Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Евгений Кочетов. Әдемі тымақты қаһарман...

27.02.2018 10428

Евгений Кочетов. Әдемі тымақты қаһарман

Евгений Кочетов. Әдемі тымақты қаһарман - adebiportal.kz

Бұл хатта жазылған оқиға сонау өткен ғасырдың 40-жылдары Қазақстанды мекен қылған мыңдаған неміс отбасыларына етене таныс. Дегенмен, бұл хат жекелей бір отбасының тарихына арналмаған да болып көрінуі мүмкін. Басты қаһарманның есімі маған белгісіз, әрі мұны білу мүмкін де емес шығар, бәлкім. Менің білетінім, сол бір сұрапыл жылдарда қазақ даласына келген әрбір отбасының ондаған жанды өлімнен арашалап қалған сондай өз кейіпкері болғандығын анық білемін. Бұл хат дәл сондай ізгі кейіпкерлерге арнап жазылған.

Менің әжем Ольга Лехнер Еділ бойында өмір сүретін немістерді жаппай жер аудару туралы хабарды естігенде тіпті кішкентай сәби екен. Үлкен неміс отбасы өз үйлерін 24 сағаттың ішінде тастап шығуы тиіс болыпты. Мұнда өзімен бірге ең құнды деген заттарды ғана алуы тиіс болған. Бұл құнды заттардың көлемі бір чемоданнан аспауы керек деген шектеу бар. Ал бір отбасына тек үш чемоданмен ғана жолға шығуға рұқсат етілген.

Өзінің туған жерінен қылмыскерлер сияқты түн ішінде безіп бара жатқан, өз үйін, шаруашылығын, малдары мен үйдегі керек-жарақтарын еріксіз тастап кетіп бара жатқан адамдардың сол сәтте не ойлағандарын білу қиын әрине.

Тіпті «қашып кету» дегеннің өзі ерлікпен пара-пар еді. Бір тәуліктің ішінде өз дүние-мүліктерін жинап үлгермей аз-мұз айналшақтап қалған адамдарды НКВД қызметкерлері алып кететін болған. Ал өз үйлерін тастап кеткісі келмегендерді оп-оңай атып тастай салған екен. «Германиядан неміс диверсанттары мен тыңшыларының нұсқауымен бағытталған диверсиялық актілер жүргізілген жағдайда және қантөгіс болатын болса, Еділ бойы немістері республикасы мен оған жалғас аудандарда Кеңес үкіметі әскери уақыт заңы бойынша Еділ бойының барша неміс тұрғындары үшін жазалау шараларын мәжбүрлі түрде қолдануға тура келеді», - деген КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығы бұған толық құқық беріп қойған болатын.

Лехнер отбасы қарсылық көрсеткен жоқ, толық құраммен жаңа өмірін қарсы алу үшін аттанып кетті. Бірақ бұдан аман қалғандарды тағы бірсынақ күтіп тұрған еді. Вагондар мүлде жетпейтін жағдай болғандықтан, адамдарды төбесін баумен шырмап, астына адамдарды нығыздай толтырып, жүк вагондарымен тасыды Олардың айтқан әңгімесінен есімде қалғаны, орынның тығыз болғандығы сондай, кішкентай бала әрең дегенде отыратын орын шыққан екен. Ал үлкендер үшін ондай әңгіме болуы да мүмкін емес еді, олардың тікесінен тұруға төзулеріне тура келген.

Адамдар бұл тозақ жағдайына сұрапыл аяз бен ине шаншар жер жоқ тығыздыққа төзе алмапты, қаншама ғұмырлар жол үстінде кетіп бара жатып қиыла беріпті. Өлгендер өте көп болыпты.

Менің әжемді барша отбасымен бірге Өзбекстанға қарай жөнелтіпті. Дәл осы жерде олар үшін арнайы қоныс әзірленген екен. Бірақ Лехнер отбасы Өзбекстанға дейін жетпепті.

Пойыз дүркін-дүркін ұзақ аялдама жасап келе жатады. Су мен тамақ алу үшін және аурулар мен өлгендерді шығару керек еді. Осылайша келе жатқанда бір аялдамадан ашық тауар вагонына сақалды, бойшаң ер адам үңіліп қарап жүріпті. Ол он отбасын қабылдай алатынын айтады. Олар үшін баспана мен жұмыс бере алады екен.

Менің туысқандарымның айтуынша, әлгі ер адам есікті ашып қалғанда, осы станцияға бірден түсіп қалғылары келіпті. Оның себебі, әжемнің айтуынша, әлгі кісінің басында күн астында аязбан шағылысқан, өте әдемі, әрі үлкен тері тымағы болған екен. Тымақтың оларға соншалықты ұнағаны сондай, Өзбекстанға жетпестен, осы жерде түсіп қалу туралы шешім қабылданыпты.

Осыдан әлденеше жылдар өткен соң, сол пойызбен Өзбекстанға бет түзеген отбасылардың тағдыры туралы сұрастырғанда, азғана адам ғана діттеген жерге жеткенін білдік. Жолда пойыз боранға ұрынып, жол жабылып қалғандықтан, адамдар сақылдаған аязға шыдамай қаза тапқан екен.

Ал менің әжем Ольга әлгі бейтаныс ер адам мен оның әдемі тымағының арқасында тірі қалыпты.

Бұл тымақтың малақай екенін мен кейін білдім. Ал, олар түсіп қалған бекет – қазіргі Ақмола облысындағы белгілі Ақкөл атымен танымал, бұрынғы «Алексеевка» екен. Айтпақшы, әлгі он неміс отбасы қазіргі күні бүкіл елімізге танымал Ақкөл сүт фабрикасы салынып қалыптасуы жолында белсенді еңбек етіпті.

Ал сол бір қызыл тымақты адамның атын білу – қазірде мүмкін емес. Оған менің отбасымды анық өлімнен құтқарып қалғандығы үшін шын ниеттен алғыс айтуыма да мүмкіндік жоқ. Мен тіпті ол адамның бұл өмірде бар-жоғын да білмеймін. Бірақ та менің бұл өмірге келуім – сол адамның арқасында екені – бұл нақ айқын факт. Себебі, менің әжем мен атам дәл осы Ақкөлде танысып, табысып, отбасын құрған екен.

Мейлі, қаһарманның есімі белгісіз болып қала берсін, бірақ мен кейіннен Қазақстанды өзінің туған үйі еткен мың-мыңдаған адамды көлденең келген ажалдан құтқарып қалған барша ақниет жандарға алғысымды білдіремін. Осындай адамдардың арқасында біз осы өмірде бармыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар