Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Мерейтой мазмұнымен қадірлі...

12.11.2024 871

Мерейтой мазмұнымен қадірлі

Мерейтой мазмұнымен қадірлі - adebiportal.kz

Кейде ақын-жазушылардың мерейтойлары аталып өткен кезде мәдени жадымыз  жаңғыратын сияқты, кей шығармаларға қайта үңіліп, әдебиетте не бар, не жоғын аңғаруға болатындай. Мерейтойдың себебімен жақсы кітап шықса, көрме ашылса, әйтеуір, оқырман қажетіне, қуанышына, игілігіне қызмет ететін шаруа істелсе, ол –  тойдың бекер өтпегені. Әйтпесе, жиын көбейген, сөз арзансыған (кейде алақаныңа сыймай төгіліп, сарылдап краннан аққан су сияқтанып...), мақтау бәйге қызғанда сол ағыл-тегіл көп сөздің ішінен бір ой ұстап қалсаң – ол да олжа. Жұмысың болғасын баруға тиіссің, оның өзінде әрбір әдеби кеш, конференцияларға бір жақсы нәрсе естуге, бір тәуір әсер алуға барамыз. Не десек те, мерейтойлар қадірлі қонағымен, айтылған жақсы әңгімесімен, өнегесімен, идея жалғастығымен есте қалса, соны мақсат етсек, талғамымыз да өсе берер еді. 

 

Мысалы, кеше Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры Жүсіпбектің «Сылаңқызын» қойыпты, міне, бұл насихат! Жақсыны міндетті түрде көру керек.  Ал қазақта Жүсіпбектен асқан прозаик бар ма! Биыл жазушының 135 жылдығына есте қалар тағы не істеліп жатыр?

Өткен аптада жазушы Роза Мұқанованың 60 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда болдық, жазушы Ш.Бейсенованың 20 минуттық сөзін диктофонға көшіріп алдық. Бұл жазушы шығармашылығын тереңірек қаузаған баяндама болды. Одан бөлек жазушы Р. Мұқанованың әңгімесі бойынша С. Нарымбетов түсірген «Қызжылаған» көркемсуретті фильмнің көрсетілуі мен талқылануы болды, Астана театрларында апта бойы бірнеше спектакльдер қойылды. Ал 8 қарашада ақын Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жылдығына орай кітапханадағы жиынға бардық. Тойдан – тәбәрік демекші, назарымызды аударғаны – Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ақын шығармашылығына қатысты  шығарған әдемі кітаптары болды. Осы кітаптар жөнінде айта кетейік.

 

Кітапхана тартуы

Биылғы жылы кітапхана ұжымы ақын мерейтойына орай «Өзіңдей болу өзгелерге ұлы арман...» атты жинақ шығарыпты. Жинақ үш бөлімнен тұрады. «Ақынның құнды мұрасы» деп аталатын бөлімде Ақұштап Бақтыгерееваның 1967 жылы алғаш шыққан «Өрімтал» кітабынан бастап бүгінге дейінгі бірнеше жыр жинағы топтастырылып, «Толқытқан ойлар көп мені» бөлімінде ақынның әр жылдары жазған ой-толғамдары берілген.  «Жұмыр жер Жайық қызы жанарында» бөлімінде өзекті проблемаларды көтерген мақалалары жинақталыпты. Мақалалардың толық нұсқасын оқырман QR код бағдарламасы арқылы оқуына болады екен.

Ал «Алаш жырының ақ шағаласы» биобиблиографиялық көрсеткіш дегені (құрастырған С.Иргалиева, ред Ш.Уразаева) А. Бақтыгерееваның 1962 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықтағы шығармашылығын қамтыған еңбек екен. Құрастырушылар тапжылмай отырып, басылым беттерінде жарияланған ақынның өлеңдері, сөйлеген сөздері, жазған хаттары, сұхбаттары, публицистикалық мақалалары керек пе, бәрін сүзіп шыққан. Одан бөлек Қабдолов, Нұршайықов, Кекілбаев, Мырзалиевтің ой-толғамдары берілген. Бұл еңбекті ақтарып отырып, егер қазақ әдебиетінің басында тұрған әр қаламгерге осылай қарасақ, бұл кейін зерттеушілерге кәдімгідей көмекші құрал болар еді деген ойға келдік.

Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапхананың қоғаммен байланыс және көрме-көпшілік жұмыс секторының жетекшісі Нуфтуллина Аягүл Рухоллақызының айтуынша, Ақұштап Бақтыгереваның мерейтойына деп әкелген кітаптар саны төртеу екен. Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы шығарған «Қайталанбас қолтаңбалар» – аты айтып тұрғандай, қолтаңбадан тұрады. А. Бақтыгерееваның жеке кітапханасының қорындағы қазақ қаламгерлерінің қолтаңбаларын жинап құрастырған (А.Нуфтуллина, Ж.Қанатқалиева, дизайн А. Есболат, жауапты ред. Ш.Уразаева). Суретті альбомда Мәриям Хакімжанова, Хамит Ерғалиев, Шона Смаханұлы, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Сағынғали Сейітов, Мұқағали Мақатаев, Әбіш Кекілбаев, Тұманбай Молдағалиев, Мәриям Хәкімжанова, Шерхан Мұртаза, Фариза апайдың да қолтаңбасы бар екен. «Сондай-ақ былтыр «Ақ Жайыққа жыр арнаған қос ару» атты жинақ шықты. Жинақ екі ақын қыз Фариза Оңғарсынова мен Ақұштап Бақтыгерееваға арналған. Олардың өмір жолында, шығармашылықта, қызметтік кезеңдерде бірге жүрген күндерінен естелік-фотосуреттер, екі ақын қызға өлең арнаған Мұқағали мен Төлеген өлеңдері, Фариза Оңғарсынова мен Ақұштап Бақтыгереева кітаптарының  мұқабалары қойылған. Жинақтың соңғы жағында екі ақынның Жайыққа арнаған өлең жолдары берілген», -  дейді Аягүл Рухоллақызы. 

 

 

 

Ақын "Әдебиет порталында"

 Мерейтой демекші, мерейтой иесі А. Бақтыгерева биыл сәуір айында «Әдебиет порталының» «Автормен сұхбат» бағдарламасында журналист, ақын Ұмтыл Зарыққанға сұхбат беріп, Мәриям Хакімжанова, Ғафу Қайырбеков, Әбу Сәрсенбаев, Қанипа Бұғыбаева, Шәмші, Жұбан, Сағи т.б. жайлы естеліктер айтты. Естеліктің естелігі бар. Ең аяулысы – өзіңнің алдыңда өткен адамдардың жақсылығын, шарапатын, жүріп өткен жолындағы өнегесін танып, біліп, жылылықпен, қылаусыз ықыласпен жеткізіп айтып жүру. Алпыс жыл ғұмырын әдеби шығармашылық ортада өткізген, 25 жасында Жазушылар одағына кірген кезде Мұқағалиды көрген, Қадыр ақынмен көрші тұрған Ақұштап Бақтыгерееваны естелігі жинақталған адам деуге болады. «Өткеннің қасиеттісін ұмытуға болмайды, ол анаңның асыл қасиеті сияқты, ұлтыңның мейірімі сияқты ұмытылмайтын нәрселер» дей келіп ақын апай біз атын ғана естіген адамдар жайлы айтқан еді. Мысалы, Әбу Сәрсенбаев қазақтың талантты баласы келді деп жас талантты үйіне апарып, қондырып, тамақтандырып, редакцияға әкеліп жүретін мейірбан адам болған екен. Темірхан Медетбек, Сайын Мұратбекті солай тапқан дейді. Сол Әбу Сәрсенбаевтың киіз үйден еңбектеп шыққан Қанипаны госпитальға емдетіп, тұрмысқа беріп, кейін көп жақсылық жасағанын айтады... «Бауыржан батыр Жазушылар Одағына кіріп келе жатқанда ұлттың айбары кіріп келе жататын. Мәриям Хакімжановаға қарағанда не деген ұстамдылық, басынан қандай қиын азапты өткерсе де, қуғын көрсе де ешуақытта ұстамын жоғалтпаған, осы кезеңнің адамдарына, осы ұлтқа тілеулестігінен айырылмаған адам, бұл тектілік қайдан келген десек, оның ар жағында Ы. Алтынсарин тұр екен!» - деп толғап, тамсанады. Кекілбаев туралы: «Біз қаламгерлердің барлығын бір станоктан шыққандай мінсіз көргіміз келеді, ал шынында олардың кешкен тағдыры, жүріп өткен жолы бар, оқырмандар мына өлеңі не шығармасы қалай шықты, неден туды, білгісі келіп, соны оқыған болса, бұл қаламгерді одан әрі тануға, Кекілбаев әлемін терең зерттеуге мүмкіндік болар еді.  Мысалы, Қадыр өлеңдерін бүгінгі тамадалар тақылдатып оқып, ақша тауып жүреді, ал шынында оның өмірінде де қасірет аз емес еді»,- деді Ақұштап Бақтыгереева.

Естеліктерді оқыған ұнайды, мысалы, Анна Ахматова жайлы Лидия Чуковскаяның, Фариза ақын туралы Мағира Қожахметованың, Әбіш Кекілбаевтың естеліктері қандай! Оралхан жайлы Дидахмет Әшімхан, Ғалия Бөкееваның, Жұматай жайлы Зайда Елғондинованың естеліктерінің әсері бөлек. Естеліктер керек.  Шынайы естеліктер арқылы бейне жақындайды, санадағы кей оқиғалар жаңғырады, жақсылықтар жалғасып, жақсы істердің ізі ашыла береді.

Соңғы кездері жалпы жұртшылық тарапынан ұлттың біртуар тұлғалары жайында жазылған мәліметтерді, дүниелерді оқуға, тануға деген құштарлық байқалып отыр. Бұл қоғамда сүрінсең демеу, шалқайсаң тіреу боларлық бірегей тұлғаға деген зәруліктен болу керек. Сол болмағаннан да кейде естеліктермен де жанын жылытатын шығар дейсің...

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар