Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Дидар Амантай. «Шыңырау» - Адамзаттың қазақ жасаға...

11.12.2015 4618

Дидар Амантай. «Шыңырау» - Адамзаттың қазақ жасаған соңғы аңызы

Дидар Амантай. «Шыңырау» - Адамзаттың қазақ жасаған соңғы аңызы - adebiportal.kz



7753035eb1c554edddbcbc5c3910c35f.jpg


Әбіш Кекілбай дүние салды. Қазақ прозасы виртуоз қаламынан айырылды. “Аңыздың ақыры” мен “Шыңырау’ тәрізді қос шедеврді дүниеге әкелген асыл қаламгер уақыттан озды. Енді оның уақыты – күннің қандай кезі, түннің қандай уағы, жылдың қандай маусымы, ғасырдың қандай заманы тумасын – мәңгіліктің ұлы мезгілінде өмір сүретін болады.


Ол жүзжылдықтар оқитын кітапқа айналады.


Жүз жылдан соң, әлем әдебиетінде әр жазушыдан бір-бір кітап қалады... сол шақта “Аңыздың ақыры” ма, “Шыңырау” ма, қайсысы ілгері озады, оны тағы да мәңгіліктің адал перзенті, төрелікке жарап қалған уақыт шешеді.


Біз “Шыңырауды’ оқимыз. “Шыңыраудың” түпсіз шыңырауына жете аламыз ба, жоқ па, шыңына шыға аламыз ба, жоқ па, оны Шығыс біледі, бәлкім, Батыс та түсініп қалар, әлде, ғаламдық оқырман, адамзат ұрпағы – қадірлі Джеймс Джойс жазған “Улисс” романы тәрізді – соңына дейін ешқашан оқи алмайтын, қала берді, интеллектуалдардың өзі жұмбағын шеше алмайтын, сарқып тауысып, толық тани алмайтын шығармасына айналуы мүмкін.


Шынымен, “Шыңыраудың” жөні бөлек еді. Форма тұрғысынан кемел дәрежеген жеткен озық шығарма болатын.


Тіпті, “Шыңырауды” оқып отырып повестің құйылған қалыбын көргендей күй кешіп отыратын едім. Сөзден сөзге жетіп , абзацтан абзацқа көшіп, беттен бетке ауысқанда шығарма формасы әуелі сұлбаланып, сосын тұлғаланып, айқындала түсетін.


Бәріміз де – Еңсеппіз. Еңсеп – қазақ тудырған Сизиф. “Шыңырау” – адамзаттың қазақ сомдаған соңғы аңызы.


Алаштың жаңа тәмсілі.

Әбіш Кекілбайдың өзі маңдайы жарқырап, тау секілді қозғалып, орнынан қопарыла тұрып келе жатқанда, эпостық жырлардың тарам-тарам толғауларынан шыққан, сала-сала желісінен жаралған, телегей теңіздей сарқылмайтын аңызына ұқсайтын еді.


Әбден тозығы жеткен көне кітаптардың саржағал беттерінен сырғып түсіп қалғандай көрінетін.

Оның тұлғасы да, тұла бойы да, төңірегі де аңызға, әфсанаға толы еді. Әбіш деген сөз шежіреге тұнып тұратын.

Ұстаз қаламгердің соңынан әфсана қалды. Асыл мұра қалды. Өзінің қайталанбайтындығын білмей бақиға аттанған қайталанбас шебер машықтың, шешен дәстүрдің бізге өсиеттей тапсырған, аманаттай жүктеген үлкен жұмбағы қалды.


Әбіш Кекілбай менің жазушы болып қалыптасуыма қатты әсер еткен кітаби ұстаздарымның бірі еді. Сырттай аға дос санаған Әбекең оны білмей өтті. Мен де ешқашан айтқан жоқпын.



Дидар АМАНТАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар