Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Керекулік жас ақындар...

11.10.2018 9917

Керекулік жас ақындар 12+

Керекулік жас ақындар - adebiportal.kz

Қарлығаш Қабай

Қызғалдақ құрбыма

Ғажайып екенсіз Голландқа бергісіз!

Сіз кімсіз?!

..Аспан ба?

Жоқ әлде Жермісіз?!

..Менің де ғұмырым-Қызғалдақ!

Тек оны...

Қай кезде үзері белгісіз...

Сұлулық болса ғой

Мәңгі жас!

Мәңгі өлмес!

Қазасыз!

Сіз неткен сұлусыз! Тазасыз!

..Ғұмырлық сұлулық тек қана өлеңде!

Бәлкім, сіз де өлең жазасыз?!

Мүмкін сіз ұлы ақын шығарсыз?!

Пенделіктен биік тұратын шығарсыз?!

Байқатпай осынау бар ғаламды

Мейірімді ерініңізбен сүйіп тұратын шығарсыз?!

Сіз кімсіз?

Жаралып әкесіз, шешесіз,

Неліктен келте өмір кешесіз?!

Планета делінген мейрамxанаға қош келдіңіз!

Не ішесіз?!

..Шаттық па?!

Жоқ, әлде, мұң бәлкім?

Даяшы бар ма екен?!

Тыңдар кім?!

Естілік ішіңіз есепсіз,

Өмірде өзінше жынды әркім...

Уа, құрбым!

Голландтан мәңгі жоғаласыз да,

Ата-жұртыңызға ораласыз ба?!

Жалқыннан жалқын күн кештім мен де,

Жан құрбым бола аласыз ба?!

***

Қолыңды берші!

Өртеніп кетейік екеуміз

Өткенің секілді..

Сондағы жалынның құшағы жайылып

қоғамды

Мейірім шарпысын не түрлі!

Өртеніп тұрайық,

Көркем ән шырқалсын қып-қызыл жалыннан!

Мен кеше малынған мейірім,

Дәл сенің өртенген жаныңнан алынған!

Қолыңды әкелші!

Өртеніп тұрайық екеуміз!

Өшпеші!

Аз емес онсыз да мен ішкен

Тағдырдың сұп-суық қойыртпақ кеспесі!

Ғаламға жылулық керек-ақ! Мен ұқтым!

Ал жылу ғаламды не істесін?!

өртейік

Мендегі жақұт мұң, сендегі бақытты,

Бітпейтін өлшемін әлемдік уақыттың!

Өртейік

Таусылмас тамызық-өмірдің шәркейін,

Маxаббаттың да қажеті жоқ бізге,

Мейрімнен өзгесін қайтейін!

Қолыңды әкелші!

Өртеніп кетейік

тұтанып бір тылсым сүйістен..

Мейрім аңқыған күлімізді

Күллі әлем құшақтап иіскер!

Өртеніп кетейік,өртеніп...

Нұрбек Кеңесбайұлы – 1991 жылы туған. Түркістандағы ХҚТУ-да журналистика мамандығы бойынша білім алған. Қазір Павлодар облысы, Успен аудандық «Аймақ ажары» газетінің шығарушы редакторы.

Сүгірет


Ауылда Борық дейтұғын,
Ескілеу үйіміз бар-тын.
Өзім көп желікпейтінім,
Жұпыны күйіміз бәлкім...

Сол үйде басталар түнді,
Аңсайтын бала есіл кейпім.
Біздің үй басқалар сынды,
Тым ерте шам өшірмейтін.

Кеш мәнін асырардай тым,
Кітабын қолға алғанда әкем.
Оқудан басын алмайтын,
Ермегі сол болған ба екен?···

Онда жоқ ес қатар жәйім,
Басталса зерікпес кешім.
Тігетін кеште апам дәйім,
Кергішке керіп кестесін.

Тіптен жоқ көшелі іс дейтін,
Түсінбен халын басқаның...
Әпкем көп есеп істейтін,
Тістелеп қарындаштарын.

Әр кеш көп сырғақтағанмын,
Селт етіп қыбыр етсе ағам-
Мен оның ұрлап қаламын,
Өзімше сүгірет салам.

Уақыт-сұм салды да ретке,
Ескі елес жолықпады алдан.
Сүгірет боп қалды жүректе,
Сол түндер Борықта қалған.

Біздің ауыл ол кезде борықта еді,
Борық шіркін-бозамық көрікті еді.
Құс легіне ілескен балалығым,
Сол ауылға кетіпті-ау теліп мені.

Онда менен шақ қалып небір есіл,
(Есер күндер ессіздеу не білесің···)
Сенен кетіп мұң кешкен менбе десем,
Жат қолында сен шерлі көрінесің...

Сенде менде қайтейік күйік басым,
Күйіп-пыссақ кетеміз иықтасып...
Саған жетсем тезірек тауға шықсам,
Сұлу жеңгем сүрінген сүйіп тасын.

Ал қазіргі сағыныш ел-мекен боп,
Түсімде ылғи жасымды көлдетем көп.
Әз анашым елеңдеп жүрген шығар,
Жаяулаған ел көрсе менбе екен деп...


Мені арманым жетелеп сенен кеткем,
Сосын келе бастағам өлеңге еппен...
Саған деген сағыныш жыр боп туса,
Екі-ақ елі жетпейді төбем көкке!!!

Өзгеріс Қуанар – 1991 жылы 16-қаңтарда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы Абай атындағы жалпы білім беретін орта мектебін тәмамдаған. Қарағанды «Болашақ» университеті фиолология факультетінің түлегі. Қазіргі таңда Павлодар облыстық «ERTIS» телеарнасында тілші болып қызмет атқарады.

Қазақтың көрнекті ақыны Жұматай Жақыпбаевтың 70 жылдығына арналған «Жұматай – жыр қағаны» атты республикалық жыр мүшәйрасының жүлдегері, Халықаралық «Менің досым» поэзия байқауының дипломанты.

Баянаула

Қатпар-қатпар тастарында сыр тұнған,
Баянаула бағзы мекен құлпырған.
Шың-құзынағашықболсаұлқызы,
Шалдарына "Кемпіртасы" бұртиған.



Қойнауындамыңжылдықтартоғысы,
Оғанкуəқалмақ-қазақсоғысы.
ҚапиядаажалқұшқанЖасыбай,
Елгемəлімерлігі мен мол ісі.



Жүрекжұтқаналпамсадайарысың,
Қолданбермейқалқанқылғаннамысын.
Қасыққанықалғаныншақасқайып,
Қарсытұрды ар үшін.



Батыр туғанбаһадүрлерелінен,
Небіржайсаңжерімдесеегілген.
ЖаяуМұсажұртымдесіпжұлқынып,
Жонарқасысөгілген.



Сұлтанмахмұтжарықшаштыкөгіннен,
Шартарапқакүнсəуледейтөгілген.
Қараңғылықтыңтіліп-тіліптаспасын
Қамшыболыпөрілген.



АлашболдыЖүсіпбектіңарманы,
(Осы болса, бұлөмірдің бар мəні).
Кенезесікеугенмынатірлікте,
Опасыздыққабармады.



Қаныштуып, сақтапқалдыбайлығын,
Асқақтатыпасқарелдіңайбынын.
Алтын-күміс, қола-мырыш мысы да
Өзен, тоғайайдынын.



Бодандықтыңбодауынанбусанған,
(Адамғажеткізбейді ау қусаарман.)
МəшһүрЖүсіпкелмегендеөмірге,
Дəлдүріштердінімізге от салған...

Тұлпар

Өткен күндер, көшкен күндер тәтті арман,

Өлең болып көкейімде жатталған.

Сайрап жатыр сол кездердің іздері,

Туған жерден алғаш ұзап аттанған.

Балаң-көңіл далада өскен елеңдеп,

Ауылыма ертең қайтып келем деп.

Сол кеткеннен мол кетіппін амал не,

Құлын-тағдыр ертіп кетті жетектеп.

Ауыздықпен алысушы ем тай мініп,

Арайланып атқан кезде таң күліп.

Өмір деген – жүйрік тұлпар екен ғой...

Әркім жайдақ міне бермес тай қылып.

Аласы бар, құласы бар өмірдің,

Маздап жатқан шоғы болар көмірдің.

Тәнге жылу сыйлағанмен не шара,

Жанға жылу береді екен қоңыр мұң.

Өз домбырам өзім ғана шертемін,

Күйім бөлек, үйім бөлек келтемін.

Қос ішектен төгілгенде күмбірлеп,

Өмір әнін қосыла айтып келемін.

Туған жерде кесілгенде тұсауым,

Бұзып-жарып қоршауы мен құрсауын.

Ышқынады, буырқанып тұлпар-күн,

Бетке алып кетіп барам жыр тауын

Ауыздықпен алысушы ем тай мініп,

Арайланып атқан кезде таң күліп.

Өмір деген – жүйрік тұлпар екен ғой...

Әркім жайдақ міне бермес тай қылып.

Мұсабек Сейсенбекұлы – 1993 жылы мамыр айының 20-шы жұлдызында Баянауыл ауданы, Күркелі селосына қарасты Шоманкөл ауылында дүниеге келген. Қ.Кеменгеров атындағы орта мектепте білім алып, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ді тәмәмдаған. Көптеген облыстық, аудандық мүшәйралардың жүлдегері.

КарЛАГ мұражайынан алған әсер

Сен қандай суық ғимарат едің?

Сызданып тұрған қабырғаң,

Талайды мұнда қинап әкелдің

Тартып алғандай тағдырдан.

Қанды жасыңмен жылап алыпсың

Қаймықпадың ба өткеннен?

Мұражай болып тұра қалыпсың

Мұң шертіп, өткен – кеткеннен.

Алақанға сап асалған шаңдыр,

Асқазан оған мойымайды.

Адам қолымен жасалған тағдыр

Әділдік таппай қоймайды.

Ақ көйлек киген мүсінді көрдім,

Қоршалған тормен аймағы

Ақ кебін сынды ішінде көрдің,

Ақтықтың сол бір айғағы.

Сұстанып тұрған қарауыл мүсін,

Шын сөзді теріс десің дей.

Бұйырса болды атқарған ісің

Тозақтың періштесіңдей.

Қараңғы суық ылғалды бөлме,

Өтердей ызғар аяқтан.

Аштықтан, яки суықтан өлген,

Немесе тағы таяқтан.

Атылған талай жазықсыз жандар,

Кінәсін қайтып ұғасың?

Жасырын жатып атқызған таңдар

Күбірлеп оқып дұғасын.

Зыңданды көрдім қараңғы суық,

Адам бойынан аспаған.

Қаусаған қартты айелді мейлі,

Сол жерге қамап тастаған.

Ол жердің болған мән – жәйі бәлкім,

Қалмас ешкімге байқалмай.

Тілсіздігінен бөлмелер салқын,

Өткеңді тұр-ау, айта алмай...

Шыңжыр кісенге шырмалған қолдар,

Шындықты айтқан үшін бе?

Соңғы сапарға апарған жолдар

Қып – қызыл қанның түсінде.

Зиялылардың іздері мұнда,

Жоқтаған кеше бар елі.

Қоршалған қанды тікенек сымға,

Қарағандының лагері.

Ұлыларымды ұлықтасың деп,

Ұтымды ойды өлшеттім.

Ұлтымның жауын ұмытпасың деп,

Ұлымды әкеп көрсеттім,

Ұрпағынды әкеп көрсеткін.

***

Қай іспен құдайға ұнаймыз?

Сұрауын пендеден сұрар.

Жалғанға келген соң жылаймыз,

Келгіміз келмеген шығар.

Сүреміз өмірді өлместей,

Жұлдызым ақпайтын шығар.

Дос болдық перімен, бөлместей,

Періштем сақтайтын шығар.

Сүйем деп гүлдерді алдадық,

Сезім де болмаған шығар.

Жүрегім мұз болып қалды анық,

Ал гүлім солмаған шығар.

Бұйырмас бақытқа таластық

Маңдайға бітпеген шынар.

Жетем деп бір жаққа, адастық,

Бізді ол жақ күтпеген шығар.

Өмірге шындай деп сенеміз,

Бақида тергейтін шығар.

Суынып кетеді денеміз

Өлгіміз келмейтін шығар,

Сөңгіміз келмейтің шығар.

Жоламан Əйткен – 1996 жылы, 18 наурызда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Жұмат Шанин ауылында дүниеге келген. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің түлегі. «Жыр жазамын жүрегімнен» атты жыр жинақтың авторы. Өлеңдері «Жыр-Тұмар», «Баян-Жыр» жинақтарында, республикалық, облыстық газет-журналдарда жарық көрген.

Сезім айнасы

Әлемде жоқ қой мінсіз адамың,
Дәлелде деме текке кеп.
Мен саған сосын гүлсіз барамын,
Үнсіз қаларсың өкпелеп.



Солып қалады гүл де арада,
Мәңгілік нені сағындық?!
Күншілдер көрер күнге қарама,
Айға қара да, жанымды ұқ.



Жанымды ұқ менің, ұққың келсе егер,
Өзгелер анық ұқпасы.
Биікке бірге шыққың келсе егер,
Жүректің, міне, тұтқасы.



Биікке шықсақ тек сенің арқаң,
Құлап та қалар кезіміз.
Өмір – сүргенге жеп-жеңіл, қалқам,
Қиындататын өзіміз!



Тағдырды адам сүрген бе жазып?!
Басқа жол шаршап іздеме.
Аруды сүйдім гүлден де нәзік,
Солмайтын қыста, күзде де.



Сəуле боп кіріп кей түнгі шақта,
Жанымда гүлдей жайнашы.
Кіршіксіз таза кейпіңді сақта,
Махаббатымның айнасы!

Сұрша қыз

Тағдырыма мұң біткен байланыпсың,

Түннен безген, мені мен айдан ықсын,

Ақтарылған сырымды түсінбеген,

Ақтармаған мұңымды қайдан ұқсын?!

Айналамның барлығы түгесілген,

Шықпай қойды бір əуен түк есімнен.

"Көрісерміз, Сұрша қыз Баянтауда",

Осы əнді, қарағым, білесің бе?!

Жасамай-ақ алакеуім шақта ылаң,

Жалғыз дауа өлеңге ақтарылам.

Ақынмын деп айтуға арланамын,

Арланамын біреудің тақпағынан.

"Сұрша қыз"-тын жасымнан өскен естіп,

Мұңды арқалап бабамыз көшкен өстіп.

Саған жазған жырыммен толығар ма,

Жүрегіңе орнаған бос кеңістік.

Бақыт бізді күтеді кім біледі,

Жемір мұңдар жүректі тілгіледі.

Қапаланар қоғамда сəттер қанша,

Сенің күлкің жүректің күндік емі.

Сырты бүтін жанымның іші елесте,

Көргенімнің барлығы түс емес пе.

Біз екеуміз суыдық əлдеқашан

Қайдағы жоқ нəрселер түседі еске.

Сенсіз мынау жалғанда өмір кешу –

Сепкендей боп тұрады көңілге су.

Өзім жұмбақ,

Сен жұмбақ,

Жұмбағыңды

мүмкін емес əзірге жеңіл шешу.

Ерболат Әміре – 1997 жылдың 10-сәуірінде Павлодар облысы, Екібастұз қаласы, Өлеңті ауылында дүниеге келген. «Қыркүйекте көктем бар», «Қалқа жүрек» жыр жинақтарының авторы. Өлеңдері республикалық, облыстық мерзімді басылымдарда басылып тұрады. Мемлекеттік жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталған. Академик Қ.Сәтпаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық инститтының студенті.

Туған жер

Үлпілдек қылған үмітті,

Көделі, дархан атырап.

Жаратқан ақын жігітті,

Сол асыл қара топырақ.

Іздейді мені сол өзен,

Іздейді ауыл,тал, ағаш.

...Емдеші мені тез, Өлең,

Жүрегім менің жара, рас!

Іздейді мені шаңырақ,

Іздейді жапан төсім де.

Алдыма допты салып ап,

Жүргенім ойнап есімде...

...Отырмын міне қамалып,

Шықпаймын көп те көшеге.

Іздейді мені балалық,

Жеткізем деп тұр әжеме...

Жоқ, әжем енді келмейді,

Қаңырап қалды босаға.

Сағынып сосын кел, мейлі,

Қарсы алмас ешкім, не шара!?

Тартылды менің өзенім,

Ауыл да әбден жүдеді.

Көргенде ақын өз елін

Шыдасын қалай жүрегі...

Сағымым тербеп күні-түн,

Туған жер шақырғанымен.

Қуантар ақын жігітін

Құр ғана топырағымен...

***

Көңілдегі мұң мен қайғым даласындай Бетбақтың.

Толқын, толқын теңіз болып кілтін соның Сен таптың.

Сондықтан да күйе жұқпай қоймайтын бұл жалғанда,

Кіршіксіз ақ пейіліңмен Сен сенген соң Мен де ақпын.

Даналығың - абырой мен арды ойлайсың әрдайым,

Сеніменен ада Менен бас ауыртқан бар уайым.

Жүрегімнің жыр - дастаны, жұмағы өзің жанымның,

Саған ғана ғұмырымды түгелдейін арнайын!

Тек жанымда жүрші менің Сыйы болып Құдайдың,

Қуыс жанды билемесін, күйлемесін ұдай мұң

Деген оймен тізе бүгіп барған сайын сәждеге,

Сені ғана жалбарынып Жаратқаннан сұраймын.

Тілегімді қабыл алсын көк пен жердің Иесі,

Сені ойлаған күні түні Мәжнүннің күйі осы!

Адамзаттың тарихында таңдай қағып айтатын,

Махаббаттың болайықшы аңызы мен киесі.

Келісесің бе?

Асылбек Бардам – 1995 жылы Монғолия, Баян-Өлгей қаласында дүниеге келген. Павлодар қалалық «Маxаббат жыры» байқауының 1-орын, Семей қаласында өткен аймақаралық «Жыршылар топта сөйлейді көкірегі даңғыл болған соң» мүшәйрасының 2-орын иегері. Павлодар мемелекеттік педагогикалық университетін бітірген.

Балбалтас

Мен өмірді тым өзгеше түсінем,

Бəрі маған мұңын шағып тұрғандай.

Кəрі дала ашық-шашық ішінен,

О балбал тас сормаңдай!

Ғасыр мүжіп, дауыл жеген кеудесін,

Тас сұлбаның естідім мен өксігін.

Сары далада сайтан саңғып кететін,

Көк бөрідей айқай салған көк шыңым!?

Тыр жалаңаш балбал тасты құшақтап,

Періштенің жылағанын естідім!

Тас кеудеден лүпілдей ме жүрегі,

Қорқыт тартқан күй аңсай ма түрінен?

Уақыттарға мұңын шағып тұратын,

О балбал тас тірі ме?

Жарықшақтан жасы тұрған сорғалап,

Сағына ма қашап салған егесін.

Жалғыз өзін жапан түзге қорлаған,

О адамдар неге шын?

О балбал тас сормаңдай!

Сен нелітен көп күрсіне бересің.

Мен өлгенде көмсін сенің жаныңа,

Балбал тасты жалғыз қалған демесін!

О балбал тас сормаңдай!

О балбал тассормаңдай!

***

Жастығым да барады асығып тым,

Елең етпей еңкейер есірік күн.

Жастығымның сарғайып гүлі тағы,

Жапырақтай бақтарда шашылып мұң.

Жастығым да оранды тағы да күз,

Белден ауған еліктей сабыламыз.

Жастығымның жазына қар жауыпты,

Мінеки тағы да күз, тағы да күз.

Аспан асты, жер үстін мекен еткен,

Күндеріме налыймын бекер өткен.

Жастығымның жазынан үзіп алып,

Өмір мені күзіне жетелеткен.

Жетегінде барамыз күздің тағы,

Толғатып-ақ тұр шығар қар құрсағы.

Менің жастық күнімнің тамырындай,

Тарс үзіліп барады жаздың жаны.

Жапырақтың беліне ызғар батып,

Сырғып бара жатыр-ау қайран уақыт.

Менің жастық шағымды міңгізіп ап,

Топ-топ болып, барады қаздар қайтып.

Рамазан Бауыржан – Монғолияның Баян-Өлгий қаласында дүниеге келген. Дәстүрлі «Яссауитану» байқауының облыстық кезеңінің І-орын, республиқалық деңгейдегі ынталандыру сыйлығының, Көкшетау қаласында өткен облыстық «Тұран тұрпатты – Мағжан» мүшəйрасының ІІІ орын иегері. Мағжан Жұмабаевты 125 жылдығына орай шығарылған төсбелгімен марапатталған. Қазіргі таңда Павлодар Мемлекеттік педагогикалық Университетінің 2-курс студенті.

Самарқау мезгіл

Сағымға сіңіп сарғалдақ.

Сыбызғы сырнай самалдың үні.

Жайқалған жаздың ажары қашып,

Бағбан бақтардың Базары солып,

Ғазиз мекенде ғазалдың жыры,

Сағым ескенде тал-қарағайлар,

Жаулығын шешіп, Ажалы жеткен

Ажалдың күні.

Самарқау мезгіл!!!

Құс тізбегінен әз үні қалса

Қоңырқай күздің бар мұңы тамса,

Бұлақты еміп жер-ана жатыр.

Сұрғылт күздей көр, әне, пақыр.

Күннің де қалып, қан ізі балша.

Жұпары аңқып, биылғы күздің паң, гүлі солса.

Самарқау мезгіл!

Күз лебі тартып, Жан жыры жеткен.

Күлік бұлт көшіп мекенініз деп.

Ақашатаулардың кемелін күзеп.

Сары ала қаздың саңқылы неткен.

Сары ала белден сарыла күткен,

Жаураған қыздай таң нұры кеткен

Тіршілік...

***

Қараша түн.

Қара кемпір күбірлеп бал ашатын.

Шын-өтірік аралас таласатын,

Таласатын және де жарасатын

Қараша түн.

Қараша түн.

Бал маxаббатшерттіргенғадауатын.

Жұлдызжауып,түніменаспанжақтан,

Бірмұңылықкүбірлепсалауатын.

Бір мұңылық күбірлеп салауатын,

Міне де алмай тақымдап жадауатын.

Қара сия, қара түн

Жыр жаза алмай тықыршып асау ақын.

Жыр жаза алмай тықыршып асау ақын,

Оқтан қашқан киіктей басы ауатын.

Сынық айға қарайды сағы сынған,

Темірқазық бауыр бұлтты тасалауын.

Темір қазық бауыр бұлтты тасалауын,

Маxаббатын паш етпей ғадауатын.

Ғашықтығын айта алмай Ай астында,

Бір мұңлық күбірлеп салауатын.

Раушан Аманкелдіқызы

Ішкі сыр

Сезімге ерік бермеймін,

Жазатын едім жырымда.

Қолымды әр кез сермеймін,

Сезімнен қорқатыным ба?

Білмеймін неге бұл күнде,

Тыншымай кетті жүрегім.

Шынайы емес күлкімде,

Таба алмай қойдым бір емін.

Басталды іште бұлқыныс,

Алтайдың әсем жерінде.

Әлдебір болып ұмтылыс,

Мазамда кетті меніңде.

Көзіне қарап сол жанның,

Белгісіз маған сырды ұқтым.

Мендегі мына қорғанның,

Қақпасын бұзды күл ғып кім?

Басатын аңдап қадамды,

Секемшіл мен бір қыз едім.

Білгеннен тағы шамамды,

Сезімді әр кез тежедім.

Осы жолы бағынды,

Ақыл да мендік жүректе.

Кеткеннен бері сағынды,

Көруді тағы тілепте.

Баладай қашып сезімнен,

Қондырмай жүрдім қолыма.

Ойнап жүрдім ба сезіммен,

Қалдым ба түсіп торына?..

***

Жыр жазбасам кетемін жабығып тым,

Кететіндей бір сәтте қамығып түн.

Аласұрып түнімен ұйықтай алмай,

Құдіретін өлеңнің тағы ұқтым.

Алыстатып алдым ба өлең сені?

Емеспін мен бүгінде неге еңселі?!

Түсінетін жанымды жан таба алмай,

Қатты сүйіп тағы да кетем сені.

Мына халық ақынның сөзіне ерген,

Өлең сені ғажаптың көзі дер ем!

Ғұмырымның бағы етіп бастан кетпес,

Сені маған Алланың өзі берген.

Жетпей жатсам кеш мені қадіріңе,

Бағынбасам мен кейбір әміріңе.

Бұл жыр құсын қондырған басыма әкеп,

Шексіз алғыс айтамын Тәңіріме.

Өміріме өзіңсің нұр боп тұрған,

Жанарыма кіршіксіз сыр боп тұнған.

Сырларынан жүректің сөз өріліп,

Лүпілінен маржандай жыр боп тынған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар