Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ислам Қосжан. Өзіме-өзім хат жазам

30.03.2022 1177

Ислам Қосжан. Өзіме-өзім хат жазам 12+

Ислам Қосжан. Өзіме-өзім  хат  жазам - adebiportal.kz

Белгісіз нүктеден от алып...

Кең дүниеге аттаған.

Өзіме - өзім оралып,

Хат жазам.

Сап - сары – шоқтабан!

Сүр майдай сақтаған...

Оқылмай қалған бір кітапқа ұқсаған.

Қан сіңген тамырдай,

Әріптер қозғала бастаған,

Өзіме – өзім хат жазам.

Басқадан,

Сырымды айтуға жасқанам.

Оңаша, Айлы түн, сүт піскен...

Өзіме хат жазам.

Таңғы ауа секілді тұнықтай,

Алғашқы аққардай,

Әлі ешкім аяғын баспаған.

Жетінші құрылықтай,

Әлі ешкім ашпаған.

Өзіме хат жазам!

Менің жолым

Кейде мен...
Бір жұмбақ күйге енем,
Жолдармен жүремін,
Ешкім де жүрмеген...
Түнге де сыр айтам мүлгіген,
От тасып, шоқ басып, елестер билеген.
Басқа жол бұл деген,
Трінің табаны тимеген.
Сәулелер тазартқан, бұл жолды кірлеген.
Ол жолдар барады бір биік, бір төмен.
Қиыршық тасы жоқ –
Ақ нұрға илеген.
Ағыс боп ағады,
Шамшырақ жер беті –
Осы ғой "Мың бір түн" деген...
Уақыттың жүрегін қозғаған,

Еріні кебірсіп тұрады, ешкімді сүймеген.
Арбакеш мен едім, сол жолмен,
Өлеңнің арбасын сүйреген.

Егеменді көктемім

Көп жыл күткен...

Көктемнің келгені анық,

Шаттығым тұр жаңбырдай селдеп ағып.

Ашсам болды аузымды жыр ағады,

Жүрегіме алғандай перне тағып.

Жаңа Айдың сәулес көлде жанып,

Жусан иісі сіңеді желге барып.

Қаулап өскен мен дедім,

Бәйтерекпін,

Әуелі шөлдеп алып.

Жинап алған,

Жылуын нұр ағыстан,

Желбіреген туымда қыран ұшқан!

Болмайды екен,

Жастың да кермек дәмі,

Көзден ақса,

Қуаныштан.

Ана тұста дүмпулер...

Мына тұстан,

Хабар келді,

Шыққанда жаңа қыстан.

Әнін айттым,

Шәмшінің жүректі ұстап,

Осы – деді Періштем,

Қазақстан!

Қисық сызық

Ақынға бақыт пен тақыт бұйырмаған...

Баспадан әлі шықпаған,

Жазылмай қалған кітаптан.

Күз келіп, жанын ұқпаған,

Тамырлар тамады, жапырақ – бұтақтан.

Бөлтірік өлеңдер... емуге таласқан,

Көздері от шашып жанады.

Жол таппай кеңдікте адасқан,

Бұлттардай шаңытып барады.

Өлеңдер тіркесіп жалғанған,

Шынжырдай,

Кетердей... үзіліп.

Сәл затқа баладай алданған,

Көңілде бір күдік, бір үміт.

Озалда қалған қағылып... барлық жүлдеден,

Шаңы жоқ «төрт ешкі»... айдаған, қарасаң.

Жарысқа түспей-ақ, (кімменен?..)

Өкпең өшкенше,

Марафон!

Теңізге кел сен

Теңізге кел сен,

Керемет,

Тасты да қатқан тербейді.

Толқынды қойған сөрелеп,

Төменге түскің келмейді.

Жағаға кел сен,

Жағада,

Толқынның зерден шашағы.

Ақ гүлдей аппақ шағала,

Қауызын көкте ашады.

Аспан көк,

Тұтас жер де көк,

Ғұмыр саз үні сырнайлы.

Толқындай толқып төңірек,

Сұлулық жайлы жырлайды.

Таппайсың іздеп бір қылау,

Теңізге Ай жүр гүл егіп.

Моншақтар таққан түн мынау,

Жартасқа отыр сүйеніп.

Тамбаса аспан көгінен,

Құйылып жатыр ән қайдан?!

Күздегі желдің демінен,

Жапырақ – толқын сарғайған.

Толқынның демі тым ыстық,

Ораған түнге білегін...

Мүлгіген түнгі тыныштық,

Сүйейді тасқа иегін.

Айтылар жұмбақ, сыры – мұң ,

Жұлдыздар түнге жасырған.

Ай тарап түнде бұрымын,

Толқынның мойнына асылған.

...Сол түнде үнсіз келемін,

Бір ойды бір ой қозғаған...

Алыста жүрген кеменің,

Түйедей үні боздаған.

Үн

Шырақтың жарық болғаны қандай,

Түнеріп тұрса қайтер ең?..

Ұққанға жанның айтары бардай...

Теңізде жүрген ой – кемең.

Айтатын сөзді айтып қалу,
Ол да болар өз үнің.
Ішке үңіліп қайтып бару,
Ол енді... ойлы сезімің.

Өткен өмірің – басқа мұң,

Мезгілсіз жүрек тулайды.

Жазатын өмір дастанын,

Өлең де оңай тумайды.

Басыңнан шығып жатады,

Күмәнді ойлар тізбегі.

Бұзылмай жырдың мақамы,

Қағазда қалар іздері.

Болмаса екен бөтен ой...

Көргендей әр зат өз күнін.

Бәрінен биік екен ғой,

Ішіңнен шыққан өз үнің!

Кісен ашқан

I

Ақындықтың жүгі ауыр, қара батпан,

Бір парақтың ішінде бара жатқан...

Кезіктің маған беймезгіл,

Жүрегім, қалай жүремін?!.

Тосыннан ауып келген жыр,

Табар ма екен түн – емін?!

Жоғалтпай...

Іздеп жоғыңды,

Жоғымды таптым демедім.

Мазалай берер жаныңды,

Білмейсің тағы, себебін.

Көп жылап... сосын, көп күлші,

Маңдайдан оны көремін.

Жаңбырдай жауып – өткінші,

Қаптайды бұлттай неге мұң?!

Жұмақ па?.. тағы, бақыр бақ,

Төрт өрім қамшы өремін.

Парақта тұрған қопырап,

О, менің туған өлеңім!

II

Мен сені таба алмай жүр дейді,

Табылмас... жұмбақ қой.

Тек олар білмейді,

Айтары біржақты ой.

Мен сені іздеп жүр деседі,

Өкпесі қазандай.

Біреудің айтқан ол өсегі,

Тек жүрмін... жаза алмай.

Мен сені күтіп жүр демей көр,

Ол рас, күткенім?!.

Әруағы өлеңнің жебей бер,

Үмітті едім?!.

Жүргені табылмай,

Бір сәтке... келгені жетеді.

Содан соң...

Үзілген жаныңдай,

Шығып кетеді!..

Күз демі

Құр жерге тимей табаны,

Жапырақ желмен ағады...

Бұлттардың батып түбіне,

Жұлдыздар Аймен тоңады.

Салқындық билеп саналы,

Жапырақ – пілте, жанады.

Бұлттар да суық жел үріп,

Басына Күннің қонады.

Шымшылып өтер бетіңді,

Желі де өткір, өтімді.

Қыркүйек үнсіз қоштасып,

Қия алмай тұрған секілді.

Сарыға көк түс өзгерсе,

Ауа да дымқыл, сыз берсе.

Жаңбыры бұлттың – көз жасы,

Жабырқай берген күз келсе...

Өткеннен күдер үзгелі,

Көрмедік екен біз нені?!.

Мазаны алып бекерге.

Қосқандай ащы, шекерге.

Күз демі!..

Соңғы нүкте

Бәрі кеш...

Шегін, шегінбе,

Жүрістің шаңы көңілде...

Қуанып келіп, өкпелеп,

Кетесің,

Мына өмір не?!.

Сол жүріс...

Адасқан қажетті жерінде,

Иелік жоқтай сенімге...

Жылап ап... жылап кетесің,

Мына өмірге!

Жұлдыз аққанда көгінде,

Соңғы нүктедей кебінде...

Біреулер келіп, біреулер кетіп барады,

Базарлы, мына өмірде.

Ай бетіндегі сызық

Барға жоқтай, елең етпей, –

Жоққа бардай ақтарылу.

Өмір сүру – көбелектей,

Жанып жатқан отқа бару.

Жүруіңе себеп таппай,

Шаршағаны жанның онда.

Жүрегіңе сенім батпай,

Жүргені тек... соның олжа!

Көру деген көз керкі ме,

Жалын шығар сезім берген?!.

Жібермесе ізді еркіне,

Елес шығар көз ілмеген.

Жүру үшін бағыт керек,

Қозғалыста – өмір деді.

Қараңғыға жарық себеп,

Бір-бірінен бөлінеді.

Ағыстарға қарсы ақпасаң,

Өзді-өзінен қылық бастар...

Дүниеден алшақтасаң,

Өмір онда сызып тастар.

Келші, беттен сүйейін

I

Не деген өмір?!

Желкен еді...

Жел қайықпен мен келем!

Толқын да тербеледі,

Мен де теңселем!

Не деген өмір?!

Көркем еді...

Жаныммен сезем.

Жансам – өртенем,

Жақпасаң – сөнем!

Не деген өмір?!

Еркем еді...

Ұнатам деген!

Сүйсем – өлтіреді,

Сүймесем – өлем.

Не деген өмір?!

Шер төгеді...

Бір күрсіну, бір күлу.

Сүйсе ғой мені өзіндей,

Ең керегі...

Жоққа – ұмтылу,

Барыңа – сенем!..

II

Не деген өмір?!

Тосындай...

Барасың өтіп шапқылап.

Күлуге қорқып қаттырақ,

Жүру де бақыт – бақ сұрап.

Не деген өмір?!

Жасындай...

Жалт ойнап өткен қасыңнан.

Жанар таулардай атылған,

Сөнген таулардай басылған.

Не деген өмір?!

Осындай...

Қашықтық ұзақ ғасырдай,

Уақыт...

Қас пен көздің арасындай.

Дәмі – балдай,

Құмарың өтер басылмай.

Ой

« ...Платон сен менің досымсың –

Шындық қымбат сенен де.»

I

Жел сөз бе?!.

Ол кезде оттай жанамын дегем,

Кітаптай беті қап-қалың неме.

Күтпеген ойдың азабын көрем,

Тосыннан келіп қаптады міне.

Келген басында білмей қалғасын,

Өтірікке шындай нанасың.

Салмағы ойдың зілдей қорғасын,

Көтеру қиын мұңның наласын.

Басыңа кіріп таптағасын,

Шайқаласың қаптаған ойдан.

Миыңды тізгіндеп ноқталағасын,

Ауытқып кетесің ақтабан жолдан!

Түс болып енеді көзіңді ілгесін,

Еркіндік бізде, ол қайдан болсын?..

Қиналған сәттер көңілде жүргесін,

Келіп, кетеді... бейне – жалған досың.

Ойды ой қуып, толғанта берер,

Мүмкін емес қой, қиялдан – бақ табу.

Жеке өзіңнің ойың болмаса егер,

Адам болу да арман – жоқ болу!

II

Нәр берем,

Өмірмен таласа,

Дегенмен!

Күзгі жапырақтай – уақыт тонаса.

Мен сені қорғаймын денеммен,

Жаным шыдаса!..

Бір кіріп кетсе...

Шығып кетуі қиын тездетіп,

Сезілмейді дыбысы,

Көрінбейді көзге түк.

Ұлықсат сұрап жатпайды дұрысы,

Ойлар жатады бірімен-бірі кездесіп.

Қылығын қалай айтсаң,

Батырып мұңға кетер ой?!.

Миың шаршағандай ауырлығын көтермей.

Тәттілігін айтсаң,

Шайға еріген шекердей.

Миыңда ойлар ну орманды мекендей,

Жұмбақ көп... бәрі бекердей.

Жаныңа жақын егіздей,

Тәніңе – аты,

Сенікі емес, бөтендей!

III

Жүргенмен іздеп бір емін,

Таппайды бір сәт жаның жай.

Тырс ете қалар жүрегің,

Ағаштың жанған шоғындай...

Осыны айтқан мен бе деп,

Сөз таппай кейде қаласың?!

Тұрасың сосын пенде боп...

От шықпай іштен жанасың.

Мың тұрып, мейлі мың құла,

Көңілге уақыт бөлмейді.

Кетсең де қалың ұйқыға,

Тыныштық тағы бермейді.

Сырыңды ішке бүгесің,

Қалмайды бірге қайда да.

Сүйрелеп алға жүресің,

Үмітің жалғыз – ой ғана!

IV

Ой...

Таңда, көктемнің гүліндей бүр жарады,

Хош исі, жұпары аңқыған билейді сананы.

Ит тұмсық өтпейтін ну тоғай ішінде,

Бас деген... Барсакелмес аралы!

Ой...

Мұздаған миыңда от болып жанады,

Қайнаған майданның қақтығыс алаңы.

Мый деген мұнара басынан маңайын шолады,

Ол – ойдың қамалы.

Ой...

Келгенде, жарқ етіп биіктен шырағы,

Күтпеген құдайы қонағы, төрлетіп төріңе шығады.

Жаңбырлы желіңдей ұйытқып бір соғады,

Жауап көп, одан көп сұрағы.

Ой...

Сан тарау тамырдай тарамы,

Сыйқырлы бояуы ашылған жоқ әлі.

Қанша том кітаптай адамның тағдырын жазады,

Сиясыз қаламы?!.

Мені іздемейтін өлең

Өзіңді жаным сағынған қандай,

Мен бұлай жанып, есілмес едім?!

Алыстан анау жағылған шамдай,

Бәрі де әлі есімде менің.

Мен көрсем де...

Жүрсем екен, сенің түспей көзіңе,

Жақындамай, жақсы көру ту сыртыңнан езіле.

Кейде өзімнен өзім алшақ жүремін,

Ұнау үшін өзіме.

Шым-шытырық көзің көрген (елес болып) іздер жүр...

Сыртымыздан бақылаушымыз қарап бізге сын көз тұр.

Басқалары тануы үшін барсың ба әл де, жоқсың ба,

Бар екенін «өзіңнің,»

Жүрген дұрыс тексеріліп бір мезгіл?!.

Қымбат жан бар… жоғыңнан да, барыңнан,

Іздемей-ақ, күндіз-түні сол – жаныңнан табылған.

Жақын жүріп алыс жандай көргеннен,

Ең сәтті шақ, ең тәтті шақ –

Алыс жүріп сағынған!

Күн ағып барады...

Сенбесең сұра,

Ағып барады,

Жоқ маза,

Бұрылуға бермей шама.

Сенбесең сұра,

Ағып барады,

Іздеп пана,

Күн батты жанып шала.

Сенбесең сұра,

Ағып барады,

О, тоба!

Таң атты осы ғана!

Сенбесең сұра,

Күн де жаңа.

Кірігіп тұрғаны,

Өмір де екі ара,

Бержағы ақ, аржағы қара!

Жапырақ жүрек

Келді көктем төркіндеп!

Ағаштағы бұтақтары, қан тамырдай бүлкілдеп.

Әр жапырақ – жүрек болып, тұр гүлдеп...

Көктем келді зер шашағы төгіліп,

Аспан – қыздың оянғаны секілді,

Таң алдында керіліп.

Келгендігі ертегідей, шын болса!

Көктемдегі әр жапырақ – бір тамшы,

Ағаштарда бүр жарса!

Көктем келді, дүние тұр бір сезімге беріліп,

Будақ-будақ бу шығарып аспанда,

Бұлттар жатыр төгіліп.

Көктем келді, аңыздардан, мысалы,

Жер Аспанға гүл ұсынып тұр әне...

Гүлге толып құшағы.

Көктем келіп, тастар – гүлдеп, беті мүк...

Жауған жауын тамшылар,

Билеп жатыр секіріп.

Көктем келді, көл жағалап құс қонса,

Қыс, Жаз, күзің – үш тумалас жігіттер!

Көктем деген – қыз болса!

Қонуға да жақынбыз, ұшып бара жатырмыз!

Қысқа болып күн тізбе, өлең сыйлап тұр бізге,

Көктем деген – ақын қыз!

Жазылмаған заң

Басқаға қарағандай?!.

Жоқ болып еш керегім!

Сезімді... орамалдай,

Маған деп кестеледің!..

Бар-жоғым саған бірдей,

Өтірік... кектенесің.

Басқаға шамаң келмей,

Тек маған өкпеледің.

Қоштаспай қала бердің,

Дұрысы... кетпегенім.

Мазамды ала келдің,

Неліктен, текке менің?!

Сәл затқа жылағандай,

Жасыңды төккен едің...

Сен мені сынағандай,

Ішіңнен... Кетпе дедің.

Суықтық сезілді ме,

Бұрылмай кеткен едің?!.

Сол үшін өзімді де,

Ішімнен... жек көремін!

Сезім

Бір сөніп, қайта бір жанып...

Жылылық отын үрлейсің.

Сезімнен жүрсең құр қалып,

Өмірдің өзін бімейсің.

Асудан асу асқанбыз,

Жетуге алда белеске!

Жұмаққа қарай басқан із...

Не деген толы күресеке?!.

Өмірдің жүзген төсінде,

Қайықпыз, сезім – желкендей!

Айналаң түгел көшірме,

Елесің қалған өртенбей.

Алданыш болып жеткенің,

Бәрін кеш біліп... ұғасың.

Өмірдің өтіп кеткенін –

Сезіммен сезіп тұрасың!..

Суыған дейсің сезім де,

Сезімсіз өмір – өмір ме?!

Жоқ деген күннің өзінде,

Ұшқыны тұрсын көзіңде!..

Сазындағы Шаһизада елесі

(досым Қаламқас Рзаханға)

Сіңіп кеткен ғасырлап желге, құмға.

Құлағыма мұңды әуен келеді бір,

Досым, бір сәт құлақ түр, сен де тыңда...

... Сен күлгенде Күн күлген, сүйкімдісің.

Табиғатта – адамның көшірмесі,

Сенен алған о, баста,

Күн – күлкісін.

Сенің сөзің бірі бал, шырын бірі.

Мойныңдағы моншағың –

Жақұт тастар,

Жұлдыздардың жиналған жиынтығы.

Пенде біткен бұл сырды қайдан ұқсын?!.

Терезеңді айқара ашып таста,

Сенің жұпар ауаңды Ай да жұтсын!

Намаздыгер. Намазшам. Кешкі бесін.

Келіп жеткен дәуірден сазды әуен,

Сәуленің де даусы бар естілетін.

Бар ғой, бар ғой... жоқ болса неге өшпеген?!.

Көктемеде, көк шөптей гүлдеп тұрар,

Шаһизада сазынан елес деген!

Аты жоқ өлең

Бола ма?!.

Пенденің жайын сұрама,

Бақытым қайда бір үзім?!.

Жерге түс, бірақ, құлама,

Аспанда тұрған жұлдызым.

Бәрі де тұман, қиялдай,

Елес боп қалған көп күннен.

Жүрмесең болды сүйе алмай,

Сүйуді ұрлап кеттім мен.

Селдетіп тұрған жауын бір,

Шөлдетіп тұрған сезім бұл,

Кеудені ұрған дауыл жыр,

Пенделік десең –

Оны да енді... өзің біл.

Түнгі шық

Оралсаң... шықтай іздеп бар,

Сағыныш – жанның орамы.

Елестеп көзге түнгі оттар...

Қиялдан асып брады.

Оралсаң, шықтай аңсап бар,

(Арманға толы сол сәттер!..)

Сыңғырлап тұрған моншақтар,

Сәл тиіп кетсе саусақтар.

Жаныңды қояр қозғап бір,

Аспаннан лағыл түскен тік.

Жарылып кете жаздап тұр,

Көзінен түннің піскен шық!

Еріні тиіп етіңе,

Елжіреп тұрған, елжіреп.

Суретің түсіп бетіне,

Мөлдірлік тұнған мөлдіреп!

Жапыраққа жайған бүршігін,

Не деген мынау мықтылық!..

Естисің жүрек дүрсілін,

Кішкентай шықтан тұп-тұнық!

Күту

Келер деп – күткен бақыт,

Мендегі төзім болар?!

Күтумен өткен уақыт –

Ұрланған сезім шығар.

Тосыннан сен келгенде,

Мінез күт тұнық көзден...

Сананы сенделгенде,

Сезім ғой жығып берген.

Көктем ғой сізде деймін,

Қонақ қой бізге келген...

Ешкімді іздемеймін,

Өлең ғой іздеп жүрген.

Сыр беріп дауыл күйім,

Болмайды бұрынғыдай.

Лапылдап жану қиын,

Одан да сөну оңай!..

Соңғы үміт шықшы жолға...

(Не қалды көнбегенде?!.)

Не болар бықсығанда,

Не қалар сөнбегенде?!.

Бір гүл бар –

Жүрек, кеудемде,

От боп жанады.

Алып кет сен кел де,

Күдерін үзген жоқ әлі!..

Жасау

Осы қыстан шықсам, дүрлене тездеп,

Кетемге кетемін, көктемді көздеп!..

Өзім де білемін анығын... ұқсам,

Ойлар ғана ма?.. мазалаған,

Айтылар сөз көп!..

Ағаштың мойында,

Көк мойнақ – тізбек,

Көктемде жүремін мен сені іздеп.

Олар көктемнің жүрегі, дау жоқ,

Олар айтады көктем деген – біз деп...

Көк жапырақтай бір-бір тамшы...

Сен де көктемсің –

Жаңбыр жаушы.

Аспанда бұлттар бүршіктеп тұрғандай,

Алыстан естіліп – тамшының даусы.

Жылылық іздедік...

Қыстада да қардан,

Үмітті үзбедік жалғап, үзіліп қалған.

Сұлулық деген сұсты болады екен,

Қалғаны, өмірде – жалған!..

Ой салып өткен... шекер күндерге,

Көздеген мақсатқа жетемін бірге!..

Көктем, сендер көресіңдер мені,

Гүлдеп тұрған биікке көтерілгенде?!.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар