Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қазақтың Қанипашы

08.09.2021 717

Қазақтың Қанипашы 12+

Белгілі әдебиетанушы ғалым, ұстаз Қанипаш Мәдібай шығармашылығы туралы бірер сөз

Еліміз тәуелсіздігін орнықтыру және нығайту жолындағы отыз жыл ішінде ғалымдарымыздың сіңірген еңбегі өте үлкен. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз» дей келе, ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу, іргелі ғылымды дамытуға бөлінетін грантты бес жылға ұзарту мәселелерін және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырғанын қадап айтты. Мұндай келелі өзгерістер еліміздің ғылымының сапалы дамуына, нағыз ғалымдардың шығармашылық шабытын өсіре түсері анық. Біз нағыз ғалым дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. Нағыз ғалымдарымыз тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңіндегі күрделі ахуалға қарамастан үлкен шаруалар атқарды. Осындай ғалымдарымыздың бірі - белгілі ғалым, Ұстаз, филология ғылымдарының докторы Қанипаш Қайсақызы Мәдібай. Бүгінгі сөз әдебиет әлемінде үлгі тұтар тұлға, ғылыми-шығармашылық ізденісте бағыт-бағдар көрсетер қамқоршы, ұстаздық қызметте тәлімгер-әріптестің шығармашылығы туралы.

Қ.Мәдібайдың ғылыми-оқытушылық бағытта атқарған қызметі мен жасаған істері әдеби-ғылыми ортаға ғана емес, қалың көпшілікке кеңінен танымал. Ұлт әдебиетінің арғы-бергі тарихының білгірі, ғалым мұраты мен ұстаздық қызметінің киесі мен қадірін түсініп қана қоймай, зерделілікпен үйлестіре білген даралығы; жазушының жан азабын сезіне алатын, кейіпкер жанының иірімдеріне бойлай алатын сыншылығы талайымызды тәнті етіп, жанымызға жылулық пен жылылық сыйлап келе жатқаны да шындық.

Оқуға құштар, білімге іңкәр болып өскен Қанипаш Қайсақызының өмір жолы өз құрбы-құрдастарынан аса ерекшелене қоймағанмен, әдебиет әлеміне деген лүпіл қаққан жас жүрегі, ұстаз болсам дейтін арман-тілегі өзгелерден озық ойлылығын, өзіндік аңсар-ниетін аңғартатын еді. Жетісудың көз арбайтын сұлулығына мейірі қанып, табиғаттың тылсымынан табиғилықты сіңіріп өскен, Алакөлден ұшып шыққан жас қанаттың құлашын еркін самғауына отбасынан, мұғалімдерінен, өскен ортасынан алған тағылымды тәрбиенің, сапалы білімнің, ақ батаның әсері болғандығы даусыз. Қарт ҚазПИ-дің арманшыл жастың талабын құптап, білімін нықтап, өмірге шырқап қосылуына дем бергені анық. Тіл-әдебиет майданының серкелері С. Қирабаев, Н. Ғабдуллин, Н. Оралбаева, т.б. алдынан сабақ алып, шынайы ұстаздықтың қыр-сырын, сыншылық, жазушылық кәсіптің алғышарттарын, ең бастысы, адамдықтың әліппесін, кісіліктің кітабын оқып-үйренді, көңілге тоқып, қиялына қанат қаққызды, көңіліне сенім ұялатты. Ұстаз ұлағатын көріп шыңдалды, аманатын орындап, адалдығын сіңірді. С.Қирабаев институттағы, Х.Сүйіншәлиев ғылымдағы, Т.Кәкішев ғылыми-педагогикалық ізденістеріндегі ұстаз-тәлімгерлері болды. Алдыңғы толқынның кісілігін кие тұтып, замандастарының ақжарма ықыласын сүйеу көріп, әріптес-ізбасарларының іэет-құрметіне ілтипат танытып, осы ортаның тынысын дұрыс бағамдап, өзіндік сүрлеу, баянды бағдар тапқан Қ. Мәдібайдың осал болуға хақысы болмады, ал айналасына үлгі боларлық сәті мол, тағлымының мәні терең.

Қ. Мәдібайдың әдеби-ғылыми, ұстаздық қызметі сан-салалы. Ал, негізгі саласын ХIХ ғасырдағы қазақ әдебиетін зерттеудің өзекті мәселелері, зар заман ағымы, Шортанбай Қанайұлының әдеби мұрасы, Махамбет, Дулат, Абай поэзиясының көкжиегі, әдеби үдеріс, әдебиеттану және сын, ұстаздық қызмет, ғылым жолындағы, шығармашылық ізденістегі жастармен жұмыс т.б. құрайды.

Ғалым өз шығармашылығында қазақ көркем сөз өнерінің ХIХ ғасырдағы жеткен биігі, қол жеткізген табысы, ағымдар мен бағыттары көркемдік даму деңгейі тұрғысынан жан-жақты қарастырады. Бұл кезең әдебиеті жайлы қадау-қадау еңбектер бар. Сол дәуірдің өкілі Ш.Уәлиханов еңбектерінен басталған үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Арнайы, жан-жақты қарастырған зерттеулер де баршылық. Кеңестік дәуірде зерделенген зерттеулердің дені саясаттың ықпалында, ыңғайында жазылғаны да жасырын емес. Ал, зерттеуші-ғалым Қ.Мәдібай «Қазақ әдебиетінің жауһар ғасыры» аталатын монографиясында бұл тақырыпты жаңаша көзқараспен талдайды.

Қисса-дастандардың қазақ әдебиетіндегі алатын орны ерекше. Бұл төңіректегі зерттеулердің басы Ш.Уәлихановтан басталып, жаңа дәуірдегі әдебиеттанудың басында тұрған А.Байтұрсынұлы бастаған ғалымдардың негіздеулерімен жалғасып, бүгінгі тұжырымдармен де толығу үстінде. Әр ғалымның көзқарасын, пікірін айқындай түсіп, жанр табиғатын танытудағы ілкі ойларын таратып айтатын ғалым құнды ойлардың басын қосып, бірыңғай тұжырымға негіздеп шығады. Және бұл орайда «жазба кітаби әдебиет, жаңғырған нәзира дәстүрі қазақ әдебиетіне жаңа өлең түрін қосып, жанрлар трансформациясын туғызған; аймақтық әдеби мектептердің негізгі даралық сипаттарын орнықтыруда ықпалды болған көркемдік дамудың ХIХ ғасырдағы негізгі бағыттарының бірі болды», деп ой қорытады.

Монографияда тарихи жырлардың ХIХ ғасырдағы әдебиеттің дамуындағы жаңа белес екенін айқындай келе, «ХIХ ғасырдағы тарихи жырлар сол ежелгі әдеби әдістің де, кейінгі ортағасырлық түрік эпосының жаратылысының да, кейінгі дәуірлердегі батырлық эпос, тарихи өлең-жырлардың да даралық сипаттары дарыған көркемдік құйылым. Сөз өнерінің алтын жамбысы», деп көрсетуі де ғылыми негізді, мығым тұжырым.

Дәстүрлі ән өлең мен айтыс өлеңнің ұлт өмірінің арғы-бергі тарихында алатын орны өлшеусіз. Заман ілгерілеген сайын өлеңнің бұл түрлерінің өміршеңдігі мен ел өмірімен біте қайнасып жатқандығы да даусыз. Дәуір үнін жеткізудегі орны мен маңызы да арта түскен. Ал ХIХ ғасырдағы жаңа жазба әдебиеттің қалыптасу кезеңіндегі түлеу мен дамудың, өсу мен өркендеудің шақтарындағы сәттерін, шарттарын түгендеп, ғылыми қисынын жүйелеп ұсынатын ғалым бұл тақырыптың тереңдеп зерделейтін тұстарын айқындап көрсетуі, кейінгілерге бағыт-бағдар беруі де керек дүние. Өнерпаз бен өнердің тұлғалануы, тұтас дүние тудырудағы өзара қарым-қатынасы, тіл, стиль, дәстүр, жаңашылдық сипатындағы оң өзгерістерді де тереңдей барлау жалғасын таба бермегі ескерусіз қалмақ емес.

Бұл кезеңнің әдебиеті сөз болғанда Махамбет пен Мұратты, Шортанбай мен Дулатты, Алтынсарин мен Абайды айтпау мүмкін емес. Әдебиетке жаңа өріс, тың тақырып, өзгеше өлшем, соны сүрлеу әкелгені де әмбеге аян. Тұтас дәуірдің панорамасын, заманның полотносын бедерлеген тұлғалардың шығармашылығы жеке-дара да, ағым-бағыт аясында да аз айтылған жоқ. Ал Мәдібай монографиясының мәнісі бөлек.

«Қай дәуірдің болмасын әдебиетін көркемдік даму жөнінен қарастыру – сол кезең әдебиетінің әрбір жеке өкілінің шығармашылық ерекшелігін, нақтылы бір кезеңдердің саяси бағдар, беталысын т.б. әрқилы көркемдік негіздерді мүмкіндігінше тұтас қамтып қарастыру» дейді зерттеуші ғалым. Және осы тұрғыдан мақсаты айқындала түседі. «Қазақ әдебиетінің жауһар ғасыры» не берді, не әкелді? Көркемдік көкжиегінің, кеңістігінің, әлемінің деңгейі не күйде? Алдыңғы толқын мен кейінгі буынның аралығын мінсіз жалғау міндетін қалай атқарды? Даму бағыттары мен танылым өрісі көркемдік талап деңгейінен көріне алды ма? Сұрақ көп болғанымен, жауап біреу және анық. Еңбектің өн бойынан осы сауалдарға жауап табылады, міндет пен мақсаттың жүйелі, мазмұнды, ғылыми негізде орындалғанына көз жеткіземіз. Зар заман ағымының әдебиет дамуындағы айрықша орны, Махамбеттің өлең өлкесіндегі өзгеше «мені», Дулаттың даралық сипаты, Мұраттың мұңды өлеңдері, Шортанбайдың шерлі жырлары, Абайдың ақындық әлемі, Ыбырайдың әңгімешілдік қыры т.б. жан-жақты қарастырылып, әдебиет айдынындағы қосқан үлесі мен алар орны тұжырымдалады. Жеке қаламгерлік болмысы мен ортақ әдебиет жасаудағы үлгісі сараланады. Зерттеушінің жекеден жалпыға деген ұстанымы үстемдік құрып, оңаша ойлардың жалпы үлгілерге айналуының себебін түсіндірудегі пікірі салмақты, тұжырымы айқын, көзқарасы орнықты.

Әдебиеттанушы ғалым Қ.Мәдібайдың сыншылық қырын жақсы танытатын еңбегі «Көркемдік кеңістігі» атты кітабы. Онда автор қазіргі қазақ әдебиетінің даму үдерісіне, бағыт-бағдарына, көркемдік әлеміне, қаламгерлік мұратына қатысты өзіндік көзқарастарын білдіреді. Әр түрлі жанрда қалам тербеген аға буын өкілдерінің, қатарлас-қаламдастың, кейінгі ізбасарлар мен жас қанат шәкірттерінің де шығармашылық мұратын, бастау, өсу, толысу, самғау орайындағы ізденістері мен іркілістері туралы әдеби-ғылыми пайымдаулары, шығармашылық келбетіне, адами әлеміне бойлау ұстындары, әлемдік кеңістіктегі қаламгерлік үрдіспен сабақтастыра, байланыстыра келе, ұлттық әдебиеттің өзіне тән сыр-сипатын шынайылықпен, тіпті, сырласа отырып, көркемдік әлем құпиясын игерудің сан алуан әдіс-тәсілдерінің жұмбағын бірге ашуға құмбылдық танытып отыратыны да табиғи һәм кәсібилік дер едік.

Қазақ романының ғасырдан аз уақыт асатын жүріп өткен жолындағы жекелеген қаламгерлердің шеберлік үрдістерін М. Әуезовтің «Абай жолы» секілді іргелі туындыдан бастап, күні кешегі Ж. Шаштайұлының «Аяз би» романына дейінгі аралықтағы аталмыш жанрдың атқарған жүгін көркемдік өріс аясында қарастыратын сыншы әңгіме, повесть жанрларының өзіне тән ықшам, жедел, өмір құбылыстарын игерудегі өзгеше әдіс-тәсілдердің қаламгерлер шығармашылығында көрініс табуын, шеберлік жолындағы ізденістерін де саралай, салыстыра отырып талдайды. Мәселен, суреткер жазушы Ғ.Мүсіреповтің шеберлігінің сырына үңіле келіп, қазақ әдебиетіне қосар үлесінің сүбелі екендігін алғашқы туындыларынан-ақ байқалатынын әдемі аңғартады. «Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық сыры – өзінше бір ұлы дария. Соның бір тамшысындай ғана «Тулаған толқындадан» сол ұлы дарияның жойқын ағыс күші, мөлдірі мен тұнығы, тереңі мен тегісі бастау алған». О.Бөкейдің «Қар қызы» туралы «Жазушы өмір аясындағы адам жанының арпалысын бағады. Ондағы жұмбақ күйлер, шырғалаңы арқау болған байырғы үлгілер, дәстүрінде жаңа көркемдік кеңістік түзуге ынтығады» деп жазушы әлемінің өзгешелігін, көркемдік құпиясын дөп басады.

Сыншылық көзқарастарының тегеурінді, қаламгерлердің жұмбақ әлемінің астарын ашуға келгенде әмбебап, қиюы келіспей тұрған дүниелерді байқауға, айтуға келгенде әдебиеттің қатал сақшысындай, ал «жас қаламгерлерде байқалмаған, дағдылы құбылыстардың құдіретін сезіндіріп жазуға талпыныс бар. Табыстары да жоқ емес» екенін айтып, бағыт-бағдарының дұрыс екендігіне сендіруі – болашағына жол сілтеп тұрған ұстаздай көрінеді.

Кеңестік кезеңдегі ақындардан кейінгі, яғни, тәуелсіздік кезеңіндегі поэзия өкілдерінің өзгешелігі, өлеңнің беталысы, жекелеген ақындар шығармаларындағы ізденістер мен үлестер сырының себебін, поэтикалық әлемдегі құбылыстар мәнісін зерделей келе, «Бүгінгі уақыттың өзекті күйлерін, өткен тарихтың тағылымын, келешектің баянды бағыттарын ұлттық сана, ұлттық болмыс, ұлттық мұраттар, ұлттық мүдделер, жалпыадамзаттық игіліктер ауқымында толғап отырған өміршең поэзия – халқымыздың сарқылмайтын рухани қуаты» екенін көрсетеді.

Ұлттық драматургия жанрының да өрі мен еңісі, биігі мен белесі болғанын білеміз. Тәуелсіздік кезеңіндегі драма өнерінің мұратын айқындай келе, «тәуелсіздік жылдарындағы драматургиялық туындыларды жаһандану дәуірінің, кезең болмысының зәру мәселелері көркемдік талқыға тартылып, рухани құбылыстарды заман келбетін сандаған типтік бейнелер, қалыпты өмір тартыс тары ауқымында ашуға ден қойылды», деп тұжырымдайды сыншы.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Мәдібайдың шығармашылығын тұтас қарастырғанда, әдебиеттің арғы-бергі тарихын түгендеу, жүлгелеп-жүйелеп зерттеу мен оқыту, әдеби үдерістегі әдебиеттің даму заңдылықтарын түйсіну, оның болашағының тұғырлылығы үшін түйткілді мәселелерін айқындап, бірлесіп шешумен қатар, ұлтжанды, ұлттық рухани құндылықтарды бойына сіңіріп өскен жастарды тәрбиелеуде ролі ерекше екенін көреміз. Бұл мәселелердің барлығында да өзіндік ұстаным-көзқарасы бар, парасат-пайымы жоғары, интеллектуалды әлеуеті мол белгілі ұстаз-ғалымға жаңа шығармашылық белестер тілейміз.

Шоқан Шортанбай,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университетінің аға оқытушысы

Алматы,

07.09.2021


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар