Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Елбасы және елорда» радиомүшәйрасы мәреге жетті...

09.07.2018 3003

«Елбасы және елорда» радиомүшәйрасы мәреге жетті

«Елбасы және елорда» радиомүшәйрасы мәреге жетті - adebiportal.kz

«Қазақ радиолары» ЖШС Астананың 20 жылдығына орай 18-35 жас аралығындағы ақындардың қатысуымен «Елбасы және елорда» атты радиомүшәйра ұйымдастырған болатын. Мүшәйраның мақсаты – Астананың әлемдік қоғамдастық алдындағы абырой-беделін және егемен еліміз үшін геосаяси маңызы мен алар орнын, даму сатыларын өлеңге арқау ете отырып, Елбасының ерен еңбегін көрсету. Сол арқылы елді, жерді, Отанды құрметтеудің үздік үлгісін өскелең ұрпақ санасына сіңіру. Тәуелсіз Қазақстанның керегесін керіп, уығын шаншып, шаңырағын биіктеткен Елбасының еңбегі мен жас қаланың 20 жылдық мерейтойын қаламгерлер өлеңге арқау етті. Мүшәйраға 100 ақын қатысып, 300-ге жуық өлең түсті. Осылайша, егемен елдің тəуелсіз жастары елорданың мерейтойына жырдан шашу шашты.

Радиомүшәйраның қазылар алқасында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы, ақын, филология ғылымдарының докторы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанат Әскербекқызы, «Қазақ радиолары» серіктестігі бас директорының орынбасары Әзімхан Аусатов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Шалқар» радиосының директоры Қалқаман Сарин, ақын, тележурналист, Қазақстан Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі Нәзира Бердалы болды.

Комиссия мүшелері радиомүшәйраға қатысқан ақындардың өлеңдерін сараптап, өз бағаларын берді. «Комиссия мүшелерінің пікірін қолдаймын. Барлық ақынның өлеңін мұқият оқып шықтым. Кейбіріне таңдай қақсам, енді бірінен ұйқас көрмей, идея таппай қиналдым. Нұрбек Кеңесбайұлының «Тарих һәм елтұтқа» атты өлеңі ұнады. Бұл ақын жырауға бергісіз екен. Тілі өте шұрайлы. Астананы ғаламның сегізінші кереметіне теңеген Мұқағали Сейтқазының өлеңі де жақсы. Біздің мақсатымыз – көптің ішінен бір мықтыны анықтау. Арман Шеризат деген ақынның «Бозоқта боз жусанның иісі бар» атты өлеңі көзге ерекше түсті. Бұл ақын өлеңнің техникасын меңгерген, ұйқасы тиянақты, сөздік қоры бай, ең бастысы, қазақ тарихын біледі. Өлеңі І орынға лайық деп ойлаймын», деді «Қазақ радиолары» серіктестігі бас директорының орынбасары Әзімхан Аусатов.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша І орын Арман Шеризатқа (500 000 теңге), ІІ орын Марлен Ғилымхан (300 000 теңге) мен Мұқият Қойшыбайұлына (300 000 теңге), ІІІ орын Біржан Ахмер (200 000 теңге) мен Ғылымнұр Кәдірбайұлына (200 000 теңге) бұйырды. Сонымен қатар, ең үздік 5 ақынның өлеңіне Ұлт­тық арна бейнесюжет түсіріп, эфирден бе­ре­ді.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар