Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Асқар Алтай. Стресс...

06.06.2023 2340

Асқар Алтай. Стресс 16+

Асқар Алтай. Стресс - adebiportal.kz

(Маңтөбеттің басында қу қарағай)

Новелла

Қаңтар көтерілісінде опат 

болғандар рухына бағыштаймын.

Балғын жігіт Дойманның қабағы салыңқы... 

Көк толқын тербеген салкеме – ақ пором баяу жылжып келеді. Салкеме үсті ығы-жығы жұрт. Мамыр туып, желік буып, ел арқасы кеңіген, жер арқасы жіпсіген уақ. 

Ертіс өзені де Күршімнің тұсында теңіздей жайылған. Ақ шағалалар су бетімен бауырлай қалықтайды. Көк аспанмен ұштасқан ұлы су баяу шалқиды. Салкеме қабырғасын сылай сүйіп бура толқын сырғиды. Көгілдір дүние балбырай ийді. Ырғын нұрға толы сағым ырғала толқиды.

Көкиірімге үңілген Дойман жоғарғы қабатта тұр. Төменгі қабат жақтауынан нан мен оны-мұны ас қалдығын аққұба шағалаларға лақтырып, бір топ жас балалар мәз-мейрам. Қанат ұшымен су бетін қаламдай сыза ұшқан Ертістің ірі шағалалары рахаттана шаңқылдайды. Олар тіпті тоқ сияқты, тастаған жемге де иіле бермейді. Сынаптай сырғақтайды. Толқынмен тербеген кеме толы жұрт пен шулаған балалар мамыр шуағына риясыз шомылып, кең дүние қызығына разы.  

Салкеме үстінде таныстарын ұшырастырып, өзара қауқылдасқан шоқ-шоқ көпшіліктен оңаша тұрған жас Дойманның жүзін ауыр мұң басқан. Оған анау шуылдасқан балалар да, дүрілдескен еркектер мен сылқылдасқан қыз-келіншек те әсер ете қоймады. Тіпті айнала ұшып шаңқылдасқан, қайқая ұшып сымпылдасқан құба түс шағалалар да қаяу көңілін аулай алмады. 

Иір-шиыр өмірдің өзіндей үйірілген иірімге қадалған да қалған... Мынау улы-шулы дүниенің қызығы таусылғандай, жарқыраған мамыр қызуы тарқағандай қапалы. 

Қасындағы алпысқа енді келген әкесіне де, үш бірдей туған ағасына да зер салмайды. Мәңгіріп қалған бір тылсым тіршілік иесі тектес. Иірімге үңілген жас жанарында жарқыл сөніп қалғандай... Ойлы қарашығының айналасындағы ақуыз қанталап, зәрлі келген қою мұң қабағын аштырмайды. Салкеме жақтауына екі қолын салбырата тереңге телміреді. 

Қабақтары кірбің әке мен азамат ағалары да үнсіз... 

Аядай салкеме үстінде мамыр шуағымен көңілі көтеріңкі жұрт қана. Құлағына шағалалар шаңқылы еміс-еміс келеді. Сол кезде ғана ептеп елең еткендей болады. Үнсіз қоршай тұрған ағалары да әлденеге үміттене қалысады. Өзара «стресс» деп сыбыр-күбір етісті.

Ал Дойманның құлағына шағала дауысымен бірге әжесі Ажардың қоңыр  үні де жеткендей болады. Санасына әуезді сөзі оқыс естілгендей еліктіреді.

                                          Маңтөбеттің қыр жоны ну қарағай,

                                           Ну қарағай ішінде бір балақай.

                                          Қызыл жалын жалмапты ну орманды,

                                           Ну орманнан қалыпты қу қарағай.

                                                               Әй, балақай, қу қалақай!..

 

                                          Маңтөбеттің етегі ну қарағай,

                                           Ну қарағай сирепті ту-талақай,

Ну қарағай ішінде адасып жүр, 

Көзі жасқа шыланып бір балақай.

                                                               Әй, балақай, қу қалақай! - 

деп әндететін еді әжесі, құлағына сол бір әуен үзілмей жетті.

- Әжем қайда? - деді кенет кеудесін көтеріп.

- Зайсанда... Төре атаңның басына кеткен... Дұға оқуға, - деп, әжесінің шалының басына құран оқуға кеткенін әкесі ескерте беріп, дауысы қуана шықты. Ағалары да бауыры дауысын тұңғыш етстігендей елең ете қалды... Бірақ құсты үркітіп алуға қорқатын аңшыдай іштен тына берді.

Тағы да шаңқан шағалалар бұларға жақын ұшып, шаңқылдай үн қатты. Дойманның санасын шағала дауысы тербегендей болды. Ол күбір-күбір етті. «Маңтөбет елі... Маңтөбет жері... Жетім ел... жетім жер... Қу қарағай... Сұм қарағай...» Сандырақтаған кісіше сыбырлай сөйледі.

Осы бір мезет Ажар әжесінің әуезі құлағына тағы естілгендей болды. 

                                   Маңтөбеттің басында қу қарағай,

                                   Қу қарағай түбінде бір балақай...

                                   Кәрі арыстан кеуделі, жартас басты

                                   Маңтөбет те маңқияр қу моладай...

                                                        Қу қарағай, қу молақ-ай!.. 

Осы бір өлең шумағы оның аузына оқыс түсті. Әжесі бұлай демеуші еді... Мына өлең жолы ғайыптан оралды. Санасы суырып салды. Оған өзі де түсінбеді... Қапалы көңілі таңданғандай болып, қуарған өңіне қан жүгіргендей әрлене қалды. Мұңлы жанары ойға батқан жүзін бірақ кіреукелей берді. 

- Әке, Маңтөбетке барайықшы!

- Барамыз, бауырым! Бәріне де барамыз, - деп үш ағасы қосанжарласа жауап қатты.

Олар Дойманның таңертеңнен бері тіл қатқанына шексіз қуанып тұр еді... Өскемендегі абақтыдан шығарып алғалы ауыз ашпаған. Бұлар абақты қақпасынан шыға айқара құшақтарына қысса да, меңірейген күйі мелшиді де отырды. Тіл қатыспай қойды. Кенже ұлының қылығынан әке жүрегі әлдеқандай жамандықты сезгендей сыздап, ал ағаларының бір туған інісі үшін бауыры езіліп келе жатқан-ды.

- Ауылға бармаймын!

- Жарайды.

- Сарыбайға тартыңыз!

Олар үнсіз келісті. Ақшаңқан салкеме да жағаға жетіп қалып еді. Кеме тоқтасымен жұрт жапатармағай жағаға ұмтылды. Бұлар да бірден салкеме астауында өзге де көліктермен қатар қаңтарылған жип көлігіне отырып, Сарыбайға қарай қозғалып кетті. 

Шағалалары шарқ ұрған Ертіс бетінде күн сәулесі күмістей ойнап қала берді.

*  *  * 

Сарыбайдан әкесі екеуі құлқын сәріден атқа қонды. Күн бұзылып тұрды. Үш бірдей ағасы бұларды шығарып салып, үйде қала берді. Олар ергісі келіп еді, Дойман қаламады. 

Екеуі салқын ызғар лебі лекітіп қойып, лекітіп қойып тұратын Сарыбай сайы аузына тез-ақ еніп кетті. Сайға дендей ене ызғарлы леп те басылып, бұлар солға қарай созалаңдай созылған сай саласымен Маңтөбетке қарай жондай берді. 

Дойман тақымы атқа отыруды сағынып қалыпты...

Көлеңкелі көңілі де ашылғандай болып, мамырдың көкпеңбек сұлу табиғатымен сергіп сала бергендей болды. Кенет атына қамшы басып жіберіп, өрге қарсы борбайлай шаба жөнелді. Әкесі де ілесе жөнелуге тырысты. 

Олар қиялай шауып барып, құба жонның үстіне де көтеріліп үлгерді. Ары қарай Маңтөбеттің қойнауы алдарынан алақандағыдай ашылды. Сай-салаға толы бұл өңір самсыған тоғайлы, бірақ қарағай атаулы сирек. Оқта-текте теріскей беткейлерден жетім күйде ұшырасып қалатыны бар. 

Маңтөбеттің маңғаз табиғаты мен мамырдың мамыражай шуағы көкірек көзін, кең тынысын ашып жіберген Дойман айғайлап та жіберді.

- А-а-ай!.. А-аха-хай!..

Атпен желе-шоқыта жөнелді. Әкесі де құрық салым қалыста желіп келеді. Еріп келеді. Естіп келеді.

Маңтөбетім менің, Маңтөбетім!

Көктөбетім менің, көктөбетім!

Көп төбетім менің, көп төбетім!..

Болған сенде ну қарағай,

Қалған сенен қу қарағай!

Сені іздеген мен балақай...

Қу қарағай, қу қарағай, 

Сені тапқан мен балақай!

Әке көзінен жас сорғалады... Ол ұлына көрсеткісі келмей, дереу жеңімен сүртті.

Еңіске қарай оқыс ат басын іріккен Дойман:

- Әке, Итқырылған туралы білесіз бе? - деп оқыс сұрақ қойды.

- Әрине, ұлым, әрине! - деп дегбірі қаша тіл қатты. 

- Мен «отырғанда» бір жігіт сұрады... Жауап бере алмадым. Сол туралы  айтыңызшы!

Әкесі бір сәт үнсіз қалды...

- Әжеңнен естімеп пе ең?

- Жоқ.

– Ұлым, «Итқырылғанда» ит қырылған ғой... Баяғы арғы бетке қарай ел ауғанда болған оқиға екен, - деді әкесі атын шалдырып келе жатып. – Ауып бара жатқандардың соңдарынан сол кездегі өкімет түскен ғой. Ажар әжең ол кезде онбес-оналты жаста екен... Ауған ауыл Мәйтеректің тұсындағы сол сайға жасырына жетіпті. Соңдарында қуғыншы комиссарлар мен «большой бек» атанып жүрген белсенділер ғой баяғы. Олар да осы Күршім өңірінің адамдары... Көбісі қазақ: бірін-бірі итше талап қуғындаған. Содан не керек, Марқакөлге қарай көшіп, түнделетіп шекара асу керек. Көшкенде ит деген үріп, түн болса жерді жатсынып, қарадай ұлып, есті шығаратыны бар ғой. Ертең шекараға жақындағанда жасырын жылыстап бара жатқан жұрттың артын ашатыны белгілі болады. Содан жігіттер ит атаулының көмейлеріне киіз тығады. Шиебөріше шәуілдеген, абалаған үндерін солай өшіреді... Сол бір сайға тас қып байлап, құдайға тапсырып кеткен ғой. Содан бері «Итқырылған» атаныпты.

Дойман үнсіз қалды... 

Атын шалдырып, ойға батып, жақындағы  Маңтөбеттің ит бастанған жартас шыңына қадала қарап келеді. Шың басында бұтақтары сояу-сояу арбиған алып қыран қарағай құп-қу болып, мамыр нұрына шағылып, буалдыр сағым арасынан бұлың-бұлың қағады.  

Әкесі Итқырылған туралы текке айттым ба деп қуыстанды. Төрт ай отырған абақты балаға оңай соқпапты. Ауыр стресс алғаны ақиқат. Жасындай жарқылдап өсіп келе жатқан жас еді... Әттең! Төрт ай бойы іші қан жылап жатса да, бұл сырткөз жұртқа сездірмеуге тырысып-ақ бақты. Құдай берген үйелменді-сүйелменді төрт ұлдың кенжесіне осындай тағдыр тоспасы кез болғанына өзін кінәлап, өз-өзін іштей жеп қойды емес пе?! Қазір азып кеткен кенжесімен бұл да еті қашып, иығы қушиып, сылынып түсті.

Кенжесі Өскемендегі инженерлік университетке студент болғалы көңілі тоғайып-ақ жүруші еді. Аяқ астынан болған қаңтардағы қырғында тұтылып, абақтыға бір-ақ тоғытылды. Бұрын өзі де полицияда «сержант» болған мұнда жан шықпады демесең, ес қалмады ғой. Погондылардың қалай «қышқашқа» алатынын, қалай қорлап, қалай «зорлап» зар қақтыратынын бұл жақсы біледі. Өзінің де қолы қанды... Тізесі талайдың кеудесіне батқан, өкшесі талайдың бүйрегін езген.    

Бауыр еті үшін анда-мұнда жанұшыра жүгірді... Әркім өз жанын күйттеген кезең ғой, көбісі міз бақпады. Бірен-саран азамат қана қолұшын бермекке ұмтылып еді, одан да ештеңе өнбеді. Өздеріне бұлт айналатын болған соң, қоя қойысты. Құдайға тапсыр десті.

Ал әйелі мүлде жатып қалды. Үш бірдей отбасылы ұлдары кенже інілері үшін барын салды. Олар да түк шығара алмай шаршады.

Тек Ажар анасы ғана Алқабек құмының сексеуіліндей қатты, қайрат-қуаты тегеуірінді болып шықты. Марқакөлдің Бөкенбайы бойында баяғы «Ақнайман қырылғанды» бастан кешкен жан ғой... Жалғызынан көрген төрт тізгінтар ұлдың ішіндегі кенже немересін Өскемендегі Абай мектебінде оқыттырып, ақжол тілеген абзал аруана мына сұмдыққа да қыңқ демей, мұны қайрап, қанаттандырып отырды емес пе?!

«Ұлым, - деген Ажар анасы: – Жалғыз ұлы бардың – шығар-шықпас жаны бар, қос ұлы бардың – құйрығы мен жалы бар, үш ұлы бардың – басындағы бағы бар, төрт ұлы бардың – төбедегі жолы бар... Құдайға шүкір, бір атадан жалғыз ең, енді жалғыз емессің. Түзу жүріп, түзу тұр! Немерелерім – сен тұр, мен атайын... Дойманым, болайын деп тұр. Бәрінен де озайын деп тұр. Тіл-көзден сақтасын! Бір жерді тесіп шығады, әлі... Қатқан инженер болады. Ертең-ақ қаладағы бір зауыттың құлағын ұстайды. Мен көрмеспін, сен көрерсің! Өзіме тартқан ақындығы да бар...» 

Апасының осы сөзі есінен шыққан емес. 

Отбасымен май орнына қан ішкен кешегі күндері «Қайтсең де түрмеден құтқарып қал! «Мал құлағы – саңырау». Малыңды да, барыңды да сал! Бұғанасы бекімеген жас бала не бүлдірді дейсің?!» деп, сөзбен  қамшылап, күнде бес уақыт намазынан Дойманның аман-есен ұясына оралуын тілеп еді. 

Ақыры адвокат жалдап, жең ұшынан жалғасты ғой. Қолы ұзын полиция өздері қамап, өздері құтқарып берді. Ашық дәметкен «лимондарды» көмейлеріне тықты... Мұның мойнының майлы, қолының кірлі екенін білетіндіктен де істі ұзатып, шыбын жанын қинай түскен-ді. Әупірімдеп жүріп ың-шыңсыз шығарып алды. Оған да шүкір! 

Бостандыққа шыққанымен баласы эмоцияналды ауыр соққы алыпты бірақ. Онда не істегендерін айтпайды?! Үш ұлымен қоса бұл да сұрай алмай қор болды... «Шыққаны кеше ғой, күн өте келе бәрі ұмытылады. Тауға шығып, сергіп кетеді. Бәрі жақсы болады! Бәрі орнына келеді!» деген ойға бекіген. 

...Әке көзі жасқа шыланып, үмітпен ұлына қарап қояды. Ал Дойманның екі көзі алыстан арыстан кеуделенген Маңтөбеттің төбесіне қолмен қойғандай орналасқан,  иттің басы сияқты жұмырлана келіп, жалпақ-жалпақ жайылма тақталанып, қабат-қабат құйыла біткен алып жартас шыңында... Шың басынан қол бұлғаған нешеме жүзжылдық қу қарағай жалғыздығын сездіргендей бұлың-бұлың билейді.

Күршім аудандық полиция қызметінен қырық бесінде пенсияға шығып алған соң, осы Сарыбайдағы ескі қыстауды жөндеп, жекшелендіріп алған болатын. Шалы дүние салғаннан кейін Зайсаннан көшіріп, қолына алған Ажар анасына да Сарыбай қыстауы жағып еді... Ылғи қылқұйрықты ұстаған.  Өзі де қоңданып, үш ұлын да аяқтандырып, Өскеменнен де пәтерлер алып, ісі дөңгелене оңға басқан. 

Бәрін бүлдірген – 2022-нің қаңтары... Қаңтар қырғыны. 

Атпен Маңтөбеттің сауырына жылдам көтерілді. Аршалы жоны тастақты болса да тағалы жануарлар тасырқамады. Жалпақ табақтай жонның ұзына бойы қалың арша мен ұшқат, қарақат, тобылғы мен ырғай, қараған араласа өскен-ді. Оның арасына түскен аюдың аң соқпағымен өрлей жүріп, Маңтөбеттің ит басты жартас шыңы етегіне жақын келді. Ары қарай қалың бүрген мен итмұрын ұйыса өскен жыныс басталады екен. 

Беті жұмырлана келіп, қабаттаса көтерілген алып құзар жартастың шетіне көз салып тұрысты. Шеңберлене біткен шың шегі жоғары қарай да қалың жыныспен көмкеріле келіп, ұшарына қарай тошала ғана тұрақтаған ерекше бітісті ұлы жартас болып шықты.

- Басына шықса ғой, - деп тамсанып қойды Дойман. – Қу қарағайды көрсе!

- Көруге болады. Арғы жақ беті ыңғайлы. Жалпақ тастар сандықша тізілген. Ат бірақ жүре алмайды ол жаққа. Жаяу бару керек, - деді әкесі.

- Қу қарағайға қанша уақыт болған? - деп, ұлы қолайсыздау сұрақ қойды.

- Кім білсін? Ел екі-үш жүз жыл деседі... 

- Сіз көріп пе едіңіз?

– Бала кезімде көргем. Әй, бір бес-алты адамның құшағы жетпес қарағай ғой... Нағыз қыран қарағай! Ондай қыран қарағайлар қазір Алтайда қалмады.

- Аппақ па?

– Ақ. Қу ғой... Жып-жылтыр. Жел мен күн, жаңбыр мен қар полировать етіп тастаған ғой... Негізі кәдімгі қызыл қарағай сойынан. Биік. Онбес -жиырма метрдей бар-ау!

Кенет жаңбыр жауа бастады. Суық тамшылар тырс-тырс тамып, маңай кіреукелене берді. Таңертеңнен бұзылып тұрған күн райы өзінің әдетіне тез басты.

– Қой. Тезірек ойға түсейік. Мына Маңтөбеттің жоны биік, қазір сырғақ жауады.

Әкесі аузын жиып та үлгермеді. Тау басында жаңбыр лезде қиыршық-қиыршық мұздаққа ұласып, сырғақ сытырлап жауа бастады. Астарындағы жылқылар да пысқырынып, биік жоннан қабырғалай түсуге тырысты. Кенет Дойманның санасын абақтыдағы сырғақтай суық күндер суреті шабақтап өтті. Өнебойы тітіреп кетті.   

Сырғақ күшейе түсті.

*    *    *

Олар кештетіп қыстауға оралғанда Зайсан қаласына кеткен әжесі әлі де оралмапты. Дойман «уатсаппен» сөйлескісі келмеді. Іштей жаны ауырып, әжесін сарғая сағынып тұрса да, сыр білдірмеуге тырысты. Мұңын шағар әжесі керек-ақ еді. 

Анасы болса дастарханды жайнатып, қолындағы барын тосып, бәйек болуда... Жүдеп кеткен анасын аяса да, құшағына құлай алмады. Әжесінің айпара құшағына құлап, мауқы басылғанша еңіреп, жан күйзелісін жаспен шығарар ма еді... Әттең! Неге кешікті?

Дойман анасына да, құрақ ұшқан жеңгелеріне де үндеместен ас ішті. Өзара әңгімелескен ағалары мен жеңгелерінің, олардың балаларының шуылына да мән бермеді. Мұның қас-қабағына қараған әке-шешесінің сөзіне де араласпай-ақ қойды. Баяғы бір меңіреу қалыпқа түсіп, үстел үстінде әлде бір қара нүктені көзімен тауып алып, соған қадалды да отырды.

Тыстағы мамырдың құйып тұрған жаңбырына жүзін бір жудырып келді де, анасы оңаша бөлмеге салып берген ақ төсекке келіп қисая кетті. Сол бетінде тезірек ұйықтап кетуге тырысты. Тыста оқта-текте найзағай жарқ ете қалып, терезе әйнегінен жарық төгіліп кетіп, іле-шала бомба жарылғандай аспан асты қақ айырыла гүрс ете түседі. Сол сәтте мұның ет жүрегі селк ете қалатыны бар.

Көзін жұмып жатып қалай ұйықтап кеткенін білмей де қалды. Ат үсті тау жолы соғып тастапты... Киімшең күйі жатыр. Жасын жарқылы мен дауысы да әсер етер емес. 

Абақты әбден басып-жаншып тастаған санасы сауыға алмай жатты. Күндегі әдетінше қорқынышты түс ене берді... Бұл түс үш-төрт айда жап-жас тал бойына, ең ауыры – тұмадай тұнық санасына сіңісті болып кетіп еді.

...Полиция шенді қасына жақын келді. Ол елес сияқты құр сұлба екен. Бұл қолын созса ұстай алмады. Елестей саусағы ауа қармап қалды. Іші бос. Үңірейген қуыс. Қуыс кеуделі мақұлық. Тек шар сияқты жұп-жұмыр басты.     

Оның қырылдаңқы дауысы анық естілді.

- Балам! - деді Дойманға.

Кенет әлгі жұлдызды шенді сұлба қос басты құбыжыққа құбыла ауысты...

Қос басты құбылыс өзгеше жаратылған сұлба болып шықты. Жұмыр басында кеспір-келбет жоқ. Құтты әйелдер киетін шұлықты басына қаптап киіп алған ұрыға ұқсайды. Жүзі жып-жылмағай. Екі елі ерін сызығы да білінбейді. Төрт көзі түгел болуға тиісті еді, жанардан да жұрдай... Оқтаумен тегістеліп, үтікпен үтіктелген бір жұмыр молақ. Маңтөбеттің басында мызғымастан тұрған, әкесі айтқандай ғасырлар жүзін «полиравать» еткен қу қарағайдай... Иығындағы оқасында ғана алтын жұлдыздар жалт-жұлт жарқылдайды. 

Тексіз құбыжық құбылыстың оң жақ басы тіл қатты. Дауысы қырылдай шықты.

– Әкеңе хат жазып бер. Әжеме дедің бе, оған да жаз! Мен өзім келдім бұл араға басшы боп... Енді жүрегің жарылмайды, бүйрегің езілмейді. Өзім қорғаймын! Әкеңді де танимын. Енді ешкім қорламайды, бауырым! Енді «көк туша» қылып қоймайды... Хайуандар! Оларға өзім берем! Әкең мен ағаларыңа өзім айтам: қандай зорлыққа... қорлыққа – мазаққа ұшырағаныңды!

- Жо-о-оқ!.. - деп бұл айқайлап жіберді. – Жоқ! Айта көрмеңіз! Одан да өлгенім артық!

- Олар онсыз да біледі... Айғайламай-ақ қой. Күллі абақтыға мәлім. Енді кеш! Мен бірақ сені өзім шығарып жіберем! Үндеме!  

Бұл жауап қата алмай қалды... Ішінен қыстыққан қалпы тұншыға түсті. Таңдайы кеберсіп, тілі тұтқырлана жабысты.

Шардай басты көзсіз құбылыстың  «кезек менікі!» дегендей, енді сол жақ басы сөйлей жөнелді:

– Бұл арадан енді тірі шығам деме! Террорист болу сенің қай теңің? Сорлы! Билікке қарсы шығар сен кімсің? Бүйрегіңді езіп, өтіңді жарам! Әтек қылам!.. Бейшара! Билікті билеймін деп пе ең?! Билік әлі билетеді сендерді... Жаз! Хатыңды жаз!

Қуыс кеуделі құбылыстың шардай-шардай бастарынан дауысы анық естілсе де, бірақ аузы-мұрны жоқ бір молақ. Алтын оқалы иыққа мінген егіз бас дауысынан санасы шіміркеніп, жаны түршігіп кетті!

Жанталаса қаламсапқа жармасып, әкесіне хат жаза бастады: «Әке! - деп барып тоқтады, іле: – Әже!..» деген сөзді қосты. Сол-ақ екен қаламы жорғалай жөнелді.

Қырылдаңқы дауыс:

- Әй, студент! Сен инженер емессің бе, роман жазып кеттің ғой... – дегенде ғана елең ете түсті. 

...Кенет оянып кетті.  Қара терге малшынып, жүрегі қысылып, қарадай тұншығып жатыр екен. 

Қос басты құбыжық әурелеген түс тұмандай сейіліп кетті. Абақтыда бұғалық тағдырды бастан кешкен Дойман өң мен түсін айыра алмай жатты. Сеңдей сірескен ауыр ой-сезім иектеп, илеп алған еді.

Терезеден жел ықтырған жаңбыр себелеп тұр. Қай уақыт болғаны белгісіз. Ұйқысы қашып кетті. Үйдегілер баяғыда ұйықтап қалса керек. Тыныштық. Мамыр жауыны ғана желмен желігіп алыпты. 

Абақтыда қор болған тәні мен қорланған жаны жылай ауырды... Жанарынан бірақ жас тамбады. Ой-санасы ойсырап, жас жаны қараңғы қорада  жабулаған жылқыдай торықты. Санасын қорғасындай салмақ басты. Жүрегін әлде бір күш қышқаштай сықты. 

Тізелегені... байланғаны... байлаулы жатып қор болғаны... адам айтқысыз қорланғаны – бәрі-бәрі есіне орала берді. Намысы біржола тапталғаны ақзудай жан әлемін күңгірт ой-сезімге батырып-ақ жіберген еді.

Жас жаны қысылған сәтте әжесін еске алатын. Тап қазір де қорыққан қоянша бүктісіп жатып есіне түсіре берді. Әжесі де әні-міне Зайсаннан келіп қалар!.. Осы бір сәт салкеме үстінде су бетінде сусылдай ұшқан ақ шағалалардай күңгірт көңіліне сызат түсті. 

Жіңішке үміті – ағарып атар шағала таң сонарында...

*   *   * 

Өңі қағаздай бозарып, көзі кіртиіп кеткен еді. Тағы да жан әлемін  үнсіздік билеп, жақ жүні үрпие түсіпті. Ештемеге зауқы жоқ. Жан-дүниесі құлазып тұр.

Анасы да ұйықтамаған сияқты, түрі өлқая шөптей сарғайып кетіпті. Аға-жеңгелері мен ұсақ балалар шырт ұйқыда жатса керек, әкесі  тұсаулы аттарды өзі алып келіпті.

–   Әжең ертең келіп қалар, - деді анасы бәсең үнмен; шайды ұсына берді. – Атаңның асы бүгін.

Дойман бірақ тіл қатпады. Анасын ақжарқын ұлының тұйықталып кеткен мінезі тағы тіксінтті!.. Енді бұған мынау жарық дүние де, адам атаулы да қызықсыз сияқтанып кеткендей көрінді. Тіпті анасының да бар-жоғын елемейтін хәлге көшіп алғандай... Селқос.

Әкесі де іштей іріп, қабақты бағып, ұлына бір ауыз сөз айтуға жасқаншақтайды. Ол да ыстық шайын ұрттай берді. Үшеуі де әлде бір үрей құшағында отырғандай үнсіз қалысты.

Ажар әжесі де ұялы телефоннан үндемей қойды... 

Соны сезгендей:

– Зайсан үлкен жер ғой, әжең абыр-сабыр жұртпен қолы тимей жүр-ау!.. Телефон да соға алмады, - деп жуып-шайған кеп танытты анасы.

– Тірінің емес, өлінің қамымен кетті ғой, - деп қалды әкесі анасының оралмай жатқанын жақтырмаған үнмен. 

Дойман орнынан тұрды. Жылдам басып тысқа беттеді. Соңынан жанарының көзқұйрығынан жас сорғалап анасы қала берді. Әкесі де жер тірене әрең тұрды. 

Күн ашылып келеді екен. Батыс жақ бұлтсыз. Сарыбай төсі ала бұлтты. Сарыбайдың аю апанындай үңірейген аңғар аузына қарап, Маңтөбетке магнитше тартқан жұмбақ күш ырқынынан тыс жетелей жөнелді. Дойман әжесінің әуенімен «Маңғаз жатқан елім менің – Маңтөбет! Маңғаз жатқан жерім менің – Маңтөбет! Маңтөбетім – маңғаз елім... маңғаз жерім! Маңтөбетім – жалғызым. Сен жетімсің! Қу қарағай басыңда... Сұм қарағай басыңда! - деп күбірлей берді. – Ай-ай, алағай-бұлағай дүние!..» 

Бұл сөздерді сансыраған санасы сыбырлады. Құлағына Ажар әжесінің әуезі анық естілді...

                                   Маңтөбеттің басында қу қарағай,

                                   Қу қарағай түбінде сұм балақай...

                                   Кәрі арыстан кеуделі, жартас басты

                                   Маңтөбет те маңқияр қу моладай...

                                                         Қу қарағай, сұм қарағай!.. 

Санасынан семсердей суырылып шыққан бұла сөз өзінікі болса да, әжесінің санасына сіңіріп тастаған шегедей тәмсілі секілді сезінді... Оған бірақ мән де бере алмады. Жан-дүниесінде жарық өшіп қалғандай еді. Кеудесін құр көтерер қуатсыз сезім мен қаяу көңіл басып қалған.

Ерттеулі тұрған атқа мініп, аңғар аузына қарай аяңдай берді. Әкесі де атына мініп, соңынан ілесе жөнелгенде жалт қараған ұлы:

– Әке, тоқтаңыз! Артымнан қалмадыңыз ғой... Қалыңыз! Маған жалғыздық керек. Жалғыздық! Түсінесіз бе? - деді ат басын ірке.

Ұлының мына сөзі жүзінен қамшымен осып қалғандай болды. Жүгенді шірене тартып қалғанын өзі де сезбей қалды. Дойман теріс айналған күйі ұзай берді. Ту сыртынан қадалған әке жанарынан жас ыршып кетті. 

Аңғардың аузынан аңқылдай соққан ызғарлы лепке Дойман қорғасындай  зіл сезім басқан кеудесін тосып, желе-жортып кете барды. Маңтөбеттің сұлу жондарына қарай қиялай тартты. Сабалақ-сабалақ жүндес төбетке ұқсас қалың жыныс жапқан кеңістік қойнауына үнсіз сіңе берді.

Түнгі жаңбырдан кейін дүние тазарып, салқын ауа саумал иіспен отығып, жанды жадыратар тау арасы хас сұлудай жасарып шыға келіпті. Ала бұлт аунаған Алтай аспаны да көктем күнін сағынып қалғандай алқаракөк түске қаныға қалыпты. 

Алқаракөк көйлекті Жазгүл ойына жалт етіп оралып өткендей болды...

Ол екеуі танысқанда да осындай көктем еді. Өскемен қаласын қақ жара ағатын Ертістің сұлу жағасы. Екеуі де бір көргеннен бір-біріне ғашық болып, саусақтарынан ұстасқанда жүректері дүрсілдеп, тірсектері дірілдеп, тәндері оттай ысып-суып қоя берген-ді... 

Кешегі қаңтар күндерінде де әкімшілік ғимараты алдында қол ұстаса, иық тіресе қатар тұрып еді-ау!.. Жарқыраған өмірдің қайғысы мен қуанышын бірге бөлісуге серттескен жастар еді. 

Амалы қайсы! Ертістің жас шыбығындай солқылдаған Жазгүл бұл өмірге қуанып келіп, кейіп өтті. Қаралы қаңтарда шейіт кетті... Тап қасында оққа ұшты. Жұпар аңқыған омырауын қанға шылап, жансыз денесін құшып бұл қалды. Жас жүрегіне айықпас дерт салды. 

Енді тау басында жүрісі мынау. Маңғаз Маңтөбеттің жатысы анау... Маңтөбет те мылқау. Жер де керең. Ел де керең. Дүние ғана көкорай. Жадыраңқы. Жаз да Жазгүлсіз келер... Жазгүлсіз өмір де өтер!

Алдаспанмын деуші еді. Алдаспан бола алмапты. Қараңғы қапас сағын сындырды. Қорлап бақты. Нәлет! «Нәлет, бүйткен бұл іске!..» 

Санасына мұз сүңгісі қадалғандай суық сезім селт еткізді...  

Тұла бойы шошына селк ете сілкініп салды. Оны тіпті астындағы ат та сезініп,  басын кекжең еткізе көтерді. Алдарынан қу қарағайлы Маңтөбетің төбесі шалынды. Атқа қамшыны басып-басып жіберді. Қамшы күтпеген  жануар ытырыла жөнелді. 

Тоқтамай шапты. Шапқан сайын күйлі жануар да қыза түсті. Қолтығы сөгіле сілтеді-ай дейсің!  Дойманның да делебесі қозып, ер үстінен алға қарай емініп, ерекше көңіл күй билеп алды. Көк те, жер де астасып, көкорай әлем жанарында дөңгелене ауды.

Ойынан әкімшілік алдындағы қарақұрым қараша жиналып, әділет сұраған қаңтар митингісі де, оқ атылған қатігез сәт те, бұрала құлаған Жазгүл де, жанын қинаған абақты да шығып кетті. Аттың шабысы еліртіп алғандай, мамырдың ызғарлы самалы сауықтырғандай санасы самаладай жарқырады. Жүзі бал-бұл жанып, тау ішін жаңғырықтыра айғайлады. 

Осы бетінде шапқылай-шапқылай жер қашығын қысқартты. Ат та барын салды. Өрлі-ылдиға қарамай ызғытып, Маңтөбеттің ұлы жонына көтерілді. Бөксесін ала жапқан қалың тоғай мен қабырғасын қиялай көмкерген жынысты ну  артта қалып, төбет тектес ұлы жонның кеудесін ала көтерілген жартасты басына да жетті.

Маңтөбеттің алып біткен жартас басы маңғаз маңқияды...

Тұрқы жатқан төбет секілді ұзын жалдың желке тұсынан келіп Дойман тізгін тартты. Қос өкпесін қаққан атының ауыздығын алып, ердің алдыңғы қасына  тізгінінен тарта қаңтарып тастады. Тау төскейінде алқына терлеген күлігін суытуға қойды. 

Маңтөбет мойнын айнала берді...

Жуан мойын Маңтөбетті айнала келіп, арғы жағындағы қабат-қабат жартасты алқымы астынан дөмпеш басына көтерілуге көшті. Күн төбеде жарқырап тұрды. Самал жел жас жігіттің толқынды шашын тарады.

Дойман әлден уақта жақпар тастар арасымен, қақпа тастар қылысымен, жалпақ тастар бетімен биікке де шықты. Өзі де қара терге малшынды. Маңтөбеттің маң төбесі ат арқандарлықтай кең екен. Жалпақ тастар жымдаса өріліп, қабаттаса жатыпты. Қақ ортасында құдайдың құдіретімен көлемі бес-алты адамның құлашы айқара қаумаласса әрең жетерлік қарағай бітіпті. Сырты сүргілеп тастағандай жып-жылтыр. Бұтақтары баяғыда мүжіліп жоқ болыпты. Биіктігі бір он бес метрдей бар. 

Аруақтай құп-қу...

Әкесінің айтқанындай-ақ екен. Жүздеген жылды артқа тастаған-ау, шамасы! Самұрық қонар қыран қарағай. Небір заманның жел-құзына төтеп берген төрдегі алып шынар. Жападан жалғыз күн сүйіп тұр.

Дойман мына алып бәйтерекке айран-асыр болды!..

Дүние жаралғалы тұрғандай көрінді қу қарағай. Жүрегін белгісіз бір қуаныш шарпып, күңгірт тартқан көңілі серпілгендей болды. Әлде қандай нұрлы сәуле санасын осып, көкірегін көктей өтті. 

Күн сүйген дәупері діңді үш айналып шықты. Сонан соң ғана Маңтөбеттің басынан, қу қарағай қасынан төңірекке көз жіберді. Алыста қар-мұз жауып жатқан Құзғынды-Жайдақ пен Сарытау жанарына шалынды. Жақыннан Қызыл кезең биігі мен Қызыл бөрі шыңы көлденеңдеді. Табан астында Шұбарағаш шұбартып, қапталда Көтібай сайы қабырғасы қалқая берді. 

Жанарына ыстық жас үйірілді. Осынау сұлу дүние қарашығында сиқырлана аунады. Тәңірі жаратқан табиғатқа деген қимас сезім жан-дүниесін астаң-кестең етті... Туған ел мекен еткен туған жердің шырышы бұзылмаған уыз күйі уатқандай болды. Кіреуке көңілі бұлттан шыққандай жарқ етті. 

Жарқ еткен көңіл ұзаққа бірақ созылмады. Абақтыда қорланған жанын қамырық сана сүңгідей қайта шабақтады... Сырласарға жар, мұңдасарға жан таппаған шыбын жаны шырқырай ширықты.

Дойман жанын жеп, іштей мүжіліп, ой-санасын торықтырған мына азапқа бұдан әрі шыдай алмасын сезді... Күйзеліске толы суық, сүлей сезім күшейіп алды. Түпсіз қаракөлеңке басқан қорым қияға көзі еріксіз түсе берді. Тәні шіміркеніп кетті!.. Ішкі жағы аяз қарығандай мұздап, жас жүрегі суынды. 

Төменде қаңтарулы қалған аты есіне оралды. Жүгенін түріп, қыстауға қарай айдап жіберуді ойлады. Жазықсыз хайуан ғой,  қаңтарулы қалпы қалмасын!.. Дәудің басындай жұмыр жартас басынан етекке қарай асыға ұмтыла берді. 

Ал Маңтөбеттің құз-қиялы жаламасы қаракөлеңке тартып, барыс паналар шұңғыма апандай үңірейе қалыпты. Пенде жұтардай қаранор шұңғымаға қу қарағай ғана биіктен төне түседі.

*     *     *

...Арада жыл өтті.

Жаңбырлы мамыр селдетіп тағы жетті. Сан ғасырлық қыран қарағай басына жай түсіп, қараңғы түнде отқа оранды. Үш күн бойы Маңтөбеттің шоқпардай басында аруаққа арналған шырақтай алаулап жанып тұрды.

Жұмбақ өлім құшқан Дойманның жылдық асы берілді. Ажар әжесі аруақ басына әулетті жиып, дұға бағыштады. «Жалғыздықта жан кештің-ау!..» деді шылауышының ұшымен көз жиегін сүртіп. 

Жас өлік жатқан қабір үстіне құдіреттің күшімен аршаның нәзік өскіні жайыла көктепті.

20.01. 2023. 

Астана.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар