ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Атың шықпаса, подкаст жаса» атты қазақ тіліндегі тұңғыш практикалық құралдың таныстырылымы және подкаст болашағы туралы талқылау өтті.
Тәжірибелі подкастерлер Бақытгүл Салыхова мен Әйнел Әмірхан Alqa Publishing баспа үйімен бірлесіп шығарған бұл кітапқа авторлар подкаст жайындағы барлық маңызды ақпаратты жинақтаған екен. Бастапқы бөлімінде аудионұсқадағы жазбаның тарихы баяндалып, бұл саланың елімізге алғаш келуінен бастап бүгінгі шақта қалай дамып жатқандығына тоқталады. Одан кейін зерттеу жасауға подкастер әріптестерімен сұхбат берілген. Біздің елде подкаст жасау қаншалықты ыңғайлы және сол арқылы ақша табу мүмкін бе деген сұрақтардың жауабын іздеген бұл еңбектің осы сала бойынша бағыт-бағдар беретініне күмән жоқ.
Алдымен «Alqa Publishing» контент үйінің бас редакторы Баян Хасанова өздері діттеген мақсат жайына тоқталып өтті:
- Қазір баспалар көп, қазақ тіліне аударып шығарып жатыр.Біздің контент үйіміз негізінен қазақ қыздарының, әйел қаламгерлердің шығармашылығын қолдауға арналған. Біз Бану Дәулетбаева екеуміз баспаны бірге құрған кезде ұрпақ тәрбиесі негізінен әйел мойынындағы міндет есепті, ұрпақты тәрбиелейтін ана, әйел болғандықтан оларды рухани тұрғыдан, моральдік тұрғыдан қолдау керек, барлық жағынан ақпаратты беру керек деген ойда болдық, алдымызға осындай мақсат қойдық. «Alqa Publishing» баспасының құрылғанына қараша айында бір жыл толды, осы кезге дейін бірнеше кітап шығардық. Оның ішінде шетел авторының кітабының құқығын алып қазақшаға аудардық. Тек аудармамен шектеліп қалмай, қазақша жазған бестселлерлерді әлемге танытатындай авторларды алып шығып, қоғамға таныстыру мақсатымыз бар. Жақында ғана «Алқа» грантын жариялап, қазақ әйелінің образын ашатын шығармаға грант жарияладық, осылайша қазақ әйелінің образын бейнелейтін шығармамен толықтырғымыз келеді. Ал, бүгінгі сөз болғалы отырған жаңа кітап туралы айтсам, тәжірибелі подкастерлер Ғайнел мен Бақытгүлдің мақсаты бір жерде тоғысып, бір мүддеге ұмтылатындықтан осындай тандем құрып, осы кітапты басып шығардық.
Кітап авторларының бірі, OY-DETOX подкастының жүргізушісі Әйнел Әмірхан жаңа саланың болашағы, оған қызығатын жастар көп екенін, жалпы подкаст туралы айтып өтті.
Подкастер Елдар Құдайбергенов подкаст тазалығы үшін күрес туралы айта келіп: «Подкастты подкаст қылатын таралу жолдары. Жаңалықты да, өлеңді де подкаст қылып жіберуге болады. Басқа еш рамка, шектеу, шеңбер жоқ. «Меніңше былай» деп жай ғана подкаст жасаңыздар, соны еркіндік, тәуелсіздік деп айтамыз, - деген ой айтты.
Бақытгүл Салықова: - Өзінің жасап жатқан өнімін тек подкаст деп атап кеткендер көп. Бұл жерде маңыздысы - артық қимыл жасамау. Тіл өте маңызды. Көбі қазақ тілін біле тұрып орыс тілінде подкаст жасағысы келеді. Қазақ тілінде жасалатын подкасттар саны көп болу керек. Блогосфера пайда болып жатқанда қазақ тілінде мәтін шығару маңызды болды. IT мамандар бағдарлама жасап, алгоритм жинақтап, сөздіктер құрғанда, бәріне көмектесетін мәтін болса, қазір аудиода да сондай үлкен фон жинақталуы керек болды. Өйткені аудионы мәтінге, мәтінді аудиоға айналдыру, әр адам қолынан келіп жатса, қазақ тіліндегі өнімді ұсына беруі керек. Ол өте көп болуы тиіс. Кезінде подкаст болып жасалмаған дүниелердің өзін кейін технология дамып, мүмкіндіктер болғанда аудиосын алып салып қоятын болды. Сондықтан бір өнімді түрлі жолмен беру жолын біліп, БАҚ, телевизия болсын, сол мүмкіндікті пайдаланып беруі тиіс.
Перизат Мырзахмет, подкастер:
- Басында біздікі подкаст емес, жай үшеуміздің әңгімеміз болсын деген едім, өйткені, қалай болғанда да қазақтілді әңгіме болсын деген мақсат болды. Осыдан бес-алты жыл бұрын «орыс тілді блогер болмасын, солар жасап жатқан блокинг, подкаст, сұхбатты неге қазақша жасамасқа?» деп, соның барлығына қазақша шығуды мақсат еттік. Жалғыз мақсат - қазақ тілді контентті көбейту.
Сонымен бірге біздің қоғамда әйелдердің бір-бірін қолдауы жоғары емес. Біздің сериалдарда да ене мен келіннің проблемасынан ары қарай шыға алмаймыз, өз қарым-қатынасымызбен неге үлгі болмасқа? Мысалы, бізге көбісі «Дөп сөзден» кейін жазылды, «шаблоннан тыс, басқаша ойлайтындар бар екен ғой» дегенге келді. Ойлар айтылуы керек. Біз бәрін идеал қылып жасағымыз келеді. Бірақ, бүгінгі біздің қоғам сапалы ой контентіне зәру екенін көрсетіп отыр. Айтылатын ой адамның өміріне, жанына әсер етуі керек. «Ойжеткен», «Он жеті» болсын, тікелей эфирлер болсын, қазақша сөйлеу, қазақша киіну ұят емес деген ойды орнықтырып, сондай нәрсені айтуға тиіс болдық. Әйелдер мүмкіндігінше бір-бірін қолдауы керек.
Әйнел Әмірхан:
- Бастапқыда ұсыныс түскен кезде «бұл кітапты орысшаға аударайық» дегенде Бақытгүл: «бұл кітапты орысшаға аудармаймыз, қазақ тілді аудиторияға жасап жатырмыз. Кейін біз, бәлкім, шетелдік аудиторияға арнап шығарармыз, мүмкін, сол кезде қазақ тілінде жазылған кітапты тікелей ағылшын тілінде оқитын шығар» деп жауап бергені есімде, мен осы жерде Бақытгүлге сұрақ қойсам деп едім, сонда сізде: «Біз үлкен тиражбен шығарсақ, үлкен аудиторияны қамтимыз» деген ой болған жоқ па?
Бақытгүл Салықова:
- Егер мемлекеттік тіл сол мемлекеттегі барлық ұлттың тіліне айналса, ол мемлекет бай, қуатты болады. Егер біз өнімімізді орыс тілінде шығара берсек, бұл ешқашан тоқтамайды. Мысалы, жарнамадан ылғи зиянды сусынды көрсете берсе, адам соны көре берсе, оның зиян екенін біле тұра тұтынады, оны қалыпты нәрсе деп қабылдай бастайды екен. Кеңес үкіметі тараған кезде бізден басқа елдер, мысалы, балтық елдеріндегі мемлекеттер өз ана тілін басқа деңгейге шығарамыз деген кезде алдымен орыс тіліне шектеу жасады, яғни адамдар өз таңдауын жасады. 2014 жылы Италияға барған кезімде «Бір мемлекет - бір тіл» дегенді нақты түсіндім. Яғни біз басқа тілге басымдық берген сайын жағдай өзгермейді. Қазақ тілінің жағдайы тек қазақ тілінің мұғалімдерінің қолында тұрған жоқ, мемлекет біртілді болуы керек, ал азаматтың тілді таңдауына құқы бар.
Белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт: «Подкаст - заманауи БАҚ-тың ең үлкен тәсілі, оны біліп, үйренуіміз керек. Өз басым телевизияда өз табиғатыма жақпаған нәрсемен айнылыспаған жанмын. Әрине, телевизияның рейтинг дегеннен шыға алмай қалғаны күрмеуі шешілмей жатқан мәселе болып отырғанын білеміз. Идеологиялық, мәдениет майданында жасалып жатқан істердің қауқарсыз екенін де мойындауымыз керек. Подкаст енді тәй басып, бағыт-бағдарын танып келе жатқан сала ғой. «Қисық өскен ағаштың көлеңкесі түзу болмайды» дегенге сүйеніп, байқаған кемшілік туралы айта кетсек, мысалы, подкаст дегеніміз еркіндік деп жатырсыздар, осы жерде тілдің тазалығына мән бере бермейтін факторға көзқарастарыңыз қалай? Өйткені блогерлердің подкасттағы жұмысы тілдің шұбарлануына әкеліп жатқанын көріп жүрміз, - деп тележурналист ретінде өзін толғандырған сұрақты қойды.
Бұған қатысты Бақытгүл Салықова: «Әрине, барлық нәрсені түсінікті, қарабайыр қыла беруге қарсымын. Шын мәнінде деңгейі биік, ой-өрісі жоғары адамдар бар ғой, олар да іздегенін табуы керек. Әр адам өзінікін табады, сонымен кетеді» , - деп өз пікірін білдірді
Елімізге белгілі журналист, продюсер, подкастерлер тәжірибелерімен бөлісіп, подкаст дамуына қатысты мәселелерді талқыға салған жиынның студент жастар үшін берері мол болғаны анық, жастар тарапынан қызығушылық басым болғандықтан сұрақтар да көп болды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.