Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Азамат Нұрмұхан. Ақындықтан гөрі адамгершілікті жо...

13.09.2024 1043

Азамат Нұрмұхан. Ақындықтан гөрі адамгершілікті жоғары қоямын 12+

Азамат Нұрмұхан. Ақындықтан гөрі адамгершілікті жоғары қоямын - adebiportal.kz

Қазіргі әдеби үдерісте жан-жақты танылып жүрген ақындардың бірі – Азамат Нұрмұхан. Ол – өлең жазу машығы өзгеше, өз әлемін қалыптастыра білген қаламгер. Республикалық, облыстық, қалалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, «Алғыс» жыр жинағының авторы. «Көңіл гүлі», «Жастық – жалын жыр» жинақтарына, «Тау мен өзен жырлары» антологиясына  өлеңдері енген. Қазіргі таңда Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясының Мұқан Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің әртісі. Алдияр оқырманның назарына ақынмен болған сұхбатты ұсынамыз.

– Адамға туған жер әрқашан да ыстық. Өзіңіз туып-өскен Қызылқайың ауылы жайлы айта кетсеңіз.

– Рақмет. Иә, дұрыс айтасыз. Кез келген адам баласын кіндік қаны тамған жері тартып тұрады дейді ғой. Менің кіндік қаным тамған жер – Жоңғар Алатауының шығыс қақпасындағы Жамантас жайлауы. Әке-шешем мал баққан адамдар. Мен өмірге келген жылы Жамантас жайлауына шыққан екен. Анам киіз үйде босаныпты. Содан болар киіз үй көрсем, ішіне кіргім келіп тұрады. Әр жыл өткен сайын сол Жамантас жайлауына баруды армандаймын, тас қаладан тұсауланып шығу қиын. Ауылда әжем тұрды. Мен алты жасқа келгенде әжемнің қолында болдым. Яғни Қызылқайың ауылында өстім. Алғаш мектеп табалдырығын аттап, әріп таныдым. Әжемнің тәрбиесімен ер жеттім. Менің бүгінгі жеткен жетістігімнің түп негізі – сол әжемнің тәрбиесі мен мектептен алған білімім десем, артық айтпағаным болар. Маған сабақ берген ұстаздарыма алғысым шексіз. Өзіммен бірге оқыған бала күнгі достарым бар. Әрқайсысы ыстық мен үшін. Сондықтан ауылға деген сағынышым еш басылған емес. Жылына бір барып тұрамын. Менің ауылым – құтты ауыл. Ауылға деген сағыныштан туған өлеңімді оқып берейін.

Ай мен жыл өтіп 

арқалап келем,

Сағыныш дейтін жүкті ауыр.

Тербетіп жатқан 

шартарапты өлең,

Қызылқайыңым, құтты ауыл!...

 

Қайыңы қызыл, 

Қара ағаш жасыл,

Алмасы тәтті бағыңда.

Салушы ем ойнап 

жалаңаш асыр,

Балдәурен балғын шағымда...

 

...Ай мен жыл өтіп 

арқалап келем,

Сағыныш дейтін жүкті ауыр.

Тербетіп жатқан 

шартарапты өлең,

Қызылқайыңым құтты ауыл!

– Бәрекелді, көз алдына ауылдың жып-жылы картинасы түскендей болды. Әрине, қазақтың әр ауылы құтты, шаңырағы берекелі. Соны өлең тілімен суреттеу – шеберлікті талап етеді. 

«Үмітімді ертіп үйіме кірдім,

Көрінбей көзге жыл құсы.

Күнделікті осы күйіме Күннің,

Тұрады-ау келіп күлкісі..!»

Осы шумақтан сіздің ақындық болмысыңыз көрінеді. Жалпы, ақын қандай болу керек?

– Менің түсінігімде ақын ең әуелі қарапайым болуы керек. Мен ақындықтан адамгершілікті жоғары қоятын адаммын. Қанша жерден мықты қаламгер болса да, адамгершілігі нашар болса, ондай адамнан аулақ жүруге тырысамын. Ақын – елдің жоғын жоқтап, еңсесін тіктеп, орақ тілімен рухты көтеретін, Алла-Тағаланың ерекше қасиет қондырып, жер бетіне жіберген елшісі деп түсінемін. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» дейді ғой. Осы сөз қолына қалам ұстаған жандарға айтылғандай. Өркөкіректік, тәкәппарлық, мақтаншақтық, менменшілдік ақынға тән қасиет емес. Бірақ сондай қаламгерлер жоқ емес, өкініштісі сол. Жазғаны басқа, адамдық болмысы басқа ақындарды да көріп жүрмін. Бір адамды құрметтеп кішірейсең, басынғысы келіп тұратындары да бар. 

– «Өзгермедім.., өзгергені,

Түн ұзарып қысқарды күн!»

Шынымен өзгерген жоқсыз ба?

– Өзгергенім – есейгенім. Жасымның қырыққа келгені. Басқа өзгерген ештеңем жоқ. Бәрі бір қалыпты. Мен осы болмысымды сақтап қалуға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Қолымнан келгенше, шама-шарқымның жеткен жеріне дейін айналама қол ұшын созып тұрамын. Талдықорған қаласының Еркін деген ауылынан ескі үйді сатып алып, оны бұзып, жаңадан үй тұрғыздық. Соны жасау үшін несие алдым. Алдымда екі ағам бар, үшеуміз үш жақтап жүріп, өз қолымызбен салдық. Қазір әке-шешемізді сол жерге көшіріп әкелдік. Егер өзгерген адам болсам, мұндай қадамға бармаған болар едім. Тек өзімді ғана ойлап, осы күні ең қымбат көлікті тізгіндеп, ең жақсы жерлерде демалып жүрер едім. Мен ондай қадамға бармай, өзім ауырып жүрсем де, ата-анамның алдындағы балалық борышымды өтеуге тырыстым.

– Өлеңдеріңізде «жақсы адам» концепциясы жиі кездеседі. Сізге жақсылық жасаған адамдар кімдер еді?

– Менің өмірімде жақсы адамдар өте жиі кездесті. Әлі де жанымда жүрген жақсылар бар. Менің оларға деген құрметім шексіз. Қаншама жақсылардан көз жазып қалдық. Ақселеу Сейдімбек, Қажытай Ілиясов, Несіпбек Айтұлы ағалардың жанында жүрген сәттер болды. Қаншама әсерлі әңгімелері мен орынды әзілдерін тыңдадым. Секен Тұрысбек ағаның «Ақ жауын» оркестрінде сегіз жыл жұмыс жасап, Секен ағамен жақын араластым. 2006 жылы Астана қаласындағы Музыка Академиясына оқуға түскенде Қалқаман Сарин аға сабақ берді. Көп дүниені мен сол ағамнан үйрендім. Ақылын айтып, жол көрсетіп, жөн сілтеп отыратын. 2008 жылы Мұқағали Мақатаев атындағы қалалық мүшәйраға қатысып, Фариза апамның қолынан жүлделі орын алдым. Ақындарды марапаттауға сахнаға шыққанда, менің қолымды ұзақ ұстап тұрып жып-жылы лебізін жеткізді. Үміт артатынын айтты. Содан бері қолына қалам ұстаған игі жақсылардың жандарынан табылуға тырысамын. Қазіргі таңда Талдықорғанда тұрып жатырмын. Бұл жерде де менің өнер мен өлең жолындағы ұстаздарым, ардақты ағаларым, аяулы әпкелерім бар. Бәрін мақтан тұтамын. Бәрін сыйлаймын. Құрметтеймін. Осы қалаға Астанадан көшіп келуімізге себепкер болған, ұстазым Қайрат Бақытжанұлына, бізді шақырып, үйлі болуымызға себепкер болған Әли Демегенұлына, жанымыздан табылып, бір жағымызға шығысқан Жангелді Немеребай ағама алғысымыз шексіз. Есболат ағам жайлы тарқатып айтсам, таңымыз таңға ұласары анық. Сағыныш, Гүлбақыт, Торғын және басқа да әпкелеріме құрметім шексіз. Замандас ақын бауырларыма да алғыс айтқым келеді. Жалпы өзің жақсы болсаң, айналаң да жақсы болатынына көзім жетті.

– Секен Тұрысбектің феномені неде?

– Секен аға – мен үшін нар тұлға. Мен Секен ағаға жазған өлеңімді оқып берейін, сол жерде түсінікті болады деп ойлаймын.

Дауылдатып, жауындатып,

Бұлтты төмен бауырлатып.

Елдің жайы, жердің жайы,

Арқасына ауыр батып.... 

...Ардақ тұтып арда жолын,

Арқа қағып, алған қолын...

Нұрғиса айтқан, Секен аға – 

Тыңға түрен салған дарын! –

деп жыр арнаған едім. 

– Тамаша! Облыстық филармонияда қызмет атқарсаңыз да, өлең жазуды тастаған жоқсыз. Жұмыс пен шығармашылықты қатар үйлестіру қиын емес пе? Әлде керісінше бұл орта шабыт бере ме?

– Негізінде екі түрлі жанр ғой. Музыка өз алдына, өлең өз алдына. Қиын деп те, оңай деп те айта алмаймын. Мен мектеп қабырғасынан бастап өлең жаздым. Бірақ біреуге көрсетуге қымсынатынмын. Сөйтіп колледжде оқығанда да, университетте оқығанда да өлең жазып жүрдім. Қолымнан қаламымды тастамадым. Кітапханадан шықпайтынмын. Кейін ғой өлеңдерімді ел алдында оқи бастағаным. Кейде ақындардың ортасында өлең оқығанда, танауының астынан қарап менсінбей отыратындарды да көрдім. Өзі ғана мықты, қалғандары ақын емес. Үлкендігін сыйлайсың. Түсінгенім мені жақсы пікірлер, жылы тілектер шабыттандырады. Бірақ бір ауыз жылы сөз айтуға менмендігі жібермейтіндерді көргенде өлең жазғым келмей қалған сәттер де болды.

– Егер сіз өмір туралы жазылатын драманың авторы болсаңыз, алғашқы сөзді қалай бастар едіңіз?

– Өте қиын сұрақ. «Бес күн жалған» деп бастар едім бәлкім. 

– Қобыз контрабас аспабына тіл бітіріп, өнер көрсетіп жүрсіз. Қобыздың тілінде мұң басым ба, ой басым ба?

Ол аспапта ойнаған адамға байланысты. Егер ойлы адам болса, ой басым. Мұңды адам болса, мұң басым. Бірақ бұл аспап – ерекше аспап. Қоңыр дыбысымен жаныма жақын. Аспабыма үлкен құрметпен қараймын. Қандай да бір ақын контрабас аспабына арнап өлең жазды ма екен білмедім, бірақ мен осы аспапта ойнап шамамның жеткен жеріне дейін меңгерген соң «Контрабас аспабы» деп өлең жазғанмын.

– Отбасы институты – қазақ қоғамының ұлттық құндылығы. Оның ішінде әркімнің орны – бөлек. Меніңше, ақынның  екінші тынысы баласы дүниеге келгенде ашылады. Сіз қалай ойлайсыз?

– Дұрыс айтасыз. Толық келісемін. Менің өлеңдерімнің басым бөлігі отбасын құрып, балалы болғаннан кейін жазылды. Соған қарағанда екінші тыныс сол кезде ашылған сияқты. Біз үйленетін жылы (2011 жыл болатын) Қарағандыдан қыз ұзатудан қайтып келе жатып Балқаш қаласына 60 шақырым жетпей Бектау атаның тұсында жол көлік апатына түстік. Мен көлік тізгіндеп келе жатқан болатынмын. Қарама-қарсы келе жатқан көлік үлкен жылдамдықпен келіп қақты. Қайта мен оңға бұрып үлгерген екенмін. Менің артымда әйелім отырған. Екеуміз қатты зардап шектік, қалғандары аман. Мен ес тұсымнан айрылып қалыппын, көзімді ашсам, үлкен ағам бетіме қарап, құлағымен тынысымды тыңдап тұр екен. Менің көз ашқанымды көрген бойда тірі деп айқайлап жіберді. Сөйтсем бәрі мені өліп қалды деп ойлапты. Мыжылып қалған көліктің ішінен бірнеше сағат алысып әрең алып шықты. Сол бір сәтте мен аппақ әлемде болып қайттым. Сол аппақ әлемде жүргенімде кимешегін киіп әжем келді. Маған қарап «не істеп жүрсің, бұл жақта орын жоқ, кел мен сені ұшықтап жіберейін» деді де, бетіме үрлеп қалғанда көзімді ашқан сияқтымын. Былай айтқанда, бір ажалдан аман қалдық. Сол аман қалған сәттен бастап құдайға тәубамды айтып, отбасыма ерекше құрметпен қараймын. Аллаға шүкір, бүгінде тәп-тәтті үш қыздың ата-анасымыз.  

– Құдай сақтаған екен. «Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай» дейді ғой Мұқағали. Сондықтан тағдырдың сынағын ешқашан болжап білу мүмкін емес. Енді әңгіменің ауанын әдеби ортаға бұрсақ. Жетісу өңірінде құрылған «Janr» әдеби клубы туралы айта кетсеңіз.

– Мен осы клубтың мүшесі болғанымды мақтан тұтамын. «Жанр» әдеби клубының мұрындық болуымен «Ай тұмарлы арманым таудан биік» атты кішігірім кешімді өткіздім. Клуб басшысы Есболат ағама, клуб мүшелеріне алғысым шексіз. 

– Егер телегей теңізді бір тамшыға сыйдыра алсақ, сіз бүкіл шығармашылығыңыздан қай өлеңді іріктеп алар едіңіз?

Мына өлең деп айту қиын. Әр жазған өлеңім өзіме ыстық. Мынау өлең деп алалағым келмейді өлеңдерімді. Кез келген өлеңім іріктеуге лайық деп ойлаймын. 

– Жуырда Талдықорған қаласында сіздің жеке шығармашылық кешіңіз өтпекші. Дайындық барысы қалай жүріп жатыр?

– Ең әуелі осы күнге жеткізген Аллаға сансыз шүкір. Дайындығымыз жақсы. Бұл кеш менің 40 жасқа толуыма орай ұйымдастырылып жатыр. Осы күнге дейін не бітірдім деген сұрақтың жауабы ретінде ел алдында есеп беру кеші десек те болады. Жоғары деңгейде өтуі үшін бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Осы кеш аясында, Алматыдағы «AR» баспасынан шығатын «Ым» атты кітабымның тұсауы кесіледі. Кешті Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ержан Алаштуған аға жүргізеді. Әдебиет әлемінде есімдері алтын әріппен жазылуға лайық ағаларымыз да келеді деп отырмыз. Одан бөлек Жетісудағы құрметті аға-әпкелеріміз де келеді деп күтілуде. Ешкімді қалдырмауға тырыстық. Шақыртуды тараттық. Бұл кеште менің сөзіме жазылған әртүрлі тақырыптағы әндерді қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары орындайды. Алла амандық берсе, жарнамалық видеоролигі дайын болғанда әлеуметтік желіге саламын. Осы кештің өтуіне мұрындық болған барлық игі жақсыларға алғысым шексіз!

– Тұщымды әңгімеңізге рахмет. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар