Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Бүгін жыр алыбы Жамбылдың туғанына 170 жыл!...

28.02.2016 4604

Бүгін жыр алыбы Жамбылдың туғанына 170 жыл!

Бүгін жыр алыбы Жамбылдың туғанына 170 жыл! - adebiportal.kz


 


 

ƏКЕМЕ

 


 

Сөртінің ұрлап қара атын,

Жазықсыз қиып қанатын,

Жапанда жалғыз қалдырып,

Жайым жоқ қарғыс алатын. 

Ел арасын ығыр қып,

Ойым жоқ шұрқан1 салатын.

Қоныстан елді бостырып,

Неміз бар енді шабатын!

Өлең мен сөзді дос қылып,

Құрамын ақын санатын!


 


 

 

Батаңды маған бер, əке,

Тіліме менің ер, əке.

Жапаның ұлы ақын боп,

Жақсы істепті дер, əке!

Домбыра алып сөйлейін,

Күнде жасап мереке.

Мерекелі болған соң,

Елде болар береке.

Ұрлық түбі – қорлық деп,

Болармыз құр келеке.

 


 


 

1 Шұрқан – бүлік, жанжал мағынасында.

 

 


 


 

КƏМШАТ ҚЫЗ

 

Кермиық Кəмшат қыздың көрдік көркін, 

Қондырған шекесіне құндыз бөркін.

Секілді алтай түлкі сылаң қағып, 

Шеніне келтірмейді-ау емін-еркін. 

Қырандай қияннан-ақ ілер едім, 

Қырқада қызыл жүзін бұрса бертін.

 

Шаң жұқпас шашасына саңлақ едім, 

Сан жерде шаршы төске самғап едім.

Жұртшыдай жұрт торымай, алысқа ұшып, 

Алатын тоятымды таңдап едім.

Айдынның ақ шортанын жібермейтін, 

Жасымнан жаза баспас қармақ едім.

 

Болғанмен сыртым қораш, ішім сұлу, 

Сол ғана жүрегіме берген жылу.

Ажары бет пен жанның бірдей емес, 

Керек-ау, Кəмшат, соны пайым қылу!

 

Солмай ма көктемдегі əдемі гүл, 

Оңбай ма бетке біткен əдемі түр?! 

Еңкейіп екіндіге күн құласа, 

Көріксіз көрінбей ме дүние бір?

 

Осының бəрі мысал ойлағанға,

Кəмшат қыз, ойлан, ойланба, оны өзің біл. 

Көңілге келіп бір сөз қалғаннан соң, 

Тынар ма, айтып өтпей қу қызыл тіл!..

 

 


 


 

* * *

 

 


 

Сыртың бір сұлу жан екен, 

Сыпайы көзге көрінген.

Сыр-мінезің бар екен, 

Сөйлесуге ерінген.


 

 


 

Қамқа-қамзол киініп,

Қас-қабағың керілген.

Қарапайым адамнан

Қомытсынып жерінген.

Жұбайыңды есіттім,

Таңдап тапқан еліңнен.

Өзі қарау, тарыншақ,

Қас Қарымбай делінген.

Салғаныңды көрермін,

Соған барып серуен.

Сөйлесермін оралып,

Сонда, Кəмшат, сенімен!

 

 

 


 


 

ҚАБАТ ТУСЫН КҮН МЕН АЙ

 


 

«Аумиін» деп қолыңды жай,

Қабат тусын күн менен ай.

Алғаның болсын сайма-сай,

Қапалық болмай кезінде,

Ылғи болсын мамыражай.

Қос-қостан тауып ұл мен қыз,

Мінгені болсын жорға тай.

Ертең ерте біреуі –

Қойға кетсін қудалап,

Түйеге кетсін біреуі –

Екі көзін уқалап,

Егін ексін біреуі –

Су сағасынотмалап,

Оттың басын шаңдатып,

Біреуі жатсын домалап.

Жылқы бақсын біреуі –

Асауларды күделеп.

Сөз сөйлесін біреуі –

Көп ішінде сүбелеп.

Жақсы лепес – жарты ырыс,

Ескіден қалған мақалды

Соза беріп, қайтейін,

Бата аяғы тақалды.

 

 

 


 


 

ПАТША ƏМІРІ ТАРЫЛДЫ

 

Қызығыңды көп көрдім, 

Қарабастау, Құлансаз.

Күндерімді өткердім, 

Сенде жүріп ұзақ жаз. 

Көк орайға жайылған 

Секілді едік үйрек, қаз. 

Ештеңе жоқ уайымнан, 

Жүруші едік көңіл мəз. 

Патша əмірі тарылды, 

Оған қылар бар ма лаж?! 

Ішке толған зарымды,

Кімге айтармын қылып наз!

 

Көген көзді қосақтап, 

Қалай қиып берерміз?! 

Көздің жасы моншақтап, 

Көңіл шер боп өлерміз. 

Көк жайлауды қалдырып, 

Қайда көшіп кетерміз?

Көкіректі зар қылып, 

Қорлықпен қайтіп өтерміз?!

 

«Бес үйден бір жігіт!» – деп, 

Болыстар жүр шапқылап.

Жасауыл үй тінтпек, 

Қылыштары жарқылдап. 

Бүйтіп көрген күн құрсын, 

Жапырақтай қалтырап!

Таусылғандай тынысың, 

Күнде жүрек қансырап… 

Дүниенің кеңдігі – 

Жүргеніңде басың бос.

Жан қысылса, белгілі,

Таба алмайсың жақын дос. 

Өз араңнан шыққандар 

Таяқ соғар өзіңе.

Əр нəрсеге бір зауал, 

Дейтін еді кезінде.

Би, болысты Тəңір атты, 

Ел қорғауға жарамай.

Ағайынды еңіретті, 

Көз жасына қарамай. 

Енді ойласақ, не қалды, 

Ата жұрттан кету бар. 

Жолға тігіп не жанды, 

Тəуекелге беку бар.

Не болмаса, шыбындап, 

Тағдырыңа көну бар.

Көнсең күнде шығындап. 

Ит қорлықта өлу бар!

 

 

 


 


 

БАЛАЛАРҒА

 

Балалар, аманбысың шырақтарым, 

Майысып көлге біткен құрақтарым!

Жүрмесем есендесіп тұра алмаймын, 

Ішінен асып кетсе бір аптаның.


 

 

Қонаққа келді, міне, Жамбыл атаң,

Сан жылдар жүк көтерген бүкір жотам, 

Қарт бабаң дəуіріне мейірі қанған, 

Қуанып жастығына сендей ботам.


 


 

 

Білемін өмірлерің тұрған жайнап, 

Күндіз, түн жастық үшін жарық сайлап. 

Ай, жұлдыз, күннің көзі, жел менен су – 

Бəрі де сендердікі əлемге айғақ...


 


 

ЖАЗ ЖЫРЫ

Атымды ертте, балалар, 

Күлімдеп, міне, жаз келді. 

Түйе боздап, қой қоздап, 

Тізіліп қатар қаз келді.

Жастардың жүзі жайраңдап, 

Кең өмірде сайрандап, 

Махаббат, мейірім, əн мен күй, 

Ойын, күлкі, наз келді.

Тамаша, өмір, шаттық жыр 

Қала, дала ой мен қыр, 

Ерекше жаз биыл жаз – 

Төгілген көктен алтын нұр. 

Назданар адам аз ба енді, 

Көйлек көк те, тамақ тоқ, 

Еш пендеде уайым жоқ,

Жасармас қай жан жазда енді?

 

 

Отаным байтақ мəңгі бақ, 

Гүл, бəйшешек толған жер. 

Он бір жұрт – он бір туысқан 

Қанаттас қатар қонған жер. 

Он бір жұртым – он бір бақ 

Ішінде еркін сайраңдап, 

Мəуесін тəтті сорған ел.

Шағаласы шаңқылдап, 

Қаз, үйрегі қаңқылдап,

Көкорай шалғын, орман, көл; 

Шалқып жатқан ен дəулет, 

Салтанат, шаттық, сəн-сəулет, 

Аймағым асқар қорған бел.

Жауын мен дауыл, бораннан 

Жасқанбай шалқып асамыз, 

Жауды жайқар жарақ сай

 

 


 

Табанмен таптап басамыз; 

Қыздырып еңбек дүкенін, 

Желпілдетіп жер бетін, 

Жемістен шашу шашамыз; 

Көзіне жете ашамыз;


 

Жер қазынасын игеріп, 

Болаттан сұңқар ұшырып, 

Мұхиттан əрі асамыз; 

Мініп алмас тұлпарды, 

Қуаттан дария ағызып, 

Баспаған жерді басамыз; 

Ерліктен ерлік туғызып, 

Өрге өрлеп, тасамыз!

 


 


 

Жайнай бер, жазым, жылдан жыл, 

Жаңарып дүние түрленсін;

Алтын бақша ұлғайып, 

Бұдан да қызық түрге енсін; 

Ен бақытқа еркіндеп 

Жайлаған елің гүлденсін; 

Октябрь атты алтын күн 

Себелеп рақмет сəулесін

Бұдан да жарық нұр берсін;

Бұлбұлың дулап сайрасын, 

Еңбегің қызып қайнасын, 

Нұрыңды əлем, ел көрсін; 

Бұғаудан қолын шешуге, 

Сенімен тағы ілесуге

Өнеге болсын, дем берсін!

 

 

 


 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар