Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Ардақ Нұрғазы. Өркениеттің қыш күбісі...

04.12.2024 312

Ардақ Нұрғазы. Өркениеттің қыш күбісі 14+

Ардақ Нұрғазы. Өркениеттің қыш күбісі - adebiportal.kz

Мен өлеңнің үніне барынша назар аударамын. Әлбетте мұндағы «өлеңнің үні» поэзияны дауыстап оқығандағы естілетін әуен емес. Өлеңді іштей оқығанда шығатын, бойыңа тарайтын үн немесе өлеңнің дыбысқа тәуелді бола бермейтін тасадағы үні.

Біздің бойымызда осындай үн арқылы сіңген өзімізге тән құндылық бар. Біз сонымен өмір сүреміз. Біздің талғамымыз сол құндылықтың талғамымен қатысты. Нені қалаймыз, бағалаймыз, қастер тұтамыз, құрметтейміз, тіпті бойымыздағы сенім мен күш те соған сіңген. Айталық, дінде ол діндар пірәдарлардың Ұлы жаратушыға өзін арнаған, бағыттаған қадамы сияқты. 

Құндылық сенімнің ірге тасы. Ол әрбір басқан қадамыңның салмағымен өлшенеді. Бұл әдебиеттің құндылығы. Harold Bloom-ның: «Күш» пен «билік»  осынау екі ұғым саясатта бір-бірімен отаса бермейді. Олар біздің «қиялдағы бірыңғай кеңістігімізде» де солай. Біз олардың осы қасиетін көбінде аңғармай жатсақ, онымыз рухта біртекті әлемінің болатындығында. Рухтың күш-құдіреті мен беделі қашанда саясат пен поэзияда ықпалын жүргізеді. Сондықтан біздер Батыстың классик шығармаларының күш-құдіреті мен салмағын саясат пен этикадан да ықпалды дүние екенін сезінуіміз керек. Эстетиканың беделі мен күш-құдіреті қашанда теңеу мен сиволдан тұратын құдіретті күш. Бұл күштің мәні қоғамдық жалпылық сипатта емес, даралықта жатыр. У.Шекспир отыз сегіз сахналық шығарма жазды. Оның жиырма төрті қайталанбайтын бірегей туынды. Қоғамдық, жалпылық сипаттағы дүние мұндай шығарманың біреуін де жарата алмайды. Шығыс елдері мен Батыс елдерінің классикалық шығармаларының бәрі – дерлік моральдық бірлікке мойын ұсына бермейді. Адамзатқа ортақ бір рухани тұғыр бар десек, оның «Інжіл» немесе «Құран» болмауы мүмкін. Бірақ, У.Шекспир шығармалары бастаған әдебиеттегі классикалық туындылар адам баласына ортақ құндылық ұсына алады», - деген сөзінің жаны да осында жатыр.

Құндылықтың енді бір аты – рух. Адам жанының ең тереңінде жатқан дүниеден қуат алатын, тәнмен қолтықтас өмір сүретін, бірақ өз табиғатында тәннің қалауына ерік бере бермейтін, тіпті тәнге үстемдік ете алатын құдірет. Бұл ұзақ барыстың нәтижесі. Абай оны жақсы айтқан: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік... Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген. Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз»?

Қарамаққа рух пен тәннің өз кезегі, жасар болмысы, уақыты бардай сезіледі. Бірақ, олар әу бастан бір тұлға. Бір тұлға болып қалады. Wislawa Szymborska-ның «Өшпенділік» атты өлең бар:

Өшпенділік әуелде ондай жаман емес болатын,

Ол басында әділетке өкілдік ететін,

Соңынан өзі дара шауып алға шықты да 

Өшпенділікке өзгеріп кетті. 

Осында айтылған әділеттілік пен өшпенділік сияқты тән мен рух та бір нәрсе. Тек уақыты келгенде жоғарыдағы өлеңнің айтар ойының дәл керісінше рухтың алға озып кететін кезі болады. Мен бұл жерде Ovid-тың өркениеттің «Алтын, күміс, қола ғасыры болады...» деген ойын қайталайын деп отырғаным жоқ. Менің айтайын дегенім тән мен рухтың бәсекелес екені, әдебиеттегі құндылықтың осы тартыстың болмысын көрнектілендіретінін ескерту.

Мен үшін грекия философиясы қаншалық құнды болса, грекияға тән көне тарих-мәдениет тіптен өзіне тартады. Мен мұны John Keats-тың «Ежелгі грек құмырасы» және «Түн бұлбұлы» өлеңдерінің әсерінен бөле қарай алмаймын. Қытайдағы қазақ басылымы «Көкжиек» журналының 1988 жылғы №1 санында жоғарыдағы екі өлеңнің қазақ тіліндегі аудармасы жарық көрді. Өлеңдерді аударған белгілі аудармашы, әдебиеттанушы Әзімқан Тышан (John Keats-тың осы екі өлеңі Қазақстанда тұңғыш рет «Шетел әдебиеті» газетінің 2007 жылы 10 ақпандағы санында жарық көрді). 

Keats-тың осы грек құмырасы, ондағы зерлі әшекей өрнек, тасаттыққа немесе мерекеге кетіп бара жатқан адамдар, анау ибалы-биязы қыз, өткеннің жалпы мәдениет тарихының елесі менің көкірегімде мәңгілікке қалды. Мен осы өлеңдерді тұңғыш оқыған кезімде 16 жаста болатынмын. Мен оған дейін қазақтың эпостары «Қамбар», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қобыланды» жырларымен бірге өскен едім. Түгеп бермейтін «Мың бір түн» хикаясы мен қазақ ертегілері менің күнделікті өмірімнің айнымас бір бөлегінен тұратын. Сол әлемге Keats-тың қышы күбісі мен түн бұлбұлы келіп қосылғаны анық. Менде осы түйін туралы бұған дейін анық түсінік болмапты. Мен оның барын аңғармай келіппін. Оның дәл қазір тасадан көрнеуге шығып төбе көрсетуінің тосын бір жағдаймен қатысы бар. Соңғы жазған «Үрейлі түс» (Nightmare) поэмамда мынадай жолдар кездеседі:

Қышы күбі сынып жерде жатыр

Қай жерім жаралы болды екен?

Поэманы жазып болған соң қайтадан ой елегімнен өткізгенімде, мені өзіне ерекше тартқан осы екі тармақ болды. Қазіргі тұрақсыз әлемде, соғыс жайлаған дүниеде, үрейлі түстей ортада менің жанымның қиналған, бұлқынған сәтін бағамдаған шығармада жарқ еткен бір белгі осы жолдарда анық көзге түседі екен. Ол жоғарыда айтқан әдебиет көтерген адамзаттық құндылық, сол құндылықтың бүгінгі көрінісі. Баяғы грек күбісі. Поэмадағы лирикалық кейіпкер: «алдымда қышы күбі қирап жатыр, қай жерім жаралы болды екен?» деп өзіне сұрау салады. Бұл бір жағынан жанның үні. Бүгінгі адамзат та осы сұрақты өзіне қоюға тиіс-ау. Мұнда мәдениеттің құндылығы мен адам жанының ішкі байланысы жатыр. 

Ойланып көрсем, бұған дейін де менің өлеңдерімде қышы күбі ұшырасады екен. Айталық, «Саябақ» (A Garden of Trees: Meditations on the Postmodern Wars) поэмамда мынадай жолдар бар:

Бақшаның тас қаланған жолында тұрған жанды

Түсінен оятты 

Тайап келген,

Далада әлде қашан өшіп кеткен... аяқтың тықыры.

Сынған құмыраның қирандысы

Қолдың табымен қайта тұрғызылған мүсіннің

Тереңнен үзіліп жеткен сазда мүлгуі... 

«Саябақ» поэмасы да 2003 жылы бүгінгіге ұқсас тағы бір алапат соғыс жүріп жатқанда туындаған шығарма болатын.   

Поэзия ойланып жазатын дүние емес. Ол жан дүниенің селт еткенінен туындайды. Ол бойымызда жиналған, қордаланған бағалайтын, қастерлейтін, құрмет тұтатын, сенім артатын құндылықтардың аңдаусыз санада қортылып, поэзиялық кеңістікте образға айналуынан туады.    


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар