Әр ұлттың өзіндік ұлттық мерекесі болады. Өзіндік ескі жылды шығарып, жаңа жылды қарсы алатын уақыты болады. Мереке ұзақтығы жағынан Бразилия елінің карнавалымен ешкім теңесе алмасы анық. Ойын-сауықты ұлттың бренді етіп жіберген осынау Латын Америка елдері айлап мерекелеп, өз кезегінде ол мерекелер әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдардың қызығушылығын оятып, оны көруге саяхатшылардың көптеп ағылып келіп жататын мерекесіне айналды. Дәл қазіргі мерзімде буддалық сенімдегі қытай, монғол, тибет халықтарының жаңа жылы «Шаған» мерекесі болып жатыр. Бұл мерекені аталған халықтар он төрт күн бойы шекараны тарс бекітіп тастап тойлайды. Қытайда бүкіл базар, сауда-саттық үдерісі тоқтайды. Миллиард адамның кем деген де төрт жүз, бес жүз миллионы ішкі тасымалмен үйлеріне қайтып, жаңа жылдарын отбасымен бала-шағасымен, жыл бойы көрмеген ата-анасымен, туыс-туғандарымен бірлікте тойлап қарсы алады. Үлкен елдің ішкі жолаушы тасымалы дәл осы “Шаған” мерекесі кезінде қайнаған қан базарға айналады. Автобекеттер, теміржол вокзалдары, әуежайлар қарбаластықтың ең жоғары деңгейіне жетеді. Сапырылысқан неше жүз миллион адамның бір уақытта бүкіл елдің түкпір-түкпірінен туған жеріне, туған ауылына қайтуы дегенді ойлай беріңіз. Бейне адам тасқыны жүріп жатқандай көз алдыңызға елестейді.
Мына көрші ресейліктер де дүние күйсе күйіп кетсін дейді де, екі апта тұяқ серіппей жаңа жылды қарсы алады. Жаңа жыл деген - орыс үшін ең ұлық мереке. Жаңа жылды тойламау, оны өз мәнімен, өз дәрежесінде тойламау - олар үшін кешірілмейтін күнә болып саналады.
Ал, түрік-қазақ жұрты ше? Жаңа жылды, ұлттық мерекесін карнавалдай тойламай-ақ қойсын, өз уақытында, өз мезгілінде тойлап, қарсы ала алып жүр ме? Дәл осы мақсатта өмірін осы мерекеге арнаған десек те болатын этнограф, зерттеуші Серік Ерғали сынды Әз-Наурызды мерекелеу рәсімінің соңына сауатты түрде түсіп, індете зерттеп, дәлелді фактілермен айғақтап жүрген азаматтың өз сөзіне жүгінсек: "Наурыз мейрамы деген не? Бұл сұраққа жауап беру үшін, бұған дейін Наурыз мейрамына беріліп келе жатқан мерекелік тұжырымдаманы ақтарғанымыз дұрыс шығар. Ол этнографиялық еске алу ма, яғни тұсау кесер, беташар жасау секілді ме, әлде ұлттық құндылықты дамыту ма? Болмаса мемлекеттік мереке ме, не нәрсе? Президентіміз 2021 жылы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақалада Наурызды атап өткен. Бірақ, содан бері Наурыздың келбеті сол қалпы өзгерген жоқ.
Наурыз мейрамы дегенді күн мен түннің теңесуі деп қабылдаймыз. Оны наурыздың 21-22-сі дейміз де, оған 23 наурызды қосып қойдық демалыс қылып, бірақ, Наурыз мейрамы түркілердің жаңа жылынан басталады. Түркілердің жаңа жылы 21-22 -сінде емес, 14 наурызда болатын. Біз Наурыз мейрамының басын кесіп тастадық да, аяғын “Наурыз мейрамы” деп отыз жыл бойы тойлаған болып келдік. Біз Наурыз мерекесіне байланысты қате түсініктерді түзетіп, 14 наурызды мүшелдің жыл басы деп ежелгі бабалардың танымына қайта қайтуымыз керек. Қазақта «амал келді, жыл келді» деген тәмсіл бар. Амал деген - наурыз айының бұрынғы атауы. Амал деген - шоқжұлдыз. Оны орысша Гама дейді, парсылар Хамал дейді, Каспийдің арғы бетіндегі қазақтар Қамал, бергі бетіндегі қазақтар Амал дейді, арабтар Хамадия дейді. Ал, бұл - сонау шумерлерден келе жатқан Қамал шоқжұлдызының атауы болатын. Яғни Қамал жұлдызы мен Күннің бір-біріне әрекеттесуіне байланысты күн көктемге айналады. Біздің жаңа жыл - көктемнің келуімен бірге келеді. Көктемнің бірінші күні - 14 наурыз, 13 наурызда тоқсан күн қыс шығады, тоқсан күн көктем кіреді. Ұлу жылы 1 қаңтарда емес, 14 наурызда кіреді. Шоқан Уәлиханов та өз қолымен салған күнтізбесінде астрономиялық және 12 жылдың сызбасында жаңа жылды наурыздан бастаған. 1700 жылдары I Петрге дейін Ресейде жаңа жыл 1 наурыз еді, ежелгі Рим империясы да 1 наурызда жаңа жылды бастаған. Ал, 1 қаңтарға еуроцентристік күшейіп, азиялықтар жабайы деп «біз тарихты қайта бастаймыз» деп жаңа жылды 1 қаңтарға көшірді.
Мәшһүр Жүсіп айтады: «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурызнамасындағы той, мереке, қызығы Бұқар мен Хиуада да болмаған, есіп сөйлейді қазақ... қайда атақты асқан бай бар болса, Наурызнаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле бидің заманында Наурызнаманың қадір құны астан, тойдан ілгері (жоғары) болған». Ең үлкен мереке - Наурыз болған. Егер наурызды дұрыстап қарсы алмасақ, тойламасақ біздің елде жаңару болмайды. Өйткені наурыз дегеніміз - жаратушының мистикалық дүниесі.
Шәкерімұлы Ахат деген кісінің естелігінде былай дейді: «Әкей айтты, бүгін ескіше 1 март, жаңаша 14 март қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні» делінеді.
Ол аз десеңіздер Алматыдан 170 шақырым жерде көрісу петроглифі деген бар. Петроглифте екі үлкен пір дейміз бе, екі нышан көрісіп тұр. Бұл Батыс Қазақстаннан, Маңғыстаудан табылған жоқ. Көрісу деген күн жоқ, ол - ритуал, ол - ғұрып. Көрісуді Абай да айтқан: «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып...» Семей де көріскен. Ахмет Байтұрсын қалай өлеңге қосқан: «Келгенінше құттықтап бірін-бірі, Қуанышта көрісіп кәрі-жасы. Көңілі түгел адамның сен келген соң, Самарқанның елжіреп түскен тасы». Яғни көрісу - бүкіл Қазақстанда болған. Және 5000 жыл болған ешқашан үзілмеген.
Аңырақай жотасында 5000 мың жылдық тарихы бар наурыз панорамасы бар петроглифтер бейнеленген, бұл Есік қорғанына табылған «Алтын адамның» территориясы, радиусы жүз километр аумақ - барлығы қасиетті болып саналады. Бұнда Тәңір мен Іңір деп аталатын күнбасты және айбасты екі мезгілдің, ескі мен жаңаның көрісуі таңбаланған. Онда сол заманның өзінде 12 мүшел айнытпай сызылған, байқасаңыздар олар Тәңір мен Іңірдің жанында Наурызды тойлап, билеп жүр. Бұндай паспорт ешбір елдің, ешбір жердің жаңа жылында жоқ.
«Алтыбақан» ешқандай да ойын емес, ойын болу үшін оның ережесі болу керек. Алтыбақанда ереже жоқ. Бірінші ол күн батарда құрылады, таң атқанша ойнайтын болған, ойнағанда жай әткеншек ойнамайды, айналасында күй, жыр, ән, жастар болып таңды қарсы алған. Ал, таңды қарсы алу - Наурызды қарсы алу болған. «Алтыбақан» - Наурыздың маятнигі! Күн мен түннің үйлесімін білдіретін ритуал болған ертеде. Ол ритуалда не істеді біз білмейміз. Абыздар, бақсылар мүмкін бірдеме ойнаған шығар, бірақ бізде алтыбақан қалған.
Мағжан Жұмабай наурыз туралы: « Қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек. Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл адамдарын тап жігімен ұйымдастыратын мейрам ету керек». Бұл сөзді қазір президентте айтып отыр, екеуінің сөзі бір сөз, азаматтық мерекеге айналдырайық деп отыр. Сол үшін де наурыздың жаңаша мерекелік тұжырымдамасын жасауға мәжбүр болып отырмыз.
Төменде сол тұжырымдаманы «Наурыз фест» деген наурыз фестивалі түрінде тоғыз күн бойы атап өтуді 2009 жылдан бері қолға алғанбыз. Марафондық тоғыз күннің әрі күннің атауы бар, әр күннің түсі бар, әр күннің мазмұны бар, әр күннің шарасы бар. Бұл күндердің осылай мәртебе беру арқылы маңызын арттырып, мерекенің мән-мағынасын кіргізе аламыз.
Бірінші күн, наурыздың 14-і, түсі тоқ сары, бұл шуақтың түсі, бұл күннің эмблемасы бәйшешек. Себебі, наурызда мұз бен қарды жарып шығатын осы бәйшешек. Бұл күні көрісесіз, мерекені бастайсың. Бұл күнге арналған шаралар бар. Бұқара халыққа арналған шара бөлек, биліктің атқаратын шарасы бөлек.
Екінші күн - жаңару күні тазару күні. Эмблемасы - алау-ошақ. Себебі, аластау үшін, кір-қоңнан тазару үшін, үйді, көшені тазалау үшін. Аластау дегенде адыраспанмен емес, кәдімгі аршамен аластау керек. Адыраспанды ұмыту керек, өйткені адыраспан қуарған, қураған, біткен экологиясы тозған жерге өседі. Онда жақсы энергия болмайды. Аршамен аластау керек. Бұл күн жырдың күні. Ортаға жыраулар шығу керек, себебі жыр деген от.
Үшінші күн, наурыздың 16-сы күні жайнау күні. Логотипі - құрақ көрпе. Бізде жеті дәм ғана емес, жеті түстіңде осы жерде пайдаланып келген. Бұл күн жеті бояу, жеті өңнің күні. Құрақ көрпе неше түрі боялған өрнек, нақыштарды біріктіріп құрайды да содан құрақ көрпе жасаған. Наурыз келгенде шешелеріміз сырмағын, текеметін, құрақ көрпесін төсеп-іліп қояды. Неге, ол безендіру адамдардың көзін қуанту, ол принцип.
Төртінші күн, жеті үннің күні. Логотипі қоңырау шарты концерт. Бізде жанрдың, концерттің неше түрі бар. Әзілкештер сағаты, әншілер сағаты дейсің бе дамыта беруге болады. Наурызда халық екіге бөлінеді. Сахнаға әртістер шығады, сосын көрермендер болады. Бұл жерде мейрам жоқ. Біз халықты бөліп тастадық. Мерекені ортақ, азаматтық мерекеге айналдыруымыз керек. Халық пен әртістердің ортақ қоян-қолтық араласу арқылы алып баратын шарасына айналдыруымыз керек.
Бесінші күн, жеті дәм, береке күні. Бауырсақтың қайдан шыққанын білесіздер ме, бауырсақ қазақтың күнге байланысты шыққан дүниесі. Шелпек айға байланысты. Шелпекті қайғыға байланысты пісіреміз, бауырсақты қуанышқа байланысты пісіреміз. Бұл күні ағыл-тегіл тонналаған бауырсақ көшеге шығу керек. Логотипі тайқазан, түсі күрең күн. Бұл күні қызара бөртіп, тойып жүретін күн.
Алтыншы күн - тағзым күні. Екі дүниенің бірігетін күні. Аруақтарға арнап иіс шығарған, майды отқа құяды немесе шелпек пісіреді. Бұл ежелгі таным, ежелгі дәстүр болады. Яғни, бұл күндері дұға оқуымыз керек, шелпек таратуымыз керек. Одан басқа қайырым-мейірім, байлардың шүлен таратуы осы күні болу керек. Байлар пәтер таратсын, машина таратсын жағдайы жоқтарға. Осы күні ренжігендер бір-біріне қайырым-мейірім жасасын, кешірім жасасын. Адамдар жарық дүниеге келгенге жаратқанға рахмет айту керек, бір-біріне рахмет айтып, тәубаға келу керек. Тағзым деген сол.
Жетінші күн - өркен күні. Төлдің күні. Яғни, көктемде мал төлдейді, өскін өсетін кез. Бұл күн шынын айтқанда балалардың күні, жас өркеннің күні. Бізге 1 маусымдың қажеті жоқ. Бұл күні балаларға сыйлық жасайық, депозит ашайық, ұл балаға бәсіре берейік, қыз балаға алқа-моншақ сыйлайық.
Сегізінші күн - ұлы күн. Бұл күні алда өткен жеті күннің барлығы бірігеді де, барлық рәсім жасалады. Барлық безендіру қайтадан қайталанады. Таңнан кешке дейін ұйықтамай алтыбақан, ойын-сауық, түрлі іс-шараның көрігі қыздырылады. Мына наурыз деп жазылған эмблеманың үстіндегі жолтерекке қарасаңыз 1988 жылдан бастап әрбір телеарнаның экранында ұсынылып келеді. Оның Жолтерек екенін ешкім білмейді, оны біз интуициямен істейміз. Бұл Жолтеректі “иол” деп орыстарға беріп қойдық. “Иол” деген жол деген сөз. Сібірдегі түркі халықтарының иолдың айналасында ән салып айналып жүргенін түрколог ғалым ағамыз Шәкір Ыбыраев көргенін айтады. Бұл ұлы күннің логотипі текемет. Текеметтің түрі үйлесім дегенді білдіреді.
Тоғызыншы күн - бастаңғы. Біз 21 күні түнде ұйықтамауымыз керек. Ұйықтасаңыз берекеңіз, ырысыңыз кетіп қалады. Бұл қазақтың қадыр түні десең де болады. Біздің батыста Қыдыр атаны күтеді, дастарханға тағаммен бірге құм шекер, талқанды қояды. Келіп Қыдыр ата бірдеме жазып, сызып кетеді. Кейде шынымен де бірдеме сызып кетеді. Өйткені Қыдыр ата қыдырып жүріп әр шаңырақ, әр дастархан, әр адамға несібе, ризық таратады. Наурыз деген сөз әрі-берден соң нау, балауса, балғын, ырыс, рыз деген сөз.
22 күні таңғы 7:00 де таң атады. Ежелгі Римнің тарихшысы Квинт Курций Руфтың жазуынша: «Скифтер бастаңғыны қарсы алғанда 365 баланы қызыл мауытымен киіндіріп, 9 күймен қарсы алған.» Этнограф Жағда Бабалық ағамыз Мәскеуге сапарында, музейден қытайша жазылған Ғұндар қалай қарсы алады дегенге жауап тауып келген. Онда Ғұндардың Тәңірқұты таңды қарсы алады. Оның артында отырған абыз 9 күй тартады. Оның артында 365 бала бір бір күйден тартады. Күй тарту арқылы жаңа жылға жететін энергия тартқан. Ол ритуал болған.
Жамбы ату да наурыздан шығады. Жамы деген дөңгелек ай сияқты жалтыраған темір, соны садақпен атқан. Ай дегеніңіз түннің белгісі, жебеде күннің шашағы, шапағы. Жамбы ату қараңғыны атып өлтіріп жарықты алып келу деген ишара жатыр.
Наурыз дегеніміз тұрған күйі тұнып тұрған біздің таным, біздің құндылық. Біз соны қалпына келтіру арқылы өзімізге-өзіміз сеніміз нығайып, басқа халықтар біздің кім екенімізді тани бастайды. Наурыз дегеніміз тап-таза жаңғыру, ұлттық идеология деген осы. Осымен сөзім тәмам.
Жоғарыдағы наурыз тұжырымдамасы этнограф ағамыз Серік Ерғалидың жасаған жеке мерекесі емес, ол сонау неше мың жылдық тарихы бар тасқа таңбаланған құпияның сырын ашу арқылы Наурыздың ежелден қазақ даласында тамыр үзбей тойланып келгенін, оның бізде тек жұғыны қалғанын дәлелдеген ғалым. Бір институт атқаратын, Ақорда идеологтарының тімтініп жүріп, халыққа идеологиялық тұрғыдан не ұсынамын деп істейтін шаруасын бір кісі, бір өзі иығына көтеріп кеткен еңбегін қалай марапаттасаң да жарасады. Бұл наурызды бұған дейін парсыдан келген, иран жұрты да тойлайтын мереке, «Наурыз» сөзінің өзі қазақша, ары кетсе түрікше емес деп келдік. Міне, бұл мерекенің қай күннен бастап қалай тойлану керек екенін, оның келуі уақыт пен мезгілдің, жыл мен жылдың, қыс пен көктемнің қаншалықты үйлесім тапқанын ғалымның түсіндірмесінен кейін миымызға таным қалыптаса бастады. Бір беткей, толық аргументті мұндай ғылыми дәлелденген төл мерекесінен есі кеткен жұрт қашпаса, былайға өткенін жоқтап, болашағына мығым қадам басқан жұрттың тегін жатпасы анық. Ұлттық өзгешелік пен бұрқыраған түркі-қазақылық танымының иісі ұрып тұрған бұл мерекені жатсынуға еш қақымыз жоқ.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.