Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Ерболат Әбікенұлы. Қыжыл (әңгіме)...

26.10.2019 4459

Ерболат Әбікенұлы. Қыжыл (әңгіме) 16+

Ерболат Әбікенұлы. Қыжыл (әңгіме) - adebiportal.kz

Санат соңғы кезде жұмыстан қатты қажыған еді. Бүгінде үйіне діңкелеп әзер жетті. Есіктен кірген жерден күлді-көмеш боп, ас үйде жүрген әйелін көрді. Құлай сүйіп шаңырақ көтергеннен кейінгі бірінші күнді есепке алмағанда, қазірге дейін, табаны күректей он жыл бойы әйелі оны, еш өзгеріссіз, әр күні кешкісін ас үйде күтіп алатын. Үстінен ескі халаты мен шалғышы түспейтін. Аяғында езуі ыржиған, ескі сандалы көзін еріксіз тарта беретін. Қолында міндетті түрде ас үйдің темір-терсектерінің бірі жүретін. Сосын жылыжымиып:

Тамақ іштің бе? – дейтін. Осы үйреншікті сұрақты әйелі он жылдан бері қалай жалықпай қойып келе жатса, Санат та жалықпай тыңдап келеді. Жұмыстан ерте келсін, кеш келсін бәрібір. Әйелі тап бір көрікпелдігі бардай, тамақтың түр-түрін Санаттың үйге оралатын уақытына сай дайындап қоятын. Бүгін де сол сұрақ алдынан шықты.

Тамақ іштің бе? – деді, сәл күлімсіреп. Санат бүгін нәр сызбаса да, өтірік айтты.

Тойып тұрмын. – Сумкасын еденге қоя салды да, залға енді. Басын құбылаға беріп, киімін де шешпестен, диванға етбетімен құлай кетті. Шырақты жаққан жоқ. Тек ас үйден шақырайған жалмауыз жарық төбесінен төніп тұрды. Әйелінің қасына келіп жантая кетпесін біле тұра үміттеніп еді, үміті селге кетті. Әйелі ас үйден шықпады. Басын көтеріп қарап еді, жалғыз өзі дастарқан басында сыртын бере бүрісіп, бірдеңелерді жеп отыр екен. Санаттың зығырданы қайнады. Екі көзін тарс жұмып, диванның шетін тістеп өтірік қорылға басты. Әйелі сонда да ас үйден шыққан жоқ. Тағы да ас үйге көз тікті. Әйелі Санаттың сумкасынан ыдысын алып, ертеңгілік жұмысқа әкететін тамағын салып жатыр екен. Санат оның әрбір әрекетін сыртынан бақылауға кірісті. Сүт пісіріп отыр екен. Бейне қармақ аңдыған балықшыға ұқсатты. Көл бетіне үнсіз үңілген балықшы сияқты, сүттің бетіне төніп апты. Ыдыстың бетінен әппақ шар шыққан кезде ғана қармағына шортан ілінген қарт балықшыға тән шапшаң қимылға көшіп, газды өшірді. Сүтті бөлек біреу-міреу төгіп кетпейтіндей, балалар күйіп қалмайтындай қауіпсіз жерге орналастырды. Бұл әрекетін де Санат балығым көлге шоршып түсіп кетпесін немесе шөлден қаталамасын деп су құйылған ыдысқа салып, көлден алыстау жерге орналастырған балықшыға ұқсатты. Сосын шыны жууға кірісті. Екі рет сабындап, үш рет таза сумен шайды. Тұп тура жарты сағат жұмсалды. Әрбір ыдысты құрғақ орамалмен мұқият сүрткіледі.

Шыныны осыншама сылап-сипамай бір-бір шая салсаң болмады ма? Шыны жуғанға осыншама уақытсарп етсең, өміріңнің он бес жылы қысқарып кетеді ғой, – деген бірде Санат.

Сонда әйелі «Ауру астан» деген мақалды көлденең тарта отырып, көптеген аурулардың таза жуылмаған ыдыстан жұғатынын, сабыны кетпесе асқазанға барып ойран салатынын айтып аузын жапқан.

Құр тұлыпқа телміріп жатып Санаттың желкесі талды. Бір сәт бетін құс жастыққа көміп, ойға шомды. Көз алдын не жарық, не қараңғы екені белгісіз бір бұлдыр сағым перделеді. Тұншығып бара жатқанын сезіп басын жұлып алды. Басы ауыра бастағанын байқады. Қара құсы мен екі шекесі шыңылдап әкетіп бара жатты. Тіпті шымбайына шым-шым батып, шыдатпай барады. Бір ине тәрізді елес піскілеп жатқандай болады. Көктемнің келгенін есіне алды. Бұл оның әр көктем сайынғы ескі сырқаты еді. Қаны не өрлеп кететін, не түсіп кететін, сосын басының сақинасы ұстайтын. Жыламсыраған жүзін ас үйге бұрды. Әйелі әлі күйбеңдеп жүр. Бағанағы сүт құйылған ыдыстың сыртын алақанымен басып көрді. Сосын басқа ыдысқа құйып тоңазытқышқа қойды.

Піскен сүтті неменеге сипап көре бересің, – деген бір жолы Санат.

Тоңазытқышқа ыстық дүниені салуға болмайды, – деп үнін өшірген.

Бұл жолы әйелі ұн илеуге кірісті. Алдымен қолындағы неке сақинасын сыпырды. Оны керегеге шегеленген шкафтың үстіне қойды. Қырық жылдан кейін келіп алсаң да, ешкім тиіспейтін үй ішіндегі қауіпсіз жер осы тәрізді. Сосын өмір бойы наубайханадан шықпаған кәрі наубайшыдай әлгі ұнды лыпылдатып илей бастады.

Ұнды илегенше мені неге илемейді екен деп ойлады Санат. Мені кеп илесеші.

Бір жолы саусақ буындарының шор боп ісіп кеткенін, сырт жағының ерапайсыз қатпарланып, түтеленіп, сор жеген топырақтай бозамықтанып кеткенін көріп:

Мынауыңа не болған? – деп сұраған.

Ұн илегеннен ғой!

Ұн илемей-ақ қойсаң болмай ма?

Тамақ ішпесең шыдайсың ба? Онсыз да ылғи шаршап келесің. Тамақтың ұнын илегеннен емес, күнделікті нан пісіргеннен ғой! Құрбыларымның ылғи ұн илегеннен қашып, дайын кеспеге жүгіретінін енді түсіндім. Қарашы екі қолым бір-біріне ұқсамайды.

Нан пісірмей-ақ қойшы осы. Сатып ала берейік.

Сатып алған нан сенің асқазаныңа жақпаушы еді ғой! Оның үстіне мәйегі жоқ. Берекесі жоқ. Ақша шақ келе ме?

Бір сәт осы бір етек-жеңі желпілдеп құмырсқаша күйбеңдеп тыным таппайтын әйеліне қарады.

Сыбызғыдай дененің сәнін бұзған анау тозығы жеткен халатын жұлып-ап, дал-дұлын шығарғысы келді. Бұлтиған бөксені салбыратып қорлаған анау бұтындағы кебінді сыпырып-ап өртеп жібергісі келді. Шымылдық желпілдеткен алғашқы таңда Санат маужырап оянған. Көзін ашқанда жиырмадағы жас келіншектің мамық алақаны бетін мейірлене сипап жатқан. Нәрестесін сипап оятқандай еміреніп, үздігіп, көзінің қарашығы дірілдеп өліп барады. Ажары енді ашылған алма беттің ұшына қан шапши қалыпты. Тоят тапқан қоңыр көздің құмарта қарағаны жанын сергіткен. Хан қызына бергісіз бір шоқ раушан гүлі іспетті, иісі бұрқырап, жанын арбаған. Киімі қандай әсем еді. Сол киімнің ішіндегі өзі тіпті әсем болатын. Келіншегінің өзі ойлағаннан әлдеқайда сұлу екендігіне таңырқап еді. Бетін сипаған қолдың сыртын алақанымен басқан. Сонда үлбіреп тұрған болатын. Анау екі асыл зат торсықтай тұғын. Ал қазір желі қашқан шардай болбырайды.

Шай дайын, – деген үздігіп. – Түс болып қалды.

Сол күні жас келіншек құлпырған қалпын бұзбаған. Жас күйеудің қысқа аралық тыста болып оралғанында да, боянып-таранып, анау ғажайып киіммен жатын бөлмеде қарсы алған. Содан кейін Санат, ол киімді әйелінің үстінен екінші қайтып көрген емес. Ол киімнің орнын сиықсыз халат пен салбыраған бірдеңелер басқан. Тіпті бара-бара ескіріп, күннен күнге неше түрлі сиқы кеткен қу шүберектерге алмасып отырған. Сол қу шүберекке оранған жары ас үйде қарсы алатынды шығарған. Шымылдық желпілдеткен алғашқы таңдағы анау құмарта қараған көз бен аялы алақанды, сұлу мүсінді он жыл бойы зарыға аңсап келеді. Тек жиын-тойларда ғана тотыдай түрленіп шыға келген әйелінің өзгелердің әйелінен кем емес екені есіне келіп шүкіршілік ететін. Және қатты қызғанатын. Тойдан қайтып келе жатқан жолында қолынан емірене қысып-қысып қоятын. Ондай мүсінді тек кешке жұмыстан келгенде ғана көруді армандайтын. Онысын әйеліне бірқанша рет ептеп жеткізіп те көрген, бірақ, қалайша екен, әйелі орындамады.

Басы ішіне ара толып алғандай шыңылдап әкетіп барады. Бір сәт ұн илеп жүрген әйелін қасына шақырып алғысы келді, бірақ ішінде жүрген қыжылы жібермеді.

Қатын, – деді айғайлап. Жаным дегісі келіп еді, аузы бармады. – Келші бері!

– Әйелі жүгіріп жетті.

Дәрі ішпесем болатын емес. – Әйелі екі сөзге келместен, бас ауырғанның дәрісін дайындап үлгерді. Қай жерің деп те сұраған жоқ.

Қызуым көтеріліп тұрған сияқты. – Әйелі маңдайын ұстады. Маңдайдан сырғыған қол бетін сипап өтті. Алғашқы кездегі бетін сипағанын есіне түсірді, бірақ ондай әсер қалдырмады. Қайыстай қатпыш алақан бетін түрпідей тырнап өтті. Алғашқы ләззатты шақты есіне түсірмек болып бетін сипаған алақанның сыртын ұстап еді. Мамықтай қол қатқан тарамыстай сіңірлене қалыпты. Санаттың жүрегі түршігіп кетті.

Қолыңа не болған?

Не болғаны қалай?

Қайыршының қолындай қап-қатты ғой!

Көмірдікі ғой! От жаққан сайын қолыммен ұстаймын. Көмір қолды қатты тоздырады екен. Күн жылына бере қалпына келеді. Маған бір қысқаш пен қолғап әкеп берші деп қыстай қақсадым ғой! – Санат «қайыршының қолындай қап-қатты ғой»! – деген әлгі сөзіне опық жеп, әйелін аяп кетті.

Менің белім ауырып жатыр, уқалап берші! – Әйелі уқалай бастады. Санат ұйықтап бара жатыр еді, әйелі оятып жіберді.

Тұр, тамағыңды жылытып қойдым. – Шашы дудыраған әйелін палатадағы операциядан жаңа шыққан науқас әйелдерге ұқсатты.

Ішпеймін.

Шынымен ішпейсің бе?

Жоқ, ішпеймін. – Әйелі ас үйге беттеді. Санат бала кезінде үйіндегілермен ренжісіп қалғанда, неше күн бойы нәр татпай қоятын. Сол кезде шешесі: «өкпешілдің қарны тоқ» деуші еді. Сол мақалдың шындығына бүгін көзі жете бастады. Көзіне ұйқы тығылып, тынысы тарылып ұйықтап бара жатты.

Ояна сала, аздап ми жүгіртіп барып, қайда жатқанын есіне түсірді. Мұның таңғы ұйқы емес, бір сәттік жайсыз құс ұйқы екенін аңдады. Әйелі бауырсақ пісіріп жатыр екен. Қоңырсыған иісі үйдің ішін алып кетіпті. Көзін ашытып, қолқасын қапты. Санаттың көзіне қан толып кеткендей болды.

Әй, қатын, әй, қатын, деймін!

Не?

Жатсаңшы, маза бермедің ғой!?

Аз қалды.

Жат, тез. – Дауысы зілді шықты. – Түн баласы жатпай жүріп алатының не осы? Ертең маған жұмыс қой.

Міне болдым. – Әйелі газды өшіріп жатын бөлмеге кіріп кетті. Бауырсақ пісті ме, жоқ шала қалды ма? Ол жағы Санатқа беймәлім күйінде қалды. Әйелі ол ойлағандай Санаттың қасына келіп жата кетпеді, орныңа барып ұйықташы демеді, қолынан тартқылаған да жоқ. Осында жата бересің бе деп те сұрамады. Тым болмаса көрпе әкеліп те бермеді. Тек жатын бөлмеге кірді де, шешініп, жеңіл киіммен көрпеге сүңгіп тез ақ ұйқыға кетті. Егер «жаным, жүрші, жатайықшы» деп қолынан жетелегенде Санат өзегін қарыған барлық қыжылды ұмытып, жас балаша далбақтап ере жөнелетін еді. Қасына кеп жатқанда да майдай еритіні сөзсіз. Өзін «ит мұжыған тулақтай» сезінді.

Көз алдына бауырсақ елестеп, жүрегі айныды. Осының бауырсақ жыны бар ма қалай, неменеге бауырсақ пісіре береді екен? – деп ойлады. Жесең өтіңді ғыжылдатады. Онсыз да майлы тамақтан көз аша алмаймыз. Тамақ көп, бауырсақ не керек. Маған істеген қастығы ма екен. Осы қатын барып тұрған қастықшыл болып жүрмесін.

Әр жолы Санаттың сумкасын бауырсаққа сықитып жіберетін. Сонда қызметкерлер арасындағы түскі дастарқан басындағы әңгіменің кей желісі Санаттың әйелі пісірген бауырсақтың дәмділігіне араналатын. Көп-көп алғыстар мен ақ тілектер айтылатын.

Мынаны кім пісірген, – дейтін бөгде келіншектер таңданып.Санаттың әйелі дейтін тегіс шу етіп. Неткен бақыттысың дейтін анау таңданып.

Несі бақыт?!

Мынадай бауырсақ пен шай ішіп жүрген сен бақытты болмағанда кім бақытты болушы еді.

Мен жемеймін деген. Ал анау басын шайқаған.

Ол енді мынау ғаламатқа қайран қалған пішінде, жатын бөлмеге телмірді де жатты. Бет терісі бырысып, жылап уанған адамның кейіпінде қарады. Әйелі аяздан келгендей қымтанып алыпты. Көрпе жамылмай-ақ қойса несі кетеді екен деп ойлады. Әшейін іш киіммен жата кетсе де болатын еді ғой! Әнеу қызыл түстісі жарасатын еді. Шымылдық желпілдеткен алғашқы түннен бергі, «бақандай он жыл ішінде» жорық атаулыны, түнгі шабуылды Санат өзі бастап келеді. Бірде-бір рет әйелінің өзі біліп, шабуылға көшкенін көре алмай, аһ ұрып келеді. Егер олай болғанда неке төсегіндегі ғаламат жаңалық ретінде қабылдайтын еді. Тіпті қызық болары сөзсіз. Түннің әлдебір уағында Санат, от болып лапылдап, пыс-пыс етіп әйеліне өмешегі үзіле төніп жатады. Таң атып келе жатқанда әйелінің әлдебір жеріне жармасып жатады. Болмаса кез келген жеріне қолын жүгіртіп, сумақы иегіне біткен бес тал сақалын танауға тыға қояды. Тек шабуылдың қызған кезінде ғана әйелі өзінен асып түсетін де, тойымсыз пиғыл танытатын. Ашылған сәттерінде тіпті аршындай түсіп, шөлі қанбайтын да, Санат өзін қораш сезініп, кінәдән өзегі өртенетін. Өзінің еркектік қуатының бұдан да күшті, құралының бұдан да ірі болмағанына опық жейтін. Айыбы әйелінің бірде-бір рет шабуылдың білтесін тұтатпағаны еді. Сосын басталуы бір сарынды бұл шайқастар Санатқа мағынасыз сезіле бастаған. Уақыт өте келе, әйелін өзінің күңі ретінде қабылдауға дейін барған. Ұрғашыға қыры жоқ, әрдайым әйеліме адал болсам деп армандайтын, күнәдан пәк жігіт соңғы кезде қыз-келіншектермен тым шүйіркелесіп бара жатқанына, бойында қасынан өткен қыз-келіншектерге бұрылып бір қарамаса, іші кебетін әдет пайда болғанына бола қарадай үрейленіп жүрді.

Санаттың шарасыз жанары енді жатын бөлмеге қадалды. Әйелі ұйқыға кеткен. Санат бір сәт барсам ба екен деп, ойлады да, ол ойынан дереу жиренді. Өйткені енді қайтып алдымен әйелімнің көрпесін көтермеймін, енді қайтып алдымен шабуылға өтпеймін деп өз-өзіне серт берген тұғын. Гәп осында болып тұр. Және бұл серттің сәтті орындалып жатқанына да, бір айдың жүзі болған. Етбеттеп жатып, ұйықтай алмай қиналды. Мазасыз ой мен тәтті ұйқы қатар жарысып, бір-біріне жеңістік бермеді.

Санаттың есіне енді жұмысындағы мүсін қыз түсті. Алғаш көргенде ол қыз тауыстай таранып, терезеге көз тастап, мұңайып отырғандықтан Санаттың көзіне адамнан көрі мүсінге ұқсастау әсер қалдырған. Сосын Санат оны сыртынан мүсін қыз атайтын. Жұмыста ең ұзақ отыратын адам екеуі болғандықтан да әрнені шүйіркелесетін. Ортақ тақырыбы махаббат турасында еді.

Ағай, әйеліңізді бір көрсетсеңізші, – деген бірде мүсін қыз.

Суретін көріп жүрсің ғой!?

Ағай, сондай сұлу дейді ғой, қашан ертіп келесіз, ай жүзін бір көрейікші.

Үш баланы сүйретіп қалай келеді, көресің әлі деген.

Бірде мүсін қыздан:

Неге осы ел қатарлы көйлек кимейсің, – деп сұраған. Арада бірнеше күн өткен соң ол жұмысқа көйлекпен келген. Тобығына түсіп көлкілдеген ұзын көйлек өңін ашып тұрған.

Не болса да, шолақ көйлек кимедің бе, – деген Санат ыржалаңдап,

Маған шолақ көйлек киюге болмайды.

Е, неге аяғың оқтау сияқты ғой!

Гәп, басқада. – Сол күні Санат жерге түсіп кеткен қаламын алмақшы болып еңкейген. Қарсы алдында отырған мүсін қыз ұзын көйлегінің етегін дізесіне дейін көтеріп алыпты. Сол кезде оқыс көз тоқтатқан. Балтырының тамырлары білеу-білеу боп адырайып тұр екен. Қысқа көйлек кимеу себебін сонда түсінген. Ал анау шектелген қуыстағы бір жапырақ ақ шүберекке көзі түскенде денесі дір ете түскен. Содан бері бір сезім сол қызға итермелейтін болып жүр.

Ағай, сізге бірдеңе айтсам ренжисіз бе, – деген тағы бірде қутыңдап. Бір ғана мініңізді айтайын.

Түк те ренжімеймін.

Сол жақ танауыңыздың ішінен ылғи да бір тал қылшық қылтиып тұрады.

А...

Сәніңізді де сол бұзып тұр, әйтпесе жігіт біткеннің серкесісіз. – Сосын әппақ қолымен айна ұсынған.

Мінекиіңіз. – Айнадан көзі оттай жайнаған өзінің сұлу кескінін көрген. Айыбы сол жақ танауының ішінен расында бір тал қылшық ерапайсыз қылтиып, бір жағына иіріліп алыпты. Отыз қанша жылдық өмірінде, айна алдында сыланған, мұртын күзеген, тіпті кейде қыздар сияқты қасын ептеп қырған қаншама жылдардан бері байқамағанына таңданды. Көңілін бұлт бүркей қалды. Жұлып алмақшы болып еді, жұла алмады. Мұрны дыз етті. Тұмсықтан жеген иттей, басын ішіне тарта қойды. Көзі жасаурап кетті. Мүсін қыз кішкентай ғана қайшы дайындап тұр екен, сонымен қырқа қойды.

Әйеліңіз айтпаған ба, қарамай ма тегі? – деді. Санат жақ аша алмады. Жүрегіндегі әйеліне деген шексіз сүйіспеншілік жасырынған құпия мекенге, иненің жасуын дай ғана мұз түйіршігі пайда болды. Артынша ол түйіршік біртіндеп ұлғайып бара жатқандай сезілді. Қайта мүсін қызға жүрегі жылитынды шығарды. Сол күні кеште әлгі қылшықтың өтеуі ретінде оны театрға апарған. Қатарласа жүріп, қыз білегі қолтығына оралғанда жұмыр жүрек денесінің әрбір жерінде тыным таппай тулап жүргендей болған. Сол күні ол қыздың өзіне кет ары емес екенін байқаған. Қыз жанының жомарт екенін де естіген. Бірақ көбелек сезім қонақ таба алмай жүрген.

Ақыры мүсін қызға хат жолдады.

Жаным.

Не боп қалды.

Ұйқым келмеді.

Не үшін?

Білмеймін.

Әйелің ше?

Теңкиіп ұйықтап жатыр.

Жақсы екен.

Кекетпеші!

Неге ренжисің?

Өзің не қылып жатырсың?

Көзім енді ілініп бара жатыр еді.

Киімшең бе әлде тыр жалаңаш жатырсың ба?

Талтайып жатырмын.

Қасыңа барып талтая кетсем қалай болады?

Әйелің мәңгі жинай алмайтындай етіп, шатыңды айырып жібермей ме?

Мен одан қорықпаймын.

Қорықпасаң кел онда. Жарты сағатта жетпесең кіргізбеймін.

Санат орнынан тұрып, жатын бөлмеге кірді. Әйелін оятты. Әйелі бір ауық ұйқысын аша алмай, бет-ауызын быржитып қойып, басын көтеріп бір орнында отыра берді. Жарықтан ұялған көзін Санатқа қадап:

Жүрегім алағызып тұрғаны, сағат екі болайын депті ғой, – деді.

Сағат екі болса жүрегің алағызушы ма еді? Жай боп кетіпті, неге ұйықтамағансың дегенім ғой! Шәй қояйын ба? – Санат жауап қайтармады. Әйелі жастыққа қайта бас қойды. Санат тағы жұлқылады.

Тұршы сөзім бар.

Айта бер, ояумын. Осылай тыңдай берейінші.

Қырыспай тұршы. Ер адам бірдеңе айтқанда қырыспай тыңдау керек. – Әйелі басын көтерді.

Сен менің сол жақ танауымның ішінен қылтиып тұратын қылшық туралы неге айтпағансың.

Не?

Он жылдан бері неге айтпағансың деймін?

...

Мен кеттім.

Қайда? – Дауысы бейне шошынған адамдай, жарықшақтана шықты.

Комиссия келе жатыр. Ертең түнде де келмей қалуым мүмкін.

Есікті іліп ал!

Әйелі орнынан тұрып, артынан ілбіді. Үстіне пальтосын жапты. Қолына машинасының кілтін ұстатты. Әлгі өзі дайындаған тамақты сумкасына салып жатыр еді, Санат салдырмады. Есікті іліп жатып машинаның оталғанын естіді. Орнына қайта жатқанда машина қозғалып бара жатты.

Санат сол кеткеннен үш күннен соң бірақ оралды. Есіктен кіре қанталаған көзімен әйеліне үрке қараған. Бойынан ет ұрлаған иттей бөгде қылық байқалған. Тұнық көзі тұманданып, лайланып алыпты. Ол осы үш күн ішінде күнәға белшесінен батты. Сол үш күн ішінде әйелінің өзін, тотыдай түрленіп, есіктің алдында сарыла күткенін білген жоқ. Есіктен кірген жерден әйелі оның денесінен мүңкіген бөтен әйелдің иісін сезіп, терезені ашты. Түнде жатқанда оның майкасынан бөтен әйелдің үш тал жирен шашын тауып алды. Ол қорылдап тұрып ұйықтаған еді. Аңқау байқұс сақтықты үйренбепті. Әйелі оның қалта телефонындағы әлгі хаттарды түгел оқыды. Тіпті кейбір ұятсыз суреттерді де көрді. Оларды бір-бірлеп өшірді. Сосын сұңқылдап ұзақ жылады.

Күндер өтіп жатты. Бұдан кейін де әйелі, Санатты ас үйден күтетін әдетін өзгерткен жоқ.

Алматы, 2013 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар