Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Сен маған керексің...

12.11.2024 1172

Сен маған керексің

Сен маған керексің - adebiportal.kz

Шынымен қарапайым-ақ оқиға. Күйеулері қайтыс болып жесір қалған үш әйел. Күйеулерінің бейітіне барып, сағаттап әңгімелерін айтады, одан құрбылар бір-бірімен кездесіп,өзара әңгіме-дүкен құрады. Олар неге бейіт басында кездесе береді, не байланыстырады, естеліктер ме, әдет пе, шынымен сағына ма әлде өздерінің күйеулеріне деген сезімдері әлі баяғыдай ма деп тексере ме, әлде бір-бірінің күйеулерін естен шығарған-шығармағанын байқап көре ме... Қарап тұрсаң, осының бәрі де бар секілді. Осыдан да бұлардың басындағы жағдай әрі күлдіріп, әрі мұңайтады. 

Баяғыда қайтыс болған күйеуін тірі адам сияқты айтып аузынан тастамайтын туыс апайымызды, өмірдің қызығына тоймай, көре түскісі келіп тәуекел етуден жалықпайтын көзтанысты, егер сәті келсе өмірді жап-жаңа парақтан бастауға ниетті танысымызды көрдік. Олар осында жүр екен. Өмірдің мың сан мәселесін батыл шешетін, қартаюға ерте деп есептейтін, әлі де баяғыдай әдемі болғысы келетін әйелдер.

Мүмкін, өзіміз әйел болғаннан шығар, мүмкін, елуден енді асқан сол әйелдердің өмірді қабылдауы, түсінігі біздікіне жақын болғаннан шығар, әйтеуір, лирикалық күйге билеттік. Режиссер осы күйді біресе қоюландырып, біресе жеңілдетіп, көрермен көңіл-күйімен ойнап отырғанын байқайсың. Содан да біресе сентиментальды күйге еніп, біресе күліп, біресе мұңайып...

Бұл мызғымайтын, өзгермейтін қалыпты жағдайды бұзған, жесірлер «ұйымының» ыдырауына себепші Сэм болды. Ия, ия, бір еркек пайда болып еді, әйелдердің достығына көз тиді. Осы жерде еріксіз күлкің келеді. Ах… режиссер, бұнымен не айтқыңыз келді?

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры қойған «Сен маған керексің...» трагикомедиясы ( А.Менчелл. Аударған: Н.Сауданбекұлы) жайлы айтып отырмыз. 

Сонымен ең жақсы кездері, жастық дәурені бақилық болған күйеулерімен бірге кеткен, өмірдің біраз бөлігі артта қалған елуден асқан әйелдердің өмірі әрі қарай қалай болады, қалай өріледі? Ия, үш әйел үш түрлі. Дорис («Құрмет» орденінің иегері Майра Омар) – күйеуін бір сәт есінен шығармайтын, бейітінің басына барғанша тағат таппайтын, барғасын оған айтары таусылмайтын, естелік еміп күн кешкен әйел. Оны осы жесірлер ұйымын құрушы деуге болады. Ида (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Күлия Қожахметова) – ол басында болған мұңлы жағдайды ұмытқысы келетін, жалғыздықтан қорқатын адам. Бейіт басына келгенде күйеуіне келер жолы келмеуі мүмкін екенін, бұдан былай сирек келуі мүмкін екенін де біртүрлі ақталып айтып жатқанын көрдік. Жаңа бақыттан үмітті бұл әйелді ақылды дейсіз бе, әлде күйеуіне соңына дейін адал емес екен, тез ұмытты деп кінәлайсыз ба, еркіңіз.

Люсиль – ішіндегі жастауы, көріктісі, сәнқойы, кербезі. Еркін, басқа жақтан қызық табуға да кетәрі еместей көрінеді. Әрине, алғашқы әсерде солай. Әдемі тоны ерекше жарасады. Люсильдің жасында сондай бола алсаң, демек, от-әйел болғаның. Бірақ, сыртқа солай көрінгенімен оның да іші толы мұң, күйеуінің бір кездегі опасыздығын кешіре алмаған әйел бәрін әдейі жасайтынына да сенесің, бұл жерде кеше ғана 65 жасқа толған актриса Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айман Аймағамбеттің Люсильдің темпераментін беруі тамаша ойын болды!  

Баяғыда өзіміз жас болғанда қырықтағылар кәрі көрінетін, енді қарасаң бүкіл дүние тек жастарға арналып, елудегілерді кәрі деп, есептен шығарып тастаған сияқты көрінеді. Ал режиссер осы спектакль, әсіресе Люсиль  арқылы өмірде жанымен жас, өмірді қабылдауымен жас, қартаймайтын адамдар болатынын көрсеткісі келгендей. 

Сэмнің де (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрам Қайсанов) әйелі қайтыс болған. Ол әйелінің бейітіне келген кезінде Идамен жолығады. Бұдан әрі Иданың үйінде бас қосады. Оның Идаға айтқан сөздерінен әлі де әйелін ұмытпағанын, кейде жалғыздығына үйреніскен секілді болғанымен, кейде басқа бақытты аңсайтынын байқаймыз. Өзіне анық не керегін түсінбеген ер адамға жалғызбасты әйелдердің көзі түскіш, мысалы, Мильдридтің (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Жұмағұлова). Осы жерде Сэмге аздап көңілің толмай отырады, ол неге батылсыз? Идада көңілі бар сияқты көрінгенімен кез келген кедергіге бөгелгіш. Дорис пен Люсиль оған арнайы жолығып, «Иданың мазасын алма» дегенде де көнді. Бұндай өзіне сенімсіз, ынжық ер адам көп әйелге ұнамайды, әйелдерге батыл, тәуекелшіл еркек ұнайды. Бірақ, Ида өкпелегіш емес екен. Іштей күтумен болыпты. Десе де ұялшақтау, қолапайсыз, ынжық Сэмнің ар жағы жақсы адам екенін көріп тұрасың. Ия, ол екеудің бір-біріне деген қарастарында бөлек іңкәрлік бардай. Адамның көңілі, табиғи инстинкті деген нәрсе бөлек, жылдарға, ешқандай жағдайларға бас имейтін жүректердің сүйгісі, сүйікті болғысы келеді, өйткені бұл өмірде қуаныш, қайғы, мұңмен бірге ештеңеге теңгермейтін ғажайып сәттердің болатынына сенеді. Бірақ, жас келгенде адамдардың табысуы, жұп құруы оңай емес көрінеді. Сэм Иданы кездесуге шақырған кезде бүкіл зал болып ол екеуінің кездескенін күткені байқалды. 

Тек Дорис қана баяғыша өзінің күйеуіне деген көңіліне қылау жұқтырмай, оның бейтіне барудан танбайды. Ақырында ол күйеуімен о дүниеде кездессем деген ниетіне жетіп, өмірін аяқ астынан тез аяқтады. Жесірлер ұйымының бүтіндігін барынша қорғаштаған Дорис кеткесін әркім өз жөнін тапты.

 Режиссерге рахмет, спектакльде қаншама сөздер айтылды, төрінен көрі жуықтаса да күйеуге шығудан шаршамайтын, күйеулері жасарған сайын байлығы да азая түскен  Сельманың (Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Ботагөз Мақсұтова) тойының қызықтарымен күлдірді, жесірлердің мұңын айтып жылатты, осының бәрінің арасында ойлануға кеңістік қалдырған. Айтпақшы, сахнаның безендірілуі, бір мезетте бейітке, енді бірде қонақ бөлмедегі жиһаздарға айналып үлгеретіні, ортадағы айналмалы сахна арқылы бейіт басын, оқиғаның мекенін көрсетуі  әр сахнаға атмосфера береді. Бейіт басындағы марқұмдардың ескерткіші кейде қозғалады. Бұл санадағы естелікке байланысты. Мысалы, Ида Сэммен сөйлескенде оның күйеуінің әруағының өкпелегенін білдіріп кері шегінгені немесе кейде жақындап келгені... Әруақтардың оқиға ішінде жүретіні – біздің сенімімізге жақын, өйткені жақын адамдарымыз қайтыс болып кетсе де олар біздің қасымызда дегенге біз сенеміз, осының өзі өмірге бір мән дарытатын сияқты ма...

Спектакль аяқталғанда бірдеңеге сенесің: шымылдық жабылып, көрермен тарап кеткен кезде Ида өзінің Сэмімен және оларға Люсиль қосылып, бәрі баяғыша бас қосып,  шай ішіп, мәре-сәре болатын секілді. Өйткені актерлердің ойынында бір ортақтық, бір-бірін анық үғып түсіну, тұтастық бар. Содан да кейіпкерлермен бірге тыныстап отырасың. Және ойланасың. Басына түссе адам бәрін де өткереді. Өмір тек жоғалтудан тұрмайды, кейде іздеп-іздеп күдер үзгеніңді бір сәтте табуың да мүмкін. Өмір тек қуаныштан тұрмайды, кейде «міне, жеттім» дегенге бағың қолдан сусып кетуі де мүмкін. Бірақ,  ол осынысымен өмір... 

Жесірлердің күйеулері: Дэнни​​​ (Марғұлан Наменов),Гарри​​​ (Қайыржан Садықов), Аби​​​​  (Қазақстан Жастар Одағы “Серпер” сыйлығының лауреаты Жанат Оспанов) және жас  Ида​​​ – (Динара Егубаева), жас Люсиль​​ – (Саида Сағынова), жас Дорис ​​– (Бегімнұр Қалила), Эд  - (Ақжол Мамыр) – әрқайсысы өз ролінде оқиғаның ажарын аша түсті.

Қоюшы режиссер: ​​​Ұланмырза Қарыпбаев

Қоюшы суретші: ​​​Қанат Мақсұтов

Костюм суретшісі: ​​​Шынар Елембаева

​​​Хореограф: ​​​​Салтанат Сұңғат

​​​​​Жарық қою бойынша суретші: ​Азамат Бекбембетов


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар