Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әділбек Ыбырайымұлы. МӘҢГЕЛИЯ...

19.08.2015 4569

Әділбек Ыбырайымұлы. МӘҢГЕЛИЯ

Әділбек Ыбырайымұлы. МӘҢГЕЛИЯ - adebiportal.kz


 

 

(хикаят)


 


 

Әділбек ЫбырайымБаланың көңілін алаңдатқан жайт сүйікті ісімен айналысқан кезден-ақ ыдырап, бара-бара мүлдем ұмытылды. Ендігі бар құлқы ғылыми жұмысында. Физикалық вакуумнан энергия алу тәжірибесі ақыл-ойын баурай берді.


 

Таяуда Швейцарияның астанасы Бернде өтетін халықаралық олимпиадаға қатыспақшы. «Осыдан жеңіспен оралсаң, саған дүниенің төрт құбыласына да жол ашылады» деген ұстазының сөзі санасының бір түкпірінде дыңылдап тұрып алған. Алға жетелеген жақсы ойлардың әсері көкейінен ауық-ауық қылаң бергендей.


 

Қазіргі зерттеп жатқаны – вакуумдағы тартылыс күшінің қалай жұмыс жасайтыны. Жалпыға белгілі – ғарышта тартылыс күші жоқ. Жер орбитасынан шыққаннан кейін гравитациялық принциптер жойылады.


 

Суда тартылыс күші болғанымен, әуе кеңістігіндегіден әлдеқайда баяу. Мұны байқап көру оп-оңай. Бір түйір тасты алып, 60 см жоғарыдан жібере салсаң, оның жылдамдығына көз ілеспейді. Ал, биіктігі сондай шыны ыдысқа су толтырып, әлгі тасты соған тастасаң, түбіне әлдеқайда баяу батады. Тіпті, жүру бағытын сәл-пәл өзгерткенін де байқайсың. Яғни, ондағы тартылыс күші әуедегіден әлсіз.


 

Енді, дәл бұл жағдай вакуумда қалай болмақ? Жасынның білуге құлшына кіріскені – осы.


 

Сонымен қатар электромагниттік өрістің вакуумдағы өрбуін байқау, күшті және әлсіз әсер ету қабілеттілік элементтерін анықтау. Соңынан вакуум теңдеулерін дәлме-дәл шешу бірлестіктері проблемасына геометриялық түйін жасау. Бұдан кейін вакуумнан энергия өндіру жолдарын қарастырады.


 

Жасынның негізгі көксегені – экологияны бұзбай, орыны толатын амалдармен энергия қуатын өндіру. Күннің нұры, желдің өті, судың ағысы – энергия өндіру көздері. Солардың қатарына вакуумдағы кеңістік жатқызылғалы да біраз уақыт болды. Бұл – жаңа бағыт әрі ғылымның зор мүмкіндікке ие саласы.


 

Жұмысын бітіріп шығысымен смартфонын қарады. Бірқатар қоңыраулар шалынып, төрт-бес СМС, он шақты WhatsАpp хабарламалар тұр. Саусақтары жыбырлай ноқаттарды теріп, лездің арасында барлығын шолып үлгерді. Алайда күткен адамынан бір белгі жоқ, тым құрығанда смайлик келіп түссеші.


 

Велосипедіне қарғып мініп, заулата жөнелді.

Қазір үйге барып, ертеңгі сабағына дайындалуы керек.

Спорттық «темір тайын» зырғытып, кептелісте итінген көліктердің арасынан ирелеңдете ойнатып өтеді. Жан-жағынан иін тірескен қоғамдық тұрмыстың кейпі назарының ұшына іліккенмен, көңіліне бүгінгі көрініс келе берді.


 

... Мырзан сыныптан шығып бара жатып:

– Біз сені сыртта күтеміз, – деген дауыстап.

– Қазір соңдарыңнан барам. – Жауһар сыңғырлай жауап қайырды.


 

Бұл, алтыншы сабақ аяқталғандағы әңгіме еді. Жасын көптің бірі ретінде еріксіз екеуінің тіл қатысқан сәттерінің куәсі болды.


 

Аяғын санай басып, физика пәні кабинетіне беттеді.

Іште оқу ісінің меңгерушісі мұның мұғалімімен сөйлесіп тұр екен. Күтуге тура келді. Сол кезде Жауһар алдынан тағы да қаздаңдай басып дәлізбен кері жүрді.


 

Ол бұған қасақана қарамай өтті. Кербездігін танытып, паңдана қалыпты. Танауын аспанға көтеріп, көзінің қиығына да ілмеді. Менсінбей барады. Тостағандай көздерінің қарашығы қарақаттай мөлдіреп, әппақ өңінде жұлдызша жанады.


 

Баяғы көзсіз көбелектей шырқ үйіріліп, Жасынның маңынан шықпай жүрген кезін ұмытқан. Мүлде ондай болмағандай – жат, суық. Қазір оған Мырзан тартымды тәрізді. Гитара шертеді, әнді жақсы салады. Заманауи музыкаларды ғаламтордан тез тауып, талғампаздықпен сұрыптайды. Бәрінен бұрын әкесі үлкен бизнестің иесі.


 

Адамды жақсы көру барлыққа, байлыққа байланысты. Түйсік, сана-сезім, сүйіспеншілік – физика тілімен айтқанда – күшті және әлсіз өзара әсер ету процесінде дәулеттілердің жолында қолжаулық болуға бейіл. Махаббат сезіміндегі тартылыс күші, электромагниттік өріс қалталыларға келгенде өзара әсер етуде әлжуаздығын танытады. Пенделердің вакуумдық көкірегі ғылымдағы вакуумдық кеңістікпен салыстырғанда өте тұрақсыз. Міне, Жауһар – сондай субъектінің бірі.


 

Қайдағы қияға құлаш ұрған ойын бұзып, физика пәні кабинетінен оқу ісінің меңгерушісі шықты.


 

– Cәлеметсіз бе, апай!

– Сәлемет пе, Жасын. Ана, «Дарын» бекіткен жұмысың қалай?

– Аяқталуға тақау.

– Ертең уағында өткізе алмай жүрмеңдер.

– Жоқ, көрсетілген мерзімінде тапсырамыз.

– Жақсы екен.

– Сау болыңыз.


 

Меңгеруші ұзын дәлізбен байсалды басып, ілгері озды. Ал Жасын ішке енді.


 

– Қайырлы күн, ағай. Мен бүгін тәжірибені жалғастыру үшін Еуразия университетіне барайын деп едім. Ғылыми жетекшіге телефон соғып, біліп беріңізші.

– Нұржан Хабижанұлының қолы ешқашан бос болмайды, – деді мұғалімі бұған бажайлай қарап, – қазір білейін.


 

№44 қазақ мектеп-лицейі соңғы жылдардағы оқушылардың ізденгіштігі негізінде бірқатар жоғары оқу орындарымен меморандумдарға қол жеткізген. Осы келісімдерге сәйкес оқушылардың қайсыбірі олардағы ғылыми зертханаларда бейіндік-тәжірибелік шараларға қатысуға мұрсат алған. Жасынның сұранып тұрғаны осы.


 

 

***


 

Біраздан бері айналысып келе жатқан жұмысының бүгінгі беталысы доцентті қуантты. Ол Жасынның ғылымға ынтызарлығына, еңбекте табандылығына сүйінетін. Енді үлкен ізденіс үстіндегі кішкентай шәкіртіне зертханаға жүйелі түрде келуіне рұқсат етті. Әрі, таяуда Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Нұржан Хабижанұлын Жасынның дербес ғылыми жетекшісі ретінде бекіткен болатын.


 

Ғалымның бұл ұйғарымы Жасынның өзіне, қолына алған ісіне сенімділігін ұлғайтты. Осы олимпиадада жүлделі орындарға іліксе, экстернат тәртібімен 9-дан бірден 11 сыныпқа секіріп кетпек. Мектепті өз құрбыларынан бұрын бітіріп, ертерек университетке түспек.


 

Жанқалтасындағы телефоны жыбырлап, құлағына дың еткен жалғыз дыбыс жетті. Алқымындағы құлаққаптан шұбатылған сымының тетігін басты.


 

– Сен қайдасың?  – Дидарды даусынан бірден таныды.

– Зертханадан келемін.

– Біздің үйде жолығамыз деп едік қой.

– Үлгере алмай жатырмын. – Жасын шындығын айтты.

– Мен бағдарламаларды саған әкелейін, жарты сағатта қарап шығайық.

– Өзгерістер бар ма?

– Машина кедергілерге соқтықпай, бұрылып жүретін болды.

 – О-о, прогресс.

 – Жолығамыз.


 

Сыныптасының ерлігі ұнады. Оның тапқырлығына сүйінді. Сосын, ертең сабақтан соң кестеге сай ағылшын тілін оқуға баруы керектігін қаперіне алды.


 

Бұл жастыққа басын қойғандағы ойы еді. Жаңа, негізгі пәндерді пысықтағаннан кейін біраз уақытын ағылшын тіліне бөліп, орталықтың берген үй тапсырмаларын әзірлеген. Келесі деңгейге IELTS тапсыруы тиіс.


 

Бала қиялы басқа қиырларға бой ұрды. Шіркін, атасы болғанда ғой, қазақ батырлары мен билері туралы әңгімелерін айтып берер еді. Әсіресе, биылғы қазақ хандығының 550 жылдығында тарих пәнінен курс жұмыстарын қатырып жазар еді.


 

Баланың есіне 10 жасқа толғандағы атасының туған күніне арнаған сыйы оралды. Әдеттегідей ертеңгілік ұйқысынан еркелетіп оятып, бетінен сүйді.


 

– Менің құлыншағым, дәу жігіт бол, өмірің ұзақ болсын, – деді, емірене маңдайынан иіскеп. Сақалы мұның мұрынының ұшына тиді. – Міне, сенің туған күніңе сыйлық.


 

Қағазы әдеттегіден өзгеше әшекейлі конвертті қолына ұстатты.


 

– Ве-ло-си-пед керек маған. – Танауын тыржита конвертті қолына алды.

– Ашып қара.

– Қара-май-мын!

– Сабағыңнан кешігесің, тұра ғой. – Арқасынан қағып, тағы да бетінен сүйді.


 

Сөйтіп жүріп, уақытын өткізіп алыпты. Тез-тез жуынып, тамағын ішті де, мектебіне жөнелді. Конвертті сумкасына сала салған. Үшінші сабақтың үстінде сөмкесінен әлденені іздегенде тағы да қолына әлгі конверт ілікті.  Ашып қарап еді: «Сыйлығың – бөлмеңнің оң жағында, не аспанда емес, не жерде емес» деген жазуды оқыды.


 

«Бөлмесінің оң жағында жатын төсегі тұр. Столы, шкафы, шифоньері сол жақ қабырғада. «Аспанда емес, жерде емес...» Ол не болды екен, ә?..»


 

Тезірек сабақ бітуін күтті. Бесінші сабақтың соңында анасы туған күнінің құрметіне балаларға пирог, торт, сусын алып келіпті. Оны сыныптастарымен ішіп-жегенше дегбірі қалмай асыға тызақтады.


 

Үйге келісімен бөлмесінің оң жақ қабырғасына қарады. Ештеме жоқ.


 

– Ата, ол не?

– Ізде өзің. – Кеңкілдеп күліп қояды. – Аспанда емес, жерде емес...

– Таптым!


 

Бөлменің есігі ішке және оң жақ қабырғаға қарай ашылатын, соның жақтауына кішкене дорбаны бауынан желімді таспамен (скотчпен) жапсырыпты. Ішіндегі тілдей қағазға «Көк жастықтың астында келесі нұсқаулық бар» деп жазылған.


 

Атасының бөлмесіне тұра жүгірді. Кекілі үрпиіп, жейдесінің омырауы ағытылып кеткен.


 

– Жастығыңды көтер!  – Көк жастық атасының жастығы.


 

Қария күлді.


 

Жастықтың астынан тағы да бүктеулі қағазды алды. «Сенің балалық шағыңның қызығы залда тұр». Оқи сала домалаңдап, залға жүгірді. Кіріп барғанында ештеме көре алмады. Төрге қарай жүрді. Сөйтсе столды бойлай тізілген арғы беттегі орындықтардың қалтарысына сүйеп қойыпты. Әдемі көк велосипед көзіне оттай басылды.


 

– Жарайсың, ата!


 

Кеңкілдей күліп келіп, маңдайынан сүйген атасының кейпі елестеді.

Бала бақилық атасын ойлап жатып, көзінің ұйқыға ілінгенін білмеді.


 

 

***


 

Ертеңінде бірінші сабақ әлдебір себептермен болмай қалды.


 

Алғашында мұғалімді күтіп әркім өз орнында отырған еді, біртіндеп Жауһардың қасына жинала бастады. Ол жан-жағындағыларға еркін сөйлеп, себепсіз күледі. Бәрі өзінің ығына жығылатынын біліп алған.


 

– Кеше кл-лас-сно болды, иә! – Шілтік Мәлік шәңк етіп бүкіл сыныпқа әсерін мағлұмдады. Бойы бір қарыс, құлағы қалқиып, көзі жылт-жылт етеді. Оны осы ұсқынына қарай сыныптастары «Коала» атап кеткен.

– Лимузиндегі клиптер қандай! – Тәмпіш танау Сағиланың тәтті шаққа тамсанғаннан таңдайы тақылдады.

– Тағы да сондай кеш ұйымдастырайықшы, Мырзан!

– Сөз емес. – Жауһардың қасында жымиған қалпы, орнықты жауап берді. Өйткені, табыстың көзінде отырған іскер әкесі тұрғанда одан да зорғысына шамасы жетеді. – Қалаған уақыттарыңда айтыңдар, сыныбымызбен тұтас барып қыдырайық.

– Ой, оған келіспейтін, арамызда жеке және тығыз кесте бойынша шұғылданатындар бар ғой. – «Коала» келемеждей тырқылдады. – Түбінде мектептің президенті болғылары келеді.

– Жауһардың ханшайым болатынына талас жоқ. – Сықси Қанат қашанғы әдетімен ыржиған күйі ішкі ойын жайып салды.


 

Мектептің президенті мен ханшайымы сабақты үздік оқып жүргендердің арасынан жабық дауыспен сайланатын үрдіс қалыптасқан. Бұл – батыстың үлгісі. Балаларды қоғамдағы тұрмысқа мектеп қабырғасынан тәрбиелеу үшін мұндай шара қажет тәрізді.


 

Президент – оқу жылының соңында жоғары сынып оқушыларының дауыс беруімен 10-шы сыныптың арасынан сайланып, келер жыл бойы осы қоғамдық жұмысты алып жүреді. Ал, ханшайым – 11 сыныпты аяқтауға таянғанда жасырын дауыс беру арқылы анықталады. Содан кейін екеуі мектеп бітірушілер балында басты рөльді ойнайды. Бір жағынан 11 жыл бойы үздік оқыған әрі үлгілі оқушы ретінде зор құрметке бөленеді.  


 

Бірақ, ол президенттікке көпшілік сайлауына түсу үшін бұларға әлі бірер жыл уақыт бар. Соған қарамай, іштей әрі астыртын қызу дайындық жүріп жатқанға ұқсайды. 9-шы «А», «Ә», «Б», «В» сыныптарының ішінде президент болғысы келетін ұлдар баршылық, ал ханшайым тәжіне таласқа түспек талшындар тіпті көп. Әзірше олар ішкі сырын сыртқа білдірмей жүр.


 

Бұл бәсекеге қатысудың басты талабы – үміткер кілең 5-ке оқуы шарт. Ондай үздіктер, Құдайға шүкір, жетеді.


 

Ешкім одан әрі бұл әңгімені жалғастырып әкете қоймады. Керісінше тақырып ауаны басқа арнаға ауысып кетті.


 

– Мына роликті қараңдаршы. – Мақсат iPad-ын оң алақанына салып көтерген қалпы, құрбыларынан мақұлдау күте тіл қатты. Бәрі соған қарай өре түрегелді.

– Онда не бар?

– Қыздардың төбелесі...

– Youtube-те ме?

– Сол да қызық болып па?

– Мен одан гөрі Facebook-тағы танымал тұлғалардың пікірін оқығанды жақсы көремін, – деп дауыстады Маржан. – Екі мыңнан асатын достарым бар.


 

Осы кезде Дидар Жасынның қасына таянды.


 

– Кешегі бағдарлама нұсқасындағы функцияны датчиктер арқылы жүзеге асыратын болса, круиз бақылау негізінде көлікті автоматты түрде жүргізудің мүмкіндігі молаяды. Сонда шопырдың қажеті болмайды.

– Бұл таяу уақыттарда жүзеге асатын нақты нәрсе.

– Жаһандану қағидалары.


 

Екеуінің қасына Алмас, Арқабай, Дихандар топтана жиналды.


 

– Өнертапқыш Дидардың жаңа жобасы ма? – деді Мырзан анадайдан әңгімеге араласып. – Не деп аталады ол?

– «Ақылды датчик».

– Ай-ти бағдарламаң жаныңда ма?

– Иә.

– Интерактивті тақтадан бәріміз көрелік те.

– Көрейік.


 

Дидар сөзге келмей флешін алып, компьютерге қосты. Мониторда мультимедиялық түрлі модульдер әуеннің сүйемелдеуімен пайда боп, соңында «Ақылды датчик» деген жазу шықты. Enter-ді басып еді, күре жолдың бойында тұрған көліктің бейнесі көрінді.


 

– Ал, енді, – Дидар жанындағы құрбыларына түсіндіре бастады, – осы жолдың бойынан өздерің шартты кедергілерді анықтаңдар.

– Қанша кедергі болуы керек?

– Оның санында тұрған ештеңе жоқ, бәрібір.

– Кәні, мен байқап көрейін, – Мырзан кимелеп, тінтуірді қолына алды. Сөйтті де, жолдың үстіне әр-әр жерден нүктелер белгіледі.

– Осы нүктелерді жолда жатқан кедергілер деп санаймыз. Енді машинаны іске қосалық. – Бір ноқатын басып, көлікті қозғалысқа енгізді. Оның жылдамдығы да бөлек спидометрден көрініп тұрды. Машина кедергіге келгенде баяулап, айналып өтеді. Содан кейін қайта жылдамдығын күшейтеді. Және, жол табанынан ауытқымайды.

– Мынауың тамаша екен!

– Өзің жасадың ба?

– Жасын екеуміз бастадық.

– Бұны тездеп патенттеу керек.

– Сендердің көргендерің – практика жүзінде қалай болатынын бейнелеген кескіндеме. Ал, ол қызметті басқаратын кішкентай датчик. Датчик электромагниттің өрісі арқылы кедергіні «көріп», машинаның жылдамдығын азайтып, айналып өтуіне алдын-ала мәлімет береді. – Жасынның әңгімесіне бәрі ұйып, зейін қоя тыңдады. – Ол ақпаратты қабылдайтын келесі датчик машинаның компьютерлік базасында орналасуы тиіс. Сол арқылы біз әңгіме етіп отырған тежегіштің іске қосылуы, рульдің оңға, не солға бұрылу механикасы жұмысын бастайды.

– Кле-во-о! – Мырзан даурыға айқайлады. Өзге құрбылары ойланып қалды. Жауһар да мына сыныптастарының ізденістеріне сүйінгендіктен іш тартқандай көрінді.

– Вакуумдағы энергия ше? – Мырзан қиыстан сауал тастады.

– Оған көп ғылыми зерттеулер, сараптаулар керек. Ең бастысы соған лайық білімді меңгеру қажет.

– Балалар, Жасынның осы табандылығын мен қуаттаймын, сендер де қолдаңдар. – Арқабай оң қолын көтеріп, сермеген күйі сөзін аяқтады.

– Мен, осындай, әлден ғылым жолына түскен сыныптасымның барын мақтан тұтамын. – Бидай өңді Гүлназ ішкі ойын құрбыларынан жасырмады.

Сыныптастарының дені Жасын мен Дидарға сүйіспеншілікпен, бір жағы қызығушылықпен қарады.

– Алдағы мектептің президенті сайлауына Жасынның кандидатурасын ұсынайық!  – Топтың артынан Әлімбек шіңгірлей бастама көтерді.

– Аһ-һ, «Ақшақар», ұсынысың керемет-ақ екен!  – Тағы да Мырзан тоңқ ете тіл қатты.


 

Құрдастары ерекше әппақ әрі қыздай нәзіктігіне қарай Әлімбекке «Ақшақар» деген жанама ат жапсырып берген, сол лақап атын лақ еткізді.


 

– Керемет болмаса айтам ба, «Сифон»?!

Сыныптың іші ду күлді.

Сөйтіп, бірінші сабақ та аяқталды. 


 

 

***


 

Соңғы кезде Жасын СМС хаттарды кейбір достарына ағылшынша жазады. Бір жағы хабар алмасады, бір жағы тілді іс жүзінде пайдалануға машықтанады. Білмей қалған жерде ғаламторға жүгініп, қажет сөзін қолма-қол таба қояды. Сөйтіп, қиындықтар кедергісінен оп-оңай өтеді. Дәл сондай әдісті тіл үйренушілер үшін қазақ тіліне де қолданса деп ойлайды. Бірақ, әлемдік ғаламтор жүйесіндегі порталдардың қожайындары бұған келісе ме екен? Алайда, соңғы бір ақпарларда қазақша-орысша-ағылшынша электронды сөздіктер интернетте ел игілігіне ұсынылды дегендей мағлұмдаманы оқып, қуанып қалғаны бар.


 

Ағылшын тілі курсына кетіп бара жатып, смартфонына «Helios» – «Күн нұры» деген сөзді жазды. Бұған «Man» – «Адам» дегенді қосса, «Man-Helios» болып шығады. Яғни, қазақша пайымға салса – «Мәңгілік күн нұрындағы адам», «Бақилық жарықтағы адам» дегенді білдіреді. Ал, кең көлемдегі ауқымды мағынасы – «Мәңгі Ел» («Manhel») болады.


 

Қазақстанның атауы Елбасы айтқандай «Қазақ Елі» болып, мәңгілік елге айналса, оны «Қазақия» дегеннен гөрі «Мәңгелия» деген өркениеттік үрдіске жақын тәрізді. Сонда, «Manhelіya» – «Мәңгі күн нұры құйылған ел» деген ұғымды береді.


 

Бала қиялына елітіп, өз ойына өзі қуанып кетті. Достарына жаңа сөздің ағылшынша жазылу нұсқасын жіберіп, байқап көруге бекінді. Егер қолдау тапса, өзара кәдеге жаратпақ.


 

«Friends, attention! «Kazakhstan – Eternal Country – «Manhelіya». How do you look at this?!»[2]


 

Әп-сәтте виртуалдық әлемде «Manhelіya» деген сөз пайда болды. Ол күллі сыныптастарының қалтафонына келіп түсті. Заматында «Well done, Zhasyn!», «Congrats for new version!», «Sounds great!»[3] деген жауаптар ағылды. Сөйтіп, жас өркендердің «Мәңгі Ел» мұратының төңірегіне топтаса түсуіне бір қадам жасалды.


 

Өткенде сынып сағатын жүргізу кезегі Жасынға тиген еді. Мектеп бағдарламасына сәйкес апта сайын тәлім-тәрбиелік және танымдық тұрғыда өтетін сабақты сынып жетекшісі арнайы кестемен бекіткен. Соған сай әр жұманы бір оқушыға міндеттеген. Оқушылар оны өздерінің ой-пайымы бойынша тақырып қойып, мұғалімнің мақұлдауымен қызықты әрі пайдалы шара ретінде өткізуге талпыныс жасайды. Бұл – балаларды ізденуге, көпшіліктің алдында ойын қорытып айтуға баулыса, екінші жағынан, қоғамдық шараларға араласу қабілетін шыңдайды.


 

Ол көбінесе пікір алмасу жағдайында өтеді. Әуелі, жауапты оқушы тақырыпқа сай мағлұмат беріп, мән-жайды кеңірек қозғайды. Одан кейін қосымша ойларын білдірмек балалар сөз алады. Жүргізушіге сұрақтар қойылады. Соңында сынып жетекшісі қорытып, кесте бойынша тиісті оқушыға келесі жұмада сынып сағатын жүргізетінін есіне салады.


 

Жасын сынып сағатының тақырыбын «Бүгінгі Қазақстан және жас өркен» деп алыпты.


 

– Қазақстанның өсіп-өркендеуі Тәуелсіздік мұратына сай жүргізіліп келеді. Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсап өткен ұлттық мемлекет құру ісі, біз дүниеге келерден сәл бұрын ғана жүзеге асты. Жас өркендер, біздер, Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін не істеуіміз керек?


 

Сабақты жақсы оқу, ол – бірінші кезектегі міндет. Ал, бұл жолда негізгі қағидаларға селқос қарамағанымыз жөн деп ойлаймын. Ұлттық тәрбиеге жүгіне отырып, әдептілікті, ибалылықты бойымызға сіңірсек, соғұрлым елдігімізді баянды етеміз. Ана тілімізді, Мемлекеттік Туымыз бен Әнұранымызды қастерлеуіміз тиіс.


 

Кезіндегі Алаш қайраткерлерінің бірі, оқымысты-ғалым Халел Досмұхамедов бабамыздың негізгі мамандығы дәрігер еді. Дәрігер бола тұра ел оқымыстыларынан әрқашан ұлт тілін таза сақтауды талап етіп отырды. Өйткені, кемеңгер ғалым ана тілдің бұзылуына ең алдымен оқығандар себепкер болуы мүмкін екендігін әуелден аңғарған және соны «тілді шұбарласа – оқығандар шұбарлайды» деп, ескерткен. Сол кісінің айтқаны дәл келіп, негізгі құндылықтарға салқын қарауымыздың салдарын көріп отырмыз. Енді, біз, Мемлекеттік тілдің төңірегінде топтасқан қоғамды құруымыз қажет.


 

Біздің оқу орнымыз – қазақ мектеп-лицейі. Бірақ, бірқатар балалар өзара орысша сөйлескенді ұнатады. Ертең «Қазақ Елі» мемлекетін құрамыз, «Мәңгі Ел» боламыз деп алға мақсат қойдық. Ал, мемлекеттік тілде сөйлемей, оны қолданбай «Қазақ Елі» құрыла ма? Осы олқылықты жою жас өркендердің қолында ғой деп ойлаймын.


 

Бұл мәселе өте ауқымды, бір сынып сағатында тауысу мүмкін емес. Жалпы, қандай құндылықтарға талпынуымыз керек екені түсінікті деп санаймын. Сұрақтарыңыз болса, жауап беруге әзірмін.


 

Сөзін аяқтағанын білдіріп, сыныпқа назарын тікті.


 

Модераторлық тізгінді қолына алған жетекші:

– Кәне, кім қандай пікір қосады?– деді.


 

Гүлназ қолын көтерді.

– Жасынның айтып отырғаны орынды. Егер, қыздар ана тілінде сөйлесе, қоғамның бәрі қазақша сөйлеп кетеді деп ойлаймын. Себебі, ұрпақты тәрбиелейтін қыздар ғой. Әрбір ана бөпесіне қазақша тәлім-тәрбие берсе, бұл проблема өзінен-өзі шешіледі. Әйтпесе, жасыратыны жоқ, балалардың көбі үйлерінде орысша сөйлейді. Өйткені, аналары орыс тілді. Содан кейін мектепте де үйреншікті әдетіне басады.

Қыз ойын тұжырып, бөгелді.

– Тағы кім не айтады?

Мырзан қолын көтерді.

– Сын айтқанда бәріміз шеберміз, бірақ өз бойымыздағы мінді байқамаймыз. Мысалы, Жасын СМС жазғанда тек ағылшын тілінде жазады. Қазақ тілінің қолданыс аясын қайтсек кеңейтеміз деп жатқанда, бұл дұрыс үрдіс деп ойламаймын.

Орнына сылқ етіп отыра кетті.

– Мен ағылшынша тілдің жазу амалдарын игере түсейін, өз арамызда да ол тілді қолдану ортасын қалыптастырайын деген оймен жазамын. – Жасын аққұба өңі сәл құбылып іркілді, – алайда, ана тілімде таза сөйлейтінімді білесіздер, мен үшін Мемлекеттік тіл – бірінші орында. Оны ешқашан ұмытпаймын.

Осы кезде Сара сөз алды.

– Бұл – Жасынның жеке басына тиісу. Мырзан өзі ағылшынша жетік білмегендіктен, кейде біздің СМС-терімізді түсінбей қалады. Сол үшін қазір оны мін ретінде ортаға салып отыр.

Сыныптың балалары ду күлді. Біразы мойындарын бұрып, Мырзан отырған жаққа қарады.

– Кім айтты мені ағылшынша білмейді деп?.. – Мырзан отырған орнынан барқ етті.

– Балалар, бір минут! – Өзінің староста екендігін осы қаратпа сөзімен естеріне салды ма, Жауһар алдыңғы партадан көпшілікке үн қатты. – Сынып сағатындағы талқыланып жатқан мәселе – қоғамдағы күрделі жайттардың бірі. Қуантатыны, соңғы кезде қазақ тілінде сөйлейтін балалар басым. Осы үрдіс қарқын ала береді деп ойлаймын. Бірақ, қоғамдағы үш тұғырлы тіл жөніндегі ұстаным, тек бір тілді ғана меңгерсең жетеді дегенді меңзеп тұрған жоқ. Сондықтан Жасынның, жалғыз Жасынның ғана емес, барлықтарыңның ағылшын тілін қажетті кезінде қолдануларыңды құптаймын. Оның үстіне біздің Жасын үш тілге де жүйрік. Осы ретте айтайын дегенім, шет тілін қайсыбіріміз осалдау білетін шығармыз. Ол үшін жазғырудың қажеті жоқ.


 

Сыныпта қозғалыс, толқу байқалды. Бейсауат дыбыстар естілді.


 

– Жауһар, отыра ғой, – деді мұғалім. – Бүгінгі тақырыпқа атсалысқандарыңа алғыс білдіремін. Сынып сағатын жекелеген балалардың тәртібіне не үлгеріміне арнамай, осындай үлкен нәрсеге баруымыз – біздің мектептің жетістігі. Сыныпта оқуы нашар не болмаса шектен шыққан бұзақылар жоқ. Осының өзі ұлттық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Көзқарастар мен пікірлердің әрқилылығы қашан да қоғамның қозғаушы тетігі болған. Сондықтан, бүгінгі ойларыңды қоғамның өсіп-өркендеуіне ықпал ететін идеялар деп есептеймін. Беталыстарың жақсы. Осымен сынып сағаты аяқталды, сау болыңдар.


 

Балалар өре түрегеліп, сыртқа беттеді.


 

 

***


 

Ертесінде әдеттегідей пән сабақтары жалғасты. Биология пәнінің мұғалімі табиғи тепе-теңдіктің өрескел бұзылғанын, осы бетімен жүре берсе экологиялық апаттардың тіршілік атаулыны жоятынын түсіндірді. Сабаққа әкелген көрнекі құралдары және интерактивті тақталарда көрсеткен материалдары адамға үрей тудырады. Жалпы жұрт бәрін қойып, жаппай бүгіннен бастап қатерлі зауалмен күресуі керектей әсер қалдырады.


 

Осы тұста әлдене шиқылдай жөнелді. Дауысы бәсең, бірақ жаның мен жүйкеңе тиіп, үстемелете безектейді.


 

– Экологиялық СОС сигналы! – Мақсат екпіндете үн қатты.

Соңында бәрі дабыл белгісі екенін түсінді.

– Апай, – «Коала» қолын көтерді, – машинамды көріп келейінші, біреулер тиісіп жатқан сияқты.

– Қайдағы машина?! – Мұғалім түсінбей Мәлікке қарады. – Сен көлік жүргізіп жүрсің бе?

– Иә...

– Жасың жетпейді ғой...

– Апай, бізде ұлдардың көбі машина мінеді. – Сыныптың старостасы Жауһар мұның жаңалық емес екенін әрі еш сөкеттігі жоқтығын білдірді.

– Әке-шешелеріңнің жүрегі тас па?

– Сенеді ғой.

– Сендерге дауа жоқ екен, бар.

«Коала» қутың қағып, сыртқа беттеді.

– Тағы кімдер машинамен келеді?

– Мырзан, Мақсат...

Староста балалардың атын тізбелеп жалғастырып келе жатыр еді, «жә-жә, жетер» деді қайсы бір ұл қылжаққа бұрып.

– Автокөлік инспекциясы тоқтатса, не дейсіңдер?

– Апай, тоқтатпайды. – Қанат еркінси орнында отырып-ақ әңгімеге араласты. – Тоқтатса, сол жерде мәселені шешіп, кете береді.

– Балалар, бұларың дұрыс емес, заңға бағыну керек. Әлі үлгересіңдер машина айдап....

Осы кезде қоңырау соғылып, мұғалімнің сөзі аяқталмай қалды.

 

 

***


 

Әкесі кішкентай кезінен жан-жақты болуын қалап, Жасынды көпшілік ортаға ерте араластырды. Бетінен қақпай өсірді.


 

Бақта қыдырып жүргенде ұлының тілін қызық көріп, топтанған жеткіншектерге әлденелерді біліп келуге әдейі жұмсайтын. Өзі сонадайдан сыртынан бақылап тұрады. Орыстар болса – орысша, қазақтар болса – қазақша тайынбай «тапсырманы» орындаудың жөнін табады. Әлгі топ кекілді ұлдың ең әуелі қылығына, сосын сұрағы мен жауабына күліп қала береді. Кейін досы Ерекең баланың көпшілдігін аңғарып, қоғамдық автобустарда күні бұрын үйреткен анекдоттарын айтқызып қоятын. Ұялып, қымсыну дегенді білмейді. Не түрлі күлкілі әзілдерді бар өнерін салып, сыдыртып шығады. Көліктегі жұрт қызықты әңгіме естіп қарық.


 

Бұл – бірінші сыныптағы қылығы еді. Келесі жылдары ондай әбестіктен тартынатын болды.


 

Екінші сыныптан бастап каратэ киокушинкай клубына апарды. Содан күні бүгінге дейін жұмасына екі мәрте секциясын құр жібермейді. Одан бері бірнеше дүркін жарыстарға қатысып, әртүрлі орындар алды. Түрлі біліктілік сынақтарынан өтіп, бірқатар белбеулерді иеленді. Енді, алдында қара белбеу дәрежесін қорғау сынағы тұр.


 

Жасын апталық жұмыс кестесін тұрақты негізде жасап алған. Күнделікті сабағынан бөлек дүйсенбі, бейсенбіде ағылшын тілі курсына барады. Сейсенбі, сенбіде – спорт секциясы. Ал сәрсенбі, жұма күндерін ғылыми жұмысына арнайды. «Физикалық вакуум – әпсана ма әлде таусылмас энергия-қуат көзі ме?» деген тақырыптағы еңбегін аяқтап қалды.


 

Бүгін сейсенбідегі жаттығу динамикалық қарқынмен жүрді. Сэнсэйдің[4] айтқанын, көрсеткенін дәл сондай етіп қайталап шығу шеберлікті қажет ететіні белгілі. Ал, шеберлік дағдыланудан қалыптасады екен. Дағды табанды еңбекпен бойға сіңеді.


 

Жаттығуға бөлінген екі сағат жылдам өтті. Соңында сэнсэй таяу арада Жапониядан жекпе-жек өнерінің білгірлері келетінін және қара белбеуге сынақ алатынын жеткізді. Соған жауапкершілікпен әзірленуді тапсырды. Сапта тұрған барлық шәкірттері «ос!»[5] деп, дүркірете жауап берді.


 

Сусебезгіде шайынып, сыртқа шыққаннан кейін әдет бойынша телефонына үңілген. Жауһар whatsАpр-пен хабарлама жіберіпті. Екі-ақ ауыз сөз: «Сәлем! Скайпқа шық!». Жүрегі атқалақтай жөнелді. Қуаныштан кеудесі дүрсілдеп барады.


 

Скайпты қосты. Көп күттірмей адамдардың жоғарыдан төмен тізілген суреттері пайда болды. Жылдамдатып саусағының ұшымен Жауһардың суретін іздеді. Ізінше-ақ ол назарына шалынды әрі онлайн жүйеде отырғанын айғақтайтын белгі тұрды. Бейнеқоңырауды басты. Сол заматында бүлкілдеп, дыбыс белгілері кетіп жатты. Ұзаққа бармай дисплейден қарақат көзді қыздың ақ жүзі көрінді.


 

– Сәлем, Жасын!

– Сәлем!

– Бүгінгі ойламаған жерден «Ақылды датчик» жөнінде жасаған презентацияларың тамаша болды. – Сықылықтай күлді.

– Иә, күтпеген тұста... – Бала абдырай қуыстанды.

– «Білгірлер клубының» мүшесі екендеріңді дәлелдедіңдер. – Үнінен мысқылдың уыты байқалды.

– Текке жүрмей бүгінгі технологиялық мүмкіндікті пайдаланып, жүзеге асуы ықтимал нәрселерді байқап көргеніміз ғой. – Ақталғандай тіл қатты.

– Жалықпайсыңдар ма?

– Ішіне бір кіргеннен кейін, ойын сияқты. – Жасынның езуі жайыла күлді. – Өзіңнің ғылыми жұмысың қалай, өткенде жетекшіңе жолығып шыққан ең.

Жауһардың танауын аспанға көтеріп, қасынан менмендігін таныта өткені есіне оралды.

– Ақырындап жылжытып жатқан сияқтымыз. Одан жалықсам, «Стилист» клубына барамын. Ал, сен, ол клубтың кімдікі екенін білесің бе?

– Жоқ.

– Мырзандікі.

– Жақсы екен, бұрын білмеген едім.

– Таяуда алғашқы роликке түсейін деп жатырмын, бірнеше фотосессиялар жасалды.

– Дұрыс, қабілетті шыңдай берген жөн. Бүгін не жоспарың бар? – Қыздың қолы бос болса, әлдебір жаққа бұрынғыдай қатар қыдыруға ұсыныс айтпаққа оқталды.– Қазір «Стилистке» барамыз.

«Барамыз» дегенге баланың жүрегі шым етіп, бір бұлқынып қалды. Дереу негізгі шаруаға көшті.

– Мені жайша іздедің бе?

– Сайлауға түсуге әзірленіп жатырсың ба, соны білейін дегем... – Жауһардың ашық үні көмескі тартып, күмілжіңкіреді.

– Мүлде жоспарымда жоқ нәрсе. – Бала ағынан жарылды.

– Әлімбектің сөзінен кейін, «ол ондай ұсынысты текке айтып тұрған жоқ-ау?» деп ойлағанбыз. – Тағы да көпше түрде. – Жақсы онда, сау болып тұр, – деді Жауһар.

– Жақсы...

Бұл езуін жиғанша дисплейдегі экран жалп етіп өшіп үлгерді. Жауһардың да Жасынға деген сезімі сонымен бірге сөнгендей болды.


 

 

***


 

Дәл осы кезде Мырзанның шешесі ұлына кейістік білдіріп отыр еді.

– Елдің балалары сияқты ғылыми жұмыс та алмадың, ертең қалай оқуға түсесің? – Алаңдаушылық кейіппен қобалжи сұрады.

– Олар тұрмысы төмендердің балалары ғой жанын салып жүрген, ол жұмыс Гарвард университетіне жүрмейді. – Керісінше ұлы мүлде сабырлы күйде жауап қатты.

– Жүрмесе де, қабілетіңді көрсетпейсің бе? – Ана жүрегі әлденеге алағызи құрақ қақты.

– Әкем түсірем деп отыр ғой, несіне басымды қатырам? Бас қатыратын уақыт оқуға түскеннен кейін де жетеді.

– Ендеше мына жүрісің дұрыс па, күнде қыдыру, күнде той. Әлден осындайсың...

– Мама, мен он бестемін, менің жеке өміріме араласпа. Шетелдерде мұндай жасында балалар ата-анасынан бөлек тұрады, ұнатпасаңдар бөлек кетемін...

Анасының иіні салбырап, діңкесі құрыды.

– Енді бүгін қайда барасыңдар?

– «Стилистке» барып, подиумда қалай жүріп-тұрудың әдісіне жаттығамыз.

– Бір қызға бола соншама көйлек тіктіріп, босқа шашыласың...

– Текке емес, біздің компанияның жаңа үлгілерін жас модельерша жарнама жасайды. Ертең Еуропаға конкурсқа барамыз, сонда Қазақстаннан негізгі модель Жауһар болмақ.

– Байқа, әлден ол қызды желпілдетіп жібердіңдер...

– Жоқ, желпілдеткен ешкім жоқ. Сән үлгісін көрсететін сұлулар неғұрлым ашық, халыққа жұғымды болуы керек. Жауһарды соған дайындап жатырмыз.

– Білмеймін, сендердің бұл істерің ұнамайды. – Ананың өңінен кейістік аңғарылды.

– Әр сән компаниясының өз имиджі, то есть, бет-бейнесі болуы керек. Менің компаниямның сондай жұлдызы – Жауһар.

– Абайла, әкеңнің ақшасын қайтарымсыз нәрсеге салып, текке шашпа.

– Әкем маған бұл контораны бүгінгі менеджментті үйренуім үшін, былайша айтқанда, болашақта үлкен істі басқаруға репитиция жасауыма бола ашып берген. Сондықтан, ондағы шығыс қаржылар менің басшы ретінде қалыптасуыма жұмсалуда деген сөз. Әкемнің мұнай өндіретін елдегі ондыққа кіретін компаниясы тұрғанда несіне қиналасың, мама?

– Судың да сұрауы бар, балам. Аспаннан ақша жауғандай боп жүрсіңдер...

– Мама, еш алаңдама. Менің кететін уақытым болды, Мәскеуден дизайнер-стилистер шақыртқанбыз. Бүгін солармен жұмыс жасаймыз.

– Тым құрығанда сабағыңды пысықташы, келесі жылдары мектептегі сайлауға түсем дейсің...

– Қорықпа, мама, қоғам жұмысы қайда қашар дейсің. Биыл жазда екі пән кабинетін жөндеп, жабдығын ауыстырып берсек, өздері-ақ мені таңдар.

Мырзан асығыс сыртқа беттеді.

 

***


 

Жасынның ештеңеге зауқы соқпай төсегінде iPad-ын шұқылап жатты. Әр сайтқа үңіліп, үйреншікті дағдысымен күнделікті жаңалықтарды бір сүзіп шықты. Жаттығудан кейін сәл дамылдап алмақ. Әдетте жарты сағаттай көңілін мүлде басқа нәрсеге аударып, тынығатын. Содан кейін сабағына кіріседі.


 

Ертеңгі сабақты пысықтаған соң міндетті түрде ағылшын тіліне қосымша дайындалады. Өйткені аптасына екі мәрте баратын курспен ғана шектелсе, онда бәлендей нәтижеге жете алмайтыны белгілі. Әлемдік тілді жетік меңгерсе, вакуумдық кеңістікке қатысты көптеген әдебиеттер қолына тиер еді. Бүгінде ғаламтордағы материалдарды ағылшынша еркін оқып, жақсы түсінеді.


 

Балабақшадан ағылшынша үйрене бастаған бұған тілді тереңірек меңгеруге ықпал еткен әкесі. 7-ші сыныпты бітірген жылы Англияның Оксфорд университетінің жанындағы колледжге курсқа жіберді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген өзі сияқты балалармен бірге оқыды. Әрине, оған бару үшін тілді белгілі дәрежеде меңгеріп, үйренгеніңді дәлелдеп тест тапсыруың тиіс.


 

Бұған ұзақ жылғы әзірлігің ғана септігін тигізеді. Ондай дайындық Жасында бастауыш сыныптан басталып, репетиторлардың қатысуымен жалғасты. Кейін тіл орталықтарына барып, ағылшын тілін ұдайы оқыды. Соның нәтижесінде тілді меңгерудің белгіленген өлшемдегі деңгейін толық игерген.


 

Жасын осы бағдарлама бойынша Оксфорд қаласына екі жыл қатарынан қатынады. Екі жылда да ең жасы кішісі болды. Негізінен, ересек балалар барады. Дені – студенттер. Барлығы ағылшын отбасын паналайды. Бірінші жылы екі студент жігітпен бірге тұрды. Ішіндегі Мұрат деген қылжақбастауы «Жасын, өзіміз шомылған суды ағызбай саған толтырып қойдық, ваннаға түсіп ал. Бізден жұғысты болсын, ертең біз сияқты студент боласың» деп әзілдейді.


 

Бәрі күледі. Бұл жәй қағытпасы, шынтуайтында іш тартып, қамқорлық танытып жүреді. Таңертең кетіп, бастары кешке бір-ақ қосылады. Себебі, әрқайсының тілді меңгеру деңгейі әрқилы. Сондықтан әртүрлі топтарда оқиды. Курс соңында тест тапсырып, бір жарым айлық біліміңнің нәтижесін көрсетуің керек. Сертификат беру, бір жағы, уақыттың текке өтпегенін, ақшаның босқа жұмсалмағанын растайтын амал. Әйтпесе, IELTS тапсыртпай-ақ апаратын бағдарламалар бар, ол негізінен туризмге бейімделеді.


 

Бірінші жылы барып келгеннен кейін сыныптас құрбылары қызықтап неше түрлі сұрады. «Бір топта неше бала оқыдыңдар? Қандай мемлекеттен жиналды? Достар таптың ба?» деген сияқты әдеткі сауалдар. Сонда Жауһар бұған тілеулес жан сияқты ниетін көрсеткен. Екеуі уақыт өткен сайын бір-бірін жақынырақ түсінетіндей байқалды. Екінші мәрте Ұлыбританиядағы оқудан оралғанында тіпті бұрынғыдан да етенелік танытты. Жиі бастары қосылатын, ағылшын тілі орталығына да жұбын жазбай қатынайтын. Ара-тұра киноға да бірге баратын. Екеуара ағылшынша сөйлесіп, бір-біріне хат жазатын. Жұптары жазылмайтындықтан құрбылары «Ж+Ж» деп мазақтайтын еді.


 

Бұл жарасымдылық 9-шы сыныптың бірінші тоқсанынан кейін, Мырзан басқа қаладан ауысып, бұлардың сыныбына келген соң өзгерді. Қашан хабарласса да, Жауһардың үнемі уақыты жетпейді, қолы бос емес. Ылғи бітпейтін бір шаруалармен жүреді, бір жақтарға кетіп бара жатады. Ақырында Жасынның көзі жетті, бұған дейінгі достығы жай екен. Іштей қиналып жүрді. Бірақ сыртқа білдірмеуге тырысты. Есесіне, негізгі мақсатынан танбады. Ғылыми жұмысына тереңірек мән берді, ағылшын тілін құнттай түсті, спорт секциясы кестесінің бір де біреуін жібермеді.


 

Осы аралықта ғылыми жұмысы Білім және ғылым министрлігінің Орта білім беру департаментінде сараптаудан өтіп, Берн қаласындағы халықаралық олимпиадаға жолданатын санаулы жұмыстардың бірі ретінде танылды.


 

Көңіл-күйі де ертеңгі үлкен істің нәтижелі болуына бөлінді, уақытын да соған арнады. Жұмысын ағылшын тіліне аудартты. Қосымша материалдарды дайындады. «Дарын» орталығына барып, қаншама мәрте білгірлердің алдынан сынақтан өтті. Соңғысы тек ағылшын тілінде жүрді.


 

Енді Жауһармен аралары қайта жақындамайтынын түсінді. Әсіресе оның басқа адамның мүддесін көздеп, алыстан орағытып барлау жасағаны көңіліне сыймады. Ал, Әлімбектің ана сөзді қайдан шығарғанына өзі де қайран. Іштей осы лайық дегендердің қатарына қосып қойып, бүгін қисыны келіп қалған соң ойын құрбыларынан бүкпей айтқан болар. Онда тұрған не бар?


 

Ал, шынтуайтында мектептегі президенттікке сайлауға түсу жөнінде өзінде мысқалдай ой жоқ. Негізгі мақсаты – экстренатқа өту, жылдамдатып үлкен ортаға барып, ғылыммен ауқымды түрде айналысу.


 

Жауһар ханшайымдыққа талассыз өтетінін білетін сияқты. Шүбәсіз болғандықтан өзіне лайық адамды сырттай таңдап, алдын-ала анықтап алғанды жөн көретін тәрізді. «Егер олай болса, ол таңдаған адамы кім?»


 

Жасын өзін олардың қатарына қоса алмады. «Мырзан шығар». Оны осы уақытқа дейін алып келген бағаларына қарап, 5-ке оқитын үздіктер санатына жатқызуға болады. Алайда, көп жағдайда көтермелеумен жүрген сыңайлы. Жарқыраған білімін әлі байқаған жоқ.


 

Әрі, Жауһар білмекке әуестенген сайлауға қатысты науқанның басталуы әлі ерте. Шара басталмай жатып дабыра қылудың қажеті қанша? Ең әуелі 8, 9, 10-шы сынып оқушыларының басым көпшілігі қолдарын қойып, растаған өз кандидаттарын тіркеуі керек. Содан кейін сөз етсе дұрыс болар ма еді?..


 

Жауһардың бір сәтте жалт беріп, құбылатынын әсте ойламапты. Ықылас, пейілдің арнасынан қайтқан өзендей бәсеңдеуін, өмір атты вакуумдық кеңістіктегі өзара әсер етудің күшті және әлсіз элементтеріне балады. Қазіргі жағдайда өзі – әсер етуге әлсіз элемент.


 

«Жалпы, симметриялық тұрақты вакуумдық ықпалдастықты сипаттайтын шешім, гравитациялық радиус (rg) және электромагниттік радиус (re) сияқты екі константыдан тұрады. Егер масса мен заряд нөльге айналса, онда радиустың екеуі де жойылады. Демек, біздің достығымыздың мән-мазмұны ендігі тұста ол үшін қара бақырдай құнсыз. Сондықтан арадағы тартылыс заңы және жақсы көру аурасы бұзылған. Екі константы өкінішке орай супербірлестікке айнала алмады. Яғни, оқиғалар кеңістігі абсолюттік вакуумге ұласып кетті».


 

Әртүрлі ойға беріліп жатып, 30 минут уақыттың қалай өткенін бағамдамады. Сағатына қарады да, сабағын дайындауға отырды.


 


 

***


 

Жасын оқитын 9-шы «Ә» сыныбында 25 бала бар. Оның 12-сі ұл, қалғаны қыздар. Бір қызығы, ұлдарға жаппай жанама аттар берілген. Айбын – «Чунга-чанга», Дидар – «Қоян», Мақсат – «Марқа», Әлімбек – «Ақшақар», Қанат – «Сықси», Мәлік – «Коала», Арқабай – «Үйрек», Алмас – «Қазан», Мырзан – «Сифон», Дихан – «Пятачок». Бұлардың бәріне кім мұндай ат қойып, айдар тағып жүргенін және ешкім білмейді. Әйтеуір, бір күні біреуі абайсызда дәл тауып үйлесімді лақабын айтып қалады. Ол күллісінің көкейіне қона кетеді – бітті, құрбылары бір ауыздан әлгіні қолданып шығады. Сонымен жүре келе қалыптасып, жанама ныспыға бойлары үйренеді. Сосын, тіпті, «Марқа» десе, «әу» дегенін байқамайды.


 

Кейбіріне сыртқы кескініне сай мультфильмдегі кейіпкерлердің есімін берген. Дихан өзі сап-сары, бетінің ұшы қып-қызыл, танауы домалақтау біткен. «Винни-пухтағы» «Пятачок» есімді торайдан аумайды. Сол сияқты Арқабайдың да екі еріні бір-біріне тимей, суреттегі үйрек балапанының аузындай сәл ашылып тұрады. Содан кейін оны «Үйрек» деп атаған. Дидардың қасқа тістері қояндікіне ұқсап, алдына шығыңқырап біткендіктен, «Қоян» деген. Мақсат тойған қозы, яғни, марқа сияқты. Ал, Мырзанға «инновациялық» ұғыммен «Сифон» лақабы лайық деп табылды. Шамасы, кез келген нәрсені талғамсыз қабылдай беретін, кез келген нәрсеге тартынбай араласа кететін мінезіне бола аталған шығар. Ең жаман әдеті – бірнәрсені бықсытып, қоңырсытып отыратын еді.


 

Тек Жасынға жанама есім жамалмады. Мүмкін, дәл образын беретін балама ешкімнің қаперіне келмей жүрген шығар. Әлде, құрбылары үлгерімі жағынан мектеп бойынша 4-ші орындағы үздік оқушының олқы тұсын көрмегендіктен, тілін тістеп жүр ме?


 

– «Қазан», бүгін үлкен үзіліске не дайындап келдіңдер?


 

Мырзан екі қолын қалтасына салып, Алмасқа мұрынын шүйіре қарады.


 

Алмас мектептегі радиоторабын басқаратын. Күнделікті үлкен үзілісте мектеп өмірінен, жекелеген балалар туралы ақпарат таратады. Сонымен қатар патриоттық тәрбиедегі әндерді іріктеп, үзілістерде қалықтатып қояды.


 

– Саспа, «Сифон», естисің.  – Сыныптасына жымия қарап, тіл қатты.

– «Сифон» дегенді кім шығарды? Әзілдесеңдер де байқап сөйлесеңдерші. – Мырзанның өңі құбылып, дауысына зіл араласты.


 

Сыныптастары әр-әр тұстан мырс-мырс күлді. Ащы келемеж Мырзанның жанына кірш-кірш қадалды. Қапелімде қызарақтап қалды. Құрбысының атын атамай, бүлдіріп алған өзі. Бұл келеңсіздікті тез арада түзеп жіберуге тырысты.


 

– Жігіттер, сабақтан кейін қалып, өзіміз жеке сөйлесейік.

Қағытпа басталғанда-ақ бір түрлі қуыстанған Жауһар осы арада кеудесін көтеріп, жан-жағына насаттана қарады. «Не десеңдер де ол сендерден биік, бала болса да клубты басқарып отыр» дегендей сыңай байқатады.


 

Сол заматта «дыз-дыз» етіп, Мырзанның телефонына СМС келіп түсті. Тұтқаны алып қарап еді «Өзіңді кісі етіп көрсетуіңді қойсаңшы» деген жазуды оқыды. Жіберген – Арқабай. Амбициясы асқақ бақуаттының баласы Мырзан мына сөзге жарылып кете жаздады. Бірақ сыртқа ештеме білдірмеді. Сыпайы түрде «Келесі апта 8 наурыз, ақылдасайық» деп жауап қайырды.


 

Қоңырау соғылып, сызу пәнінің мұғалімі ішке енді.


 

Мектеп педагогтарының бағалауы бойынша осы сынып ерекше қабілетті оқушылардан құралған. Нақты пәндерден ғана емес, өнерге де өте бейім. Қанат киноиндустриясын әжептәуір меңгерген әрі оған қызығушылығы аса жоғары. Бейнероликтер мен клиптер жасап, сценарийін, операторлығын, режиссурасын өзі үйлестіреді. Гүлназ қыл қалам шебері – полотнолар салып, көрмелерде жүлделі орындар алған. Дизайнер-суретші болуды көксейді. Дидардың IT технологияларын үйренуге жаны құмар. Жасын ғылым жолына бет алған. Сыныптың жартысына жуығы 5-ке оқиды. Сондықтан, оқушылардың дені мектептегі «Білгірлер клубының» мүшесі.


 

Мектеп-лицейде сан-салалы үйірмелер жұмыс істейді. Соның бірі – көркемөнер, Гүлназ сол үйірмеде. Беліне түсетін шашын түбінен бір буып, білегін сыбанып ап, үнемі шағын шеберханадан шықпайды. Оның еңбекқорлығы мен талантына қызығатындар қаншама. Ал, қызғанатындар ше?..


 

Бірде, ынта-шынтасымен картина жазып жатқанында өзімен үйірме жұмысына қатысатын жоғарғы сыныптың екі қызы бұның қасына таянды. Салып жатқан суретіне әрі-бері қарап тұрды.


 

– Мына балдыр-батпақпен не айтпақ болдың? – деді Жания.

Гүлназ үндемеген күйі ту сыртына бұрылып, оның бетіне бажайлай назар тоқтатты.


 

– Жалпы, сенің жұмысыңда көз тартар жарқ еткен бояу жоқ, – деп әлгі бойжеткен сөзін сабақтады. Өзі түйе үстінен сирақ үйіткендей биіктен қарайды.

– Сенің жұмысың мен еңбегіңді мұнда бағалайтын адам да табылмайды. – Екінші құрбысы осылай түйреп өтті.

– Жарайды, көңіл аударар бояу жоқ болса, бола берсін. Суреттерімді бүгін бағаламаса, ертең бағалар. – Орнықты жауап бергенімен, іштей абдырап, қобалжыды.

– Біз, Айжан екеуміз сенің жұмыстарыңды талқыладық. Күңгірттікке әуессің. Еңбекқорлығың жақсы, бірақ, шындығын айтқанда – талантың кемшін.

– Иә. – Құрбысы қоштап қойды.

– Осы қысқы каникулда біз Мадридтегі Прадо кескіндеме мұражайында болдық. Онда көптеген көрмелерді аралап, неше қилы суреттерді көрдік. Содан кейін Starbucks-та кофе ішіп отырып, кейбір суретшілердің бағы тірісінде емес, өлгеннен кейін ашылады деген қорытынды жасадық. Мысалы Ван Гог, Камиль Писсаро, Френсис Бэкен. Содан кейін неге екені белгісіз, сені есімізге алдық.


 

Суретші қыз тұтқиылдан кенеше жабысқан қос құрбыға одан сайын аңтарыла қарады.


 

– Мен, нақтысында, Айжан екеуміз де «Гүлназ өзін-өзі өлтірсе, шығармашылығы кеңінен танылуына пайдасы тиер ме еді?» деп ойладық.


 

Гүлназға дүние төңкеріліп кеткендей, көз алды қарауытты. Бірдеме деуге аузына сөз түспеді. Бидай өңі қуарып, үндемеді.


 

– Қанша тыраштансаң да, мектептегі көркемдік саласындағы 1-ші сыныптық шәкіртақы маған тиіп, сен менің шаңымды қауып келесің.


 

Осыны айтты да, әлгі екеуі миығынан күліп, сыртқа бет алды.


 

Бұдан соң Гүлназ өзіне сын көзбен қарап, бояулар гаммасын ойнатудың амалдарын игеруге ден қойды.


 

Қалай болғанда да 9-шы «Ә» таланттар шоғырланған сынып екенін жалпы жұрт мойындайтын.

 


 

***


 

Арқабай сабағын дайындап бітіп қалғанда әкесі бөлмесіне кірді.


 

– Кәне, «Күнделігіңді» берші, қарайын.

– Әке, ешкім қазір «Күнделік» ұстамайды.

– Неге?

– Не в моде. – Арқабай        қылғына күлді.

– Сабағыңды жақсы оқы. Ертеңгі күн тек ертеңгі күн емес, ол – болашақтың басы. Болашақ туралы мектептің қабырғасында жүріп ойлану керек. Ойлану аз, келешек өміріңнің іргетасын қалап қою керек. Ересек өмір басталғанда есіріктікпен уақыт өткізгеніңе өкінесің.

– Өзің мектепте жүргенде алдағы өмірің, мамандығың туралы ойландың ба?

– Сен сол қателікті жібермесін деп тұрмын.

– Неге ойлай алмадың?

– Ол кезде өмірге көзқарас басқа болатын. Өкімет пен партия жастарды ең әуелі екі жыл бригадада жұмыс жасасын деген шешім шығарды. Осы бағытынан тайып кетпесін деп, жыл сайын Лениндік зачет тапсыртып, кім болатыныңды қайта-қайта қадағалап отырды. Сөйтсек, бізді – жұмысшы табының қатары азайып кетпесін деп, қара жұмысқа даярлапты. Қазір олай емес қой.

– «Лениндік зачет» деген не?

– «Саяси бағытың мен патриоттығыңды» анықтайтын сынақ.

– Е-е, қызық екен. – Әкесінің жүзіне барлай қарап, күлді. – Сабақтағы үлгерімім жақсы, жақында келесі оқу жылында олимпиадаға қатысу үшін тақырып алайын деп жүрмін.

– Оның дұрыс, құрбыларыңнан қалма. Бос уақытта болатын ойын-сауықтан да сырт қалып қойма.

– Киноға барайын десем, жібермейсіңдер.

– Анда-санда киноға барған түк етпейді, алайда күнделікті текке қаңғығаның көп сияқты.

– Жоқ, балалармен қарым-қатынас ұстап жүрмін ғой.

– Қыздармен де жақсы сөйлесуің керек. Қыздармен дұрыс қарым-қатынас жасамағандар, онша сыйлы болмайды.

– Қыздар сыпайы қарым-қатынастан гөрі, кімнің ақшасы көп, кімнің әкесі бай – соларға үйіріліп тұрады.

– Ол сенің ойың шығар.

– Ойым емес, нақты дерек. Әкесі мұнай магнаты, миллионер Мырзан дейтін бала бізбен екінші тоқсаннан бері оқиды. Бәрі соған құрақ ұшады. Үздік оқушы, старостамыз Жауһардың Мырзан дегенде көңілі мүлде басқа. Сол үшін Жасынмен қатынасын үзді. Себебі, Мырзан қыздан ештеңе аямайды. Күнде бір жерге барады, күнде бір тосын қызық болады. Біздің сыныпта ондай ақшалы ешкім жоқ. Өйткені, Мырзанның өзі бір фирманы басқарады.

– Сен оған қызықпа. Жігіттің бойындағы өнер, білім, ғылым бәрін жеңіп шығады. Ең бастысы азамат ақиқат жағында болуы керек. Ал, қыздар кей кездерде көзсіз көбелек сияқты. Төгілген шуақ пен түрлі-түсті бояуға елітіп, жіберген аңғырттығын артынан барып біліп, аһ ұрады. Әсіресе ол жақсы оқыса, староста болса және бетінің сәл әрі байқалса, бітті, өмірдегі дәреженің ең биік шыңына шықтым деп ойлайды.

– Қазірден-ақ өзін мектеп бітірушілер балының ханшайымы ретінде сезінеді. Енді, жанында бірге тұратын ханзаданы таңдап жатыр.

– Жарайды, оған мән бермей-ақ қой. Әйткенмен, біреуді жазғырып немесе кінәні әлдекімге аударып, болашаққа бет алған жолды тоқтата алмайсың.

– Әке, маған қазір сыныптас достарым келеді. Біз 8-ші наурызға қыздарға арнап сыйлық алып, фильм түсіруіміз керек. Соған барамыз.

Сөйткенше қоңырау соғылды. Арқабай жүгіріп барып есік ашты. Ар жағынан Алмас, Дихан, Қанаттың төбесі көрінді.

– Кіріңдер. Мен киінейін.

Төртеуі қайта далаға шыққанда күн шыңылтырлау екен.

– Қанат, сенде қандай бейнекөрініс бар? – Арқабай мойынын соза «Сықсиға» үңілді.

– Сыныптағы және мектептегі мерекелік концерттегі видеолар.

– Жоспар бойынша не жасауымыз керек?

– Қазір үш-төрт қыздың үйіне ескертпей, тосыннан барамыз да, түсіреміз. Содан кейін соны монтаждап, фильм әзірлейміз. Сосын, құттықтап сыйлығымызды тапсырған соң көрсетеміз.

– О-о, қызық болады. – Дихан бас бармағын шошайтты.

– Ал, қай қыздарға барамыз? – Алмас алдын-ала бет түзер бағытты анықтап алу жайын ойлады.

– Жауһар, Ләззат, Сандуғаш, Жәния... Арғы жағын тағы көреміз.

– Жауһарға бір түрлі көңілім қалып қойған. – Алмас құлықсыз кепте тіл қатты.  – Бірінші сыныптан бастап бірге оқып келе жатқан бізді ортамызға кеше ғана келген Мырзанға айырбастады да жіберді.

– Ештеңе етпейді, сыныптың бетке ұстары, түсіруіміз керек. – Әкесінің жаңағы ақылынан кейін бе Арқабай салқынқандылық танытты. – Иә, бәрінен Жасынға қатты бататын шығар, екеуі жақын достар еді ғой...

– Мұндай «тосын сый» жігітті шыңдайды, ақылды етіп шығарады. – Қанат кинодан көрген сюжетін есіне ала сөйледі.

– Жасынның ынтасын тек сабаққа аудару қажет, сонда соққының салмағы жеңілірек болады. Әрі ол мектеп қана емес республиканың атынан халықаралық олимпиадаға кетіп барады, жанына селкеу түспеуі тиіс. Наурыздың ортасында жолға жүреді, біз оны қолдайық, балалар. – Дихан шын ниетін білдірді.

– Бүгін Жасынның өзі қайда?

– Университетте, зертханада.

– Бәрібір Жасын бұрынғыдай Жауһардың көңілін табуы керек сияқты. Ол үшін Жауһарға не ұнайды, қызықты кештерді қай жерлерде өткізеді – соны білсек, барамыз, Жасын екеуін қайтадан ортамызға тартамыз. – «Пятачок» құлшына тіл қатты.

– Жоқ, Жауһардың оған деген сезімі суыған. «Сен көпшіл емессің, тек қара басыңның қамын жейсің. Мырзан менің ойымды айтқызбай біліп тұрады» деді өткенде ашығынан. – Қанаттың мына сөзінен кейін бәрі бір сәт үндемей қалды.

– Мырзан, Мырзан, сол «Сифон» біздің ортамызға қайдан тап болды?.. – Жаңағы жігері аяқасты жоғалған «Пятачоктың» үні бәсең шықты.

– Жігіттер, жақсы, ертең менімен бірге Ләззатты құттықтауға барайықшы. – Алмас әңгіме әлпетін басқа арнаға бұрып, ортаға қызықты ұсыныс тастады.

– Қорықпа, флэшмоб жасаймыз.

Бәрі ду күлді.

 

***


 

Мектептегі қыздарды құттықтау шарасы бұлар ойлағандай тартымды болып өтті. Әсіресе, Қанат жасаған «Қыз он беске толғанда...» шағын фильмі ерекше ұнады. Жасырын камера, тосын сәт, қызықты көрініс. Әдейі ұйымдастырылған әңгіме-сұхбат. «Сықси» әр қызға жеке-жеке тоқталып, оның мінез-құлқын сол қалпында тап басуға тырысқан.


 

Фильм біткенше сыныптың іші ара-тұра ду күлкі мен дабұр-дұбырға ұласып отырды. Сосын, бәрі риза кепте үйді-үйлеріне тарасты.


 

Ақ үлпек жағасы бар жеңіл тон киген Жауһар бесін ауа «Мыңжылдық» ойын-сауық орталығының алдына келді. Қарашығы оттай жанған көздері күлімдеп, төңірекке нұрын шаша қарады. Жан-жағындағы жұрттың бәрі шадыман күйде, 8-наурыз шаттығы барлығын масайратып жіберген.


 

Сөйткенінше көпшіліктің арасынан өзі іздеген адамының бейнесі көрінді. Қолында бір құшақ алқызыл голландия раушан гүлі бар тапалтақ бітімді қоңыр дубленкалы бала бұған ұмтылып келе жатты.


 

– Мерекеңмен!

– О, қандай әдемі букет! – Қыз сыңғыр ете күлді де ілгері адымдады.

Осы «Мыңжылдық» ойын-сауық орталығында Мырзанның кеңсесі орналасқан. Жауһар екеуі бұл жерде жаңа бастаушы сән модельдері ретінде мамандардың қатысуымен талай дайындықтар өткізді. Сондықтан мұнда қыз еңбек ұжымына келгендей өзін еркін сезінеді. Тіпті, жеке гардеробы да бар.


 

Үлкен алып ғимараттың шұбалған атшаптырым дәлізімен біраз жүріп барып, 3-ші қабатқа көтерілгенде алдарынан бүлдіршіндер жүгіріп шығып, Жауһарға гүл шоқтарын ұсынды.


 

– Ой, қандай ғажап! – Таңданыстан ішегін тартты. Енді бір қадам аттағанда холлда түрлі-түсті шамдар жарқырап, жеңіл әуен есіп ала жөнелді. Сұлу қыздың бота жанары одан сайын жәудіреп, алаулай берді.

– Ке-ре-мет!

Мырзан күлімдеп, құрбысының жүзіне ынтыға қарады.

Осы кезде қатарынан тізілген үш бірдей модельер алақанына салып, Жауһарға қарай әппақ әлденені алып келе жатты.

– Мынау саған жеке сыйым.

– Мен мұны алмаймын. – Досына ыңғайсыздана бұрылды.

– Киіп көр. Бұған дейінгі тігілген көйлектер – фирманыкі. Ал, мынау, талантты модель қыздың мерекесіне арналып, әдейі әзірленген бұйым. Мұны, бір жағынан, бүкіл біздің ұжым ұсынды деп ойла.


 

Бикелер қастарына таянып, көйлекті көрсетті. Өте шебер қолдан шыққан сиқырлы дүние қыздың ақыл-есін алды. Сол сәтте қолында шырағы бар періште кейпінде киінген 8-9 жасар қыз бала кеп, Жауһарды жетелей жөнелді. Әлгі, көйлекті алақанына салып үлбірете көтерген үш модельер соңдарынан ілесті.


 

Сәлден кейін әппақ «БМВ Х6» «Астана-Көкшетау» автомагистралымен ұшыртып кетіп бара жатты. Рульде – Мырзан, жанында Жауһар. Екеуі де бақыт пен шаттықтың ернеуінде қалқып, өмірдегі тәтті сәттердің шырынына малтыған еді. Оның үстіне машина панеліндегі мониторда бейнебаян әуенінің иірімдері көз бен сезімді баурайды.


 

Кешкілік бір топ ұл уәде бойынша Ләззаттың үйіне тартты. Барысымен әуелі Алмасты подъезге кіргізіп жіберіп, Қанат қызға телефон шалды.


 

– Сәлем, мерекең құтты болсын!

– Рахмет.

– Сыртқа шықпайсың ба, құттықтауға келіп ек...

– Тағы да кино түсірейін деп жүрген жоқсыңдар ма?

– Жо-оқ. – Қанат күлді.

– Жақсы, қазір.

Көп күттірмей пәтерінің есігі ашылып, сары қыздың төбесі көрінді.

– Мерекеңмен...

Тосын жайтқа қыз аңтарыла қарады да, күліп жіберді.

– О-о, Алмас!

Әкеген алқызыл шоқ гүлін қызға ұсынды.

– Жүр, терезеден тысқа қаралық. – Құрбысын баспалдаққа қарай бастады.

– Онда не бар?

– Сюрприз.

Қыздың көзі жайнап кетті.

– Сюр-приз-з!

– Қазір көресің. – Ізінше Қанатқа «маяк» тастады.

Бұл кезде көз байланып, төңіректі қараңғылық тұмшалаған еді. Әп-сәтте аулада жылт етіп, от жанды. От бір сызықтың бойымен жоғары өрледі. Адам бойындай биіктікке 25 градус көлбей жүрді де иіліп, төмен құлдады. Мына құпияға қыз таң-тамаша күйі, шұқшия қадалды. Міне қызық «Л» деген қаріп көзіне алау боп басылды. Ізінше от келесі сызықтың бойымен дөңгеленіп жүгіріп бара жатты. Қас пен көздің арасында жер бетінде «Л»,♥, «А» сұлбасы лапылдай жанды.


 

Ол алдын-ала асфальт алаңқайға төгілген бензиннің орны еді, бірер сәт маздаққа айналды. Мұны 10-шы қабаттан бақылау мүлде әсерлі болды. Қыздың жүрегі тайша тулап, алма жүзі алаулады. Көзі күлімдеп, үнсіз томсарды. Осы сәтте әуеге от шашу атылды. Ләззат енді балаша қуанды.


 

– Қандай тапқырсыңдар, кеше ол, қыздардың бәрі разы болып қайтты.

Екеуі біраз далаға еліте қарады. Сосын Алмас:

– Біз өзге де қыздардың үйіне баруымыз керек, – деді.

– Кімдер бар төменде?

– Жасын, Арқабай, Дидар. Жетеді... Акциямыз әлі біразға жалғасады.

– Жолдарың болсын...


 

Алмас лифтіге бет алды. Жүзі алабұртқан Ләззат сан қилы сезіммен қала берді. Жақтаудағы ноқатты басып, бала артына бұрылды. Әлдебір шаттыққа тербелген құрбысы қолын көтерді. Омырауындағы шоқ гүлдің нұры өңіне шауып, қыздың ақсары жүзі атқан таңның арайындай сан құбылды. Көңілі асқақтаған бала ыржия күліп, саусақтарын тарбитты.

 


 

***


 

Жауһардың қайтыс болғаны ертеңінде-ақ жұртқа тарап үлгерді.


 

Мұны естігенде Жасынның онсыз да азап шеккен жүрегі ауырды. «Мүмкін емес...» Әлдекім қарау ниетпен осындай суық хабарды қасақана ойлап шығарғандай көрінді. Әйтпесе, кеше ғана асыр салып жүрген адамды бүгін өлді деу еш көңілге сыймады. Шын деп мойындауға дәті бармады, жүрегі дауаламады. Бірақ, «өлім жайлы ешкім жалған айтпайды ғой» деген ақиқат жеңе берді. Оның үстіне сыныптастарының бір-біріне жолдаған Жауһардың әртүрлі кезеңдегі суреттері де бұның телефонына түсіп жатыр. Әсіресе Дидардың жасаған постері қатты әсер етті: аялы көзі қарақаттай жайнаған ақ көйлекті Жауһардың суретінің астына «Шынымен жауһардай шашылып, жоқ болғаның ба?..» деп жазыпты.


 

Бейжайлық меңдеді. Ұзақ уақыт сүлесоқ отырып қалды. Сағаттың тілі сырт-сырт соғады...


 

Елдің аузындағы әңгіме әлпеті бойынша – Бурабай жаққа кетіп бара жатқанда көліктері оқыстан тайып, апатқа ұшыраған. Мырзан мен Жауһар артқы орындықта отырған екен. Рульде – ешқандай ішімдік ішпеген әрі бәленбай жылғы тәжірибесі бар кәнігі жүргізуші. Жазымға шара бар ма, осындай кеселге душар болып тұр.


 

Барлығы Жауһар туралы аһ ұра өкініш, қимастықпен сөз етеді. Мырзан жайында ешкім жақ ашпайды. Соған қарағанда ол жарақаттанғаны болмаса, тірі секілді.


 

Наурыздың оны күні мектепке келгендерінде кіре беріске Жауһардың үлкен суретін столдың үстіне қойып, қара лента тағыпты. Репродуктордан азалы марш ойнайды. Балалардың әшейіндегі жарқын жүзіне кіреуке түсіп, томсырайған кепте аяқтарын аңдай басады. Бақалы көлше шулап жататын кең дәліздер мен баспалдақтың бойында тырс еткен бөгде дыбыс жоқ. Мектеп-лицейдің ең бетке ұстар оқушыларының бірі әрі қалаға талантты жас модельер қыз ретінде таныла бастаған Жауһардың қазасы – орны толмас қайғылы жай.


 

Бұл аура 9-шы «Ә» сыныбынан ерекше білінді. Сыныптың төр жағынан Жауһарға арналған қаралы бұрыш жасалыпты. Оның әр кездердегі суреттері ілінген. Үлкен қаріптермен «Жауһар, сен біздің мәңгі жадымыздасың» деген сөз жазылыпты.


 

Ол күні мардымды сабақ өтпеді. Қай пән болса да әңгіменің тақырыбы қапыда қиылған қыршын жастың мінез-құлқы, тағдыры жайында естелікке ұласты. Қыздар үнсіз егіліп жылады, көздері қып-қызыл. Ұлдардың да ұнжырғасы салбырап кеткен. Барлығы Жасынға ұрланып, жанарының астымен қарайтын сияқты.


 

Неге екені белгісіз, сол күні Мәлік пен Сағила мектепке келмеді.


 

Алтыншы сабақтың соңына қарай Мырзанның ауруханада жатқаны туралы сөз шықты. Бірақ, бүгінгі басты борыш – қайғылы жағдайда көз жұмған сыныптастарын ертеңгі бақилық жолға шығарып салуға қамдану еді.


 

Ұл да, қыз да азалы істің ауыр қасіретін мойындарына артып, үйлеріне қайтты.

 


 

***


 

Оқушылардың республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы нақты пәндер бойынша халықаралық олимпидаға баратын балаларды жинап, тиісті мәселелерді тәптіштеп, пысықтады. Республикадан іріктелген бес оқушыны екі күннен кейін ғылыми орталықтың қызметкері алып жүретін болды.


 

Оған дейін лицейдің директоры Жасынды физика пәні мұғалімімен бірге шақырып, дайындығы жөнінде кеңінен пікір алысты.


 

– Ештеңеге алаңдама, сұрақтар қойылып жатса, кәдімгі сыныбыңдағы сабақтардың бірі ретінде қабылдап, сасқалақтамай жауап бер. Біздің мектеп үшін, осындай халықаралық олимпиадаға оқушымыздың қатысқанының өзі үлкен жетістік. Ал, орын алып жатсаң, онда сөзсіз зор абырой болар еді. Олимпиададағы басты қағиданы білесің ғой? – Жасынға жымия күле қарады.

– Басты қағида – қатысу.

– Онда, жолың болсын!

Түрегеп келіп Жасынның қолын алды.

– Үміттеріңізді ақтауға тырысамын, ағай.

Жасындарды әуежайда Қазақстан елшілігінің 3-ші хатшысы қарсы алды. Балаларды бірден қонақжайға апарып орналастырды.


 

Швейцарияда өтіп жатқан олимпиада ірі оқиға ретінде қабылданады екен. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жеткіншектер асқақ арманын осы олимпиададан табуға бел байлағаны белгілі. Бірінші күні 32 оқушы баяндама жасайтын болып белгіленіпті. Олимпиаданың жұмыс кестесіне сәйкес Жасынды спикер ретінде оныншы кезекке қойыпты.


 

Бір кезде модератор «Қазақстан Республикасынан келген жас ізденімпаз оқушы Жасын Андызбайұлын ортаға шақырамыз» деп, саңқылдай жөнелді. «Тақырыбы – «Физикалық вакуумдағы таусылмас энергия-қуат көзі».


 

Сол сәтте LED экранда зерттеп жүрген еңбегінің атауы, оның қысқаша түсіндірмесі және модельдік сипаты ағылшынша көрсетіліп жатты.


 

Ұстазының сөзі көкейінде қалған Жасын тайша тулаған жүрегін сабырға жеңдіріп, салқынқандылықпен мінберге таянды.


 

– Good day, dear friends! Wish you success in your endeavors in the scientific field![6]

Жұртшылық ду қол шапалақтады.

– Қазақстан 2017 жылы ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізгелі отыр. Оның тақырыбы – «Болашақ энергиясы», яғни, орны толатын «жасыл» энергия. Қазірдің өзінде өндіріске «жасыл» инновациялар мен инновациялық технологияларды ендіруге қабілеттілер шоғырлануда.


 

Әлеуметтің жақсы тұрмыс кешуі энергияға байланысты екені мәлім. Сондықтан менің жұмысымда орны толатын энергия көзі ретінде вакуумдық кеңістік қаралған. Ондағы күшті және әлсіз әрекеттесуді үйлестіре отырып, жаңа амалмен энергия алуға болады.


 

LED экранда Жасынның тұлғасы толықтай көрсетілді. Ат шаптырым залды шапалақ үні кернеп әкетті.


 

– Табиғи кен көздері – мұнай-газ кеніштері енді жарты ғасырда сарқылуы мүмкін. Бірақ, адамзат өркениеті табиғи ресурстарға байланып қалмауы тиіс. Табиғатты сақтай отырып, оған залал тигізбейтін бейтарап амалдармен күн көргені жөн. Осы теория практикада жүзеге асатын болса, өмір сүру әлдеқайда қолайлы әрі жеңілдер еді. Бұл тұрғыда бос қалатын мұнай-газ тасымалдау құбырларын вакуум ретінде пайдаланып, толассыз энергия көзін алуға болады. Біздің ғалымдар осы тәжірибенің тұрмыста қолданылуы ықтимал екенін дәлелдеп отыр.


 

Ықыласпен дуылдата соғылған шапалақ Жасынның сөзін бөліп жіберді. Және бірнеше камера өзіне бағытталғанын бала білген жоқ. Тек сол сәт Отаны – Қазақстан елі көкейінде тұрды.


 

– Біз экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып, адамзат өркениетін тығырыққа тіремеуіміз тиіс. Табиғаттың қойнауына қол салмай, керісінше табиғат ананы мәпелей мәңгілік өмірге жол салуымыз қажет.

Жасынның сөзі көпшіліктің көкейінде жасындай ойнады. Ол мінберден кетіп бара жатқанда да қызу қол шапалақтап, әлемнің түкпір-түкпірінен келген құрбылары құлшына қолдау танытты.

Олимпиаданың жұмысына үзіліс жарияланып, холлға шыққанында өзі сияқты жеткіншектер Жасынды қоршап алды.

– Қазақстан қарқынды дамудың моделі, – деді бірі.

– Білімпаздардың мекені.

– Сіздердің Президент жастарға тамаша жол салып берген.

– Иә, Қазақ елі Мәңгі ел болуға бет алған, ол болашақ – «Мәңгелия».

– «Manhelіya»!

– О-о, қандай ғажап!..

Әп-сәтте бірнеше өзі сияқты құрбыларымен танысып, Facebook-қа логиндерін жазып үлгерді. Кенет, ондағы көптеген достарының арасынан Жауһардың да бейнесі көзіне оттай басылды. Бірақ ол offline болып тұр еді.


 

Баланың жүрегі оқыстан шым етті. Төңкеріліп кеткен ішкі әлемін білдіртпеуге тырысып, жаңа таныстарына күле қарады. Миында сапырылысқан ойдың бірі келіп, бірі кетіп жатты. Енді бір сәтте «атам тірі болып, осыны көргенде ғой...» деп, арман-қиялға берілді. Келесі кезекте Қазақстанның ұланы болғанына насаттанды... Осы бір сәт көңіл төрінен тағы бір жасын ой ұшқын атқан. «Білім. Білік. Бірлік. Міне, ғажап! Мәңгілік елдің формуласы – осы үш Б әрпінен құралғандай! Мәңгілік формуласы!» деп күбірлеп тұрғанын өзі де аңғармаған еді.

 

***


 

Жасынның олимпиададан алтын медаль алғаны жайлы жаңалық елге өзінен бұрын жетті. Орталық телеарналар көзінде бақыттың нұры ойнаған баланың сұхбатын беріп жатты.


 


 

[2] «Достар, назар аударыңдар! «Қазақстан – Мәңгі Ел – «Manhelіya». Бұған қалай қарайсыңдар?!»

2 «Жарайсың, Жасын!», «Жаңа нұсқа құтты болсын!», «Әдемі естіледі!»

 

[4] Жаттықтырушы

[5] Иә

[6] Қайырлы күн, қадірлі достар! Ғылым жолына бет бұрған істеріңіз оңға бассын!


 


 

Әділбек Ыбырайымұлы


 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар