Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Мигранттар поэзиясы: Мен бүгін төңіректі кезіп кет...

31.07.2023 1931

Мигранттар поэзиясы: Мен бүгін төңіректі кезіп кеттім 14+

Мигранттар поэзиясы: Мен бүгін төңіректі кезіп кеттім - adebiportal.kz

Мигранттар поэзиясы:

«Мен бүгін төңіректі кезіп кеттім,

Үй-жайдан өрт шыққандай безіп кеттім» 

(Азамат Омош)

Биыл жазда Бішкекке кезекті сапарымызда бірқатар қырғыз ақындарының жыр жинақтарына қол жеткізіп, кейбірімен кездесіп, сұхбаттасқан болатынбыз. Кітаптарды саралауда шетелде өмір сүріп жатқан мигрант-авторлар поэзиясына және қоғамның әлсіз тұстарын туындыларында кеңірек қозғаған қаламгерлер шығармашылығына жан-жақты назар аудардық.

Қазіргі уақытта қырғыз әдебиетінде миграция әдебиетінің өкілдері ретінде Толук Бек Байзак (Толукбек Мендебаев), Нарсулуу Гургубаева, Азамат Омош (Төкөров) және Нуриза Өмүрбаева сынды ақындарды атап өтуге болады. Шетелде емес, туған мекенінде ғылым және білім саласымен және көркем шығармашылықпен айналысып жатқан көптеген авторлар кездеседі. Сондай ақынның бірі Алтынбек Исмаиловтың өлеңдеріне де төменде тоқталмақпыз. Сонымен қатар, бұған дейін Ресейдегі қырғыз мигранттарының өмірі туралы жазылған Н. Гургубаева мен Н. Өмүрбаеваның «Хат-тұрмыс» («Кат турмуш») повесі жайлы жазған мақаламыз жарық көрген болатын. 

Миграция әдебиеті өкілдерінің шығармаларын оқығанда екі көрініс байқалады немесе біз оқырман ретінде екі түрлі перцепциялық қабылдауды бастан өткіземіз. Бір топ ақындар немесе жазушылар шетелде тіршілік қамы үшін жүрген отандастарының басындағы әртүрлі тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлар мен салдарын, әрбір жағдаяттағы көңіл күй ауаны, эмоциясы, махаббат сезімін, миграциялық өмірдің қиындығын да, артықшылығын егжей-тегжейлі баяндаса, келесі бір бөлігі жат жердегі жалғыздығы мен туған жерге деген махаббат, сағыныш сезімдері жырланады. Яғни, мигранттар өмірін тереңірек жазбайды. Жоғарыда аталған «Кат-турмуш» повесі мен Азамат Омоштың поэзиясынан миграциялық өмірді бастан өткізіп жатқан халық өмірін айқын көре аламыз. Осы тұстан-ақ миграция әдебиетінің көрнекті өкілі Азамат Омош өлеңдерін талдаудан бастағымыз келеді. 

Азамат Омош 1979 жылы Қырғыз Республикасы Ош облысында туған. Қазіргі уақытта Мәскеуде өмір сүреді. 2019 жылы «Мен бүгін» деп аталатын өлеңдері мен аудармаларының жинағы жарық көрген. Кітап тиражының аз болғаны себепті бұл кітап көпшілікке жетпей қалған екен. Бар-болғаны 130 дана шыққан. Аталған кітапқа мигранттар өмірін көрсететін «Мигранттың жыры», «Мәскеу», «Мен бүгін» және «Корпоратив» атты өлеңдері енген. 

«Мәскеу» өлеңінің кейіпкерлері: қарызға той өткізіп, соның несиесін төлеу үшін қар күреп жүрген мигранттар; ауылында үй салғанмен, өзі шетелде бала оқытып, Бішкек пен Ошқа жат болғандар; ауылда қалған балаларына қыс мезгілінде бір барып, сағынышы басылмай, Мәскеуге қайта кеткендер. Өмір тәжірибеміздегі оқиғаларды салыстыра қарағанда, қазақ пен қырғыздың проблемасы ортақ: несиеге үй салып, той өткізеді, кейін сол қарызды өтеу үшін жұмыс істейді. Қоғам өкілдері осындай бірқатар «дәстүрлер» туралы жаңа және тиімді көзқарас қалыптастыруы қажет деген пікірлер қоғамда жиі талқыланады.  

Қазіргі уақытта мигрант ата-ана мен бала арасын хат пен телефон ғана жалғап тұр. Миграция әдебиетінде қарым-қатынас құралдары белсенді қолданысқа еніп, тіпті туындылардың жанрлық формасын да трансформацияға ұшыратып жатыр. Мысал ретінде «Хат-тұрмыс» повесінің жанры хат түрінде жазылған. Өйткені мигранттардың бетпе бет жүздесуге уақыты тапшы. 

Екі буын: бірі қар күреген,

Бірі ата-ана мейірімін аңсаған.

«Әкең қайда?» деп сұраса біреулер,

«Міне» десіп телефонды ымдаған.

«Анаң қайда?» деп сұраса біреулер,

«Міне» десіп телефонды ымдаған.

 

«Мигранттың жыры» өлеңінде кейіпкер әке-шеше атынан сөйлейді: 

Біздің тілек: нан іздетіп саңыраудай,

Баламызды тентіретпесін жазмышы.

Біздей болып ұтылмасын тұрмыстан,

Балдарымыздың жерге тиіп иығы.

Үмітіміз – алыстағы Қырғызстан,

Өкінткені – елдің-жұрттың алысы...

Азамат осылайша жырақта жүрген жерлестерінің ауыртпалығын, тұрмысының қиындығын жырласа да, болашақтан үміт үзбейді. 2017 жылы жазылған «Мен бүгін» өлеңінде мигранттық өмірдің өтпелі екеніне, болашақта екі иығын тіктейтініне сенеді. Өйткені, ақын – Манас батырдың ұрпағы. Батыр бабасы ақынға рухани күш-қуат береді. Мұны төмендегі екі шумақ үзіндіден ұғынамыз.

Мен бүгін төңіректі кезіп кеттім,

Үй-жайдан өрт шыққандай безіп кеттім.

Манастың рухы менде жүргенімен,

Өзімді бейшарадай сезініп кеттім. 

 

Ал бүгін үсіп жүрмін, көшедемін,

Өкпеден қағынғандай жөтелемін.

Біліп қой, мен Манастың ұрпағымын,

Бір күні көкіректі тіктеймін. 

(Түпнұсқадан қазақшаға жолма жол бейімделді).

Шетелде жұмыс істеп, жоғары жалақы табуға тырысқан халық тұрмыс жағдайын жақсартқанымен, миграциялық өмір азаматтардың өзіне тән ұлттық бірегейлігіне де нұқсан келтіреді. Тіпті, бала мен ата-ана екі жақта өмір сүргендіктен, отбасы құндылықтары құлдырап, өмір заңдылығы да бұзылуы мүмкін. Тұрмыстың, жұмыстың қиындығынан қажыған адам ішімдіктен, көңіл көтеру кешінен жұбаныш табады. «Корпоратив» өлеңінде жақында ғана тұрмыс құрып, бөтелкелерден майысып тұрған үстел айналасында жыландай ирелеңдеп билеп жатқан келіншек пен ішімдік ішкен жігіт әрекетін ақын елде жоқ, кірме салтқа теңейді. 

Бір байқалғаны, А. Омош поэзияда эксперименттерге көп бара бермейді. Жоғарыдағы өлеңдерінің көп бөлігі қара өлең ұйқасымен жазылған. Біз қазақшалағанда кейбір жолдардың ұйқасы түпнұсқадан аздап өзгешелікпен аяқталған болуы мүмкін. Көп жағдайда, қазақ-қырғыз тілі ұқсас болғандықтан, шумақтардың ұйқасын сақтап, жолма жол аударуға тырыстық. Жоғарыдағы өлең жолдары, шын мәнінде, ақынның шынайы өмірді өзінше түсініп, сезініп, қабылдауынан туған. Шынайы, сапалы туынды жазу үшін көп ақынға шынайы өмір не құбылысты сезінбеу және тәжірибенің жетпеуі себеп болатын шығар. Миграция әдебиеті өкілдерінің көбі шалғайда еңбектеніп жүрген замандастарының өмірін егжей-тегжейлі жазған деп айта алмаймыз, алайда шынайы өмірді бастан өткізген және тағдырларды жіті бақылай білген ақындар мен жазушылар мигранттардың өмірі қандай екенін көз алдымызға шынайы қалпында жеткізуге тырысады. Туындыдан мигранттар бейнесін көре аламыз. 

Ақындар жат елде жүрсе де еліндегі әртүрлі оқиғаларды да әрқашан қадағалап тұрады. «Апрельде оққа ұшқан досына» (өлең атауы осындай) оның өлімінен кейінгі жағдайларды баяндайды. Ақынның ойынша, досы өлгенімен, саяси жүйе әлі де өзгермеген, өмір де бұрынғы қалпында. Билік өкілдері «ел-жер үшін күреспейді». Атақоныста тек қарттар ғана қалып, жастар кеткен. Өлеңнің ырғағын сақтау үшін соңғы үш жолын түпнұсқада бергенді жөн көрдік. Біздің байқауымызша, мақалада өлеңдері талданған ақындардың ұқсас тұсы – билікке көңілі толмаушылық. Әсіресе, саяси жүйенің түзелгенін, сол арқылы әлеуметтік тұрмыстың жақсарғанын қалайды. Мысалы, Азамат Омош өлеңінің мәнмәтіні айқын жетуі үшін үш тармақты түпнұсқада келтіргенді жөн көрдік. 

Апрельде өлдүң эле сен неге?

Алмашпаган өзүң көргөн система,

Муну билсең өлбөйт элең сен деле. 

         Миграция әдебиетінің өкілі А. Омош саяси, әлеуметтік, азаматтық лирикасынан миграцияда жүрген отандастарының өмірін айқын байқай аламыз. Алыста жүрген ақын тек туған жерге деген сағынышын ғана жырламайды... Оның өлеңдері мен әңгімелеріне балама ретінде тағдыр мен тіршілік ұғымдарын қолдануға болады. Мигранттар поэзиясы – мигранттар тағдыры мен тұрмысы. Мигранттар тартқан азап пен қиындықты не нәрсе жеткізуі мүмкін? Ақындар сөз астарымен ғана көрсетуге ұмтылады. Бұл ұмтылушылық қана. 

А. Омоштың «Жалдамалы жұмысшы» («Мандикер») әңгімесінің кейіпкері де болашағын Мәскеумен байланыстырады. Өз елінде өзбекке жалдамалы жұмысшы болудан жалыққан жігіт Мәскеуде көбірек табыс табуға бел буады. Бұл әңгіме кейіпкері жалдамалы қара жұмыс істеп, азығын табуды ғана ойлайды. 

А. Омоштың бірді-екілі әңгімелерімен қоса, поэзиясынан мигранттар тіршілігінің кейбір көріністерін байқаймыз.

Миграция әдебиетінің келесі өкілінің бірі Толук Бек Байзак (1966) 1990 жылдары жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін Түркияға қоныс аударған сынды. Өйткені өмірбаянында 1993 жылдан бастап түркиялық телеарнада қызмет атқарғаны жазылған. Қазіргі уақытта Мәскеуде тұрады. Ақынның атамекенімен қоштасу өлеңдері осы кезден бастап жазылған. 2021 жылы «Көшпелі өмір» («Көчмөн дүйнө») атты кітабы жарық көрген.

Т.Б. Байзактың «Қош, мекенім!» өлеңінде «әлсіз, жарлы»; «ақыл-есін жия алмай жатқан»; «жас баладай тәй-тәй басып, аяғына нық тұрмаған» мекеннің бейнесін береді. 1993 жылдар – Қырғыз Республикасының да мемлекеттік тәуелсіздік алғандағы алғашқы қиын кезеңнің басы болғаны белгілі. Сол жылдары ақын туған жерінен Түркияға қоныс аударады. Өлеңінде туған жерімен қош айтысқан ақын болашақта қайта ораларына да сенімді, өйткені мекені жүрегіне орныққан. Тек сол қиын жылдарда туған жерге берері «сүю, үміт және өлеңі» ғана екенін де мойындайды. 

1996 жылы жазылған «Мен жолға шығарда жылама, апа» атты өлеңінде де анасының қасынан, туған жерінен жиі-жиі жыраққа кету ақынға да оңай соқпағаны көрінеді. Өзі сияқты «орыстың тұманды, суық қалаларында қаншама ұл-қыздар өмір сүріп жатқанын» да баяндайды. Өлеңде бір сәттік сезім ғана ұйқаспен өрілген. «Ыстық көлім» және «Мекенім менің егемен» өлеңдерінде туған жеріне келген сайын қимастық, қоштасу сәттері шумақтарға айналған. Аталған кітабындағы өлеңдерді оқығанда 1993-2000 жылдар аралығында жат жердегі тіршілік ақынға оңай тимегенін байқауға болады. Бұл кезеңде ақын көңілінде іштей мазасыздық, туған жерден алыстағаны үшін өзін кінәлау, көңілі толмаушылық, ортасына, мекеніне сағыныш басым болғаны аңғарылады. Ал 2000 жылдардан кейінгі өлеңдерінде бұл мазасыздықтан арыла бастағаны көрінеді. Тіпті, осы жылдардан бастап ақын поэзиясының көркемдік сапасы да жоғарылай бастаған. 

Мигрант ақындар тек туған жеріне ғана жыр арнамай, өздері жұмыс істеп жүрген Мәскеу және Стамбұл сынды алып шаһарлардың да әсем келбетін кескіндейді. Т.Б. Байзактың «Стамбұл» өлеңінде ару қала ақын жүрегінен орын алған. Өмірінің жеті жылы өткен әсем Стамбұл ақынның арман, мақсаттары, азапты әрі қуанышты сәттері мен жастық шағының ассоциациясы іспетті. Мешіттері көк тіреген бұл қала ақын үшін барын жоғалтқан, жоғын тапқан және «тасы, топырағы алтын Стамбұл». 

Т.Б. Байзактың жақсы жазылған өлеңінің бірі «Көшпелі өмір» деп аталады. 2015 жылы жазылған. Миграция тақырыбындағы өлеңдерінің лейтмотивін осы өлеңнің екі тармағымен бергендей көрінді. Ақын: 

Өзімнен өзім қашып келе жатқандаймын,

Өмірді Ата Жұртқа арнай алмай, – дейді. «Өзім» деген лексикалық бірліктің мазмұнында «өзімнен» деу арқылы өзін әрі ата жұртын меңзеген экзистенциялық мән қамтылғандай көрінеді. Бәлкім, туған жерден кеткені үшін «өзі» туралы сұрақтарға да жауап табу оңай еместей көрінеді. Алайда бұл көшпелі өмірдің қай жерден тоқтайтынын да белгісіз. Бұл постотарлық кеңістіктегі өз орнын анықтай алмаған тұрғынның / ақынның, бәлкім, отандастарының бейнесі шығар. 

Ақын Ыстық көліне, Бішкегіне немесе Алатауына қайтқысы келетінін бірнеше өлеңдерінде баяндайды әрі суреттейді. Өлеңдерінде бұл нысандармен әрқашан сәлемдесіп әлде қоштасып жатады. Реалды кеңістікте Стамбұл және Мәскеуде жүргенімен, ирреалды әлемінде әрдайым атамекенінде өмір сүреді. 

Миграция тақырыбын поэзиясында да, повесінде қозғаған автордың бірі Нарсулуу Гургубаева. «Алыстағы ақ жарық» деп аталатын өлеңдер жинағы 2016 жылы жарық көрген. Кітаптың алғысөзін жазған қырғыз драматургі, жазушы әрі ақын Султан Раев. 

С. Раев алғысөзінде «... бұл жыр жолдарын оқып жатып, өзімнің, сіздің, біздің – бәріміздің тағдырымызды тауып алғандай қызық ойда қалдым. ... Мен оның жырларынан өзін тауып алдым. ... Жиырма жылдай бұрын жолығып едік» деп келтіреді. Нарсулуудың поэзиясында жарық ұғымы өмір сүрудің параллель мәнін береді. Кітабына отыз үш өлеңі кірген екен. С. Раев 33 санының сакральды мәнін Иса пайғамбардың отыз үш жасында адам баласын жарық жолына жетелеуге бекінген ұмтылысымен байланыстырады. «Бәлкім, бұл отыз үш жыр сол жарық демін жалғастыратын, жас ақын сапары – ескірмейтін ақ жарық жолының бастауы шығар...» деп, ақын шығармашылығына тілектестік білдіреді.

Н. Гургубаева сөз өнері әлемінде нағыз кәсіби деңгейге көтерілген ақын. Шумақтарында, ондағы тармақтардың бунағы мен ұйқасына жасырынған терең қатпарлы философиялық мән жатады. Оның поэзиясы өмірдің өзіндей шынайы. Нарсулуу өмірді тек қарабайыр ойлармен жеткізбейді. Жалған мұң, жалған сезім жоқ. Өлеңді де көп жазбайды, тек жазуға мәжбүр болған кезде ғана жазатындай көрінді. 

Өлеңдерінен ақын жанында терең мұң бары сезіледі. Бұл қорғасындай ауыр мұң, бәлкім, жат жердегі тіршіліктің қиындығынан, сағыныштан, жалғыздықтан жиналған шығар. Ақынға, тіпті, мұң мен жалғыздық жақын досындай болып кеткен және өзі де осыдан күш алатындай. Жазушы, драматург Сұлтан Раевтың сөзімен айтқанда, Нарсулуу өлеңдерінен «... тұрмыс сияқты қатал..., ойлары тастай... сезімдері тұрмыста сыналғандай көрінді». 2008 жылы жазған бір өлеңінде: 

Күлкісіз, қайғы-мұңсыз, көз жасынсыз,

Күн өткізіп сенсіз, онсыз, басқасыз,

Жасап келем жасап болмас қалада

Қолшатырсыз, үй-жайсыз, ақшасыз...

Кітабы да осынау төрт тармақпен басталған. Нарсулуу поэзиясында жалғыздық, алыстық және жарық ұғымдары өз бетінше жаңаша поэтикалық мазмұн алған. Ақын: 

Алыстықты жазу қазір қандай ауыр! 

Алыстан саған лайық болу одан да ауыр» деп жырлайды. Мұндағы «саған» сөзін атамекен деп ұғынған жөн. Ақын туған жерін бар болмысымен, кемшілігімен қоса сүйеді. 

Қайтамыз деп қайралып та, бүлініп,

Сенен кеттік, кеткен себеп белгілі.

Сен аман бол себебі жоқ қырсықтан,

Бұл дүниенің бүлк-бүлк соққан жүрегі! 

Басқа ақындар секілді Нарсулуу да бір күні еліне қайтатынына үмітті. 

Бір ерекшелігі, Нарсулуу Гургубаеваның өлеңінен қазақ ақыны Мұқағали Мақатаев және жазушы Шыңғыс Айтматов арасында ортақ ойлар бары байқалды. 

Ш. Айтматов «Адамға ең қиыны – күн сайын адам болу» десе, Н. Гургубаева «Анам Айканға» өлеңінде «Қиын маған адам болу шынайы. Әйел болу одан қиын, құрып қал...» деу арқылы менталитеттегі әйелге артылар жауапкершілік пен міндеттердің ауырлығына, стандартты көзқарастарға қынжыла сілтеме жасағандай. Бақыт ұғымының поэтикалық түсінігі Мұқағали мен Нарсулуу өлеңдерінде де өзара сабақтастық тапқан.

Мұқағали ақын:

Бақыт деген – сенің бала күндерің,

Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің.

...

Бақыттысың бақыт іздеп сорласаң,

Бақытты боп сорлап жүрсең масқара.

 

Ақын Нарсулуу: 

Бақытты болу үшін бұл өмірде

Бақыттың не екенін білмеген жөн...

Екі ақын да бақыт ұғымынан қайшы мән іздеу арқылы бақытты (адам) моделін кескіндейді. 

Қырғыз миграция әдебиетінің келесі бір өкілі, «Бейтаныс бекет» өлеңдер жинағының авторы Нүриза Өмүрбаева. Кітап 2023 жылы жарық көрген. Бұл кітаптың да алғысөзін жазған көрнекті қырғыз қаламгері Султан Раев. 

С. Раев жоғарыда Н. Гургубаеваның поэзиясындағы жарық деп аталатын сәуленің немесе қуаттың философиялық, поэтикалық мәнін интерпретацияласа, Н. Өмүрбаеваның өлеңдеріндегі сезім қуатының маңызын түсіндіреді. «Нүриза көп жылдар бойы Түркияда тұрады. Еңбектенеді. Елден жырақта жүрген адам санасы, сезімі, ойы, әлемді қабылдауы да өзгеше болады» деп атап өтеді. 

Мигрант ақындардың поэзиясында тау тау (Алатау), көл (Ыстықкөл), қала (Бішкек) сынды геопоэтикалық образдардың қатарына теңіз, Стамбұл, Мәскеу сынды жаңа кеңістіктердің бейнесі де қосылған. Нүризаның жоғарыда аталған шағын кітабында атамекенге деген сағынышын жеткізген, теңіз әлемімен сырласқан санаулы өлеңдері енген. 

Миграция әдебиеті өкілдері шығармашылығының бір бөлігі қазіргі қырғыз қоғамының саяси, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын суреттегені байқалды және шетелде емес, өз елінде тұрып жатқан ақындардың да поэзиясынан бүгінгі қоғам көрінісін байқауға болады. Мысалы, Бішкекке сапарымызда қазіргі әдебиеттегі азаматтық лирика өкілі Алтынбек Исмаиловпен сұхбаттасқан болатынбыз. 

А. Исмаиловтың ақын ретінде есімі түркі халықтарына жете таныс. Қырғыз Республикасының Ұлттық жазушылар одағының мүшесі. Ол – Қазақстан, Қырым, Түркия, Бакуде өткен Көптеген әдеби шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. «Тас айна» және «Агыш түн» өлең кітаптарының авторы. Ақындықпен қатар, көркем аударма және әдебиеттану саласымен де айналысады. Поэзиясы қазақ, әзірбайжан, башқұрт, ағылшын, түрік, түрікмен, өзбек, орыс, т.б. тілдерге тәржімаланған. Алтынбек Исмаилов елінде ұстаздық қызмет атқарады. Ақын бір-біріне жақын келетін салаларда қызмет атқарғандықтан, проблемаларды да тереңірек ұғынуы мүмкін. 

А. Исмаиловтың «Агыш түн» кітабындағы өлеңдерді оқып отырып, қазіргі қырғыз әдебиетінде азаматтық лирика әлі де маңызды екенін байқаймыз. Ақын үшін қоғамдағы өткір ойларды баяндаудың тиімді жанры – азаматтық лирика. «Тас айна» («Таш күзгү») өлеңінде қоғам проблемаларына тас айнадан үңіледі. Бір және екі бунақты тармақтармен өрілген бұл өлеңнен келесідей бейнеленген қоғамның тұтас картинасын көруге болады. 

Адами және ұлттық құндылықтардан алыстай бастаған қоғам белгісі: өсек-аяң мен ішімдікке үйір болады, шынайылық пен дінінен алыстайды, өз ана тілін сөйлеуге ұмтылмайды, күн көрісі қиындайды, жасы қартын сыйламайды, халық тіршілігін базар жағалап табады, ақын, жазушысының бар байлығы – жазғаны екен, т.б. Ақын тас айнаны әр сәт сайын тазалап, сүртіп қарағанымен, өзгермеген сол көрініске қайта-қайта куә болады. Тас айнадан өзгерісі жоқ қоғамның мың қырын таныстырады. 

ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде ояну мотиві белсенді қолданысқан енген еді. Біз бұл ояну сарыны сол кезеңдегі қырғыз әдебиетіне де тән болған шығар деп ойлаймыз. Өйткені, екі қоғамдағы саяси, мәдени, әлеуметтік жағдайлар ұқсас болған еді. А. Исмаилов мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізген халқын ХХІ ғасырдың басында да оянуға шақырады. 2003 жылы жазылған «Ояныңдар» атты өлеңін аралас ұйқаспен жазып, өткір ойларын жеткізу үшін бір және екі бунақты тармақтармен жазады. Азаттық кезеңінде де қисық, іргесі қиыс кеткен қоғамды түзету үшін халқын оятуға ұмтылады. Осы тұста Алтынбектің туындысынан алынған келесі үзіндіні қазақша бейімдеп беруге тырыстық. 

Тұрыңдар,

Ояныңдар!

Тамтығы 

Шығып жатқан

Тұрмысты 

Түзетуді 

Ойлаңдар,

Ояныңдар!

 

Жетер

Осынша жыл,

Құшақтап

Құр қиялды

Жатқан кезің.

...

Жетер

Осынша жыл,

Сүйегіңді

Отқа қалап,

Жаққан кезің!

...

Ұмыттың,

ҚЫРҒЫЗ деген

Байырғы 

Атыңды сен!

Ұмыттың

ҚЫРҒЫЗ деген

Қазіргі 

Затыңды сен!

Ақын қоғамды ояту үшін халқына жай ғана қайырылмайды. Қазақ ақыны Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасыр басында маса болып ызыңдаса, ХХІ ғасыр басында қырғыз ақыны Алтынбек жыры арқылы дауыс қарқынын зорайта сөйлейді. Бұл да отарлықтан кейінгі көріністің бір үзігі. 

Ақын «Төңкеріс» атты өлеңінде «төңкеріс» сөзін ауыспалы мәнде қолданып, халықтың жан дүниесі жаңарып, ой-санаға төңкеріс жасау қажет деп есептейді. Әлеуметтік тұрмысты жақсарту үшін бірінші кезекте қоғамның ақыл-ойы мен көзқарасы өзгеруі қажет. Халықтың рухани аштығы ақынды қаттырақ мазалайды. 

А. Исмаиловтың біз мысалға алған өлеңдері Тәуелсіздік кезеңнің екінші он жылдығында жазылған. Кеңес одағынан тәуелсіздік алғанымен, қоғамның ақыл-ой санасында бекіп қалған отаршыл көзқарастан аз мерзім ішінде толықтай арыла алмайтынын ақын өлеңінен байқап отырмыз. Қоғам сырқатын көрсетуде азаматтық лириканың әлі де өткір екені көрінді.  

Қорыта келгенде, қазіргі қырғыз әдебиетінде мигрант авторлардың шығармалары да тақырыбының жаңалығымен және поэтикалық ізденістерінің тосындығымен ерекшеленеді. Посткеңестік кеңістіктегі қырғыз әдебиетіне жаңа мекеншақ түрлері қосылды. Сол поэтикалық уақыт пен кеңістікте әртүрлі тағдырлардың образы кескінделіп жатыр. Әдебиетке жаңа образдар еніп, әдеби-эстетикалық амалдар қолданысының түрлері де арта бастады. Әдебиеттегі алыстық, сағыныш, жалғыздық ұғымдарының экзистенциялық мағынасының аясы да кеңейе түсті. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар