Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Алуа Темірболат. Жасанды интеллект жасаған шығарма...

21.02.2024 1822

Алуа Темірболат. Жасанды интеллект жасаған шығармалар әдебиеттанушылардың нысанына айналуда... 14+

Алуа Темірболат. Жасанды интеллект жасаған шығармалар әдебиеттанушылардың нысанына айналуда... - adebiportal.kz

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Еуропа жаратылыстану академиясының академигі, Украинадағы Әдебиет және өнер халықаралық академиясының академигі Алуа Берікбайқызы көптеген ғылыми еңбектердің, монографиялар мен оқулықтардың авторы. Бұл күнде Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңнерушісі болып қызымет атқарып жатқан ғалыммен, қазіргі әдебиеттану ғылымына қатысты сауалдарымызды жолдаған едік. Сол әңгіменің ауанын бұзбай назарларыңызға ұсынып отырмыз.   

- Құрметті Алуа Берікбайқызы, Сіз саналы өміріңізді әдебиеттану ғылымына, оқу ісіне арнап келе жатқан көрнекті ғалымсыз, білікті ұстазсыз. Осы тұрғыдан келгенде сіздер оқытып жатқан болашақ әдебиетшілердің бүгінгі таным-түсінігі, ғылымға қызығушылығы мен талап, тілегі қандай?

- Болашақ әдебиеттанушылар қазақ және әлем әдебиеті классиктерінің шығармашылығына ғана емес, бұқаралық, желілік әдебиетке де қызығушылық танытады. Көпшілігі әлеуметтік желілерде өз шығармаларын – эсселер, қысқа әңгімелер, өлеңдер жариялайды. Қазіргі студенттер әдебиеттану, тіл білімі саласы мен қатар журналистика, кино өнері, анимация, актерлік шеберлік сияқты басқа салаларда да білім алуға тырысады. Оларды қазіргі қоғамдағы практикалық маңызы мен өзектілігі бар мәселелер қызықтырады. Осыған байланысты филология факультетінің студенттері «Желілік әдебиет», «Бұқаралық әдебиет», «Риторика және спичрайтинг», «Риторика және копирайтинг», «SMM-менеджмент», «Әдеби коучинг», «Шығармашылық тұлға зертханасы», «Әдебиет маркетингі» сияқты пәндерге қызығушылық танытады.

Студенттердің тілектері мен мүдделерін, қазіргі еңбек нарығының үрдістерін ескере отырып, біз бакалавриатта «Әдебиеттану» мамандығын аштық, осылайша әдебиеттану, фольклористика және риторика саласында үш сатылы (бакалавриат-магистратура-докторантура) кадрлар даярлауды қамтамасыз еттік. Осы білім беру бағдарламасының түлектері ғылыми зерттеулермен, оқытушылық және шығармашылық қызметпен айналыса алады. «Әдебиеттану» даярлау бағыты бойынша бакалавриат, магистратура және докторантура студенттерінің алған білімдері мен практикалық дағдылары ғылыми қызметкерлер, жоғары және орта оқу орындарының оқытушылары, жазушылар, сценаристер, әдеби агенттер, коучерлер, аудармашылар, журналистер, әдеби кеңесшілер, редакторлар ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. 

Біз «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде мазмұнын жаңарттық. Осы мамандық бойынша білім алатын студенттер «Әдеби редакциялау», «Ғылыми, әдеби-сыни, публицистикалық мақалалар жазу әдістемесі», «Қазіргі заманғы кітап нарығы және баспа ісі», «Қазіргі әдеби үдерістегі Интернеттің рөлі», «Әдеби пәндерді оқытудың инновациялық және компьютерлік технологиялары» және т.б. пәндерді оқиды.

- Қазіргі әдебиеттану саласындағы плагиат мәселесі де күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселелердің бірі. Плагиаттың да түр-түрі пайда болып, жетіліп, күрделеніп келеді. Ғылымдағы бұл тартыспен қалай күресіп, қалай тоқтатуға болады? 

- Плагиат – ғылым мен білім беру саласындағы маңызды мәселе. Ғылыми еңбектерге кең қол жетімділікке байланысты дұрыс емес қолданылған дәйексөздер мен жұмыстардың сәйкестіктері байқалады. Бүгінгі таңда ғылыми жұмыстарды плагиатқа тексеретін арнайы бағдарламалар әзірленіп, енгізілді (https://antiplagiatvuz.kz/, https://antiplagiat.ru/, https://antiplagius.ru / және т. б.). Плагиаттан қорғаудың бір әдісі ретінде электронды депонилеу қолданылады. Ғылыми мәтіндер базасын ретке келтіруге бағытталған репозиторийлер құрылып жатыр.

- Қазіргі отандық әдебиеттану ғылымының жетістіктеріне көңіліңіз тола ма? Қазіргі әдебиет теориясы, әдебиет сыны бүгінгі әдеби үрдіске ілесіп, ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, өз арнасын тауып келе ме? 

- Отандық әдебиеттану әлемдік ғылымның жетістіктері мен тенденцияларына сәйкес дамуда. Пәнаралық зерттеулер жүргізілуде, когнитивті, психологиялық, цифрлық, феминистік әдебиеттану сияқты жаңа бағыттар қалыптасуда. Соңғы жылдары филология ғылымында ақпараттық технологияларды қолдану мәселесіне көп назар аударылады. Қазіргі уақытта отандық әдебиеттануда жасанды интеллект бойынша зерттеулер жүргізілуде.

Отандық ғылымда екі тенденция байқалады. Біріншісі қазақ әдебиетінің даму тарихын, нақты жазушылардың шығармашылығын, олардың өмірбаянын, мұрасын, әдеби үдерістегі орны мен рөлін зерттеумен байланысты. Екіншісі әдебиеттанудың іргелі және қолданбалы мәселелерімен айналысады. Дегенмен, әлі де шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Біріншіден, әдебиеттану мен фольклортанудың іргелі мәселелерін қозғайтын зерттеулер аз. Ғылымдардың жаһандануы мен интеграциясы жағдайында әдебиеттанушылар басқа ғылыми салалардың – әлеуметтану, психология, кванттық физика және т.б. ғалымдармен бірлесе пәнаралық зерттеулер жүргізуі керек. Екіншіден, қазақ тіліндегі зерттеулердің жеткіліксіздігі. Әдебиеттанудың өзекті мәселелері бойынша жұмыстардың көбісі орыс және ағылшын тілдерінде жазылған. Қазіргі филология ғылымының мемлекеттік тілдегі жетістіктерін көрсететін оқулықтар, оқу құралдары қажет.

Қазіргі гуманитарлық ғылымның жетістіктерін, отандық әдебиеттанудың даму тенденцияларын ескере отырып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ғалым-оқытушылары өздерінің ғылыми жобаларын дайындайды, дипломдық жұмыстардың, магистрлік және докторлық диссертациялардың тақырыптары бойынша жетекшілік етеді. Мысалы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлау шеңберінде білім алушыларға жоғары және орта оқу орындарында әдебиетті, фольклорды, риториканы және  қазақ тіліноқытудың инновациялық әдістері мен технологиялары бойынша зерттеулер ұсынылады. Пәндердің педагогикалық компонентіне көп назар аударылады. «Әдебиеттану» білім беру бағдарламасының түлектеріне әдебиеттану мен фольклористиканың іргелі және қолданбалы мәселелері, қазақ және шет ел жазушыларының шығармашылығын салыстырмалы зерттеу бойынша тақырыптар ұсынылады.

- Сіздің зерттеу нысандарыңыздың бірі қазіргі прозадағы хронотоп мәселесі. М.М. Бахтин негізін қалаған осы ұғымның біздің әдебиеттегі көрінісі мен өзіндік ерекшелігі туралы айтып кетсеңіз?

- Хронотоп категориясы күрделі және қызықты мәселе. Оны зерттеу аспектілері қазіргі кванттық физиканың ашылуына, философиялық ойдың даму тенденцияларына байланысты үнемі жаңарып отырады. Ғылымның жетістіктері жазушылардың санасында, олардың болмыс пен тұлға туралы тұжырымдамасында, уақыт пен кеңістік категорияларын қабылдауда көрінеді. Мысалы, қазіргі қазақ прозасында хронотоптың көпөлшемдік, үзітілік сияқты ерекшеліктері көрінеді. Жазушылардың шығармашылығында уақыт пен кеңістіктің тарихи, мәдени, әлеуметтік, онейрликалык, мифологиялық секілді бірнеше түрі бейнеленген:. Қазақ жазушылары кейіпкерлердің психологиясына, олардың жаны мен санасының кеңістігіне, естеліктердің хронотопына көп назар аударады.

- Сіздің ғылыми еңбектеріңіздің бірі «Әдебиеттанудағы мектептер мен бағыттар» деп аталады. Біздің әдебиеттану ғылымымыздағы басты мектептер мен бағыттарға қысқаша тоқтала кетсеңіз. Қазіргі әдебиеттану саласында сізді қандай мәселелер ойландырады, мазалайды?

- Біздің әдебиеттанудағы басты мектептер мен бағыттар: салыстырмалы әдебиеттану, текстологиялық зерттеулер, интертекстуалдық компаративистика, психологиялық әдебиеттану, герменевтикалық және пәнаралық зерттеулер.

Қазіргі уақытта мен хронотоп пен темпоралды ырғақ мәселесі бойынша зерттеулерімді жалғастырудамын. Мен когнитивті әдебиеттану, ақпараттық технологияларды, жасанды интеллектті ғылыми зерттеулерде және әдебиеттану пәндерін оқытуда қолдану бойынша зерттеулер жүргіземін.

- Қазіргі әлем әдебиетіндегі тенденцияға байланысты жаһандық әдебиет теориясы, әдебиеттану ғылымында қандай өзгерістер орын алып жатыр? Олар нені көбірек зерттейді, нені көбірек қаузайды?

- Қазіргі әдебиеттану пәнаралық зерттеулерге көп назар аударады. Жазушылардың шығармашылығын қарастыра отырып, ғалымдар туындыларды психология, семиотика, релятивизм, синергетика, қарым-қатынас теориясы тұрғысынан талдайды. Желілік әдебиет, жасанды интеллект жасаған шығармалар әдебиеттанушылардың нысанына айналуда. Сонымен қатар, көркем мәтіндерді интермедиялық талдауға қызығушылық белең алып келеді.

Әдебиеттанушы-ғалымдарды толғандыратын мәселелер: әртүрлі әдеби жанрлар арасындағы шекараларды нивелирлеу, желілік және бұқаралық әдебиеттердің кең таралуы, әлеуметтік желілерде жарияланатын сапасыз мазмұны бар шығармалар.

- Тәуелсіздік жылдарынан бергі қазақ әдебиетінің бағыт-бағдарын, даму үрдісін, қиын кезеңдерін бақылап, зерттеп жүрген ғалым ретінде қазақ әдебиетінің болашағын қалай елестетесіз? Біздің қаламгерлерге не жетіспейді? Болмаса өзге жұрттың қаламгерлерінен несімен ерекшелене алады?

- Қазіргі қазақ әдебиетін дамытудың зор понтенциалы бар, мүмкіндігі мол. Жазушылар тақырыптарды, кейіпкерлерді таңдауда еркін. Олар стильмен, жанрмен эксперимент жасауы мүмкін. Ақпараттың үлкен ағыны шығармалардың мазмұнын әртараптандырады, олардың құрылымы жаңартылады. Интернеттің арқасында әдебиет оқырмандардың кең ауқымына ие болды.

Мәселелер де бар. Кітап нарығының тенденцияларын ұстануға ұмтылған кейбір жазушылар өз шығармаларының мазмұнының сапасын елемейді. Олар көтеріп жатқан мәселені ашудың тереңдігін жоғалтады және әдеби тілдің нормалары мен ережелерін бұза отырып, тілге немқұрайлы қарайды.

Егер өзге жұрттың қаламгерлерінен ерекшелігі туралы айтатын болсақ, онда ең алдымен жазушылар шығармаларда қоғам мен жеке тұлғаның болмысының, әлемде болып жатқан оқиғалардың дамуының әртүрлі модельдерін көріп, бейнелей алатынын атап өткен жөн.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар