Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Астанада «Алаш айтқан асыл сөз» атты кітаптың тұса...

23.06.2016 6197

Астанада «Алаш айтқан асыл сөз» атты кітаптың тұсауы кесілді

Астанада «Алаш айтқан асыл сөз» атты кітаптың тұсауы кесілді - adebiportal.kz


Бүгін Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақ елі Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алашорда Үкіметінің Төрағасы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына орай шыққан «Алаш айтқан асыл сөз» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Іс-шараны ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен «Аманат» интеллектуалдық пікірсайыс клубы ұйымдастырды.

китап2.JPG

Жоба авторы Берік Уәлидің айтуынша, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы да қаперден тыс қалған жоқ.


«Жинаққа ұлт көсемі Әлихан Бөкейханнан бастап Смағұл Сәдуақасұлына дейінгі 25 Алаш арыстарының ой-толғамдары мен қанатты сөздерін топтастырып беріп отырмыз. Осы ретте 25 Алаш арысын іріктеп, олардың қанатты сөздерін жариялауымыздың тегін еместігін айта кеткен жөн. Өйткені, биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, осыған орай оқырман қауымға 25 Алаш арысының қанатты сөздерін сый ретінде тарту етуді алдымызға мақсат етіп қойдық», - дейді Берік Уәли.


берик.jpg


Естеріңізге сала кетейік, биыл Алашорда Үкіметінің Төрағасы Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда.


Аталмыш шараға алаштанушы белгілі ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Сұлтанхан Аққұлұлы, Намазалы Омашов және Жанғали Жүзбай, Еркін Шүкіманов, Нұркен Өтеуілов қатарлы өнер қайраткерлері, журналистер қатысты.


Кітапқа алғысөз жазған профессор Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, осыдан бір ғасыр бұрын Алаш зиялылары айтып кеткен асыл сөздер қазірдің өзінде өз құндылықтарын жойған жоқ.


турсын.jpg


«Ұлттық Тәуелсіздік, Ұлттық Мемлекет, Ұлттық Кеңес, Ұлттық Шекара, Ұлттық Бірлік деген ұлы сөздердің ұлттық санамызға кіріп, айналымға түскеніне тура бір ғасыр өткенде сұрыптала ұсынылған, ұлттық санамызды ұйытқан осынау қанатты сөздер өзінің мағынасын бүгінгі күндері де жойған жоқ. Қайта, жаңа бір қырынан ашылып, дертімізге дауа, пікірімізге дәлел, ойымызға ұйытқы боларлықтай ләммен түрлене мағыналанып отыр. Ұлтты ұйытқан алаш қайраткерлерінің асыл сөздері қашанда ұлттық ойымыздың өшпейтін тамыздығы бола білмек» - дейді ол.


Кітапқа енгізілген елінің еркіндігі мен тілі, діні, мәдениеті жолында аянбай еңбек етіп, сол жолда құрбан болған Алаш арыстарының тағылымы мен тәрбиесі терең сөздері бүгінгі қоғамымызға ауадай қажет. Ендеше, қайраткерлеріміз айтқан бір ауыз сөзі әр қазақтың кәдесіне жарайтын болды.


китап.jpg


китап1.jpg

галымдар.JPG


китап4.JPG


Айта кетейік, жоба авторы Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Берік Уәли болса, кітапты құрастырушы журналист Серік Жолдасбай, тарихшы Еркін Ерланұлы. Кітап жалпы көпшілік қауымға арналған.


Жоба авторының айтуынша, кітап 4 айда дайындалған. Дегенмен әлі де толықтыратын тұстары бар. Осы ретте ғалымдар да ортаға өз ойларын салып, болашақта кітапты бұдан да толықтырып, таралымын молайтып шығару жолдарын қарастыруды тапсырды. 


Тарихқа көз жүгіртсек, Алаш қозғалысы 1905 жылдан бастап қалыптаса бастады. Міне, осы уақыттан бастап Алаш арыстары қазақты ағартуға атсалысады. Мәселен олар 1913 жылы жарыққа шыққан «Қазақ» газетінің айналасына топтасып, ұлттық мүддені ту етіп алды. Сондай-ақ Алаш арыстары 1917 жылдың 21-28 шілде аралығында Орынбор қаласында І жалпықазақ құрылтайын өткізіп, тұңғыш рет ұлттық демократиялық «Алаш» партиясын жариялады. Бұдан бөлек 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында ІІ жалпықазақ құрылтайы өтіп, Алашорда үкіметі құрылған болатын. Өкінішке қарай Алашорда үкіметі 2 жыл 3 ай Тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүріп, 1920 жылы Кеңес үкіметін мойындайды. Алайда олар Кеңес үкіметінің сапында жүріп, қазақ халқын ағартуға күш салды.



Әбу-Асқар Мекешұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар