Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Бірінші сәуір туралы......

01.04.2022 6795

Бірінші сәуір туралы... 12+

Бірінші сәуір туралы... - adebiportal.kz

«Туған ай – туралған етпен тең» дегендей, көктемнің алғашқы айы наурыз да аяқталып, сәуір немесе қазақша көкек айының бір жаңасы кірді. Григориан күнтізбесіндегі жылдың тоқсан бірінші күні, яғни екінші тоқсанның бірінші күні. Сәуір – көктем мезгілінің толықтай басымдыққа ие болатын айы.

Сәуірде көтерілер рақмет туы,

Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы.

Көктен жаңбыр, таулардан сулар жүріп,

Жайылар жер жүзіне қардың суы..., -

деп Ыбырай Алтынсарин жырлаған, таңертеңгі қатқағы мен, түстен кейінгі батпағына байланысты, «түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» делінетін сәуір – осы. Ақиық Мұқағалидың сәуір айы туралы белгілі өлеңіндегі мына жолдарға қарап, айдың басы соншалықты жайлы бола қоймайтыны да аңғарылғандай. Қазақ даласының күн жылуына ерте шомылатын аймақтары болмаса, өзге өңірлерде қардың көбесі енді ғана сөгіле бастайтын мезгіл.

Сабылып келді міне, сәуір айы,

Сәуір айы – қазақтың тәуір айы.

Жылайды да тұрады жылаңқы бұлт,

Бара жатыр не болып ауа райы?!

Сәуір айы да аманшылық болса, көзді ашып-жұмғанша құмсағаттың құмындай сусып аяқталар. Сәуір айы – жаңарудың, жаңғырудың айы. Адамзат баласы алғаш ғарышқа ұшқан айдың бірінші күні – біршама ерекше. Бірінші сәуір – Күлкі күні. Сондай-ақ бірінші сәуір – Халықаралық құстар күні. Құстарды қорғау мақсатында белгіленген бұл экологиялық күні қанатты достарды қорғауға арналған іс-шаралар өтуге тиіс. Ағаштың басына құс үйшігін іліп қоюдың өзі – қайырымдылық.

Бірінші сәуірдің Құстар күні екендігінен гөрі әлбетте Күлкі күні саналатындығын адамдар көбірек біледі. Әдетте, бұл күні әркім айналасындағыларға әзіл-қалжың айтысып, жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысады. Қыран-топан тудыратын зілсіз әзіл-оспаққа да осы күні кеңінен орын беріледі. Сонымен қатар, әдетте бірінші наурызды Күлкі күні деп атаумен қатар, Алдау күні деп қарастырып, адамдар осыған орай түрлі көңіл-күйлік сипаттар білдіріп жатады. Орыс халқында: «Первый апрель – никому не верь» деген тұжырым және бар. Сонда бұл бірінші сәуір – Күлкі күні ме, әлде Алдау күні ме? Бұл жөнінде ақпарат көздері, көнеден бері ұласқан адамзат тарихы не дейді? Осы жөнінде қарастырып көрелік.

Бірінші сәуірдің дәл осы күні мереке болып қалыптасуы адамзат баласының астрономиялық, климаттық болжам бақылауына, сондай-ақ діни мифологиялық наным-сенімдік салт-жоралғыларына қатысты екендігін байқауға болады. Осыған байланысты бірінші сәуірдің Күлкі немесе Алдау күні аталып жүруінің тарихи уәждемесінің өзі ғасырлардан ғасырларға кететіндігін, және географиялық ауқымының да орасан екенін көреміз.

Күлкі күнінің ежелгі грек аңыздарымен байланысы бар. Себебі, бірінші сәуірдің Күлкі күні аталуы – грек мифологиясындағы күлкі құдайы Гелиостың есімімен байланысты. Гелиостың әрдайым күлімсіреген бейнеде кескінделетіні бекер емес.

Ежелгі Римде де бір күнді қазіргі Күлкі немесе Алдау күніне ұқсас тойлаған екен. Яғни қыстың соңғы күнін тойлаған жұрт әзіл-қалжыңға ерік берген. Ашықауыздар күні деп атап өтілетін бұл мереке күнтізбе бойынша қазіргі бірінші сәуірге сәйкескен.

Бірінші сәуірдегі іс-әрекеттерді ежелгі діни таным-түсініктерден туындаған деушілер мұны ежелгі кельттердің көктемді қарсы алу рәсімімен байланыстырады. Ирландиялықтардың арғы бабалары кельттер көктемнің алғашқы айы туғанда Күлкі құдайына арнап ойын-сауық өткізетін болған.

Бұл мерекенің түп-төркінін христиан дінінің салт-жоралғыларымен байланыстыратын деректер де кездеседі. Орта ғасырлардан бері Пасха мерекесі кезінде діни мазмұндағы сахналық қойылымдар әзірленіп, халық алдында ойналатын болған. Күлкі мен алдау сипатындағы әзіл-қалжыңдар осы қойылымдардан бастау алған деп қарастырылады.

Бірінші сәуірге маңыз беру – көбінесе Еуропаның батыс бөлігін мекендеген халықтараға тән екендігін көреміз. Атап айтқанда Исландия аралының байырғы тұрғындары бірінші сәуір күні өздерінің мифологиялық фольклорындағы Скадеи мен оның қызы Тиасты еске алу үшін алдау күнін өткізіп келген.

ХІ ғасырда Франция королі Карл ІХ григориан күнтізбесін енгізіп, бірінші қаңтарды жыл басы деп белгілегенге дейін Батыс Еуропада орта ғасырларда Жаңа жылды наурызда атап өтіп келіпті. Еуропалықтар Жаңа жыл мерекесінің қорытындысы ретінде бірінші сәуірде Күлкі күнін атап өтетін болған. Яғни, бірінші сәуірді қыспен қоштасып, көктемнің басталу мерекесі ретінде қарастырады.

Алдау күні деп аталуының да өзіндік бір себебі бар. Бұл – Бельгияға қатысты дерек. 1539 жылы фламандиялық бір бай мырза бірінші сәуір күні өзінің қызметшілеріне әзіл түріндегі тапсырмалар беріпті-міс. Күлкіге қарық болған қызметшілерге қожайынның бұл әзілі ұнағандықтан, келесі жылдары айналасына таралып кеткен-міс. Осылайша күллі Еуропаға таралып, ХҮІІ ғасырда Ақымақтар мерекесі деп атап өтіліп жүргендігі айтылады.

Ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша бірінші сәуір күні таңертең күн шыққаннан бастап адамдар бір-бірін әлдебір іс-әрекетке жұмсау арқылы алдауға немесе бір-бірімен әзілдесуге тырысады. Англо-саксондық елдерде мұндай іс-әрекеттерді түске дейін ғана жасауға болады деген түсінік қалыптасқан. Ал түстен кейін әзіл айтып, алдауға тырысқан адамды «Сәуір ақымағы» деп атаған. Сол себепті де Англияда ертеден қалыптасқан ырым бойынша түске дейін алдап үлгеру керек екен. Ал түстен кейін әлдекімді алдаған адамның жолың болмайды деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан тек түске дейін ғана «алдап» үлгеру керек екен.

Ал Англияның көршісі Шотландияда бірінші сәуірді Көкек күні деп аталып, екі күн қатарынан тойланады екен. Бұл күні алданған адам «ашықауыз» деп танылады. Мерекенің екінші күні – Құйыршық күні деп аталады. Бұл күні де алуан түрлі әзіл-оспақ, күлдіргіге кең орын беріліп, адамдар бір-бірін алдауға тырысады.

Немістердің бірінші сәуірге қатысты ұстанымы тіпті қызық. Олар бұл күнді бақытсыз күн деп есептейді екен. Бұл күні туған адамдары жолы болмайтындар деп санайтындар да бар. Бірінші сәуір күні неміс ауылдарында жұмыс істемейді, жаңадан іс бастамайды. Малды жайылымға шығармайды. Үлкендер мен балалар бір-біріне орындауы күрделі күлкілі тапсырма беріп, бір-бірлерін алдауға тырысады.

Славяндарда да бірінші сәуір үлкен амңызға ие күндердің бірі. Ресейде Күлкі күні біршама уақыттан бері кеңінен атап өтіліп келеді. Мәскеуде 1703 жылы алғаш рет Алдау мерекесі тойланған екен. Осы жылы наурыздың соңғы күні той Жаршысы көшеде айқайлай жар салып, 1 сәуірде орталық алаңда неміс театр тобының қатысуымен бұрын-соңды ешкім көріп тамашаламаған керемет қойылым ұсынылады деп жариялайды. Мұны естіген жұрт бірінші сәуір күні орталық алаңға бармақ болып шешеді.

Ертеңінде алаңдағы қара нөпір жұрт жұрт тақтайшада ілулі тұрған: «Бірінші сәуір, ешкімге сенбеген тәуір!» деген жазуды көріп алданғандарын біледі. Жалпы алғанда ресейлік зерттеушілер бұл күнді атап өтудің мәжусилік (языческий) сипаты бар деп біледі. Христиан дінін қабылдамай тұрған заманда славяндар осы күні Үй перісінің оянуын мерекелеген. Ежелгі славяндардың түсінгінше, Үй перісі қыстай қалың ұйқыда жатады. Өзге де жын-перілер сияқты, Үй перісі ұйқысынан ашуланып оянбақ. Сондықтан да адамдар әзілдесіп, шуылдасып, Үй перісінің көңілін аулауға тырысқан. Бұл күні қолапайсыз олпы-солпы киімдер киіп, бір-бірін алдауға тырысқан. Бірінші сәуір – осылай туып қалыптасқан-мыс.

Бірінші сәуірге байланысты шығыс халықтарының да қатысы мен өз уәжі бар екен. Байырғы өркениет иесі үнділер бұл мерекенің ежелгі Үндістанда туып қалыптасқандығына, оның негізінде Холи жатқандығына сенімді. Үндістанда ерте дәуірлерден қазіргі күнге дейін кеңінен атап өтіліп келе жатқан Холи фестивалі – көктемгі қуаныш пен шаттықтың, күлкінің мерекесі болып саналады.

Ал ислам әлемі бұл мерекеге онша іштарта қоймайтыны байқалады. Себебі, исламдық дәстүре біреуді, әсіресе, мұсылман бауырыңды әзіл үшін болсын, алдаудың түбі – өтірік айту болып саналады. Соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқан: «Өтіріктен сақтаныңдар. Себебі ол бұзықтыққа апарады. Ал бұзықтық тозаққа апарады. Адам өтірік айтып, өтірікті әдетке айналдырып жүріп, Алланың алдында өтірікші болып жазылады», - деген ескерту бойынша ислам дінін ұстанатын елдерде бұл күнді маңызды санамайды.

Ислам дінін ұстанатын елдерде бірінші сәуірдің негативті сипаты болуының түбінде мына бір аңыздың мазмұны жатуы да мүмкін. Аңыз бойынша Алдау немесе Күлкі (ақымаққа күлу) күні қазіргі Испания жерінде, Андалузияда христиандар мен мұсылмандар арасында кескілескен шайқас жүрілген екен. Шайқаста жеңілуге айналған христиандар айлаға басады. Олар 1-сәуір күні бейбіт келісімге келетінін айтып ант-су ішіседі. Сөйтіп олар 2-сәуір күні жайбарақат жатқан мұсылмандарды түгелдей қырып салыпты. Бұл расында солай болды ма, жоқ па, қалай болғанда да мұсылман дінін ұстанатын елдерде бірінші сәуірдің сауықтық сипаты жоқ.

Мінеки, 1 сәуірдің әлем елдеріндегі атап өтілу немесе өтілмеу мәнісі осындай. Бірінші сәуір күнінде адамдардың бір-біріне ізгі ниет білдіріп, жақсы көңіл-күй сыйлауында тұрған еш әбестік болмаса керек. «Әзілі жоқтың қойынында шоқпары бар» демекші, әзіл-қалжыңның қадіріне жете білетін қазақ халқы орынды ойын-сауық, күлкі-шаттықтан еш уақытта бас тартқан емес. Орнымен әзілдесіп, бейбіт өмірдің әрбір күні күлкінің шуағына шомылғанға не жетсін!

Жылап тұр, жылаңқы бұлт сабылып тұр,

Сағынып тұр күн нұрын, жабығып қыр.

Бірде жауын, біресе қарға айналып,

Сәуір айы малшыға қағынып тұр, -

деп Мұқағали ақын суреттеген басы бірде қарлы, бірде жаңбырлы сәуір (көкек) айы басталды. «Сәуір болмай, тәуір болмас», - дейді қазақ, ежелден. Биылғы сәуір айы да халқымыз үшін тәуір болсын!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар