Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Кәдірбек Сегізбай: Тамыр...

20.01.2016 2436

Кәдірбек Сегізбай: Тамыр

Кәдірбек Сегізбай: Тамыр - adebiportal.kz



1cff67892605e451f79ced3a1c7df0db.jpg


Шілдекеңнің керзі етіктің қонышындай қара бұжыр дидарынан күлкінің нышаны байқалады. Бүкіл бет-жүзін тең ортасынан қақ бөлген күйі сұлап жатқан Сауырдың жотасындай дөңес танаудың құлама ұшымен бой таластырардай қалың біткен қызыл жирен мұрттың тікірейген әр қылының жыбырлағаны – сол күлкінің хабары.


– Жә, әлігі, – деді Шілдекең жау шауып жатса да асықпайтын дағдысымен бір «і» әрпін артық қосып, ерекше мақаммен айтар «әлігісімен» әңгіме бастады, – көлік жайы қалай болар екен? Заманына қарай әр тірліктің заңы да өзгереді, білем. Әлігі, бұл күнде жұрт құда түсуге де алшаң бастырып, ат мініп барғанды қойыпты. Қолы жеткендер шайқалтып – волгалатып, жүгілилетіп баратын болыпты деседі ғой. Әлігі, мынау Көксайдағы Қожақтың су мұрын ұлын аяқтандырарда олар да құдаларына совхоз директорының жеңіл машинасымен барыпты. Әрине, машина мініп келмегендіктен қызымды бермеймін деп, әдінәкі, ешкім де айтпас, дегенмен заманың қалай болса, бөркіңді солай ки деген бар емес пе!.. – Шілдекең үй иесін бір тығырыққа тіреді де, атам заманғы темекі сіңді сары ала қалтаны суырып, бабымен шылымын орай бастады. «Әлігі, ақ құйрық папиросың да, сары құйрық сигаретің де махоркадан садаға, түтін аты болмаса түкке тұрмайды» деп отыратын Шілдекең­нің оң қалтасынан текшелеп бүктеген газеті мен әмәнда тоқ томпайып тұратын осы сары ала дорбасы түспейтін. Самат қипақтады.


– Апыр-ау, Шілдеке-ау, тау арасында тас санағандай болып отырған бес-алты үйдің ортасына әлі бір төрт доңғалақтың бітпегенін өзің жақсы білесің. Жүк машинасымен барамын десең, Қайыркенге сөйлесіп көрейін. Қолы бір қалт еткенде мына тұрған орталыққа жүгіртіп апарып келер. Біздің шағын аулымызда ешкімде жеңіл машинаның жоғын олар да біледі ғой. Сөге қоймас, – деп, ол Шілдекеңнің тілегін орындай алмайтынын мойындай сөйледі.


– Пөйтік-шөртік! – Шілдебай темекісінің түтінін бір бұрқ еткізіп, қолын көршісінің тізесіне қойды. – Саған жеңіл машина тап деп отырған менің миымды тауық шұқыған. Әдінәкі, әлігі, Барыс Жақыпыш бар екен ғой. Қалай есіме түспеген. Иә, иә, сол бар ғой.


Самат көршісінің осы шешімге өзінің келуін әдейі тосып отырғандай жымыңдады.


– Бәсе, Шілдеке-ау, сол тамырың неғып есімізге түспеген? Әй, өзі де бір мың болғыр жігіт-ау. «Туысқаннан қиысқан артық» деген осы екен ғой. Бір әке, бір шешеден туған інің Маусымбайдан әрмен араласасың ғой, әйтеуір..


Шілдекеңнің бұл дүниеде атақ-абыройларына шаң жуытпайтын, олар жайлы әңгіменің шеті шыға қалса, асықпай отырып, екі ет асым бойы әңгімелеуден шаршамайтын қос серігі бар. Олар аудан орталығындағы автобазада бас инженер болып қызмет істейтін тамыры Борис Яковлевич пен бір жерде ат бәйгесі бар десе, жарыс­қа қоспай қалмайтын кері аты. Шілдебай үшін Борис Яковлевич – соңғы он жылдың беделінен бері Барыс Жақыпыш та, кері ат – соңғы он жылдың беделінен бері – Кертай боп атыққан.


Алғаш дидарласқан кездегі алтын түсті шашы бар балаң жігітті қалай атаса да, бұл күнде жігіт ағасы атанған азаматты сол қалпы Барыс Жақыпыш деуінен әлі танған емес. Тай күнінде меншіктенген қыл құйрығын қалай атаса, бұл күнде жылқы баласы үшін жасамыс жасқа келіп қалған жүйрігін «Кертай» деуінен жаңылған емес. Борис Яковлевич о бастағы ұсақ-түйекке бармайтын қалтқысыз достық көңілінен әлі күнге дейін танбаса, Кертай өзі түскен бәйге атаулының қандайы болса да көмбеге үшінші немесе төртінші болып келуінен жаңылған емес. Шілдекең «солай-ау» деп Борис Яковлевичтің азаматтығына сәл болса да күмән келтірген, Кертайдың қаса жүйріктігіне бір мысқалдай күдік айтқан адам болса, соның қолында өліп кетуге бар. Керісінше тамыры Борис Яковлевич пен жалғыз пырағы Кертайдың адресіне жылы сөз айтқан адам Шілдекеңнің нақ тілеулесі.


Көршісінің Борис Яковлевичтің атына айтқан жылы сөзі Шілдекеңнің күткен жерінен шыққан соң, ол шылымының тұқылын ашық тұрған есіктен сыртқа атып жіберді де, Саматтың пікірін тиянақтай түсті.


– Көрші-ау, несін айтасың, әлігі, Маусымбайлар осы Барыс Жақыпыш сияқты мал-басын араластырып қойса кәні, жаман неме «Бірге туғанмен бірге тұрмақ жоқ» дегеннің жөні сол деп, ниетін сыртқа салып, қайын жұртын көбірек сағалайды. Әлде ақылының жеткен жері сол ма, әлде келінжанның ықпалы көбірек жүре ме, әйтеуір, жыл өткен сайын жат болып, суып барады. Мейлі ғой, әйтеуір, аман жүрсе болыпты да. Мен сол тірек болар інілікті де, арқа сүйер ағайындықты да осы тамырымнан тауып жүрмін ғой. Ана жолы бір келгенде «күн суымай тұрғанда бір-екі машина көміріңді түсіріп беремін» деп жарылқап кетіп еді, әдінәкі, қолы тимей жүр ме, келмей жүр ғой.


– Е, «Береген қолым – алаған» деген емес пе, әркім сыйлағанның құлы. Өздеріңіз алыспай-беріспей, барыспай-келіспей отырсаңыздар, сіздерді орыс баласы не ғылар еді? – деп әңгімеге Саматтың әйелі араласты. – Сол өздерің бергеннің арқасы емес пе, біздің абысын да шіреп, тек үнді шайын ғана ішетіні.


Шілдекең бір жымиып қойып, Зейнептің сөзін жандандыруға кірісті.


– Е, деймін–ау, оның машина алғаны, әлігі, біздің қатынға да жаман болмаған сияқты. Анда-санда орталыққа телефон соғып, атасы Малтабар тапсырып кеткендей: «Көлігің бар ғой, пәленшені жеткізіп таста, түгеншені ала кел» деп жатқаны... Сенген соң шірейді ғой.


– Онда Борис Яковлевичті осы жексенбіге шақырамыз ба? – деді Самат келелі тақырыптан мүлде ауытқып кеткен көршісінің сөзін бөліп.


– Қазір телефон соғып көрейін, бір тығыз шаруасы киіп кетпесе келеді ғой. Айтқанымды екі еткен кезі болған емес.


Шілдекең орнынан ширақ көтеріліп, телефон аппараты тұрған үстелге жақындады. Ферма орталығы болып саналатын бес-алты түтіні бар Биесыймас аулына телефон жүйесі тартылған екі жылдан бері Шілдекең мен әйелінің осы Саматтың үйінде тұратын жалғыз телефонға келіп, Борис Яковлевичке жиі-жиі қоңырау шалу әбден үйреншікті болған істері. Ол телефон тұтқасын көтеріп, үйдің төбесіне жанар тіктеп тұрып маңыздана сөйледі:


– Әләу, по-о-ошта! Аптабазы, глауный енженер Петров нужна мене... Е, жылдам әпере ғой, айнам. Мен тоса тұрайын. ... Сәке, сәті түседі, білем, әдінәкі, біздің тамыр жұмысында екен. Біреумен сөйлесіп жатыр дейді. – Ол телефон тұтқасынан аузын сәл ауашалап, үй иесіне қарап тіл қатты. – Нешауа, сәтін салса, алдағы жексенбіде Жорға Жұмабекті «иә» дегізіп қайтармын. Аудандағы белжемді бір мекеменің білдей бір бастығын шопыр ғып барған Шілдебайдың тегін адам емес екенін көрсін... Әлеу, әлігі, Барыс Жақыпыш, здрәсти. Как маленкие, как Күлия? Әлігі, здәровие корошо? Мәләдес!


Қызыл күрең шайды әлі баппен сораптап отырған Самат рақаттана күлді. Өзінен иткөйлекті ғана бұрын тоздырған тұрғылас көршісі, әрі жекжат ағайыны Шілдебайдың жығылып-сүрінген орысшасы емес, телефонның екінші басында тұрған орыстың қазақша, мұның орысша сөйлеп әуреге түсулеріне күлген еді. Оған Шілдекең айылын да жиған жоқ. Тамырының, бала-шағаларының аман-саулығын түгендеп жатты.


– Дабай, демалыста прижай, диала ес. Сыбатайт ездит нады бойдит, твой жүгіли нады бойдит. Ипсе... Карашо, карашо! – Сөйтті де телефон тұтқасын тұғырына баппен қондырды.


– Ойпырым-ай, Шілдеке-ай, адам туған інісіне де бұлайша бұйырып сөйлемес. Тіпті, жал айтып жалтаруға да шамасын келтірмедің ғой.


Саматтың сөзіне Шілдекең қысқа ғана жауап айтты:


– Е, әйтпесе тамыр бола ма?!


– Шілдеке, осы тамырыңның қазақша сөйлеуге, сенің орысша сөйлеуге құмартуларың екеуің достасқан кезден басталса керек, ә?


Шілдекеңнің сары ала қалтасы тағы суырылып, өзінің ортан қолындай жуантық шылым тағы оралды. Бір қылы жапырылмай тіп-тік өскенімен махорка түтінінен түсін өзгертіп қызыл жиренге айналған мұрт тағы да жыбырлағандай. Күлгенінің белгісі. Сөзін тағы да әдеттегі «әлігісінен» бастап қойып, бытыраған ойын жинақтайын дегендей сәл кідірді.


– Әлігі, кім біліпті соны. Әйтеуір, оның жығылып-сүрінген қазақшасы бар, менің де сол мөлшердегі орысшам бар, түсінісеміз, әйтеуір.


– Көрші-ау, өйтіп азапқа түскенше тамырыңызға қазақша-ақ сөйлей бермейсіз бе? – Ыдыс-аяғын жинастыра бастаған Зейнеп сөзге араласты.


– Әлігі, мен оған өйтіп былдырламасам орысшамды жоғалтып алмаймын ба? Ал менімен орысша сөйлесейін десе тамырым да тіл сындырып қалған қазақшасын ұмытып қаламын деп қорықса керек... Жә, көрші, мұны қойшы, әдінәкі, әлігі мәселеге сәті түссе жексенбі күні аттанамыз. Зейнеп келін, той қамына кірісе берсең де болар. Қайнағаң бұл ғұмырында талай-талай кісілерге құда түсіп көрген, бірақ дегенін істете алмай құр қайтыпты дегенді, жо-жоқ, ешкім естімеген болар... Ой-бу, сөйлеп отырып, әлігі Кертайды отқа қоюды да ұмытып кетіппін-ау. – Шілдекең шылымын қисайта тістеген күйі үйден шықты.


Борис Яковлевич жексенбі күні сиыр түс болмай салып ұрып келіп қалсын. Әдеттегідей зайыбы Гуля мен кішкене ұлдары Сашаны ерте келіпті.


Үйден жүгіре шыққан Нұртай көп жыл көрінбей кетіп, сағындырып келген сіңлісімен ұшырасқандай мол пішілген тұлғасымен Гуляны көме құшаққа алған.


– Аман-саумысың, Күлия? Бала-шаға тегіс есен бе?


– Здравствуй, Нұртай!


Талай жылдан бері жиі аралас-құралас болып жүрген екі әйелдің өзара ұғысып, тілдесулерінің де өздеріне ғана тән ерекшеліктері бар. Өз әңгімесін Гуляның ұққан-ұқпағанын есепке алмай-ақ Нұртай оған қазақша сөйлесе, Гуля керісінше орысша сөйлесетін. Бірақ, бір-бірін еріндерінің емеуіріндерінен-ақ танып, түсінісетін.


Сүт кенжесі Кенжебекке дейін Нұртай жыл сайын аудандағы перзентханаға жылына біреу болып барып, одан екеу болып оралатын. Сол кездерде күніне екі уақыт оған ыстық шай мен ыстық тамағын әкеліп тұрудан әсте жаңылмайтын елгезек Гуляны және бір-бірін тілмен емес, жүрекпен ұғысар бұлардың татулығын көрген басқа әйелдер Нұртайдан: «Келініңіз болар?» деп сұрар еді.


– Е, тәңірі қоспағанмен, тағдыр қосқан туысым ғой. Осы қалада өз келінім де бар. Әдіре қалғыр, әнеугүні бір келгенде менің балаларымды сол асырап, сол сақтап жүргендей: «Бұл қай жатысың? Қырыққа келгенше жылына бір бала тапқанша ұялмайсың ба?» деп көсемсиді. «Сендер-ақ есепшіл, сендер-ақ есті болыңдар. Құдай берген балаларды көбейді деп күпірлік ете алмаспын. Менің балаларымды сендер асырамаңдар» деп қуып шықтым, – дейтін көрінеді Нұртай.


Сол аңқылдаған Нұртай сол Нұртай да, сол ақ көңіл Гуля сол Гуля. Құдалыққа барамын деген екі-үш күннен бері істеген шаруасының қиюын келтіре алмаған соң, бәрін жинап қойып, бір орнында байыз тауып отыра алмай, көп қыдырыстап жүрген Шілдекең машина даусын естіген бетте балалармен жарысып, сыртқа шыққан. Тамырының төбесі көрінген соң жоғалтқан байсалдылығын қайта тапқандай. Шұрқырасып табысқан бала-шағаларды алыстан тамашалаған маңғаз кейіп танытып, тұрып қалған.


– Ну, как диала, Барыс Жақыпыш?! – Шілдекең қолын ұсынды.


– Жакси-жакси, оздеринин бала-шага аман? Денсаулык калай, жакси ма? – Борис Яковлевич те үй іші, қора-қопсыға дейін түгендеп, есен-саулық сұрасатын шалдар сияқты бұл жолы да Шілдекеңнің алдын орап, ұзақ есендесті. – Женгей калай, жакси ма? Озин шақырмасан жұмыс көп, келе алмайды. Ауыл-аймак сау ма?


Шілдекеңнің ара-тұра ғана «карашо-карашо» деп жауап беріп тұрғаны болмаса, қала жаңалығын індете сұрауға тілі түскір орысшаның иін қандыра алмай, қазақша сұрақ қоя беруге намысы жібермей бөгеле берген.


– У сәседи, әлігі, Самат сын ес, а гөртта Жорға Жұмабек есу, Жұмабек дошка ес, сыбатайт нады. Я – сыбат бойдит, ты – шопыр бойдит. Понил? – Шілдекең асығыс шақыртуының мәнін күлдібадамдап жатпай, төтелей түсіндірген. – Мы ездит бойдит, Күлия и Саша здесь отдыхать бойдит. Понил?


– Жарайды, уккан барин де. Шай бересин, или бирден куалайсин?! – Борис Яковлевич өзімсінген үнмен күле сөйлеп, үйге қарай беттеді. Бұл кезде Гуля да әкелген сәлем-сауқаттарын Нұртайдың құшағына толтырып, үйге кірген. Тек Саша ғана тығып кеткен қоймасын көруге асыққандай, Шілдекеңнің сүт кенжесі Кенжебек екеуі ауыл сыртындағы тау жаққа суыт жүгірісе жөнелген.


Қонақтар жайласып отырғанша барын киініп үлгерген Самат та ыздиып, үйге кірген. Борис Яковлевич бес-алты үйі бар шағын ауылға жиі келіп жүріп, бәрімен де дос-жар адамдай еркін сөйлесіп, үйренісіп кеткен. Тамырының тұңғышын үйлендіргелі отырған көршісін көргенде орнынан ширақ көтеріліп;


– О, Самат, куттыктаймын! Кейин келинди де озим акелем, – деп оның қолын алды.


– Рақмет Барыс, қарағым, сенің Шілдекеңмен тамыр болғаның бізге де жаман болған жоқ... «Жақсыдан шарапат» деген сол. Біз де жақсылығыңның қайырымын бір қайтарамыз. Машинаның «майы» мойнымда... – деді Самат та шын риза қалып танытып.


– Жарайды, жарайды, меники осы ауылдын барине тамыр болган, – дейді Борис Яковлевич те жайраңдай күліп.


Шілдебай шайды ішіп бола бере-ақ, орнынан тұрған.


– Қой, Жорға Жұмабек жортақтап бір жаққа сусып кетпей тұрғанда, орнынан басып қалайық. Жол ақысы жүрсе бітеді. Нұртай-ей, қара костюміме менің медалдарымды түгел тақшы. Бәлемді мысым басып отырсын. – Қара бұжыр өңіне күлкі жүгірді. – Балаларға айт, Кертайды байқап жүрсін, тағы да ұзап кетсе, таба алмай сарсаңға түсерміз. Бұйыртса Сәмекеңнің келін түсірер тойында жануардың бағын тағы бір сынап көремін.


Шілдекең жүре сөйлеп барып, өзі ұрын түсе бара жатқандай барын киініп, бір заманда ырғала басып, есік алдына шыққан. Бас­қа көрші-қолаң түгел естісін дегендей самбырлай сөйлеп, Нұртай мен балаларына соңғы тапсырмасын берді де, машинаның алдыңғы орындығын иемденді. Ауылдастарына «мені көрдіңдер ме?» дегендей, әр қимылында ерекше бап, сырбаздық бар. Сонан соң машина орнынан қозғала бергенде аса жауапты сапармен бара жатқандар­ға «жол болсын!» айтуға жиналғандарға ол мойын бұрмаған қалпы, терезенің әйнегін түсіріп, қолын бұлғап қойды.


Мұнысы құдалыққа бара жатқаны үшін емес, бір аудандағы үлкен бір мекеменің үлкен бір басшысын туған інісінен әрмен зыр қақтырып, шофер ғып бара жатқанына деген мақтанышының белгісі болатын.


Олар ауыл сыртындағы белегірден асып түскендері сол еді, күн ұзаққа қыбыр-жыбыр әрекеті бір өнбейтін, жұмысы бір таусылмайтын Арынбай керең қарсы жолықты. Бұзауларды жайылымға қарай айдап тастап келе жатқан беті болса керек. Осыдан сүт пісірім бұрын ғана көрген Арынбайда көк тиындық жұмысы болмаса да, қасына әдейі тоқтай кетуді жөн көрді. «Әйтпесе көзі де дұрыс көре бермейтін шіркіннің бұларды танымай қалуы да әбден мүмкін ғой. Көрсін қасақана!»


– Ай, Барыс Жақыпыш, астанауис, пожалыста! – деді ол тамырына. Екпіндеп келіп кілт тоқтаған машинаның есігін шалқайта ашып, Шілдекең шықты.


– Ассалаумағалейкум, Ареке!


«Е, жаңа ғана көріп едің ғой, неғып, шыт жаңа болып тұрсың?» дегендей шал еңкейіп, машинаның ішіне үңілген.


– Ә, Барыс, балам, сен екенсің ғой... Жөн-жөн. Е, мына екеуін ертелетіп қайда алып қашып бара жатырсың? – деді ол айналаны басына көтере сәңгірлеп. – Қалай, Барыс, қатын-бала аман? Жөн-жөн.


– Мына Самекеңнің құдасымен жүздесіп, алдынан өтейік деп барамыз. Біз келгенше Кертайды байқай жүр деп айтайын деп едім сізге. Жануар өзі саяқтау, көз тайса-ақ басы ауған жаққа жүре береді. – Шілдекең Арынбайға жөн айтқан болып, машинаны қисынсыз тоқтату себебін өзімен бірге жол жүріп бара жатқандар­ға түсіндіргендей бұларға да жалтақ-жалтақ қарап қойды.


– Е, Жамекеңнің құласын көрейік дейсің бе? Жаманқұл құласын сатады дей ме? Е, жөн-жөн, – деп Арекең қайдағы бір кепті соқты.


– Ой, Кертайды байқа деймін, Кертайды, – деп айғайлады Шілдекең. Машина ішінде отырган Самат екеуінің әңгімесіне мәз болды. – Пөйтік-шөртік, бұл шал «бас» десең, «құлақ» деп кісіні жынды қылады. – Дабай, поехали!


– Кертайды несине айта бересіз. Бугин келемиз гой, – дейді Борис Яковлевич те тамырының қызық мінезін әлі үғып болмағандай.


– Е, Алла, бергеніңе шүкір! – деді Шілдекең кеудесін кере дем алып. Ол дәл қасында отырған тамырының бұл дүниеде барлығына, мұның тағдыр қосып, басқа емес дәл өзімен тамыр болғанына іштей тағы бір шүкіршілік етті. «Осы Барыс Жақыпыш емес пе, отын-су дегізбей керегімді жеткізіп, қолымды ұзартып отырған» деп ойлады ол. Бұл сөзін көршілеріне де жиі айтар еді. Тіпті Шілдекең мақтанып айтса да оның сөзінің шындығын көздерімен көріп отырған көршілері бұларға қызыға қарайтын. Қой етінен басқаны жеп көрмеген жаңағы Арынбай кереңнің де: «Сенің әлгі орыс тамырың әкеліп беріп тұратын тұздалған балығың үзілмеуші еді ғой. Аузымның дәмін алайын, әкелші біреуін» дейтіні бар кейде. Тамыры әкелген кепкен балықтарды балаларына да көп бергізбей, әдейі үйге біреулер келгенде көз ғып алдыратын. «Е, мен мұны қайтемін, балалар қажаласын деп әлгі тамырдың әкеліп жүргені ғой», дер еді ондайда. «Шілдеке-ау, анау тамырыңа айтып, ақшасына бірер машина көмір түсіртіп берсейші» дейтін болыпты кейбіреулері. Енді біреулері: «Сен алпысқа толғанда сыйлыққа әкелген кілемнің бірін бізге де алғызып берсейші. Аудан орталығында отырған қолы ұзын адам ғой» десетін.


Ондайда Шілдекең маңғазданып отырып, махоркасын орар еді, темекісінің ащы түтінін бір бұрқ еткізіп барып, айтар жауабын бірақ сабақтар еді.


– Апыр-ау, ағайын-ау, қызметте жүрген адамның басын қатырып көр-жерді айта беремін бе? – деп шалқаяр еді. Немесе көңілі түсе қалса: «Жарайды. Қолынан келгенін аянбас», деп тамыры үшін өзі жауап беретін. Айтқандай, Борис Яковлевич соңғы кезде жалғыз Шілдекеңнің ғана тамыры емес, бүкіл осы ауыл адамдарының біразы араласып үлгерген ақ көңіл ағайынға айналған. Жалғыз-ақ Арынбай кереңнің онымен еркін араласып кете алмай жүрген жайы бар. «Осы Шілдебай қу сол орыстың көме­йіне бір нәрсе тығып қоймаса емін-еркін дүниесін шашатын қайбір екі туып, бір қалғаны дейсің?! Ондай тәсілді мен де жасап көрейін, – деп Арекең бір жолы Борис Яковлевичтің үйіне бір қойын бүктеп алып жетеді ғой.


– Әй, Барыс, жалғыз Шілдебайды жарылқап шекесіне қос мүйіз шығарайын деп пе едің? Ол берген бірер мал біздің қорамыздан да маңырар, онан да қол алысып, тамыр болалық! – деп сәңгірлейді. – Әзірге өзің білетін біздің әлгі жаман ұлдың матасикіліне бір-екі доңғалақ тауып бер. Тобан аяқ болып қалған немедей, ешқайда шыға алмай қор болып отыр.


Борис Яковлевич ол бүктеп әкелген қойын өзіне қайтадан арқалатып жібереді. Мотоциклдің доңғалағын да тапқызып береді. Өз қателігін мойындауды білмейтін керең: «Е, Шілдебайдың бергені адал мал да, менің бергенім арам ба екен? О, несі-ей, соншама бұлданғаны?!» деп қалап-сұрап барғанын алып қайтса да, Шілдебай сияқты онымен тонның ішкі бауындай іштесе алмағанына ренжіп аттаныпты...


Аспан түстес тұңғиық көк жигули жиі келетін үйреншікті жолмен сумаң қағып, тау жолымен сынаптай сырғып келеді.


– Шілдеке, сәті түсіп құдамен рақайласып тіл табыса қалар болсақ, тойды қойшылардың түгелдей жайлаудан құлайтын тұсы – келер айдың алғашқы жексенбісіне белгілегеніміз жөн шығар. Кертайды да жаратып үлгересіз. Отымның алды, суымның тұнығы болған жаман ұлдың қызығынан аянып қаларым жоқ, алғашқы бес жүйрікке қомақты етіп бәйге атасам деп ойлаймын, – деді Самат ІІІілдекеңнің ойын бөліп.


Басқасы емес, Кертайдың бабын ойлаған Шілдекең бұл шешімге оңай келісе кетті.


– Сөз-ақ, Барыс Жақыпыштың өзі сыйлап, достығымыздың алғашқы дәнекеріндей етіп тартқан Кертайдың қызығын өзіне бір көрсете алмай жүр едім, Осы жолы алған әөйгесін түгелдей тамырдың өзіне сыйлайын... – Ол той уақыты жайлы салиқалы әңгіме қозғап отырған көршісінің сауалын ұмытып, Кертайдың болашақ бәйгесіне ауып бара жатқанын сезіп қалды да, лепіре тасып бара жатқан өз көңілін сабырға шақырды. – Елдің шоғырланып, шаруаның жиын-терін кезін межелегенің дұрыс-ақ...


Оның жүйрік қиялы тағы да дүбірлі бәйге болар күнді, ақ сабын терге малынып, көрген жанның көзін тойдырғандай Кертайды өзге жүйріктерден оқ бойы оқшау келе жатса дейтін, бірақ әлі орындалып көрмеген қиялға беріліп кетті.


Кертайды бұл бағып-қаққалы биылғы күзді алдыға бір салса, он бір жыл болады екен. Борис Яковлевичпен тамыр болып, достық құрғандарына да осынша уақыт өтіпті.


* * *


Ол кезде Борис Яковлевич түбіт мұрты жаңа тебіндеген жас жігіт болатын. Қызметі де тым қарапайым еді. Шалғайда жатқан қой фермаларына аудан орталығынан қатынайтын почта машинасының жүргізушісі, әрі почтальоны болатын. Бітеу қорапты машинасын салдырлатып күн ара келер еді. Сол кезде де Шілдекең ферманың алып кел, барып кел шаруасын атқара жүріп, негізгі кәсібі – қойшылардың газет-журналдарын таситын. Есебі, Борис Яковлевич екеуі де – почтальон. Өз сөзімен айтқанда, «байланыс мекемесінің қызметкерлері, жаңалықтың жаршылары».


Борис Яковлевич жеткізген тең-тең газет-журналдарды, хат-хабарларды бір-бірлеп отырып санап алар еді, сонан кейін махорканың түтінін будақтата отырып: «Әлігі, бәрі де дұрыс екен!» дер еді. Егер бірер газет кем шықса да: «Ол неге кем? Мен мына жұртқа не демекпін?! Мен әр газеттің әр саны үшін қойшылардың алдында жауап беремін. Келесі келгеніңде ұмытпай ала кел. Мені жаңылады екен деме!» деп дігірлер еді. Сонан кейін де Борис Яковлевич әсіресе бұл фермаға тиісті дүниелердің дұрыс келуін өзі де мейлінше қадағалап бағатын. Шаруа жайына келгенде тым-тым мазасыз болып көрінгенмен, Борис Яковлевичке ерекше қонақжайлылық көрсететін. Ол кезде орысша сөйлесуге жүрегі де дауаламайтын, шама-шарқы да келе бермейтін Шілдекең жаңа танысының қырық сылтау айтқанына қарамай, екі күнде бір соғатын жігіттің түскі тамағын өз міндетіне алғандай, түстендіріп аттандырмай тапжылтпайтын.


– Пөйтік-шөртік. Астыңа машина емес, самолет мінсең де Қарасайға, одан шығып Белтоған айналып, үйіңе жеткенше қай заман?! Сен үшін қазан көтеріп отырғаным жоқ, ұзақ жолда жүрген азаматсың. Дастарқан аттап кеткеніңе келісе алмаймын, – деп соғатын. Оның бұл уәжінен дым түсінбесе де осынау қара бұжыр қазақтың ақ ниетін айнытпай ұғатын жас жігіт амалсыздан келіп, асқа отыратын. Үйі шиеттей қара домалақтарға толы осынау жандардың ақ көңілмен ұсынған асы үшін ақы төлеудің немесе оның қарымтасын басқадай қайтарудың жөнін таппаған Ол бастап­қы кезде бұл ыңғайсыздықтан құтылудың жолын өзінше қарастырып көрген. Ол тапқан тәсілі – бұл ауылға не түс болмай, не түс ауа келу. Онысынан да ештеңе өнбеді. Ерте келсе өзін жібермей, түскі астың даяр болуын тосуды сұрайды да, жай келсе мұны өздері тосып отырады. Биесыймас фермасында отырған почташы қазақтың осындай тосын мінезін Борис өз әкесіне айта отырып: «Астарын тегін іше бермей ақшасын төлесем қайтеді?» деп сұрағанда әкесі:


– Балам, ақ ниетпен ұсынған ас үшін ақша ұсынсаң – саудагердің бір түрі болып шыға келесің. Ол – жақсылықты өзіңше өтеу емес, қарапайым жандардың шын пейілдерін дұрыс бағаламау болып шығады. Бұл асын ұсынған жандарды сыйламағаның. Онан да қарымтасын асырмасаң кемітпей, есесін елеусіз ғып басқаша қайтарғаның мақұл, – деген.


Шал тау еліне жеңсік ас болар деп өзі аулап әкелген жас балықтың біразын, оған қоса біраз сәлем-сауқатты ұлынан келер жолы жіберген.


– Шырағым, Барыс, сәлемдемемен келген ыдыс бізде бос қайт­пайды, – деп Нұртай қойдың бұзылмаған бір санын тұтасымен оның әкесіне сыбаға ғып жөнелткен. Сол-ақ екен, екі үйдің арасына деміл-деміл дорба жүре бастады. Тұздалған қияр, помидор ма, дәмі тіл суырған жеміс қайнатпалары ма – әйтеуір бұрын таудағы елде бола бермейтін тың тағамдар Нұртай дастарқанынан жиі көріне бастаса, қазақтың құрт-ірімшігі мен қарынның құрышына салған сары май, сүзбе, тары, жент сияқты таза қазақы тағамдар Бористің әкесі Яков Михайловичтің көршілерін таң қалдырған. Борис те бұрынғыдай емес дәл бір қайын жұртына келгендей арсалаңдап, үйге еркін кіретін. Шілдекең де қартайғанда кәрі боз жорға шықты дегендей, орысша сөйлесіп, тіл сындыра бастаған. Сол жылы Бористің әкесі дүниеден өтіп, Нұртайын ертіп алған Шілдекең бір қойын жетелеп, барып та қайтқан.


– Шілдеке-ау, орысқа бата жасаған бірінші қазақ сіз боларсыз? Не деп көңіл айттыңыз? – деп күлген көршілеріне ол:


– Е, діні бөлек, тілі бөлек дегенмен діңіміз бір адам ғой. Бір-біріміздің дастарқанымыздан дәм ауыз тимегенмен сырттай тілектес, тілеулес жандар едік. Қасқыр да жеп кететін бір тұяқ жыртығымды жамар деймісің? Туысындай көріп жүрген баласының көңілі үшін ғой. Көңіл айтқан сөзімді ұқпаса да, орыстар өзімді ұқты әйтеуір, –деп уәж айтқан.


Сол жылдың күзінде ғой, жолың болғыр Гуляның медбике болып фермаға келе қалғаны. Ферма меңгерушісі: «Бұл балаға бере қояр үй де жоқ, болғанмен жас қыз жалғыз тұра да алмас» деп, қиналғанда тағы да елпек қағып, Шілдекең меңгерушіге:


– Балалары шулап мазамды алды демесе біздің үйде-ақ тұра берсін, даңғарадай үйге сыймай жатқан неменеміз бар? – деген. Ол сол сағатында-ақ бөгде ел, бөтен жерге келіп, алдағы жай-күйінің не боларынан бейхабар тұрған жас қызды үйіне жетектеп әкелген.


– Е, әлігі, бір жас бала екен, ертіп келдім. Жаман ұлдарың да аздап орысша үйреніп, тіл сындыра берсін – деп, әйелі Нұртайға өз мақсатын оңай түсіндірген. Облыстағы медициналық училищені бітірген бойда жолдамамен келіп, иен таудың қуысындағы бес-алты ғана үйі бар шағын ауылдан бір-ақ шыққан жас қыз о баста иенге келгендей қоңылтақсып еді, бірте-бірте тілін түсінбесе де: «Іш-же, айналайын» деп отырған ерлі-зайыптылардың көңіліне риза болып, жаңа мекеніне үйренісе бастаған.


– Менде ұл көп болғанмен қызым жоқ еді, енді сен қызым боласың – деп, Шілдекең ағынан жарылғанмен, оны қыз, әрине, түсіне қоймаған. Дәрігер қыздың көбіне қойшылардың ауылдарын аралап жүруі қажет. Ол үшін жолдарды біліп, жер тануын былай қойғанда ,атқа салт мініп жүруді үйренуі қажет. Осы екі міндет те Шілдекеңе тапсырылғандықтан, ол жас шәкіртін жарты ай бойына атты қалай ұстап, қалай ерттеуден бастап, көлікті қалай бағып-қағуына дейін қазақша-орысшасын араластыра соғып жүріп-ақ ауыл мен ауыл арасына жалғыз аттана алатын жағдайға жеткізген.


Осы ауылға келгенде Борис Яковлевич бұрынғыдай шайын іше салып, асығыс аттанбай, кібіртіктеп жүретінді шығарды. Салдырласа да бұған дейін тоқтап көрмеген жаман машинасы осы ауылдан аттанарда бұзылып, біраз уақыт жөнделетін болды. Бұрынғыдай емес, күн өткен сайын почта машинасының гүрілі қырқаның арғы жағынан естілгенде-ақ өздері Күлия атандырған қыздың аспан түстес көгілдір көзінен қуаныш жарқылы ойнайтынын Шілдекеңдер де байқамай жүрген жоқ еді...


– Бәйбіше, осы екі бала, мен бірдеңе білсем, әлігі, бірін-бірі ұнатып жүрген сияқты ғой. – Бір күні Шілдекең зайыбына жаңалық ашқан. Артық сөйлеуге көп әуестігі жоқ Нұртай бұл жаңалықтың өзіне жаңалық болудан қалғанын мәлімдеді. Содан бір күні Борис машинасының бітеу қорабынан түгі жылтыраған кері тайды түсірсін.


– Бұл сиздерге подарка, – деп қарап тұр. – Акем алған, енді ол жоқ. Меники баға алмайды. Сізге берген.


Шілдекең күпінсін. Сол күні-ақ көршілеріне жас досының тосын сыйлығы жайлы түгел жария еткен. Тайымның кекілін жуамын деген сылтаумен шақырылған көрші-қолаң:


– Шілдеке, жасырып қайтесіз, алты аласы, бес бересі жоқ біреу шортандай тулаған семіз тайды текке бере салмас. Сатқан шығар?! – деп күмән келтірген-ді.


– Екеуіміз тамыр болғанбыз. Сауда-саттық жүрген жерде тамырлыққа өріс жоқ. Онда тамырлықтың тамырына құрт түсті дей бер. – Шілдекең оларды аяғына отырғызбай қойған. Бірақ өз есебі ішінде. Бір сылтауы табылған сәтте кері тайдың қармысын елеусіз ғып қайтармақ. Көп ұзамай оның сәті түсе кетті. Бір күні өзі сияқты бір түбіт мұртты жігіті және бір қызы бар Борис жетсін. Бұрын­ғыдай емес, тойға барардай сіресе киініпті. Почтаның салдырлағын емес, жеңіл машинамен келіпті.


– Не, Барыс Жақыпыш, тойға барасың ба? – деді ойында ештеңе жоқ Шілдекең.


– Е, Күлия қызды айттырып келіп отырған шығар! – Тағы да Нұртай көрегендік көрсетті.


– Биз үйленетин болған Гуля екеуимиз. Сиздер де тойға жүресиздер, – деп қарап тұр Борис Яковлевич.


Ақ құба өңі бал-бұл жанган Гуля бұл екеуіне қарап, жымыңдайды.


– Но, карашо! Кулия кароши, Барыс Жақыпыш кароши, әлігі... – Шілдекең басқа тартсаң аяққа, аяққа тартсаң басқа жетпейтін келте көрпе сияқты екі оралымнан аспайтын қысқа орысшасымен айтып жеткізе алмайтын болған соң тілегін қазақша сабақтады.


– Айналайын Күлия, үйімде аз уақыт тұрсаң да баламыздай боп бауыр басып қалып едік. Бөгде көріп, бөтен санамадық. Тіліңді түсінбесек те жүрегіңді түсініп едік. Сен де бізді жат көрмейтін сияқтысың. Теңіңді тапқан екенсің, қадамың оң болып, алдыңнан жарылқасын! – Ол орнынан тұрып барып, Гуляның маңдайынан иіскеді.


Жаңа ғана жайнаңдап тұрған жас қыздың көзі боталады. «Әкем соғыстан оралмапты деуші еді, есіне өз әкесін алып тұр-ау, жазған бала» деген ой келген Нұртайға.


– Ал Барыс Жақыпыш, сені де бөтенім дей алман. Тамыр дегенмен бауыр болған баласың. Құсың құтты болсын! Қызық та тәтті ғұмыр кешіңдер! – Шілдекең тамырының қолын алды.


– Қой, бәйбіше, қыз ұзатар той қамына кіріселік. Көршілерге хабар бер, – деді Шілдекең зайыбына қарап.


– Жоқ, рақмет! Анда, городта тосып отыр. Журейик, – деді Борис қарсылық білдіріп.


– Нет! Күлия – дөшка. А, дөшка әтес әбизательны той зделаить бойдить! – Ол шешімінен танбайтын рай танытты.


Сол күні Биесимастың шағын жұрты Шілдекеңнің бір малының басын мүжіп, Гуляны аттандырды. Шілдекең ертеңіне тойларыңа шашуым деп соғымға сойғалы отырған құнан өгізін жеткізген. Содан бері талай уақыт өтіпті. Бір кездегі шофер бала институтын бітіріп, бұл күнде аудандық автобазаның бас инженері болса, Гуля да жұрт іздеп барып емделетін білгір дәрігердің бірі. Олар, бірер жыл жұмыс істеген соң екеуі де ірі қаланың біріне барып тұрып, оқу бітіріп, қайта көшіп келген. Тамырлар сол кезде бір-бірінен көз жазып қалса да, кейін бұрынғыдай қайта табысқан. Тек кәсібі өзгермей қалған Шілдекең мен зайыбы Нұртай ғана. Сол баяғы барып кел, алып келіне қоса сол баяғы «байланыс мекемесінің қызметкері». Сонан кейінгі өзгермей қалған осы екі отбасының бір-біріне деген қалтқысыз көңілдері...


Көгілдір жигули жүйткігеннен жүйткіп, әне-міне дегенше, етектегі ел шетіне іліктірген. Бір бұрылыста оқыс бұрылған машина екпінімен Бориске қарай бар денесімен еңсеріле ауған Шілдекең тамырына оқшырая қарады.


– Пөйтік-шөртік! Асторожна-ей! Мене еще жить надо, Жор­ға Жұмабек не птица. Не улетит. Не нады тарапитьса! – Шоферіне мазасыз бастық сияқты, оның Бориске ұрса сөйлегеніне Саматтың күлкісі келді. Шілдекеңнің мына арынына қарап, жолдарының боларына сенді.


– Шілдеке, жол қысқарсын, әңгіме айта отырыңыз, – дейді Самат алдыңғы орындықта шіреніп отырған Шілдекеңнің желке тұсынан.


Шілдекең бұлданған жоқ. Махоркасының тұқылын ашық терезеден атып жіберіп, бір қырындай отырды.


– Ұмытпасам, алдыңғы жылы ғой деймін, Кертаймен желе жортып осы тамырдың үйіне келе жатқам... – деп бастады ол әңгімесін...



1978 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар