Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Момынхан Алима. 22-автобус

08.02.2020 637

Момынхан Алима. 22-автобус 12+

Момынхан Алима Асатілләқызы - Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Шымырбай ауылында туған. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің 3 курс студенті.

22-автобус

Есіктері сықырлап, қаланың шалшық суы әйнегін көз қарағысыз еткен, әбден ластанған 22 нөмірлі автобус жүйткіп келеді.

- Ашып жіберіңіз, ашыңыз деймін!

- Откройте - деген ащы дауыстар құлақты тесіп барады. Автобус жүргізушісін аяп кеттім. Кондукторсыз таң ала кеуімнен қас қарайғанға дейін тынымсыз бір қаланы айнала беру, одан қалды жолақысын бақылау, әр түрлі мінезді көтеру, сұрауына жауап беру. Қысқасы,жүйкеге жүк.

Аялдама. Есікке ентелей ерсілі-қарсылы тұра жүгірген бір жап-жас қана бала мінді. Автобус іші бос. Шоқиып-шоқиып әр жерде бес-алты ғана адам отыр.Тозығы жеткен есіктің сықыры ғана үнсіздікті бұзып тұрғандай.Балдағына сүйенген кәрі ата қолы қалтыраған күйі маған бірдеңе бергендей болды.

- Әй, қызым-ай, мынаны басып жіберші-деді.Түймешенің жасыл түсі жанғанын күттімде атаға қайтардым.

- Ұзақ жаса, айналайын!-деді иегі кемсеңдеп. Мұндай сөзді өз атам кеткелі естімеп ем. Белгісіз атаға риза болған кейіпте, әйнектен сыртқа көз тіксем ештеңе көрінбейді.. Қоламта иіс мұрынды жарып,түтін тұншықтырып барады. Мен түсер жерге дейін әлі ұзақ жүру керек. Кенет, әлгі қара бала сөйлей жөнелді. Күбір-күбір. Түсініксіз. Жыламсырағандай дауыс. Белгісіз бір тілде сайрай бастады. Үн жоқ автобусқа жан бітіргендей жұрт жапатармағай бір-біріне қарай бастады. Ол сөйлеп тұрған жоқ,әндетіп тұр. Өзбек бала. Жоқ, өзбек тілі мұндай емес. Мүмкін тәжік бала болар. Ұлты беймәлім бұл баланың тағдыр тапқан жалғыз ғана аты бар.. Қайыршы деген. Иә,ол қайыр сұрап кірді мұнда.

-Арман адастырмай мені қоя тұр,

Жалған құшағыңды маған жая тұр,

Үміт,сені сақтай алмадым,

Алдадың сен мені тағы да алдадың- деп әндетіп автобус ішін шыр көбелек айналып жүр.Балдақты қариядан бірдеңе алып жатты. Ұялы телефонға телмірген шеттегі екеуге барып еді, олар тіпті елеген де жоқ. Сол мезет соңғы қатарда отырған маған келді де,

- Опа, пұл бериң!-деді. Қалтама қолымды салдымда көк теңгелермнің ішінен ең кішкентайын алуға әрекеттендім. Береді деп ойлады ол. Тиын қолымда ілінді,мен бермедім. Ол түсіп қалды. Мен өз аялдамама жеттім. Көше бойы әлгі баланы ойлап келем. Неге бала дәл сол әнді айтып жүр?

Үміт арман дегеннің не екенін біле ме ол?

Көзін тырнап ашқаннан көресі мына тірлік.Қызық…

Сол түні үйге қайтар жолда бала күнгі әжем таққан алтын сырғамның бірі құлағымнан сусып түсіпті. Көше бойын тінтіп,таба алмай қойдым.Сырғаның әлегімен күндік көріністерімді ұмыта бастадым.

Арада үш жұма өтті.Дәрігер нұсқауы бойынша, емханаға барар уақыт жетті. Бір жапырақ қағаз бетін дәрі-дәрмекпен толтыра:

- Жоғалып кетпеңіз, жақсарып келесіз, уақыттан кешікпей келіп қаралып кетіңіз-деді.

- Жарайды, рақмет, сау болыңыз!

- Сау болыңыз!

Емханадан шыққан бойы аялдамаға беттедім. Сол баяғы 22 нөмірлі автобусты тосып.Жарты сағат өтті.Қарасы көрінбейді.Көше толы адам. Қалың кептелістен ырғатыла автобуста келді. Бір-бірін итеріскен жұрт.Ине шаншыр орын жоқ. Жүргізуші өзгермеген, сол кісі.

- Гүлжан сауда-орталығына бара ма?

- Иә,барамыз.Әдетінше, байыппен жауап берді.Шиқылдаған есіктер әрең жабылды. Автобус орындығына сүйеніп,қиялдап тұрған менің ойымды таныс дауыс бөліп жіберді.

- Алдадың сен мені тағы да алдадың!-деді.

Жұрт: Мазамызды алма! Тыныш тұр! Жүргізуші мынаны түсіріп жіберіңіз!-деп жатты.

Жан-жағыма қарайлап, іздей бастады

Ол сол ғой. Қателесуім мүмкін емес. Иә, ол әлгі қара бала. Үстінде тура сол киім. Осы жолы ескі танысымдай көрінді. Мені бұрыннан танитындай жаныма кеп тағы да:

- Опа, нонгә пұл бериң!-деді. Беруге ниеттендім. Алайда, маған дәрі-дәрмек алу керек. Ол тағы күтті.Теріс бұрылып тұрдым.Іле-шала қайта қарадым,ол жоқ.Түсіп қалған. Автобустан шыға бере, “арман адастырма мені”деп ыңылдап келем. Үні жадымнан өшпестей еді. Қанша адамның аузынан естідім,бірақ оның орындауындай еш жерде естіп көрмедім.Ол ешқандай нотаны білмейді,ол тіпті жан-дүниесін барын салып та айтпайды. Оны ыңылдатқан тағдыры…

Дәріханаға кіріп,дәрілерімнің ақысын төлемек болдым. Қанша түрткіленсем де таба алмай қойдым.

22 нөмірлі автобусты көөп күттім. Ешқайда бармаймын. Тек, нанға пұл берейін деп ем. Енді ешнәрсем жоғалмаса екен. Мен табармын. Ал, оның автобус ішінде өтіп жатқан әрбір балалық күнін, жоғалған балдәурен шағын кім қайтарады? Ыңылдаған күйі автобуста сазарып тұрып қалдым.

Ұзаақ күттім. Бірақ, ол келмед (і )…

Ащықұдық

Жарық дүниенің құлағын тескен шырқыраған дауыстар, адам жанын шошытып, сай сүйекті сырқыратар азалы үндер, жан алқымға тығылып ажал арбасына лаж жоқ отыра, әлдебір уысынан шығара жаздап, қашып кетіп, көз жазып қалатындай қапсыра құшақтап алған әзірейілдің миығынан күлуі, мүсәпірлердің кісі аяр мүскіні, жанарына үрей тола үріккендер, өз қиянатына өзі тұншыққандар. Осының бәрін олар көретін, біле тұра селк етпейтін.Кей кейде, өзара жинала қалса, осы бізді өздеріне теңейтіні қалай?-біз кімміз, олар кім-дейтін.

Тай тұяғы таптаған, жосылған іздер, түлік атаулының табаны тие, жаз кеп аңқасы кеуе, әбден топырағы шыққан Ащықұдық орнында, тек шілденің шіліңгірі арнасын тарылтты. Сәуірдің ақ жауыны еркелей төпелеп төгіп өтетін,қытымыр қыстың ақ қарын жамыла бұйығы ұйқыға бататын бұл маңда тіршілік иелері көп-тін. Әсіре,сарышұнақтардың мекені еді. Тіршілік әрекеті көбіне күндіз болатындықтан, бұл маңайға балалар жиі келетін. Қызықтайтын, жеткізбейтінін білсе де артынан қуа жөнелетін,ө қыран топан қызық көретін.

- Әй, оларың не, тимеңдер, қойыңдар. Тараңдар деймін-оу. Кімге айтып тұрмын. Құлақсызын өздерінің, әкеңе айтып жаныңды шығартпасам, мына кемпір маған не қылушы еді дейсіңдер, ә? - деп тысқа шыққан Бейбарыстың әжесі ойбайды салатын. Қызығы басқа үлкендер тіпті, алаң да қылмайтын. Өй тікені, сор құдықтың сырын, иесі алып әбжылан екенін, құдық асты ордасы барын кемпірден басқа ешкім білмейтін. Әзірге құдық аңызын арқалап жүрген көзі тірі жалғыз адам осы...

***

- Өлтіру керек, әкел бері, тағы келгенін қара, дәніккен екен, не іздеп жүр, алда-жалда бала шағаның алдынан шығып қалса, өтін жарып жібереді-ау, құртайық мұны, бәленің алдын алмасақ болмас, құдай оңдап, бүгін үйде болғанымды қарашы, сұстысын өзінің, бесақаны әкел дедім-оу, неғып тұрсың деймін. Босағада ысылдаған күйі сары бас жылан әлі тұр. Өзіне төнген қауіпті сезгендей. Ұзындығы жарты метрдей, басының оң жақ бөлігінде, құйрығының ұшында кішкене сары дақтар бар. Жемтігін іздеп бұл маңға қалай келгенін, көлден алыстап кеткенін де байқамаған. Ордасынан көз жазып, ажырап қалған.

- Мұндай жыланды шақпайды усыз деуші еді, бұ да бір құдайдың жаратқаны ғой, ақ құйып жібере салайық, енді келмес обалын қайда қоясың? Судың да сұрауы бар деген.

- Әбжыланға сеніп бола ма, көрмеймісің қораға келгіншектеп жүргенін, ертең малыңа тиеді, содан кейін өзіңе шауады, жалпақшешейлігіңді қашан қояр екенсің.

- Мә, ұста, өзің біл енді. Обалын көтересің. Қарғысы бала-шағадан аулақ.

Айырдың ұшын тыға басын мыжғылап өлтірді де, күшікке лақтырып жіберді. Құйрығы әлі жыбырлауда. Итаяққа ұшып түскен жыланның басы сырп етті. Шәуілдеген ала күшік басын ала төрт аяқтап қаша жөнелді. Ал, бұ уақта жер асты жыландар кеңесі басталып кеткен. Бірін-бірі исінен сезе қалатын жорғалаушылар бұл жолы тым ашулы-тын. Ордасының басын жиып алған қожайыны:

- Қанға қан! Ертең-ақ жанымызға жуырсың, тараңдар, - деді.

Табиғаттың өз тілі бар. Адамзатқа беймәлім, түсініксіз... Оны түсінуге ұмтылу бекер. Жаратылыстың әрбірінің өз иесі бар. Жат аяқтардан қорғайтын, бөгде көздерден сақтайтын. Жаратылыстың әрбірінің өз иесі бар. Үстемдік құруға ұмтылғандардың зауалын беретін. Адамзат, сен бүлінбе...

Әткеншек

- Ее, мына қу ағаш әлі тұрғаны қалай? Әй, құлақсыз, балам-ай! Кеспеген екенсің ғой.


Ойнап жүріп біреуіңнің басыңа құлап кете ме деп алаңдаймын. Қаусап тұр-ау,қаусап. Қайбір жылы анау құдағиымның үстіне құлап кетіп, жазған кемпір жүруден қалған жоқпа? Содан бері жел тұра қалса жүрегім шайлығып, мені де сөйтсін дей ме, бұ құлақсыз әкең-деп әжем кірмей тұрып аузы-мұрнын толтыра, баласының ашуын менен алды.


Ағаш жөнінде айтылған ешбір сөз көңіліме қонбады. Осы жұрттың бізде не шаруасы бар деймін. Әжеме де іштей тыржиып жақтыртпай қалдым. Өйткені,онда әткеншек бар. Жай әткеншек емес. Үстінде құрақ-құрақ мақтасы шыға көнетозданған кішкене ғана қызыл көрпеше. Сабақтан шыға, сонда асығам. Әткеншекте тербеле:


- Үлкен адам болам, (әжем айтқандай) Адал болам, Арлы болам деп-қайталаймын. Сол бір сөзімді жел аузымнан қағып әкетіп, күллі дала қайталап жатқандай. Көкте күн "Арлы"деймісің деп, мені кекете миығынан күлгендей еді.


Сол түн маған ауыр болды. Түн ортасы ұйқымнан оянып
кетіп, ары аунап бері аунап, дөңбекшіп ұйықтай алмадым.
Таң бозғылданып атып келед(і), сонда барып көзім ілініп кетіпті. Шелектің сықырынан ояндым. Тысқа шықсам, қара ағаш орнында жоқ. Тек діңгегі ғана қалған. Көзімнен жасым атқып кетті. Әткеншегім көк есектің мойнында. Қызыл көрпеше де соның үстінде. Арманымды ұрлаған көк есек қыр асып кетті. Күн маған тағы күлді...

***

Қара талдың түбінде өзім қолдан жасаған,қораның иісі әбден сіңген Әткеншекте отырып көзімді тас жұма осыған ұқсас күнді елестетуші ем. Елес бүгініме айналды. Мен кеттім. Ал ол орнында жоқ. Сол күні үзіліп түсті. Ол өз міндетін адал атқарды…

Қозықұйрық

Кешкілік жеміс-жидек сататын дүңгіршектің біріне кірдім де қат-қабат сөрелерді көзбен тінткілей бастадым. Бес жұлдыз. Иә апам еккен сол бес жұлдыз алмасын аңсап, кезіктірмейтініме көзім жетсе де ұзақ тұрдым. Иіскелей бастадым. Кенет,

- Сколько стоит эти грибы? деді, орта жастағы, ашаң жүзді, қыр мұрынды қызын жетектеген , орыстілді қазақ әйелі.

- Ой, мам не нужно! -деген қызының сөзі ойымды бөліп жіберді.

***

Жылына бір келетін бұл мезгілді ауыл-ел қонағындай ұзааақ күтетін. Қар ерісі басталысымен пышақтарын қайрап, сонаау қырдағы шашылып жатқан несібесін теруге асығатын. Таң ала кеуімнен дырылдаған "Жигули*маркалы ескі көліктерде тыным болмайтын, бірінің ізіне бірі түскен. Сондағы не тірлік. Көкқағаз үшін әлде дүние үшін дерсіз. Жо-жооқ. Қырдағы қозықұйрықты теріп бірісі екі болып байып, мыңғырып кетпесін өте жақсы біледі бұл ел.Тек бірлі-жарым жұпынының жыртығына жамау, қыстан қысылып шыққан елдің аузы аққа тиіп малды болуға жараса игі. Елдің басы ауылда емес қырда тоғысатын. Күн бойы әбден шаршаған, қажыған жүре-жүре аяғы талған, еріндері кезерген ауыл адамдарына көктемнің дімкес шаршатар шағы да, самала желі де кедергі бола қоймайды. Қыр еңбеккерлері шаршау дегенді білмейді.Бәрінің іздейтіні жұдырықтай ғана әрі кетсе, тым үлкендігі алақандай ғана әппақ қозықұйрық. "Жаңбырдан кейін шығады, найзағайдың гүріліне үлкейеді , пәленше пәлен келі, түгенше түген келі теріпті"-деп аңыз ғып жатады ауыл-ел. Атауы да қызық. Түріне қарап, тағылған болуы керек айдары.Ғылым тілінде, қозықұйрық -агарикалар тұқымдасына жататын қалпақты саңырауқұлақтың бір түрі.60-тан аса түрі бар екен. Шоғыр боп өседі.Әгәрәки, пышағыңды жалаңдатып, сайын далада әндетіп келе жатып кезігіп қалсаң, оооо міне, ғажап күндік шаршауың желкеңнен сусып шығады да кетеді. Оның қасында серігі де бар. Оо бұл енді, тіпті де керемет қозықұйрыққа қарағанда құны да қымбат. Қозықарын. Дәстүрлі мал шаруашылығын сонау ықылымнан серік еткен көшпелі ата-бабаларымыздың тіпті, өсімдікке да малмен ұштастырып айдар таққан даналығына қайран қалмасқа лаж жоқ. Күллі тіршіліктің , ақ- қара, жақсы-жаман, адал-арам боп бөлінетіні бар емес пе? Иә , дәл сол бөлініс қозықұйрық атаулыға да жат емес. Улы, жеуге жарамсыз бұл түрі-арамқұлақ деп аталады.

Ең керегі, бұл науқанда балаларды үйде ұстап отыру мүмкін емес еді. Қозықұйрық -нағыз тәрбие маусымы. Кең даланы көріп, еркін тыныстап өскен перзентте асқақтық, өрлік сезім жоғары болады. Жастайынан адал еңбекке етене араласып, маңдай терін төккен перзенттен ұлтына адал қызмет етер ұл шығады . Қозықұйрық пен арамқұйрық арқылы оң солын танып, ақ пен қараның аражігін айырады, табиғат-ананы аялап өскен бала арам істерге жуымайды. Сондықтан болар, біз жақтың балаларының ерте есейетіндігі....

Орысша шүлдірлеп тұрған кішкентай сіңлімді алып, қолынан жетектеп, қыр еңбеккерлеріне табыстағым келді. Саңырауқұлақты бір иіскеп алдым да, жүре бердім. Түн кіріп қалыпты...

Туған үй.

- Ұлымды ащы судың құрсауынан құтқармайынша ажал жоқ! Келме Әзірейіл! -деді қайталап.

Шалдың кеткеніне тура жиырма жыл. Беттегі тарамыстанған әжім,күстелген қолдар тірлік табы, жоқшылық тауқыметін көп тартқандығын аңғартады. Жастай жесір қалып,бұғанасы қатпаған екі перзентті өсіріп жеткізу, қанатын қатайтып, ел қатарына қосу кімге де болса оңай соқпасы хақ. Бейнеттің зейнетін көрер шаққа жеттім-ау дегенде жанын жегідей жеп,жүрек тұсынан бәз біреу кеп аяусыз қанжарын сұққылағандай болды. Ананың аяулы алақаны тым жұмсақтау болды ма, әлде әкелік қаттылық көрмегендіктен бе,Нұрхаттың адамшылықтан кеткеніне біраз уақ болып еді. Ішкіліктің құрбанына айналғанына үш жылдың жүзі болды. Жары Айсұлудың да күнде көргені таяқ,жарынан естір бір ауыз жылы сөздің жоқтығынан болар, тағдырына лағынет айтып, мейірім дегенді ұмыта бастады. Балаларды аяусыз ұрды, енеге қызмет қылудан қалды. Қыңыр мінезді шығарды. Қанипа ең әуелі, мейірімге зәру немерелерін аяйтын. Ауыл шетіндегі сүреңсіз үйде болып жатқан сұрқай көріністер еді бұл.

Ығы-жығы халық. Қалың нөпір. Асыққан адамдар. Көлік толастамайтын,үзілмейтін үлкен даңғыл жол. Көп қабатты пәтер. Балконда Дархан тыныстап жатыр. Ас үйде шүйіркелескен екеу. Ерекше жылылық байқалады. Қызына аналық ақылын айтып отырған,үлкеннің ізетін, кішінің құрметін орнына қоя білетін,ашық жүзді,жылы шырайлы, Дарханның жары-Үміт. Бұл ерлі-зайыпты екеуі де,аз-маз көрген,білген,өмірден түйгені бар оқыған адамдар болатын. Бір сөзбен айтқанда-жылылыққа, ынтымақ, бірлікке толы отбасы .


Дарханның соңғы күндері сабыры сарқылып, анаға деген сағынышы ауылға аттандырып еді. Осы жолы да анамды алып қайтамын-деген ойда барған-ды.


Ана қадірін түсінер, бағалар бауырдың сиқын көріп ертіп кетпекке әрекет етіп, жалына жалбарынды. Ана-жүрек оған көнсін бе? Қанипа бұл жолы да, қалаға бармасқа, кету жайында ауызға алмасқа тас-түйін бекініп еді.
Адамды кәрілік жеңген сайын, жаны тыныштықты қалайтыны бар емес пе?
Күнделікті ит-шығыс тірліктен, ұрыс-керістен, ерегестен, пақыр перзенттен, бетбақ келіннен шаршамады ма?


Ендеше, оны мұнда ұстап тұрған не күш, Не құдірет?
Әуелі, әруақ алдындағы парызы, ақ босаға аттап кірген, ана деген ардақты,әже деген салмақты атқа ие болғаны, бәрі-бәрі көз алдында. Өйткені ол оның- ТУҒАН ҮЙІ. Қазақта "қара шаңырақ"деп аталар қастерлі ұғым бар. Ал, Қанипа сол ұғымды өн бойына сіңірген,салтқа берік қазақ әйелінің бірі ғана...

Сурет ашық ғаламтор кеңістігінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар

Көп талқыланғандар