Астанада екі күн қатарынан дүркіреп өткен «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форум да өз мәресіне жетті. 1973 жылы Жазушылар одағының ұйымдастыруымен Алматыда өткен Азия және Африка жазушыларының V конференциясынан кейін араға 45 жыл салып ұйымдастырылып отыр мұндай ауқымды шара. Бұл, әрине, Жазушылар одағы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тізе қоса әрекет етуінің нәтижесі деуге болады. Форум аясында 50-ден астам елден келген жүздеген қаламгер Қазақстанға табан тіреп, қазақ ақын-жазушыларымен үзеңгі қағыстыра отырып, әлемнің ортақ мәселелерін ортаға салып, жан-жақты талқылады.
Айтулы шараның алғашқы күнінде Тәуелсіздік сарайында «Адамзат. Шексіздік. Мәңгілік» тақырыбында үш бөлімнен тұратын пленарлық отырыс өтті. Оған Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет модераторлық етіп, түрлі елдерден келген беделді қаламгерлер баяндама жасады. Атап айтар болсақ, пленарлық отырыстың «Әдебиет және жаһандық мәселелер» деп аталған бірінші бөлімінде Иран жазушылары қауымдастығының төрағасы Хади Саеди Киасари «Заманауи әдебиет: Өркениеттер қақтығысындағы адам мәселесі» деген тақырыпта баяндама жасап, қазіргі жаһандану заманындағы адам жанының өзгерістері мен бұлтарыстары туралы тұщымды ойларымен бөліссе, Әзірбайжан Республикасының беделді жазушысы Юнус Оғуз «Әлем қауіпсіздігі және әдебиеттің рөлі», Моңғолияның белгілі ақыны Гун-Аажавын Аюурзана «Әдебиет трансформациясы, жанрлар бәсекесі», ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Төлен Әбдік «Жаңа замандағы қаламгер тағдыры» деген тақырыптарды қаузады, ал публицист-саясаттанушы Расул Жұмалы «Әдебиет және идеология: мемлекеттің рөлі» тақырыбында өз ойларымен бөлісті.
Оның айтуынша, уақыт өткен сайын әдебиетте заман талабына сай тақырыптар мен кейіпкерлердің ерекшеліктері, әдістер және тағы басқалары өзгеруі мүмкін. Дегенмен, негізгі міндетінен ауытқымай әдебиет тарихтың кез келген сәтінде сұранысқа ие болып қала бермек.
«Тиісінше, 21 ғасырдың әдебиеті немен ерекшелінуі керек? Ол қандай сұрақтарға жауап беруі керек? 50-100 жылдан кейін қандай әдебиеттер оқылмақ? Ертеңгі классиктер кім болмақ? Ғасырлар бойы әдебиет адамның ойын жеткізуші, адалдыққа үндеу жасаушы жалғыз платформа болды десек артық айтпағандық», - деп атап өтті Расул Жұмалы.
Дегенмен, саясаттанушы бүгінде әдебиеттің ағартушылық, тәрбиелік мәні бұрынғыдай айқын емес екендігін де алға тартты. Оның орнын көп жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары басып келе жатыр деген ойымен де бөлісті.
«Тиісінше, жазушылар мен ақындарды қолдау төмендеп келе жатқаны тағы бар. Сондықтан болар 20 ғасырдан бүгінгі заман әдебиетінің айырмашылығы - жазушылардың ықпалы төмендеді. Сөзсіз «авторитет» саналған көркем сөз иелеріне қатысты ұлттың ар-ожданы деген анықтама бұрынғыдай естілмейді. Хемингуей, Бродский, Әуезов, Айтматов, Гамзатов секілді алыптар азайды. Бұл жағымды құбылыс па, керісінше ме, әркім өзі шешсін», - деді Расул Жұмалы.
Саясаттанушының пайымынша, қазіргі заманғы әдебиеттің ендігі ерекшелігі - уақыттың күрт тығыздалуы. Тиісінше ірі поэмалар мен көптомды романдар дәуірі біртіндеп өтіп барады. Алдыңғы шепке повестер немесе әңгімелерге негізделген шығармалар шығуда. Кейбір жағдайларда классиктердің туындылары қысқартылған нұсқаларда шығуда.
Ал моңғолиялық ақын Г. Аюурзана өз кезегінде: «Қазір біздің уақыт жарыс көлігінің жылдамдығымен зымырап келеді. Сондықтан да көптеген дүниелердің, әсіресе әдебиеттің өзгеруі бізді таңғалдыруда. Қазір «әлем әдебиеті үдерістері», «заманауи әдеби жанрлар», «жаңа поэзия» туралы сенімділікпен ешнәрсе айта алмайтын күйге түстік. Бұрын кез келген университеттің профессоры осы тақырыптарға арналған лекцияларын бірнеше семестр бойы түк өзгертпей, дәрісін бере беретін. Бірақ қазіргі тенденция күн санап өзгеріп жатыр, жанрлар тұрақты анықтамасынан ада қалды. Қазіргі заманғы поэзияда қайсысы - өлең, қайсысы – былшыл екенін ешкім ажыратып жатқан жоқ. Оқырман талғамнан, автор стильден айырылды», - деп атап өтті.
Оның айтуынша, бүгінде жанр бұрынғы анықтамасында қалды ма, жоқ па деген мәселе туындап отыр. «Бізде жанр қалған жоқ. Бірақ оны «жоғалту» деуге келмейді. Өйткені әдебиет жанр деген қасаң анықтамалар секілді түрлі шектеулерден арылып, нағыз үдеріске айналды деген сөз. Сондықтан ендігі кезекте теория сын мен әдебиеттану мүлдем басқа зерттеу фокусын іздейтін шығар. Бұл үдеріс бүгін де жалғасып жатыр. Бұл – қазіргі әдебиеттің ең маңызды трансформациясы», - деді Г. Аюурзана.
Белгілі ақын Мейірхан Ақдәулет өз кезегінде қазіргі әдебиетті дамытудағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызын атап өтті. «Біз бүгін билікке ренжиміз, ал кешегі кеңес билігі тұсында жаңбыр-жаңбырдың арасында жүріп әдебиетті әдемі көтердік емес пе? Ал бүгін «рухани жаңғыру» бағдарламасын барынша пайдаланайық. Сөйтіп, әдебиеттің жауапкершілігін күшейтейік. Әдебиетке дарынды жастар келе жатыр, бірін білсек, бірін білмейміз. Себебі, бір-бірімізді оқымаймыз, ал бізге бірінші кезекте рухани бірлік, рухани сүйеніш керек, әркім қолынан келгенін жазсын да халыққа ұсынсын. Басымыз бір, сөзіміз салмақты болса, кез келген патша бізбен санасады», - деді ол.
Сонымен қатар, жиын соңында қаламгерлер жарыссөзге түсіп, түрлі пікірлермен алмасты. Қазақстан жазушыларымен қатар, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Латвия, Моңғолия, Молдова, Мажарстан елдерінен келген делегаттар сөз сөйледі.
Форумның екінші күнінде, яғни 21 қыркүйекте «Hilton Garden Inn Astana» қонақүйінде «Жаңа заман поэзиясы», «Жаңа заман прозасы», «Драматургияның өзекті мәселелері», «Қазіргі заманғы аударма ісінің хал-ахуалы» сынды секцияларға бөлінген қаламгерлер Қазақстандағы және басқа елдердегі үдерістермен бөлісіп, күрмеуі қиын мәселелерді шешу жолдарын бірлесіп іздеді.
Adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.