Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Құлтөлеу Мұқаш. Жазушы әуестігі деген не? ...

19.11.2018 4071

Құлтөлеу Мұқаш. Жазушы әуестігі деген не?

Құлтөлеу Мұқаш. Жазушы әуестігі деген не?                       - adebiportal.kz

«Етікші болсам да жаман етікші болмас едім».

Л.Н.Толстой.

Әр нәрсенің әлденеге әуестіктен басталатыны белгілі. Көрмекке, білмекке құмарлығыңыз және біте қоймайды. Әу баста әрбір ақын да, жазушы да қаламгерлікке балаң әуестікпен келетін болар.

Енді, осы ермекті немесе халықаралық тілде «хобби» деп атайтын ұғымды кеңірек мағынасында алатын болсақ, оның белгілі бір кәсіптің құрамдас бөлігі ретінде алатын орны айрықша сияқтанады.

Сонау бір ертеректе Шоқанның, сондай-ақ Лев Толстойдың, Тарас Шевченконың, Пушкин мен Лермонтовтың суретшілік сырларына үңіле келіп, Олжас Сүлейменовтің қылқаламға үйірлігін оның шығармашылық лабораториясының бір қыры ретінде байқап, «ол тегінде, өлеңдегі образды алдымен сурет тілімен кескіндеп алатын сияқты» деп жазған екенмін.

Баяғыда осы студент Олжасқа талантты ақын Борис Слуцкий: «Любите скульптуру? Я недавно увлекся, вот сколько насобирал. Вучетич удивился: «Это ты наваял?». Прелестная терминология. Поэт должен интересоваться всем, не только строки коллекцинировать. Отвлекайтесь от стихов, не думайте, что этим обкрадываете мировую поэзию. Тогда стихи пойдут. А упретесь взглядом в одну точку, вспугнете музу. Она не любит домогательств...» – деп кеңес беріпті.

(Осы байламда шындық басым. Кейде – шығармалары сүреңсіздеу келетін қайбір қаламгерлердің сәтсіздік себебі олардың «жазудан өзгеге уақыт жоқ» деп тек құрғақ қиял арқылы «саусақтан сорып», әр нәрсенің сырына қолмен ұстап көретіндей әуестеніп, терең білуге ұмтылмауынан ба екен деп ойлайсың. Мәселен, Сәкен Сейфуллин атақты «Жер қазғандар» хикаятын өзі забойға түсіп, бұрғыны да, қайланы да арқалап, істің бүге-шігесін зерттеп, бәрін көріп жүріп жазған екен).

Әрине, Олжастың кейбір тәуір өлең жолдарын қолқалап сұрап алып, өз шумақтарына пайдаланған Слуцкий ақсақал сонау сәтте жас ақынның мүсін мен сұңғатқа қызығып қана қоймай, сурет те салатынын білмеген болу керек.

Қарап отырсақ, біздің көптеген ақын-жазушыларымыз кескіндеме өнеріне әуес көрінеді. Бірақ көпшілігі ол бейімділікті дамытпаған, немесе белгілі бір шеберлік деңгейіне көтерілгенімен, онымен ермек ретінде ғана шұғылданады, басқаларға дабырайтып көрсетуге құштар емес.

Еске түседі, баяғыда Екінші жаһан соғысы біткен жылдары Ильменау қаласында ма екен... Гетенің ескерткішін салып отырған жас Қалмұқан Исабайды көргенде немістер: «Міне, ғажап, біздің әскерлер мыналардың қалаларын талқандады, ал, мынау болса қайдағы бір жау елдегі мүсінге табынып отыр!» – деп қайран қалыпты.

Бұл орайда, сөз жоқ, қаламгерлердің бәрі бірдей сұңғат (живопись) сырын білсін деген ой тумайды. Әр адам әлемді әрқалай қабылдайтын шығар. Бірақ суреткер ретінде құбылыстың нәзік қалтарыстарын ашарда, мысалы, кейіпкеріңіздің көз қарашығын... кірпік қағысын бейнелегенде осы қылқалам шеберлігіндей сезімталдық бөгет болмас еді. Суретші Анатолий Брусиловский: «Все дело в человеке и в ракурсе его видения мира» – дейді.

Біздің бірқатар жазушылардың басқа да кәсіп түрлерін мейлінше шебер игерулері олардың шығармашылықтарынан көрінбей қалмайды. Сонау 1985 жылы «Жалын» баспасы шығарған «Сөзстан» жинағында көптеген қаламгерлерге сауалнама сұрақтары таратылған. Сондағы «Кенеттен қолыңыздан жазу келмей қалса қандай кәсіптің құлағын ұстар едіңіз?» деген қызық сұраққа Қажығали Мұханбетқалиев «адам аяғы баспаған қалың тоғайлардың біріндегі жалғыз үй қорықшының көмекшісі болып кетер едім. Қорықшы болу – бала күннен бергі арманым» десе, Ақселеу Сейдімбеков «...онда менен жақсы дәрігер немесе музыкант шығуы мүмкін еді. Сондай-ақ, қолөнермен айналыссам да талайдың көзін қуантар өнер туындыларын жасайтыныма күмәнданбас едім. Ал, егер не қойшы, не жылқышы болғанда тамаша еңбек үлгісін көрсетер едім деп ойлаймын» – депті. Кәдірбек Сегізбаевтың жауабы: «Өмірімде алғаш рет... пеш салып көргенім бар. Осыным қалай болар екен деген күдік мазалап тұрғанда көршім келіп мұндай құрылысы күрделі пешті салу үшін арнайы маман шақыру керек еді деп одан әрі қобалжытып кетті. Қорқа-қорқа пеш те қаланып бітті, қорқа-қорқа от та жағылды. Біраздан соң қарасам, пешімнің буы бұрқырап, отты дүр-дүр тартады»... Молдахмет Қаназов болса: «Диплом алған заңды мамандығым – мұғалім. Ертерек қол үзгендіктен мұғалім ретінде қазірдің өзінде көнеріп қалдым. Мына бір беті әрмен болғыр жағдай келіп қалғандай болса, тіпті, мұғалімдікке де жарамай қалатын шығармын. Сондықтан да жазушы деген атақтың беделін түсірмей бұйырған пенсиямды жеп, үйде жатып кітап оқырмын... Бұйыртса бала жұбатармын, бау-бақшаға қарармын» ­дейді...

Осы секілді мені де барлық қалам иелерінің әуестіктері қызықтырғаны рас. Сол арқылы бір сәт олардың жан дүниелеріне, шығармашылық ұстаханаларына үңілгің келеді. Бірақ бәріне мұршаң бола бере ме. Мүйіздері қарағайдай көпшілік ақын-жазушылар Астанада... өзге қалаларда жүр. Мысалы, Қостанайдағы ақын Серікбай Оспанов бала кезінен домбыраны керемет жасайды деп естиміз. Ал, өйткен адамның музыка сырын да терең білетіні хақ. Өкінішке қарай, о кісімен тілдесудің сәтін түсіре алмадым. Ал кейбір қаламгерлер ашылмайды. Мұндайды еріккеннің ермегі көреді. Болмаса, кішіпейілдіктен аспайды. Осындағы Бексұлтан Нұржекеұлы ағамның қолдан жиһаз жасайтынын білдік. Жиһаз болғанда, кәдімгі фабрикаларда жасалатын мүліктерден кем емес. Мәнері де бөлек. Және бала-шағасына ыстық. Себебі, онда отағасының қолтаңбасы бар, маңдай тері тамған, қиялы қосылған.

Әйткенмен, соны жазбадық, екеуміз де дабыра қылып қайтеміз соны, жай нәрсе ғой деп ибадан озғымыз келмегендей...

Талас жоқ, бесаспаптық дегеннің зияны да болмай тұрмайды. Кезінде өзі сценарист, өзі актер, өзі қоюшы-режиссер, өзі жазушы Василий Шукшин туралы Леонид Леонов: «Оны құртқан осы бесаспаптық!» деп жазып еді. Абайдың «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл!» дейтініндей, шығармашылықтың шыңына ұмтылған Шукшинның түбіне жеткен ол да емес шығар, бірақ, «арыстан айға атылып мерт болыпты» демекші, асқақ арман жолындағы жанкешті еңбек, шеберлік заңғарына деген шектен тыс құмарлық жазушы денсаулығына едәуір әсер еткені анық. Екі қолды қайда жеткізе бересің! (В.М.Шукшин кісі қолынан өлді деген қауесет бар. Ол – өзге әңгіме).

Осы Шукшин: «Бір адам жазушы болу үшін жүз адам жазып көруі керек» дейді.

«Жазғыштарды» мегзеп отыр. Бізде де бірқатар кітаптары шыққанымен, елеулі еш нәрсе айта алмай жүрген қаламгерлер бар-ау. Демек, олар да – әуескерлер. Мақсаты бұлыңғыр болса да жазуды қызық көреді. Шыжбалақтап сынға да төзе алмайтын, мақтау-марапатқа да ынтық келетін солар білем. (Ал өз мықтылығыңа сенсең сыннан несіне үркесің? Керуен иттен қорқа ма? – Қорықпайды. Сол сияқты).

Дегенмен, шектен тыс, бір дәлдүріш болып, зияны тиіп бара жатпаса жаза бергені дұрыс шығар олардың да. Кейде қарап отырсаң, осынау халтураның да «пайдасыз» еместігі байқалатындай; шын асылдың бағасы осылармен салыстыру арқылы айқындала түседі.

Жалпы, «Қаламгерлер хоббиі» тақырыбы, бір қарағанда, елеусіз жайт көрінгенімен, бірталай күрделі нәрсе. Қаламгерге жазу үстелі мен жалғыздық қана қажет дегенімізбен, жазушы да шығармашылық әлеміндегі қияпат «майдан даласында» жүрген бір жауынгер. Ал, осы азапты еңбектен қажығанда бір мезгіл саялайтын тыл керек. Ол – күйіңді ұғатын бала-шағаң. Ермегіңнің мәніне де, негізгі кәсібіңнің сәніне де жаны ашитын жұбайың... Егер нәзік сезімді өнер адамының тыныс-тіршілігін басқаны қойып, қасындағы зайыбы түсінбей жатса қасіреттің үлкені сол шығар. Фридрих Ницше: «Мужчина – воин. Женщина – отдых воина. Все остальное безумие» депті...

Сол сияқты, бізді әйел қаламгерлердің де әуестіктері қызықтырады. Айталық, ақын Ақұштап Бақтыгереева: «Дәл қазір өз басыма уақыт жетпейді. Кішкене балалар әйелдің уақытын көп алады, оны тағы әйелдер ғана түсінеді» деп ағынан жарылғанымен, олардың да әуестік сырларына үңіле алсаң – жатқан бір әсем әлем бе дейсің...

Одан соң осы тақырыпты қозғағанда еңбекті «журналистикадан бастаған жазушылардың тілдері жұтаң» деген төңіректе де ой қозғауға талаптанып едік. Бұл да бір даулы нәрсе секілді. Мәселен, кей қаламгерлер ойды көріктендіреміз деп тілді күрделендіріп жібереді, әсіре жасандылыққа ұрынады, ал, айтпақ нәрсесі ұғымға ауыр. Тез жалығасың. Әрине, көркем шығарма болған соң кестелі сөз, айшықты ой керек, қарапайым жазамыз деп тым сұйықты таңдаудың реті жоқ. Бірақ қарапайымдылықтың бәрі қарабайырлық емес екенін ескерсек, айтар нәрсенің белгілі деңгейде ұғынықты болғанына не жетсін!

Кейде асқақ сөйлеп, бос ділмарсудан гөрі тың идея қымбат...

Бұл орайда мазмұнды айшықтап, ойды жеткізуде ғана емес, форманы ойнатуда да журналистік тәжірибенің көмегі аз болмас.

Нобель сыйлығын иеленген латынамерикалық қаламгер Габриэль Гарсиа Маркестің: «Үнемі от ала қашқандай дамыл таптырмайтын журналистика жазушыны құртады, оның талантын күйдіреді. Журналистика – шығармашылық өмір күшінің ең соңғы тамшы қанына дейін сорып алатын аяусыз аш сүлік. Бірақ біз өз сезіміміз бен кез келген оқиғаны лайықты қабылдау қабілетімізді тұрақты түрде бабында ұстауға жәрдемдесетін мұндай керемет жаттығуды ешбір жерден таба алмаймыз... Мен – журналиспін. Мен әрдайым журналист болдым. Егер журналист болмасам елге белгілі кітаптарым жазылмас еді, өйткені барлық материал шындықтан алынған», –

деген сөзі бар.

Одан соң заман ағымына, уақыт ырғағына сай құбылысты қабылдау мен оны сезім мен жүрек арқылы қорытып, сыртқа шығаруда туынды пішіні мен түрдің де, тілді қолдану тәсілдерінің де өзгеруі заңды ма дейміз.

Ал Виктор Соснора айтады: «Наша литертура в основном угрюма, дидактична и для чтения неинтересна. Неинтересно читать формалистическую прозу Пушкина и Толстого, бездуховных скучноносых Чехова или Тургенева – все учат как тучи, нависая надо мною своими бородами, бакенбардами и пенсне. Это эпическое отступление я перечеркиваю и читаю Довлатова»...

Бұл жерде Сонсора классиктерді сонша жек көріп отырған жоқ, өзінің осылардың «шапанынан» шыққанын жақсы біледі. Бірақ дәл қазір бұлар емес, өз замандасына көбірек қызығатынын аңғартады. Мысалы, біздің ақындардың да бәрі Абайша жазып кетсе не болар еді!

В.Соснора ақыл айтудан ерқашты жылқыдай тайсақтайтынын сездіреді. Расында, ана «шалдардың» жөні бір басқа, ал, саған оқырманды сыйласаң, оған ақыл айтып әуре болудың не қажеті бар?! Ол сенен гөрі ақылдырақ қой!

Міне, осындай төңіректе де ой салуға ниеттенеміз.

Жалпы, әуестік әңгімесін қозғауда көптеген талантты қаламгер ағаларыммен, өз қатарластарыммен бірқатар сырласыппын. Көбі ағынан ақтарылып, шығармашылық сырларымен бөліседі. Арада баспасөзге шығара бермейтін де жүрекжарды әңгімелер шертіледі. Оның бәрі үлкен сабақ ретінде терең толғаныстарға түсірмей қоймайды...

Сөйтіп, қаламгерлер ермегіне үңілу менің өз әуестігіме айнала бастаған екен. Енді әлі де болса, әңгіме аясын ұлғайтып, ақын-жазушылардың талай қызықты қырларын аша түсу талабы жоқ емес.

Суретте: ақын Олжас Сүлейменовтің жас шақта салған кескіндемелері.

1. Жағымпаздық.

2. Екіжүзділік.

3. Мәре.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар