Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қанабек Байсейітов. Әкемнің атын менен гөрі Күләш көп шығарды...

06.03.2018 2070

Қанабек Байсейітов. Әкемнің атын менен гөрі Күләш көп шығарды...

Әкемнің атын шамамның келгенінше мен де шығарған шығармын, бірақ ұлы менен гөрі келіні Күләш көп шығарды. Күләштің өнері арқасында Байсейітова деген фамилия күллі Қазақстанға, бүкіл Одаққа, кезінде шетелге де белгілі болды.

Күләш екеуміз 25 жыл отастық. Оның есімін тек алғыс сезіммен ғана, ризалықпен еске аламын. Ол бір мен үшін емес, елі үшін қымбат жан еді. Жүйрікке жүйрік ұқсар ма, талантты талант қайталар ма?! Басқа өнерпаз өз алдына, Күләш өз алдына ғой.

АЛҒАШЫНДА АҒА РЕТІНДЕ СЫЙЛАП ЖҮРДІ

Күләшпен танысуыма ағасы Айтбек себеп болды. Бір қыс солардікінде пәтерде тұрып шықтым. Күләш өте нәзік, кішкентай ғана қыз болатын, бір үйде шешесі екеуі ғана тұратын. Әкесі Жасын ол кезде ауылда, бөлек тұрып жатқан болатын. Күләштің өнерді қастерлеп, ән-күйге әуес өсуінде белгілі бір заңдылық та жоқ емес. Әкесі Жасын – әжептәуір әнші, сері адам. Кезінде әйгілі Әсетпен, Балуан Шолақпен де бірге жүріпті. Бір ағасы Манарбектің әншілігі – анау, өзге ағалары да өнерсіз болмаған, тек кәсіп етпеген. Айтбек те әнді әдемі салатын, сырнайға қосылып айтқанда айызыңды қандыратын. Осындай ортада өскен, тәрбие алған Күләш өнерге жақын жүрмей қайтсін?!

Үйлерінде жүргенімде Күләштің ән салатынын білетінмін, сырнайға қосылып төменгі дауыспен айтатын. Дауысы әлі қалыптаспаған, нәзік, бірақ сүйкімді болатын. Бір естіген әнін табан астында үйреніп қағып ала қоятын. Кісіге кішіпейіл, кімді болса да іш тартып тұратын бауырмал қыз-тын. Мені алғашқы кезде аға ретінде сыйлап жүрді. Өйткені жеті жас кішілігі бар-ды. Табиғатында ашық-жарқын, көңілді жүретін адам еді. Титтей нәрсеге бола қуана салатын, оны қуанту оңайдың оңайы еді. Ренжи қалса, реніші көпке ұзамайтын, кек сақтап қатып қалу дегенді білмейтін. Таланты қандай жарқын болса, мінезі де сондай жарқын жан болатын.

Көпке дейін Күләштің өнерге соншалық ынтық екендігін елемей жүріппін. Жұмысшы жастар театрында жүргенімде бір-екі рет қосалқы рөлдерде ойнаған болатын. «Исатай–Махамбет» пьесасындағы хан қыздарының бірі болып ойнады, «Арқалық батырда» қалмақ қызы болды. Оның ешқайсысына да аса мән бермеген екенмін. Сырнайға қосылып үйде әртүрлі ән айта бергенімен, сахнада көсіліп шырқағанын көрген емес едім.

КҮЛӘШТІҢ ТЕАТРҒА ҚАБЫЛДАНУЫ

1929 жылы Күләштің ағасы Айтбек қызмет бабымен Қарақолға ауысып кетті. Сол жылы Күләш әлдебір себептермен оқып жүрген институтынан шығып қалды. Қолы бос кездерде қазақ драма театрының ойындарын менімен бірге барып көріп жүрді.

Сол жылдың күзі болатын. Қай спектакль екені есімде қалмапты, бір спектакльді екеуміз қатар отырып көріп отырғанбыз. Қалай көзім түскенін қайдам, бір кезде Күләшке қарасам, сахнадағы актермен ілесіп «ойнап» отыр. Біресе қабағын түйе қалып қиналып, селк ете қалып шошып, біресе жадырай күлімдеп, сахнадағы актерлердің қимыл-әрекеттеріне үйлесе қозғалақтап шыдай алмай кетеді. Спектакльден шыққан соң Күләшқа:

– Сен біздің театрға кіресің бе? – дедім.

– Ала ма? – деп қалды. Түсіне қойдым ниетін.

– Сөйлесіп көрейін, – дедім де, әңгімені ары созбадым.

Сол жолы Жұматқа бір өтірік айттым. «Айтбек сізге «Мүмкіндігі болса, Күләшті театрға алсын» деп еді», – дедім. Өйткені Айтбек екеуінің жақсы сыйласатынын білетінмін.

– Келсін, көрейік, – деді Жұмат. Күләш қатты толқыды. Сынына толмай қалам ба деп қобалжыған да болар, сірә. Театрға келсек, Жұмат пен Жанбике отыр. Серке де сол арада екен. Күләш «Елім-айды» айтты. Өзінің әдемі, жұмсақ дауысымен айтты. Сонан соң екеуміз «Арқалық батырдан» үзінді ойнадық. Біз сахнадан түсер-түспестен-ақ:

– Нағыз қалмақтың қызы осы ғой, – деп, Серке пікірін айтып та тастады.

Солай айлығына 36 сом белгілеп, ең төменгі ставкамен Күләшті театрға алды. Ол күнгі Күләштің қуанышында шек болмады. Әрі жұмысқа тұрды, әрі жаны сүйген өнер саласына келді. Оған шешесі де қатты қуанды, «сен орналастырдың» деп маған да риза болды.

КҮЛӘШТІҢ АЛҒАШҚЫ РӨЛІ

Содан біразға дейін Күләш қосалқы рөлдерді ойнап жүрді. Сахнаға шығуды жаны сүйетіндігі соншалық – егер өз рөлі бітіп, қолы сәл босай қалса, көпшілік ішіне ілесіп сахнаға шығуға өзі келіп сұранатын. Театр қойып жүрген спектакльдердің бірінен қалмайды, қыл аяғы репетицияларын да көреді. Ешкім міндеттемесе де, ұнаған рөлдерін жаттап алып айта жүретін. Әдейі де жаттамайды, әншейін есінде қалатын. Еріну, шаршау дегеніңді білмейтін, оның демалысы сахнаға шығу сияқтанатын.

Бір күні ойда жоқ нәрсеге тап болып, қатты қысылған жағдайымыз болды. Ертесі Жұмат Шаниннің «Шахта» деген пьесасын қоятын едік. Афишаға жазылған, жұртқа хабарланған. Күтпеген жерден сол спектакльдегі Зейнеп деген қыздың рөлінде ойнайтын Жанбикенің тамағы ауырып, дауысы қырылдап қалды. Оның ертең ойнай алмайтыны айдан анық.

– Кімді ойнатамыз, енді қайттік? – деп, бәрімізден бұрын Жұмат қатты састы. Бәріміз қиналдық, бірақ режиссерден артық ондай нәрсе кімге батушы еді? Өйтсек пе екен, бүйтсек пе екен деп теңселдік те қалдық. Күтпеген жерден Күләш:

– Мен ойнайыншы, аға, – деді Жұматқа.

– А? Сөзін білесің бе?

– Білем.

– Мизансценасын білесің бе?

– Білем.

Бәріміз де Күләшқа тосырқап қарадық, аң-таңбыз. Ондайда әдетте біреуге міндеттеп: «Сен ойна» десең, «Сөзін білмеймін», – деп бәлсініп, өлгенше тулайтын. «Жүр, ендеше!» деп Елубай екеуін сахнаға шығарып, сол арада Жұмат репетиция жасай бастады, біз қарап тұрмыз. «Ойнайсың» деген ұйғарымға келдік. Күләш те қуанды, мен де қуандым.

Ол кезде барлық басшы қызметкерлер театрға арнайы келіп тұратын. Спектакль алдында сол жайтты ойлап, Күләштан қорықтық. Қайтер екен, ұятқа қаламыз ба деп қобалжыдық. Киімін кигізіп, гримдеп жатқанда, Күләш өзі де жүрексінгендей болып: «Сөзімнен жаңылып қалар ма екем?» – деп күдіктеніп отырды.

Жоқ, сөзінен де, қимылынан да титтей жаңылмады. Әнін де әдемі орындады. Қалай сахнаға шықты, солай өзгеріп кеткендей көрінді, ұялыс-қысылысы жоқ, емін-еркін ойнады.

Спектакль біткен соң бәріміз де Күләшті жабыла құттықтадық. Қуаныштан өзі де, ойынды көруге келген шешесі де жылап жіберді. «Зейнепті көрейікші» деп залдағылардан келіп жатқандар да болды. Көрушілердің де көңілінен шықты.

ЕҢБЕКСҮЙГІШ КҮЛӘШ

Осы оқиғадан кейін Күләш екінші қатардағы рөлдерде батыл ойнай бастады. Ол кезде спектакльдерде ән жағы да жиі болып тұрады. Музыкаға алғырлығы жағынан еркекте Құрманбек, әйелде Күләш алдарына жан салмайды, естісе бітті, қағып алады. Ол ерекшелігі де ілтипатқа ілінді. Ал енді гастрольге шығуға келгенде, әртістердің көбі қалада қоюға тырысады. Күләш қайда жұмсасаң, сонда барады. Және басты болсын, қосалқы болсын еш рөлден бас тартпайды, ол үшін сахнада ойнаудан қымбат ештеңе жоқ. Күләштің күннен-күнге бедел алып келе жатуы кейбір актрисаларға ұнамады. Бұрыннан басты рөлде ойнап, атақ-беделдің дәмін татып қалғандар кейде қиянат сөздерге де барып жүрді. «Қыз болған соң, бәрің соны қолдайсыңдар, жеке мақсаттарың бар» деген сыбыстар шықты.

Жалпы, Күләш бұрын да, кейін КСРО Халық әртісі атанып, екі рет КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болған соң да «ауырдым» деп, анау-мынау деп, ешқашан жарияланып қойған спектакльді болдырмай тастаған емес. Сол бір еңбексүйгіш қасиетінен өле-өлгенше айнымай, өзгермей кетті.

ӘКЕМ КҮЛӘШТІ ҚАТТЫ ҰНАТТЫ

1932 жылдары Күләштің актерлігі де бекіді, музыкалық сауаты да едәуір өсті. Тәп-тәуір ән айтатындығы да белгілі болды. Енді ашық концерттерге еркін шығып жүрді. Сол күндерде Күләш екеуміздің арамыз аға мен қарындастан гөрі басқалай жақындыққа ұласа бастады. Оны мен де білдім, Күләш те сезді.

Ол кезде өгей шешем де өліп, әкем мен ұлым Алдабек екеуі менің қолымда тұратын. Күләш біздің үйге барып-келіп еркін араласып жүреді. Әкем Күләшті қатты ұнатты. «Шіркін-ай, мінезі қандай жайдары, үлкенді қалай сыйлайды! Басқаны қайтесің, осы Күләшті маған келін қып қолыма әкеп берсеңші», – деп отыратын.

Күләш екеуміз 1933 жылдың көктемінде, 23 көкекте үйлендік. Күләш екеуміздің қосылуымызға алғашында көп адамдар таңғалып жүрді. «Аға мен қарындастай жүріп бұлары не?», - деп үрікті.

БӘРІН БАЛАЖАНДЫҒЫМЕН ЖЕҢГЕН КҮЛӘШ

Күләш өте балажан еді. Төрт жылдай бала көтермеп еді, соған қатты уайымдап жүрді. Кейін тұңғыш қызымыз туған соң, ауру болып, бала емізе алмай қалды. Емшегіне операция жасатқан соң, бала емізу тіпті үлкен қиындыққа түсті. Бірақ Күләш бала үшін бәрін істеуге барды. Өз шешесіне екі қолын бастырып қойып, ауырғанына қарамастан, баланы зорлап емізіп жүрді. «Дауысыңа зақым тиіп жүрер» деген жұрттың сақтандырғанын да тыңдамады. Сөйтіп жүріп екі айдан соң сырқатынан айығып, баланы емін-еркін емізетін болып кетті. Бәрін балажандығымен жеңді ақырында.

Менмендік, көкірек көтеру тәрізді тәкаппар мінездер оның табиғатында болған емес. Отбасында өте кішіпейіл болды. КСРО Халық әртісі атағын алып, бедел-даңқы дәуірлеп тұрған кезде де еденді өзі сүртіп, кірді өзі жуды. «Бала туу, үй жұмысына араласу әртіске, оның ішінде әнші адамға зиянды, бір ыстық, бір суықтан дауысы бұзылады» деп ақыл айтқандарға өз «теориясын» қарсы қоятын. «Керісінше, бала туған сайын әйел адамның дауысы ашыла түседі екен», – дейтін. Шынында да, балалы болған соң Күләштің дауысы кемелденіп, ашыла түсті. Жоғарылығы, төмендігі тұрақтады. 1939-1940 жылдары дауысы нағыз өз кульминациясын тапты. Өзі де ерінбей жаттықты. Еңбексүйгіштігі сұмдық еді. Соның нәтижесінде еуропалық дауыс мәнерін еркін меңгеріп, классикалық шығармаларды батыл орындай бастады.

Күләш менің әкемді де, баламды да қатты сыйлады. Көкемнің маған: «Осы Күләшті алсаңшы», – деп жүретінін білетін. Екеуміз үйленгеннен кейін екі-үш айдан соң көкем қайтыс болды. Балам Алдабек Күләштің қолына бестен асқанда келді. Ол мұны «мама» деп кетті, біз де оны «Алда» деп еркелетіп өсірдік. Менің әкемнен жалғыз болғандығымды, менен Алдабектің жалғыз екендігін Күләш ешқашан есінен шығармайтын. Онсыз да адамға жайлы мінезді, жылы жүзді ғой. Аз күнде-ақ Алдабек оған бауыр басып кетті. Күләш жоқтан өзгеге тарылмайтын, ұсақ-түйек әңгімелерге ермейтін. Өмірінде үш құрсақ көтерді, олардың ешбірінен Алдабекті алалаған емес.

КҮЛӘШТІ ҚАТТЫ РЕНЖІТКЕНІМ БАР

Күләштің жазуы әдемі еді. Кейде менің шимайлап жазған қағаздарымды ерінбей қайта көшіріп беретін. Үйде, түзде «зор» әңгімелерді айтып көзге түскісі келмейтін. Кәдімгі қарапайым әйелдерше көбінесе бала-шағасы, өзі мен күйеуі туралы айтатын. Менің шығармашылық жұмыстар жасап, үйде әлденелерді жазып отырғанымды жақсы көретін. Бұрынғы, кейінгі бойдақ күндерімдегі көп нәрсені өз көзімен көрсе де, өткенді қазып, өмірі басы артық сөз айтпайтын.

Екеуміз ширек ғасыр отастық. Ол өмірдің ішінде от та болды, су да болды, өрт те шығып кетіп жүрді. Оның бәрін теріп айтып жатудың қажеті болмас. Әйткенмен Күләштің кешірімді, отбасы абыройын сақтай білген адам болғанын айта кеткенім артық болмас. Мен өзімді періште едім деп айтпайтын адаммын. Жастықтың желігі әлі басылмаған, бас асаулығым бар кезде Күләшті бір қатты ренжіткенім бар.

«Түнгі сарын» пьесасын қойған түн еді. Мені инженер туысқаным қонаққа шақырды. Спектакльден кейін Күләштің ол үйге барғысы келмеді, «шаршадым» деп үйге кетті. Мен жалғыз бардым. Қонақтар өзім қатарлы екен, үш-төртеуін танимын, екі-үшеуі мені білетін болып шықты. «Жаспыз, мықтымыз, біз не істесек те жарасады» деп ойлап жүрген ақымақ кезіміз ғой, әлгілердің ішінде бір әдемі келіншек бар екен, қыза-қыза келіп соған жабысыппын. Арақты ішіп алған соң, «Кетпеймін, осы келіншектің қасына жатамын» деппін де, қисая кеткен бетімде ұйықтап қалыппын.

Күләш мені ары күтіпті, бері күтіпті, келмеген соң қорқып ұйықтай алмапты. «Осы уақытқа дейін қонақта отырмас, үйге келе жатып жолда мастықпен бірдеңеге ұрынып қалды ма?» деп күдіктенеді. «Әлде мас болып шатақ шығарып, қонақтардан ұят болды ма?» деп те ойлайды. Ары дөңбекшіп, бері дөңбекшіп, ақыры ұйықтай алмайтын болған соң, артымнан іздеп келеді. Түнде далаға бір кіріп, бір шығып жүріп есікті ешқайсымыз ілмеппіз, Күләш үйге кіріп қараса, әлгі келіншектің қасында мен киімшең ұйықтап жатыр екенмін. Мас кісінің жатысы қай оңған болушы еді, мені көріпті де, көңіліне күдік кіріпті. Мені оятпастан далаға қайта шығып бара жатқанында үй иесі біліп қалып тоқтатыпты. Екеуінің шаң-шұң дауысынан оянып кеттім. Күләш екенін де бірден таныдым.

Сол жолы өзім де қатты қиналдым. Күләшті де оңдырмай қинадым. Кейін табысып кетсек те, сол қылығым Күләштің есінен біржола кетпей қойды. «Егер ана келіншек те ілтипат берсе, қайтпексің?» деп, кейін де бір жағы әзіл, бір жағы кінә етіп көпке дейін айтып жүрді. Өзім де ұмыта алмай өкінумен болдым.

ЖУАС, ЖЫЛЫ ЖҮЗДІ КҮЛӘШТІҢ ҚАТУЛАНАТЫН КЕЗДЕРІ

Күләш кейін ҚазКСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып, КСРО Халық әртісі атанып, екі рет Мемлекеттік сыйлық алып, сол Мемлекеттік сыйлықтар беретін комитетке мүше кездерінде де кішіпейілдігіне қылау түсірмеді. Әңгіменің шыны керек, оның даңқы өскен сайын мені кемсітуге тырысушылар да шыға бастады. Сонда менің беделімді қорғап, басқалардан бұрын Күләштің өзі қарсы тұратын.

Маған ара түсіп, менің беделімді қорғаған кезде Күләштің өз беделі мен өз жұмысына қарамай кететініне де сан рет көзім жеткен. Бірде Тоғжановтың үйінде көп адам қонақта отырдық. Сонда аса үлкен қызметтің бірін атқарып отырған адам менімен ілінісіп қалды. Менің өз пікірімнен қайта қоймағаныма қатты ашуланып, үстем-үстем сөйлеп жіберді.

– Ой, сендегі тас жарып бара жатқан қандай талант, әншейін Күләштің арқасында күн көріп жүрсің ғой, – деп елге естірте айтып салды. Күләш орнынан ұшып түрегелді. Баж етіп бір сөздерді айтып та жіберді.

– Кімнің арқасында кім күн көріп жүргенін қайдан білесіз? Сырымды сізге айтып па едім? Бұл не айтып отырғаныңыз, қатын өсек пе, қай өсек?

Әлгі кісінің әйелі келіп, Күләшті мойнынан құшақтап, Тоғжанов пен әйелі де жалынып-жалпайып, Күләшті зорға басты. Күләш өйтіп ара түседі деген ойымда жоқ, мен үндемей отырдым да қалдым. Жуас, жылы жүзді Күләштің кейде өстіп қатуланатын кезі болатын.

ЖҮРЕК ШІРКІН ШЫДАМАПТЫ

1952 жылы күзде Күләш екеуміз күтпеген қайғыға ұшырадық. Ұлым Алдабектің өлімі Күләш екеумізді қатты есеңгіретті, көз жасымыз, күрсінісіміз көбейіп кетті.

1957 жылы көктемде «Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрімен бірге Күләш шетелге барады» деген әңгіме шықты. «Бір айдан кейін жүреміз» деп, Күләш киімдерін, айтатын әндерін дайындап жатты. Сөйтіп жүргенде Күләш бір күні үйге көңілсіз келді, әншейін жаралы аңдай сүйретіліп есіктен әрең кірді.

– Қана, құрыдым, я погибла, – деді.

– Не боп қалды?

– Қытайға бармайтын болдым. Үстімнен арыз түсіпті. Алты адам қол қойған көрінеді. «Арақ ішеді, гуляет» депті. Мұндай масқараны көргенше, өлгенім жақсы ғой, Қана.

Менің де ішім қан жылап кетті, бірақ Күләштің көңілін аулау керек болды. Әрнені айтып, жұбатуға тырысып жатырмын.

Екінші онкүндікке дайындықты жаңа бастаған кезіміз. Құрманбек ауырып қалып, барлық режиссерлік жұмыстар маған қарап тұрған. Мәскеуден театрға суретшілер шақыруым керек бола қалды да, дереу ұшып кеттім. «Пекин» қонақүйіне орналасқам, бара жұмысымды жайғай бастадым. Бір күні Күләш телефондады. Дауысында әбден шаршаған адамның белгісі бар.

– Қана, татарлардың онкүндігі өтіп жатыр екен ғой, «Алтыншашты» көрейін деп едім, мені бірдеңе етіп шақырып алшы.

– Жарайды, бір жөнін табармын, – дедім.

Күләшті аэропорттан күтіп алдым. Көңілі көтеріңкі көрінді. «Алтыншаш» операсына барған күні театрдан қайтқанымызда күн жауып кетті. Ертесі мен Алматыға ұшуым керек болатын, көп жұмыстар күтіп жатыр, онкүндікке дайындықты күшейтуіміз керек. Бөлмеге келіп аз отырдық.

– Қана, тынығайықшы, – деді Күләш. – Мен қатты шаршадым, таңертең мені оятпай кетіп қалшы, шабадан, киімдеріңді дайындап қойғанмын. Мен 5-інен кейін қайтамын, сол күні рейсімді айтып, тағы телеграмма берермін.

Таңертең оятпадым, ақырын түрегеп, еппен есіктен шығып кеттім. 5-і күні үйден шықпай, телеграмма күттім. Бір кезде қарасам, үйге Қалибек, Сәбит, Ғабит, мәдениет министрі Ә.Қанапин келе жатыр екен. Бәрін жиып алды да, Қанапин Күләштің қайтыс болғанын естіртті. Креслода сұлқ отырып қалыппын. Үйдің іші у-шу болып кетті. Жерлеу комиссиясы, бәрі даяр екен, сүйегін алып келуге ұшақ та әзірленіпті. Қасымда театрдың екі адамы бар, мен дереу Күләштің сүйегін әкелуге сол күні аттандым.

Күләшті алып қайтуға әзірлеп қойған екен, беті ғана ашық.

– Күлә, мен келдім! – дедім. Дедім де, еңіредім. Жыламаған адам жоқ. Мәскеуде де жұрт көп жиналды, жылап-сықтап, аэропорт толған қалың көпшілік шығарып салды.

Ваннаның қасына жетіп, жақтауына сүйенген күйі отыр дейді. Құламапты, тірі адамдай сүйеніп қана отыр екен. Отырған қалпы мәңгі ұйықтап кетіпті. Жүрек шіркін шыдамапты. Талай бақытты сәтті бастан кешкенде жарылмаған жүрек өстіп ойда жоқта жарылып кетіпті. Берерін беріп, дарыны мен талантын тауысып барып өлген жоқ Күләш. «Ең кереметімді енді көрсетем» деп жүргенде өлді. Өсу үстінде, шыңға өрлеп келе жатқанында кенеттен қайтыс болды. Оның шығармашылық жоспары, өнердегі арманы әлі көп еді. «Отеллода» Дездемонаның, «Травиатада» Виолеттаның партияларын айтуды армандайтын. Ол ойлары арман күйінде қалып кетті. Бізге де көп арман қалдырып кетті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Күләш Байсейітова
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар