18 наурыз, 2022 жыл
«Театр тобырды - ұлтқа айналдыратын орын» деген екен неміс жазушысы Томас Манн. Әсіресе, дәл бүгінгідей алмағайып заманда, жақсы менен жаманның парқын айыра алмай дағдарып қалған пенде баласының бойындағы адамгершілікті театр арқылы ғана қайта оятуға болатын сияқты.
Дей тұрсақ та соңғы отыз жылда қоғамдағы өзгерістердің жылдам болғаны соншалық, театр өмірдегі құбылыстардың бәрін қамтуға үлгіре алмай жатыр. Міне, сондықтан да адам бойындағы имандылықты өлтіріп алмау үшін Шекспир, Мольер, Чехов сияқты әлем әдебиеті классиктерінің туындыларын қайта сахналап, көрермен назарына ұсынып отырғанның пайдасы мол. Осыған орай, қазақ әдебиетінің де адамзатқа ортақ құндылықтарды асқан шеберлікпен суреттеген таланттары бар екенін ұмытуға болмайды. Сондай санаулы қаламгерлердің бірі – Төлен Әбдікұлы.
Кеше елордамыздағы Жастар театрынан жазушының «Қыз Бәтіш пен Ер Сейіт» әңгімесінің желісі бойынша қойылған «Өтелмеген парыз» драмасын көріп, жақсы әсер алдым. Әрине, көрермен ықыластана тамашалаған қойылымның әлі де дамыта түсуді қажет ететін тұстары бар. Соған қарамастан шығарманың идеясы мені ойландырып, қайғылы оқиғасы қатты тебірентті. Драма аяқталғанда жүрегім елжіреп, көзіме жас келді.
24 наурыз , 2022 жыл
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің жанынан құрылған Абай академиясы ұлы Абайдың шығармашылығын зерттеу және насихаттау мақсатында көп жұмыс жасады. Жыл сайын осы институт Абайтануға қатысты ондаған еңбектерді жарыққа шығарып, хәкім мұрасының көпқабатты сипатын, мәнін талдауға зор үлес қосып келеді.
Уақыт тауып, таяуда солардың біразымен танысып шықтым. Міне, бүгін филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраевтың «Абай феномені» атты еңбегін оқып, жақсы әсер алдым. Абай поэзиясын, қара сөздерін жан-жақты талдаған іргелі зерттеуге назарым кідірістеп, ұлы ақынды мүлде басқа, жаңа, бұрын-соңды байқамаған қырынан көргендей болдым.
Әрине, Абай шығармаларының тереңдігі осы салада ізденіп жүрген ғалымға қай жағынан алсақ та мол азық болары сөзсіз. Дегенмен, кемеңгердің сөзін, сөз тіркесін, шумағын т.б. тілге тиек ете отырып, кейбір зерттеушілердің ұлы ақынның ойынан гөрі өз ойын тықпалауға әуес келетіні жасырын емес. Кезінде мұндай олқылықтың бар екенін байқаған академик Зәки Ахметов «Поэзиялық шығарманы тек онда айтылған ой-пікірлер тұрғысынан қарап бағалаудың осал жағы – көркем шығармадан бөліп алып, ондағы ой мен сезім-әсер жалғастығын еске алмаған соң, олардың өзі жай, жалпылама жадағай пікірлер болады да шығады» деген болатын. Міне, сондықтан да мәтіннің тұтастығын қамтамасыз ететін әдістемелік ұстанымдарды негізге алып, оны бір ізге сала отырып жазылған «Абай феномені» сияқты ғылыми зерттеулердің маңызы өзге еңбектерден зор.
Абай ұлтымыздың ғана емес, жалпы әлем әдебиетіндегі ойшыл ақындардың еш қайсысына да ұқсамайтын, қайталанбайтын жұмбақ құбылыс. Кезінде Пьер Бурдье кез келген қаламгердің әдебиет алаңындағы қызметінің астарында төрт түрлі – экономикалық, әлеуметтік, мәдени және символдық капитал жинау мақсаты жататынын айтқаны белгілі. Алайда, Абайдың сөз өнеріндегі қызметінде француз ғалымы айтатын капитал жинау ниетінің бірде-бірі жоқ. Кемеңгердің бұл ерекшелігін Шәкір Ибраев өте жақсы байқап, ғылыми тұрғыдан негіздеп береді. Шындығында да Абай шығармашылығы қамын іздеуден (экономикалық), жоғары лауазым мен мәртебеге ие болудан (әлеуметтік), асқан білімпаздығы мен талантын дәлелдеуден (мәдени) және өз ортасынан даңқ, бедел жинау, басқаларға өзін мойындату (символдық) ниетінен мүлдем алыс. Шәкір Ибраевтың айтуынша, Абай құбылысын шығармашылықтың жаңа бір түрі – суреткердің өз қоғамын терістеуден, әлеуметтік ортаның қарама-қарсы жағына шығып, оны аяусыз сынға алудан туындыған психологиялық «капитал» деуге болады. Хәкім дәстүрлі ақындық жолдан бас тартып, сөз өнерін күнкөріс қамына айналдыруға қарсы болып, әдебиеттің қалай болуы керектігін, көркемдік-эстетикалық, танымдық, тәрбиелік мәнін жаңаша саралады. Міне, сондықтан да Абайдың ақындығы талантына сай емес қоғамда өтіп, жалғыздықтың зарын тартты.
Өз еңбегінде Шәкір Ибраев ұлы ақынның ағартушылық қызметінің маңыздылығына ерекше тоқталыпты.
«Абайдың ағартушылығы – бүкіл қазақ қоғамын тежеген, ұлттың қанына сіңіп кеткен кеселден айығудың жолын іздеу, надандықтың неге әкеліп соқтыратынын аңғарту. Бұл жерде социум ахуалы, білімі, мәдениеті, тәрбиесі, діні, ділі, қысқасы ұлттық құндылық тұтас зерделенеді.
Абай – біздің ұлттық құндылығымызды замана контексінде қайта жинақтап отыруға шақыратын тұлға. Уақыт озса да ұлтты сақтайтын, алға жылжытатын, ынтымағын, бірлігін нығайтатын интеллектуалдық әлеуетін арттыратын идея Абай мұрасында жатыр».
2 сәуір, 2022 жыл
«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» депті әдебиетіміздің классигі Әбіш Кекілбайұлы. Наурыз айынан бастап елордадағы Ұлттық кітапхана менің ең сүйікті жұмыс орныма айналды. Мына жалған дүниеде ақылды кітаптармен сырласқаннан артық ғанибет жоқ екен, шындығында да.
Міне, бүгін академик Сейіт Қасқабасовтың «Абай» туралы еңбегін ризашылық сезіммен оқып шығып, жанымды мазалап жүрген біраз сұрақтардың жауабын тауып, рахаттанып қалдым. Бұл кітапта академиктің хәкім Абайдың ақындық, азаматтық тұлғасы жайлы әр жылдары жазылған ғылыми мақалалары жинақталыпты, поэзиясының ренессанстық сипаты, әдебиеттегі ұлы ойшыл қалыптастырған сыншылдық, шыншылдық, имандылық мәселелері жайлы тың тың тұжырымдары тиянақталыпты, көлемі 100 беттей шағын дүниемен адамды ойландыратын, толғандыратын көп нәрсе айтып тастапты.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын». Кітапты оқып бола салысымен, Сейіт ағама хабарластым. Алған әсерімді айтып, телефон арқылы екеуміз бір сағаттан артық сөйлесіп, ол докторлық диссертацияма байланысты ақыл-кеңестерін берді.
Менің ойымша «Абай» жаңалығы көп кітап. Өз басым ұлы Абайдың «Ескендір» поэмасын тап осылай терең әрі жан-жақты талдаған зерттеуді бұрын-соңды оқыған емеспін. Әсіресе, маған Абай поэзиясының ренессанстық сипаты атты еңбек қатты ұнады.
Расында, да күні кешеге дейін гуманитарлық ғылымда Ренессанс ұғымын еуропоцентристік тұрғыда түсіну орын алып келгені жасырын емес. Алайда, ХХ ғасырдың соңғы ширегінен бастап, Ренессанс тек Батыс Еуропада ғана емес, Шығыс халықтары тарихында да орын алғаны айтылып, жазылып, дәлелденді. «Мусульманский Ренессанс», «Иранский Ренессанс», «Восточный Ренессанс» деген ұғымдар – бүгінде толық мойындалды.
Сейіт Қасқабасов өз кітабында жалпы заңдылықтардан ада емес, әрі өзіміздің өзгешелігімізден де құралақан емес Ренессансымыздың бар екенін тілге тиек етіп, қазақ қоғымының Ренессансы Абайдан бастау алатынын дәлелдейді.
7 сәуір, 2022 жыл
«Батыс-Шығыс Диуаны» атты мазмұны бай, мағынасы терең еңбекті оқып шығып, Шығыс шайырларына әулиедей табынған Гетенің парасаттылығына сүйсініп, даналығына риза болдым. Кітапта Ислам діні туралы айтылған жүрегіңді елжіретіп жіберетін жылы сөздер көп.
***
Егер Ислам Аллаға мойынсұну болса, біз бәріміз Исламда өмір сүріп, Исламда өлеміз.
***
Бір Аллаға деген сенім әр уақытта рухыңды биік етеді, өйткені ол адамның -рухани тұтастығының өлшемі.
***
Біздер Еуропа халықтары мәдениетіміздің айрықша дамығанымен хазірет Мұхаммедтің ұлылығының ең бірінші сатысында ғана тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Және бұдан кейін де одан ешкімнің аса алуы мүмкін емес.
***
Алланың тоқсан тоғыз сипатын айтып мұсылмандардың таспих тартуының өзі өте ұлық ғибадат. Тәңірге тән барлық сипаттарды бір негізде еске алу Оның құдіретінің аса шексіздігін білдіреді, сондықтан мұсылмандар Оның еркіне бағынып, тыныштық табады.
8 сәуір, 2022 жыл
Кеше ақшам мезгілінде еліміздегі белгілі азаматтармен бас қосып, биыл ЮНЕСКО-деңгейінде өтетін Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңындағы дайындықтың барысын талқыладық. Ахаңның есімін халықаралық деңгейде ұлықтап, лайықты құрмет көрсету ұлтымыздың алдындағы - ұлы сын. Бізді имандай ұйытатын елдігіміз, ұлттық мәселеде ұйыса кететін ауызбіршілігіміз, есті халық екенімізді танытатын парасатымыз міне осындай сын сағатта көрінуге тиіс.
Айтуға жеңіл болғанымен, Ахаңның тойын өз дәрежесінде өткізуге байланысты туындап жатқан қиындықтар пішен, шешімін таппаған күрмеуі күрделі мәселелер де шаш-етектен. Соның ішіндегі ең маңыздысы да, тағдырлысы да – жол. Қазір бір ауылдан екіншісіне жету торғайлықтар үшін мұңды мәселеге айналды.
Тәуелсіздіктен кейін Қазақстандағы ең ауыр азап шегіп, ең көп тауқымет тартқан екі елді мекен болса, соның бірі – Торғай. Біреу болса – ол тағы да Торғай шығар. Облыс жабылғаннан кейін ел азып-тозып кетті, шамасы жеткендер Қостанай мен Астанаға, мүмкіндігі шамалылар Арқалыққа, жағдайы мүшкілдер, амалының жоқтығынан ауылда қалып қойды. Бұрын Торғайдың кең даласына симай мыңғыраған малдан бұл күндері тігерге тұяқ қалмай бара жатыр.
Көрген қорлығымыз аздай, ұлт үшін жанын құрбандыққа шалып, қазақ тілінің келешегін ойлап күні-түні көз ілмей еңбек етіп, қасіреттің қанын жұтқан Ахаңның ұлы тойы қарсаңында Торғай облысының ашылмай қалуы бізге тағы да ауыр соққы болып тиді. Ұлттығымыздың ұясы болған Торғайды ұмыту, халықтығымыз бен елдігіміз деген терең ұғымдарды былай қойғанда, азаматтығымызды ұмытқан мәңгүрттіктің басы емес пе деп қорқамын. Санасында сәулесі бар болса, билік басындағы атқамінерлер неге осыны ескермеген?
Ахаң болмағанда, оның жасап кеткен грамматикасы болмағанда Батыстың да, Шығыстың да, Солтүстік пен Оңтүстіктің де қазақтары орысша, өзбекше немесе татарша шүлдірлеп жүрер едік қой. Міне, сондықтан да Ахаңның рухына құрмет көрсету бойында қазақтық қаны бар әр азаматтың қасиетті парызы болуға тиіс.
Ұлт ұстазы туған ауылға дұрыс жол салып беру де бүгінгі ресми биліктің кезек күттірмес шаруасына айналуы керек. Ақша жоқ деген сылтау ғана. Назарбаевтың бір күйеу баласының ғана Қазақстанды отыз жыл бойы сүліктей сорып, тонаған ақшасы Торғайды қайта тірілтіп, елді-мекенді қайта жандандыруға молынан жетеді.
9 сәуір, 2022 жыл
«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының жобасы негізінде 2020 жылы жарық көрген Сұлтан Ыбырайдың «Жарым адамнан – толық адамға» зерттеуін өз басым Абайтану ғылымына қосылған жаңалық ретінде қабылдадым. Автор бүгінде хакімнің «38 қара сөзі» болып кеткен «Кітап тасдиқ» еңбегін «толық адам» тұжырамдамасы аясында қарастырып, оны коучинг тәсілімен көпшілікке түсінікті тілмен әдемі жеткізіпті. Зерттеушінің, ізденушінің кітабына алғысөз жазған филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы «Автордың қазақ қоғамы шешудің аңсаған Абай жұмбағына батыл баруы әрі «38-қара сөз» құпиясын табуға ұмтылуы – азаматтық, білімділік өрісінің дәлелі» деген екен. Мен де бұл пікірге толық қосыламын. Сұлтан бауырымның бұрын-соңды көп адам байқамаған дүниелерге назар аударып, оны ғылыми негізде саралаған кейбір пайымдары менің Абайтану саласындағы ізденісімді байыта түсті. Кітап авторына алғысымды білдіре отырып, осы еңбектің ұнаған жерлерін дәптерімен түртіп алдым.
12 сәуір, 2022 жыл
Мен ол кісіні өмірімде бір-ақ рет көрдім, кеңінен көсіліп сөйлесуге уақытымыз да болмады. Еуразия Ұлттық университетінің магистратурасын тәмәмдаған бір топ түлектері ғылыми жұмысымызды қорғағанда, Алматыдан арнайы келіп бізді тыңдап, еңбегімізді бағалады. Мінезі жұмсақ, пейілі кең, өте қарапайым, дархандығы даладай, зиялыға тән асыл қасиеттерді бойына сіңірген азамат екен. Сол күні магистрлық дипломдарымызды жуып, ағамызбен дастархандас болудың сәті түсті. Енді міне сол кезде бізге тілектес болып, жылы сөздерін аямаған Темірхан Тебегенов ағамыз келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне аттанып кетіпті. Жаныңыз жәнаттың төрінде болып, нұрыңыз пейіште шалқысын жақсы аға! Сізбен бір жүздесіп, алғысымды айтып, емін-еркін сырласқым келіп жүр еді. Амал қанша? Қоштасу сөзін айтуға тура келіп тұр.
13 сәуір, 2022 жыл
Колумбия жазушысы Габриэль Гарсиа Маркестің магиялық реализмі туралы осы күнге дейін аз әңгіме айтылған жоқ. Әйгілі суреткердің жаһан әдебиетін дүр сілкіндірген «Жүз жылдық жалғыздық» романы миллиондаған таралыммен жарық көріп, әлем оқырмандарының сүйікті шығармасына айналғанына қай заман.
Мен оны тұңғыш рет университетте білім алып жүрген 1989 жылы оқыдым. Роман емес, ертегілер еліне саяхат шеккізе отырып, бүгінгі болмысыңды, мойындағың келмейтін шындығыңды, тартқан тауқыметіңді, өзгелерден көрген зорлық-зомбылығыңды бір сөзбен айтқанда ұлтыңның ақиқаты мен қайғы-қасіретін тап осылай аңыздың тілімен жеткізген, қара сөзбен жазылған поэманы мен құдды бір өлеңінің ұйқасы сыңғырлаған дастанды оқығандай екі күнде тәмәмдап тастадым. Жастықтың желігімен, романтикалық көңіл-күйден арыла алмай жүрген маған бұл эпос, тілінен, ділінен, дінінен айырылып қала жаздап, біресе орыстың бодандығында бордай езіліп, енді біресе Кеңестік империяның құлдығында азып-тозып кеткен ұлтымыздың қасіретін жырлаған, қазақ суреткерінің қаламынан туған шығармадай әсер етті. Орыс тіліне өте сәтті тәржімалаған романның (Н.Бутырина мен В.Столбованың аудармасы) ақындық шабытпен жазылған бірінші тарауын қайта-қайта сүйсініп оқып, жаттап та алдым. «Пройдет много лет, и полковник Аурелиано Буэндиа, стоя у стены в ожиданий расстрела, вспомнить тот далекий вечер, когда отец взял его с сабой посмотреть на лед. Макондо было тогда небольшим селением с двумя десятками хижин, выстроенных из глины и бамбука на берегу реки, которая мчала свои прозрачные воды по ложу из белых отполированных камней, огромных как доисторические яйца. Мир был еще таким новым, что многие вещи не имели названия и на них приходилось показывать пальцем».
Адамды өмірден түңілдіріп жіберетін Камю мен Сартрдың экзистенциалистік шығармаларынан, формамен, мағынамен, сөзбен эксперимент жасап, көркем прозаны ойынға айналдырып миымды шаршатып жіберген модернистік, постмодернистік туындылардан зәразап болған маған «Жүз жылдық жалғыздық» балалық шақтың мекенінен соққан самал желдей санамды сергітіп жіберді. Ия, ия, марқұм болып кеткен әжем де маған тап осы Маркес сияқты балалық шағым өткен Торғайымды әлемдегі ең алғаш жаратылған елді мекендей етіп суреттейтін еді ғой. Менің сәбилік қиялыма сол кезде Торғай пайда болмағанға дейін дүние жаратылмағандай болып елестейтін.
Әрине, Маркеске дейін де Латын Америкасында Пабло Нерудо, Мигель Астуриас, Жоржи Амаду, Алехо Карпантьер т.б. сияқты көркем туындыларымен әлем оқырмандарының жүрегіне жол тапқан жазушылар аз болған жоқ. Алайда, Латын Америкасы әдебиеті барша адамзаттың рухани өмірінің нақты факторына айналуы үшін Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романындай ғажайып эпос дүниеге келуі тиіс еді.
Маркеске қатты әсер еткен Фолкнер шығармашылығы туралы айтқан орыс сыншысы А.Бочаров өз сөзінің түйінін «ХХ ғасырдағы еуропалық көркем дәстүрдің орнына әлемдік көркемдік тәжірибе келді» деп түйіндейді.
«Менің көркем шығармашылығым – менің идеологиямның жемісі. Әдебиеттен түк хабары жоқ адамдар маған саяси қайраткер ретінде қарап, кейде мені сынап та жатады. Алайда, олар менің саясаткер емес, жазушы ретінде саяси режимге қауіпті екенімді түсінбейді» - деген екен Маркес бір сұхбатында.
«Жүз жылдық жалғыздықтың» жазылу тарихы да, әлемдік бестселлерге айналуы да ұлы хикая. Көлемді туындысын жазуға Маркес 1965 жылы кірісіп 1967 жылдың көктемінде аяқтады. Кітаптың қаншалықты пайда әкелетініне әлі толық көзі жете қоймаған аргентиналық «Сурамерикана» баспасы, жылдың соңына дейін өтіп кететініне үміттеніп, әуелі оны сегіз мың тиражбен басып шығарады. Бірақ сегіз мың кітап жылдам сатылып, бірнеше күннің ішінде жоқ болады. Таң-тамаша қалған баспагер кітаптың екінші тиражын шұғыл басып шығарып, ол да азғантай уақыттың ішінде сатылып кетеді. Табиғи апатпен ғана салыстыруға болатын романның даңқы осылай басталған еді. Міне, сол уақыттан бері бұл романды жүзден астам баспалар миллиондаған тиражбен басып шығарып, елуден астам тілге аударылды. Соңғы жылдары Батыста жарық көрген романдардың ешқайсысы да дәл осындай сұранысқа ие болған емес. Көлемі төрт жүз беттен асатын роман туралы жүздеген эсселер, ғылыми еңбектер мен монографиялар жазылды. Маркестің бұл туындысын сыншылар роман-әфсана жанрына жатқызып жүр. Бірақ шығарманың қандай әфсанаға жататыны төңірегінде туған дау әлі күнге дейін толастаған жоқ. Біреулер - оны інжілдік әфсанаға, екіншілері - антикалық әфсанаға, үшіншілері - Клод Леви Стростың структуралистік әфсанасына, төртіншілері – Фрейдтің психоаналитикалық әфсанасына жатқызып жүр. Романды әлемдегі түрлі аңыздардың негізінде жазылған шығармалардың қатарына қосып жүрген сыншылар да бар.
Маркестанушы В.Столбованың айтуынша, романдағы трагедиялық, комедиялық және лирикалық бастаулардың бір-бірімен қабысып кеткені соншама, оның қайсысы шығарманың өзегі болып табылатынын анықтау қиын. Бұл прозалық туындыда поэзия мен драма, ойдан шығарылған ертегі мен тұрмыстың шындығы әдемі үйлесімділік тапқан. Тереңірек үңілсеңіз, рыцарлық романдардың ізін де, Рабле шығармаларының ықпалын да, Достоевский мен Фолькнердегі «ішкі монолог» пен «полифонияны» да бұл туындыдан таба аласыз. Атақты шығармада орыс жазушысы Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» романымен де салыстыруға болатын ұқсастықтар да көп. Алайда Маркес «Латын Америкасы» журналына берген сұхбатында, «Анамның атынан ант етемін. Булгаковтың «Шебер мен Маргаритасын» мен «Жүз жылдық жалғыздықты» жазып біткен соң, сыншылар бұл екі романды қайта-қайта салыстыра бастағаннан кейін барып қана оқыған едім» деп жауап беріпті.
Жалғыздық тақырыбы - Маркес шығармашылығының күретамыры. Бірақ «Жүз жылдық жалғыздықты» оқып шыққанымда жалғыздықтан гөрі өмір мен махаббаттың сиқыры менің басымды дуалап алғандай болды. Романдағы әр кейіпкердің өз жалғыздығы бар. Бақыт іздеген бейшара жандар тағдырдың түнегінде адасып жүр. Ұзақ жылдар бойы зергерлікпен шұғылданып, кішкентай алтын балықтарды жасаумен айналысқан полковник Аурелиана Буэндиа, ақыр соңында өткен өмірін ұмытып, сезімін жоғалтып өзі де зұлым тағдырдың қолындағы дәрменсіз балыққа айналды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.