Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

07.03.2024 1168

Бақыт гүлі 14+

Бақыт гүлі - adebiportal.kz

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын Гүлбақыт Қасеннің қазақ және түрік тілінде шыққан «Бақыт гүлі» атты кітабының әдеби таныстырылымы өтті. ҚР Жазушылар одағының Астанадағы филиалы мен академиялық кітапхананың ұйтқы болуымен өткен кештің тізгінін, белгілі ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді. 

Жер жаннаты Жетісу ежелден қазақтың жыр жүйріктері мен сөз сүлейлерінің топырағы екені әмбеге аян. Қазақ жырының Құлагері Ілияс Жансүгіровтен бастап кешегі өлеңнің Кенежирені атанған Жұматай Жақыпбаевқа дейінгі жыр жампоздарының ізін жалғаған өлең сөздің керуені еш үзілген емес. Қайта арнасы тасып, құлашы кеңіп, өресі биіктеп келе жатыр. Уақытпен бірге тыныстап, заманмен бірге түлеп бүгінгі қазақ өнерінің ырысты мекеніне айналғаны дау тудырмас шындық. Ақын Гүлбақыт Қасен міне осындай сұлу өлкенің сұңқар жырын Арқа төсіне ала келіп, көктемнің лебіндей көңілшек жырларымен астаналық оқырманды бір серпілтіп тастады. 

«Бақыт гүлі» атты әдеби танымдық кешке Ораз Қауғабай, Есенгелді Сүйінов, Бижан Игенбаева, Жанарбек Әшімжан, Бауыржан Бабажанұлы, Қалқаман Сарин, Ғалиасқар Төлендіұлы, Әбдіғани Бәзілханұлы, Танагөз Толқынқызы, Толқын Қабылша, Мақпал Мыса, Жанар Айлашова, Әсем Ережеп сынды елорданың игі-жақсылары мен жайсаңдары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Поэзиялық кештің алғашқы шымылдығын Астана қаласы Жастар театрының әртістері Гүлбақыт Қасеннің өлеңдерін манерлеп оқып, әнмен әрлеп ашты. Сахнада өлең мен саз үндесіп көрерменін тамсандырып керемет күйге бөледі. 

Гүлбақыт Қасеннің жыр кешінің алғашқы сөзін белгілі ақын, Халқаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, «Түркістан» газетінің Бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы алды. Бауыржан Бабажанұлы өз сөзінде Гүлбақыттың өлеңдеріндегі шынайы сезім, ыстық махаббат пен мейірім, шапағат сынды киелі ұғымдарға тоқталып, авторға шығармашылық табыс тіледі.

Ән мен жыр қатар үйлескен кешті ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші, Жетісу әншілік мектебінің үздік өкілі Ерболат Шалдыбеков Сәдіқожаның «Сарыбидай» әнімен әуелетті. 

Сыңсыта салған «Сарыбидай» әнінен кейін Астана қаласы медициналық колледжының студенттері Айболат Мақсат, Қалдыбай Назым, Әділ Досжан, Боранбай Гауһар, Рамазан Лаура, Серік Айнұр ақын Гүлбақыт Қасеннің өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. 

«Бақыт гүлі» жыр жинағы қазақ-түрік тілінде шыққанын жоғарыда айттық. Осы уақытқа дейін Гүлбақыт Қасеннің өлеңдері түрік, қырғыз, әзербайжан, испан, якут-саха тілдерінде шыққанын айта кеткіміз келеді. 

Келесі сөзді жұрт арасында «көк әліппе» атанып кеткен әліппе оқулығының авторы, белгілі педагог, ҚР білім беру ісінің үздігі Бижан Құрманғалиқызы алды. Өз сөзінде ғалым ретінде Бижан Игенбаева Гүлбақыт Қасеннің шығармашылықтағы шынайы сезімге құрылған ізгі махаббат жырларына тоқтала келіп, Гүлбақыт поэзиясының балалар жан дүниесіндегі орны мен қызыметі хақында орынды ойларын айтты. Сонымен қатар, ұлт санасын жетілдіру, ұрпақ тәрбиесін шыңдау, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты бекітуде балалар поэзиясының атқаратын қызметінің айрықша артық мәнге ие екенін атап өтті.

Атаулы кештің кезекті сөз кезегін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Алаштың айтулы ақыны, белгілі журналист Жанарбек Әшімжан алды. Ол бала кезден бірге өскен замандасы Гүлбақыт Қасеннің өмір жолы мен шығармашылық ұстанымына, мемлекеттік қызыметтегі жауапты жұмыстарына кеңіріек тоқталды. Автордың кітабына құтты болсын айтып, шығармашылық табыс тіледі. 

Өз кезегінде сөз алған ақын Танагөз Толқынқызы Гүлбақыт Қасеннің адами ажарына, кісілік келбетіне, болмыс-бітіміне, жанының тазалығына терең тоқталды. 

Гүлбақыт Қасенмен Жетісу өңірінде ұзақ уақыт мемлекеттік қызыметте бірге жұмыс атқарған, бұл күнде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Төлендіұлы өз сөзінде Гүлбақыттың іскерлігі мен жауапкершілігі төңірегінде әңгіме өрбіте келіп, мемлекеттік қызымет пен шығармашылықты үйлесімді ұстаған ақынның болмысына ризашылығын білдірді. 

Осыдан кейін сөз алған белгілі Қонаевтанушы ғалым Ораз Қауғабай, ақын Есенгелі Сүйінов, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Әбдіғани Бәзілханұлы сынды азаматтар Гүлбақыт Қасеннің «Бақыт гүлі» атты кітабына құтты болсын айтып, ақынға толағай табыс тіледі. 

Кеш соңында белгілі әнші, сазгер Анарбек Қозыбақ Гүлбақыт Қасеннің сөзіне жазылған «Гитара әні» әнімен көрерменін тәнті етіп, әдеби кештің ажарын кіргізе түсті. 

8 наурыз әйелдер мерекесі қарсаңында өткен «Бақыт гүлі» әдеби танымдық кеші, барша оқырманға ақ жүрекпен ізгі сәлемін ала келген келісті кеш болды. Сөз соңында жарты әлемнің жарық жұлдыздары болған барша әйелдер қауымын, қаламгер қыздарды мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!   


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар