Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«Не үшін мені өлтірдің, кешіре алмай жатырмын...»...

17.12.2024 1967

«Не үшін мені өлтірдің, кешіре алмай жатырмын...»

«Не үшін мені өлтірдің, кешіре алмай жатырмын...» - adebiportal.kz

(Хан Ганның «Адам әрекеттері» шығармасын талдау)

2024 жылы әдебиеттен ең беделді халықаралық Нобель сыйлығына ие болған Хан Ганның «Адам әрекеттері» туындысын көркем шығармаға жатқызуға келмес. Сонда не себепті жоғары бағаланды дегенге келсек. Бұндай шығарманың қазіргі адамзат үшін маңыздылығы неде? Не себепті әдеби орта өзінің басты бағытынан ауытқып, көркемділікті, әдеби жанрын ысырып қойып, документалистикаға көбірек келетін дүниеге басымдық берді?

Ең бірінші себеп, ол әдебиет болсын, басқа сала болсын, алдымен қоғам аса зәру болып отырған дүниені ұсыну керек. Дұрыс бағытты дер кезінде сілтеу үшін. Адамзаттың келешек тағдырына жауапкершілікті озық ой иелері мен қылқалам шеберлері өз қолына алғандай. 

Шығарма классикалық жанрдағы көркем туынды емес, Оңтүстік Корей халқының 1980 жылы бастан кешкен қанды тарихи оқиғаны куәгерлердің көзімен жеткізіп, қорғансыз қалған адамның шыныдай нәзік жан-дүниесіне рахымсыз, дүлейлі адам табиғаты зардабын қалай тигізгенін ашып көрсету. 

1979 жылы Корей елін билеген диктатор Пак Джон Хиге жасалған қастандықты тергеуді қолға алған генерал Чон Ду Хван елде әскери жағдай жариялау арқылы билікті басып алғаннан кейін саяси қарсыластарын қырып, елде митинг, ереуілге тыйым салып, БАҚ-қа қатаң сүзгі орнатады. Енді демократиялық қоғам орнай ма деген үмітті бұзған бұл диктатураға Квонджу қаласының жастары қарсы шығады. «Адам әрекеттері туралы» шығарма сол бейкүнә жастардың бастан кешкен ауыр азабын, жазықсыз құрбан болған өмірлерін, көкейлерінде қалып кеткен сұрақты қоғамға жеткізеді. 
***

Тарихты не үшін өтеміз, не үшін жадыда сақтаймыз? Өткендегі жетістікке сүйеніп, болған қателіктерден қорытынды шығару үшін екені анық. Бірақ тарих болған оқиғаны салқын факт, құрғақ сан, сезімсіз жазумен береді. Соғыс, қасірет құрбандарын, шығындарды тек цифрмен көрсетеді. Көркем әдебиет және содан туындайтын дүниелер ғана адамның жан-дүниесіндегі күйзелісті, адамзат санасы, психикасы үшін зардабын, салдарын жеткізуге қауқарлы. Адам оқыған ақпаратты образ арқылы қабылдайтын болғандықтан шынайы күй, сезімдер көрсетіліп, бейнелі түрде жеткізген дүние басқаның санасына тезірек жетеді. Қоғамның өзі бастан кешкен жағдайдан шығарған қорытындысымен өмір сүреді. Басынан жақсы да, жаман да өтіп, алған тәжірибесінен әрі қарай дамуға жол ашатын дұрыс қорытынды түюі немесе ащы жағдайдан қорқыныш, шарасыздық сезімі санасында қалып кетуі мүмкін.

Ауыр да қиын жағдай бірі уақ, бірі ірі дертті жарақат болып көкейде, жүректе, бейсанада, денеде, мида түйін ретінде сақталып қалады.

Санадағы жарақат алдағы өмірде шешім шығару кезінде теріс әсерін тигізе беретін болады. Оқиға есіңе түскенде жүрек сыздаса, ендеше дерт жазылмағаны, бар болғаны жараның аузы бітеліп, іште ауыр эмоцияның қалып кеткені. Жадыңның терең түкпіріне тығып тастағаныңмен ауыр жағдай адамнан (қоғамнан) ешқайда кеткен жоқ. 

Одан арылу үшін жараның аузын ашып, іріңді ағызып, яғни ауыр жағдайдан қорытынды шығарып, ауыр эмоцияны жіберу керек еді. 

Оған дейін сананың дертті жеріне жақындамағандықтан, басқа мәселелерге қатысты пайымды жан-жақты қамти алмайсың. Дертті жеріне қатысты қорытынды дұрыс шықпай, мәселені толық игере алмай, бір тұстағы олқылық жағдайды объективті пайымдатпайды. 

Жанға бататын дертті оқиға жадыда неғұрлым көп болса, соншалықты тар ауқымда пайымдауға мәжбүр. Жан-жақты талдайын, қарастырайын десе, сана дертті тұсқа жақындағысы келмейді. Жараның бетін тырнап ашсаң, жадыда күйінішті сезімдер оянып, озбырлы жағдайды қайта бастан кешкен күйге түсесің. 

Күйінішті жайтқа қатысты ой физикалық тәнге де әсер ететіндіктен, яғни мазасыз ой жағымсыз сезімді ғана емес, ағзадағы без сөлді (гормон) мөлшерден тыс артық не кем бөліп, әсерінен ішкі мүшелердің зақымдануына, ауруға әкеледі. Ішкі ағзаның ауруы көбіне ұзақ уақытқа созылған кеселді ойдың әсерінен пайда болады.  Санадағы жарақат тұқым қуалап, келесі ұрпаққа берілуі мүмкін.  Бір нәрсеге қатысты қорқыныш, тартыншақтық, сенімсіздік, беймазалық санадағы осы ақаулы жерге байланысты. Сол себепті ұрпақтан ұрпаққа берілетін түйінді кеселдердің бетін ашпаса болмайды. 

Хан Ган осы әрекетті істеуге талпынды. Өз қоғамынының санасында қалып кеткен дертті жағдайдың бетін тырнап ашты.  Себебі Оңтүстік Кореяда 1980 жылы орын алған ауыр жағдай, шығарманың негізгі лейтмотиві болған «мемлекет мені не үшін өлтірді» деген сұрақ 2022 жылы корей жастары Хэллоуин мейрамын тойлау барысында қоғам алдынан қайта шығады. Жанама себептерге байланысты, президент әкімшілігі жаңа ғимаратқа көшіп, құзырлы органдар президенттің қауіпсіздігін қамтасамыз етуге бар күшті салып, қоғамдық тәртіпті реттейтін қызметкерлердің жетіспеуі салдарынан тар аймақта топтасып қалған жастар бір-бірінің үстіне құлап, 150 астам боздақтар ауа жетпей сығылысып өліп қалады. Кептелген өлі денелері тау болып үйіліп, қатып қалған денелерді ажырату оңайға соқпайды.

1980 жылы озбырлыққа қарсылық танытқан жастар адам өлтіруге бара алмай қолға түсіп, түрмеде жан төзгісіз, адам ойына келіп шықпайтын азапты шегіп, ал кейбіреулері тек сол аумақта тұрғаны үшін ғана жазалау отрядының қолынан қаза тауып, жақындарына жерлеуге бермей, иістенген өлі денелерін қала сыртына апарып, тау-тау етіп үйіп тастаған еді. 

***

Әрбір адам өз өмірінде ұқсас жағдайдың қайталанып тұратынын аңғарады. Қоғам адамдардан тұрып, тарихты жасайтын қоғам болғандықтан, тарихтың да спираль тәрізді қайта айналып келіп тұратыны заңдылық. 

Бұның себебі неде және неге кейбір оқиғалар ғана қайталанады деген сұраққа Нобель сыйлығын алған ғалымдардың жаңалығы жауап беруге көмектеседі. Қатты әсерлі эмоция пайда болған кезде (эмоциональный вплеск) мида ерекше белок түзіліп, ол жадының ұзақ мерзімге сақтау бөлігіне барып жазылады екен.  Сондықтан өзін-өзі қорғау инстинкті іске қосылатын, яғни өлім аузындағыдай ауыр жағдайдағы естелік гендік программаға сақталатыны қалыпты дүние. 

Бұның қажеті не дегенде, адам қиын жағдайға тап болғанда әрі қарай дұрыс жол іздеу қажеттілігі туады. Дәл сол жағдайға нендей қателігі әкелгенін ұғынып, алдағы уақытта сондай қателікке ұрынып қалмайтындай қорытынды шығару маңызды. Бұл адам ұрпағы үзілмеуін қамтамасыз ететін санадағы бағдарлама. Тіршілік иесі ретінде адам мақсатының бірі ұрпағын жалғастыру. Өзі аса ауыр жағдайға түсіп аман қалғанында, сол жағдай бойынша қорытынды шығармаса, адамның өзін-өзі (ұрпағын да) сақтау инстинкті осыған ұқсас жағдайды айналдырып әкеліп тудыра береді. Дұрыс жол тауып, санада бекітпейінше.

Психикасын сақтағысы келіп, жады оны терең түкпіріне тығып тастағанымен, ол ауыр оқиға бейсанадан кеткен жоқ. Бұдан құтылмасаң, қорытынды шығармасаң, жол таппасаң, адамзат ұрпағы үшін тығырық жағдай аяқсыз қалып кетті. Бұл тұйыққа тірелген екенсің, тәжірибең бар ғой, енді шығар жолды тап, келесіде осындай жағдайға ұшырамас үшін не істеу керек деген сұраққа жауап таппайынша осыған ұқсас жағдай кезең сайын айналып келеді. Әсіресе қиналып жүрген кезіңде, яғни күйзеліс кезіңде ассоциативті жағымсыз сезімдер нейрондағы бұрынғы сценарийді жаңғырта жөнеледі.  Сана жеке адамда ғана емес, бір аумақта ұқсас жағдайды бастан кешіретін топта да ұжымдық сана қалыптасады. Өзіне жақын, ұқсас адамдардың әрекетін, сезімін түсіне білгендіктен, бастан кешкен оқиғаны ұжым болып еңсеруі үшін, бірлесіп қорытынды шығарып, бірігіп әрекет істей алулары үшін.

Бұны әркім әртүрлі түсіндіреді.  Хан Ган бұндай жағдайды атом электростанциясы жарылған кездегі таралған радиация әсері арқылы түсіндіруге тырысқан. Қан пен сүйекке сіңген сезімдер хромосомды өзгертіп, тіпті жерге көмсең де ыдырап кетпейді дейді. 

Адам денесін өртеп жіберсең де бастан кешкен сезімдері радиация сияқты топырақта қалып кететінін, яғни болған оқиғаны талдап, баға бермейінше ол қоғамның санасында "дертті" жара болып қала беретінін жеткізген. 

1980 жылдағы қанды оқиға санадан ешқайда кетпегенін, елесі әлі кезіп жүргенін, сол жағдайды кешкен адам ғана емес, жаны халқымен біріккен әрбір адам сол аянышты, қорқынышты зорлықты дәл өзі басынан кешкендей сезімде болатынын өз шығармасы арқылы дәлелдейді. Хан Ганның өзі бұл жағдайды бастан кешкен жоқ, 15 жастағы кейіпкерді көрген жоқ, алайда зомбылық әрекетке ұрынып, өлімші болған жастардың ғана емес, жаны тәнінен ұшып кеткендегі рухы қандай күйде болатынын суреттеп бере алады. Бұл сезімдердің ешқайда кетпегенін, зомбылық елесінің жібін корея халқы санасынан әлі үзе алмай келе жатқан қаупін түсіндіруде. 

Белгілі жазушы, психолог Джон Кехо бұндай қайталана беретін жағдайды былайша түсіндіреді. Бұл дүниенің бәрі толқыннан тұрады, адам қандай көңіл-күйде жүрсе, соған сай толқынды жан-жағына таратып, кеңістіктен дәл сондай толқынды (энергияны) тартып алады дейді. Ол энергия оқиға не қандай да бір жағдай түрінде оралады деп түсіндіреді. 

Адамға қайырымдылық жасау арқылы кеңістікпен байланысқа түсесің деп жан-жағыңа жағымды энергияны таратуға үндейді.

Үнді діні мен философиясы, одан әрі іліп әкеткен буддизм-индуизм ағымы бұны карма ұғымымен түсіндіреді. Зұлымдық жасаған адамның жадында да сол зорлық әрекеті қалып кеткен. Қаласа да, қаламаса да ол адамның өзіне сондай жағдайды тартып тұрады. Ол адам сол қоғамның бір мүшесі. Қанішер болған жерде құрбаны да сол қоғамда жүреді. 

Бұндай түсінік исламда да бар. Аллаға қарай бұрылсаң, Алла өзіңе қадам жасайды, жүріп келсең, өзіңе қарай жүгіреді деген. Қайырымсыз іс істесең, Алладан алыстап, әрекетіңде Жаратушының сипаты жоқ рахымсыз дүние орын алады деп. Сол себепті зорлық әрекет істеп адасқан кезіңде ластанған көкірек айнаңнан ненің тура, ненің бұрыс екенін көре алмайсың. Тек Мінсіз тұлғаға қайырымды әрекетің арқылы жақындай алып, қисық дүниені түзу нәрсемен салыстырған кезде ғана қай жерден бұрыс кеткенің көзіңе айқынырақ көрінеді. 

Психолог, коучтар да осы жағдайды былайша түсіндіруге тырысады: қандай көңіл-күйде болсаң, кеңістік те саған сондай көңіл-күймен жауап қайтарады деп. Кеңістікке, әлемге риза сезімде болсаң, өзіңе де сол ризашылық сезім оралады деп.

Бұл жерде ата-бабамыз ризашылық-шүкіршілік сезімде жүрудің маңыздылығын Жаратқанның риза болсаң маған, тағы берем саған деген ұғымын бір ауыз сөзбен жеткізгенін көрсе болады.

Бұның бәрі ризашылық сезімге қатысты. 

Ал енді бұдан бөлек, ауыр жағдайлар да болады. Ол да дәл сол күйінде адамның өзіне оралады. Адам жадынан шығарып, ұмытуға тырысқанымен, егер, қорытынды шығарып, санасында сол жағдай дұрыс қабылданбаған болса, бұл оқиға спираль тәрізді айналып келіп тұра береді. Бұл ұрпақты сақтау, адамның алға қарай ілгерілеу механизміне байланысты. 

Өзінің қателігіңе ұрынып қалмас үшін ата-ана баласына бастан кешкеніне байланысты ығырын шығаратын ақылын «ұрпағым өзім түскен тығырық жолға ұрынып қалмасын» деген ұғымына (санадағы бағдарламаға) сай айта береді. 

Ал енді нені қорыту керек. Нендей сабақ алу керек еді деген сұраққа келсек. Ауыр оқиғаны қалай жіберу керек?

Алдымен оқиғаны қабылдау керек. Қандай да бір әрекеттің осыған әкелгенін ұғынып. Аңдаусызда болды ма, жағдай не біреу мәжбүрледі ме, амалсыздан бардың ба, білместікпен істедің бе, саналы түрде ме, бәрібір. Бастысы қандай да бір әрекетің (сөзің болсын, ойың болсын) осы жағдайға әкелдірді.

Алдымен соны мойындау керек. Жауапкершілікті өзіңе алғанда ғана бұл оқиғаны түзетуге мүмкіндік аласың. Егер басқа біреу кінәлі деп шешсең, ол оқиғаны түзетуге өзіңе мүмкіндік бермегенің. Өзің кінәлі деп тапқан адам ғана түзете алады деген тұжырымның шеңберінен шығу қиынға соғады. 

Жауапкершілікті басқаға арту арқылы түзету рөлін соған бергенің. Бұл басқаның әрекетіне өзіңді тәуелді етіп қояды. Қашан әлгі адам жөндегенге дейін, ауыр жағдай өз санаңда сол күйінше қалып кетеді.

Жауапкершілікті өзіңе алғанда өзіңе жөндеу құқығын ала алғаның. Қателігіңді тауып, келесі жолы тағы да осындай жағдайға ұрынып қалмас үшін қандай да бір қорытынды шығарасың. Осыған ұқсас жағдай туындағанда басқаша әрекет істеуге талпынатын боласың. 

Бірақ мәселе онымен бітпейді. Өзіңді осы жағдайға ұшыратқан адамның әрекетін (күнәсін, қылмысын, кемшілігін) кешіре алмасаң, оқиғаны жібере алмағаның. 

Ішіңде сол бір ауыр сезім қалып кетеді. Оны түбірімен жоймай, әлгі адамды өміріңнен алыстатқаныңмен, басқа біреулер дәл сол әрекетті өзіңе жасайды. 
Себебі мида бұрынғы нейрондық жол түгелімен ыдыраған жоқ. Әрекетіңді өзгерткенмен сезім қалып кетті. 

Ендігі әрекет ол кешіру. Кешірдім деп ауызбен айтуға оңай. Жаныңның түкпірінде кешіру оңай емес. Кешірдім дегенді кейбіреулер жадының түкпіріне тығып тастағанмен шатастырып жатады.

Түбірімен алып тастамасаң, жаныңның сол бір тұсы жаралы болып тұра береді. Сол бір жанды жеріңе тигенде сыздап салады.

Кванттық теория бойынша адам да энергиядан тұратынын қабылдасақ, жадыдағы жағымсыз эмоция да қандай да бір тербеліс күйінде болып, тартылыс заңына сай өзіне сондай энергияны кеңістіктен тартып алуға тиіс. Бұл жерде Кехоның тұжырымы бойынша ол энергия оқиға түрінде адамға орналатын болады. Адам ба, жағдай ма себепкер болғаны бәрібір, маңыздысы сол жағымсыз эмоцияны қайтадан бастан кешуге тура келгені. 

***

Болған оқиғаны мойындау ғана емес, ауыр эмоцияны жіберіп (көңіл тыншытарлық сезімге алмастырып), кешіру процессі орын алмаса, тарихи парақ жабылмайды.

Ал енді мемлекеттік қызметтегілер өзіне басқару құқығын тапсырып, өздерін жасақтаған халықты негізсіз өлтіре бастаса оның түпкі себебі неде болғаны?

Қастандық процессі (өлім) орын алу үшін қанішер пен қылмыс құрбаны болуы тиіс. Қоғамда біреуге қанішердің рөлі, енді біреуге құрбандық рөлі бұйырды. 

Алдағы уақытта қылмыстың алдын-алу үшін әрекет неден басталу керек? Қатыгездікті тоқтату үшін алдымен қылмыскер жойылу керек пе, әлде негізгі қимыл "ықтимал құрбаннан" басталуы керек пе?

Адам бойында потенциалды түрде жақсы да, жаман да жағы болады десек, ендеше адам табиғатын (жаратылыс болмысын) өзгерте алмаймыз. Нашар жағын көрсетуге қандай да бір жағдай алып келуі мүмкін. Құрбан болатын адам қарсылық көрсететінін білсе ғана, қылмыстық әрекетінен бас тартуы мүмкін. 

Мемлекет сол үшін де құрылады. Қоғамдағы агрессияға жақын, күші басым адамдар әлсіздерді жаншып, әлімжеттік жасамас үшін заң қабылданып, қоғамдағы әлсіз топтардың, баршаның қауіпсіздігі, тепе-теңдік жағдайы қамтамасыз етіледі.

Ал қауіпсіздік міндетін атқаруға тиіс, яғни қолына өкілеттік пен билік берілген лауазымды тұлға өзін сайлаған адамға қарсы шығып, өлтіре бастаса, бұның түпкілікті себебін қалай анықтаса болады? 

"Адам әрекеттері" шығармасында биліктегі генерал солдаттарға аяусыз өлтіріңдер деп тапсырып, аса қатігездік танытқандарға сыйлық береді. Ал бұған қарапайым солдаттар не үшін барды?

Генералдың әрекеті түсінікті. Барынша қорқыныш, үрей тудырсам, соғұрлым билігіме таласуға деген ниетті жоямын деп үміттенеді. Билігінен айрылып қалуға, жазаға тартылудан қорқады. 

Өлтірген солдаттардың көбі бұрын Вьетнам соғысында болған әскерлер еді. Атып жатқаны өз халқы екенін ұғып, мылтықты бастан жоғары кездегендері де болады. Алайда аса қаніпезерлік танытқандардың санасында "өлтіру коды" сақталып қалғаны туралы ойды Хан Ган жорамалдайды. 

***

Санадағы моральдық сызықты бір рет аттап өткенде, адам өз бойындағы екі болмыстың біріне басымдық береді. Адамилық жағынан хайуандық болмысы жағына санасымен өтіп кеткен адам бағыт-бағдар, әрекеттің өлшемін бағамдайтын таразыны жоғалтып алады.

Сананың хайуани бөлігінде әрекет жасамастан бұрын істің немен бітетінін болжамдайтын көрегенділік және әрекетіне моральдық тұрғыда баға беретін адамилық таразы жоқ. 

Хайуани болмыста бәріне рұқсат етілген, ол жерде бәрі болады. Ешқандай заң, ереже жоқ. Не тапсырды, соны ыждағатпен істеп, ақысын аласың. Моральдық қағида сананың ол бөлігінде жоқ. Ондай санада жыртқыштық, озбырлық заңы басшылық етеді. Егер әлсіз болсаң, ендеше азулыларға жағымпазданып өмір кешесің. 

Сол себепті қорытындыны тек қана құрбандыққа бейім топтар ғана емес, санасында адам өлтіру коды сақталып қалған қанішерлікке бейім топ та шығаруы керек. 

Құрбандыққа бейім топ әрі қарай рұқсат етпеймін, құрбан болуға келіспеймін деген тұжырымға келуі үшін өзін-өзі бағалауы артуы маңызды. Өзінің теңдессіз тұлға екенін қабылдауы керек. 

"Адам әрекеттері" шығармасында дәл осы ойды түрмедегі жастардың санасынан жоюға қалай тырысқандары сипатталған. 

Жан төзгісіз ұрып-соғуға, адам ойына келмейтін азаптың неше түрін бастан кешіп, әл-дәрмені қалмай ашыққан, езілген түрмедегілер камерасына оралғанда екі аш адамның алдына бір табақ беріледі. Онсыз да адамилық сезімін таптап, аяусыз қиналуға ұрынған адам табақтасы алдындағы күріштің бір түйірін артық жеп қойса жыртқыштың болмысы атылып шығып, мені өлсін деп жатқаның ба, неге артық жейсің деп атылады. Ең құрығанда әділдікті абақтыдағы тағдырлас өзім құралпы адамнан да көрмегенім бе деген ойы алдында қаперсіз отырған адамға қол көтеруге апарғызады. 

Сол кезде араларындағы ең жасы оларды тоқтатып, қамағандардың көздегені осы ғой, біздегі адамилық болмысты түбірімен жоймақшы, биліктің озбырлығына қарсы көтеріліске шыққан кезде өлімге де дайын болған едік қой, бұнымыз не деп алдындағы болмашы асымен бөліседі. Қанша жерден азаптап, таптаса да, ең айуандық зорлыққа ұзақ ұшыраған өзі болса да адамилық болмыстың жібінен айрылмағанын көрсетіп. 

***

Әртүрлі жағдайға байланысты санасында адамилық рухы жансызданып, жыртқыштық болмысымен күн көруге мәжбүр адамдар басқаларды өз жағына тартуға, өз қатарластарының санын арттыруға құштар. Солай етсе, шындық өз жағында сияқты көрініп және өзі сияқтылар көп болған сайын жалғыздықтан құтылуға көмектесетіндей көреді. 

Жаратушыға сенетіндер өздерін жалғыз сезінбейді, қамқоршы, мейірімді күштің жылулығын сезінеді. Сол себепті қателік істесе де қайта көтерілер күш таба алады. 

Ал Құдайдан алыстап кеткендер жан-жағында адамдар сабылып жүрсе де жан-дүниесі құлазып, жаһаннамда жалғыз жүргендей сезімде қалады. Өмірдегі қателігін түзете алмаған, өзін таба алмаған ызасын басқалардан алуға көшеді. Тоқтайын десе, жөнделіп, түзу жолға түсейін десе ішінде бағыт-бағдар көрсететін жүрек үні өшіп қалған. Оның жаны қолымен істеген қаныперзерлік әрекетін көргенде жүрегі қарайып, жанының мекені тасқа айналған. Қиналмас үшін адам жанына басқа амал жоқ. Тас жүректі жібітіп, қайта ағартуға тек шынайы таза сезімнің, махаббат-мейірімнің ғана құдыреті жетеді. 

Бірақ оның қадірін түсіне қоюға хайуани болмысы артып тұрған адамға қиын. Сезіну жүйесі жануардікіндей; мейірімді сезгенімен кейде еш себепсіз өзін асыраған адамды талап тастайтын. Жануарды сонысы үшін айыптай да алмайды, хайуанның аты хайуан ғой, бірнәрсе жақпай қалғанда адамға атылғаны бар болғаны оның жыртқыштық болмысы деп. 

Сол сияқты қаніпезер адам да мейірімге мұқтаж болғанымен, мейірім көрсеткен адамға бүйрегі бұрып тұрғанымен, санадағы "сайтан" ойлардың жетегінде кетіп, адамның шынайы пейілін тани алмай, жамандыққа жоруы мүмкін. Бұндай адамдарды қалай емдеуге болады? Олар өздері қорқыныш сезімінің құлдығында жүргенін пайымдай алмайды.  Сол бір жағымсыз сезімді шынайы сезініп жатқандықтан өмір расымен сондай ғой деп қабылдайды. Бейсанасы қорқынышты еселеп көрсетіп жатқанын білмейді. Бағыт-бағдары жоқ, қорқыныш пен үрей, сенімсіздік билеген, жан-жағы жыртқыштарға толы әлемде адам өзін қалай сезінуі керек? Тірі қалуы үшін амалсыз лас дүниенің заңдылығын қолданады.  Жағымпаздық, сатқындық, жалған сөйлеу, надандық осыдан келіп шығады.  ***

Адамға не істесе де таңдау еркі өзіне берілгендіктен, хайуандық болмысы мен адамилық болмысы арасындағы күрес дүние біткенше қала бермек. Адам қаншалықты зұлымдық әрекетке бара алатын болса, шексіз мейірімділікке де соншалықты бейім.  Таңдау еркі әркімнің өз қолында. Біреуде туа бітісімен бір жақ тұсы басымдау болады. Бұны тағдыр деп қабылдасақ та болады.  Бірі агрессияға жақын мінезбен туса да өзін тәрбиелеу арқылы табиғатынан мейірімді болып туған адамға қарағанда қайырымды әрекет жасау үшін көбірек күш-қуатын жұмсауы мүмкін. Ал табиғатынан мейірбан болмысы басым болған жанға қояр талап (сұраныс) та жоғары болатын шығар. Бұл жерде естен шығармауға тиіс дүние, адамда қанша жерден хайуандық болмысы (мүмкін ата-бабасының қателігіне бола) артық болғанымен табиғи таза сәби күйінде дүниеге келетіні.  Өзіне жауапкершілікті ала білсе, өзгеруге мүмкіндік бар екенін жеткізу керек. Жан-жағынан сабақ алатындай қабілет адам болмысына әуелден берілген. Сол себепті тағдырдың жазуымен қатал болу, қаныпезерлік жол бұйырыпты деп емес, өзіне адамилық жолға шығу да мүмкіндігі берілгенін, сол жолда сарп еткен еңбегінің бағасы берілетін күн туатынын білу керек. Жақсы мен жаманды ажырата білетін сана сол үшін де берілген. Жауапкершілік тізгінін өзіне алып,өзгертемін деген жігерлік күші де өзіне берілген нығмет екенін ұғу маңызды. Адами болмысы басым адамға мейірімділік танытумен қатар құрбандық рөлінен бас тарту жауаптылығын өзіне ала білу керек.

***

Одан бөлек шығармада қоғамның санасындағы қайшылықты ашып көрсетеді. Мемлекет деген құрылым атынан халық зардапқа ұшырайды. Халықты қырып тастайтын мемлекеттің әскерлері, атуға бұйрық берген генерал мемлекеттің көрнекті өкілі. Солардың қолынан өлгендерді туыстары жер қойнауына тапсырарда мемлекеттің әнұранын шырқап, табыттың бетін мемлекеттің байрағымен жабады. Бұл қайшылықты түсіне алмай сұраған бозбала бүлік шығарған генерал мемлекет емес қой деген жауап алады. Ересектеу адам мемлекет пен ол жерде уақытша қызмет атқарып отырған тұлғаны ажыратып көре алатын болса, жасөспірім "мәселе онда емес қой, мемлекеттің атынан осындай қастандық істелетін болса, не себепті ол мемлекет құрылады?" деп түсіне алмайды. Бұл қайшылық мемлекеттік билікті қолына алғандардың санасында екені түсінікті. Алайда халық оны неге қабылдайды? Халық қашаннан бері бұл жағдайды қалыпты деп қабылдап, еті үйреніп кеткен? 

Халықтың өзі осы қайшылықты норма деп қабылдап кеткенінде бар мәселе. Билікке барған адамның бәрі сондай болады деу арқылы не өзіне, не жақындарының қолына билік тисе, ерте ме, кеш пе сол қағида өз әрекетінде де көрініс табатынын мойындау қажет. Мемлекеттік жүйеде жұмыс істейтін болса қаламаса да жанама түрде халыққа зиянын тигізіп алады. Жақсылық жасай алуға мүмкіндік ашылуы үшін алдымен түпкі санасындағы тұжырымды өзгертіп, мемлекет халық мүддесіне құрылған, халықтың игілігі үшін жұмыс жасайды деген ойға сенуі керек. Сол себепті бозбала сұрақты дұрыс қойып отыр. Не себепті біздер өзіміз құрған мемлекеттің қолынан зардап шегудеміз деп. Ол жерде кім отырғаны маңызсыз. Мәселе мемлекеттік билікті, яғни мемлекетті қастандыққа пайдалануда. Сырттан жау келсе - түсінікті. Алайда өзің қаржыландырып, өзің қолына билік берген адамның өзіңе қастандық жасауы ол тек әділетсіздік қана емес, ақылға қонбайтын дүние емес пе? Бар сорақылық, билік басына ниеті зұлым адам келгенінде емес, халықтың мемлекет атынан кейбір адамдардың өзіне зорлық жасауына көндігуі, оны қалыпты жағдай деп қабылдауында. Себебі оның қолында билік те бар, әскер де бар, орасан қаржы да бар дейді. Ендеше оған қарсы келе алмаймыз деп бір жағынан дұрыс пайымдағанмен, түбіріне келгенде ендеше ондай мемлекеттің қажеті қанша немесе қалайша мемлекет басына қаніпезер адамды шығарып алдық деген сұраққа жауап іздеп, қателігін табуға талпынбағанынан проблема туындап отыр. Осылай қалыптасып кетті деп көндігу бар. Өз немқұрайлығынан екенін мойындай білсе де, оны жөндеу үшін жанкештілік әрекет, құрбандық, жауапкершілік талап етіледі. 1980 жылы осы әділетсіздікке қарсы жастар шығады. Алайда олар әділеттік үшін өмірін қиюға дайын болғанымен, басқа біреуді өлімге қиюға дайын емес еді. Сол себепті де олар тірідей қолға түсіп, түрмеде хайуандық азаптың неше түрін бастан кешеді.  Сонда мемлекет халықтың мүддесі үшін жұмыс істей бастауы үшін тек биліктегілер ғана емес халық та өз санасындағы тұжырымды өзгертуі керек. Бұлай болмайды деу арқылы әрі қарай бейбіт жолмен, сабырмен, даналықпен жағдайды өзгертуге мүмкіндік алады. Бұрынғы қателіктер тарих болып, келешек ұрпақ үшін құны жоғары сабақ болмақ. Қателіксіз нәтижеге жету мүмкін емес. Бір дегенде түзу жолмен жүру үшін адам мінсіз періште болуы тиіс.  Алайда бұл жағдайда таңдау құқына ие болмас едік.  Моральдық тұрғыда биікке көтерілу үшін саналы түрде жағымсыз әрекет жасаудан бас тартасың немесе білместікпен қателік жасасаң одан қорытынды шығару арқылы биігірек белеске көтерілесің. Бөбек кезінен алғашқы қадамын құлаудан бастап жүруді үйренетін адам ересек кезінде де таңғажайып мүсінді жасап шығу үшін алдыңғы қашауы, илеуі, жапсыруы дайын, мінсіз туындыны бірден жасап шығармайды. 

***

Қорыта келгенде Хан Ган өз шығармасында әзірге бірінші сатыда қалған, яғни қоғам алдына бірнеше сұрақ қойды: адамға жаратылысынан берілген еркіндікке, сөйлеу бостандығына шектеу қоюға кім құқық берді және қандай мақсатта? өмірінің жалғасы болатын жалғыз баласының денесін таба алмаған ана жерлеу салтын өткізе алмай қалған өмірі тұтастай жаназаға айналғанына кім жауап береді? «Мемлекет мені не үшін өлтірді?» деген қыршын жастың сұрағына жауап қандай болмақ? Келесі әрекет сол сұрақтарға дұрыс жауап іздеуден тұру керек. Оңтүстік Корей елі диктатуралық режимнен құтылып, демократиялық қоғамға қадам басқанымен санада қалып кеткен ауыр эмоцияның дертінен әлі толық айыға алмаған. Шығармада әзірге шығарылған қорытынды жоқ және қалай кешіруге болатын жолы көрсетілмеген. Әзірге қоғам алдына сұрақтар қойылған.

 

Гүлнар ІЗТАЕВА,

прозаик, әдебиетші


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар