Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Маржан Ершу: Дала-дауыс...

10.10.2016 3495

Маржан Ершу: Дала-дауыс

Маржан Ершу: Дала-дауыс - adebiportal.kz

                                     

ершу.jpg


Маржан Ершу. 

Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразия Жазушылар одағының (Түркия) мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты.


Дала-дауыс

(тарихи драма)


Қатысушылар:

МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫ – ақын һәм батыр

ИСАТАЙ ТАЙМАНҰЛЫ – батыр

ЖӘҢГІР – Бөкей ордасының ханы

БАЙМАҒАНБЕТ – сұлтан

ҚҰРМАНҒАЗЫ САҒЫРБАЙҰЛЫ – күйші

ШЕРНИЯЗ – ақын

ГЕККЕ – полковник, орыс монархиясының шығыстағы отар саясатын орындаушы өкіл

ТЕРГЕУШІ

ШЫМАН ТӨРЕ

ШҰНАҚ БИ

ШОНТЫ БИ

АСАУ БИ

БЕКПЕМБЕТ БИ

ҚАРАУЫЛҚОЖА сұлтан

МҰСА – Баймағамбеттің қосшысы

ЫҚЫЛАС

ТИПАН – Махамбеттің әйелі

НҰРСҰЛТАН – Махамбеттің ұлы

ҚҰРМАНБАЙ АҚСАҚАЛ

ҚҰРАҚ – Құрманбайдың немересі

ЖАҢЫЛ – Ықыластың әйелі

ПЕРОВСКИЙ – генерал-губернатор

ТҰРҒАН – атқосшы

ӨМІРЗАҚ ШАЛ

ХАБАРШЫ ЖІГІТ

ЖҮСІП – Ықыластың досы

ЖАНСҰЛУ – Баймағамбеттің әйелі

Және басқалар: билер, халық, көтерісшілер, сарбаздар, солдаттар


БІРІНШІ КӨРІНІС


Сахна ашылғанда қамшының сарт еткен дауысы шығады, іле азынаған желдің, Жайықтың жағаны ұрған асау толқынының үні естіледі. Жеті жасар немересін жетектеген ақсақал шығады. Жүріп келе жатады.

Құрақ: Ата, ата деймін. Осы араға неге жиі келеміз? Жапан түздегі мына бір төбені көру үшін бе?

Құрманбай (кейіп): Әй, антұрған-ай! Сен не дейсің? Төбе дейсің бе? (Қолындағы қамшысымен немересін тартып-тартып жібереді. Бала жылап тұра қашады. Атасы қуып жүріп сабалайды. Олар төбенің басына шығады.)

Құрақ (жыламсырап атасының аяғына жығылып): Ата! Мені жазықсыздан-жазықсыз неге ұрасыз? Не жазығым бар еді? Айыбым сұрақ қойғаным ба?

Құрманбай (немересін айналып-толғанып, көзінің жасын сүртіп алдына отырғызады): Қуатым-ау! Шыбыным-ау! Жарығым-ау! Мені бір жетіскеннен ұрды дейсің бе, қарағым-ай? Мен сияқты төрінен көрі жақын қалжыраған қарттың көңілі жәй бола ма? Көңілімнің түкпірінде көмулі жатқан сыр – қазына бар ғой, құлыным! Айналайын Құрақжан! Немерелерімнің ішіндегі естісі де, құймақұлақ ақылдысы да өзіңсің ғой, құлыным!

Құрақ: Есті болсам да, жазықсыз мені неге ұрдыңыз, ата?

Құрманбай: Өмір көші тым ұзақ екен, жарығым. Ойын баласысың. Бұл күндеріңнің бәрі бірдей есіңде қалмас. Есіңде болсын, бәрі естен шықса да, сәби күніңдегі жазықсыз таяқ жегенің де, жазықсыз төгілген көз жасың да, жазықсыз жапа шеккенің де естелік боп жадыңда мәңгілікке сақталып қалады екен. Әлгінде мына төбеге неге жиі келе береміз дедің ғой. Мына төбе – қасиетті төбе! Махамбет бабаң жатқан шың! Жадыңда әр кез сақтарсың! Жасым да келді. Менде қандай шама бар? Бабаңды іздер уақыт туар! Қарап ал! Сен ботадай боздаған жер! Жүрегіңнің намысын қозғаған жер! Махамбеттей бабаңның топырағы тозбаған жер! Бұл – Қарой ғой, қарағым! Менің сырым сен арқылы болашаққа барады. Әумин! (Атасы немересімен бет сипайды.)

Құрақ: Ұмытпаймын, ата! Ешқашанда ұмытпаймын. Мен ботадай боздаған жер! Жүрегімнің намысын қозғаған жер! Махамбеттей бабамның топырағы тозбаған жер! Бұл – Қарой ғой! Бұл – Қарой ғой!


ЕКІНШІ КӨРІНІС


Аттың кісінегені, артынша дүбірі естіледі. Төбе басында отырған топ. Ортада малдас құрған Исатай, Махамбет. Жанында нөкер жігіттермен әңгіме шертісіп, өлең-жыр айтып отырады.

Исатай: Ат үстіндегі адамның әсершіл келетіні бар. Аттан түсіп, бой жазып, мынау даламыздың кереметін жырға қосып, кішкене бой жазайық, жігіттер! Ортамызға хан ордасының айтулы ақыны Махамбет батыр да келіпті. Ақын- көкіректің лебізін тыңдап қалайық, ендеше!

Махамбет: Сөзіңізге құлдық, Исеке! Әлгінде ат туралы, ат үстіндегі қазақтың табиғаты туралы тамаша сырды бастадыңыз да, ойыңызды аяқтамай нүкте қойғаныңыз қалай, батыр аға?!

Исатай: Дүниеде қызыл тілден бал ағызған ақын-шешендердің алдында төрт аяғын тең басқан жорғадай төгілтіп сөз сөйлеу қиынның қиыны демейтін бе еді, Махамбет?! Таңдайымызға сөз бермеген біздей қасқа бұдан артық не десін?!

Махамбет (қатқылдау дауыспен): Мені асыра мақтап жібердіңіз-ау, мақтанқұмарлық қанымда жоқ екенін білмейтін бе едіңіз, Исеке?!

Исатай (Махамбетті иығынан қағып): Жә, жә, Махамбет! Ақындығыңды айтсам, бұл Нарынқұмда, Бөкейде ақ алмастай қызулы отты жырыңа құмартпайтын, елтімейтін қазақ жоқ болғандықтан айтам-дағы.

Махамбет: Исатайдай ағам-ау, Ақ кіреуке жағам-ау! Ақ кіреуке жағаның тозғанын да көрерсіз. Жаға тозғанмен, асыл сөз тозбас. Өзіңіздей сөзі тозбайтын асыл ағаның лебізіне бір қандық деп қоялық. Әлгінде, сіз ат үстіндегі адам әсершіл келеді дедіңіз-ау. Ат үстіндегі адам өзіне қыран құстың қанаты біткендей, қомданып, қиялы желден де озып, алапат асқақ көңілмен алыс-жақынды түгел шолмай ма?! Жан-жағына көз салған сайын төбелер де таудай болып, сайлар да жардай болып көрініп, көңіл көкжиегі кеңейе түспей ме?! Шиыршық атқан сан сезіммен іштей түлеп, қияға құлшынып, сырлы ғаламның өткен-кеткен ғаламаттарына ойша жүзіп, оймақтай ой іздемей ме?

Исатай: Бәрекелді, Махамбет! Сенің бұл келісің Хиуадан базаршы келгендей қуантты ғой бәрімізді. Өзің Ордада жүрсең де, ойың далада, халықтың тілегінде жүреді екен ғой. Біраз сыр шертістік. Шардан шыққан қылыштан кем соқпайтын семсер жырыңды тыңдағалы жиылып отыр ғой бұл қауым! Ал, жырлашы, ақыным!

Махамбет:

Ат – жігіттің майданы,

Қылыш – жанның дәрмені.

Өлім – хақтың пәрмені,

Атақты ермен бірге өлсе,

Жігіттің болмас арманы.

Өте шыққан қызыл гүл

Бұл дүниенің жалғаны.

Дауыстар:

– Пай, шіркін!

– Намысы ояуды тебірентетін жыр екен.

– Мұңсыз өнер тұл деген.

– Жаса, Махамбет!

Исатай: Қамшының сабындай қысқа ғұмырда ізгілікпен табыссам, бәрін де тындырсам деген ынтазарлығың – іңкәрлігіңді көрсетер жүрек дірілі бар екен жырыңда. Рахмет, ақын бауырым! Әй, Махамбет! Осы елдің бәрі сені батыр, батыр дейді. Кәне, батыр болсаң, мені қорқытшы.

Махамбет: Қой, ағасы. Жаудан жасқанбаған, арманы аспандаған сізді қорқыту қайда бізге, біз құсаған жаман ініңізге?! Әйтсе де, бір көрейін. Қазір мен мына төбенің ар жағына кетейін. Сосын сонау басынан бері қарай шауып түсем. Сонда мен атойлап келе жатқанымда, кім осы орнында тапжылмай тұрып қалса, сол адамның менен қорықпағаны.

(Махамбет төбені айналып көзден ғайып болады. Сәлден соң төбенің басында аппақ ала шаң бұрқ ете қалады. Махамбет «Ағатай!» деп ұрандап, төбеден төмен қарай құлдилап, төмендегілерге дүрсе қоя береді. Шаңның ішінде қалың қол, қырық найза самсап келе жатады. Исатайдың қасындағы сарбаздарының өздері де, аттары да осқырынып-пысқырынып, кейін шегіншектейді. Тек Исатай ғана тапжылмай тұрып қалады. Көміп кеткен шаң арасынан «Ассалаумәлеукум, ағасы!» деп Исатайдың алдына тізерлеп отыра кеткен Махамбетті көреді жұрт. Таңғалып, ауыздарына сөз түспей аңтарылып қалады.)

Исатай: Ақын десе, алдаспандай ақын екеніңді, батыр десе, аруақты арқаланған батыр екеніңді таныдым, Махамбет!

(Сол кезде ат дүбірі мен адамдардың күбірі естіледі. Жәңгір сарайының атқосшысы Тұрған келеді.)

Тұрған: Әй, Махамбет! Сені Ордаға хан Жәңгір шақырады. Ақылдасатын кеңес бар. Тез жетсін деп бұйырды.

(Махамбет Исатаймен құшақтасып қоштасады).

Исатай: «Бір көрген сыйлас, екі көрген сырлас» деген атам қазақ. Сырласымдай сыралғы дос, інімдей жақын болып кеттің маған, жан бауырым!

Махамбет: Көріскенше қош болыңыз, Исеке! Мен де сіздің атыңызға сыртыңыздан қанық едім. Ердің ері, асылдың өзі екенсің, Жан Аға!


ҮШІНШІ КӨРІНІС


Салтанатты хан ордасы. Тақ үстінде Жәңгір хан. Жанында Қарауыл қожа, он екі биі және басқалар.

Шұнақ би: Асыл Жәңгір ханымыз! Өзіңіз бұл Бөкейге хан болғалы жағамыз жайлауда, биеміз байлауда. Ішкеніміз – алдымызда, ішпегеніміз – артымызда. Сенің дәулетің, сенің сәулетің қалың қазаққа көктен таралған шуақтай берекесін арттырып тұрған жоқ па?!

Асау би: Шұнақ бидің сөзінде елдің сізге деген алғысы жатыр ғой, хан ием!

Жәңгір (қолын көтеріп): Жә, жетер! Қалағандарың не еді?

Шұнақ би: Қалағаным... Көп емес. Мына жатқан Сорлыкөл деген малға жайлы қоныс бір...

Жәңгір: Ол кімнің жері?

Шұнақ би: Исатайдың жері ғой.

Жәңгір: Сенің сөзің көңіліме жағып отыр. Осынау қара табан қазақта созылып жатқан неғылған жер ол? Сенен аяғаным бар ма еді, Би аға?! Қалаған жеріңді ал! Қоныс қыл! Шулы, нулы жерден қара қазақты айдап қуып шық! Бермесе, күшпен тартып ал!

Шұнақ би: Бұл ақкөз, адуын халық өлсе де жерін берер ме? Салықтың да түр-түрін ойлап тауып, енгізіп жатырмыз.

Шонты би: Солай, хан ием! Кердеңдеген кедейге «келі түбі», қонысым деп күңіренгенге «жербасар», «жайлауым» деп өзекке шапқан малшыға «шөп шашар» деген салық түрлерін қосып жатырмыз. Үй басына мал санап, зекет алынды.

Қарауылқожа: Уай, билер-ай! Сайрайсыңдар-ау!

Жәңгір (оқты көзімен атып): Қарауылқожа, саған не көрінді?! Билерімді тоты құсқа теңеп?!

Қарауылқожа (Жәңгірге жақындап, құлағына сыбырлайды да, дауысын қатты шығарып): Әлгі Исатай старшын алым-салыққа қарсы шығып, ел ішін дүрліктіріп, қол жинап жатыр дейді.

Жәңгір (орнынан атып тұрады): Не дейді? Исатай дейді ме? Халықтың толқуы дей ме? Бүлік шығарғалы жүр дей ме?

Қарауылқожа: Алдаспанын суырып, аласұрып келеді. Еділ – Жайық бойында қырғын салып келеді. Бұл Исатай дегенің кісі ақылы қонбайтын, өз дегені болмаса, өзгенің тілін алмайтын, нағыз көкдолының өзі. Иілгенге көнетұғын көнтері емес, отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын батырдың тап өзі ғой.

(Сол тұста Махамбет кіріп келеді. Бәрі аңтарылып тұрып қалады).

Қарауылқожа (кекетіп): Махамбет! Осы сені соңғы кезде жел құйындай үйіріліп, старшын Исатайдың жанынан шықпайды дейді. Исатаймен ауыз жаласып жүрген жоқпысың осы?

Махамбет: Күлбілтелемей айтарыңды ашып айт!

(Қарауылқожа сасыңқырап қалып, Жәңгірге қарайды).

Жәңгір: Исатайдың жазған арызын оқышы. (Ораулы қағазды Қарауылқожаға ұсынады).

Қарауылқожа (хатты ашып оқи бастайды): «Алдияр, рұқсат етіңіз баяндауға. Су басынан лайланады. Бірақ тұндыруға болады. Айтарым мынау. Халық ханға наразы. Ордадан шыққан он жарлық елге отыз боп тарайды. Салықтың түрі көбейді. Жайлы қонысынан айырылған халық тоз-тоз болып, ашыққаннан ел кезіп кетті. Сізге айтарым, Хан тақсыр, сұлтан, би, ауқаттыларға кесілген жер халықтың өзіне қайтарылсын.

(Қарауылқожа хатты Жәңгірге береді. Жәңгір хатты аяғының астына тастап, табанымен мыжып тұрып, кекете күлімсірейді).

Жәңгір: Сонда Исатай маған халықтың айтқанын хан орындасын дей ме? Дорақ! Ордамдағы он екі бидің бірі бол дедім. Бас тартты ғой бұл дорақ!

Махамбет: Алдияр! Ақ сөйлеңіз! Исатай пәле іздейтін кісі емес. Жауласпаңыз онымен.

Жәңгір (ашуланып): Әміріме мойынұсынбаған тентек-теліні тыюға шамам жетпейтіндей маған не көрініпті?! Ұстатамын Исатайды. Ұстап алып, жон арқасын таспамен тіліп, ұлыққа жеткізем. Аюға намаз оқытатын да таяқ, жабайыны жөнге салатын да таяқ!

Махамбет: Хан ием! Мені сөйлетіп неғыласың? Аузымда адырнаның екі оғы бар. Тілімнің екі жағы кез, ұшы – біз. Сөйлесем біреуі саған, біреуі өзіме тиеді!

Ей, Жәңгір хан! Жәңгір хан!

Хан емессің, қасқырсың!

Қас албасты басқырсың!

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның сені басқа ұрсын!

Хан емессің, аярсың!

Айыр құйрық шаянсың!

Хан емессің, ылаңсың,

Қара шұбар жылансың!

Дауыстар:

– Өй, мынау не дейді?!

– Ханды қаралаған жағыңа жылан жұмыртқаласын, Махамбет!

Жәңгір (ашуға булығып): Тоқтат! Тоқтат, Махамбет, жырыңды! Сен жырыңмен мадақ айтқалы келе ме десем, жаныма шала лақтырғалы келген екенсің ғой. Бұл Жайықтың екі жағы да лайсаң. Қай батпаққа аунасаң да, балшықтан арылмассың. Тіліңді тарта сөйле, Махамбет!

Махамбет: Менің тілім – шоқ, сөзім – от екенін өзің де білесің ғой, Ханеке! Шоғымды ордаңа қалдырдым ендеше. Сөзімнің шоғына күйіп өртенерсің әлі. Ат құйрығын кестім деп кеттім. Хош! (Хан жанындағылар Махамбеттің жолын кес-кестемек болады. Махамбет бәрін итеріп тастап шығып кетеді.)

Жәңгір (кекете күліп): Кете берсін. Итаяғымнан ас ішіп, тойынған қара төбет! Сөзімнің шоғына күйіп өртенерсің әлі дейді-ау. Үрерге ит, сығарға бит таппағанда келерсің алдыма, жығыларсың аяғыма. «Жанымды қи, Жәңгір хан» деп. («Ха-ха-хахалап», айналып кетеді).


ТӨРТІНШІ КӨРІНІС


Көш. Көштері белгісіз бағытқа көшкен елдің жүдеу көрінісі. Жадап-жүдеген, арып-ашқан халық келеді зарын төгіп. Махамбет қарсы жолығады.

Дауыстар:

– Байдан, сұлтан, патшадан

Арамза болды-ау, ар кетті-ау!

– Халықтың салықтан малы таусылып,

Жерінен ауып хал кетті-ау.

– Елдің іші топалаң,

Аш-арықтан әл кетті-ау!

– Мұнар, мұнар, мұнар күн,

Шайтан азғырған шұбар күн.

– Халықтың жоғын жоқтаған

Бұл елден ер шықпай ма, құдай-ау!

(Дауыстар жақындай түседі).

Махамбет: Уа, халайық! Тоқтат зарыңды! Зарыққан, тарыққан көңілді тек ащы зармен, көз жасымен жуып кетіре алмайсың.

Өмірзақ шал: Қарағым, Махамбет! Елдің жәйін сұрасаң, осы. Атақонысымыздан айырылғалы жағдайымыз қиынға айналды. Шөп шықпайтын қу тақырға қуып тыққан сұлтан билігі аз қарамыздан да айырып тынды. Исатай батыр ханға қарсы қол жинауда дегенді естіп, Исатаймен көріссек деп барамыз.

Махамбет: Исатай ердің ері емес пе? Жөн екен, қария! Ел басына туған күн ер басына туған күн емес пе?! Мына көрінген қол Исатайдың жасағына ұқсайтындай. (Ат дүбірі естіледі).

Дауыстар:

– Исатай келді.

– Мұң-зарымызды Исатайға айтпағанда кімге айтамыз?!

Махамбет: Армысың, Исатай аға!

Исатай: Бармысың, Махамбет! Сені хан ордасынан ат құйрығын кесіп кетіпті. Жәй кетпепті, алдаспан жырымен айналасын жапырып кетіпті деп естігем. Ел құлағы сыбырды да, дүбірді де қалт жібермейді-ау.

Махамбет: Халықтың еңірегені Еділ –Жайықтың күңіренгені емес пе?! Ел үшін, атамекен жер үшін, езілген қара табан халқым үшін белімді бекем буып, күреске бастар Исатайдай басшы болса, қосшы болып соңынан ерейін деп келдім, Исеке!

Исатай: Жалынды сөзіңнен айналайын, Махамбет! Тар кезеңге қамалармыз, қара көзден жас ағызармыз. Алдағы сапарымыз күрделі де тым қиын.

Махамбет: Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Ерлердің ісі бітер ме, Исеке?!

Исатай: Атам қазақ болғалы, ауыздықтап ат мінген, күркіреген күндей болған батыр халық біз едік. Бойдағы сол күшіміздің, сол қайратымыздың мұқалуына қалайша жол береміз? Тәуекелге бел байлалық ендеше!

Махамбет: Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге

Мал толтырсам деп едім.

Ал, батырлар! Алты қарыс азулы жауға, құрулы зеңбірекке, ашулы да, айлалы бөріге жолығамыз. Кезенген жауға деп осыны айтады. Кезенген жаудан қашқан батыр болмас. (Домбырасын қолына алып, отыра қалып, «Жұмыр қылыш» күйінен үзінді тартады.)

Құрманғазы: Махамбет аға! Сіздің өртті күйіңіздің қайырмасын мен жалғасам деп едім. (Жас жігіт «Кішкентай» атты күйін төгілте жөнеледі).

Махамбет: Құрманғазының «Кішкентай» деген бұл күйі қасірет күйі емес, үлкен сапарға, ұлы жорықтарға бастайтын асау күй болды ғой.

Исатай: Құрмашжан, сенің домбыра тартысың тым ерекше, болайын деп тұрған бала екенсің. Тәңірім бер тілекті! (Сарбаздарына қарап) Уа, халайық! Атқа қоныңдар, сарбаздарым! Келгендей кез асығар! Арғымағымыз арыса да, оза шабар. Тепкі көрген құсалы ел-жұртымның ақ күні туар бір күні, көзі ашылар.

Дауыстар:

– Исатай – Махамбет жасасын!

– Исатай – Махамбет жасасын!

Фонда «Жұмыр қылыш» күйі орындалады.


БЕСІНШІ КӨРІНІС


Түн. Алыстан ат дүбірі естіледі. Қара көлеңкеде екі адамның күбірлескен дауысы шығады. Сахна қаракөлеңкеленіп, екеу алға шығады.

Шыман төре: Басына қиын іс түскенде Жәңгір мені іздеген екен ғой.

Хабаршы: Өкпең орынды, Шыман төре! «Қанына тартпағанның қары сынсын» демей ме? Ханымыз асқар таудай ағам еді, пендешілікпен қатулық қылып, көңіліне қаяу түсірсем, кешірсін. Сұрағанын берем. Бұл күнде мына қара қазақ басынып, басқа шауып, төске өрлеп барады. «Сұлтан сүйегін сатпас» деген ғой, алпыс екі айлалы, ақылы асқан данам еді, тығырықтан шығар жол тапсын деп жіберді.

Шыман төре (өзінше күліп): Ханың сасайын деген екен ғой. Ел іші, жәрмеңкеде осы жұрт Исатай – Махамбеттің ерлігін жыр ғып айтып жүр дей ме? Иә, естіген құлақта жазық жоқ.

Хабаршы: Сөзіңіздің жалғаны жоқ, Шыман төре! Исатай орданы шабам деп қол жинап жатқан көрінеді. Қара құрттай қаптап, Ордаға жақындап қалыпты дейді. Хан ием сізге көңілі бөтен болмасын, қараға сүйегімді көрсетпесін, ертең түстен қалмай ордама келсін, бұл уақыттан кешіксе, көкке ұшқан күлімді көрер деп сәлемін айтты.

Шыман төре: Жәңгір хан жан алқымына келгенде, жол табар қайбір айла-амал бар дейсің бізде? (Ойланып біраз жүреді де, хабаршының жағасынан ұстап тұрып, жылы үнмен) Ханға сәлем айт! Айтқан уақытында Ордада боламын. Анау Исатай дегенің батыр десең батыр ғой. Бірақ айласы аз, аңқау батыр. Айламен алдап, тоқтата тұру керек. (Тоқтай қалып) Ал, Махамбет ше? Ол – сұм! Ол алдауға көнбейді. Менің айла-амалымды он орап алатын, ішіңдегіні сезетін айлалы қу. Ханға айт! Орынборға хабар жіберіп, солдат алдырудың қамын қылсын. Аттылы қазақты құрулы зеңбірек қарсы алсын. Орыстан әскер келгенше Исатайды «Малым да, жаным да сенікі, талабыңды орындаймын. Он күн мұрсат берсін» деп алдай тұрсын. Орыстың әскері қарсы шабуылын Исатай жасағына емес, Исатайдың ауылынан бастасын. Ел-жұрт, қатын-баласы қырғынның астында қалғанда есі ауып, Исатай батырың кейін шабар. Сөйтіп, қалың қол ыдырай бастағанда, зеңбірекпен қоршауға алып, қара табан қазақтың қиқуын су сепкендей басар.

Хабаршы: Түсіндім, Шыман төре! Мен жөнелдім.

Шыман төре: Менің айтқандарымды мына қарбыздай басыңа сақта. Ал сақтық үшін мен ханға хат жазып беремін. (Хат жазады да, оқиды) «Құрметті Жәңгір хан! Қарамағыңа қара жимай, ақсүйек жидың. Төредегі батыр мен едім, қарадағы батыр Исатай еді. Исатай қалың қазақтың айбары еді, айбаты еді. Жуан қарын, өз қамынан басқаны білмейтін, кіл мәстекті жаныңа жинағанша, Исатайды дос етсең болмады ма?! Мен ертең барармын. Исатай батырдың айтқанын қылуға даяр тұр. Шыбын жаныңды сауға деп Исатай батырдан сұрап алармын. Бұл айтқаныма көнбесең, менен тек жаулық күт. Исатайдың жағында екенімді білерсің. Шыман төре». (Хатты бүктеп беріп жатып, қарқылдап күледі).

Хабаршы (хатты қойнына тығып жатып, қалтырап қорқасоқтап): Ағатай-ау, мені Исатай жасағындағылар ұстап алса қайтермін?

Шыман төре: Хатты сол үшін де жаздым емес пе?! Сен әдейі ылдимен емес, Исатай жасағының көзі түсетіндей жазық даламен шап. Қолдарына түсуге тырыс. Хатты Исатай өз қолымен оқитындай әрекет қыл. Ұқтың ба?

Хабаршы: Ұқтым, Шыман төре! Қайта айналып көріскенше хош болыңыз (кетеді, ат дүбірі естіледі).

Дауыстар:

– Тоқта! Қашпа!

– Өй, мынау жапан түзде жалғыз жортқан қай батыр?

– Батыр емес, хабаршыға ұқсағандай, Ордаға қарай беттеп барады.

– Ұстаңдар өзін!

(Бірнеше жігіт бұғаулап ұстап, Исатай, Махамбеттің алдына алып келеді).

Хабаршы (жыламсырап): Менің түк жазығым жоқ, ағасы-ау. Шыман төренің құлақ кесті құлымын. Сәлемін хан ордасына жеткізуге асығып барам.

Исатай: Қандай сәлем?

(Хабаршы қойнына қолын салып, хатты алып, Исатайға береді. Исатай хатты оқып, Махамбетке береді).

Исатай: Ақсүйек тұқымдары зәре-құты қалмай қалтыраған екен де.

Махамбет (шарт кетіп): Аһ, алдап тұр ғой Шыман төре. Қалай сезбейсің, Исатай?

Исатай: Шыман төре алдаса төрелігі қайсы? Сүйегіне берік жан емес пе?! Солай емес пе, халайық?!

Сарбаздар хормен: Ақпейіл адал жүрегі,

Исатай батыр біледі!

Махамбет (шарт түйіліп): Аңқау елге – арамза молда деген.

Асылдан болат ұл туса,

Екі жақ болып тұрғанда,

Егескен жерде шарт кетер.

Жауырынынан өтін алсаң да,

Жамандарға жалынбас!

(Махамбет жұдырығын түйіп алып, ерсілі-қарсылы жүріп кетеді. Қолдарындағы ақ шүберегін көтеріп, төбеден үш би көрінеді. Олар жәйлап төбеден төмен қарай түседі).

Бекпенбет би: Ата қазақтың ұлы едік Еділ – Жайық бойында. Бір өзеннен су ішіп, бір аяқтан ас ішіп өмір сүрген ел едік. Ақ басым мен ақ сақалымды сыйларсың, балам. Сен Ағатай бабаңдай арқалы батыр едің, Исатай! Қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен екеніңді дүйім ел біледі. Хан ордасын шабамын, керегесін қиратып отын етем дегеніңді текке айтпаған боларсың. Қара қазақтың қайғысына қайрат берсем деп айтқан боларсың. Ханның он екі биінің үшеуі ақ бастарын салбыратып алдыңа келіп тұр. Хан тәубеге келді. Тек он күн мұрсат берсін деп тілек айтады. Исатай, сен кісіден ақыл сұрайды дейін десем, ақыл өзіңде бар. Ой табар көсемдік сұрайды десең, Ағатай-Беріш ата-бабаларыңның көсем де, шешен екенін ел біледі. Бір басыңа тек, тұлға-тұрпатың келіскен жан едің, шырағым! Сөзімді ұғарсың.

Махамбет (қызбаланып):

Әй, Исатай! Исатай!

Хан баласы қабан-ды,

Қайырылып шапса жаман-ды.

Хан баласы қара жылан-ды,

Қайта айналса, шағар-ды.

Шабар күнің бүгін-ді,

Бүгіннен кейін қиын-ды!

Сенбе, Исатай! Көбіктей көпірген өтірік сөзге. Берме тілегіңді. Алдап тұр ғой, Исеке!

Исатай: Әй, халайық! Не дейсің?

Сарбаздар хормен: Ақкөңіл адал жүрегі,

Исатай батыр біледі.

Махамбет: Атадан туған аруақты ер

Жауды көрсе жапырар.

Үдей соққан дауылдай.

Жамандарға қарасаң,

Малын көрер жанындай.

Жүйрік аттың белгісі

Тұрады құйрық-жалында-ай!

Исатай, немене, Ағатай-Беріш атаңды айтқанда ет-жүрегің елжіреп кетті ме әлде?!

Исатай: Ей, халайық! Мынау Махамбет досым менің басшылығыма риза емес. Жалғыз өзі бүйректен сирақ шығарып қарсы шығады. (Билерге қарап) Он күн мұрсатты бердім ханға.

Билер (қосыла сөйлеп): Бәрекелді, батырым! (Исатайдың қолын алады. Біреуі Исатайдың құлағына естірте сыбырлап: «Осы тыз етпе Махамбетті ұнатпаймын», – дейді. Билер кетеді. Жасақтағылар жерге отырып, біреуі жантая ұйқыға кіріседі. Махамбет ашуға булығып жарылып кете жаздайды. Исатайдың алдына келеді.)

Махамбет: Маң-маң басқан сары атан

Маңыстап шығар өріске.

Бұрынғыдай қарыштап

Қона алмадық қонысқа.

Келе алмадық келіске.

Қанша жылап-жалынып

Айтсам-дағы болмадың,

Исеке! Болдың, еріспе!

Енді жалғыз кетемін.

Саладан-сала өтемін.

Қолыңды бер де, аман бол!

Күн болар ма, болмас па

Енді қайтып көріске?!

Хош-есен бол, Исеке!

(Дауырыққан дауыстар шығады. Ат дүбірі. «Ойбай, жау шапты» деп айқайлап келіп, хабаршы жігіт Исатайдың алдына тізерлеп отыра кетеді).

Жігіт: Жаман іс болды, Исеке! Хан Жәңгір бізді алдап соқты. Мұздай қаруланған орыс әскері сенің ауылыңды шапты, аға. Қауқарсыз қатын-баланы зеңбірек деген орыс добы қырып барады дейді. Кейін қайтпасақ болмайды. (Исатай үнсіз төмен қарайды. Махамбет оған оқты көзімен қарайды.)

Дауыстар:

– Атаңа нәлет, Жәңгір хан!

– Түбімізге аңғалдық жетті-ау...

– Біз қоршауда қалдық.

– Атқа қоныңдар бәрің.

(Ысқырық жел мен мылтықтың дауысы шығады. Соғыс басталып кетеді. Зеңбірік үні. Исатайға оқ тиіп құлайды. Жанына Махамбет келеді. Исатай үзіліп бара жатып, мұңды, қайғылы әуенмен жыр айтады).

Исатай (қинала сөйлеп): Әй, Махамбет! Жолдасым!

Аш арыстан жолбарысым!

Ісімнің білдім оңбасын,

Оңбаған емей немене,

Өтірік сөзге алданып,

Бақытым ауып басымнан,

Әскерім кетіп қасымнан,

Жапанда жалғыз қалған соң,

Өкінгеннен не пайда?

Артымда қалған ерлерге

Арызымды айтып кетейін,

Арыстан туған Исатай

Арманына жете алмай,

Арманда өтіп кетті деп,

Қиналар ма екен біздерге,

Қоңыраулы найза өңгердім,

Жетімдерге жем бердім,

Жесірлерге жер бердім,

Қапыда өткен дүние-ай!..

Махамбет: Шыда, Исеке! Бұл қоршаудан алып шығам өзіңді. Жау қолына тастамаспын.

Исатай: Махамбет! Махамбет, жан жолдасым, Жақияны саған тапсырдым, айыбым болса кеш (үзіліп кетеді).

Махамбет (жылап): Еңселігім екі елі,

Егіз қоян шекелі,

Жараған теке мүшелі,

Жауырыны жазық, мойны ұзын,

Оқ тартарға қолы ұзын,

Арыстан еді-ау Исатай!

Бұл пәнидің жүзінде

Арыстан одан кім өткен?!

Қапыда өткен дүние-ай!..

Гекке: Ұстаңдар Махамбетті! (Орыс әскерлері жан-жақтан қаумалап, қолын артына байлап, Махамбетті алып кетеді).


АЛТЫНШЫ КӨРІНІС


Махамбет тұтқында. Түрме іші. Темір тордың ар жағында қолы байлаулы Махамбет тұрады. Бергі жағында үстел үстіне қойылған шамның жанында екі адам сөйлесіп отырады. да, жыр оқылғанда екеуі Махамбетке қарайды. Тергеуші келіп, Махамбеттен жауап ала бастайды.

Тергеуші: Аты-жөнің?

Махамбет: Менің атым – Махамбет,

Жасқұстағы Жәңгір хан

Ісінен болдым құса-дерт.

Атасы өткен Айшуақ,

Соның да көзі көрді ғой.

Менің атам Өтеміс

Елдің де қамын жеді ғой.

Тергеуші: Ханға қарсы көтерілісті бастауларыңа не себеп?

Махамбет: Ханның ісі қатайды,

Азамат ерден бақ тайды.

Бір Аллаға сыйынып,

Ұрандап жауға тигенде

Кім жеңері талай-ды,

Жолдастарым, мұңайма!

Тергеуші: Өзің қызыл тіліңнен бал аққан шешен әрі асау ақын көрінесің. Сенің саусақтарың қылыш тағынуға емес, қауырсын қаламмен жыр жазуға арналғандай екен. Өзің мұны байқамадың ба?

Махамбет: Алтын тақса жарасар

Жылтыраған күміске.

Он екі ата Байұлы

Жиылып келсе бұл іске.

Алты сан алаш ат бөліп,

Тізгінін берсе қолыма,

Заулар едім бір көшке.

(Тергеуші үстел жанындағы екеуге жақындайды.)

Тергеуші: Генерал-губернатор Перовский мырза! Сезуімше, сіздің айтпағыңыз бар сияқты?

Перовский: Мен қазақтардың «ұры, қарақшы» деп түрмеге жабатын Құрманғазы деген атақты күйшісін білетін едім. Құрманғазының творчестволық дарынына да, қос ішекті бебеулеткен домбырасына да, оның шығарған музыкалық туындыларына да қатты таң қалдым. Бұзық, сотқар мына тұрған Өтемісовтың ақындығы да мені Құрманғазыдай таң қалдырды. Оқымаған, надан бұратана елден Махамбет сияқты дауылпаз ақын, Құрманғазы сияқты даңқты композитор шығады деп қалай ойлайсың? Патша ағзамға берілер жылдық баяндау отчетімде осы екі өнер иесі туралы жазсам ба деп тұрмын, тергеуші мырза. Өнерге құрмет, өнер иесіне деген құрмет патша ағзамның абыройын асырып, мынау меңіреу даланың ыстық ықыласына бөленбей ме?! Сондықтан Махамбет ақынды тұтқыннан босатыңыздар. Махамбет Өтемісұлы орысша, мұсылманша сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу адам екен. Сахараның еркін құсы. Еркін құс. Даланың еркін құсы. Ым-ммм... (Қолын артына ұстап сахнадан кетеді, сахна қараңғыланады).


ЖЕТІНШІ КӨРІНІС


Жапан түздегі жалғыз үй. Киіз үйден баласы шығып, қазандық жанындағы анасына келеді. Анасы оған бір кесе шұбат құйып береді. Бала шұбатты бір ұрттайды да,анасына қарап сөйлей бастайды.

Нұрсұлтан: Апа, әкем қайда кеткен? Маңайда көрінбейді ғой.

Типан: Балам-ау, әкең ертемен атын ерттеп кетіп еді. Айналаны бір шолып келемін дегені шығар.

Нұрсұлтан: Күн екіндіге таянды емес пе?! Неге кешікті екен?

Типан (қолымен көзін көлегейлеп): Әне, өзі де көрінді. Төбе басында. Көрдің бе, күнім? (Махамбет келеді. Өңі шаршаңқы. Жүзі мұңды. Қазандық басында үшеуі үн-түнсіз отырысады. Махамбет қайнап жатқан қазанның астындағы қызыл шоққа қарап отырады.)

Типан: Батырым, қып-қызыл шоқтан қып-қызу өлең іздеп отырмысың? Қалың ойға шомып кетіпсіз ғой.

Махамбет: Қып-қызыл шоқ. Қызулы жыр дейсің, Типан? Түнде бір сұмдық түс көрдім. Өліп қалыппын. Басым денемнен бөлініп шығып, өзіме жоқтау айтып тұр екен. Жанымдағылар мені жоқтауға да қорқатындай. Тілдерін көмейлеріне тығып алған. Жүздері бозарып, көздерінен аққан жастары қара жерге тамып жатыр. Көз жасы дегенім, Нарынның қызыл құмдары, біресе Ақ Жайықтың бұйра-бұйра толқындары болып кетеді екен деймін. Шошып ояндым. Ертемен тұлпарыма қамшы басып кеткенім содан еді, Типан. (Типан көзінің жасын сығып төмен қарайды. Нұрсұлтан ештеңе түсінбегендей екеуіне кезек-кезек қарайды да, орнынан тұрып кетеді.)

Махамбет (күрсініп): Нарынқұмның ішін кездім күні бойы. Төбемнен өткен күннің қызуын да сезбеппін. Құм дала. Көзге түсер тірі пенде жоқ. Жан ауыртар тыныштық. Жан жалғыздығы. Ай, дүние-ай! Мұнар, мұнар, мұнар күн, Бұлттан шыққан шұбар күн.

Нұрсұлтан: Көке! Ана жақтан шаң көрінді. Аттылы кісілер. Өздері төртеу сияқты.

Махамбет: Нұрсұлтан, кері қайт. Мен қарсылайын.

(Келгендер аттарынан түсіп, Махамбетке қарсы жүреді. Кезектесіп Махамбеттің жырларын айтып келе жатады.)

- Таудан мұнартып ұщқан тарланым,

Ұсынсам, қолым жертер ме?

- Арыз айтсам өтер ме?

Арыстаным көп болды-ау

Саған да менің арманым.

- Кермиығым, кербезім,

Құландай ащы дауыстым.

- Құлжадай айбар мінездім.

Теңіздей терең ақылдым.

Тебіренбес ауыр мінездім.

- Уай, Махамбет бауырым! Бармысың?

– Уай, Махамбет бауырым! Бармысың? (Құшақтасып амандаса бастайды).

Махамбет (қуанып): Өздерің менің жырларымды жатқа оқудан жарыс ұйымдастыруға келген сияқтысыңдар ғой.

Ықылас: Сұрама, Махамбет! Сенің алмастай жарқылдаған жырыңды Еділ-Жайық бойы жатқа айтады бұл күнде.

Жүсіп: Мына Ықылас дұрыс айтады. Исатайға арнаған өлеңіңді, пай-пай, шіркін-ай, сауатым болса бар ғой, хатқа жазып, дүниенің төрт бұрышына түгел таратып жіберер едім. (Бәрі Махамбетті ортаға алады. Махамбет те көңілді.)

Ықылас: Маха! Қозғалмаңыз! Желкеңізге бармақтай сары маса қонып тұр. Қап!

(Ол желкесінен алақанымен соғып қалады да, жанындағыларға ым қағады. Олар жабылып, қаперсіз тұрған Махамбеттің үстіне төне түсіп, қолын артына қайырып, арқанмен айналдыра бастайды. Ықылас қылышын кынабынан суырғанда сахна қараңғылана береді. Махамбеттің ызалы күйінген ақырғы үні естіледі.)

Махамбет: Қайран дүние-ай! Сары масадай ызыңдаған...


СЕГІЗІНШІ КӨРІНІС


Ықыластың киіз үйі. Қаракөлеңке. Зарлы музыка естіледі. Ықылас жастықтан басын жұлып алып орнынан ұшып тұрады. Қорқалақтап, қалшылдап, көрпенің астын көтеріп қарайды. Сытырлатып қазанның қақпағын көтереді де, үрейленіп, «Махамбет кеп қалды» деп жерге жалп етіп құлайды. Үйге әйелі Жаңыл кіреді, жанына жүгіріп келіп басын көтереді.

Жаңыл: Отағасы-ау, сізге не болды? (Жыламсырап) Көзіңізді ашыңызшы.

Ықылас (орнынан атып тұрып): Мені жасыр. Кеп қалды. Әне, кеп қалды. (Ат дүбірі, кісінегені естіледі). Әне, естідің бе? Бұл – Махамбеттің тұлпары. Бозқасқаның кісінегенін естімедің бе? Кеп қалды Махамбет! Ойбай, жасыр мені. Жоқ де.

Жаңыл (үрейленіп): Қайдағы тұлпар? Кісінегені несі?

Ықылас: Әне, әне, естімедің бе, аттың дүбірі үйге жақындап келеді. Мені сандыққа жасыр (жүгіріп барып, сандықтың ішіне кіріп кетеді. Сандықта тек көзі көрініп аз уақыт отырғасын шығады). Уф. Кетті, кетті. Алыстап кетті.

Жаңыл: Жазған-ау, не жаздым? Түн баласы көз ілмейді. Есі ауысқан адамдай тықырдан қорқатынды шығарды.

Ықылас: Үндеме, қатын. Дыбысыңды шығарма! Келіп қалды тағы. «Қақақулап шақырмай, қанды көбік түкірмей» деп ақырып келе жатыр ғой. Мені жасыр, қатын, ойбай! Сандыққа, жоқ ! Сандықпен сүйрей жөнелсе қайтем? Мені қазанға жасыр! Ұста қазанды. (Қазанның ішіне түсіп кетеді. Қазан аударылып түсіп, жерге домалайды.) Келді, келді, ойбай-ай, жаным-ай, енді қайттім?

Жаңыл: Не дейін-ай! Нетейін-ай! (Зарлап жылап) Ниетіңнен таптың-ау, жалмауыз-ай! Ел бетіне қарайтын не бетіміз қалды-ау, жүзіқара болдық-ау... ойбай!..

Ықылас: Ойбайлама, қатын! Мені жасыр! Махамбет сені қайтеді?! Мені көрсе, жеп қояр. Ол ашулы бір арыстан ғой. Ойбай, келді. Қайда қашам?

Жаңыл (зарланған үнмен): Не дейді мына байғұс-ау?..

(Ат дүбірі естіледі).

Ықылас: Бәйбіше, таптым! Күрек әкел! Тез тезірек. Үй ішінен көр қаз. Мен сонда тығылайын. Сен бетін киізбен жауып, үстінде ұршығыңды үйіріп отыр. Махамбет мені сұраса, Ордаға кетті дерсің. Ордаға. (Жаңыл жер қазып, Ықылас көріне түсіп кетеді. Жаңыл, көрдің бетін жауып, үстінде жылап отырады. Үйге бірнеше адам кіріп келгенде, әйел орнынан атып тұрады).

Мұса: Армысың жеңеше! Ықылас көкемізге Баймағамбет сұлтанның өзі арнайы сый беріп жіберді. Мынау құндыз ішіктер, мынау бір дорба алтын. Өзі қайда?

Жаңыл: Ықылас па?! Ор, ор. Ол, ол ма?! Кеп қалар. Жо-жоқ, бүгін келе қоймас. Ол, ор. Ол, ор. Ол осында. Ор. Ордың ішінде жасырынып жатыр. Махамбет келеді дейді. Махамбет келіп тұр дейді (орнынан тұрып киізді көтереді).

Мұса (орға үңіліп): Ей, Ықылас, немене бүрісіп отырсың? Шықсай бері. Баймағамбет сұлтанның жіберген бір дорба алтын ділдәсын көрсеңші. (Ықылас көрінен басын шығарып, «Ө,ө!» деп бақырып жылай бастайды. Мұса дорба толы ділдәні Ықыластың үстіне төгіп жібереді. Ықылас ордан шығып, ойбайлап қашады. Бір ділдәні қолына ұстап, лақтырып жібереді).

Ықылас: Махамбет! Мына алақандай сары темірден Махамбеттің басы көрінеді. Ойбай! (Мұсаға жармасады. Жанындағылар қарқылдап күліп, Ықыласты орына құлатады. Музыка).


ТОҒЫЗЫНШЫ КӨРІНІС


Баймағамбет сұлтанның ордасы. Дастархан басында билері. Арқа-жарқа әңгімелесіп шәй ішіп отырады. Баймағамбеттің жанында – әйелі Жансұлу ханым. Бәрі де көңілді күйде.

Баймағамбет: Еділ үшін егесіп, Тептер үшін тебісіп, берекені қашырған Исатай-Махамбет деген жауларымызды әупірімдеп болса да, жеңдік-ау. Енді Жайықтың арғы беті де, бергі беті де тыныш. Мал құсаған момақан қара қазақ өз қотырын өзі іштей қасып отыр. Бұл Жайықтың бойында мына біздей сәулетті орда бар ма? Айтыңдаршы?

Би-сұлтандар даусы: Байеке! Абыройыңыз аспандай береді әлі. Әлгі Махамбет деген немене, ақын болса, оның жыры түгіл, халық аузында аты да қалмайды. («Ха-хахалап» күле бастайды).

(Сол кезде «Жоқ!» деген қаһарлы дауыс естіліп, бәрі есікке қарайды. Басында тақиясы, шапаны, иығына асқан домбырасы бар Шернияз ақын кіріп келеді де, Баймағамбетке қарап, тізерлей отыра кетеді).

Шернияз: Жоқ! Махамбет өлмейді! Махамбеттің жыры жүректе, сан мың жүректе от болып лаулап жатыр. Мен көзім жұмылғанша аспан асты, жер үстінде Махамбеттің ерлігін дастан қылып жырлай берем. Мені өлтірсең де, Махамбет жырын айтар жас ұлан жөргекте іңгәлап жатыр. Олар біреу емес, бірнешеу. Тек Еділ-Жайық бойында емес, қазақ топырағында Махамбет деп өшпес махаббатпен жырлайтын болады. Наркескендей алмас жырдың, Махамбеттің күні әлі туар, сұлтаным!

Баймағамбет (орнынан атып тұрып, қайта отырады): Қысқарт, тіліңе қызыл шоқ басам.

Шернияз: Шоқ тым тереңге жайылып кеткен. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ !

Баймағамбет: Әй, Шернияз! Менен сонда не тілейсің? Махамбеттің кегін қуғалы келмеген боларсың?!

Шернияз: Мен саған қазақ барда, Махамбеттің аты өшпейтінін, атақ-даңқы аспандай беретінін айтқалы келдім. Бұл пәнидің есебінде, арифметикалық нөмірде (қолындағы плакатпен сандарды көрсетеді немесе саусақтарымен) 1-ден 9-ға (бірден тоғызға) дейінгі ғана сандар бар. Қасиетті жыр да 1 (бір) санымен басталып, 9 (тоғыз) санымен аяқталады. 1-ге 9-ды қоссаң, 10 болады. 1+9=10. 10 (он) дегенің бұл өзі – 1(бір) қосылған нөл. 10=1+0. Қайыра 1-мен бітіп жатқаны, бұл пәнидегі, сандар іліміндегі Ақиқатты, бір Құдайды танығандық болып табылады. Құдайыңды ұмытпа, Баймағамбет сұлтан!

Баймағамбет (ойлана сөйлеп): Махамбеттің саған жолдаған бір жұмбақ есеп-өлеңі бар екен деуші еді ел. Ақыры шешкен екенсің ғой. Жетісіпсің, жетісіпсің. Менің мұңыма мұң артпа, Шернияз! Бетің ауған жаққа кете бер. Жыр дейсің бе? Мына елде ес бар ма жыр тыңдайтын? Қарын мен ауыздың қамы...

Шернияз: Баймағамбет сұлтан! Шерімді ақтардым. Мұңыңа мұң еселесем, олжалы қайтқаным. Келесі ауылға барып, «Исатай-Махамбет» дастанымды жырлайын далалық дауыспенен. Тыңдайтын ел табылмаса, өзекті қысқан өртті жырымды ұйтқи соққан асау жел тыңдар, мүлгіген қара тастар тыңдар, қайғысы қалың қара жер тыңдар...

Баймағамбет : Ал, жырла , ақыным. Жырлай бер! Тыңдаушың табылар.

Бәрі ойланып отырып қалады. Мұңды музыка. Өлең оқылады.

Ей, Махамбет! Сені күтіп көп мекен,

Жайық бойы жанға жайлы от па екен?!

Ақындарға ықыласпен қарайтын

Бүгінгінің ықыласы жоқ па екен?

Жайық бойы қыбырлаған мал ма екен?!

Еділ бойы сыбырлаған тал ма екен?!

Иір бұтақ біткен шығар еменге,

Өз көзіңмен көріп қайтшы, Жан Көкем!


Шымылдық


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар