Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Нұргүл Қызырбекқызы: Ілияс Жансүгіровтің өтірік өл...

08.08.2024 1696

Нұргүл Қызырбекқызы: Ілияс Жансүгіровтің өтірік өлеңдерін таптық 12+

Нұргүл Қызырбекқызы: Ілияс Жансүгіровтің өтірік өлеңдерін таптық - adebiportal.kz

Биыл – айтулы ақын, прозашы, драматург, ұлттық әдебиеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қаламгер Ілияс Жансүгіровтың туғанына 130 жыл. Оның қаламынан «Құлагер», «Күйші», «Дала», «Күй» секілді бірнеше эпикалық шығармалар дүниеге келді. Ілияс Жансүгіровты қазақ поэмасының атасы десек, қателеспейміз. Мерейтойға орай, жер жәннаты Жетісу өлкесі, Талдықорған қаласында орналасқан Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейінің басшысы Нұргүл Қызырбекқызымен сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Нұргүл Қызырбекқызы, ақынның мерейтойы құтты болсын. Алдымен музей тарихына тоқтала кетсеңіз.

– Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі 1984 жылы қаламгердің 90 жылдық мерейтойына орай ашылған болатын. Содан бері, міне, қырық жыл үздіксіз халыққа қызмет етіп келе жатыр. Музейді кезінде ірі саудагер, көпес Рахметолла Бұғыбаев өзінің меншігі ретінде салған. Өкінішке қарай, түрлі себептермен қудаланып, ғимарат қараусыз қалды. Кейіннен бұл үй Кеңес үкіметінің штабы, мал ұрықтандыру лабораториясы болды. Осылайша, әрбір ұйым өзінің жеке қызметіне пайдаланып отырды. 1923 жылы Ілияс Жансүгіров «Қосшы» ұйымының белді мүшесі ретінде бірнеше мәрте осы мекемеге келіп, кездесулер өткізіпті. Соны ескере отырып, 1984 жылы музей болып ашылды. 

Бүгінгі таңда музей-үй XIX ғасырдың сәулетті өнері ретінде мемлекеттік қорғауға алынған. 6 бөлмеден тұрады. Ілияс Жансүгіровке байланысты 6 мыңнан астам құнды жәдігерлер сақтаулы тұр. Оның ішінде Ілияс Жансүгіровтың өзінің тұтынған заттары, жейдесі, баспа ісіне пайдаланған машинкасы, өзі киген плащы, ұстаған таяғы, қолжазбалар қоры және ілиястанушылардың еңбектері көрменің көркін келдіруде. 

– Музей қорында ерекше құнды қандай жәдігерлер бар? 

– Соңғы жылдары біздің музейіміздің қоры құнды жәдігерлермен толықты. Мәселен, ақынның төлқұжаты (паспорты). Бұл құжатты Ілияс Жансүгіров 1936 жылы алған. 1941 жылға дейін жарамды болды. Бірақ төлқұжат 1937 жылы 11 тамызда ақын тұтқындалғанда тәркіленіп алынып, 80 жыл НКВД-ның архивінде сақталды. Соны біз 2017 жылы таптық. Кезінде НКВД-ның барлық құжаттары Аналитикалық сараптама орталығына берілген екен. Біз жан-жаққа жаза жүріп, көп ізденіп, ақыр аяғында құнды мұраны музей қорына алдық. Төлқұжат алты тілде жазылған. Мәскеу мен Алматы қаласының пропискасы және балаларының тізімі бар. Сонымен қатар, НКВД-ның архивінен Ілияс Жансүгіровтың ату жазасының алдындағы түпнұсқа суретін де алдық. Одан бөлек, Ұлттық кітапханадағы сирек қорда 70-80 жыл сақталып тұрған «Бақытты Жамал» әңгімесі мен «Қуат» поэмасы табылды. Бұл да біз үшін және шайырдың қазынасына шөлдеп отырған дүйім жұрт үшін де үлкен жаңалық болғаны сөзсіз. Шығарманы латын қарпінен кириллицаға біздің қызметкеріміз Айжан Оразбаева түсірді. Осылайша, «сүйінші» сұрап, барлық газет-журналдарға жібердік. Шығарма 2018 жылы, сәуірдің 6-сы күні республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланды. 

– Саралап отырсақ, шынымен де, тарихи маңызы бар шараларды атқарыпсыздар. Бұл жаңалықты біреу білсе, біреу білмейтін шығар. Сіз айтқан шығармалар көзайым оқырманның игілігіне жарап, талқыланып жатса, нұр үстіне нұр болады. 

Иә, дұрыс айтасыз. Сонымен қатар, біз Ілияс Жансүгіровтің Мәскеудегі 1925-1927 жылғы құжаттарын да алып келдік. Асылында, ол – 1927 жылы Мәскеуде оқуын аяқтаған, арнайы журналист мамандығын алған тұңғыш қазақ. 2018-2019 жылдары Ілиястану ғылыми зерттеу орталығының қызметкерлері және осы Жетісу өңірінің зиялы қауым өкілдерімен бірге «Ілияс ізімен» атты экспедиция аясында Мәскеу қаласына барып, оқыған интитутын аралап, архивтен 70-ке жуық құжат таптық. Ілияс Жансүгіровке жазылған мінездеме, тізімдер, ақынның балаларға арналған кітаптарын көрдік. Балаларға арналған жинақта өлеңдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар бар. 20 шақты кітабы латын және төте жазу қарпімен жазылған екен. Бұл да біздің музей үшін үлкен жетістік болды. Сондай-ақ, жақында қаламгердің 1927 жылы шыққан «Өтірік өлеңдер» кітабын таптық. Бұл кітап Алматы қаласында продюсер Ербол Бораншының жеке кітапханасында жиырма жылдан астам сақтаулы тұрыпты. Мұны өзінің ұстазынан алған көрінеді. Кезінде түпнұсқасы 500 данамен шыққан. Соны тауып, музейдің экспозициясына қойдық. Бұл кітапты Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығы аясында төте жазудан қазіргі графикаға аударып, қалың оқырманға ұсындық. 

Салыстырмалы түрде айтсақ, қазіргі таңда өтірік өлең жазатын ақындар да көп кездеспейді. Сондықтан бұл қазына өткенге де, бүгінге де өте құнды рухани мұра деп есептейміз. Ілияс Жансүгіровтің ұлы, инженер, Мәскеу қаласында кеншілер институтын бітірген Саят Ілиясұлы әкесінің көп өлеңдерін аударды. Әкесі туралы толымды естеліктерді де жазып кетті. Сол естеліктердің барлығын біз жинақтап, кітап қылып шығардық. 

– Ақынның әйгілі «Құлагер» поэмасы – өзінің тағдырымен параллель жүрген секілді. Жансүгіров те Құлагердей мәреге жетпей сүрінді. Ұлт үшін қапияда мерт болды. Дегенмен, тәуелсіздік таңы атып, телегей теңіз туындылары қайтадан жаңғыра түсті. Тіпті, шет тілдеріне де аударылып жатыр. Сол туралы кеңірек тоқталсаңыз...

Сіздер білетіндей, осы уақытқа дейін «Құлагер» поэмасы екі тілге аударылды. Герт Хайденрайх неміс тілінде сөйлетті. Ұлттық кітапханада осы кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатыстым. Сол кезде аудармашымен кездесіп, кітапты музей қорына алдырдым. Герт Хайденрайхтың айтуынша, қазіргі таңда Германияның республикалық радиосында аптасына екі рет «Құлагер» поэмасы қосылып тұрады екен. Өкінішке қарай, біздің елде ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Егер театр мамандығында оқитын студенттер немесе дикциясы мықты ақындар осы поэманы оқып, сол таспа жергілікті немесе республикалық радиоларда үздіксіз қойылып жатса, тамаша болар еді. Көлікте кетіп бара жатқан кез келген қазақ баласы «Құлагерді» тыңдап, елең етері сөзсіз. Оның: «Мен «Құлагерді» қазақтардан қызғанамын» деген жалғыз түйір сөзі есімнен ешқашан кетпейтін шығар. Шынында да, керемет сөз! Бұл сөздің астарында әлем мойындаған ақынның болмысы жатыр. Неміс тіліне кім, қалай аударғанын айттық. Енді поэманы ағылшын тіліне аударған нұсқасын айтайық. Бұл тұрғыда Белинда Куктың еңбегі зор. Ағылшын тілі – әлем тіліне айналғандықтан, «Құлагерді» жер-жаһанның оқырмандары оқып жатыр десек, қателеспейміз. Белинда Кукке ақынның музейі бар екенін айтып едім, ол кісі қызығушылық танытып, «келемін» деп уәдесін берді. 

– Ақынның «Бөбек бөлеу» өлеңіне ән шығарған сазгер туралы бір қызық та, тағдырлы оқиғаны естіпсіз. Ол қандай жайт еді?

Жақында маған Қытайда тұратын қандас әншіміз, сазгер, Қытай композиторлар одағының мүшесі Думангүл Мұратжанқызы келді. Аса үлкен жастағы адам емес, жас екені көрініп тұр. Ол Шәуешек ауданы, Толыда тұрады. Талдықорғанда Ілияс атамыздың музейі бар деп естіп, арнайы ат басын бұруды ұйғарыпты. Сонда Думангүл маған бір қызық оқиғаны айтып берді. Ілияс Жансүгіровтың 1927 жылы газетке шыққан «Бөбек бөлеу» өлеңі бар. Бір күні қытай азаматы сол өлең жарияланған газеттің қиындысын ұстап тұрыпты. Өлеңнің үзіндісін көріп, бірден таныған Думангүл лезде әлгі азаматтан газетті сұрап алып, ынта қойып оқиды. «Бөбек бөлеу» деген тақырыбы жоқ болса да, ананың балаға деген шынайы ықыласын сездірген жыр сазгерге ерекше әсер етеді де, бірер уақыттан кейін «Ана жыры» деген атпен ән шығарады. Кейін сол ән Қытайдағы ән конкурсында беделді марапатқа да ие болады. Осы әнді тыңдату үшін менімен жолыққысы келіпті. Мен қуана қарсы алып, Ілияс Жансүгіровке, сөзге деген айрықша ықыласына тамсандым.

– Иә, «Бөбек бөлеуді» әрбір қазақ аналары біліп, сәбиінің құлағына құйып өсірсе екен дейміз. Бұл да – алаш арысының көп ашыла бермеген қырларының бірі ғана. Ендігі кезекте әңгіменің ауанын атақты Мамания мектебіне бұрсақ. Ол – Жетісу өлкесіндегі тұңғыш қазақ мектебі болды. Қаншама зиялыларымыз осы мектептің қабырғасында білім алды. Солай емес пе?

Әрине, өте маңызды мәселені қозғап отырсыз. Ілияс Жансүгіров төрт жасында анасынан жетім қалды. Әкесі Жансүгірден тәлім алды. Кейін Ақсу ауданында жәдидтік бағыттағы Мамания мектебінде оқыды. Оқуды аяқтаған соң, өзі де осы мектепте ұстаздық етті. Мамания мектебінің негізін салушылар – әйгілі меценаттар, ағайынды Мамановтар (Есенқұл, Сейітбаттал, Тұрысбек) еді. Олар Мамания мектебін ашып, қазақ балаларын оқытты. Тіпті, жан-жақтан білікті мұғалімдер де шақырған. Естеліктерге зер салсақ, мектепке Майра Уәлиқызы да келген деседі және Мейірман Ермектасов қызмет еткен деген деректер бар. 1923 жылы Ілияс Жансүгіров Мейірман Ермектасовтың үйінде 6 ай тұрыпты. Екеуі елді мекенді, тау-тасты аралап, өлеңдер жазған көрінеді. Ауылына қайтарда ақын өз жейдесін Мейірман Ермектасовқа сыйған берген. 

Кейін Мейірман Қытай асып кетеді. Сол жерде қазақ балаларына мектеп ашып, елеулі еңбек етеді. Сөйтіп, 1960 жылдары шекара ашылғанда Алтын апамыз ақынның жейдесін елге алып келеді. Жейдені қайда өткізерін білмей, соңында көршісі, ақын Бекболат Атамбаевқа береді. Осы оқиғадан соң, көп ұзамай, Алтын апамыз да бақиға аттанады. Біз Бекболат Атамбаевтан осы жейдені сұратып алдық. 

– Ілияс Жансүгіровтің өмірінде Фатима Ғабитованың есімі ерекше орын алады. Қапалда ол кісінің тұрған үйі әлі де бар. Фатима Ғабитованың мұрасын тиісті деңгейде насихаттап жүрміз бе?

Фатима Ғабитова Ілияс Жансүгіровтің соңғы жары болғанын білесіздер. Ол кісі бірінші Біләл Сүлеевке тұрмысқа шыққан. Одан Азат дүниеге келді. Екінші рет отауды Ілияс Жансүгіровпен құрады. Екеуінен Ильфа, Болат, Үміт деген үш баласы бар. Үшінші рет Фатима Ғабитова алаш арысы Мұхтар Әуезовпен некелескен. Одан Мұрат Әуезов дүниеге келді. Жақында Мұрат аға да қайтыс болды. Осылайша, Фатима Ғабитова үш арыстан туған балаларын асырап, өзі жеткізген. Бірақ барлығы да бір үйдің баласындай болып кеткен. Жергілікті әкімшілік Фатима апаның тұрған үйіне реставрация жасап, мемлекет қарауына алса деген үміттеміз. 

– Қазіргі таңда ақынның ұрпақтары бар ма? Олар қайда тұрады?

Біз ақынның ұрпақтарымен тығыз байланыстамыз. Мол мұраны жан-жақты насихаттау мақсатында «Ілияс» қоры құрылған болатын. Оны қаламгердің немересі Ажар Санжарқызы басқарады. Өкінішке қарай, биыл Ильфа Ілиясқызы келмеске кетсе, үш жыл бұрын Саят Ілиясұлы қайтыс болды. Бүгінгі күні ұрпақтарының көбі Мәскеуде, Хорватияда, Беларусияда тұрады. Болат Ілиясұлы мен Ильфа Ілиясқызы музей қорына қаламгердің көзілдірігін, қолсөмкесін сыйлап кетті. Күзге қарай Ілияс Жансүгіровтің ұрпақтарына қатысты екі экспозияция ашайық деп отырмыз. 

– Сұхбатымыздың түйіні ретінде Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдық мерейтойы туралы айта кетсеңіз.

Биылғы мерейтойға байланысты «Тау тұлғалы Ілияс» атты республикалық конференция өткіздік. Сондай-ақ, тақырыптық экскурсиялар, лекциялар, Ілияс оқуларын ұйымдастырып жатырмыз. Талдықорғандағы 27 мектеппен меморандумға қол қойғанбыз. Осыған сәйкес, жыл сайын қала және облыс бойынша түрлі әдеби шаралар өтеді. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар арасындағы ақтық сайыс Жансүгіров кентінде болады. Бұл мекен – құлагер-ақынның туған жері. Мұнда Молықбай атындағы мәдениет сарайы бар. Сол жерде республикалық Ілияс оқулары өтіп тұрады. Жалпы, біздің музейде екі диорамма бар. Біріншінісі «Күйші» поэмасына арналса, екіншісі «Құлагер» поэмасына арналған. Авторы жергілікті суретші Ерғали Әбдірасилов. Сол авторға қолқа сала отырып, алдағы уақытта ақынның «Жетісу суреттері» деген әйгілі өлеңіне 3D форматта диорама жасау жоспарланып отыр. Бұл тың идеямыз келушілердің, балалардың қызығушылығын оятады деген сенімдеміз. Біздің музейге жылына 10 мыңға жуық адам келеді. Міне, оқушылар үзілмей келіп жатқанын көрдіңіз. EXPO кезінде де қаншама шетелдіктер келді. Олар музей жұмысымен, қаламгердің шығармашылығымен жіті танысып үлгерді. Сондықтан жылдан-жылға музейге деген қызығушылықты арттыру ойымызда бар. 

– Мәнді де, мағыналы әңгімеңізге рақмет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар