Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Алты алаштан сөз оздырған Ғали Орманов...

24.08.2022 2851

Алты алаштан сөз оздырған Ғали Орманов 14+

Алты алаштан сөз оздырған Ғали Орманов - adebiportal.kz

 

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында 2022 жылдың 23 тамыз күні сағат 15:00-де  ақын, публицист, ағартушы Ғали Ормановтың туғанына 115 жыл толуына орай «Алты алаштан сөз оздырған» атты әдеби-сазды кеші өтті.  


Ғали Орманов 1907 жылы 15 тамызда Алматы облысы Қапал ауданы Қызыл жұлдыз ауылында дүниеге келген. Ақын 1929 – 60 жылдар аралығында Іле ауданы оқу бөлімінің меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Жамбыл ақынның әдеби хатшысы, «Майдан» альманағының редакторы, «Әдебиет және искусство» журналының жауапты редакторы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, секция меңгерушісі қызметтерін атқарған. Тұңғыш өлеңдер жинағы “Шеңбер” деген атпен 1934 жылы жарық көрді. 1934 жылы «Шәуілдір», 1935 жылы «Алынған қамал» дастандары,  1935 жылы «Көтерме» атты прозалық жинағы, 1936 жылы «Абысын сыры» жыр кітабы жарыққа шықты. 1941 жылы «Халық – қаһарман», 1944 жылы «Емен» атты жыр кітаптарында соғыстың ауыртпалығын, жауынгерлердің Отанға деген сүйіспеншілігі жолындағы ерліктерін, тылдағы тынымсыз еңбекті суреттеді. Ақын поэзиясы айшықты тілінің ажарымен, оның асыл қазыналарын қолданудағы шеберлігімен ерекшеленеді. 1948 жылы «Өмір дастаны», 1949 жылы «Бөбек жүрегі», 1957 жылы «Сәт сапарда», 1961 жылы «Ой қанаты», 1965 жылы «От өзен», 1972 жылы «Жер қазығы», 1975 жылы «Жыр қанаты», 1976 жылы «Жылдар жыры», т.б. өлең жинақтарында әлеуметтік оқиғаны суреттеуде ақындық шеберлік танытты. 


Ол қырғыз эпосы «Манастың» 1-кітабын, А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың, Ян Райнистің, Ф.Мақтымқұлының, А.Тоқомбаевтың бірқатар дастандарын, Л.Н. Толстойдың «Анна Каренина» романын, Н.В. Гогольдің «Нева проспектісі» повесін, А.П. Чеховтың әңгімелерін, М.С. Бубенцовтың «Ақ қайың» романын, М.Тұрсын-Заденің «Үндістан балладалары» өлең кітабын қазақ тіліне аударды. Ғали Ормановтың көптеген туындылары шетел тілдеріне тәржімаланған. Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Ленин ордендерімен, бірнеше төсбелгілермен марапатталған. 


Іс-шараның басты мақсаты ақын, публицист, ағартушы Ғали Ормановтың шығармашылығымен кеңінен танысу және ғибратты ғұмырынан өнеге алу. Әдеби кеште журналист, Қазақстан радиосының «Алтын дауыс» иегері Манай Ғылымқал Жетісу облысы әкімінің құттықтау хатын оқып, салихалы кешті салтанатты түрде жүргізді. Кеште Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Тобаяқов Бақытжан Ошақбайұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми қызметкері Гүлназ Төкенқызы, химия ғылымдарының докторы, академик, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты Махмотов Ербол Сахитұлы, ұстаз, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айтова Жанат Тұрысбекқызы, әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахимова, жас ақын, дәстүрлі ән-жыр термеші Есхат Нұрәли, ақпарат саласының үздігі, Қазақ радиосының ардагер-дикторы Молдахметова Күләш Кәйләнқызы, Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназия оқушылары, сондай-ақ ақынның жиен немересі қаламгер Қырықбаев Айдар,  ғылым және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, қалалық мектеп мұғалімдері, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар