«Әдеби әңгіме» айдарының келесі кейіпкері ретінде белгілі саясаткер Әлихан Байменовпен сұхбаттастық. Әдебиет төңірегінде, оның саяси-мәдени өмірге ықпалы жөнінде салмақты ойлар айтылды...
- Сіз көркем әдебиетті жиі оқитыныңызды жақсы білеміз. Әлемде күн сайын мыңдаған кітаптар шығып жатады. Оның бәріне ілесу мүмкін емес. Өзіңізге жақын, керекті кітапты қалай таңдайсыз? Кітап оқу мәдениеті туралы айтып берсеңіз...
- Көркем әдебиетті таңдау көңіл күйге байланысты. Кейде елегізіп, белгілі-бір тақырып ойлантады. Кей кездері авторына қарап, іздегеніңді тапқың келеді. Әдеби шолуларда аты аталған кітаптар да қызықтырады. Үйдегі кітаптарым үш жерде жинақталған: негізгісі - кітапханада, оншақтысы - жұмыс бөлмемде, он бес-жиырмасы - бас жағымда.
Көбінесе жаңа шығармалар оқысам да, кейде оларды қайталап оқу - ішкі қажеттілік. Оның ішінде, әрине, Абайдың орны бөлек. Абай – кезінде күйзеліске ұшырап, құлдыраған қазақ қоғамына Алланың берген сыйы тәрізді. Қазақ баласына Абайды кем дегенде әрбір төрт-бес жыл сайын қайталап оқыған абзал. Адам өмірінің әр кезеңінде Абайды қабылдауы өзгеріп отырады. Өмірлік тәжірибе ұлғайып, білім жинақталған сайын Абайды түсіну де тереңдей түседі.
Кейде жолсапарға алып шығатын кітаптар болады: С.Довлатов, О.Генри әңгімелері тәрізді.
- Әдеби шығарма арқылы өзге қоғамның құндылықтарын түсіну мүмкін бе?
- Жазушы мен ақын, суретші мен композитор - бәрімізге бірдей берілмеген ерекше түйсік иелері. Олар бір жағынан, адамдардың мінез-құлқынан, қоғамдық қатынастардан, табиғаттан бізге тылсым әрі көрінбейтін құбылыстарды аңғарса, екінші жағынан, өздері сіңірген құндылықтарын сол қоғамды суреттеуде ерекше шеберлікпен жеткізе біледі.
Бірнеше жыл бұрын Ресейде пьесалары қойылып жүрген ағылшын драматургінің сұхбатын оқыдым. Журналистер: «Ресейдің барлық өңірінде болып көрмей, оның тұтас қоғамы туралы қалай жазасыз?» - деп сұрағанда ол: «Мәскеу көшесіндегі көлік қозғалысының өзі қоғамдық құндылықтар жайлы көп нәрсені аңғартады», - деп жауап беріпті.
Менің анам көркем әдебиеттен тек Абай мен Мұхтар Әуезовті оқитын. Әдеби шеберлік анамның өз заманын көз алдына келтірсе керек. Әдебиеттің құдіреті де - сонда. Мысалы, жас кезімізде жабық мемлекетте өмір сүрсек те, Чарльз Диккенс, Уильям Теккерей, Конан Дойл шығармаларын оқығанда ағылшын қоғамы елестейтін. Содан болар 1992 жылы алғаш рет шетелге шығып, Лондонға, Колчестерге барғанымда, кейбір құбылыстар таныс көрінді.
- Дегенмен, белгілі-бір оқиғаларды қабылдауда қазір әдеби кітаптан гөрі кино өнерінің қоғамға ықпалы басым көрінеді...
- Қазіргі әлемдік әдебиеттің барлығын адам ғұмырын арнаса да, оқып шыға алмайды. Демек, оқырманды жетелеп отыратын шолулар керек. Сәтті түсірілген фильм мен пьеса бір-екі сағаттың ішінде бір ай оқитын кітаптың идеясын жеткізіп, адамға әсер ете алады. Бірақ жазушының көркемдік шеберлігін тек оқығанда толық түсінеміз.
Жазу болмаған бағзы заманда адам ақпаратты көру және есту түйсіктері арқылы алса, қазір, шартты түрде өткенге оралу байқалады. Видео және аудио ақпараттың үлесі артуда.
Дегенмен, мәтіннің орны бөлек. Әдеби шығарма әр адамның қиялына еркіндік береді, мәтінді оқи отырып ол жазылған кезеңді, ондағы кейіпкерлер мен сол ортаны өзінше сипаттай алады. Мысалы, «Абай жолы» романын оқығанда Абайды, сол кездегі қазақ қоғамын мен - өзімше, басқа адам өзінің көрген-білгені мен өмірлік тәжірибесіне сай өзгеше елестетеді. Оқырман шығарманы оқи отырып, өзі де белгілі-бір деңгейде қосарлана шығармашылықпен айналысқандай болады. Яғни, әдебиеттің артықшылығы – осында.
Ал әдеби шығарма экранға шыққанда – режиссердің көзқарасына ілесеміз. Бір жолы Шыңғыс Айтматовпен қатар отырып, «Боранды бекет» романының экрандағы нұсқасын көргеннен кейін: «Жазушының өзі осыны қалай қабылдады екен?» - деген көңілге күмән келді. Бірақ ол кісі сыр білдірмей, сахнаға шығып, ризашылығын айтты. Габриэль Гарсиа Маркестің өз шығармаларын экранға шығаруға көпке дейін рұқсат бермеуі де содан шығар.
Дегенмен, кино мен театр әдеби шығарманың идеясын, құндылықтарын жұртшылыққа, оның ішінде кітап оқымайтын ортаға да кеңірек таратуға көмектеседі.
- Кеңес үкіметімен тұспа-тұс келген жастық шағыңыздағы рухани қажеттілікті қандай кітаптар өтеді?
- Ұлтымыздың өткенін суреттеген тарихи романдар 1960 жылдардан бастап жарыққа шыға бастады. Бәрінің бірдей көркемдік деңгейі жоғары болмаса да, ағартушылық және тәрбиелік бағытта маңызды қызмет атқарды. Себебі, біз кеңес саясаты нәтижесінде ұлтымыздың тарихымен оқулықтар арқылы таныса алмадық. 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейінгі кезең «қараңғы түнек» деп түсіндірілді. Иван Грозный, Петр бірінші, Еуропа патшалары туралы ақпаратқа қанықсақ та, Әл-Фараби, Керей мен Жәнібек, Әбілқайыр, Абылай хан, Кенесары туралы мәлімет жоқтың қасы еді.
Осы тұрғыда қазақтың ішкі сұранысына Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин, Дүкенбай Досжан, Софы Сматаев сияқты қаламгерлердің тарихи романдары жауап берді. Ілияс Есенберлиннің үш томдығын жабыла оқып, сол кездегі қазақтың тұрмысы мен болмысын елестетіп, хандары мен батырлары туралы қиялға берілетінбіз. Миллиондаған қазақтың көкірегінде: «Біз - мемлекеттігі болған, өз мүддесін қорғаған бабалар ұрпағымыз» деген сезім оянды. Қоғамның тарихи санасы тұмшаланған күйзелістен кейін бұл шығармалар ұлтымыздың рухын серпілтті.
Сондықтан, менің ойымша, Желтоқсан көтерілісінің ішкі рухани дайындығында тарихи романдардың әсері ерекше болды. Мүмкін оны сол кездегі жастардың өздері түсінбеген де шығар. Бірақ тарихи шығармалар «қараңғы түнек пен жоқтан» пайда болмағанымызды, мыңдаған жылдық тарихы бар ұлт екенімізді санаға бірте-бірте сіңіре берді. Тарихи романдар тарихымызды суреттеп қана қоймай, ұлттың еңсесін көтерді.
- Тарихи шығармалар әлі де қажет пе?
- Қазіргі болмысымызды түсіну үшін де тарихи жолымыз бен жалпы өркениетке қосқан үлесімізді көрсете алатын шығармалар әлі де керек. Жақында АҚШ-тың Атланта қаласында әлем сарапшылары бас қосқан жиынға қатыстым. Сонда адамзат тарихында мемлекеттік басқару ғылымына үлкен үлес қосқан оншақты ғұламаның алғашқыларының бірі ретінде Әл-Фарабидің есімі аталды. Оның қала, ел басшысына қатысты он екі талабы әлі де өзектілігін жоймаған әрі көшбасшыға қойылатын әлемдік талаптардың негізіне айналған.
Сонда испан елшісінің кезінде: «Сіздер Әл-Фарабимен мақтанасыздар, бірақ оның еңбектерін оқып, өмір жолын білетіндер Қазақстанға қарағанда Испанияда көбірек шығар», - деген сөзі есіме түсті. Сондықтан, Әл-Фараби, Яссауи, Махмұд Қашқариден бастап, Абай мен Шәкәрімге дейінгі ұлы ойшылдар туралы көркем шығармалар мен фильмдер көп болғаны абзал.
Алаш үкіметі, қайраткерлері алдында да борыштымыз. Олардың өмір жолына арналған шығармалардың кеңінен жарық көруі – бүгінгі қажеттілік. Сонымен қатар, 20-30 жылдардағы қуғын-сүргін, рухани-мәдени геноцид, саяси жүйенің қолдан жасаған ашаршылығы әлі де болса әдебиет пен өнерде толық өз көрінісін таба алмай келеді. Бұл кезеңнің бүгінгі болмысымызды қалыптастыруда үлкен із қалдырғаны түсінікті. Біз кейде шайылған құндылықтар тамырын іздегенде сол заманның теріс ықпалын да ескеруіміз керек. Қазақтың мәдени кодын қалыптастыруда бабалар даналығы мен батырлар жыры, Көне түркілерден - Алаш арыстарына, Махамбет пен Исатайдан - Желтоқсан қайраткерлеріне, Әл-Фарабиден - Абайға дейінгі ғұламалар ықпал етіп, шешуші рөл атқарғаны анық. Дегенмен, кеңес дәуіріндегі қыспақ, мәңгүрттену саясатының да әсерін жоққа шығаруға болмайды. Осы тақырып толық ашылмаған сияқты.
- Кейде замандастарымыз арасында техникалық өркендеу заманында «әдебиет не үшін керек?» деген сұрақ туындайды...
- Осыдан 10-15 жыл бұрын бір жорналшы: «Мына жастар «ғашықтар күні» дейді, бірақ өздері махаббаттың не екенін түсінбейді», - деп сұрап еді. Сонда оған: «Махаббаттың не екенін сіз түсінесіз бе? Мен түсінбеймін», - дедім. Махаббаттың құдіретін мыңдаған жыл ешкім түсіне алмай келеді. Сол сияқты әдебиеттің де мақсаты - әр алуан. Біреу әдебиетті «көркем сөз өнері» немесе Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «көрнек өнері» десе, енді біреу - «әлеуметтік тәрбие құралы» деп, «тірнек өнеріне» жақындатады.
Әдебиет - адамзаттың ішкі рухани қажеттілігінен туындаған, соған қызмет ететін ерекше феномен. Әдебиетсіз адамзаттың өркендеуі мүмкін емес. Әдебиет тек қана көрнек өнері емес, көркемдік пен образ арқылы адамзатты тәрбиелеу құралы екені сөзсіз. Ахаң: «Көрнек өнерінде - жылуынан сұлуы, тірнек өнерінде - сұлуынан жылуы», - деген ғой. Өмірде сұлудың да, жылудың да орны мен қажеттілігі бар.
САЯСАТКЕРЛЕР ДЕ КЕЙДЕ ТҮЙСІГІНЕ СҮЙЕНЕДІ
- Көркем әдебиет саяси қайраткер тәрбиелеп шыға ала ма?
- Атақты физик Нильс Бор бір сөзінде: «Қарапайым және терең ақиқаттар болады. Қарапайым ақиқатқа - жалғандық, терең ақиқатқатерең ақиқат қана балама бола алады», - деген. Саясаттың да, саясаткерлердің де түрлі үлгілері бар. Кейде қоғам дамуы туралы жалаң, қарапайым ақиқатқа сүйенген, сол қоғамның өткінші қиындықтары, үрейі, комплекстері, фобиялары арқылы «тетігін» тапқан саясаткерлерде алға шығуы мүмкін. Мысалы, Гитлер мен Муссолиниді де халық сайлаған. Олар өз халқының «жанды жерін» тауып, қарапайым ақиқаттармен өздеріне қаратқан. Алысқа бармай-ақ, қаншама миллион халықтың, оның ішінде қазақтың түгелге жуық көсем, шешен, тұлпар, сұңқарларының көзін жойған Сталинді де жақтап, дәріптейтіндер әлі күнге дейін табылады. Өйткені Сталин саясаты қоғамдық үреймен бірге адам, қоғам психологиясының басқа да әлсіз тұстарын пайдаланған.
Терең ақиқаттар құндылықтар негізіндегі саяси бағдарламалар әділ бәсекеге түскенде көрініс береді. Мысалы, кейде әділеттілік пен еркіндік бір-бірімен қайшылыққа түседі. Либералдық ұстанымдағы адамдар мен бизнес өкілдері бірінші кезекте еркіндікті жоғары қойып, өз күш-қуатын еркін пайдаланып, жұмысын алаңсыз жүргізуді қалайды. Олар үшін әділеттілік деген не? Үкімет кәсібіне кедергі жасамай, салықты көп алмай, тапқанын өзінің қажетіне жаратса, сол - әділетті шешім. Бірақ түрлі себептерге байланысты мемлекеттің көмегінсіз өмір сүре алмайтын әлеуметтік топтар бар. Олар үшін әділеттілік – үкімет жаңағы бизнес өкілдерінің тапқан табысының бір бөлігін алып, ортақ мүддеге жаратуы. Екі шекті көзқарасты үйлестіріп, білім, мәдениет, денсаулық секілді ортақ игіліктерді экономикалық дамумен қатар алып жүру – үкіметтердің міндеті.
Дамыған қоғамның бір ерекшелігі - эволюциялық дамудың сан ғасырлық сипаты олардың санасына сіңіп қалған. Мысалы, қазір еуропалық мемлекеттердің көпшілігінің конституциясында христиан ілімі жазылмаған. Бірақ, ғасырлар бойы саяси, әлеуметтік көзқарастар даму арқылы христиан іліміне тән кейбір құндылықтар, моральдық-этикалық категориялар Еуропа, кейін Америка елдері заңдарында көрініс тапқан. Яғни, рухани құндылықтардың саясатта орны бар. Себебі, заң – саяси жігердің нормативтік көрінісі.
Саяси көзқарас қалыптастыруда халықтың болмысын түсінуде әдебиеттің орны ерекше. Мысалы, Чарльз Диккенстің еңбектері әлеуметтік мәселенің қыр-сырын ашу арқылы ағылшын қоғамдық ойын жаңа деңгейге көтеруге ықпал жасағанын білеміз. Ол жаратушы берген құдірет арқылы қоғамның кемшін тұстарын жұртшылықты ойлантатындай шеберлікпен суреттеді. Диккенс шығармаларын саяси лауазым сияқты қысқа мерзімді мақсат үшін емес, терең рухани құндылықтар мен биік идеалдарға негіздеп жазды. Сондықтан, оның қоғамға да үлкен әсері болды.
Мысалы, таяуда Тұрысбек Сәукетайдың романдарын оқып шықтым. Кейін бұл кітап саяси ойға әсер ететін шығармалар қатарынан табылуы мүмкін. Бірақ егер сондағы ойларды саясаткерлер айтса, басқаша қабылданар еді.
Әлемдегі қаржылық-экономикалық дағдарыстар себептерінің бірі – қаржы-экономикалық саланы реттеу мен оны жүзеге асыруда ықпал ететін адамдардың жалпы адамзаттың құндылықтарға қайшы келетін шешімдер қабылдауында. Сондықтан, олар көркем әдебиеттің үздік шығармаларымен сусындаса, одан бүкіл адамзат ұтады.
Өз халқының әдебиетін, мәдениетін, өткен жолын түсінген саясаткерлер саяси бағдарламасында солардан туған ойды пайдаланады. Саясаткерлер өне бойы сарапшыларға сене бермейді, олар да кейде түйсігіне сүйенеді. Шынайы саясаткердің ішкі түйсігі мықты болады. Қаламгердің әлеуметтік психолог ретіндегі қасиеті ерекше екені анық. Кейде ақындар бір буынмен, бір шумақпен бізге беймәлім жайтты түсіндіріп береді. Оны саясаткерлер ішкі қажеттіліктеріне жарата білсе, ұлттық деңгейде өресін өсіреді. Жалпы өнер адамдарымен араласу, сұхбаттасу өз ұлтын және жалпы адамзаттық құндлықтарды түсіну деңгейін көтереді.
- Өзіңіз жоғарыда айтып кеткен сатиралық шығармаларда саяси тұлғалар көп сыналады. Соларды оқып отырып, өзіңізді немесе әріптестеріңіздің кескін-келбетін аңғарасыз ба?
- Мен әдебиет сыншысы емес, қарапайым оқырманмын. Қатар өмір сүріп жатқаннан кейін жазушының кім туралы жазып отырғанын аңғару қиын емес. Бірақ, жазушы саясаткерлікке жақындап кетсе, ұзақ мерзімді құндылықтар, шығармашылық тазалығы тұрғысында ұтылады. Көркем шығарма арқылы кез келген заманды суреттеуге болады. Қанша қыспақта жүріп, Бердібек Соқпақбаев өзі өмір сүрген ортаның кескін-келбетін сипаттай отырып: «Құшырланып, рахаттанып жаздым, әкем тақыр кедей деп жаздым» - деп жазады. Сонда жазушы жүйенің не нәрсеге итермелеп тұрғанын, қоғамның азып-тозғанын кекесінмен береді. Саяси науқандарға жақындап кетпей, типтік образдар қолданған көркем шығарманың ұзақ мерзімді әсеріде басым болады. Диккенс, Гоголь, Бейімбеттер үлгісі соны көрсетеді.
Біздің қоғамда өзекті ортақ істің бірі - пікірталас мәдениетін жетілдіру. Қазақ: «Сөзге қонақ берген елдің баласымыз» - дейді. Кәсіби пікірталаста маңыздысы - обьектіні дұрыс таңдау. Әдеби пікірталаста оқырманға көбірек пайда әкелетін әдеби шолулар қажет. Сын әдебиетшілер туралы емес, әдебиет туралы болуы тиіс. Өкінішке қарай, бізде өсек-аяңға еріп, сырттай баға беретіндер бар. Өмірі кездеспеген адамның тұлғалық қасиетіне баға берер алдында ақпаратты растап, дәлелдеп алған артық етпейді. Біржақты ақпаратқа сүйенген шығарма саясатшылдық пен науқаншылыққа ұрындырады. Көркем шығармада типтік кейіпкер арқылы қоғамды суреттеуге болады, ал нақты бір тұлғаға қатысты баяғы 50-ші жылдардағы оқымаған шығармаға баға беру сияқты адамның сыртынан тон пішу жөнсіз. Сонда біздің пікір алмасу мәдениетіміз де жетіледі.
- Жазушылар саясат туралы, біздің бүгінгі жүйе туралы толық ақпарат алу үшін саяси элитаның жанында жүріп, ресми түрде солардың ортасынан орын алса қалай болады? Осы екі статустың аражігі едәуір алшақтап кетті ғой...
- Осыдан 15-20 жыл бұрын бір қаламгер Мемлекеттік сыйлық туралы өзінің ұмтылысын айтып, қолғабыс көрсетуге өтініш білдірді. Сонда ол кісіге: «Сіз бұл сыйлықты үлестіретін комиссияның құрамын қараңызшы» - дедім. Ол кезде әр министрліктен бір-бір орынбасарды қосып, комиссия құрамын жасақтайтын еді. «Осы тізімнің ішіндегі кейбіреуі сіздің кітабыңыз түгілі, өмірінде бір қазақ романын оқыды ма екен?! Қалай ойлайсыз, осылардың берген бағасы сіздің кәсіби деңгейіңізді бағалаған сыйлық болып есептеле ме?» - дедім.
Бізде әлі күнге дейін кеңес дәуірін аңсайтындар көп. Мен сол дәуірде 32 жасыма дейін өмір сүрдім. Сол кезеңде ұрлық жасамайтын ұжым болмайтын. Жырымдап, аз-аздан әркім өзіне керегін әкете беретін. Әрине, тұтас кәсіпорынды ұрлау, жекешелендіріп алу мүмкін емес еді. Бірақ ең басты трагедия – ұрлық көлемінде емес, соны жасаған адамды оның достары, көршілері, айналасындағы адамдардың айыптамауында еді. Жалақысы аз қоғам одан басқа не істей алады?! Осылай кеңес үкіметі «мемлекет мүлкі - ешкімдікі емес» деген ұғым қалыптастырды. Нәтижесінде біз тәуелсіздікке құндылықтары шайылған қоғам болып келдік. Жаппай жекешелендіру кезінде мемлекет мүлкін заңсыз иемденіп, қымқырып қалғандар да, қазір жемқорлық «схемаларын» құрғандар да – кеңес жүйесінің төлдері.
Кезінде: «Ресейде екі патша бар: бірі - Николай, екіншісі –Лев Толстой. Айырмашылығы Николай Толстойдан қорқады, Толстой Николайдан қорықпайды» - деген ғой. Әдебиеттің ұзақ мерзімді ықпалы саясаттан жоғары. Саяси элитаның әдеби қауыммен араласуына саясаткерлер мүдделі болуы тиіс.
ӨРКЕНИЕТТЕРДІҢ ШЕҢБЕРІ ҚАСИЕТТІ МӘТІНДЕР АРҚЫЛЫ АЙҚЫНДАЛАДЫ
- Әлемде сұрыпталған көркем шығармаларды қазақ тіліне аударсақ, жаңа ізденістерге жол ашыла ма? Жұрт жиі айтатын аударма мәселесінің мәні мен маңызына тоқталып өтсеңіз...
- Жапон әдебиетінен Басені оқып, өмірбаянымен танысқаннан кейін мені бір жағдай қызықтырды. «Абай жолы» романында Кәкітайлар келе жатып, бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, бір-бір жолдан өлең шығаратын жері бар ғой. XVII ғасырда жапон жазба әдебиетінде сондай дәстүр болыпты. Мысалы, жиырма-отыз, кейде жетпіс ақынның әрқайсы бір-бір жолдан қосып, ортақ өлең жазған.
Жалпы біз еуропа, орыс классиктерінің шығармаларын едәуір жақсы білсек те, жапон, қытай, араб және парсы әдебиетінен хабарымыз аз. Соларды сұрыптап, көпшілікке таныстыратын сын-талдаулар қажет. Жалпы әдеби шолулардың әдебиетті дамытудағы, оқырман талғамын қалыптастырудағы орны ерекше.
Әдебиетіміздің жаңғыру кезеңі - 50-60 жылдары қаламгерлер оқырмандардың тарихи санасын оятып, көкірек көзін ашу үшін тынбай еңбектенгенін айттық. Кеңес жүйесі тарихи себептермен квази кирил әрпі арқылы олардың мүмкіндігін шектеген. Олар ағылшын, француз, неміс тілін меңгермегендіктен, әлемдік әдебиеттің орыс тіліне аударылған нұсқаларымен ғана танысты. Бұл уақытта цензура қатаң еді.
Біздің қазіргі әдебиетшілеріміз жапон, қытай, араб, парсы, ағылшын тілдерін біліп жатса, көп ұтар едік. Әлемдік классиканы қазақ тіліне аударғанда жаңа ізденістер пайда болады. Соның өзінен қазақ тілі баиды. Кейбір пайдаланбай кеткен сөздеріміз айналысқа енуі мүмкін. Мысалы, зерттеушілер Мартин Лютердің «Інжілді» аудару арқылы неміс тілін жаңа деңгейге көтергенін айтады. Әлемдік тілдер көкжиегімізді кеңейтеді, ойдың азаттығына әсер етеді.
Айтпақшы, Бродскийдің «Колыбельная» деген керемет өлеңі бар. Қазақ тіліне аударылса болар еді. Осы тұрғыдан алғанда, ағылшын, француз, орыс, америкалық, латынамерикалық классикалық деңгейдегі жазушыларды не біріктіреді? Олар бір-бірін қалай түсіне алады? Бәрін біріктіріп тұрған – қасиетті мәтін «Інжіл». Олар тарихи бір шығарма жазса, сол «Інжілдің» негізінде көп кейіпкерлерді келтіреді. Себебі, өркениеттердің шеңбері қасиетті мәтіндер арқылы айқындалады.
Сондықтан, Құран Кәрім мәтіндерін қайта аударып отыру қазақтың дүниетанымдық, философиялық және метафизикалық тілін дамытуға көмектеседі. Жалпы қазіргі өркениеттердің шекаралары ортақ, қасиетті мәтіндер арқылы анықталады.
Болашақта «Әдебиет порталы» өзге елдің әдеби шығармаларын сұрыптап, оқырманға ұсынатын шолу жасап отырса, құба-құп. Өйткені, қазір әлемде жарыққа шығып жатқан кітаптар саны өте көп. Оның бәрін қадағалап, оқып отыру мүмкін емес. Сондықтан, бағыт-бағдар беріп, навигация жасайтын қажеттілік бар. «Әдебиет порталында» да шет ел әдебиеті бойынша шолулармен қатар балалар әдебиетіне көңіл бөлінсе дұрыс болар еді. Балалар әдебиеті мемлекет тарапынан ерекше қолдауды қажет етеді. Өйткені, әдебиетсіз жас ұрпақты терең құндылықтарға тәрбиелеу мүмкін емес.
- Кезінде өзіңіз ақындық қырынан танылып, өлең жазыпсыз. Қазақта екінің-бірі қолына қалам алса, төрт жол өлең құрай алатын қасиеті бар ғой. Бұның сыры неде деп ойлайсыз?
- Жалпы ұйқас ұлттық кодымызда бар, бізге оңайырақ беріледі. Ырғақтық сезім ұлттық болмысымызға тән. Иосиф Бродский поэзия мен прозаны салыстырған еңбегінде: «Поэзия көшпенділердің көш ырғағынан бастау алады», - деп жазған. Шынында да, аттың жалында, түйенің қомында, көшіп келе жатқан қазақ белгілі бір ырғаққа ілеседі. Ырғақ ритмиканы сезінуге септігін тигізеді. Бірақ көшпенділікті фетишке айналдырмау керек. Кезінде климаттық-табиғи өзгерістер көшпенділікке мәжбүрлеген. Оған дейін отырықшы да болдық. Көшпенді мәдениет алтын адам жасай алмайды. Бірнеше буын, ұрпақтардың сабақтастығы арқылы шеберлік жинақталуы керек. Бір жерде топтасқан қала болуы шарт. Сонда ғана шеберлер оқшауланып шығып, мамандану болады. Бірақ көшпенділіктің де артықшылығы көп, оны пайдалана білсе, демократиялық қоғам, құқықтық мемлекет нарықтық экономика құрудағы пайдасы мол. Бұл құндылықтар - ашықтық пен бейімделгіштік, жаңашылдық пен төзімпаздық.
- Ақындардың шығармашылығы саяси тұлғаның образына еніп, жұртты соңына жұмылдыра ала ма? Өркениетті елдерде ақынның орны қандай?
- АҚШ-та жақсы дәстүр бар: президенттің ұлықтау рәсімінде бір ақын келіп өлең оқиды. Роберт Фросттың «Come in» деген өлеңі бар. Жолма жол аударғанда: «Мен бірде орманның шетіне жақындадым, құстың саңқ еткен үні шықты. Бұл кезде орманның маңы - қара көлеңке, кеш батты, ал ішінде - тіпті қараңғы еді. Оның қараңғылығы сондай, ұшып келе жатқан құс өзінің қонатын бұтағын ештеңені соқпай табуы қиын еді», - деп бастап, сосын батып бара жатқан күнге жоқтау айтқандай, әдемі суреттеп келеді де: «Осындай керемет дүние, егер мені біреу ішіне шақырса кірер едім, бірақ мені ешкім шақырған жоқ», - деп аяқталады. Былай қарағанда, соғыс пен ұлтжандылыққа еш қатысы жоқтай көрінеді. Бірақ сезімді тербейтін әдемі суреттеу адамға соншалықты әсер ететінін түсінген АҚШ үкіметі соғыс кезінде сарбаздарының рухын көтеру үшін қағазды тікұшақпен елу мың тиражбен шашып, таратқан. Әдебиеттің осылай кейде белгілі-бір, қысқа кезеңдегі тәрбиеге де тікелей әсері болады. Ал оның ұзақ мерзімді терең құндылықтар екенін қанша ғасыр бұрынғы Фирдоуси, Шекспир, Гете, Абай, Қазтуған, Шалкиіз, Махамбет жырлары паш етеді. Өйткені олардың туындылары - сол заманның үні ғана емес, адамзаттың, ұлтымыздың рухани жаңғыруының құрамдас бөлігі.
-Әдеби әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.