Қазақтың көрнекті жазушысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт 77 жасында пәниден бақиға озды. Қабырғалы қаламгерінен айрылған қалың жұрт, жазушының оқырмандары, көзін көріп сыйлас-дәмдес болған аға-інілері, қарындастары, ел ағалары, белгілі азаматтар қазаға ортақтастығын білдіріп, көңіл айту жазбаларын әлеуметтік желілерде жариялауда. Осы жазбалардың бір тобын жинақтап ұсынып отырмыз.
«Көркем сөз бен көсемсөздің шебері, мақамы бөлек Мархабат көкем келместің кемесіне мініп, кете барыпты…
Шер-ағаңызға неге асықтыңыз, аға? Көктемде ғана өзіңіз шақырып, кешкі алаудың жанында әсерлі, әдемі әңгіме айтқан Таупістелі мен Көкбұлақ, Бозторғай асуы мен Әулиебастау сізді сағынады. Бақұл болыңыз…», - деп жазады, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі. «Қайғыны бөліссең аязады», - деген қазақтың ізгі салтымен, жазушының отбасына, туыстарына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та көңіл айту сөзін жолдаған екен. Бұл туралы министр Дархан Қыдырәлі мырза былай деп желіде жаряилады: «Болмысы бекзат, бітімі бөлек, жазуы ерек, жаны жайсаң, алашқа ардақты, қалың қазаққа қадірлі қаламгер Мархабат ағаны ақтық сапарға, мәңгілік мекеніне шығарып салдық. Қаралы қауымға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көңіл айту сөзін жеткіздім».
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Балаева Аида Ғалымқызы жазушының қазасын естігеннен кейінгі өзінің көңіл-күй күйзелісін былайша жеткізеді: «Уақыт өткен сайын айналамыздағы жақсылардың қатары сиреп бара жатқаны қынжылтады. Өзім сыйлап, құрметтейтін сондай жандардың бірі – Мархабат Байғұт ағамыздың қазасын естіп, көңілім бұзылды.
Мархабат ағаны сонау 1999 жылы сол кездегі облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасына алғаш қызметке келген кезімнен танитын едім.
Ағамыз бүкіл саналы ғұмырын отандық журналистика саласына арнады. Қандай қызметте жүрсе де, қаламын қолынан тастамай қазақ әдебиетінің дамуына да үлес қосты. Мемлекеттік қызметтен босап, зейнетке шыққан соң да баспасөз ісінен қол үзген жоқ. Кәсіпке деген адалдық, руханиятқа деген шын берілгендік осылай болса керек
Талантты жазушы, дарынды драматург ағамыздың жазған шығармалары ұлттық прозамыздың алтын қорына рухани мұра болып қалады деп сенемін. Ағамыздың отбасының, жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Марқұмның Жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын».
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай қазанама жазбасында жазушы Мархабат Байғұт тұлғасы жайлы былай деп атап көрсетеді: «Оқырмандар арасында «ол кім еді?» дейтін қазақ кем деп ойлаймыз. Оңтүстіктің ырысы мен ынтымағының ұйтқысы бола білген ардақты азамат, көркем сөздің марғасқасы, көсемсөздің шебері, талантты жазушы Мархабат Байғұт бақилық болды.
Ол қарапайымдылығымен, отанына, туған өлкесіне деген сүйіспеншілігімен, қазақ әдебиетіне адалдығымен көрнекті суреткер еді. Бұл анықтаманы болашақ әлі дәлелдей түсетініне еш күмән жоқ. Алаш сыйлығының иегері, талантты қаламгердің шығармалары бірқатар түркі жұртына да таныс. Ал өзбек елінің Президенті Ш Мирзиеев отандастарына оның кітабын оқуға кеңес бергенін бүкіл ел біледі. Қазақ әдебиетінің қазынасын толықтырған өзге де лайықты кітаптары жетерлік.
Әңгіме жанрының классигіне мемлекеттік сыйлықтың бұйырмай қалуы – әділ шешімдерден емес деседі. Ал, әділдіктің кешігуі – қашанда қолымызды кеш серметеді.
Махаң туған жері – Таупістелінің атын әлемге айдай танытты, Машатты, Ақсу-Жабағылыны, Ордабасыны ұмытпай, жайнаған Жетісайды да, сыр тұнған Созақты да, түлеген Түркістанды да жырлады. Жердің, елдің жанашыры қашанда халықтың жоғын түгендеуді парыз санады. Мархабат БАЙҒҰТ шындықтың шырылын, мірдің оғындай сөзін, өтімді әзілін, қисынды ұсынысын халыққа, билікке жазып та, айтып та жеткізуден жалықпайтын.
Мұның бәріне шығармашыл тұлға, әдетте, жұмсақ жүрегінің қайратын жұмсады, қуатын арнады.
Мархабат Байғұттың қазасына байланысты отбасына, туған-туыстарына, замандастарына, жалпы әдебиет сүйер қауымға қайғырып, көңіл айтамыз. Тағдырға сабыр ету – мұсылмандыққа тән қасиет. Алла ұрпағына сабыр берсін!
Оның жарқын есімі оқырмандарының есінде мәңгі сақталады. Сонымен бірге Түркістан облысы мен Шымкент шаһары руханиятында оның сіңірген еңбегі айтарлықтай, қоғам қайраткерінің алатын орны да ерекше еді. Сондықтан осы өңірлерде жазушылар мен журналистердің тұтас бір дәуірінің дәстүрін, қадір-қасиетін сақтап, дамытуға атсалысқан Мархабат Байғұт атындағы әдебиет музейін ашса, марқұмның артында қалдырған әдеби мұрасына құрмет қана емес, жастарды тәрбиелеу ісінде өте маңызды әрі тиімді мәдениет ошағы болатыны сөзсіз».
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, жазушының қаламдас, жерлес інісі, ақын Қазыбек Иса «Мархабат мақамы» деген тақырыппен толғанысты жазбасын арнаған екен: «Бұл өмірден қазақ әдебиетінің марғасқасы Мархабат Байғұт ағамыз да өтіпті… Алла алдынан жарылқасын!
Қазақ прозасында Мархабат мақамы бар. Бүгінгінің Бейімбеті аталған жазушының шығармалары өзіне тән юморы, жеңіл әзілі мен көркемдік шеберлігі, бай тілімен баурап алып, терең иіріміне тарта жөнеледі.
«Әдебиетті көп адам жасамайды. Әдебиет – жеке адамдардың еңбегінің жемісі. Біздің тәуелсіз еліміз енді-енді еңсе көтеріп, өркениетті, дамыған елдердің қатарына енді-енді қосылып келеді. Бұл жолда жеңісіміз де, шегінісіміз де, дағдарысымыз да аз болмады. Бұдан кейін де төрт құбыламыз түгел, уайым-қайғысыз өмірге оп-оңай қойып кеткелі отырғанымыз жоқ. Алдымызда қыруар жұмыс күтіп тұр. Демек, әдебиеттің де алатын қамалдары мен асатын биіктері аласармақ емес. «Где все хорошо, там писателю делать нечего», - депті ғой Бернард Шоу деген ағылшындық қаламгер. Ал, бізде проблема көп. Проблема көп жерде жазушы ауадай қажет. Себебі, сол проблемаларды жолға қою үшін қара күш, дөрекі сөз емес, Бернард Шоудың юморындай мәдениетті мысқыл, уытты сарказм керек. Ондай юмор мен сарказмның иесі арамызда жүр. Оның аты-жөні – Мархабат Байғұт», - дейді әйгілі жазушы Дулат Исабеков.
1988 жылы болуы керек, Оңтүстік Қазақстан облысында сол кездегі дәстүрлі республикалық «Жігер» фестиваліне жас ақын-жазушылардың іріктеуінде сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Мархабат Байғұт бастаған әділқазылар поэзиядан мені, сатирадан Әкім Ысқақ екеумізге жолдама берді. Құдайға шүкір, екеуміз де Алматыда өткен республикалық фестивалдан зор табыспен оралдық.
2018 жылы Мархабат Байғұт шығармасы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Алғашқы іріктеуде оқ бойы озық келе жатқан Марғабат Байғұт пен ақын Ғалым Жайлыбайды соңғы іріктеуде «комиссия» сүріндірді… Бұған әдеби қауым өз наразылықтарын білдіріп жатты.
Біздің «Қазақ үні» ұлттық порталы мен газетінің дәстүрлі «Жыл адамы» байқауында Мархабат Байғұт пен Ғалым Жайлыбай екеуі оқырмандар таңдауымен бір ауыздан «Жыл Қаламгері» атанды.
Бұны естіп, Махаң ел ықыласына ырза болып, қатты қуанып қалды. «Енді Мемлекеттік сыйлыққа түспеймін. Қитұрқысы көп екен», - деген еді сонда…
2020 жылы күзде Түркістан облысы қаламгерлерді облыс жетістіктерімен таныстырғанда бізді Түлкібас ауданына апарды. Түлкібас десе еске бірден Махаң түсетіні белгілі. Хабарластым, «Сіздің елге бара жатырмыз, қайдасыз?» - деп, «Есіттім, белім шойырылып, тұра алмай жатырмын», - дегесін телефонда біраз әңгімелестік. Түлкібас ауданын Махаңның ұлы Нұрлан басқарып отыр екен, қаламгерлерді жылы шырайлы қабылдап, ауданды аралатып, жақсы күтіп жіберді.
2021 жылы депутаттық сапармен елге барғанда да Махаңа хабарласып едім, ауырып жатқанын айтты. Биыл да қазан айында іздегенде ел Махаңның төсек тартып жатқанын айтқан еді…
Мархабат Байғұттың қай әңгімесін оқысаңыз да өмірдің өзі. Кейінгі оқыған «Махаббатым сізге арналады» атты әңгімесі лирикалық мұңға тұнып тұрған мөлдіреген туынды еді…
Мархабат ағамыздың отбасына, туған-туыстарына көңіл айтамыз. Сүйікті жазушысынан айрылған жалпы қазақ халқына көңіл айтамыз. Пейіште рухы шалқи бергей! Қазақ әдебиеті бар да, Қазақтың көрнекті жазушысы Мархабат Байғұт бар! Иманы саламат болсын!»
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қаламы қарымды жазушы Мархабат Байғұттың қазасына байланысты мынадай қысқаша жазба қалдырған екен: «Алаш әдебиеті тағы да қара жамылды!
«Марқұм» деуге қимайтын асыл жан, қазақ прозасын қайталанбас шығармаларымен биіктеткен марғасқа жазушы, ұлтымыздың ұлағатты ұлы, қайраткер тұлға Мархабат Байғұт дүниеден өтті.
Қаламдастары мен қалың оқырман қауымы аһ ұрып жоқтап жатыр... Бақұл болыңыз, ардақты аға!»
ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, ақын Бауыржан Жақып: «Түркі дүниесінің Тұлғасы еді!» - дей отырып, Мархабат Байғұттың адами, қаламгерлік келбеті жайлы естелігін бөліскен екен: «Қазіргі қазақ әдебиетінің классигі Мархабат Байғұт ағамыздың дүниеден озғанын естіп жүрек жылап отыр! Соңғы рет ол кісімен Алматыда жүздестік.
Осы жылғы жаз айларының бірінде, «Ақкент» шағын ауданындағы үйімнен жұмысқа шығып бара жатыр едім. Төмен жақтағы көрші үйден Орысбай Әбілдаев пен Баян тәтем, Мархабат аға мен Қыздаркүл жеңешем шығып келеді екен. Өздері көңілді. КазГУ-де университет бітіргендеріне айтулы дата толып, соған кездесуге бара жатыр екен. Бұл кісілер құдай қосқан құда. Мархабат ағаның дүниеден ерте озған Баубек деген баласы мен Орекеңнің ортаншы қызы ертеректе тағдыр қосқан. Одан бірнеше ортақ немерелері бар…
Емен-жарқын амандасып, қауқылдасып қалдық. Ауладағы ұзын орындыққа отырып, хал-жай сұрастық. Мархабат ағам өзінің қашанғы өзгермейтін қалпымен жылы жымиып, нұрын төгіп, ерекше бір мейірім шуағын шашып адамның бауырына кіре әңгіме созып, біраз аялдадық. Жазушылар Одағы мен Ақтөбе облыстық әкімдігі бәйгесінде алған Тобық Жармағамбетов атындағы сыйлық алғанына Ұлықбек інісіне, маған алғысын жаудырып-ақ жатыр.
Қайран қатал тағдыр-ай! Бұл менің ол кісіні соңғы рет көруім екен-ау! Кейін тағы бір мәрте телефон арқылы сөйлестім. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай қыркүйектің 28-жұлдызында Семейдегі шараға Мемлекет басшысы баратынын, соған Әуезовтің қазіргі көрнекті ізбасары ретінде барып қайта аласыз ба? - деп сұрағанымда, өзінің сырқаттанып жатқанын айтты! Бұл ол кісімен соңғы тілдесуім екен! Кейін Шымкентке жол түсіп барғанда, жүрегіне ота жасатқан ағамызға көңіл сұрай барып шыға алмадық. Отадан кейін үйге шығыпты, бірақ ешкімді кіргізбейді екен! Дәрігерлер сондай тыйым салыпты, - деді білетіндер. Тек сәлем айттық, жақын-жуықтардан .Одан бері де көп өткен жоқ! Жазылып кетуін Алладан тілеп жүрдік. Амал нешік, қайырымсыз ажал Ағамызды жеңіп тыныпты. Өкініш өзекті өртейді.
Оңтүстік өңіріндегі әдебиет дегенде, алдымен тілге Мархабат Байғұт есімі оралатын еді. Біз қайбір сапармен Шымкент, Түркістанға барсақ, алдымыздан өзіне ғана тән жылы жымиысымен Мархабат аға шығатын. Сонау бір жылы Елбасы Түркістан қаласында этноорталықтың ашылуына келіп, он шақты қазақ зиялысымен кездескенде, ортамызда Мархабат аға болып еді. Бір жылдары Ұлықбек, Ғалым үшеуіміз Темірғали Көпбаевтың 50 жылдығына барғанымызда Шымкенттің сәулетті сарайының бірінде сөз тізгінін өзі ұстап еді. Ханбибі Есенқарақызының 70 жылдығында марқұм Көпен аға екеуі салтанатты кешті әдемі жүргізген. Қасымхан Бегмановтың 60 жылдық тойына Түркістанға барғанымызда, тағы да алдымыздан Мархабат ағам шықты. Айта берсең, ұшы-қиырсыз көп кездесу, жарқын жүздесулер.
Мархабат аға ақырын жүріп, анық басатын,көркем мінезді, жазғандары ел жүрегіне ұя салған аса дарынды жазушы, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қайраткер тұлғамыз еді. Берісі – алты алашқа, арысы – бүкіл түркі дүниесіне танымал болатын. Кейінгі жылдар бедерінің өзінде Ұлы Жібек Жолындағы орналасқан Түркістан шаһары туралы тарихи деректі шығармасы Бейжіңнен қытай тілінде жарық көріп еді. Ал оның «Әкімнің әйелі» шығармасын көрші ел Өзбекстанның Президенті Шавқат Мирзиеев барлық өзбек шенеуніктеріне сөз арнап, қазақ жазушысы Мархабат Байғұттың «Хокимнің хотуны» прозалық шығармасын оқып шығуға үлкен жиын үстінде пәрмен беріпті. Осыдан екі-үш жылдай бұрын алыстағы Түркияда Мархабат ағаның кітабы түрік тілінде басылып шығып, «Түркі дүниесіне зор қызметі үшін» мәртебелі сыйлығымен марапатталды. Осының өзі қандай ұлы жазушымыздан көз жазып қалғанымызды аңғартатын мысалдар .
Мархабат ағаның жақын-туыстарына, барша қазақ еліне ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын! Бақұл бол қара сөздің су төгілмес үстінен сұлу жорғасы, Асыл Аға! Жаныңыз жәннаттың төрінен орын алып, кәусар бұлағынан сусындаңыз, Жан Аға! Біз Сізді ұмытпаймыз!»
Академик, қоғам қайраткері Оразалы Сабден Мархабат Байғұттай тамаша талантты жазушының Астана мен Алматыдан жырақ, ел ішінде шыармашылықпен шұғылданып, қарапайым тіршілік кешкенін атап өтеді: «Оңтүстік өңірінің тумасы, белгілі қайраткер жазушы Мархабат Байғұтов өмірден озды. Бізде жазушылардың дені басым көпшілігі Алматы мен Астанаға шоғырланады. Себебі билік те, мансап та, жағымпаздық та сонда. Ал аймақтарда халқына риясыз еңбек еткен Мархабаттай жазушы кемде кем. Сол себептен де өткенде ҚР Мемлекеттік сыйлығы да өтіп тұрған сәтінен Мархабатқа бұйырмады. Егер жаңа Қазақстанды құрғымыз келсе бәрін орталыққа жинап беруден арылуымыз керек. Құндылықтар ауылда!
Сол ауылдан шыққан Мархабат Байғұтов.
Қазақстанның нағыз патриот жазушысы, оның ішінде 3 миллионнан астам Оңтүстік өңірі халқының сүйіктісі еді. Жаның жәннатта болсын бауырым!»
Жазушы-публицист Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев) «Алаштың ардақтысы еді» деген тақырыппен қалдырған жазбасында сыйлас, қаламдас ағасы Мархабат Байғұттың өмір, шығармашылық жолы туралы тарқатып айтады: «Мархабат Байғұт десе Оңтүстік Қазақстан облысының әдебиеттегі бәйтерегі сияқты көрінетін. Іс жүзінде ол бір өңірдің емес тұтас қазақ әдебиетінің бәйтерегіне айналып үлгерген. Өзінің де кісілік қалпы, адами тұрқы, айналасына жанашыр мінезі ерекшеленіп тұратын. Аса бір жақын қарым-қатынасымыз болмаса да бір-бірімізге деген ықылас-ниетіміз түзу, құрметіміз басым болатын. Көргенде ағалық жымиысымен құшағына алатын. Үлкен жүректі жан екендігі сөйлеген алғашқы сөздерінен-ақ аңғарылып тұратын. Талай жиындарда, бас қосуларда кездесіп жүрдік.
Өзі жазушы, өзі журналист, өзі аудармашы әмбебап қаламгер ретінде танылды. Оның публицистік мақалаларын «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» басылымдарынан жиі көретінбіз. Шетелдік жазушылардың әлденеше шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Өзі де ондаған кітаптар жазды. Әсіресе «Интернаттың баласы», «Машаттағы махаббат», «Дауыстың түсі» сияқты шығармалары оқырман жүрегінен орын тапқан, жастарға үлгі-өнеге боларлық кітаптар еді. Адами қарым-қатынастардың рухани байлық сыйлайтын құдіретін ерекше шеберлікпен суреттейтін. Ұстаз ұрпаққа білім берсе, жазушы рухани тәрбие береді ғой. Мархабат ағам сондай рухани биікке үндеген қаламгер, Алаштың ардақтысына айналған азамат болатын. Жемісті белсенділігі, ұлтжанды мінезі, қоғамдық қайраткерлігі үшін ондаған сыйлықтар мен марапаттардың иегері атанды. Ол марапаттарының бәріне шынайы түрде лайықты болатын.
Сол ағам міне, 77 жасында келместің кемесіне мініп кете барыпты. Алла тағалам алдынан жарылқасын! Осы дүниеде біліп істеген, білмей істеген күнәлары болса Жаратқан Иеміз мағфират етіп жаннаттан орын берсін! Отбасына, Қыздаркүл жеңгемізге, ұлдары мен қыздарына, барша туған-туыстарына, қалың оқырман қауымына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Иманы саламат болсын ағамыздың!»
Жазушы, драматург Роза Мұқанова жазушы ағасының қазасына байланысты былай деп жазған екен: Сабырлы, салиқалы, кеңдігі елінің даласындай, мейірімді, ұлт әдебиетінің көрнекті тұлғасы аяулы Махаң, Мархаббат Байғұт дүниеден көшкен екен. Ең өкініштісі жақсы мен жайсаң жылыстап кетіп жатыр... Өмір деген осы... Көкө деп еркелетіп, алыстан қоңырау шалатын жып-жылы қоңыр дауыс енді естілмейді десеңізші...
Қалың елге, оқырманына, ағайын-туғанына, отбасына көңіл айтамыз. Алла алдынан жарылқасын, иман байлығын берсін!»
Белгілі жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы қаламдас ағасының қазасына қабырғасы қайыса отырып, таланттарды тірісінде бағалау керектігі жайында кеңінен толғап, былай деп жазады: «Жалған дүниеге кімдер келіп, кімдер өтпей жатыр, ол табиғат заңы ғой, бәріміз де уақыты келгенде фәниге қош деп өте бермекші екенбіз! Тірі жүргендер бір күні әке-шешеден, бір күні ағайын-туыстан айрылып, қан жұтып жатары тағы бар. Жұмыр басты пенделерді бір-бірінен алалаудан, бірін асырып, бірін төмендетіп жатудан аулақпыз, десе де мына жарық дүниеден жер бетінің барлық зілі мен ауыртпалығын өз жүрегі арқылы өткізіп жататын қаламгер-замандас өте шыққанда, жаның еріксіз езіледі екен: бүгін таң атпай оңтүстік өңірден сондай суық хабар жетті; қабырғалы қаламгер Мархабат аға Байғұт мәңгі мекеніне бет бұрыпты!
Мархабат Байғұт – өзіндік жазу машығы бар, ешкімге еліктемеген, шығармаларында тұңғиық ойы мен шынайы сезімі мен мұндалап көрініп тұратын сыршыл қаламгер еді! Тамаша әңгімелер жазды, оқылымды повестер тудырды. Әр шығармасы оқырманның жүрегіне жол тапты, ойландырды, толғандырды. Әсіресе, кейінгі жас оқырман Мархабат-жазушыны ұнатты, іздеп жүріп оқыды, талантына тәнті болды. Амал қанша, тағы да берері бар еді, жарық жалғанды біздерге қалдырды да, өзі қол бұлғап кете барды...
Осындайда ойға келеді: біз осы күні қазақ руханиятының ауыр жүгін белі қайыса көтеріп жүрген, көтерісіп келе жатқан саусақпен санарлықтай талант-қаламгерлерді тиісінше қадірлеп, ретті жерінде ірілікке салып, марапат-сыйлық бөлісерде адалдыққа жүгіне алып жүрміз бе? Егер шындық туын әрдайым жоғары көтеріп келеміз десек, өз арымыздың алдында өзіміз ұялармыз ба? Әсіресе, айтары бар, өтімді, ойы терең, оқырман жүрегін тербеген көркем шығармаларға екі жылда бір берілетін мемсыйлық айналасында сөз де, әңгіме де көп. Талантты туындылар таразы басында бақ сынаса, оған өкпе болар ма! Таза көркем туындыны былай ысырып қоя тұрып, мақалалар мен эсселер, зерттемелер топтамасын алға оздырып жатарымыз өтірік пе? Шын көркем шығарманың мерейін асқақтатар болсақ, күні кешегі Рахымжан Отарбаевқа, Несіпбек Дәутайұлына, Көпен Әмірбекке, бүгін жарық дүниеден озған Мархабат Байғұтқа, тағы басқа ел мойындаған таланттарға сол сыйлықты дау-дамайсыз-ақ бермес пе едік! Енді көзі тірі ақындар Байбота Қошым-Ноғайға, Мейірхан Ақдәулетке, Шәһизада Әбдікәрімовке, Светқали Нұржанға, ғалымдар Бақыт Сарбалаға, Әмірхан Меңдекеге, Құлбек Ергөбекке, прозашылар Қуандық Түменбайға, Жүсіпбек Қорғасбекке, Нұрғали Оразға, драматургтер Сұлтанәлі Балғабайға, Исраил Сапарбайға, Серік Асылбекке, тағы басқа да менің есіме түспей қалған көркем әдебиеттің бүгінгі айтулы тұлғаларына айналған талантты қаламгерлерге оң көзқарас байқатып, сыйлық жайы тілге тиек болғанда шындық деген Шынарға жүгінсек қой! Сыйлық – мақтангершілік үшін емес, айналып келгенде өзімізді өзіміз сыйлау, өз еңбегімізді өзіміз бағалау болмас па!
...Мына сөздер, Мархабат аға, өзіңізбен мәңгіге қоштасу сәтінде ойыма еріксіз оралды, амалсыз жаздым. Сіз енді мына шуылдақ дүниенің шуылынан да, талас-тартысынан да бой тасаладыңыз – жайлы мекеніңізге аттандыңыз! Таласқа түсетін тағы да бізбіз!
Қош болыңыз, қазақ прозасының бір бәйтерегі! Жатқан жеріңіз жайлы болсын!»
Қазақтың арда ақыны Қасымхан Бегманов былай деп жазады: «Бүгінгі күннің, біздің заманның алыптары, классиктері біртіндеп кетіп жатыр...
Біздің меңіреу қоғам ештеңе болмағандай дел-сал. Есенғали Раушанов, Жәркен Бөдеш, Несіпбек Дәутай, Көпен Әмірбек, енді міне, Мархабат Байғұт кетті.
Бұлар – түгел бүгінгі қазақ әдебиетінің алыптары, классиктері болатын. Осы ақын-жазушыларды бүкіл ұлт болып аза тұтуымыз керек еді. Мемлекеттік деңгейде түрлі әдеби іс-шаралар өткізіп, еске алып, халыққа кімнің кеткені жайлы жан-жақты насихатталуы керек еді. Ал, бізде жым-жырт...
Қаражаты аз Қазақстан Жазушылар одағы деңгейінде ғана насихатталып, жоқталып жүргені жасырын емес. Ақын-жазушылардың деңгейін айыра алатын, әдебиетті терең білетін, шексіз сүйетін халық ішіндегі парасатты оқырмандар ғана шырылдап отыратыны тағы рас.
Болды... Жетісі өткенше желіде жазамыз. Қырқы, жылы өткенде аздап еске аламыз. Сосын тірліктің жетегінде бет-бетімізбен кете барамыз.
Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жылдан асты. Әлі күнге дейін ұлттық идеологияның тұтастығы айқындалған жоқ. Өздері ұнатқандарына мемлекеттік сыйлықтан бастап, орден-медальдар «таратумен» ұлттық идеология қалыптаспайды.
Дарынды жазушы Жүсіпбек Қорғасбек бүгін өз парақшасында: «Қаза үстінде айтылатын сөз емес. Бірақ елдің бәрінің ойында тұрған сөзді жасырмайсың. Осы Несіпбек Дәутайұлы мен Мархаббат Байғұтты мемсыйлықтан құлатқан кімдер екен? Меніңше солар отаншыл емес, мемлекетшіл емес, әділетті адамдар емес», - деп ашынып жазды.
Қазақша кітап оқымақ түгілі, қазақша сөйлей алмайтындарды бұл комиссияға кімдер қосып, осылайша комиссияны өз ыңғайларына қарай құрып отырғандарды ашып айтатын уақыт жетті.
Әдебиетті көтеретіндер – классиктер! Әдебиетті саясиландыруға болмайды. Классиктер екі дүниеде саяси «қақпайлауға» көнбейді. Осыны түсінуге көп ақылдың керегі жоқ шығар.
Сәби дүниеге келгенде, ұл не қыз өмірге келгенін айыра алады, ол - орынды, өйткені жынысы көрініп тұрады. Ал, адам өмірден өткенде оның еңбегіне қарап бағалануы тиіс емес пе?
Ал, ақын-жазушылар дүниеден өткенде шығармаларын дұрыстап оқымағандықтан, еңбектері өз деңгейінде бағаланбағандықтан кімнің өткенін айыра алмау, сыпайылап айтқанда - халықтан ұят. Ешкім халықтан үлкен емес.
Кезінде классиктер – Жәркен мен Есенғалидың, Несіпбектің жерлеуінде өте аз адамның болуы жанымды жабырқатқан еді. Айтатын сылтауымыз көп. Мархабат Байғұттай классикті өңір деңгейінде өз ауылына жерленетін болды дегенге қатты құлазып отырмын. Өз еліне жерленгені дұрыс- ау, классикті өңір деңгейінде ғана соңғы сапарына шығарып салу дұрыс емес деп ойлаймын. Кешегі кеңес үкіметі кезінде мемлекеттік жерлеу комиссиясы құрылатын...
Қаршадай кезімде Мархабат ағамның қасында көп жүріп едім. Шымкентте ұзақ жыл көрші тұрып, ағалы-інілі болып, сыйласып едік. Бір- біріміздің шығармашылығымыз жайлы кездескенде риясыз, тек жақсы, жылы сөздер айтатын едік. Жаныңыз жәннатта болсын, ардақты Мархабат аға! Ұрпақтарыңыз, асыл жарыңыз Қыздаркүл жеңгеміз аман-есен болсын деп тілек тілеймін.»
Республикалық «Хабар» агенттігі АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли де өзінің әлемжелі парағында қазанамалық жазбасын қалдырған екен:
Аспанда жұлдыздар сиреп барады. Қайтуы жоқ сапардың кезегі Мархабат аға Байғұтқа да келіпті. Аз бұрын ғана Көпен ағамен қоштасып едік. Қазақтың асылдары неге асықты? Бірақ, ажал деген мықтыға ешкімнің де шарасы жоғы тағы рас.
Мархабат аға мінезі жібектен жұмсақ, пейілі даладай кең аға еді ғой жарықтық. Әр кітабы жарық көрген сайын, ұмытпай жіберіп отырушы еді. Бір ай бұрын ғана соңғы кітабы «Мархаббат мақамдарын» арнайы беріп жіберген екен. Ерекше ықыласпен қабылдап едім. Денсаулығы мазалап жүрен еді. Сонда қоштасқаны екен ғой. Кім білген!? Жүрегінің көзі ашық асыл аға жақындап қалған ажалдың демін сезген екен-ау.
Артында аңырап алты алаш қалды. Боз төбеде мәңгі мекендеп ағамыз қалды. Шындық қандай қатал. Қабылдау қиын. Ел-жұртқа, әулетіне қайғыра көңіл айтамын. Бақұл болыңыз, Мархабат Аға!!!»
Белгілі жазушы Қуандық Түменбай да Мархабат Байғұттай алдындағы арқасүйер ағасының қазасына қайғыра отырып, фейсбук парағына былай деп жазба қалдырған екен: «Кейінгі толқынға қамқор еді. Біздің алдымызда мүйізі қарағайдай үш прозашы бар. Тынымбай Нұрмағанбеттің орны бөлек, бір жыл бұрын «Айғыркісі» Несіпбек Дәуітай кетті арқырап. Енді Мархабат Байғұтты да о дүниенің жолына шығарып салып отырмыз.
Ол әдебиет деген қырық градус аптапта жүріп, «Шілдені» жазып, жұртын тамсандырды, сосын «Әдебиет пәнінің періштесін» өмірге әкеліп, әдебиет деген әлем мен әдемі әйелдің жан-дүниесін астастырып, оқырманын тағы да тамсандырды. «Іштарлық пен құштарлықты» жазып болған соң іштарлығы жоқ кең дүниеге аттанып кетті.
Махаң алдыңғы толқынға бас иіп, маңдайынан сипаған алақан табы бойын жылытса, әркез артына бұрыла қарап, соңынан ергендерді сәйгүліктің сынын айтқандай саралап отыратын. Әдебиет туралы, қара сөз хақында әңгіме бола қалса есім-сойымызды көлденең тартып, болашақ туралы батыл ойларын тігісін жатқызып жеткізетін. Осындай ауызды ағалар да аз қалды. Махаң да кетті қасымыздан.
Әдебиет деген аптапты аластап, мәңгілік мекеніңе кетсең де біз сені айтып отырымыз, асыл аға! « Жақсының аты өлмейді». Әдебиет ауылына өз қазығыңды қағып кеттің. Бақұл бол, аға!»
Белгілі дінтанушы ғалым Досай Кенжетай өзінің парағында қалдырған қысқа-нұсқа жалғыз сөйлемге кемел жазушы Мархабат Байғұттың адами бейнесін, шығармашылық әлеуетін, білім-білігін сыйғызған екен: «Күлсе – сәби, сөйлесе – нәби, ойласа мәди сияқты Мархабат ағам бұ дүниеден өтіпті... Жаны жұмақта шалқығай!».
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.