1950 жылы 19 наурызда ақсақал қаламгер Эдгар Берроуз дүние салыпты дегенді естігенде Американы қойып, арғы-бергі бес құрлықтағы талай фантаст-жазушы терең тыныстап, талай баспагер ауыр күрсінген шығар-ау…
Эдгар Берроузың кім дейсіз ғой? «Макулатуралық журналдар дәуірінде» жалғанды жалпағынан басқан америкалық жазушы. Әлгі, өзіңіз талай киносын көріп, мультфильмін тамашалаған Тарзан мен Джон Картер сынды мықтылар жайлы сериялы кітаптардың авторы. ХХ ғасырда қанат жайған ғылыми фантастика және фентези жанрының алыбы.
Жә, бәрін басынан бастайық.
1911 жыл. Кешкі мезгіл. Қорыс-қопасы шыққан әлдебір кеңседе бірді бірге жеткізе алмай әбден титықтаған әлдебір жолы болмаған бизнесмен осы қазір ғана кезекті бір клиентімен қош айтысып қала береді. Сосын ойланып аз отырады да, кенет қолына қарындаш алып, шимай-шимай бухгалтерлік бланктың таза бетіне фантастикалық роман жаза бастайды. Картоппен аты шыққан Айдохоға да, іскер Чикагоға да ұқсамайтын, толассыз уақиғаға толы Марсқа қалай тап болғаны белгісіз бір бейбақ туралы роман. Әлгі адамның шым-шытырық оқиғасын құдды бір түнде көрген түс дерсің. Тіршілік үшін жан кешкен жиырма жыл Берруозды қандай да болмасын табыс көзіне немқұйлы қарамауға үйреткен еді. Ол әрине, мына шимай-шатпағымды біреу-міреу оқи қояды-ау деп ойлаған да жоқ, бірақ нар тәуекел деп, Normal Bean – «дұрыс жігіт» деген лақап атпен романның қолжазбасын «All Story» журналының редакциясына жөнелтеді. Автор бұнымен редактор мен гипотетикалық оқырманға қарата «ессіз әрекет етті демесең, ақылым орнында» дегенді меңзесе керек. Берроуз көп оқитын, белгілі журналдарды құнығып оқитын. Сондықтан да қай деңгейдегі қолжазбалар кідіріссіз қабылданатынын әбден зерттеп алған десе де болғандай. Тіпті азды-көпті оқыған-тоқығаны бар адам ретінде кезекті бір журналдағы кезекті бір «шедеврдің» соңғы бетін жауып жатып: «Шындасам, мынаны мен де жаза аламын...» - деп талай ойлаған да шығар. Міне, өзіндегі амбиция мен редактордың көзқарасы қаншалықты тоқайлас шығарын сынап көрер сәт туды…
Берроуздың 1912 жылы «All-Story» журналында жарық көрген екінші романы – маймылдар асырап алатын Тарзан оқиғасы айды аспанға бір-ақ шығарады. Ал 1914 жылы «Маймылдар тайпасынан шыққан Тарзан» жеке том болып жарық көрісімен, алдағы ұзақ та түсімді берроудық триумф басталады. Осыдан кейін жылда Берроуздың жоқ дегенде екі-үш романы жарық көріп жатты. Әлбетте Тарзан жайлы, Джон Картер туралы «марсиандар» сериясы, тағы да басқа тарихи, шытырман оқиғалы романдар... коммерсиялық кітап баспасы тұрғысынан қарағанда Берроузға жететін автор жоқ еді. Ол тез жазады, танымал немесе жаңа серияларды үсті-үстіне бұрқыратады. Және оның жазғандары жақсы өтеді.
Осылайша жазудың қызығына түсіп, дәмін алған Берроуз 1918 жылы гонорардан түскен қаржыға Калифорниядан Тарзания деп аталатын ранчо сатып алады. 1929 жылдан бастап оның Edgar Rice Burroughs, Inc компаниясы қожайынның романдарын енді өздері кітап қылып шығарып, экранизация мен комикстер жасау құқығымен айналыса бастайды.
Хош. Берроуз вестерн жанрында қалам тартқан туындыларын, тас ғасыры, орта ғасырлар туралы өзге де шығармаларын айтпағанда, «Марсиан» циклымен 11, Тарзан туралы 26, Карсон Нэпирдің Венерада бастан кешкендері туралы 4 роман жазыпты.
Ол қиял-ғажайып оқиғаларға құрылған, қалың көпшілікке арналған әдебиетке теңдессіз үлес қосты. Өткен ғасырдың 20-30 жылдарында фантастикалық романдарды Берроузға еліктіп жазу үрдісі белең алды. Міне, Эдгар Берроуз осындай қаламгер болған!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.