Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ауыл ертегілері (драма-диптих)...

14.08.2016 4154

Ауыл ертегілері (драма-диптих)

Ауыл ертегілері (драма-диптих) - adebiportal.kz


 


 

Айсұлу Жолтайқызы.jpg

Айсұлу Жолтайқызы 1991 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2013 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқуын қызыл дипломмен тәмамдаған. Ұлыбританияның Ковентри университетінде білім алып, 2015 жылы Дипломатия, құқық және әлемдік даму саласында магистр дәрежесін алды. Қазіргі таңда көркем әдебиетпен және қазақ көркем шығармаларын ағылшын тіліне аудару ісімен шұғылдануда. 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 


 

 Мақтаншақ бақа

(ертегі-пьеса)

 

Қатынасушылар:


 

 

1. Мақтаншақ Бақа

2. Кәрі Бақа

3. Мейірімді Бұлт

4. Ұзын мойын Көкқұтан

5.Суыр тышқан

6. Ақбас Балық

 

Көпшілік көріністерде: Бақалар, құстар, әртүрлі жәндіктер, т.б.


 

 

Ескертпе:


 

1) Адам болсын, жан-жануар болсын – тойымсыздық пен ашкөздік түптің түбінде жақсылыққа әкеліп соқтырмайды. Бұл талайдан айтылып келе жатқан ақиқат болса да, әлі күнге сабақ болған емес;

2) Біз, сірә, жан-жануарлар мен құстар арасындағы достық пен мейірбандықты осы күнге дейін әлде білмейміз, әлде білгіміз келмейді;

3) Пьесада фантастикалық элементтер бар болғанымен, негізінен өмір шындығы басты назарда ұсталды.


 

 

Бірінші көрініс

 

Көктемнің жып-жылы күні.

Көктен күміс күн нұрын төгіп тұр. Ән салған құстар үні естіледі.

Шалшық судың жағасы.

Кәрі бақа шалқасынан жатып, көзін жұмып, әлденені ойлануда. Оның жанына мақтаншақ жас бақа секең-секең етіп келіп, тоқтайды. Кәрі бақа оған көңіл аудармай, жата береді. Кәрі бақаға қарап, жас бақа өлеңдетіп сөйлейді.


 

Мақтаншақ бақа: (мақамдап)

– Бойымда тасыған күшім бар,

Тістесем, айрылмас тісім бар!

Ішім пысып барады, ішім пысып,

Меніменен қайсыңның ісің бар?..

Кәрі бақа елең етпейді. Жас бақа оған жақындай түсіп, сөйлейді.

Мақтаншақ бақа: Ау-у, ұйықтап жатырсыз ба? Бұл не деген ұйқы-ы...

Кәрі бақа: (үн қатып) Айқайлама! Керең емеспін. (күліп) Өзің ақын екенсің...

Мақтаншақ бақа: Неге қозғалмай жата бересіз? Неге осынша жалқаусыз?

Кәрі бақа: (марғау үнмен) Мен жалқау болған емеспін. Жас күнімде еңбек еттім. Тыным таппадым. Енді, міне, қартайдым. Бойымнан күш-қуат кете бастады.

Мақтаншақ бақа: Қартайған бақа осылай жата беруі керек пе? Бізге ақыл үйретпейсіз бе? Көрген-білгеніңізді айтпайсыз ба?

Кәрі бақа: Ақыл-кеңес тыңдайтын жас бар ма осы күні?

Мақтаншақ бақа: Неге жоқ! Бар. Бармыз...

Кәрі бақа: Ендеше сөзіме құлақ сал. (сәл тоқтап) Жастықтың ең үлкен кемшілігі – өзім білем деуі. Өз дегенімен жүрем деуі...

Мақтаншақ бақа: Жастарда ақыл жоқ па? Туа бітті зеректер де бар...

Кәрі бақа: Зерек болу жақсы. Бірақ, өмірді әлі танып-білген жоқ. Сосын да деп-демде қателеседі. Жолдан адасады.

Мақтаншақ бақа: Үлкендердің бәрі осыны айтады. Жас бақалар сөзсіз жаңылыс қадам жасайды дейді. Мен осыған сенбеймін.

Кәрі бақа: Міне, сен де ақыл-кеңес тыңдауға жоқсың. Дереу менімен сөз таластыра бастадың. Сөзге қонақ бергің келмейді.

Мақтаншақ бақа: Айтысу емес, шындықты тура айту! Тура сөйлеу! Біз ақиқатты жасырған сайын өмір де қызықсыз бола береді.

Кәрі бақа: Балам, өмірде шындық деген осы деп аузыңа не түссе, соны айтуға болмас. Ол шындық емес, адасу...

Мақтаншақ бақа: Адасу да – сабақ... Алдағы өмірге – сабақ...

Кәрі бақа: Бұл сөзің жөн. Алайда, адасудың да адасуы бар. Қайтып жөндеуге келмейтін адасу жаман. Құрдым деген сол...

Мақтаншақ бақа: Қандай істі де жөнге салуға болады деп ойлаймын.

Кәрі бақа: (ойлана) Мысалы, абайламай істеп, ауыр жарақат алып қалсаң, өміріңе қауіп! Қамыс арасында жүгірем деп, көзіңді шығарып алсаң, көрмей қаласың... Айта берсең өте көп...

Мақтаншақ бақа: Мені қатты қорқыта бастадыңыз.

Кәрі бақа: Қорқыту емес, сақтандыру. Үлкендер осылай сөйлейді. Өйткені, өмірден түйгені көп.

Мақтаншақ бақа: Өмірден түйгенім осы деп бос мылжың болу да – ақылдылық па?

Кәрі бақа: Сөз астарына мән бермейсің. Тым аңғал көрінесің...

Мақтаншақ бақа: Сізді түсіндім. Сіз шынымен шаршаған екенсіз. Ұйықтаңыз... Ұйқыңызды жалғастыра беріңіз...

Жас бақа секектеп, тағы да ары қарап кете береді. Кәрі бақа оның соңынан қарап, тұрып қалады.

Кәрі бақа: (толғана сөйлеп) Әй, осы балалар бар емес пе! Осылар тым ерке! Тым шолжаң! Тым ақылсыз... Түбі орға жығылар ма деп қауіп етемін!

Сахна қараңғылана береді де, қайта жанғанда – жас бақа шалшық су жағасында ұзын мойын Көкқұтанмен кездесіп тұрады.

Көкқұтан: Балақай, сен неге босқа сенделіп жүрсің?

Мақтаншақ бақа: Олай емес. Мен өзіме ұнайтын жерді іздеп келемін.

Көкқұтан: Сонда... арманың не?

Мақтаншақ бақа: Көкқұтан, менің ішім пысып барады. Жер үсті түк те қызық емес. Сен мені көкке алып ұшасың ба, а?

Көкқұтан: Олай ете алмаймын.

Мақтаншақ бақа: Неге? Өтініш сұрап тұрмын ғой өзіңнен!

Көкқұтан: Сен жассың. Әлсізсің. Көкке көтерілген соң, жерге құлап кетсең, жарақат алып қалуың да мүмкін. Тіпті өліп қалсаң ше!

Мақтаншақ бақа: Жоқ, мен биіктен қорықпаймын. Құламаймын да.

Көкқұтан: Ол – сенің ойың. Ал, көкке көтерілген соң, зуылдап жел соғады. Аспан астындағы кеңістікте басың айналады. Сосын құламағанда қайтпексің?

Мақтаншақ бақа: Е, сен бар емессің бе? Сен мені қанатыңмен қорғамайсың ба?

Көкқұтан: Мен жерде күштімін. Ал аспанда әлсізбін. Қанатымды қағып отырмасам, өзім де құлаймын. Төменге құлдилаймын. (сәл тоқтап) Ақылымды алсаң, көкке тым құмартпа!..

Мақтаншақ бақа: Түсінікті. Сені көк аспанның еркесі шығар деп ойлап жүруші едім. Сөйтсем, қателескен екенмін. Бұдан былай сенімен сөйлеспеймін. Менен аулақ жүр...

Осыны айтты да, секек-секек етіп әрі қарай өлеңдетіп кетіп бара жатты.

Мақтаншақ бақа:

– Көкқұтан маған дос емес.

Ойлайтыны – бос елес!

Көмектесші десем мен,

Оның қолы бос емес!..

Сосын маған дос емес!..

Сахна қараңғыланады.

 


 

Екінші көрініс


 

 

Жас бақа көлемі үлкен, түбі терең өзен суының жағасына келеді. Жағадан тұңғиық суға қызыға қарап тұрады.

Енді армандап сөйлейді.

Мақтаншақ бақа: Шіркін, мен де мына үлкен өзенге түсіп, емін-еркін жүзіп кете барсам ғой. Өзеннің шыңырау түбінде көп қызықтар бар шығар, ә? Сол тұңғиыққа барып қайтар ма еді...

Осы кезде су ішінен дауыс естіледі.

Дауыс: Қызықтың бәрі – жер бетінде. Су астында қандай қызық болсын!

Мақтаншақ бақа: (жауап қатып) Жер бетінде қандай қызық бар? Білмеймін. Маған түк те қызық емес. Ештеңе де жоқ.

Дауыс: Өзің жер басып жүрген соң, қадірі де болмайтын шығар. Ал, бізге – арман! Жер бетіне шығу – үлкен арман...

Мақтаншақ бақа: Оу, сен... сен кімсің, а? Неге маған көрінбейсің өзің?

Су астынан Ақбас балық көрінеді.

Ақбас балық: Саған тіл қатқан мен едім.

Мақтаншақ бақа: Сен су астында өмір сүресің бе? Тереңге, су түбіне бара аласың ба?

Ақбас балық: Әрине! Терең су – менің мекенім!

Мақтаншақ бақа: Ал, онда... қызықтар көп пе? Тереңде не бар?

Ақбас балық: Тереңде не болсын! Онда әртүрлі балықтар мекен етеді.

Мақтаншақ бақа: (балыққа жалына сөйлеп) Мен зерігіп кеттім. Арқаңа мінгізіп, өзен ортасына алып шығасың ба?

Ақбас балық: Болмайды. Өзен ағысы – қатты! Өзен суы өте терең. Ортасына барғанда үстімнен тайып құлап түссең, тереңге шым-м батасың. Мен ондайда көмектесе алмай қаламын.

Мақтаншақ бақа: Сонда батып кеткеніме қарап тұра бермексің бе? Жүзіп барып, арқаңа салып алмайсың ба?

Ақбас балық: Олай ете алмаймын. Менің қолым жоқ. Қанаттарым өте әлсіз. Дәрменсіз болып қаламын.

Мақтаншақ бақа: Суға құлап кетсем, не болады? Мен де жүзе білемін. Өзімді-өзім құтқарамын.

Ақбас балық: Терең суда жыртқыш балықтар да бар. Олар сені ойланбастан қылғыта салады.

Мақтаншақ бақа: Су астындағы балықтарда жүрек жоқ па? Аяушылық деген болмай ма?

Ақбас балық: Олар – жыртқыш! Ал, жыртқыш деген тым қатал. Тіпті мен өзім де қорқамын.

Мақтаншақ бақа: Е, мен сені су астының иесі болар деп ойлағанмын. Сөйтсем, сен де дәрменсіз екенсің. Түсінікті.

Ақбас балық: Ренжімеші, жас бақа! Осы жолғы өтінішіңді орындауға қауқарсызбын.

Мақтаншақ бақа: Енді не орындай аласың?

Ақбас балық: Су астынан балдыр, шылау, көк шөп әкеп бере аламын.

Мақтаншақ бақа: Мен оны қайтемін? Жер үстінде ондай заттар былай да баршылық. Өте көп...

Ақбас балық: (ойлана сөйлеп) Су астында асыл тастар бар. Соларды әкеліп берейін.

Мақтаншақ бақа: Оның керегі не? Маған ешқандай асыл тас керек емес. Менің арманым – өзен суының үстімен серуендеу. Ұзақ серуен құру... (армандап тұрады.)

Ақбас балық: Кешір, жас досым! Маған қолымнан келместі өтініп тұрсың. Оған шамам жетпейді. Ренжіме.

Осыны айтады да, терең суға сүңгіп жоқ болады.

Мақтаншақ бақа: Балықтарды да түсіндім. Олар да бір-бірінен қорқып, бейшараның күнін кешеді екен ғой... Жыртқыштар, жауыздар көп дейді. Қорқақтар... (енді әндетеді)

– Ақбас балық, ақ балық,

Сенен де достық таппадық...

Айтамыз деп өтініш,

Сірә, саған, жақпадық!..

Сахна қараңғылана береді де, қайта жанғанда – Мақтаншақ бақа құм арасындағы Суыр тышқанмен тілдесіп тұрады.

Мақтаншақ бақа: Суыр, сен мені арқаңа мінгізіп алып, құм арасын аралатасың ба?

Суыр: Жоқ, олай ете алмаймын.

Мақтаншақ бақа: Неге? Неге өйте алмайсың?

Суыр: Өйткені, құм арасы өте қауіпті. Онда әртүрлі тісті жәндіктер бар. Олар сені тістелеп, жарақаттап тастауы да мүмкін.

Мақтаншақ бақа: Мен олардан еш қорықпаймын. Қарсы айбат жасаймын. Менің де тістерім бар... Міне!.. (аузын ашады)

Суыр: Азулы аңдар да баршылық. Оларға әлің жетпейді.

Мақтаншақ бақа: Сонда олар маған не істемек?

Суыр: Азулы аңдар сені қылғыта салады. Жұтып қояды.

Мақтаншақ бақа: Сен ше? Сен көмектеспейсің бе сонда?

Суыр: Оларға менің де әлім жетпейді. Сосын да оларды көрсем, қашып құтыламын.

Мақтаншақ бақа: Қайда? Қайда қашасың?

Суыр: Інге кіріп кетемін.

Мақтаншақ бақа: Мені де сол інге ала кетпейсің бе?

Суыр: Сен онда кірсең, тұншығып қаласың. Тар! Түнек!

Мақтаншақ бақа: Е-е, сенің де жайың түсінікті болды. Қош бол, онда. Бұдан былай ешқашан өтініш айтпаймын. Маған дос болуға жарамайсың.

Суыр: Солай ойласаң, өзің біл!

Жас бақа өз жөнімен кетіп бара жатады. Өлеңдетеді.

Мақтаншақ бақа:

– Құм ішінде Суыр бар,

Өз сөзін өзі туырлар!

Сөзімді жерге тастады.

Суырлар, әттең, суырлар!..

Сахна қараңғыланады.


 

 

Үшінші көрініс


 

 

Жас бақа өзі ойнайтын шалшық судың жағасына келіп, мұңайып отырады. Осы кезде көктегі бір шөкім бұлтқа көзі түседі. Оған тіл қатады.

Мақтаншақ бақа: Бұлт! А, бұлт! Сен қандай бақыттысың!

Бұлт: Жоқ, мен емес, сен бақыттысың.

Мақтаншақ бақа: Сен биіктесің. Ал, мен...

Бұлт: Биікте тұрғанның бәрі бақытты деп кім айтты?

Мақтаншақ бақа: Аспан қандай мөлдір! Сен соған жақынсың...

Енді бұлт жер бауырлап келіп, жас бақаға үн қатады.

Бұлт: Неге көңілсізсің, жас бақа? Не болды саған?

Мақтаншақ бақа: Маған ешкім де көмектескісі келмейді. Бәрінің айтатыны – бір сөз.

Бұлт: Кімдер?

Мақтаншақ бақа: Бәрінің сөзі бір...

Бұлт: Олар не дейді?

Мақтаншақ бақа: Көкқұтан көкке алып ұшқысы келмейді. Балық терең суға батып кетесің деп қорқытады. Суыр құм арасында жыртқыштар көп, сені жеп қояды дейді. Сонда... қай жер қауіпсіз? Қайда барсам еркін жүре аламын?

Бұлт: Арманың не?

Мақтаншақ бақа: Арманым ба? Арманым жетерлік. Әйтеуір осы жер бетінен аулаққа кетіп қалсам ғой, шіркін...

Бұлт: Аспанға ұшқың келе ме?

Мақтаншақ бақа: (қуана) Әрине! Та қазір биікке көтеріліп, жерге зеңгір көктен қарасам қандай бақытты болар едім.

Бұлт: Ол өтінішіңді мен орындай аламын.

Мақтаншақ бақа: (қуанып кетіп) Қалай? Сен орындай аласың ба? Мені көкке алып ұшасың ба?

Бұлт: Әрине! Мен үшін ол қиын емес.

Мақтаншақ бақа: Онда не тұрыс? Мені үстіңе мінгізесің бе?

Бұлт: Әлбетте. Қазір-ақ алып ұшамын.

Мақтаншақ бақа: Алақай! Менің бір арманым орындалатын болды.

Бұлт: Тек... бір нәрсені ескертіп қояйын.

Мақтаншақ бақа: Ол не?

Бұлт: Мен көкте ұзақ тұра алмаймын. Кенет жаңбыр болып, жерге жауамын.

Мақтаншақ бақа: Жауа бер! Мен үшін ол да қызық. Жерге жауған жаңбырға енді төбеден қарайтын боламын. Оны мен ғана көре аламын.

Бұлт: Өйте алмайсың!

Мақтаншақ бақа: Неге? Неге солай ете алмайды екенмін?

Бұлт: Өйткені, мен жаңбырға айналған сәтте сен мінген бұлт та жоғалады.

Мақтаншақ бақа: Қалайша? Бұлт қайда кетіп қалады?

Бұлт: Бұған дейін бұлт болса, енді-суға айналды. Бар болғаны сол...

Мақтаншақ бақа: Мен... мен бір уыс бұлтты ұстап тұрып қалсам ше?

Бұлт: Олай ете алмайсың.

Мақтаншақ бақа: Ол қиын ба сонда?

Бұлт: Әрине, қиын! Бұлт суға айналса, оны ешкім де ұстап тұра алмайды. Су – жаңбыр болады. Жерге себелейді. Сосын... жер бетінде көлшіктер пайда болады.

Мақтаншақ бақа: Жердегі кішкентай көлшіктердің бәрі – Бұлтпен келген бе?

Бұлт: Тап солай.

Мақтаншақ бақа: Ә-ә, енді түсіндім.

Бұлт: Олай болса, келісіп алайық. Мен жаңбырға айналмай тұрып, сен жерге оралуың қажет.

Мақтаншақ бақа: Әрине! Әрине, үлгеремін! Қай сағатты айтасың, сол сәтте жерге келемін. Тек алып ұшшы көкке...

Бұлт: Ендеше, отыр үстіме.

Жас бақа бір шөкім бұлттың үстіне отырады. Бұлт көкке ұша жөнеледі. Жас бақа аса бақытты сәтті бастан кешіреді. Көктен айқайлап, жердегілерге мақтана сөйлейді. Жердегі жас бақалар оған қызыға қарап қалады.

Мақтаншақ бақа: (бар даусымен) Міне, мен ұшып келемін. Мен көктемін. Мен бәріңнен де биікпін!.. (өлеңдетеді)

– Жерден ұштым биікке,

Төбем көкке тиіп пе!

Шамаң келсе, жас достар,

Мен секілді биікте!..

Жас бақалар: (жарыса сөйлеп)

– Сен қалай көкке көтерілдің?

– Бұлт сені көтеріп тұр ма?

– Не үшін келісті ақша бұлт?

Мақтаншақ бақа: Ақша бұлт – менің досым! Не айтсам да, орындайды. Тіпті, енді күнде көкке ұшам десем де қолымды қақпайды.

Жас бақалар:

– Сен қандай бақыттысың!

– Бізді де алып ұшпайсың ба?

– Аспанда не көріп тұрсың?

– Аспан әлемі әдемі ме?

Мақтаншақ бақа: Сендер... сендер кіп-кішкентайсыңдар. Тіпті құйтақандайсыңдар! (керіле сөйлеп) Аспан, міне, маған тым жақын. Айға қол созсам да, қолым жетеді енді... Жұлдыздарды жинап ала аламын... (Сендерге) жұлдыз әкеліп беремін енді...

Осы кезде оның даусын Кәрі бақа естиді. Ол орнынан ұшып тұрып, айқай салады.

Кәрі бақа: Қайт деймін кері қарай! Әйтпесе, өз өміріңе өзің қауіп төндіресің... Орал тезірек!..

Мақтаншақ бақа: Жоқ! Мен әлі де көкте қалқып ұшамын. Көрсін! Білсін бәрі де. Мен биіктемін, аспан астындамын. Жұлдыздарға жақынмын...

Кәрі бақа: Ақылға кел, айналайын! Әйтпесе... басыңа қара бұлт үйіріледі.

Мақтаншақ бақа: Қара бұлт басымда емес, астымда. Мен ұшып барамын. Ұша беремін әлі де... Еһе-ей, ұшып барамын, мінеки!..

Жас бақа Кәрі бақаның сөзін тыңдамайды. Аспанды айналып, ұшып жүреді.

Кәрі бақа бір сұмдықты сезеді. Жердегілерге дабыл қағады.

Кәрі бақа: (абыржи сөйлеп) Жас бақаның басына қауіп төнді. Қазір жерге құлайды. Аман қалуы екіталай. Көмектесіңіздер, қайырымды жандар-р... Көмек қолын созыңдар...

Оның даусын естіп, ұзын мойын Көкқұтан ұшып келеді.

Көкқұтан: Қандай көмек керек?

Кәрі бақа: Ол қара жерге құлап түссе, сеспей қатады. Жерге жылдамдатып жұмсақ зат төсемей болмас. Оны... қайдан аламыз енді?..

Көкқұтан: Мен жұмсақ қамыс, шөп жеткізейін.

Кәрі бақа: Сөйтші! Жылдамдатшы!

Ол ұшып кетеді. Енді өзен суынан Ақбас балық басын шығарып, тіл қатады.

Ақбас балық: Мен не істейін?

Кәрі бақа: Су астынан балдыр, шылау жеткізе аласың ба?

Ақбас балық: Әрине. Тез-ақ жеткіземін.

Кәрі бақа: Өзен жағасына шығарып берсең болды, өзіміз тасып аламыз.

Ақбас балық: Онда кірістім жұмысыма!

Ол да суға қайтадан сүңгіп, жоқ болады. Осы кезде Суыр тышқан көрінеді.

Суыр: Маған не тапсырасың?

Кәрі бақа: Жұмсақ құм болса жақсы болар еді.

Суыр: Әкелемін. Қанша керек болса да, құмды таси беремін. Ал, кеттім!

Ол да өз ісіне кіріседі.

Сахна қараңғыланады.


 

 

Төртінші көрініс


 

 

Мақтаншақ бақа аспанда әлі де ұшып жүреді. Енді бір шөкім бұлт оған жалына бастайды.

Бұлт: Мен ери бастадым. Сәлден соң суға айналамын. Жаңбыр болып жауамын. Ал, сен жерге тезірек оралуың керек.

Мақтаншақ бақа: Асықпа. Мен әлі де жерге көктен ұзақ-қ қарағым келеді. Қарашы, жердегілердің бәрі де құмырсқадай. Ал, біз дәуміз...

Бұлт: Уәделескен едік қой. Сөзді тыңда. Жерге қайтайық.

Мақтаншақ бақа: Тоқта! Тоқта деймін саған! Енді менің айтқаныма бағынасың. Мен жердегілердің бәрінен де биікпін. Аспанға жақынмын. Еһе-һей, естимісіңдер мені, мен биіктемін-н...

Бұлт: Соңғы рет айтамын. Менің әлім құрып барады.

Мақтаншақ бақа: Тағы да бір рет жерді айналып өтейік. Сосын ойланамыз. Ұшшы былай қарай...

Бұлт: Осы уәдең бе?

Мақтаншақ бақа: Әрине, уәде.

Бұлт: Ендеше, мықталып отыр. Тағы да көл үстін жылдамдатып бір айналып өтемін.

Мақтаншақ бақа: (бар даусымен) Ей-й, жас бақалар, су жағасындағы жәндіктер, маған қараңдар! Мен зеңгір аспан астында ұшып жүрмін. Ай да маған жақын. Жұлдыздар тіпті қол созым жерде... Ал, өзім... өзім аспан ауасымен демалып келемін. Ол – саф таза... Ей-й, естимісіңдер мені...

Жас бақалар: (жарыса)

– Естіп тұрмыз!

– Сенің даусың құлағымызды жарып жібере жаздап тұр.

– Жерге түс, әйтпесе жағдайың қиын болып жүрер!

Мақтаншақ бақа: Ой, қорқақтар! Жерде тұрып сендер неден үркесіңдер? Көкте ұшып жүрген мен емеспін бе?

Жас бақалар:

– Өзің осынша ақымақ болармысың?

– Қарашы, астыңдағы бұлт суға айнала бастады.

Мақтаншақ бақа: Сендер... сендер мен бастан кешкен бақытты еш түсіне алмассыңдар. Естимісіңдер, мен аса бақыттымын...

Бұлт: Болды! Енді жерге оралуың қажет.

Мақтаншақ бақа: Тағы да бір рет айналып ұшшы...

Бұлт: Әлім жоқ...

Осы кезде бір шөкім бұлт суға айналып, жерге жауын болып жауа бастайды. Жас бақа көк аспанда еш тіреусіз қалып қояды. Бір кезде қараса, қара жерге қарай құлдилап келе жатады. Екі көзін тарс жұмып, бар даусымен айқайлайды.

Мақтаншақ бақа: (бар даусымен) Көмектесіңдер! Құтқарыңдар!.. Мен жерге құлап барамын. Көмектесе көріңдер-р...

Бұл кезде Кәрі бақа оны жерде күтіп тұрған.

Құлайтын жеріне балдыр, шылау, қамыс, құм төсеп тастаған болатын.

Мақтаншақ бақа жерге топ етіп, құлап түседі. Көзінің оты жарқ етеді. Өлген деген осы деп ойлайды.

Сәлден соң көзін ашса, сап-сау. Мамық төсек үстінде жатады.

Мақтаншақ бақа: Алақай! Мен мамық жерге құлаппын. Аман қалдым, мінеки! Мен аманмын...

Осы кезде оның жанына Кәрі бақа келеді.

Кәрі бақа: Балам, сен бұлай дарақыланып сөйлеме. Мына мамық төсекті төсеген – кімдер? Білесің бе?

Мақтаншақ бақа: Олар кімдер?

Кәрі бақа: Сен қарасаңшы. Олар әне, сені күтіп тұр.

Мақтаншақ бақа: (солай қарай қарап) Көкқұтан! Ақбас балық! Суыр!... Мәссаған! Олар менің көңілімді қалдырып еді.

Кәрі бақа: Жоқ, олар сенің көңіліңді қалдырғысы келген жоқ. Басың аман болғанын ойлады. Сен бірақ дұрыс түсінбедің. Түсінгің келмейді.

Мақтаншақ бақа: Солай ма? Мен... мен шынымен-ақ олардың шын ниетін түсіне алмай, босқа ренжігенмін бе?

Кәрі бақа: Әрине! Әлгінде сен көктен құлап келе жатқанда бәрі де жандарын шүберекке түйіп тұрды. Сенің аман қалғаныңды тіледі.

Мақтаншақ бақа: Сөйтті ме! Солай етті ме?

Кәрі бақа: Ендеше, сен оларға бас иіп, алғыс айт. Өкпеңді ұмыт. Сонда ғана сен жақсы бақа болып өсесің, балақай!

Жас бақа оларға жақындайды. Бәріне басын иеді. Кешірім сұрайды.

Мақтаншақ бақа: Бұдан былай артық іске бармаймын. Босқа мақтанбаймын да! Сіздердің айтқандарыңызды тыңдаймын.

Бәрі Жас бақаны қоршап алады.

Дауыстар:

– Енді бұлай етпе!

– Көкке көтерілер бұрын, қалай оралуыңды да есте ұста.

Мақтаншақ бақа: Әрине! Енді бұлай етпеуге уәде етемін.

Жас бақа енді бұлтты іздейді.

Мақтаншақ бақа: Ол қайда? Бұлт қайда кетіп қалды?

Кәрі бақа: Бұлт әлдеқашан суға айналған. Енді оны көпке дейін көре алмассың...

Мақтаншақ бақа: (өкіне сөйлеп) Бәрі менің ақымақтығымнан болды. Мен оны тыңдамадым. Айтқанын орындамадым.

Кәрі бақа: Бұлттар әркез осылай суға айналып, жерге жауады. Бұны да біле жүр енді.

Мақтаншақ бақа: Ал, қашан... қашан қайтадан Бұлтқа айналады?

Кәрі бақа: Оны айта алмаймын.

Мақтаншақ бақа: Оны кім біледі? Кімнен сұрап алуға болады?

Кәрі бақа: Мұны ешкім де айта алмайтын шығар, сірә!

Сахна қараңғылана береді.


 

 

Эпилог


 

 

Жас бақа шалшық су жағасына келеді. Күн ыстық. Су буланып жатыр. Кенет Бұлттың айтқан сөзі есіне түседі.

Мақтаншақ бақа: Сен... сен маған айтып едің ғой. Бұлттар суға айналғанда, жердегі шалшыққа келіп құяды деп. Қайдасың, қайырымды Бұлт? Барсың ба, сен?

Үн жоқ. Шалшық су желмен тербеліп қояды. Енді жас бақа жалына сұрайды.

Мақтаншақ бақа: Дыбыс берші, Бұлт! Мен сені іздеп келіп тұрмын. Даусыңды естігім келеді ең болмаса... Маған шын дос болған – өзіңсің! Сенің жақсылығыңды ешқашан да ұмытпаймын.

Тағы да үн жоқ. Тағы да шалшық су беті баяу тербеліп қоя салады.

Мақтаншақ бақа: Мен... мен өзіңнен кешірім сұрағалы келдім. Ақымақтық жасадым, Бұлт! Кешірші, мені...

Осы кезде су ішінен дауыс естіледі.

Дауыс: Бұл сен бе, жас Бақа? Сенсің бе?

Мақтаншақ бақа: (қуанып кетіп) Менмін! Мен ғой келіп тұрған. Сен Бұлтсың ба, а?

Дауыс: Иә, мен бұлтпын. Болған іске кешірім сұрама! Сені көкке алып ұшқан өзім кінәлімін. Соңғы жағын ойламаппын.

Мақтаншақ бақа: Жоқ! Оған өзім кінәлімін. Кешір, достым! Сен қайдасың? Көрінші маған...

Дауыс: Мен тағы да буға айналып, көкке ұшқалы жатырмын. Қазір көріне алмаймын. Ол – мүмкін емес.

Мақтаншақ бақа: (аптыға сөйлеп) Бұл шынымен сенсің бе, бұлт? Сен әлі барсың ба?

Бұлт: Бармын! Тірімін. Тек уақытша суға айналдым. Енді күн көзінің қызуымен қайтадан буға айналудамын. Міне, мына су ішіндемін.

Мақтаншақ бақа: Мәссаған! Мен кешеге дейін бұлттар қайдан пайда болады деп ойлаушы едім. Енді түсіндім.

Бұлт: Ал, жақсы. Қош бол! Мен, міне, көкке қарай көтеріліп барамын.

Мақтаншақ бақа: Сен... мені кешірдің бе? Енді көкке алып ұшпайсың ба?

Бұлт: Оны... оны тәртібіңе қарап көремін. Егер өткен жолғыдай тілімді алмасаң, онда дос болмаймын.

Мақтаншақ бақа: Жоқ, бұлт! Мен енді өз қателігімді түсіндім. Бұдан былай олай етпеймін. Айтқаныңды тыңдаймын.

Бұлт: Онда күт мені! Кейінірек ораламын.

Мақтаншақ бақа: Күтемін! Күтем өзіңді! Асыға күтемін...

Буға араласқан Бұлт көкке көтеріліп бара жатады. Жас бақа оны көзімен ұзатып салады.

Жас бақа енді ішінен ыңылдап, өлеңдете бастайды:

– Мақтанып, тасып кетеміз,

Сонда неге жетеміз?

Ақылын алмай үлкеннің,

Ақтамсып, кейде бөсеміз!

Ақылды болу – әдеттен,

Іс қылсақ деймін әдеппен!..


 

 

(шымылдық)


 

 


 

 

Қақпанның ақылы

(ертегі-драма)


 

 

Қатынасушылар

 

1. Қайырымды қақпан

2. Ұры түлкі

3. Ашқарақ қасқыр

4. Момын қошқар

5. Аңқау Әтеш

 

Көпшілік көріністерде: Ақылды Теке, қой-ешкілер, тауықтар, т.б.


 

 

Ескертпе:


 

1) Бұл пьесада адамдар араласпайды, бәрі де жан-жануарлар мен жыртқыш аңдар;

2) Іс-әрекеттерді адамдар ойнайтын болғандықтан да, әрбір қимыл-қозғалыс соған бейімделіп көрсетіледі.

3) Айтпақ ойымыз – адалдық, тазалық, мейірбандық...

 

Бірінші көрініс

 

Мұндағы оқиға, айталық, бір алыс ауылдағы қойшы үйінің жанындағы қора маңында өтеді.

Жан-жануарлар тұратын қора екі бөлікке бөлінген.

Біріншісінде – Әтештер мен тауықтар;

Екіншісінде – қой-ешкілер... Қойларға ие болып жүретін Момын Қошқар тағы бар.

Оқиғалар күндіз және түнде өтеді.


 

 

* * *


 

 

Сахна сырғып ашылғанда – үлкен қораның алдында киіз жамылған темір Қақпан керіліп-созылып жатады. Қақпан өзімен-өзі сөйлеседі.


 

Қақпан: (ренжулі үнмен) Мен неге күні-түні осы жерде жатып аламын? Маған неге басқа жұмыс тапсырмайды екен, а? Әлде... сенбей ме? Сенімсіз болғаным ба?

Осы кезде әлдеқайдан дауыс естіледі.

Дауыс: Сенің міндетің қой қорадағы қой-ешкіні күзету! Қонақтап отырған тауық-әтештерге ие болу... Ол аз жұмыс емес.

Қақпан: (көңілсіз сөйлеп) Олар менсіз де өздерін-өзі қорғай алмай ма?

Дауыс: Жоқ! Оларды сырттан келетін жыртқыштар оп-оңай жеп кетеді. Жыртқышқа ешқайсысы қарсы тұра алмайды.

Қақпан: Жыртқыш деген кім? Олар қорқынышты ма?

Дауыс: Оны өз кезінде көрерсің. Әзірге жата тұр. Күте тұр...

Қақпан: Жарайды. Жат десе, жата берейін. Амалым қайсы!

Сахна кішкене қараңғыланады да, қайта жанғанда – ұры Түлкі көрінеді. Ол сумаңдап, қора жағалап, тауық-Әтештерді іздейді. Қақпан оны көріп қалып, сөйлейді.

Қақпан: Сен кім боласың? Қайдан жүрсің, бейтаныс?

Ұры түлкі: (селк етіп) Мен бе? Мен... қонақпын.

Қақпан: Бізге түнде қонақ келе бермеуші еді.

Ұры түлкі: Ал, мен... түнде қыдырғанды жақсы көремін.

Қақпан: Көзің түнде жақсы көре ме сонда?

Ұры түлкі: Әрине! Міне, көздерім жайнап тұр. Бәрін де көре аламын. Сондай қонақпын мен!

Қақпан: Қонақ болсаң, төрге шық. Біз қонақты қай кезде де қатты қадірлейміз.

Ұры түлкі: Жо-жоқ, мен асығыс қонақпын. Сенімен көп сөйлесіп тұра алмаймын. Мен... тауықтармен тез-тез тілдесіп кету үшін келгем.

Қақпан: Біздің тауықтарды танисың ба?

Ұры түлкі: Әрине! Көбісі – менің таныстарым...

Қақпан: Онда қораға кір. Есік ашық.

Ұры түлкі: Көп рахмет! Өзің өте қайырымды қақпан екенсің.

Қақпан: Қонаққа осылай сый көңіл білдіру – тәртіптің бір белгісі.

Ұры түлкі: (көзін ойнатып) Ә-ә, мен қазір тез шығамын. Тауықтар келіссе, оларды өзіммен бірге қонаққа ала кетемін.

Қақпан: Жарайды. Сөйлесіп алыңыз. Асықпаңыз.

Ұры түлкі тауық – Әтеш қонақтап отырған кішкене қораға кіріп кетеді. Қақпан жайбарақат жата береді. Әлден уақытта ұры түлкі екі-үш тауықты қапқа салып, арқалап шығады. Өзі көңілді. Көздері жылт-жылт етеді.

Қақпан: Тез шықтыңыз ғой. Тым асығыс екенсіз.

Ұры түлкі: Мен болдым. Көп сөйлесетін не бар!

Қақпан: (қапты нұсқап) Бұл не?

Ұры түлкі: Тауықтар ғой. Маған қонаққа барады.

Қақпан: Өздерімен тілдесуге бола ма?

Ұры түлкі: Олар ұйықтап жатыр. Шаршаулы екен. Оятпауды сұрады.

Қақпан: Қызық екен! Қап ішінде қалай ұйықтайды?

Ұры түлкі: Жайлы төсек төселген. Өздері осыны қалады.

Қақпан: Онда жолдарыңыз болсын!

Ұры түлкі: Саған бек ризамын!.. Сен өте мейірімдісің, Қақпан!

Қақпан: Барлық уақытта емес. Кей-кейде ашуланғанда, тым қатал болып кетемін.

Ұры түлкі: Олай ете көрмеші! Ашуланбашы, қақпан... Өзіңе зиян...

Қақпан: Ашуланайын демейсің. Ашуландырады.

Ұры түлкі: Бар! Бар ондайлар. Ал, мен кеттім...

Кете береді.


 

Сахна қараңғыланады.


 

 

Екінші көрініс

 

Сахна сырғып ашылғанда – Әтеш айқайға басып, жүгіріп жүреді.

Әтеш: Оңбаған, сумақай ұры Түлкі! Екі тауығымызды қымқырып кетіпті. Әттең, байқамай қалғанымды қарашы... Сол сәтте қолға түскенде, сыбағасын берер едім.

Оның даусын естіген қақпан көңілсіз. Абыржулы. Өзіне-өзі сөйлейді.

Қақпан: Сонда... түнде келген түлкі мені алдағаны ма?

Тағы да дауыс естіледі.

Дауыс: Әрине, алдады. Сені жерге отырғызып кетті. Қапқа екі-үш тауық салып алды да, зытып отырады. Осы кезге дейін оларды жеп алып, тойып ұйықтап жатқан шығар.

Қақпан: Ол маған қонақпын деп еді...

Дауыс: Қонақ түн ішінде келе ме? Жасырынып жүре ме?

Қақпан: Адасып жүрген қонақ болар деп едім.

Дауыс: Жарайды. Бір білместік өтті басыңнан. Енді сақ болғайсың.

Қақпан: Әрине! Енді ешкімді де кіргізбеспін.

Сахна қараңғылана береді де, қайта жанғанда – Қақпанның жанына ашқарақ Қасқыр келеді. Қақпан одан күдіктеніп, әуелі жөн сұрайды.

Қақпан: Ә, кешірерсіз, сіз де қонақсыз ба?

Ашқарақ қасқыр: Жо-жоқ, қонағы несі?

Қақпан: Енді кім боласыз? Жүрісіңіз суыт...

Ашқарақ қасқыр: Мен бе? Мен... момын Қошқардың бала күнгі досымын. Бірге өскенбіз.

Қақпан: Досымын дейсіз бе? Міне, қызық! Момын Қошқар сендей досы бар екенін ешқашан айтқан емес.

Ашқарақ қасқыр: Көп болды көрмегелі! Ұмытып та қалған шығар...

Қақпан: (сенімді үнмен) Ұмыта қоймас. Бала күнгі достық естен шыға ма!

Ашқарақ қасқыр: Досым қайда? Қайда жатыр? Жасырынып барып, құшақтап алайын. Таныр ма екен сонда мені? Сен үндеме...

Қақпан: (күле сөйлеп) Қызық болатын болды-ау бұл! Бар. Білдірмей бар...

Ашқарақ қасқыр: Ал, кеттім. Тап солай істеймін.

Қақпан: Сөйтіңіз. Қошқар бір қуанып қалатын шығар...

Ашқарақ қасқырға қора есігін ашады. Қасқыр кіріп кетеді. Қақпан алаңсыз жата береді. Әлден уақытта ашқарақ Қасқыр шығады. Иығына бір қойды өңгеріп алған.

Қақпан: Ал, айтсаңызшы? Қалай болды?

Ашқарақ қасқыр: Нені?

Қақпан: Қошқар таныды ма екен сізді?

Ашқарақ қасқыр: Танымады. Таныса да, менімен сөйлескісі келмеді. Көңіл-күйі жоқ. Мүлде көңілсіз көрінді маған.

Қақпан: Қап, әттеген-ай! (арқасындағыны нұсқап) Ал, мынау кім?

Ашқарақ қасқыр: Бұл ма? Бұл – бірге өскен қой... Қошақан кезінен білемін. Мені көріп, жылап қоя берді. Тоқтамай жыласын. Кетейін десем, айрылмай етегімнен ұстап қалды.

Қақпан: Енді қайтпексіз? Осылай арқаңызға салып, көтеріп жүре бересіз бе?

Ашқарақ қасқыр: Аздап серуендеп қайтамыз. Сосын қайтадан қорасына оралады.

Қақпан: О-о, қандай мейірімді жансыз!

Ашқарақ Қасқыр: Қайтейін! Көңілін қимадым. Ескі таныспыз дегендей...

Қақпан: Ендеше, жөн екен. Мен сіздерді ұйықтамай күтемін.

Қасқыр қойды арқалаған күйі зытып отырады.


 

Сахна қараңғыланады.


 

 

Үшінші көрініс


 

 

Сахнада – Тауықтар. У-шу. Қыт-қыттап, шуылдасып, бірін-бірі тыңдайтын емес.

Тауықтар:

– Біз алдандық!

– Айласын асырып кетті!

– Оңбаған түлкі...

Әтеш: (сабырға шақыра) Сендер бұлай шулай берсеңдер, ештеңе де бітіре алмаймыз. Тынышталыңдар...

Тауықтар:

– Ал, не істейміз?

– Қолымыздан не келеді?

– Түлкіге қарсы қалай қайрат қылмақпыз?

Әтеш: Ол жағын маған қалдырыңдар. Мен жан-жақты ойластырып жатырмын.

Тауықтар: (жарыса сөйлеп)

– Сендік өзіңе!

– Тоқтадық осыған!

Әтеш: Бүгін түнде ұры Түлкіні қолға түсіреміз. Көр де тұрыңдар...

Тауықтар:

– Жақсылап сазайын берейік!

– Есінен кетпейтіндей болсын!

– Қайтып бұл араны баспайтындай етейік!

Әтеш: Өзі де солай болады. Күтіңдер...

Бір тауық: Түлкі өте қу келеді дейді. Тағы да алданып қалып жүрмесек...

Әтеш: Біздің қулығымыз одан да асып түседі. Көрерсің өз уақытында...

Тауықтар кетеді де, енді Әтеш пен Қақпан сөйлесіп жатады.

Әтеш: Бүгін түнде ұры түлкіні қайтсек те қолға түсіруіміз керек.

Қақпан: Ұры түлкі мені тағы да алдап кетсе қайтемін?

Әтеш: Оны өзім реттеймін. Еш саспа.

Қақпан: Ал, мен...

Әтеш: Сен... өтірік ұйықтаған болып жата бер. Дауыстаса да, үн қатпа. Сонда түлкі сені ұйықтап қалған екен деп, қораға кіреді. Арғы жағын өзім жайғастырамын.

Қақпан: Менің міндетім не болмақ?

Әтеш: Ұры түлкіні қорадан қуып шыққан сәтте сен оның аяғынан шап бересің. «Босат» деп жалынса да, босатпа. Қалғанын тауықтар жиылып, өздері шешеді.

Қақпан: Ендеше, келістік. Мен тап солай істеймін.

Сахна қараңғылана береді де, қайта жанғанда – қора сыртына ұры Түлкі келіп тұрады. Қақпан оны көрсе де, өтірік көрмеген боп, жата береді.

Ұры түлкі: Қақпан, а қақпан! Сен ұйықтап жатырсың ба?

Қақпан үндемейді. Қимылсыз жата береді. Түлкі кіші қораға бас сұғады. Тауықтар да өтірік қалғып-мүлгіп тұрады.

Ұры түлкі: (қуана) Бүгін тіпті жолым болғалы тұр екен. Бәрі ұйықтап қалыпты. Енді екеуін емес, бесеуін қапқа салып алайын.

Қолына қап алып, тауықтарды шетінен сала бергенде Әтеш бар даусымен айқайлап жібереді. Түлкінің зәре-құты қашады. Дереу сыртқа ұмтылады.

Әтеш: Әп, бәлем! Енді бізден құтылып көр.

Ұры түлкі: Айламды асырдым дейсіңдер ме! Жоқ, мен кейінірек келемін.

Әтеш: Әуелі аман-есен құтылып алсаңшы.

Ұры түлкі: Қазір қора есігінен бір-ақ секіремін. Жетіп көріңдер, қане?

Әтеш: Ал, секір! Ал, құтылып кете ғой.

Ұры түлкі: Қош бол, Әтеш! Енді ісім сенімен болсын. Түбіңе мен жетермін әлі... Мойныңды қырқармын түбі...

Ол секіріп кеткенде, арғы жағынан Қақпан күтіп алады. Түлкінің екі бірдей аяғы қақпанға түсіп, тарс жабылады.

Ұры түлкі: Ойбай, аяғым-ай! Сындырды-ау мына Қақпан...

Қақпан: Мені алдағанды білесің. Ал, аяғыңды қыссам, зар илейсің. Жаның көзіңе көрінді ме?

Ұры түлкі: (жалына) Құлың болайын! Мені босатып жіберші.

Қақпан: Жоқ! Бұл жолы босата алмаймын. Сен өтірікшісің! Ал, өтірікші сазайын – осылай тартады.

Ұры Түлкі: Жалынып сұраймын. Енді қайтып бұл жерге келмеймін.

Қақпан: Бәрі де кеш! Тап бүгін мықтап сазайыңды тартасың.

Ұры түлкі: Қақпан, сен өте мейірімді едің ғой. Құтқарып жіберші мені...

Қақпан: Мен жаны мөлдір, тазаларға ғана мейірімдімін. Ал, сендейлерге жүрегім жылымайды.

Ұры Түлкі: Мен... мен сен ойлағандай, тым жаман түлкі емеспін.

Қақпан: Енді сене алмаймын.

Ұры Түлкі зар еңірейді. Бүкіл тауықтар жиылып, оны қыспаққа алады.

Сахна қараңғыланады.


 

 

Төртінші көрініс


 

 

Сахнада – қойлар мен ешкілер. Орталарында – момын Қошқар.

Момын қошқар: Бүгін біздің кезегіміз. Түнде ашқарақ Қасқырға сазайын беруіміз керек. Есінен кетпейтіндей етіп сыбағасын әзірлейік.

Қой-ешкілер:

– Қалай береміз?

– Оны қалай қолға түсіреміз?

– Ұстата ма қорқау қасқыр?..

Момын қошқар: Оның айласы бар. Түнде көздерің жетеді. Шыдай тұрыңдар!

Қой-ешкілер:

– Біз не істеуіміз керек?

– Қандай көмек бере аламыз?

– Жолын айтпайсың ба?

Момын қошқар: Сендер тырп етпеңдер. Күндегі әдет бойынша жатып алып, көздеріңді жұмыңдар. Қалғанын Қақпан екеуміз реттейміз...

Сахна қараңғыланады да, қайта жанғанда – қора сыртында ашқарақ Қасқыр келіп тұрады. Ол қақпанға жақындап келіп, тіл қатады.

Ашқарақ қасқыр: Қақпан! Қақпан досым! Сен ояусың ба?

Қақпан: (ұйқылы-ояу, есінеп) Бұл кім екен?

Ашқарақ қасқыр: Бұл ма? Бұл – менмін.

Қақпан: Кім деймін?

Ашқарақ қасқыр: Көрші ауылдан боламын. Түнгі серуенге шыққан едім.

Қақпан: Мұнда неге келдің? Біздің қой-ешкілер әлдеқашан ұйықтап қалған.

Ашқарақ қасқыр: Мен де шаршадым. Рұқсат етсең, осы қораға кіріп, таң атқанша демалсам деп ойлағанмын. Қарсы емессің бе, Қақпан?

Қақпан: (тағы да есінеп) Жарайды. Кіре бер. Өзім де ұйқылы-ояумын. Сенімен сөйлесуге шамам жоқ. Ертең... ертең айтарсың қалғанын...

Ашқарақ қасқыр: Көп рахмет! Өте мейірімді қақпан екенсің!..

Қақпан: Болды. Мен ұйқыға кеттім. Сен ішке өте бер.

Қақпан қайтадан қорылға басады.

Ашқарақ қасқыр: Е, бұл да шаршапты. Ендеше, тіпті жақсы. Бүгін біреу емес, екі қойды өңгеріп әкетуге болады екен. Сәтті күн болды бұл...

Қораға кіреді. Қойларды қарай бастайды. Семізін іздейді.

Осы кезде момын Қошқар орнынан ұшып тұрып, бар екпінімен жүгіріп келіп, Қасқырды сүзіп құлатады. Қасқыр жаны шыға атып тұрып, тұра қашады.

Момын Қошқар: Тоқта! Тоқта деймін мен саған. Сен менің бала күнгі досым емессің бе, а? Досыңнан неге қашасың?..

Ашқарақ қасқыр: Оны кім айтып жүр саған?

Момын қасқыр: Қақпанды алдап соғыпсың ғой. Тоқта, тоқта менің досым-м... Сағынып қалған шығарсың...

Ашқарақ қасқыр: Сендей достан құдайым сақтасын. Аулақ кет, пәлекет!

Момын қошқар: Сөйлеспейміз бе? Арманыңды айтпайсың ба маған...

Ашқарақ қасқыр: Өзіңдей есуаспен сөйлесіп не береке табармын! Одан да табанымды жалтыратайын. Тез жоғалайын...

Момын Қошқар: Жоқ, енді құтыла алмассың.

Ашқарақ Қасқыр: Мықты екенсің, ұстап ал әуелі... Ал, кеттім...

Қасқыр қорадан ытқып секіріп, сыртқа топ ете түседі. Осы кезде үлкен қақпан оның артқы екі аяғын қысып алады. Қатты қысады.

Ашқарақ қасқыр: Қақпанжан, саған не жаздым? Босатшы мені...

Қақпан: Босата алмаймын.

Ашқарақ қасқыр: Жалынып сұраймын. Босат мені...

Қақпан: Сен өтірікшісің. Өтірікшіге – кешірім де жоқ.

Ашқарақ қасқыр: Бұдан кейін бұл маңайды баспаймын. Уәде беремін осыған! Босатшы енді...

Қақпан: Оны мен шешпеймін.

Ашқарақ қасқыр: Енді кім? Кім шешеді?

Қақпан: Оны момын Қошқардан сұра.

Осы кезде момын Қошқар келеді.

Ашқарақ қасқыр: Қошқар! А, Қошқар! Мейірімді болшы! Босатшы менің аяғымды. Жаным көзіме көрінді. Аяшы бір жолға...

Момын Қошқар: Жоқ! Сен енді бізге тұтқынсың. Сенің тағдырыңды мен де шешпеймін. Оны барлық қой мен ешкілер шешуі тиіс. Бәрі жиылып, ортақ шешімді айтады. Сол шешімді күт, Қасқыр!

Ашқарақ Қасқыр: Олар мені аяй ма? Аянып қала ма?

Момын Қошқар: Білмедім. Шешімді күтеміз.

Ашқарақ қасқыр: Өлтіреді ғой қазір...

Момын Қошқар: Соны ертерек ойлауың керек еді...

Ашқарақ Қасқыр: Бір білместік кетті. Мойындаймын.

Момын Қошқар: Енді бәрі де кеш...

Сахна қараңғылана береді.


 

 

Бесінші көрініс


 

 

Сахна сырғып ашылғанда – ұры Түлкі мен ашқарақ Қасқырды ортаға алып, үлкен жиналыс өтіп жатады.

Жиналыс жүргізуші: Бүгінгі тақырып белгілі. Ұры Түлкі мен ашқарақ Қасқырдың жеке бас мәселесі. Кім сөзді бастайды?

Әуелгі сөзді Әтеш алады.

Әтеш: Мен ұры Түлкіні айыптаймын. Ол екі түрлі қылмысты іс жасады. Біріншісі – момын Қақпанды алдады. Оған өтірік сөйледі. Ал, өтірік айтқандарға қандай жаза беру керек? Екіншісі – ол екі тауықтың обалына қалды. Мойнына қанын жүктеді. Демек, қанның құны не болмақ?

Дауыстар:

– Түлкіге ең ауыр жаза қолданылсын;

– Оны дарға асып өлтіру керек;

– Тіпті қораның алдына іліп қойса да артық емес.

Әтеш: (тоқтатып) Мен де соны ойлағанмын. Ең ауыр жаза тартса деп едім. Алайда... түлкінің де балалары бар. Олар әлі кішкентай екен.

Осы кезде ұры Түлкі зар еңіреп жылайды.

Ұры Түлкі: Кешіре көріңдер! Бәрі де балаларым үшін еді.

Дауыстар:

– Балаларыңды ойласаң, бұндай жаман әрекетке бармас едің;

– Сен барып тұрған оңбаған түлкісің...

– Өзіңе де обал жоқ енді...

Әтеш: (тағы да басу айтып) Болар іс болды. Бояуы сіңді. Енді түлкіні өлтіріп тастасақ та болар еді. Әйткенмен, кішкентай балалары...

Жиналысты жүргізуші:

– Жарайды, Әтеш! Сені түсіндік. Ал, енді Қошқар сөйлесін. Оны да тыңдап алалық.

Қошқар ортаға шығады.

Момын Қошқар: Мен де Қасқырды ең ауыр жазаға тартуға ылайық көремін. Өйткені ең алдымен Қақпанды алдап, өзінше қулық жасады. Қулық іс-кешірілмес күнә! Оның үстіне бір қойымыздың қаны мойныңда.

Ашқарақ Қасқыр: Мен де бөлтіріктерім үшін осылай етіп едім. Кінәмды мойындаймын. Рахым ете көріңіздер...

Момын Қошқар: Кешірім жасасақ, онда шейіт болған қойымыздың құнын кім өтемек? Ол жағын қалай етеміз?

Ашқарақ Қасқыр: Мен құн төлеймін.

Момын Қасқыр: Құн төлеу – қойымызды тірілте алмайды.

Жиналысты жүргізуші:

– Жарайды. Бәрі де түсінікті. Сіз де орныңызға отырыңыз. (көпшілікке қарап) Ел, не дейсіздер?

Көпшілік: (шулап)

– Жазасын тартсын!

– Мойнымен көтерсін!

– Кешірім жасалмасын!

Осы кезде топ ортасынан мүйізі қарағайдай үлкен Теке сөз сұрады.

Теке: Маған бір ауыз сөз айтуға бола ма?

Жүргізуші: Әрине! Айтыңыз.

Теке: Бағаналы бері әңгімеге әбден қанықтым. Мына Түлкі мен Қасқырдың күнәсі өте ауыр. Бірі – тауық ұрлап жепті, екіншісі – қой ұрлап, қанға бөгіпті. Расында да, мұндайда ең ауыр жаза тартуы керек-ақ. (сәл тоқтап) Бірақ, көпшілік-ау, өздерің ойлаңдаршы, ана жақтағы кішкене балапандардың жазығы не? Егер бұл екеуін қазір дарға асып, өлтіріп тастасақ, онда бүлдіршіндердің күні не болмақ? Олар да аштан өледі.

Көпшілік: (шуылдасып)

– Оны ертерек ойлауы керек еді;

– Балаларына жаны ашыса, мұндай харам іске бармаушы еді;

– Біздің қандай қатысымыз бар...

Теке: (басу айтып) Сіздерді де түсінемін. Бірақ, қанды қан қуалайды. Кекті кек тұтатады. Егер менің сөзімді тыңдасаңдар, екі қылмыскерді кешіріп, өз жөндерімен жіберейік. Алайда, олар кетер алдында уәде берсін. Бұдан былай бұл ауылға аяқ баспаймын десін...

Көпшілік:

– Бұлар сөзде тұра ма?

– Ертең-ақ ұмытып кетеді ғой.

– Ұят бар дейсің бе бұларда?

Жүргізуші: – Сөзді бөле бермеңіздер. Теке ағай сөзін аяқтасын.

Теке: Уәде – Құдай аты! Уәдесін аламыз. Ал, уәде бұзылса – онда ешқашан кешірім жасалмасы анық.

Жүргізуші: Осыған тоқтаймыз ба?

Көпшілік дауыс:

– Мейлі, әзірге осыған тұралық;

– Көрейік арғы жағын...

Түлкі мен Қасқыр көпшілік алдында өздерінің уәдесін береді.

Жүргізуші Түлкі мен Қасқырды байлаудан босатады.

Олар далаға қарай зытып отырады...

Сахна қараңғыланады.

 

Эпилог

 

Арада көп айлар өткен. Қақпан осы күнге дейін тауық қора мен қой қораның арасында жатып алған. Өзінің өте пайдалы жұмыс істеп жатқанын да түсінген. Сосын да өзіне-өзі риза.

Алыстан кейде Түлкі, кейде Қасқыр, кейде Қарсақ, кейде Шибөрі қара көрсетеді. Бірақ жақындап келе алмайды. Қорқады.

Түлкі: (алыстан дауыстап) Қақпан! А, Қақпан! Сен мейірімді едің ғой. Бетіңді бері бұршы.

Қақпан үн қатпайды.

Қасқыр: (ұлып) Қақпанжан, бір білместік кетті. Енді ашуыңды басшы. Бұрылшы бері қарай...

Қақпан үндемейді.

Оның жанына Әтеш келеді.

Әтеш: Қақпан, сен бізге үлкен қорған болып тұрсың. Енді алаңсыз ұйықтайтын болдық. Рахмет саған!

Қақпан: Аман болыңдар. Бұдан былай ешбір қу Түлкіні мұнда өткізбеспін. Өте алмайды.

Момын Қошқар келеді.

Момын қошқар: Қақпан батыр, сенің болғаның қандай жақсы! Біз өзіңді өте жақсы көріп кеттік. Бізге қалқансың!

Қақпан: Мен де сендерге бауыр басып кеттім. Сендерсіз өмір еш қызық емес. Енді өмір бойы өздеріңмен бірге боламын.

Әтеш: Айтпақшы, сенің тісің қандай өткір? Ана жолы қу Түлкінің бір аяғын сындырып жіберіпсің. Ақсаңдап, әзер басты.

Қақпан: Ашулансам, менің тістерім де қатуланады.

Момын Қошқар: Сен өткенде ашқарақ Қасқырдың екі артқы аяғынан тырп еткізбей ұстап тұра алдың. Қандай күштісің, а? Осы қуат саған қайдан келген?

Қақпан: Адалдарды қорғаймын. Қу, зымияндарды көрсем, қайратым екі есе артады. Ондайда ешкімге әл бермей кетемін. Мінезім солай...

Барлығы: (қосыла сөйлеп)

– Сен бізге қорғансың, Қақпан!..

– Сен бізге адал доссың, Қақпан!..

– Сені өте жақсы көреміз, Қақпан!..

Осы кезде сақалы беліне түскен Теке көрінеді. Ол сөйлейді.

Теке: Қақпан қарағым, расында да елге қорған болып келе жатқан – сенсің! Сен болмасаң, даладағы аң-құстар әбден еркінсіп, бетімен кетер еді. Бәрі сенен сескенеді. Өйткені, сен – адалсың! Адал жандарға жақ боласың! Ал, өзі адал, өзі шыншыл, өзі тазадан бәрі де тайсалады. Әсіресе, ары таза еместер... (сәл тоқтап) Осы қалпыңнан тая көрме, Қақпанжан! Бар тілегім – осы!..

Қақпанды Әтештер мен Тауықтар, Қойлар мен Ешкілер қоршап алады.

Бәрі қосылып, ән шырқайды.


 

 

(шымылдық)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар