Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Ел қамын жеген Ер Едіге...

12.07.2022 5152

Ел қамын жеген Ер Едіге 12+

Ел қамын жеген Ер Едіге - adebiportal.kz

Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына жасаған гастрольдік сапары аясында ақын Светқали Нұржанның «Ер Едіге» этно-фольклорлық тарихи драмасына қатысты өз қойылымдарын сахналады.

Тарихы тым тереңде жатқан ұлтымыздың өткені аңыз-әпсаналарға толы. Әйгілі бабаларымыз сақтар мен ғұндар сары теңіз бен қара теңіздің арасында алып мемлекет құрып, ол қауымның ізін қыпшақтар мен түркілер жалғастырғанын тарихи деректерден білеміз. Кеңес үкіметі тұсында түркі тарихын бүркемелеу, бұрмалау үрдісі жүргізілгені де белгілі. Осы ретте тарихтағы бірқатар тұлғалар мен жыр-жауһарлардағы кейіпкерлерді насихаттау мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізіліп келе жатыр. Сондай тұлғалардың бірі де бірегейі Ұлық Ұлыс мемлекетінің билеушісі – Ер Едіге.

Қойылымға қатысты Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің хатын орынбасары Руслан Мамутов оқып берді. Облыс әкімі өз хатында: «Бұл қойылымның алдағы уақытта өрісі кеңейіп, түбі бір түркі елдеріне де берер тағылымы мол болары сөзсіз. Осылайша жоғымызды іздеп, табылғанына таңба басып, тарих қойнауына тапсыруды жөн көрдік. Кәрі тарих бізге осындай тағылымдарынан сабақ алуға үндейді. «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар»- деп бабаларымыз айтқандай, қолдағы бар алтынның қадірін біліп, елдің ауызбіршілігін нығайту – баршамыздың азаматтық парызымыз. Олай болса, біздің елдің мәдениетімен танысып, өнерпаздардың өнерін тамашалауға келген ниеттеріңізге зор ықыласпен ризашылығымды білдіремін», - деп ақ тілегін білдіріпті.

Алғашында Ер Едіге хақында толғамды драмалық туынды жазу марқұм ақын Есенғали Раушановқа тапсырылыпты. Есенғали ағамыз «Едіге» жырының барлық нұсқасын салыстырып, ізеуірттеп, зерделеп, ғылыми тұрғыда зерттегенімен, жазу сәті бұйырмаған екен. Есенғали Раушанов аяқ-асты дүниеден озып, дәріл бақиға аттанғанда ақын Жанат Әскербекқызы дастанның жүгі мен жауапкершілігін Светқали ағамыз көтере алатынын айтыпты. Сүйтіп, Ақтөбе облысының әкімі де ол кісінің кандидатурасын мақұлдап, Айт-Ман ағамызға өтініш білдіргенге ұқсайды.

«Сөйтсек, Айт-Ман ағамыздың аталған тақырыпты жазуға бекінгелі он бес жылдың бедері болыпты. Әйткенмен, сәті түспеген. Демек, іште әбден піскен дүние ғой. «Тек, Алла сәтін салсын» - деді Сәкең. Кесек төгіліп түскен дүниені алғаш оқығанымда кеудемде бір күдік болғаны жасырын емес. «Мынаны біздің әртістер алып шығара ала ма? Басқасын былай қойғанда, анадай шұрайлы тілді жаттай ала ма деген ой болды. Жастар Театрындағы көрермен қауым Едіге заманына сапар шегіп қайтты. Тоқтамыс пен Едіге арасындағы тартыс, Сыпыра жыраудың зары, Ақсақ Темірдің көрегендігі көпшілікті қатты толқытты. Режиссер Данияр Базарқұлов батыл шешімге барып, көп іс-әрекетті қимыл арқылы астармен беруге тырысқаны байқалады. Қойылымның қобыз сарынымен басталып, қобыз сарынымен аяқталуы, бүкіл оқиғаны жоғары жайғасқан жеті домбырашының сазбен жетелеп отыруы да назарымызды аудартпай қоймады. Т. Ахтанов театрының актерлеріне қатты риза болдым. Кейін келген жас толқын аға буынмен кірігіп, біртұтас организмге айналыпты. Бәрекелді», - деді ақын, халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы.

«Ер Едіге» этно-фольклорлық дастанының авторы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Светқали Нұржановтан қойылымға қатысты аз-кем пікір алған едік. Ол кісі өз қаламынан туған тарихи дастанға қатысты:

«...Алтын Орда дәуірінің ең шырқау шегі Едіге билік жүргізген заманмен тұспа-тұс келеді. Және түрік қауымынан Ер Едіге, Тоқтамыс, Әмір Темір тәрізді алапат тұлғаларды Құдай Тағала бір мезгілде шығарған ғой. Бірақ сол тұлғалардың дәуірінен кейін біздің құлдырауымыз да басталды. Демек, бұл да бір Жаратқанның бұйрығы мен жазуы шығар. Сол шешуші кезеңде қызмет еткен ұлы тұлғаларымыздың есімі санасы түйтеленіп, ұғым-түсінігі мен өмірлік көзқарасы күйкі болып кеткен ұрпақтың санасында қайта жаңғырар ма екен деген, ұлы бабаларымыздың ерліктері мен арман-мұраттарына қарап сақаяр ма екен, қатаяр ма екен, оянар ма екен, тірілер ме екен деген ой-мақсаттарменен жазылған дүние ғой...», - деді.

Алтын Орда мемлекетінің билеушісі болған, кейін Ноғай хандығын құрған Едіге ханға қатысты аңыз-әпсаналар өте көп. Сол аңыздардың бірінде Едіге ханның анасы пері қызы болғандығы да айтылады. Ерте заманда Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың шәкірті Баба Түкті Шашты Әзіз деген ғажайып абыз, әулие адам болған екен. Ол қартайған шағына дейін бала сүйе алмай, Құдайдан перзент тілеп жүрген шағында аян беріледі. Түсінде әлдебір әуезді дауыс құбыла жаққа бағыт алып жүре бер деп жол сілтегенге ұқсайды. Содан, Шашты Әзіз ертесімен жолға шығады. Жол бойында алдынан көл шығып, сол көлдің басында тынығып алуды жөн көреді. Бір уақытта әлгі көлге аққу кейпіндегі үш пері қызы қонып, Шашты Әзіз олардың киімдерін жинап алыпты. Үш пері қызы өз киімдерін жалынып сұрапты. Шашты Әзіз келіспейді. Соңында пері қыздары әулиеге өз ішіндегі ұнаған біреуін таңдап, қалғанын босатуын сұрайды. Шашты Әзіздің таңдауы пері қыздарының ішіндегі кенжесі Кенжекей сұлуға түседі. Кейін пері қызымен жұптасып өмір сүрген деседі аңызда. Алайда пері қызы Шашты Әзізге үш шарт қойып, басына, қолының астына, аяғына қарамауын өтінеді. Әулие пері қызының талабын көпке дейін орындағынымен, бір күні пері қызының тыйым салған жерлеріне көзі түседі. Шарт бұзылған мезетте-ақ пері қызы ұшып кетеді. Кетерінде: «Ішімде бала бар, тоғыз ай тоғыз күннен кейін, тоғыз жолдың торабынан аманатын алып кет»,-дейді. Сол бала – Ер Едіге екен. Қазақ әдебиетінің алып қаламгері Мұхтар Әуезов Едіге жайлы аңыздың басын осылай құрап алады да, одан әрі Едігенің қалайша ер жеткенін, қой бағып жүріп, билік айтып ханның көзіне түскенін, кейіннен ханның би-кеңесшісі болғанын баяндайды. Әуелгіде Ұлық Ұлыс билеушісі Тоқтамыс ханның кеңесшісі болған Ер Едіге кейін ханмен араздасып, аяғында бір-бірін мерт қылады.

Қазақтың халық ауыз әдебиетінде Едіге бидің тағдыры күйші аңызымен де берілген екен. Ілкіде Ноғайлы елінде атағы көпке жайылған арқалы әулие, көріпкел күйші өмір сүріпті. Ол Каспий теңізінің жағасында домбыра тартып отырғанда шерлі күйшіні перінің қыздары қоршап алады екен. Сүйтіп әлгі күйші перінің бір қызына қатты ғашық болып қалған деседі. Махаббаттың дертті хәліне шыдай алмаған күйші ауылдың бір ақсақалынан кеңес сұрайды. Ақсақал перінің де перісі бар екенін, күйші ғашық болған қыз «адам перісінің перзенті» екенін айтады. Содан былай: «Ұстаға біз жасатқызып ал. Күйіңді тартып, перінің қыздары қаумалай берген сәтте сол бізді ғашығыңның етегіне түйре» - деп ақылын айтады. Күйші де ақсақалдың айтқанын екі етпей, пері қызының етегіне бізін шаншып, қапсыра құшақтап алады. Пері қызы өзіне тұңғыш рет адам қолы тигенін айтып: «Мен енді сендікпін»,- дейді. Жоғарыдағы аңызымызда келтіргендей, пері қызы бұл жолы да үш шарт қояды. Бірінші шарты, үйде жалғыз отырғанда сыртынан сығаламауын, екінші шарты, жүріп бара жатқанда артынан қарамауын, үшінші шарты ретінде қолтығының астынан қолын салмауын сұрайды. Күйші шартты бұзып, пері қызының сыртынан сығалайды. Сүйтсе, пері қызы басын суырып алып, тізесіне қойып шашын тарайды екен. Артынан бақылап, аяғын теріс басатынын, ал қолтығының асты тесік екенін көріпті. Пері қызы талабын орындамаған күйшіге кететіндігін ескертіп, ішіндегі алты айлық сәбиін Хира тауының үңгірінен таба алатынын ескіртіп, жөнеп береді. Сол күйі сілкінген пері қызына қанат бітіп, ұшып кетіпті. Ал, Хира тауының үңгіріндегі бала тағдыры тылсыммен байланысты Едіге хан екен.

Ел мен жеріміздің тұтастығы – бабадан қалған аманат. Сол үшін тарихи жадымызды оятып, ұлттың ұйысуына ұйытқы болатын игілікті істер атқарылуда. Түсінген жанға оның тарихи маңыздылығымен қатар саяси астары да терең. Ол ұлттығымыздың мүддесі үшін, тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтап, елдігіміздің еңсесін биіктету үшін де қажет. Қойылымның басты кейіпкері елдің тұтастығы үшін жанын пида қылған, мемлекетшіл тұлға Ер Едігенің бейнесі – қай заманға да үлгі. Өзге де кейіпкерлер арқылы сол өткен алтын ғасырдың жарқыраған және көлеңкелі тұстарын салыстыруға мүмкіндік береді. Санамыздың саңылауына өз сәулесін түсіруге тырысады. Қойылым тарихи-танымдық оқиғалардың желісімен қатар заманауи сұранысқа сай көркемдік образдармен бейнеленген. Жаңа буынның талғамына сай жаңартылған. Қойылым соңында көктен шашылатын жеті жүз елу дана қою түсті шарлар Алтын Орда дәуірінің жеті жүз елу жылдығының символы іспетті. Олардың түрлі түске боялуы да сол заманның бастан кешкен түрлі оқиғаларының айғағы. Түрлі ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіріп, біртұтас ел болғандағы талай қиындықтарды бастан өткізгендігінің белгісі. Оқиға желісімен бейнеленген әрбір тарихи тұлғалар Тоқтамыс ханның, Әмір Темірдің образы да өздері билеген елдің мүддесі үшін күрескендігінің көрінісі.

«Ер Едіге» қойылымы жайлы жазушы, драматург Роза Мұқанова апамыз: «Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының «Ер Едіге» қойылымын көрдік. Актерлер өте жоғары деңгейде ойнап шықты. Өзіме ұнады. Бұл – жақсы дәстүр. Қазір мына облыстық театрлардың үлкен мегаполистерге, қалаларға шығуы, көрермендермен қауышуы аса қажет. Мәдени байланыс жалғасу керек деп ойлаймын. Құтты болсын», - деп ыстық лебізін білдірді.

Айта кетейік, ақын Светқали Нұржанның «Ер Едіге» этно-фольклорлық тарихи драмасы 2021 жылдың желтоқсан айының 31-і күні комиссия құрамына тапсырылып, 2022 жылдың ақпан айында қойылымның премьерасын көрерменге ұсынылған екен. Ақпан айының 18-19-20күндері театр өз сахнасының ашылуына орай, Фойеде «Ақтөбе өңірі» атты кітап көрмесі қойылып, көрерменге «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында Алтын орда секілді алып империяның сол қанатының қолбасшысы болған, Ұлық ұлыстың билігін жиырма жылдай басқарған, «Ел қамын жеген Ер Едіге» атты ұлы тұлғаның мұрасын ұлағаттау мақсатында Светқали Нұржанның «Ер Едіге» тарихи драмасымен ұсыныпты. Қойылымның қоюшы режиссерлері Алматыдан арнайы шақыртылған Данияр Базарқұл мен Алмат Шәріп. Ал, сахна шайқасын дайындаған хореограф, каскадер Әділет Темен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар