Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қызырбек Дүргінбайұлы: Пәлсапаңды қоя тұршы оу, ақ...

08.02.2016 3107

Қызырбек Дүргінбайұлы: Пәлсапаңды қоя тұршы оу, ақын...

Қызырбек Дүргінбайұлы: Пәлсапаңды қоя тұршы оу, ақын... - adebiportal.kz



11112.jpg

Ақын биік Алтайдан да...


Біздің жақта аспаннан Алтай биік,

Шың құздары күн сүйіп бұлт емеді.

Алты ай қатып жатады,

алты айда иіп.

Биігінде таутеке күлтеленіп,

Күн өтінде өреді арқар күйіп.

Бауырында баққан ел бес түлігін,

Бел астынан тұрады естіліп үн.

Бұл өлкенің Алтайдан халқы биік,

Аласасы жоқ таудан ешбірінің.

Боз інгеннің ботасын кимелетіп,

Көктем сайын жалғайды көш ғұмырын.

Көшбасшының көңіл-күй ыңылынан,

Сырға толы туады құбылып ән.

Ысқырықпен қойшысы күйін шертіп,

Жотасында бөрісі мұң ұлыған.

Иә, бізде аспаннан Алтай биік.

Ал ақыны тым биік Алтайдан да.

Көкірегі көк тірер шалқайғанда.

Көк аспанын жамылып көрпе қылып,

Жастық етіп жотасын жантайғанда.

Таудай болып көрінер ақын ғана

Келісейік осыған мақұлма аға!!!

Жүрек нәзік болғанмен көңіл епті

Бірақ таудай ақынның көбі кетті

Ақбұлттарға сіңіріп көздің жасын,

Талай рет қарт Алтай төгіп өтіп.

Айландырып шуаққа бозғыл басын,

Бауырында қара жер кебін етіп.

Ақ парақта аңыз жыл ізі қалып.

Күрсінгенде Алтайдың күзі налып.

Дұға оқыдым ақынға өлеңменен,

Әр шумағын ақ бұлттан үзіп алып.

Барады әне Алтайда аспан көшіп,

Жырдың жұмақ күндерін бастан кешіп.



Үзеңгіден үзілген рух


Жыртылып парақ жыршы лебізі.

Үзіліп рух жылқы мінезі.

Байталға сатып бақытын біреу,

Қанымдап алған құлқынын өзі.

Күйбең тірлігін күйттеген қысқа.

Бұйырық болып бүйт деген нұсқа.

Шөліңді бастың жайдақ сулардан,

Жалаған жаппай итпенен құста.

Сынаққа салып қас түрен дүбір.

Жігітке көкжал қасқыр өңді бір.

Итаяғынан құсық жалатты,

Иттігін жасап маскүнем ғұмыр.

Өлеңге етіп қаламды құрбан.

Даламды мынау харамдық ұрған.

Жер шарын сілкіп тастасам ба екен,

Арылтып бір сәт арамдығынан.

Мен жөн бір қайсы бақ тапты деп ең.

Сол бір сүрлеуді таптап бір келем.

Қаламым ащы запыран құсты,

Жазайын деп ем тәп тәтті өлең.



***


Пәлсапаңды қоя тұршы оу, ақын.

Саясаттан ластанды ауа тым.

Уағызға құлықсыздау құлағым,

Салттан алған бар азғана сауатым.

Фәтихаңды айта бермеші мақұлма!

Білем діннің қасиеті қаһында.

Есіңді жыи есі шыққан Еңсегей,

Ақыл айту ақымақтық ақынға.

Біздің өмір онсыздағы өлең шөп.

Мықты болсаң өлеңіңмен бер өлшеп.

Тексіздердің тамырын қи тіліңмен,

Арсыздардың ауызында телі емшек.

Ақылыңнан ашып бітті ми деген.

Қайда қалған сыйлы ғұмыр күйлі өлең.

Солқ еткізер жұмыр жердің жұлынын,

Қайда асау жыр жүген құрық тимеген.

Кім біледі ақымақпын мүмкін мен.

Өмір өзі түске оранған түр – түрлі өң.

Өлең өзі оқылып тұр қарашы,

Мың түрілі менің мысқыл күлкімнен...



Жазуындай құранның


Қаламыммен жортуылдап түн кезіп,

Қыр басына құлап кетті ойларым.

Жүгенім мен жамыраған жүлге жұп,

Жүрегімде маңырайды қойларым.

Мойыншағымнан желіге әкеп байлаған,

Тағдыр деген - өрген малдың күйісі.

Жылқы ойымды адыр жаққа айдаған.

Жылан жылғы жөргегімнің иісі.

Әуелеген ақ лақтың дауысы,

Ағытқандай көңілімді көгеннен.

Ботасына боздай-боздай тау іші,

Боз інгеннің боз желінін тел емген.

Қобыз жылап, өлең оқып жел үні.

Буыра шыңның өркешіне бұлт іліп.

Желпіндіріп бесті қымыз желігі,

Шу асаудай тұрам ылғи бұлқынып.

Қарт абызым ақ таяққа сүйеніп,

Қарайды алға қатуланып қабағы.

Арналарын аңыртасқа ие қып.

Қобда өзенім құлай ағып барады.

Алтайымның теріскейі ызғарлы.

Аңырайды әуені есіп бір әннің.

Айғыр жалды көк дөненнен із қалды.

жазығында Тұранның,

Жазуындай құранның.



Сағындым ауыл көктемін


Күзде кеткен

Құлазытып құла таң қыр алабын.

Қанатынан құстардың құлаған мұң,

Қар астынан гүл ашты көктем болып,

Қырат үнсіз тыңдайды бұлақ әнін.

Күнге беріп сауырын жылынып бір.

кермедегі сәйгүлік тынығып тұр.

Қаһарынан құтылып қатты қыстың,

Сора-сора жылайды жылымық қыр.

Томағалы қырандай тұғырдағы.

Құс ұйқылы келеді қыр ұлдары.

Алқын- жұлқын алысып асыр салып

Ойын қуар желпілдеп тұлымдары.

Арман сағым бұлдырап алты қырда.

Су кешушек Ақбұлақ алқымында.

Әжем сонда жағатын кілегейді,

Тілім-тілім су жеген балтырыма.

Қала келіп жегілдім жалқы мұңға

Тірлік қолын тіреді алқымыма.

Тағдырымның төбеті жаралаған,

Кілегей жоқ жағатын балтырыма.

Әжеее!!!


Қызырбек Дүргінбайұлы 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар