «Шыңдалғандар» және «Калифорнияның таңғажайып күні». Бұдан кейін капитан Марриеттің кітаптарын, Уэллстің «Айдағы алғашқы адамдарын», Поны, Лонгфеллоның бір томдығын, «Қазына аралын», Диккенсті, «Дон Кихотты», «Том Браунның шәкірттік шағын», ағайынды Гримдердің «Ертегілерін», Льюис Кэрролді, «Мистер Вердант Гриннің бастан кешкендерін» (бұл кітапшаны қазір жұрттың бәрі ұмытқан), Бертондық «1001 түн» сынды кітаптарды оқып шықтым. Бертон кітабы бейәдеп жерлері көп болғандықтан, оқуға тыйым салынғандықтан, шатырда тығылып оқитынмын. Бірақ ол уақытта мен сиқырлы әлемнің құшағына еніп, айтып ауызға алмайтын жері барлығын еш аңғармадым, әрі әлдебір жасырын мәннің болатындығын да ескермедім, өйткені, мен ертегі оқыған болатынмын. Бұл кітаптардың барлығы ағылшын тілінде еді...» дейді. Әрі «1001 түнге» баса орын береді.

- Сөз басын атақты аргентиналықтың «1001 түнге» қатысты естелігінен дұрыс бастап отырсың. ТМД әлемінде Хорхе Луис Борхеспен идеясы жарасып, пікірі үйлесетін Н.Морозовтың және академик Крымскийлердің ой-тұжырымдары ерекше. Борхес осы туындысын жазарда ол жайындағы барша еуротекті көптеген болжамдармен жақсы таныс еді.

- Айтар ойыңыздан ұққаным түп төркіні түркілік «1001 түн» Еуропа ғылымын әлекке түсіріп, талай болжамдар мен жалған аудармалар өмірге келді деп отырсыз. Енді солар жайында сөз етсеңіз? Австрия тарихшысы араб, парсы және османдық түрік тілінде жазған авторлардың кітаптарын және «1001 түнді» аударған шығыс әдебиетінің зерттеушісі Йозеф фон Хаммер-Пургшталь гипотезасына тоқталсаңыз?

- Жалпы біз Н.Морозовтың көзқарасын ұстанар болсақ онда қазіргі қазақ тіліндегі Қ.Әбдіқадыров нұсқасы – оның авторының өзі білмей санасыздықпен өлген түркілік рухты исламдық аңыста қайыра тірілткен төл туындысы да, Қ.Мұхамеджандікі – саналылықпен ұлтты әлемдік әдебиеттің жауһарымен таныстыруды мақсұт тұтқан А.Сальден аударылған тәржіма болып табылады. Енді «Мың бір түннің» шығу тегі туралы болжамдарға оралайық.

Әлемді таңқалдырып, өз отаныда түркілік шығу тегіне орай онша ескеріле бермейтін «1001 түннің» шығу төркіні туралы еуропалық ғалымдардың пікірі қаққа жарылады. Біз осының біріншісі, туындының үнді және парсылық шығу төркіні туралы көзқарасты ұстанып, өз болжамын алға тартқандардың көбасшысы Йозеф барон фон Хаммер-Пургшталь – 1799-1807 жылдары Стамбулда австрия-венгрия империясының елшілік қызметінде болған кезде осы тақырыпты кеңінен зерттеді. Аталған ғалым «1001 түннің» үнділік және парсылық шығу тегін Мурудж аз-захаб ва ма'адин ал-джаухардың» авторы (шығу тегі француз армяны шығыстанушы Д'Оссон "араб Геродоты" деп атаған) Абу-л-Хасана Али ибн ал-Хусай-на ибн Али ал-Масуди1 мен Ан-Надимді алға тартып, араб әдебиетшілері Аббасидтер кезінде ескі парсы тілінен (түркі-ирандық суржигінен) аударған «Хезар-эфсане» («Мың ертегіден») бастау алады дейді.

"Синдбад кітабын" аталған ғалым грек туындыларынан алынған деп болжайды. Мысырды Осман түріктері жаулап алған соң, «1001 түн» туындысы бізге жеткен күйінде сақталды деген топшалау жасаған.

- Шығыс әдебиетінің зерттеушісі Йозеф фон Хаммер-Пургштальға қарсы шығып, пікірлерін жоққа шығарғандар болды ма?

- Иә. Онсыз бола ма? Сильвестр де Саси Йозеф барон фон Хаммер-Пургштальге түбегейлі қарама-қарсы пікірді ұстанады. Бұл шығарма үнемі толықтырылып отырған жоқ, қайта Сүрияда бір ғана жергілікті автор XV ғасырдың ортасында жазып шыққан. Оның тілі классикалық араб тілі емес, оның сириялық диалектісі дейді.

- Осы бағытта белгілі Мысыр этнографиясының білгірі Эдв. Лэнде тағы басқалар да еуротекті ұстанымды қалыптастырды емес пе?

- Кейінгі ғалымдар осы екі қарама-қарсы көзқарасты бітімдестіруге тырысқан. Осы бағытта Эдв. Лэн «1001 түн» XV ғасырдың соңында басталып, XVI ғасырдың І жартысында аяқталған, тіпті осман билігі кезінде де толқтырулар енгізілген туынды деп түйіндейді. Туындыда мысырлықтың мәнері, әрі тұрмыс-тіршілікте мысырлық өмір салты сезіліп тұрады. Жинақ екі адамның қолынан шыққан, біріншісі оны бастаса, ал, соңғысы оны аяқтап шыққан.

- 1887-жылдың шілдесінде А. Мюллер "Deutsche Rundschau" өз болжамын ұсынғаны әдебиет тарихынан белгілі. Осы жайында біраз тоқтала кетсеңіз?

- Мюллер осы мақаласында жинақтың бірінші бөлігі Мысырға дайын күйінде жеткен, өйткені, Бағдаттардағы аббасидтер (әсіресе, Гарун туралы) басымдыққа ие, "Хезарэфсаненің" үлесі азайып, бұрынғы IX ғасырдағы арабша толық емес аударманың негізінде Масудидің кезінде бір автор емес, бірнеше автор жазып, парсылық әсерінен ажырап ұлттық арабтық элменттерді иеленген. Осындай пікірді араб ғалымы А. Сальханий «1001 түннің» Бейруттық басылымында атайды. Надимнің сөзін басшылыққа ала отырып, Х ғасырда Бағдаттан шыққан араб Джахшиярий «1001 түннің» бірінші арабтық редакциясын өмірге әкелді дейді. Осылайша бір арабтық нұсқа – мысырлық, енді бірі – бағдаттық болып табылады.

И. Эструп өзінің диссертациясында мынандай тұжырым жасаған:

«1001 түн» бүгінгі формасын Мысырда мәмүліктер билігінің алғашқы кезеңінде XIII ғасырда иеленген. Әрі «1001 түнге» барша Хезар-эфсан немесе оның таңдамалы ертегілері ғана кірді деген мәселе екінші кезектегі дүние дейді. Каирда жазылған кезде оның құрамына жергілікті фантастикалық және тұрмыстық әңгімелер еніп, арабқа еш қатысы жоқ, иезуиттердің ислам арасына сіңірген рухани агенті түркі мұрасын жойған. Осыны жөнді ұғынбаған кейбір ғылымдар «1001 түннен» жөйіт ертегілерінің сілемін іздестіре де бастайды. Ол енді бөлек әңгіме. Сонымен «1001 түнді» арабтар емес, араб тілінде иезуиттер жазып шықты да, оның жөйіт тіліндегі аудармасы Галланның қолына түскен. Талантты жан ешкім күтпеген француздық өзіндік нұсқасын жазған. Галландық нұсқа араб тіліне аударылып, бұрынғы түркілік сілемі бар түпнұсқалар жойылған.

Абу-л-Хасана Али ибн ал-Хусай-на ибн Али ал-Масудидің «Мурудж аз-захаб ва маадин ал-джаухард» жинағына енген кейбір новеллалар «1001 түнде» ұшырасады дейді еуропалық ғалымдар. Бұл мәселеге қатысты Борхес өзінің тұжырымын ұсынған.

- 1997–2003 жылдары мәскеудің Крафт+Леан баспасы православ әлемінің ойшылы Николай Александрович Морозовтың «Христос» («Жаратылыстану-ғылыми ауқымда пайымдалған адамзат тарихы») бұрын жарық көрмеген қолжазбаларын қосып 10 томдығын жариялады. Осы кейін шыққанның ішінде «Тарих шөлінің сағымы» аталған 10-шы томның «Жалғаназиаттық беллетристикасының ғажайыптары» атты үшінші бөлімнің бесінші тарауы «1001 түн» ертегілер жинағы қайда қашан пайда болды» деп аталады. Осы жайында сөз етсеңіз? Борхеспен қандай таныс-білістігі бар? «1001 түн» ертегілер жинағы қайда қашан пайда болды»

- Атақты аргентиналықтың таныс болған-болмағанынан еш хабарымыз жоқ. Провослав әлемінің ойшылы Николай Александрович Морозовтың «Христос» атты көп томдығымен автордың туындылары әрі тақырыптық, әрі мағыналық жақтан үндеседі. Екі туындыда да, оның ішінде Морозовта басқа ділдегі Шығыс адамның қабылдауы қиын қисындар алға шығады.

Кеңес Үкіметін қабылдамаған орыстың эмиграциядағы өнері мен ғылымы Латын Америкасы елдерінің интеллектуалды дамуына зор үлес қосқаны анық. Осылардың бірі арқылы Борхестің 1924–1932 жылдары мәскеу–ленинград мембаспасынан шыққан Николай Александрович Морозовтың «Христос» көп томдығының ұзын-ырғасымен таныс болғанын жоққа шығара да алмаймыз. Себебі үндестік көп...

Ғаламдық барлық дінге қатысты сыни-пікірлерін құп көрген кеңестік ғылым Николай Александрович Морозовтың өздік көзқарасына саяси мән беріп, оның «Христос» көп томдығын 1924–1932 жылдары мәскеу–ленинград мембаспасынан (ГИЗ) қолайларына жаққанын қалдырып, қалғанын цензураның қанды қылышымен қиды, 7 томын шығарған болатын, әрі ғұламаның көп еңбегі оған кірмеді, әрі кейбір бөлігі жоғалды. Кейін КСРО құлаған соң, бұрын жарық көрмеген ақылманның қолжазбалары қосылған 10 томдық шығарылды. Соңғы томдағы үшінші бөлімнің бесінші тарауы «1001 түн» ертегілер жинағы қайда, қашан пайда болды?» деп аталды. Әрі бұл жазба нүкте қоярлық емес, жүгіртпе жазбалық нұсқасымен бізге жетті.

Міне, осы мәселе Морозовқа өз түйіндеулерін жасатты. Енді орыс ойшылының түйіндеулеріне біршама тоқталайық.

Адамзаттың мәдени ақыл-ойының көне және орта ғасырлық жәдігерлерін зерделеген шақта осы бір атақты шығарманы талдаудан айналып өте алмаймыз.

Ең алдымен әңгіменің құрылымын жіліктейік. Бұл өзі қырықаяқтың аяқтарындай бір жерге жіптей тізіліп, кірпіштей қаланған түрлі шырғалаңды бастан кешулер немесе бір кейіпкердің басынан өткен оқиғаларға құрылған жеке аңыздың сан тарамдық әңгімеленуі емес.

Біз орта ғасырлық бунақтық әңгімелерді көпбунақты мақұлықтарға теңесек, тізбекті әңгімені омыртқалы хайуандарға балаймыз... Біздікі олардан бөлек сәулелік әңгімелену.

Осындай сәулелік әңгімелер типінде пролог қатысушылардың өздері туралы дербес әңгімелеулеріне ұласып, әрқайсы өз бастан өткергенін баяндап шыққан соң, ортақ эпилогпен аяқталады.

Әңгіменің эпилогында автор өте жиі өзінің қатысушы тұлғаларға прологта берген мінезіндемесін тарс есінен шығарып та алады. Мысалға, жас жүк тасушының алдында тырдай жалаңаш шешініп, мойына асыла кеткен бикештеріміз оқиға соңында етегін жел түрмеген ханымдарға айналып шыға келеді.

- Тап осындай фантастикалық туындылардан құрылған орта ғасырлық еуропа әдебиетіне де тән болып келетін «1001 түн» жинағы қайда құрастырылды деген заңды сұрақ алдымызды кес-кестейді?

- Бұл орайда еуропалықтардың бізге айтатыны:

«Осы алапат зор ертегілер жинағының дәнегі қайда жоғалып кеткені белгісіз «Хезар Эфсанэ» деп аталатын парсы ертегілерінің жинағы яғни, осы «мың ертектен» бір ертекті таңдап алып, әр таң сайын Шехерезада мойына іліген дар дұзағынан құтылып отырған».

«Осы қолайлы құрастырылымға, - дейді бізге, - негізгі парсы (түркі деп ұғыңыздар) әңгімелерінен бөлек көптеген кірістірме анекдоттар еніп, түрлі уақытта түрлі әңгімеленушілер тарапынан қилы өзгеріске ұшыраған. Әлдебір жүйеліліктің орын алуы еш мүмкін емес.

- Бұл дәл ме, әлде тіптен өте кеш пе? Еуропа «1001 түнмен» қалай танысты?

- Ең алғаш жер шарының оқырман осы бір тамаша туындымен тек қана қай кезде Парижде әлдебір Галлан (Galland)1 қазіргі біз бөліп жүргендей емес, бар болғаны 282 түннен тұратын шағын-шағын 12 томдықты жарыққа шығарған 1707-1717 жылдары аралығында танысты. Олар XVIII ғасырға тән француздың талғампаз мәнерімен жазылған. Басында жұрттың барлығы Галланның фантазиясының жемісі деді.

Бірақ өзі жазушы емес, кітап саудалаушы кітаптың шығарылуы оның авторының түзету енгізілуінсіз орын алмайтын шақта Галлан аудармасына бөгде туындыны қалайша енгізген? Енді осының бәрі еуропалықтар кеш аңғарған арабтық түпнұсқаны бұрмалаған «Галланның еркін аудармасы» деп аталады, бізге «бұл арадағы Галланның өлшеусіз еңбегі - деп айтады, - XVIII ғасырда ол бірінші рет мүлдем жаңа, әрі бұрын ешкім білмеген әдебиетпен жұртты таныс етіп, Шығысқа деген қызығушылықты тудырудан тұрады». Ол бұл ашылымын жасаған кезде «шығыс әңгімесі» сөзбен түрлі еркін идеяларды өрістетудің, әлемнің кілтін ұстағандарды мазаққа ұшыратудың оңтайлы бетпердесі болатын, әрі арабтар мен парсылардың өңі түгіл түсіне кірмейтін шығыстың шекпені ең көкейкесті заманалық тақырыптарды сын садағына алу үшін аса қолайлы еді».

- Әдебиет тарихында шығыс мұрасын Париж бен Батысқа танытуда «1001 түн мен 1001 күннің» арасында бәсекелестік орын алғанын білеміз осы жайында сөз етсеңіз?

- Галлан арабшадан аударды-мыс делінетін «1001 түнмен» қосанжарласып, парсы тілінен тәржімалаған делінген Пети де ля Круаның «1001 күні» де шығарыла бастады. Галланның бірінші кітабынан кейін араға үш жыл салып, ол өзінің бірінші томын шығарса, Галланның соңғы томынан бес жыл бұрын өзінің соңғы (бесінші) томын аяқтайды.

Әрі осылайша екі париждік шығыстанушы қаламгерлер арасындағы өз жағдайындағы күлкі тудыратын оқиғаға айналған бәсекелестік қызды. Галлан өзінің «1001 түнінің» әр томын шығарған сайын оған жауап ретінде Пети де ля Круа өзінің «1001 күнінің» бір немесе екі томын шығарып үн қосып отырса да, араб «түніне» қарсы парсы «күні» айтарлықтай қауқар қылып, бәсекелес болып жарытпаса да, ХІХ ғасырдың соңына дейін тіпті әйгілі болып түрлі тілдерге аударылып, бірнеше рет қайыра басылды.

- Ресей ғалымдары «1001 түнге» қатысты өз пікірлерін білдірді ме?

- Академик А. Крымский4 былай дейді:

«Мың және бір күннің» 1 шығарылымының алғы сөзінде бұл жинақ бозбала кезінде атақты испаган шейхы Мохлис жазған парсыша «Хазар о йакьруз» деп аталатын парсы ертегілері мен хикаяттарының жинағы дейді. Парсының «Мың бір күні» мен арабтың «Мың бір түні» кіндіктес!? Осындағы ортақ ұқастықты Галанның аударғанынан шығарып, ойды түйіндесек, - дейді ары қарай жалғасқан «1001 күннің» алғы сөзі, - осы жинақтардың бірі оның екіншісіне еліктеушілік болып табылады да, «араб ертегілерінің қашан құрастырлығанын біз нақты білмейміз, әрі парсыдан не бұрын, не кейін құрастырылды деп айта алмаймыз».

Осы алғысөзде айтылғанның бәрі айдан анық күмәнді. Бір мәлім жайт барша жинақты оның жеке туындысы деп еш санауға болмайды, оған енгендердің арасында және шығыс тілдерінен «1001 түн» мен басқа да туындылардың әңгімелері мен хикаяттарының барлығы дау тудырмақ емес.

ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде «Мың бір күнді» шығыс ертегілерінің элементтерімен айтарлықтай дәрежеде толықтырған. Осыған енген ертегілердің ішінде кезінде XVIII ғасырда араб тілінен Кардонн жасаған ертегілер өз отанында ұмыт болудан аман сақталынып, оқырмандардың басым көпшілігі оның шығу тегінің бертініректе екендігін білмесе де, «Мың бір күн» арқылы үлкен танымалдыққа ие болды. А. Крымскийдің айтпақ болғаны осы.

- Сонда, Еуропадағы «1001 түн» әдеби мистификация марафонына айналғаны ма?

- «1001 күннің» бірінші басылымы дегеніміз Парижінде арабтардың атынан шығарған шын мәнісінде кездейсоқ шығыстық сюжеттерді XVIII ғасырдағы француз фантазиясының аясында бояуын қалыңдатып жазып шыққан мистификация. Осы туынды басылымындағы орын алған қисапсыз толықтырулар да ноқтасын бізге ұстатпасы анық.

Галланның мазмұндап беруінен кейін тұп-тура 100 жыл өткен соң ғана барып, XIX ғасырдағы «1001 түннің» арабтық түпнұсқасын іздеушілер өз ашылымын жасайды. Ал, олар Еуропада даңққа бөленеді. Женевада француз тілінде «Перизат бөлмесі» атпен 41 том басылып шығып, оның соңғы төрт томы Галлан мәнерімен жазылған жаңа әңгімелерден түзіліп, Еуропалық оқырмандар жаппай оқиды. Одан кейін Готье (Gauttier) өзі жасаған оданда қомақты жаңа әңгімелік толықтыруларымен өз жарияланымын жұртқа паш етеді.

Осылайша, XIX ғасырдың басында Еуропада аудармалар арқылы Шехерезада ертегілерінің атағы жер жарғанымен, ешбір жерде оның арабтық түпнұсқасы жұрт назарына түспеді …

Ақырында жердің жарығына түсіп кетсе де, Еуропадағы атағы аспандаған бірақ өз елінде ешкім білмейтін «Мың да бір түннің» түпнұсқасын табу қажеттілігі туады. Дүрліге іздестіреді. Шырғалаң оқиғаны іздеушілер шығыстанушы ғалымдардың ізімен Шығысқа, Персияға, Үндістанға шұбайды. ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде әлдебір «түпнұсқалар» бірінен кейін бірі табыла бастаған. Бірінің ізін бірі жалғап жеті бірдей арабтық тұпнұсқа жарияланады.

- «Мың да бір түннің» түпнұсқасын табу науқаны жайлы кеңірек сөз етсеңіз?

- Осы кезде табылған олардың бірін Жер Орта теңізінің жағалауындағы сүриялық портты қала Бейруттан иезуит әкейлер тауып, 4 том болып жарыққа шыққан. Тағы біршама толығы Шығыс қиырдағы Батыс Үндістанның Үнді мұхиты жағалауындағы портты қаласы Бомбейден табылып, ағылшындар да сол жерде 4 томдықты шығарды. Бірінші бөліктің тең жарымын ғана қамтыған үшінші қолжазба енді Калькуттадан табылып, 1814-1818 жж аралығында екі том болып жарыққа шықты. Төртінші әрі бәрінен де толығы Алманияға жеткізіліп, Бреславл Габихт 1825-1843 жж. аралығында 12 томдық қылып жариялады. Бесіншісі тағыда сол Үндістанның Калькуттасынан табылып, 4 том болып жарық көрді. Алтыншысы Каирдегі Ніл өзені жағасынан табылып, 2 том болып жарыққа шықты.

Шығыс елдерінің әр түпкірінен барша табылған жеті бірдей түпнұсқа көптеген тұстары бір ғана қолжазбадан табылғандығын айғақтап тұрады.

Мәдениет тарихында осындай орын алып ақыр соңында парсылар, түріктер, арабтар мен мысырлықтар Еуропаны ондағы елдердің басты тілдеріндегі жалған аудармалар арқылы дүрліктірген өздерінің ұлы туындысымен осылайша танысады.

Бір белгілісі батыстағы мәдениетті араб тілі мен тірлігі көтермейтін болған соң, Галланның ілкі баяндаулары мен оған жасалған барша еуропалық толықтырулар жаңа қолжазбалар негізінде түбегейлі өзгеріске ұшырауы қажет еді. Осылайша, ағылшынша аудармалар бірінен кейін бірі пайда бола бастады.

- Бір тілден екінші тілге аударылған шақта оған түсініктер беріледі емес пе? Осы исламдық дүниетанымға христиадық түснік беру жағы қалай болды?

- ХІХ ғасырдың аяғында ақыры қаптаған ескертулерден көз аша алмайтын ғылыми басылымдардың да күні келді. Қашан да азиялық қолжазбалардың даңғаза ашылымдарымен болатын жасындай жарқылдауды неміс докторы Шпренгер немесе итальяндық «иезуит әкейлер» тарапынан бірінші қолжазбаның табылуынан кейін орын алып, оқиға сюжеті болып өткен орындарға қатысы жоқ, әрі бір-бірінен өте шалғай жатқан жерлерден бірнеше көшірме табылған соң, ары қарай аталған туындыға қатысты жоғалған дүниенің қайтадан табылуы пышақ кескендей тыйылып қала берді. Ғылымдағы бұған қарама-қарсылық геологтардың бөркін аспанға атқызып, әрбір ондаған жыл сайын жойылып кеткен жануарлардың қаңқалары табылып жатады, ал, азия жазуының ең сенсациялық ғажайыбын филологтар баспа жүзін баяғыда бір көргенінен кейін емге таба алмай отыр…

ХІХ ғасырдың басындағы әңгіме кейіпкерлері алшаң басқан ертегі қала Бағдаттан жырақтағы қиыр түпкірлердегі алақұйындатқан алғашқы ашылымдардың арынынан кейін араб қолжазбалары арасынан «Мың да бір түніміз де» қайыра табылмай байыз тауып қалды.

- Бұл жалғандықты изеуиттер бастады деген пікір бар, осыған біраз тоқталсаңыз?

- Араб туындыларына лап қою бір кездердегі латыннан жасалған жалған тәржімаларды ойға оралтады. Қай уақта, қай жерде болсын, жалған тәржіма өмірге келген сәттен бастап, атаққа, мол сияпатқа қол жеткізу жолындағы оның түпнұсқасын іздеу басталады да, қашан да осыны асыға күткен заманы түлкі болса, тазы болып шалатын алымды алаяқтар оны туындының төл тіліне кейде өрескел қателерге жол бере отырып аударып шығады да, оны түпнұсқа деп беттері бүлк етпей жұртшылыққа ұсынады.

Даңқы жер жарған «Мың және бір түннің» арабтық түпнұсқаларын іздеу науқаны өзінің Парижінен аттап шығып көрмеген Галанның шығармашылық қиялын аспандатып, XVI ғасырдың басындағы шашылып әр жинақта жүрген ертегілердің басын қосып бір арнаға жүйелеп түпнұсқалық нұсқасы негізінде әлдебір ақша санаған бақай есеп жан Қасиетті Құран Кәрімнің тіліне мұсылмандық ұстанымды ескеріп, батыстық бейбастақтықпен былықтырған жерлерін алып тастап, оның орнына Шығысқа кең тараған көптеген ертегілерді кірістіріп аударып шықты да, нәтижесінде туынды мазмұны бірде идеалистік, енді бірде юморлық, кейде ғибараттық, кейде астамшыл, проза мен поэзия астасқан оқиғаның өту барысы еш реалды еместіктің нышан-белгісін сомдап шыққан. Бұндағы Бағдат та, Каир де таза ертегілік шәрі, кейіпкерлерінің мінез-құлқы мұсылман еркек пен әйелге қарағанда XVIII ғасырдағы француз сылқым серісі мен тәйтік бикешінің мінез-құлқын еске салып, Иран мен Ирактың мұсылман қауымының ауызынан еруропалықтар ұғымындағы сөздер тізбегі сыртқа лықсиды.

Қатысушы кейіпкерлерінің аты-жөні де — Юнан, Руян, Синдбад, Гуль, Зобейда, Амина, Нур-Элдин, Бадр-Эддин, Будур-Зумурур ханшайым — француздың құлағына арнап айтылған сықылды көрініп тұрады... «Мың және бір түнде» шығыс елдерінде жиі қолданылатын ДЖ, Ч, КХ, сынды қосарлар ұшыраспауы былай тұрсын, көптеген кісі аттарының мән-мағынасын арабқа да, парсыға да жақындата алмайсың, олар бар болғаны тек қана кісі аттарын таныту үшін қолданылған әдемі дыбыстардың үйлесімі ғана...

Осылайша, біздің уақытымызда еуропаның барлық әдеби тіліне түгел дерлік аударылған, қазірде аударылып жатқан XV ғасырдағы араб әдебиетінің түпнұсқа туындысы деп жүргеніміз XVIII ғасырда француз топырағында дүниеге келіп, өзінің Құран Кәрім тілінде сөйлеуі XIX ғасырдағы жеті түрлі еркін аудармасы негізіндегі мүмкін болған қазіргі «Мың бір түніміз».

Мен, әрине, бұл жинаққа кейіннен шығыстық эпостардан бірнеше ертегілердің кіргендігін пайымдаймын, бірақ олар кейінгі XVIII немесе XIX жүз жылдықтардағы шығыс әдебиетінің жәдігерін іздеушілер тарапынан Үнді, Мысыр, Оңтүстік-Шығыс Азияның шаңды жолдары мен шулы базарларынан жиналынып, осы жинаққа енгендер.

- Сіздіңше, қазақ салыстырмалы әдебиеттанушылары арасында не араб, не парсы ұлттық әдебиетінде ешқандай «Мың бір түн» болған емес деген тоқтам бар сияқты?

- Араб пен парсы халқының әдебиет әлемінде ешқандай «Мың бір түн» болмаған. Мұны француздар жарыққа шығарды, ал әдеби бағының жоғарлауына шығармашылықтан құр алақан емес талантты жандар (Галлан сияқты) табандылықпен еңбек етті. Бұдан соң француздар салған іздің үлкен даңғылға айналуына еуропаның басқа елдерінің өнерге бейім өкілдері Галландық кесте бойынша мұсылмандықпен еш сәйкеспейтін саяхат барысында көргендерін ертегілер бойына жапсырды. Арабшаға тәржімалаған уақытта ілкі Галландық композициядағы қолайсыздық не өзгеріп, не жұмсартылып беріліп отырған. Ақыр аяғында XIX ғасырдың басында арабша толық аудармасы жарық көрді, оны аударушылар осы уақытқа дейін іздеп келген түпнұсқа деп жар салды… Толағай табысқа жетуі көптеген еліктеушілікті тудырып, жаңа көшірілім кезінде кейбір өзгертпелер мен толықтырулар енген Бейруттық басылым жылдам ел ішіне жайылып кетті. «Мың бір түн» жайлы сыни әдебиет жеткілікті... Және де барлығы арабтарда емес, Батыс Еуропада.

Ал шыққан отаныда бұл шығармаға қалай қарайтыны А. Крымскийдің15 мына жазбаларынан аңғараз.

«Шығыста «1001 түнге» кітапшылар да, әдебиетшілер де, тіпті «шығыс зиялылары» да асқан сақтықпен қарайды». Х ғасырдың маман-ғұмырнамашысы Надим бағдадтық әдебиетші «Китаб әл-фихристтің» авторы. Бірақ бәріне Атилла араласып жүретін түркі тіліндегі ертегілер жинағы болған ол Ан-Надмиге ұнамаған, Галландық нұсқадағы біз білетін «1001 түн» емес, асқан сақтықпен қараудың астарында көп нәрсе жатыр) «Мың түнді» бірнеше рет ой сүзгісінен өткізген адам «шұбылаңқы және мезі ететін» мәнерде жазылған деп алшақтайды, әлі күнге дейін осы сияқты ғалымдардың пікірі еш өзгерген жоқ.

А. Крымский бұны Галлан және де басқа да еуропалық авторлардың өз отандастарының талғамының ығына жығылуына қатысты емес, шығыс адамдарының, оның ішінде зиялыларының «астары тілінің» көрініс таппауымен ұғындырады (демек, «1001 түннің» тілі шығыстық емес). Ал, Шығыстың діндарлары болса, өз кезегінде еуропалық салт-дәстүрді ұстанушы кейіпкерлер суреттелген «1001 түнді» оқыған адам не өліп қалады, не бір жылдың ішінде тағдыр тауқыметін тартады деген наным-сенімде, ал, балаларға ондағы ертекті әңгімелеп айтып бергендердің шашы түсіп төбел тазаға айналу қауіпі төнеді».

«Тағы бір айтарлығы «1001 түнді» шығыстық мәсіхшілер де құптамайды, — деп сөзін жалғайды А. Крымский, — Бейруттегі Мар-Н’ул шіркеуінің әулие әкейі Думаний мені осы кітапты оқып отқан сәтімде көріп, жеккөрушілікпен таңданып, алыстағаны бүгінге дейін ойымнан кетпейді…»

«Мұнда тағы да айтпаса болмайтын дүние еуропа шығыстануының аталығы (патриархы) де-Сасидің «1001 түн» жөніндегі пікірі аса жақсы болмағандығы, өйткені, де-Саси өзінің әдеби талғамы жағынан арабтың таза шейх ғұламасы болатын... осы кітаптың кейіпкерлері (Гарун-аль-Рашид, теңізші Синдбад Аладдин және т.б.) еуропалықтар арасында Шекспирдің даңқты трагедияларынан да артық танымал».

Еуропалықтардың көңілінен шыққан авторлар азиялықтардың бабын таппады.

...Синбад-теңізші шығыстық емес, орта ғасырлық еуропалық саяхаттар туралы жазбаларды ойға оралтады...

... «мың бір түнді» оқыған шақта еуропалықтар таңдай қағатын «шығыстық нақыштың» шын мәнісінде шығысқа ешбір байланысы жоқ..

XVIII ғасырдың басындағы «Мың бір түннің» бастапқы ертегілері париждік нақышқа келеді.

А. Крымский18 «...Галлан өз кітабын Людовик XIV сарайындағылардың талғамына сай жазған, біздің көзқарасымыз бойынша оны француз тілінен арабшаға аударғандар ондағы француздық әтірді, шығыстың хош аңқыған иісімен еш алмастыра алмаған..».

XIX ғасырға дейін жазылған барша «Мың бір түннен» Париждің «жергілікті бет-бейнесі» байқалып тұрған. Не Париждік өнім... не болмаса, оны Галлан, Казотт және Шавис қосқан нышаннан ажыратып, шығыстық нақыш беру керек еді».

XIX ғасырдың шығыстанушылары осы соңғы жолды таңдады. Осылайша Шығыстың еркін аудармасындағы француз өнімі шын мәнісінде шығыстық өніммен құдандаласты. Одан өзіне қажетісін алып, Еуропаға қайта оралды.

Қалмақан Әбдіқадыровтің тікелей парсы тілінен аударған “Мың бір түннің” 4 кітабы үш рет —1949, 1955, 1962 ж. қайтадан жарық көрген. Әрі аудармашы араб емес, парсы тіліндегі жинақты қолданғандығы ойландырады. Бәлкім пантүрікші деген аттан қашып, шағатай тіліндегі нұсқаны қолданғандығын жасырды ма? Түркілік «Мың әфсана» неліктен әлі де болса зерттеу өзегіне айналмай отыр?! деген ойға қаламыз. Осы тақырыпты жас әдебиеттанушылар барынша ашып, әдеби ортаға танытады деген ғылыми үмітіміз де бар.

- Ұзақ жылғы зерттеулермен ұштасқан, толғамды сұхбатыңызға рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар