Қазақтың сөз өнерінің ғана емес, сонымен бірге ұлттық әдебиеттану мен фольклортанудың да аса көрнекті өкілі Мұхтар Әуезовтің ғылыми шығармашылығы өте бай, алуан тақырыпты қамтитын сан-салалы екені мәлім. Ол осындай мұраларында ауыз әдебиетіне, жазба әдебиетіне, тұтас дәуірлер және оның өкілдеріне де әдеби-тарихи тұрғыдан ғылыми баға беріп, оның төл ерекшеліктерін, өркендеу бағыттарын үлкен зерттеушілікпен көрсетіп береді. Ұлттық әдебиеттанумыздың басында тұрған Ахмет Байтұрсынұлы бастаған кезеңнің өкілі ретінде Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамедұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Смағұл Сәдуақасұлы сияқты алаш зиялыларымен бірге әдебиет туралы ойлардың тууы мен қалыптасуына ықпал етті. Қазақ әдебиеттануының осы бастапқы кезеңінде ең алғашқы әдіснамалық идеялар да көріне бастады деуге болады. Осындай әдіснамалық ойларды біз М.Әуезовтің 1920 жылдары жазылған еңбектерінен аңғарамыз. Баяндаманың мүмкіндігі мен көлеміне орай ғалымның бір ғана еңбегіне тоқталғанды жөн санадық.
Зерттеуімізге арқау болып отырған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» мақаласы «Шолпан» журналының 1922 жылғы №2, 3 және 1923 жылғы №4, 5 сандарында жарияланған. Автор зерттеу мақаласына «тарихи-әдеби сын» деген жанрлық анықтама берген. Осыдан біз мақаланың жанрымен бірге оның қамту кеңістігін де, ғылыми проблематикасын да байқаймыз. Еңбекте М.Әуезов жалпы әдебиетті, оның ішінде әдебиет тарихын, оның өкілдерінің шығармашылығын қалай зерттеу жөнінде тікелей нұсқау бермегенімен, автордың ойларынан әдіснамалық идеяларды анық аңғаруға боларлық. Ия, әдіснама. Өйткені бүгінгі таңда әдебиеттану ғылымының ақсаңдаған жерлерін түзеп, оны ғылым саласы ретінде жүйеленген бағытта зерттеу мақсатында әдіснаманың жан-жақты сараланып, талдануы – ғалымдар ерекше назар аударуға тиіс маңызды мәселелердің бірі. Себебі әр тарихи кезеңде ғылыми еңбекті жазу барысында, ең алдымен, ғалымдар тақырып пен идеяны айқындап алып, көп толғанады. «Не жазу керек?» - деген сұрақ туады, бірақ бұл күрделі мәселе емес. Қиындық оның жеткізу тәсілі менен шеберлігінде, ғылыми-шығармашылық тұжырымдардың бірізді, жүйелі баяндалуында. Демек: «Қалай?», «Қандай тәсілмен?» - деген сұрақтар бірінші кезекке қойылып, белгілі бір мәселені талдаудың жүйесі, яғни, әдісі, оның тәсілдері айқындалуы тиіс. Зерттеуімізге көшпес бұрын, анықтамасына мән берейік. «Әдіснама – ақиқатты танытуға жетелейтін бағыттарды қарастыратын, ғылыми проблемаларды жүйелеп, оларды шешетін әдіс-тәсілдерді зерттейтін ғылым» [1,298]. Мақалада әдебиетті зерттеудің әдіснамасын қамтитын бірнеше ғылыми пікірлерді көреміз. Олар: әдебиеттің халық өміріндегі орны, халық ауыз әдебиетін тану, жазба әдебиетінің қалыптасуы, ұлттық әдеби үдерістегі Абай мұрасының маңызы, ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің ерекшелігі және әдебиеттің ендігі міндеті.
Мақаланың кіріспе іспеттес беташары ауыз әдебиетіне баға беруінен басталады. Автор тек ауыз әдебиетін бағалап қоймай, сонымен бірге идеясын одан әрі өрбітіп, оны жазба әдебиетімен салыстырады. Фольклор мен әдебиеттің өзара байланысын айқындап, ауыз әдебиетінің енді-енді қалыптасып келе жатқан жаңа әдебиеттің негізі деген тұжырымын баяндайды. Ал енді әдіснама жағынан саралайтын болсақ, ғалымның сөзді ауыз әдебиетінен бастауы - оның ғылыми танымының кеңдігі мен талдаудың шеберлігінің көрінісі. Ең алдымен, халық әдебиетінің өз заманында Ел тұрмысын бейнелеуде жазба әдебиеттің қызметін атқарғандығына ерекше мән береді. Оны автордың мына ойларынан көреміз: «Орыс жазушыларының қысқаша сындарына қарағанда біздің ескі, ауызша әдебиетіміз бай, өрнекті, түрі, тарауы көп кестелі, қысқасынан айтқанда, қазақтың даласы секілді кең, келешегі көрікті, үлкен, жалпы түрік әдебиетінің ішінде үлкен өріс алатын әдебиет секілді көрінеді»,-деп жазады [2, 75]. Мақалада нақты мысалдармен келтіре отырып, қазақ фольклорының көркемдік мәнін өте жоғары бағалайды, онда қазақ өмірінің әрбір дәуірі, әрбір мезгілі және әрбір жеке-жеке суреттері де бейнеленгенін, сондай-ақ мұнда жазба әдебиетте кездесетін үлгілі мінездер, типтер, ел ішіндегі айрықша таптардың өзгеше психологиясы да дәл айтылғанын дәлелді, әрі ойға қонымды етіп тұжырымдайды.
Көркем шығарманы, біздің жағдайда зерттеудегі туындыларды, белгілі бір әдіс жүйесінің негізгі объектісі ретінде алып, онда онымен кешенді жүйе құрайтын элементтерді аңғара аламыз. Автор мақалада батырлар бейнесі, харекеті, Ай, Таңсықтың сезімшілдігі, қарапайым шаруалардың образы және т.б. шығармалардың төңірегіне тұрмыс, психология, дәстүр, тарихи жағдай, әлеуметтік орта секілді әлементтерді біріктіреді. М.Әуезовтей данышпан ғалым белгілі бір әдіс-тәсілсіз ғылыми тұжырымдарын баяндамайды. Мақаланың тарихи-әдеби сын жанрында болудың өзі көп нәрсені айқындайды: ғалым ғылыми тұжырымдарын тарихи тұрғыда және көркемдік ерекшелік тұсынан талдауды мақсат тұтты. Әдіснама ғылымының тілімен айтсақ, автордың тұжырымды ойларын, әдеби-ғылыми идеяларын тарихи-мәдени әдіске жатқызуымыз орынды болар.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Иполит Тэннің («Өнер философиясы» 1865) серкелігімен тарихи-мәдени мектеп философияның позитивизм бағытынан бастау алған. Әдістің негізгі ұғымдарына «нәсілді», «ортаны», «сәтті» алып, шығармадағы кейіпкерлердің типі, ең алдымен, қоғамдық құбылыстардың жемісі деп есептеп, көркем шығармада көрініс табады деген қорытындығы келеді [3,78-79]. Енді кезекте біз Мұхтар Әуезовтің тарихи-мәдени әдістің әлементтерінің қолдану жүйесіне назар аударайық. Аталмыш мектеп өкілдері, әсіресе, И.Тэн «нәсіл» ұғымын тұтас ұлтқа не халыққа тән темперамент, яғни, халықтың мінезі, ділі мен рухымен ұштастырады. Міне, осындай әдіснамалық танымды М. Әуезов еңбегінен де айқын көреміз. Мысалы: «Қазақ даласында ақындықтың тәтті сұлулығынан қой баққан қотыр тайлы тазша бала, жар басында жарты лашықтағы сақау қатынға шейін құр қалмағандықтан, ел еркесі батыр да, жұрт тұрғысы бір төре де құр болмаған. Сондықтан өлеңмен айтқан билік, жырмен айтқан өсиет, тақпақпен айтқан дау бір кезде «татуды араз, жақынды жат қылуға» жараса, бір кезде іріген елді біріктіріп, іріткішінің шіріген сөзін саф қылуға жараған. Хан, қара, би, төре, аламаншыл батыр, жетекшіл қарашы — бәрі де айырмасыз кестелі, сырлы сөздің қадірін білімге ұстартып, зейіні ашылған европеецтен кем білмеген» - деген ойлардан мәдени-тарихи мектептің мазмұны байқалады [2, 78]. Осы үзіндіден аталған ғылыми мектептің өкілдері негіздеген жайттар танылады. Яғни, автор көшпелі-феодалдық замандағы қазақтың тұрмысы мен шаруашылығы тудырған адамдардың әдеби типтерін, батырлық жырлардағы ерлердің жинақталған, қазаққа ғана тән бейнесі, т.б. – барлығы әдебиеттегі халық темпераментінің айқын көрінісі ретінде бағалайды.
«Орта» ұғымына келетін болсақ, тарихи-мәдени мектептің өкілдері оның құрастырушы элементтеріне «география», «климат», «кеңістік», «табиғат» ұғымдарын жатқызады. Бұл тұста халықтың мінезіне атамекеннің, жері менен климатының әсері негіз ретінде алынады. Осы орайдан келгенде, белгілі бір ұлтқа оның өмір сүретін тұтас кеңістігі тигізетін әсері, жеке индивидумның өміріндегі оның отбасының, үйінің, мектебінің, қоғамдағы дәрежесінің алатын орнымен парапар деген қорытындыға еріксіз келеміз, өйткені әрбір адам әлеуметтік ортаның кішігірім көрінісі мен жемісі, барлық қоғамдық құбылыстар әлеуметтік идеядан туындаса, идея оны қорек етіп тұратын орта әсері мен кеңістіктен нәр алады. Оны М.Әуезов былай деп көрсетеді: «Біздің әдебиетіміздің бізге сүйкімді жерлері осындай ірі жерлерінде, ірі қалпымен өзге жұрттікіне ұқсамай, таза қазақтікі болып шығатындығында. Біздің ауызша әдебиеттің бұдан басқа түрлеріне, ұсақ тарауларына келгенде, алдымыздан көзді қуантып, жайнап шығатын асыл тас сияқты қымбатты бұйымдары басқа жерде де бар. Сол ауызша әдебиетте қара сөзбен айтылатын аңқаулықтың иісі аңқыған қарапайым ертегімен катар Сарыарқаның «ақ көде малға шүйгін шөбі, кір жуып, кіндік кескен жері, көлеңкелі ағашы, қоңыр желіне» шейін шеберліктің орамына кіргенін көреміз» [2, 77]. Ал енді тарихи-мәдени мектеп өкілдері ұсынған «сәт» ұғымына келсек, оны олар белгілі-бір уақыт, мезет мағынасында алады. Сондықтан оны дербес заманның нақты бір тарихи, рухани, әлеуметтік оқиғалардың көрінісі айқындайтын әдіс элементі ретінде танимыз. Мақалада Абылай заманының көрінісі мысалға нақты келтіріліп, тарихи оқиғаның бейнесі сөз өнерімен өрнектеледі: «Ол замандағы қазақтың өміріндегі кез келетін қиын асу, тар кезеңде жорыққа аттанып, жасанған жаудың қарсысына бару болса, Абылайдың үлкен соғысының біріне бара жатып, керей Жәнібектің өзіне берген батасы мынау: қарулы мылтыққа жолықтыр, құрсаулы жауға жолықтыр... Осы бір ауыз өлеңдегі мағына қанша? Мұнда — Абылайдың жауынгерлігі, жолы болып, кезенген жауын көп жеңгендігі, елді билеудегі шеберлігі, тентек бұзықты тыя білгендігі, ел ішіне тыныштық орнатқандығы, сол үшін үш жүздің баласының оған деген тілегі, құрметі түгел көрінбей ме? Аз сөзде көп мағына осыдан артық бола ма?» [2, 78]. Яғни, тарихи жағдайлар бейнесі, «орта» әсерінен қалыптасқан халық мінезі, «нәсіл», яғни, ұлттық ерекшелік тудырған алаш рухы, дәстүрі менен ділі, темпераменті – барлығы да тұтас ұлттық ерекшеліктің нақты бір тарихи кезеңдегі эволюцияның әдебиеттегі шежіресі деген қорытындыға келеміз. Мұхтар Әуезовтің ауыз әдебиетін тарихи-мәдени әдіс арқылы саралап талдауының ұтымды тұсы тарихилық қағидатын негізге алып, оны ұлттың өмір сүру ортасымен, ділімен берік байланыстыруында. Мұндай әдіснамалық принцип, біздің ойымызша, сол кездегі жаңа туып келе жатқан қазақ әдебиеттануы үшін қандай жаңалық болса, әлі де маңызын жоймаған ғылыми таным дегіміз келеді.
Біздің әдебиеттану ғылымымызда осы уақытқа дейін толық зерттеліп ғылыми шешімін таппай жүрген үлкен мәселенің бірі – жазба әдебиетінің қашан және кімдерден басталатыны жөніндегі мәселе. Қазіргі мектеп оқулықтарында және кейбір ғалымдардың еңбектерінде жазба әдебиетін Абайдан басталады деген пікір орныққан. Бірақ біз қарастырып отырған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» мақаласында М.Әуезов мәселеге басқашарақ келеді. «Қазақта жазба әдебиет Абайдан көп бұрын басталған»,- дей келе, ол айтыс ақындарын, сонымен бірге Шортанбай Қанайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Нарманбет Орманбетұлы сияқты ақындарды жазба әдебиетінің басы деп қарастырады [2, 80-81]. Осы арада жазба әдебиетінің бастауы жөніндегі Ахмет Байтұрсынұлының да пікірін келтіре кеткен жөн. Ол өзінің «Әдебиет танытқыш» еңбегінің «Жазу әдебиет» тарауында: «Қазаққа жазу дінмен бірге келген. Қазақ ішінде молдалық қылып, дін үйретушілер, бала оқытушы қожалар, ноғай молдалар болған себепті жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған»,-деп жазады [4, 143]. Бұл пікірлерден қазақтың жазба әдебиетінің қалыптасуы Абайдың алдындағы әдеби дәуірден басталғанын көреміз. Ахмет Байтұрсынұлы жазба әдебиеттің басты критерийі ретінде хатқа түскен жазба мәтінді негізге алса, Мұхтар Әуезов әдебиетке халық өмірінің, жалпы тұрмысының енуін алады. Мұндай ерекшелікті ол өзі жоғарыда атаған ақындардан тауып, олар жөнінде: «Бұл адамдардың кейбірінің Абайдан жасы кем болғандығын есеп қылуға болмайды. Бәрінің жазған сөздеріндегі бетті, белгіні, сарынды еске алу керек. Осы соңғы екі сыпатынан қарағанда, әлгі төртеуі қазақ әдебиетінің көшпелі дәуірінің ақындары деп саналуға тиіс. Көшпелі деп ауызшадан жазбаға қарай көшкенін айтамыз»,-дейді [2, 80]. Бұл -әдебиет зерттеушілері үшін нағыз әдіснамалық принцип.
Абай шығармашылығына келгенде, М.Әуезов тарихилықтан гөрі шығарманың таза көркемдік жағына мән беріп эстетикалық принципті ұстанады. Соған орай ол: «Абай – қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы, терең де сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы. Қазақ өлеңіне үлгі, өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан Абай»,- деп жазады [2, 82]. Яғни ұлы ақын поэзиясын талдауда автордың әдеби шығарманың тек тақырыбы мен идеясын қызықтап кетпей, оның эстетикалық мазмұнына мән беруі, ғалымның әдіснамалық позициясын аңғартып, әдеби туындыны талдаудың үлгісін танытады. Оның Абай жөніндегі ойларынан және бір әдіснамалық идеяны түйсінеміз. Ол ғалымның Абайдың тіл жөніндегі өрісті ойлары. «Абайдың барлық өлеңі – қазақтың сол күшті тілінің ішінен туған асыл құрыш, қырдағы қалың қазақтың осы күнге дейін сөйлеп жүрген жалпақ тілінің жемісі, соның сыры мен сымбатын көрсететін айнасы. Бұл – Абайдың тіліне істеген қызметі»,-деген пікірден автордың әдебиет пен тілдің берік бірлігін қашан да бірге қарастыратынын ұғынамыз. Өкінішке қарай, көптеген әдеби зерттеулерде тілдің көркемдік жүйе жасайтын, тіпті, әдебиеттің өзін жасайтын қуаты, мүмкіндігі ескеріле бермейді. Сондықтан да мұндай әдеби зерттеулерде көркем шығарма тақырыптық-идеялық тұрғыдан ғана сөз етіліп, көркемдік өріс, бейне жасаудағы тілдің әлеуеті мүлдем ескерілмей қалады. Ал шындығында, қандай әдебиеттің болсын өркендеуі, халық өмірін толық қамтуы және оның көркем бейнесін жасауы, ең алдымен, тілдің әлеуетінен туатыны баршаға мәлім аксиома.
Мақаланың келесі бөлігі ХХ ғасыр басындағы әдеби үдерісті қамтиды. Бұл кезеңді М.Әуезов: «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын –«Қазақ» газеті». «Қазақ» газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілмен тұстас. Ол уақыт қазақ жұртының 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді», - дейді [2, 84]. Ары қарай автор осындай саяси жұмылудың тұсында әдебиетте көркемдік жаңалықтардан гөрі идеяшылдық көбірек көрінетінін айтады да, «Қазақ» газетінің бағытындағы ақындар әдебиетке өзгеше жаңа түр әкеле қойған жоқ деген пікірді ұстанады. Бұл арада да М.Әуезовтің ғылыми танымға беріктігін аңғарамыз. Өйткені ол шығармалардың тақырыбы мен идеясына емес, оның таза көркемдік мәніне көбірек мән береді және осыны әдебиеттен күтеді. Ұлы қаламгердің осы әдіснамалық ұстанымы бүгінге де үлгі болуы керек деп ойлаймыз. Өйткені қазіргі кезеңде шынайы әдебиет мәніндегі көркем шығарманы талдау емес, оның идеясы мен тақырыбын қызықтау, осыдан шығып көркем мәтінді талдамай, шығарма оқиғасын мазмұндау белең алды.
Бұл мақаласында М.Әуезов Абай шығармашылығына қатыстырып реалистік бейнелеу тәсілін атаса, романтикалық бейнелеу тәсілін жаңалық ретінде атайды. Осыған байланысты автор: «Жазба әдебиеттің Абайдан бергі дәуірін алғанда, жолын өзгертетін жаңалық соңғы жылдарда туып келеді. Ол жаңалық – жаңа басталып келе жатқан сезімшілдік, сыршылдық (романтизм) дәуірі. Бұрынғы ауызша әдебиеттен, одан бергі Абай заманынан бері қарай келе жатқан реализм сарыны көбінесе құрғақ ой, жадағай сөз (рассуждение) күйі осы күнге ішкі терең сезім, нәзік сыр күйіне айналып келеді» дейді де, оның үлгілері ретінде Мағжан Жұмабаевтың «Ертегі», «Қорқыт» поэмаларын атайды [2, 85]. Жалпы қазақ әдебиеттануында реалистік және романтикалық бейнелеу тәсілдері жөнінде арнайы тоқталып пікір айту осы еңбектен басталады деуге болады. Мағжанның романтизмі жөнінде Жүсіпбек Аймауытов та [5, 380-381] жазғанын білеміз, бірақ ақынның негізгі көркемдік әдісі жөнінде ең алғаш осы мақаласында жазған Мұхтар Әуезов болды.
Жалпы ұлт әдебиетінің тарихын немесе жекеленген қаламгерлердің шығармашылығын көркемдік әдіс аспектісі арқылы зерттеу – бұл әдебиетті зерттеудің басты әрі маңызды әдіснамалық ұстанымдардың бірі. Қазіргі кезеңдегі зерттеулер дәл Мұхтар Әуезов жазған кезеңде романтизмнің жаңалық болғанын және тұтас әдеби дәуірді сипаттайтын ағым болғаны толығымен дәлелденіп келеді. Көркемдік әдіс, әдеби бағыт, әдеби ағым мәселелері әдебиет тарихын, оның ішкі дәуірлерін, қаламгерлер шығармашылығын зерттеуде міндетті түрде негізге алынуы тиіс деп ойлаймыз. Себебі жеке қаламгерге байланысты көркемдік әдіс, тұтас әдеби үдеріске байланысты әдеби бағыт, әдеби ағым ұғымдарының басшылыққа алынуы – сөз өнерінің төл табиғатын тануға көмектеседі. Сондықтан да әлемдік әдебиеттануда бұл терминдер өнімді әрі белсенді түрде қолданылып жүр. Өйткені бұл терминдер - әдеби үдерістің де, қаламгер шығармашылығының да идеялық және көркемдік қырларын толық таныта алатын ұғымдар. Бұл жөнінде өзінің «Шығармашылық әдістер және көркемдік жүйелер» атты монографиясында И.Ф.Волков: «Реалды шындықтың көркемдік мазмұнға айналуындағы принциптердің негізінде өнердегі көркемдік әдіс жатады»,-дейді де, оның көркем шығарманың барлық мазмұны мен құрылымын қалыптастыратынын жазады [6,31-47].
Қазақ әдебиетінің алуан болмысын, төл табиғатын, даму кезеңдерін зерделеген Мұхтар Әуезовтің бұл мақаласының соңынан да әдіснамалық идеяларды кезіктіреміз. Мұнда автор ендігі уақытта әдебиетке қазақ өмірінің «түгел суреті» кіруі керек, сонда ғана әдебиет «өмір айнасы, өмірдің тезі болуы мүмкін» деген ой ұсынады. Әлбетте, әдебиет – ұлт өмірінің бейнесі болса, онда ол өз кезегінде сол халықтың өмірін барлық жағымен қамтуы тиіс.
Мұхтар Әуезов сияқты әдеби, ғылыми шығармашылығын Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген дәуірден бастап, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев сияқты жастар поэзияға аяқ басқан кезеңге дейін мазмұны бай, мағынасы терең жазушылық, оқымыстылық тағдырды басынан кешкен данышпан тұлғаның әдіснамалық ойлары біз үшін аса қымбат. Оның бұл бағасы – ұлы тұлғаның осы пікірлерінің әлі де өміршендігінде, әдебиет табалдырығын аттаған жастарға ұсынар тағылымды өнегесінде деп ұғынамыз.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
- Сухих С. И. Методология литературоведения: комплексный и системный методы анализа литературы Текст научной статьи по специальности «Литература. Литературоведение. Устное народное творчество».
- Әуезов М. Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі // Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 2-том. Алматы: Ғылым, 1998, 432 б.
- Тэн И. История английской литературы. Введение // Зарубежная эстетика и теория литературы XIX-XX вв. Трактаты. Статьи. Эссе. – М., 1987. 366 с.
- Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. Алматы: Атамұра, 2003, 208 б.
- Аймауытұлы Ж. Мағжанның ақындығы туралы // Жұмабаев М. Шығармалар. Үш томдық. 2- 3-том. Алматы: Білім, 1996, 512 б.
- Волков И.Ф. Творческие методы и художественные системы. Издание второе, исправленное т дополненное. М: Искусство, 1989. 252 с.
Мөлдір Бақытқызы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.