Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Нұргүл Оқашева. Жан жарасы...

09.06.2019 5522

Нұргүл Оқашева. Жан жарасы

Нұргүл Оқашева. Жан жарасы - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Өрістен ала сиырын қақпайлап айдап, оң жақ қабырғасы ырсиып, төбесі үңірейіп тұрған қораға қамағаны сол еді, жел соқпасын деп терезеге іле салған шүберектен үрікті ме, жануар жапсарлас есіктен қашты да кетті.

– Атаңа нәлеттің малы, жем беремін деген емеурінімді де түсінбей, айдалаға қашасыңдар! Осы жаздан қалдырмай сойып немесе өрістен сиырының арқа жонын қамшысымен осып-осып айдап әкелетін Мәуленге сатып жіберіп, көзіңе көк шыбын үймелетпесем бе! Осы сөзімде тұрмасам мұрным кесілсін!, – деп айқайға басты.

Бұл осыдан екі жыл бұрын кемпірінен айырылып, жалғыздықтың азабын тартып, бүтін бір әулеттің ғана емес, бүкіл ауылдың қайғысы мен мұңын жүрегімен көтеріп жүрген Базарбай ақсақалдың күнделікті әдеті. Оның айқайлағанда дүйім ауылға естілетін ащы дауысына көршілері де әбден үйреніп алған. Оларды қойшы, мақұлық малдың өзі кейде мойнын бұра қалып “айта бер, қолыңнан не келеді?” дегендей тесіліп қарап тұрады. Қарамағанда, қашпағанда қайтсін?! Төбесі жауған жаңбыр суымен шұрық-тесік тесіліп, оң қабырғасы құлауға сәл қалған қораға кіргеннен, жайылып жүргенін артық көретіндей. Ал Базардай болса жем-суын береді де сыртынан тас қылып бекітіп, үйіне беттейді. Бүгін де солай істеді.

“Уһһһ” деп терең дем алды да, оты шала жанған пештің үстіндегі темір шәйнекті стөлге қойды. Жалғыз адамға ас батсын ба? Сазарған асқазанын алдаусыратып қояйын дегендей, қайнап-қайнап әбден қарайып кеткен шайдан бір-екі жұтты. Баяғыда кемпірі қойдың жүнінен тоқып берген белдігін шешіп, ескі кереуетке жантая кетті. Ауық-ауық дөңбекшіп, ұйықтай алмады. Әлденелер еске түсіп, маза бермеді. Бәрінен бұрын оның жанына бататыны тұрғындар саны азайып, күн сайын құрып бара жатқан ауылы. Кішкентайдан бірге өсіп, құрбы-құрдастарымен қырға барып бүлдірген мен құлпынай теретін бақытты шағының куәсі болған туған жердің бүгінгі тіршілігі кедейдің шұлғауындай жадау. Әлдебір жылдары жүз шақты үй түтінін түтетіп, берекесі артып отырған ауылда бүгінде бар-жоғы жиырма шақты ғана шаңырақ қалған. Бәрі кәрі-құртаңдар, шал-шауқандар. Жастарды желімдей байлап отырған орта мектеп осыдан жеті жыл бұрын, ал негізгі мектеп былтыр жабылды. Ауыл адамдарының үмітін үкілеп, үрлеп отырған шоқ та сөнді осылай. Енді оларды қалпына келтіруге бәр кеш секілді. Екінші қабырғасына қара тастай бататыны жан дегендегі жалғыз баласының қайғысы. Қайғы дейтіндей, қайғы емес-ау!

Осы адам болсын деп жақсы деген оқу орнында оқытты, тоқытты. Сондағы бар арманы ертең мұғалімдік мамандық алып беріп, құлдырап тұрған ауылды аяғынан тік тұрғызуға жол сілтеу. Енді бұл ойы да көңілден бұл-бұл ұшты. Мұнымен қоймай, қаладан үй алып, жақсы қызметке орналасқан ұлы жалғыз қалған әкесіне күн сайын мың мәрте хабарласып, көшіріп әкететінін айтады. Бұл болса телефон шалған сайын түрлі сылтау тауып, созбаққа салып алады. Үшінші жанына бататыны кемпірінің жоқтығы. Оның бұл жердің бетін тәрк етіп, жақсылар жатқан қабірстанға көшіп кеткеніне тура екі жыл. Тірі болса тым болмағанда ас-суы даяр, күн сайын мұңға батпай, туған жерінен соңғы адам көшіп кеткенше отырар еді ғой. “Қасымда шаруама жәрдемдесіп жүргенде қадіріңді білмеген екенмін”, – дейді ауыр күрсініп. Пенде бірінің қадірін бірі тірі кезде түсінуші ме еді. Өлгеннен кейін бәрі алтын, бәрі жақсы. Әйтпесе, жатқан жері жайлы болғыр кемпірінің шалына жасамаған жақсылығы жоқ. Таңнан күн ұясына батқанға дейін тамағын әзірлеп, тер иісі сіңген киімін жуып бір тыным таппайтын. Ара-тұра, шалы айқайға басқанда осы тыныш болсын деп басындағы орамалын беліне байлап, мал жайлауға да өзі кете беретін. Осылай жүргенде ол да кетіп қалды. Содан бері Базарбай ақсақал бір күні кемпірі қайтып оралатындай көзін көкжиекке байлап күн кешуде.

...Таңертең ертерек тұруды ойға алып, көзін тарс жұмып еді, ұйқы құрғыр келмей қойды. Ақыры болмаған соң терезеге қарап, Айдың аппақ сәулесіне шомылған айналаны бір шолып өтті. Сағат тілі онның дәл тұсында. Бүгін Күн ұясына әдеттегіден ерте батқандай, айнала қараңғы, бозғыл сәуле сүттің қаймағындай ағараңдап тұр. Терезе әйнектерін сабалай ұрған теректер. “Мен ертең бұлардан да көз жазып қаламын-ау”, деп күрсінді.

Ұйқының ауылы алыс сияқты. Ендігі ойы – теледидарда. Қосып қалып еді, жаңалықтар жүріп жатыр екен. “Ауылды гүлдендіру қолға алынды. Осы мақсатта ел қазынасынан осынша қаражат бөлінеді”, деген диктор жігіттің былайғы күндері қоңыр қаздың қаңқылдағанындай жағымды шығатын дауысы бұл жолы құлағына тосын естілді. “Ауылды гүлдендіреміз дейді? Бәрі бекер. Урбәнизәция деп жасын да, кәрісін де қалаға қарай шұбырттыңдар. Ауыл енді гүлденбейді”. Оның сөзімен санасып отырған жан жоқ. Ақсақалдың ренішін есік алдындағы иттің шіңк - шіңк етіп үрген дауысы бұзды. Біреу келгендей ме, қалай? Есік аузына шығып: “Кім екен бұл, “шырт ұйқыдағы” адамды оятып жіберген?”, – деді дауыстап.

– Мен ғой!

– Менің кім!

– Есағаның үлкен ұлымын, Мираспын! Сағат әлі он емес пе, ата? Ұйықтап жатқан адамға ұқсамайсыз. Жаңа ғана терезеден теледидар алдындағы бейнеңізді көрген сияқты едім, әлде ол елес болды ма екен?

Ақсақал түк білмегендей мырс етті де:

– Елес шығар. Сен қашан келдің? Қалада оқымаушы ма едің? Әлде оқуыңды бітіріп, туған жеріңді көркейтуге келіп қалдың ба?

– Жоқ, ата, демалыс қой. Оның үстіне әжем қолын сындырып алыпты, жағдайын сұрау үшін келдім.

– Ммм. Ауылда тұрамын деген біреуің жоқ. Жә, тыныштық па? Кеш қарайғанда қандай шаруамен жүрсің?

– Тыныштық, ата, ертең біздің үйге асқа келіңіз! Әкем әжемнің қолының сынғанын пәлекетке жорып, көршілерді шақырып, Құран оқытып жібермекші. Соған сіз келіп, Құран сүрелерін оқып кетсе деп еді.

– Соны таңертең айтсаңдар да болмас па еді, “адамды шырт ұйқысынан оятып”, – деді де баратынын айтқандай басын изеді.

Кейде осындай қыңырлығы болғанымен Базарбай ақсақалдың ешкімге зияны жоқ. Осы елмен бірге өсті, өнді, көгерді. Үйленді, желкілдеген жастық шағын өткізді. Балалы - шағалы болды. Қыздарын тұрмысқа берді. Өзін осы жасқа келсе де ауылдың әр пұшпағына қарыз сияқты сезінеді. Күн ілгері озған сайын тозып бара жатқан ауылдың қоңырқай тіршілігі, жел өтіне мүжіліп, жатаған төмпешікке айналған үйлердің сиқы жанына батады. Ауылды сақтайық деп жанұшыра жүгіретіндердің қатары да сиреп барады. Оның үстіне, баласының өзінен алыста тұратыны жанын жабырқатып жүр. Кейде оны тісі шыққан балаға шайнап тамақ бергендей алдаусыратып қояды да, артынан қатты өкінеді. Екіұдайлы күй кешіп, қайда қаларын білмей дал. Кетіп қалайын десе көзкөргендерді қимайды.

Бір-екі рет қалаға барып бірнеше күн болып қайтқан. Қаладағы тірлікке бойын бір үйрете алмай-ақ қойды. Жұртта қалғандай жетім күй кешті. Ішіп отырған суына да, шайына да шөлі қандабы. Ауылға келісімен үйінің арғы бетіндегі калонканы ағызып жіберіп, мөлдір суға бетін қайта-қайта жуған кездері де кездесті. Төрт күн бойы төрт қабырғада отырып, іші әбден пысып, ауылға келісімен әлгінде асқа шақырған Есағаның кемпірімен бірнеше сағат бойы шүйіркелесті-ай. Ертең сол Есаға ақсақалдың үйіне бармақ. Кемпірі сиыр сауамын деп жүріп қолын сындырып алыпты. Әруақтар бірдеңе дәметіп жүрген шығар, деп кемпірінің жасауынан қалған шкафтан Құран сүрелері жазылған кітапты алды да, бірнеше мәрте қайталап шықты.

“Әл-хамдулиллаһи раббил ааләмин. Әр-Рахманир Рахиим. Малики яумиддин. Ияаака наъбуду уа ияаака настаин. Ихдинәс-сыротал мустақим. Сыроталлазина ән амта алейһим ғайриль мағдууби алейһим уа ләддоллиин”, деп Фатиха, іле-шала Ықылас сүрелерін оқып алды.

Ауылда Құран сүрелерін жатқа білетін ақсақалдардан қалғаны екеу ғана. Оның бірі ауылға кіреберістегі мұржасы жапырайған үйдегі Мұзтау шал болса, бірі осы Базарбай ақсақал. Мұзтаудың өзі бірнеше айдан бері төсек тартып жатыр. Дәрігерлер ұзаққа бармайды, қамдана беріңдер, депті. Жиын-баталарда бәрі Базарбай ақсақалды шақырады. Бұрынырақта кемпірі қайтқанда елден ұят болмасын деп жаттап алған бірнеше сүресін, бәлсініп, дінданушы ғалымдарға ұқсап, шақырған жерге сақалын бұлдап кешігіп баратын әдеті тағы бар. Бұл жолы да сөйтті.

Төргі бөлмедегі ауыл үлкендері молда ақсақал келе жатыр, орын беріңдер, қолына су құйыңдар деп жамырасты. Өзіне көрсетілген ілтипаттың бәрін іші сезіп, төбесі көкке бір елі жетпей қалғандай отыр. Ас ішіліп, аяқ босатылды. Түнде қайталап оқып шыққан сүрелерді әруақтарға бағыштады, соңында күндегі әдетімен дұға жасады. Үй иесі қолына Құран ақысы деп бір-екі мың қыстырып еді, алмай, өзіне қайтарып берді. “Құранды адам ақша үшін оқи ма екен. Ол – Алладан рақым тілеу”.

Шай дайындалғанша үлкендер қыз-қыз әңгімеге кірісті. Қаладан Ардақ ақсақал арнайы келіпті. Ауылдағы мектепте ұзақ жылдар бойы еңбек пәнінен сабақ беріп, осы білім ордасынан зейнетке шыққан. Кейін балалары шақырып, қалаға көшкен. Бүгін де елден ерекшеленіп, қаланың тіршілігі жайлы әңгіме айтып отыр.

“Жастықта бейнет бер, қарттықта зейнет бер”, деген рас екен-ау. Алла көп көрмесін, еңбегімнің рақатын өріп отырмын. Қалада сол, ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда. Ауылдағыдай қиындық көрмейсің. Ұсақ-түйек жұмыстары таудан тас домалата салғаннан да оңай. Балалар бетімнен қақпайды. Қайда барғым келсе, сонда барамын. Ең бастысы ұрпағымды жетімсіретпей, соған демеу болып жүрмін”, – деп баяғы әдетімен аузын қайта-қайта сипады да сөзін қайта жалғастырды, – Жағдайлары жоқтар ғана ауылдан айналшықтап шықпайды. Ақшасы барлар баяғыда қалаға көшіп, тұрмыстарын түзеп алған”.

Ел арасында “суайт Ардақ” атанып кеткен шалдың бүгін бәлсініп, өркөкіректене сөйлегенін естіген Базарбай ақсақалдың дүниенің шәт-шәлекейі шыққандай өңі бұзылып кетті. “Сиырға жем беретін уақыт болыпты. Мен, рұқсат болса, бара берейін”, деп ақырын ілби басып, есікке таянды. Жұрт аң - таң.

Үйге жеткенше әлгі әңгіме жүрек қолқасына дәл тигендей маза бермеді. “Сәлім жай өтіріктен өрмек тоқып, сылдыр сөзден сырмақ сырып отыр”, деп қояды арасында ішінен. Бірақ оның шындық екенін мойындамасқа шара жоқ.

“Ізімнен ерген ұрпағыма демеу болмаған менің әкелік түрім құрысын. Қалаға бір-екі жыл көш қондырып, түкірігінің жерге түспеуін қарашы суайттың?”, – дейді сосын. Үйге келісімен жалма-жан телефонға жармасып, ұлына қалаға көшетінін айтты. Жан дегендегі жалғыз баласында ес жоқ:

– Жақсы, әке, онда ертең келемін. Үйдегі жұмыстардың бәрін ретке келтіріп, көршіге тапсырып кету керек.

...Ақсақал ертең қалаға көшеді. Бірнеше жылдан, тіпті, бірнеше емес, бас-аяғы бір жылда бұл ауылда жан баласы қалмайтын шығар. Ескі әдетімен көзін көкжиекке байлап, ауылдың тіршілігіне көз салды. Тым - тырыс. Анау төбеден қарауытып бейіт көрінді. Кемпірінің зираты. Бұл ауылда бұрын қарақұрым халық тұрғанын, небір жақсы мен жайсаңдарды түлеткен алтын бесік болғанын сол бейіт ғана айғақтап тұратындай ертең.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар