Бүгін Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында театр режиссері, театр педагогы, профессор, Қазақстанның Халық әртісі, атақты режиссер, профессор Маман Байсеркеұлының атындағы аудитория ашылды әрі оның құрметіне мемориалды тақта қойылды.
Қазақ театрының сахнасына ұлттық классиканы шығарған режиссер өзімен бірге театрға жаңа тыныс, соңғы екпін ала келген ол – Маман Байсеркеұлы. Өнердегі биік жетістіктерінің бірқартарын атап айтсақ, оның сахналауымен В.С.Вишневскийдің «Оптимистік трагедия», А.Штейннің «Толас», Ян. Соловичтің «Түлен түрткен тіленші», С. Шаймерденовтің "Әнім сен едің", Ғ. Мүсіреповтің "Қазақ солдаты", У.Шекспирдің "Гамлет", т.б. спектакльдері көрерменнің ықыласына ие болған. 1966 жылы режиссер Вс.Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясын» сахналап, осы спектакль үшін театр «Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері» атағына ие болды. Сонымен қатар, «Түлен түрткен тіленші» атты аударма пьесалар жинағының, «Қолтаңба және қойылым», «Сахна және актер» ой-толғаулары жалпы, қазақ өнерінде мәңгі сақталатын рухани дүниелер.
Аудиторияның ашылу салтанатында театр өнері факультетінің деканы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал театр актері Аман Құлбаев талантты режиссер жайлы өзінің ұстазы жайлы әсерлі естеліктерін көпшілік алдында тебірене айтты. «Маман аға көптеген өңірлерде режиссер болып еңбек етті. Байсеркенов қазақ театры өнерінің тарихында тұңғыш рет бір спектакльді екі кешке бөліп қойып, М.Шолоховтың «Тынық Дон» трилогиясының Т. Әлімқұлов аударған сахналық нұсқасын Жамбыл облысы драма театрының сахнасына шығарды. Оның әрбір қойылымы тек қас шебердің қолынан ғана келетін талант деп есептеймін. Театр өнерінің киесі сахнаға жаңа көзқарас, жаңа леп алып келді, өзінің шәкірттерін актерлік шеберлікке үйретіп қоймай, рухани дамуына əсер етті. Адам баласына тән кісілік қасиеті, біліктілігі жоғары, тосын шешімге бейім режиссер бола білді. Осы аудиторияда дәріс алатын өнерлі студенттер үшін де Маман ұстазымыздың тағылымы мол рухани мұрасы, шығармашылық тәжірибесі үлкен үлгі-өнеге бола бермек», - деді ол.
Маман Байсеркеұлының шәкірттерінің бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Сахна сөзі» кафедрасының меңгерушісі, профессор Дариға Тұранқұлова: «Менің өмірде өнерге баулыған, тұлға болып қалыптасуыма үлкен ұстазым – Маман ағаның арқасында деп айтқым келеді. Өйткені, менің қабілетімді байқаған ол: «Сен актриса болуға лайықтысың» – деп осы мамандыққа алып келген де Маман ағам еді. Әлі есімде «Дариға, сөз қайда? Қазақ тілі өліп барады, ана тілімізді сақтап қалуымыз керек!» – деп ұлт тілінің тағдырына алаңдап айтқаны ұлы ұстаздың көрегендігі мен кемеңгерлігі еді. Сахна тіліне нәр беретін ана тілінің қасиеті – сахна тілінің орны айрықша екендігін баса айтты. Түбегейлі көркем дүниенің тілі бай болғанда оның мәні жадыдан өшпейді деп үйретті. Сахнада қазақ елінің зиялы ерлерінің тұлғаларын салихалы сұлу мінезі мен болмысын әдемі сомдай білді. Ұстаздың артында мәңгі өлмес рухани мұрасы өміршең болып тұрғанда оның жарқын бейнесі де бізбен мәңгі бірге. Оның есімімен берілген аудиторияда Маман ағаның жарқын бейнесі нұр шашып тұрғандай», – деп ерекше сағынышпен еске алды.
Иә, Маман Байсеркеұлының өмірден озғанына 1 жыл толып отыр. Бүгін талай-талай өмір өткелдерін басып өткен, халқымыздың құрметіне бөленген тұлғаны академия ұстаздары, жұбайы, туған-туыстары өнердегі толайым табыстарын, үлкен абырой-атағын жүрек тебірентерлік әсермен еске алды. Театрға өнер қуып келген студент жастар үшін ұлт театрының бастау-шежіресі – даналықтың үлкен мектебі болатыны хақ.
Қазақ өнеріне өшпестей із қалдырған ұстаз әрі театр режиссері Маман Байсеркеұлын еске алуға өнердегі әріптестері, шәкірттері мен нағыз талант иесіне бас иген өнер сүйер қауым жиналды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.