Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Ұлтқа қызмет ету - менің өмірлік басты ұстанымым б...

28.08.2024 1738

Ұлтқа қызмет ету - менің өмірлік басты ұстанымым болды. 12+

Ұлтқа қызмет ету - менің өмірлік басты ұстанымым болды. - adebiportal.kz

Түркітану ғылымында өзіндік тың ұстанымдарымен дараланған жаңашыл ғалым, прозаик жазушы, педагог ұстаз Қаржаубай Сартқожаұлы ақсақалға шілде айының басында сәлем бере барып, ғылыми саласы бойынша ғұмыр бойы жинақтаған кітаптары мен өзге де басылымдардан, өз еңбектері және басқа да рухани дүниелерден жасақталған кең кабинетінде сұхбаттасқан едік. Сұхбаттың бірінші бөлімі негізінен шығармашыл тұлғаның қаламгерлік жолына құрылған болатын. (Тоныкөк туралы роман жазуды жоспарлаған едім. ) Екінші бөлімге ғалымның ғылыми жолындағы ізденістері мен ұлттық рухты ту еткен ұстанымдары, осы жолда бастан кешкен түрлі оқиғалар арқау болды.

– Көк түріктер дәуірі туралы ұзақ жылдар бойы тынбай зерттеп, толымды ғылыми зерттеу еңбектер жаздыңыз. Соңғы кезде осы салада қандай тың зерттеулермен шұғылданып жүрсіз?

– Менің бұл саладағы соңғы жазып жүрген зерттеу еңбегім – ғұндар туралы. Ғұндар туралы зерттеулерімнің нәтижесіндегі ой-тұжырымдарымның шамамен алпыс пайызы жазылып қойды. Бұл тақырыпқа неге тереңдеп баруға тура келді? Кешелі-бүгінгі заманда ғұндар туралы орыс ғалымдары, сондай-ақ монғолдар мен қытайлар бар, біршама зерттеу еңбектер жазған. Оларға қоса Өзбекстанның да бір ғалымы кезінде ғұндарға қатысты зерттеу еңбек жазғаны бар. Яғни бұл салаға қызығушылық бар.

Ал менің зерттеу бағытым олардан мүлдем бөлек. Бөлек болатыны – мен ғұндардың шығу тегін алдыңғы зерттеушілерден мүлде бөлек бағытта, яғни сақтардан алып қарастырғандығым. Бұл бағытта жинақталған таза фактілерді тізбектеп-тізбектеп келгенде, ғұнның алдыңғы кезеңі сақтар екендігі айқындалды. Ғұндар мекенінің шығысы сонау Манжурия шегінен басталады. Ал батыс жағы Қара теңізге дейін ұласады. Осылайша жан жаққа тарап қанат жайған ғұндардың түп бесігі – Алтай-Саян өңірлері. 

Ғұндар мекендеген өңірлерде жаппай кездесетін сынтас дейтін артефактілер бар. Міне, осы сынтастарда көп мәліметтер бар. Біз бұл маңды мекендеген тайпалар қай кезеңде, қай бағытқа көшті? Олардан қандай деректер қалды? Осында қалдырған және барып мекендеген жеріндегі артефактілер арасындағы бірізділік, ұқсастық бар ма? Осы мәселелерге баса назар аудара отырып, кешенді іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Мынау Монғолия ғалымдарымен бірлесе көп зерттеулер жасадық. Соңғы кезде шетелдің ір-ірі ғалымдарымен институттарда бірге жұмыс істедім. Монғолдар «буган чулуу», орыстар «оленные камни» деп атайтын бұл тасты халқымыз сонау Махмұд Қашғари заманынан бері «сынтас» деп атап келген. Сол дәстүр бойынша мен де сынтас деген атауды қолай көремін. 

Халықтардың Ұлы қоныс аударуы кезінде шығыстан батысқа жөңкілген тайпалардың көші түрлі жағдайларға байланысты, бір жерде бір жыл немесе он жыл отыруы мүмкін. Көш жолында билеуші көсемдер, батырлар өмірден өткен соң, олардың соңына ерген ел-жұрты бір жылдан соң белгітас орнатады. Кейбір ру-тайпалар белгілі адамдарының басын күзетіп, сонда қалып қоюы да мүмкін. Зерттеу бойынша көз жеткізгеніміз: Ұлы Даладан батысқа бет алған көшпелі тайпалар Каспийдің солтүстік жиегімен Еуропаға өткен. Сонымен бірге Каспийдің шығысымен де кетіпті. Шығыс жағымен көшкендердің көбі жолда мекендеп қалып қойған. Осы өңірден ертеде өткен массагеттер, агосилер деген тайпалар болған. Мұндағы агосилер – оғыздар деген сөз. Парсының тас жазбаларында бұларды «ічоғыз» деп атаған. Осыларды негізге ала отырып, скифтердің негізгі атауы оғыз болғанын болжаймыз. Бұл жөнінде ілгеріде журналист Бүркіт Нұрасылдың менімен жүргізген бейнесұхбатында тереңдете айтқанмын. Қысқасын айтқанда алдыңғылардың бәрі «ічоғыз» дегенді қате оқып жүрген ғой. Олар сөздің мағынасын түсінбеген. Немесе атауды түрікке жақындатқысы келмеген. Мынау орыстар да, еуропалықтар да скифтерді түріктерге жақындатқысы келмеген. Міне, саясат қайда жатыр? Бұл арада ғылымда саясат басты рөл ойнап кеткен. Яғни еуроцентристік идеологиямен кеткен десек болады. Көптеген ғалымдар мұны білген, бірақ білсе де әдейі ашып айтпаған.

– Сонау ерте замандарда тасқа, ағаш таяқшаларға, мыс тостағанға т.б. қашалып, оймышталып бүгінгі күнге жеткен көне түркі жазбаларының ішке бүккен құпиясына бойлап, кілтін ашу – әрине, оңай емес. Білім-білікке, сан жылдық тәжірибеге қоса, төзім мен табандылықты қажет етері анық. Өзіңізге дейінгі осы жолда еңбектенген ғалымдардың үш ғасыр ішінде жасаған аудармасына біршама түзетулер енгізгендігіңізден де хабардармыз. Бұл тұрғыда ана тіліміздің де септігі көп тиетін болар?

– Тигенде қандай. Жалпы көне түркі тілімен, тастардағы, басқа заттардағы жазумен айналысудай-ақ айналыстық қой. Ана тіліміздің қайнар көзі осыларда жатқан жоқ па? Қазақтың осы күні көнерген, мағынасы ұмытылған деген біршама сөздерінің мағынасы көне түркі жазбалары мәтінінен көрініс тауып жатады. Мен бұларды шығармаларымда көп пайдаландым. Қазірде мүлде қолданыста жоқ сөздер де бар. Мысалы, көне түркі тілінде «барық» деген сөз бар. Қазіргі тілмен айтқанда «ғибадатхана», біздіңше мешіт, христиандардың храмы сияқты ұғым ғой. Көк түрік дәуірінде біз тәңірлік дінді ұстандық. Мұндай барықтар, яғни храмдар Монғолия жерінде біраз бар. Бұл сөздің мағынасы қалай деп ойлап жүретінмін. Пішіні төртбұрыш болып келетін, барлық жағынан ықтасын ретінде салынған құрылыс болғандықтан, солай аталған деп болжауға болады.

Жалпы жерлеу орны мен ғибадатхана – екі түрлі мақсаттағы нысандар ғой. Мына Күлтегін кешенінде адам сүйегі жоқ. Ол да тек ғибадатхана қызметін атқарған. Ұлы адамдардың сүйегін биікке, тауға көмген. Күлтегін ескерткішінің алдыңғы жағында Шібеті Қайырқан аталатын бір үлкен тау бар. Таудың үстіне бір жағы он метр мола жасап, соған жерлеп, үстін қалың тастармен бастырып тастаған. Шыңғыс ханды да Бұрқан Қалдун тауының үстіне апарып жерлегеніне қарағанда, бұл дәстүр кейінгі замандарға дейін жалғасқан сияқты. Бұрқан Қалдун тауының үстіне шығып қарағанымда соншама көп тасты қайдан алып келгеніне таң қалған едім. Өлшегенімде таспен жиған жерлеу орнының ұзындығы – екі жүз сексен, көлденеңі – жүз сексен метр, ал биіктігі – жиырма екі метр. болды. Мұндағы тастар – аса үлкен емес, кісі көтеретіндей көлем мен ауырлыққа ие. Жіті көзбен бақыласаңыз, жерлеу орнының солтүстік жағындағы жаттықтау тұстағы тұмсықтың тасын бұзып, биікке тасып шығарғанын аңдауға болады. Шыңғыс хан заманы – көк түріктер дәуіріне қарағанда әлдеқайда бертінгі уақыт қой. Осыған орай археологиялық зерттеу бір жағынан көне түркі тілін бүгінгі күнмен ұштастырып жаңғыртуға да септігін тигізеді.

– Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк және басқа да тас ескерткіштері – бүгінгі тәуелсіз Монғолия жерінде тұр. Түпнұсқаның ақы иесі осы ел болып отыр. Кейінгі кезде кейбір монғол ғалымдары тарапынан өз ел-жеріндегі көне тас жазулар мәтіні біршама жаңсақ оқылған, оны монғол тіліне жақындата отырып қайта аудару керек деген пікірлер айтылып жататындығынан хабарымыз бар. Осы жөніндегі қандай пікір айтасыз?

– Әрине ғылым бір орнында тұрмайды. Жаңашылдық, жаңаша ойлау, ұмтылыс керек. Дегенмен бұл процесте бәрі өз орнымен болғаны дұрыс. Кейбір монғол ғалымдарының тастағы жазбаларға қатысты осылай әрекет жасамақ болып жүргенінен хабарым бар. Шындығында қазір ол елде дұрыс ғалым қалмады. Тәуелсіздіктен кейін көбі-ақ әсіреұлтшылдыққа қарай кетіп қалды. Бұлардың мақсаты: монғол халқын ерекше этнос етіп көрсету болып отыр. Ал мен бұл халықтың Амур бойындағы шивэйлерден келгендер екенін және қашан келген жылдарына дейін шығарып айтқаным бар. Оның бәрін бұлар біледі. Бірақ бәрі жасырады. Монғол жерінде көне түріктердің барлық дерлік мұралары самсап тұр ғой. Бұлар соның бәрін бас-көз жоқ «біздікі» деп өздеріне икемдеп алды. Ал кейбір шетелдік ғалымдар: «Монғолдардың шамына тисек, еліне енгізбей қоюы мүмкін!» - деген жасқаншақ оймен: «Иә», - деп жүріп жатқан жағдайлары да бар. Олар да мұны жақсы біліп отыр. Мұнда да саясат ойнап тұр. Жалпы ғылымға саясатты асыра қолдануға болмайды. 

Қазіргі заманда біз өз тарихымызды өзіміз таразылап, тазалап алуымыз керек. Ондай жұмысты жүргізу үшін біздің үкіметіміз, мемлекетіміз тарапынан нақты қолдау керек деп білемін. Осы жағы шамалы ғой. Ол тұрмақ көп қазақ қазір жасықтық танытып, өзін өзі танымай отыр. Ана бір жылдары Күлтегін туралы кино жаздық қой. Актер Қасымхан Бұғыбай ойнаған. Қойшығара Салғараұлы екеуіміз екі жақтан сөйлеп отырдық. Сонда менің: «Сен үш империя құрған халықтың ұрпағысың!» - деп айтқаным бар еді. Осылай дегенде кейбіреулер қарадай қысылып, ұялып төмен қарайды. «Империя құрған халықтың ұрпағысың!» - дегеннің өзі рухсыз қазақтар үшін ыңғайсыз нәрсе болып көрінеді. Өйткені оның санасы өмір бақи құл болып келді ғой. Яғни миында құлдық психология тұрғандықтан, қабылдауы қиын. Осы ойды ғылыми жиналыста айтқанымда да кейбір адамдар төмен қарап, көзін тіктей алмаған еді. Бірнеше ғасыр бойына ұласқан отаршылдық халықты қатты жасытып, сағын сындырып тастаған. 

– Отаршылдықтың ұлттық санаға тигізген зардабы бірнеше буын ұрпақ ауыспай оңайға жойылмасы анық қой. Осының ең тиімді емі не деп білесіз?

- Ұлттық салт-дәстүрді нық ұстап күресу керек. Бұл әрине, қатып қалған ескі салт дәстүрді қарсы қою емес. Қазір айналаң жаппай рухсыздыққа толы болып бара жатқан жоқ па? Қазір біздің қоғамның қасіреті осы болып кетті ғой. Ананы сыйлау, келін мен ене арасындағы түсіністік дегендер әлсіреп барады. Әйелдерге құқықты бердік деп тым көп беріп қойдық ау деймін. Бұл неге байланысты дегендегі ойым: құқықты керегінше беруге болады. Бірақ бұл жерде ұлттық дәстүрден айырылып қалып отырмыз ғой. Қыл аяғы қазақ танымында ескеретін дүние: жас келін түсті делік. Келін сол келген үйінің фамилиясымен аталмауы керек. Бұл – ойлап қарасаңыз, дәстүршіл отбасы үшін қазақы сыйластыққа сызат түсірудің ең алғашқы баспалдағы ғой. Мұны өз мысалымда түсіндіре кетейін: Ұлым Жантегін үйленгеннен кейін келінім паспорт өзгертетін болды. Жақсы, тәрбиелі елдің қызы. Келінім: «Мен сіздің тегіңізді алсам қайтеді?» - деді. «Жоқ, бұған рұқсат етпеймін! Саған мен әкемнің атын күніне он рет, жүз рет қайталатып айтқызып отыра алмаймын. Бұл – ұстанған қазақы дәстүріміз. Өзгертпей-ақ, өз тегіңмен жүре бер, балам!» - дедім. Келінімде еш кінә жоқ, кеңестік қоғамда қалыптасқан сыйластық дәстүрі. Бірақ арғы түбі – қазақы сыйластықты отбасынан бастап құрту керек деген саясат қой. Міне, осы саясаттың асқынған жемісі – менің «Бір жұтым қымыз» әңгімеме арқау болған трагедия ғой. 

Жалпы, біздің Қобда беттегі, сол жақтан келген жұрттың бір ерекшелігі – қазақы дәстүр-салтты жақсы ұстанатындығы болар. Сондықтан да көп нәрсесі ұмытылмай, қазіргі заманмен ұштастырылып отыр. Сонысымен ол елдегі өнер, шығармашылық иелерінің еңбегі бағаланып отыр. Бұл дәстүршілдіктің қайнары әлі де суалмайды. Оған сенім зор. Алтай керейлерінің дәстүршілдігі мығым ғой. Балаларымызды, немерелерімізді шамамызша ұлттық дәстүрге баулып отырамыз. Қазіргі күні қазақ әлемінің әр түкпірінен түскен келіндеріміз жоғарыдағы ат тергегеннен бастап, барлығы да біртіндеп Өлгей керейінің салт-дәстүріне, Өлгей тәртібіне көшіп кетеді. Бұл – дәстүрді ұстанудың арқасы. Өзге өңірлерде жоқ деп отырған жоқпын, бірақ бұл – өзіме ұнайтын қазақы дәстүр.

– «Өлгей керейі» демекші, Алтайдың күншығыс бетіндегі қазақтың негізін құрайтындықтан, «Өлгей керейі», «керей халқы» деп айтыла беретіні бар ғой. Бір замандарда Баян-Өлгий аймағының экс-әкімі Мизамхан Күнтуғанұлы Қазақстанның бірінші президентінің иығына «керей халқының» атынан шапан жауып еді ғой...

– Қалып алып кеткені болмаса, мұнда рушылдық, бөлінушілік жоқ деп ойлаймын. Ежелден «керей халқы» деп айта береміз. Үйреніп кеткенбіз. Оны біз өзіміз де байқамаймыз. Ертеректе академик Рымғали Нұрғали ақсақал Баян-Өлгийге сапарлап барған еді. Содан аймақтық орталық музейді тамашалады. Ондағы экспонаттарда: «Керей тымақ», «керей ер», «керей шапан» деп жазылған екен. Бір уақытта қалжыңдап маған айтады: «Әй, керей! Мынаның бәрі керей ғой. Қазақ қайда?» Содан мен айттым: «Керей дегеніңіз – қазақтың тарихта қалған ең көне тайпаларының бірі. Үлкен тайпалық одақ. Бұл – осындағы қазақтардың миына сіңген. Солай жазылып кеткен ғой. Оған басқаша ойлаудың қажеті жоқ. Керей кім? Керей – қазақ. Осылай деп түсінсеңіз болады.» Сонда Рекең ағамыз: «Әй, ол да рас екен!» - дегені бар. Бұл ағамызбен өмірде сыйласып, ағалы-інілі болып, әзіл-қалжыңымыз жарасып өтті. Бір қызығы – осы керейлердің генетикалық тегі Шыңғыс қағандыкімен бірдей. Бұл – менің ойдан шығарғаным емес, генетик ғалымдардың зерттеп қорытындылаған дүниесі ғой. Монғолдың бір жас генетик қызы зерттеуін осылай тұжырымдаған екен. Ресейдегі Вавилов атындағы генетика институты ғалымдарының зерттеуі де осыған саяды. Осында Серік деген генетика жігіт бар. Соның зерттеуінде айтылады. Бұған байланысты өз кітабымда жазған болатынмын.

– Әңгіме ауаны «керей халқы» немесе арғы беттегі қазақтардың, тарихына, дәстүр-салтына ауысып бара жатқандай. Өміріңіздің үлкен бөлігі Монғолияда өтті. Монғолия – тарихта КСРО-дан кейін құрылған екінші социалистік мемлекет. Осы елдегі бір партиялы коммунистік биліктің құлап, көп партиялы демократиялық құрылымға көшуінің, жекешелендірудің басы-қасында жүрген басшылардың бірі болдыңыз. 

– Социалистік қоғам өзгеріске ұшыраған тоқсаныншы жылдары мен Монғолия парламентінде депутат болдым. Сол кезде мүлікті, малды қалай таратамыз деген мәселе күн тәртібіне шықты. Осы жағдайда: «Бір отбасында қанша адам бар, сол адамның әрқайсысына мал бөліп беру керек!» - деген талап қойдық. Бірлестіктің малы социализм дәуірінде жақсы өсті ғой. Жүн-жұрқасын, тері-ішегі, мүйізі мен майына дейін үкімет алатын. Біздің осы көтерген бастамамыз бойынша мектеп пен ауруханада жұмыс істейтіндерге де мал бөлу қарастырылды. Себебі, олар да осы ауылдың адамдары ғой. Осы ұсынысымыз негізінен жүзеге асырылды. Бірақ мұны әрбір аймақ, ауылдарда әртүрлілеу жасаған. Себебі, парламенттен: «Заңды түрде мынадай мөлшерде болады деп айтпайық», - деген еркін таңдау берілген еді. Соны пайдаланып кейбір колхоздарда малшының малын өзіне бермеген жағдайлар болған. 

Монғолия қазақтары жалпы саяси тұрғыда аса қиыншылық көрген жоқ қой. Отыз сегіздің нәубеті – жалпы қазаққа да, монғолға да ортақ болды. Елу тоғызыншы жылғы коллективтендіруде де жеке меншіктің қолындағы барлық малды тартып әкеткен жоқ. Мен малшының баласы болғандықтан ештеңе сезінген жоқпын. Малды колхозға алғанымен, бағуға өз қолымызға берді. Оны қайырып, өсіретін адам керек қой. Сондықтан аса қиыншылық болған жоқ.

– Алып империя Кеңес Одағының қабырғасын қақыратуға негіз болған әйгілі «Желтоқсан» көтерілісі кезінде Алматы қаласында болып, көзбен көрген куәгер екенсіз. Алтайдың арғы күншығыс бетінен мұнда қалай тап болдыңыз?

– Мен ол кезде Кеңес Одағының екінші астанасы Ленинград қаласында аспирантурасында сырттай оқып жүргенмін. Белгіленген уақытта Мәскеу арқылы Ленинградқа, әйгілі түркітанушы ғалым Сергей Григорьевич Кляшторныйге баратынмын. Бұл кісі – сол заманда «көне түркі тілінің құдайы» деп жүретін айты мәшһүр ғалым болатын. Бір қызығы: бақылап қарап жүрсем, ол ғалымым бірде-бір тірі түрік тілін білмейді екен. Тек сөздікпен ғана оқиды екен. Содан кейін басқа түрколог ғалымдар қалай оқиды екен дегенге зер сала бастадым. Сөйтсем арғы Радловтан өзгесі, көбісі-ақ осындай қалыпта болған екен. Бәрі сондай канонға түсіп алған. Содан барлығы түркология саласында бір-бір құдай болып кеткен. 

Мен Кеңес Одағында оқитын құқық алған кезде, осы Ленинградтың аспирантурасына өтініш берген едім. Обалы не керек, Сергей Кляшторный барынша көмектесті. Жатақханаға орналастырып, жақсы бөлме алып берді. Сессияларда да көмектесіп жүрді. Мұнда кейде бір, кейде екі ай боламын. Сол жылы Ленинградта бір ай болғаннан кейін Қазақстанды, ару Алматыны аңсап, желтоқсанның төрті күні Алатау бауырындағы қалаға ұшып келдім. Мұндағы жігіттер де жақсы қабылдады. Ол кезде түркология бойынша менен бұрын Бәзілхан Бұқатұлы ағамыз ғана келіп жүреді екен. «Қажетті жеріңізге мініп жүріңіз!» - деп бір машина беріп қойды. Содан желтоқсанның он бесі күні болуы керек, толқу басталды. Алғашында оны мен білген жоқпын. Қазақстан Жазушылар одағына барып, екінші қабатында отыратын дос бауырым Дидахмет Әшімханға жолығып әңгімелескелі барғанмын ғой. 

Кіріп барсам барлығы үрпиісіп-үрпиісіп: «Ойбай, кеттік, кеттік» деседі. «Ой, қайда барасыңдар?» - десем: «Алаңға халық жиналып қалыпты. Қонаевті алып тастап, орнына бір орысты әкелгелі жатыр екен. Көтеріліс шығып кетті. Соған барамыз!» - десті. Дидахмет маған: «Жүр, Қаржеке!» - деді. «Мен қанша дегенмен шетелдікпін ғой. Сендерге пәлем жұғады. Мен жатақханаға барып, фотоаппаратымды алып алайын. Сосын таксимен жетіп барармын. Менің жанымнан сендер қашығырақ жүріңдер. Артынан бәлеге қалып жүрерсіңдер!» - дедім.

Содан кейін кетті бәрі, дүркіреп. Жамбыл мен Абай көшелерінің қиылысындағы жатақханама келдім. «Зенит» фотоаппаратым бар еді, жағдайды суретке түсірейін деп, пленкамды жаңалап алып, мен де жеттім. Содан алаңның шетінде, екі ағаштың ортасында тұрып, фотоаппаратымды сытырлатып жатыр едім. Бір жай киімді кісі шыға келіп фотоаппаратымның үстінен ұрды. Іліп алған қайыс бауы бар ғой, өзім кішкентай адаммын, мойным үзіліп кете жаздады. Содан өз-өзіме келіп бетіне қарап едім: «Суретке түсірмейсің. Андағыңды жап! Ары қарай барсаң, қазір ұстаймын!» - деді. Жан керек. Фотоаппаратымды сөмкеме салып алып, біраз жүрдім де, ақыры өзен жағымен жүріп, жатақханама жеттім ғой. Бір кадр ғана сурет алдым. Желтоқсанда алаңда болған жағдайым осы ғана. Есімде ерекше қалғаны – жаңағы көтеріліске шығып қарсылық көрсетіп жүрген адамдардың жартысынан көбі қыздар еді. Түрлі ұрандар айтып мінберде тұрған ақ жағалыларды қыздар, жігіттер қармен атқылап-ақ жатыр. Ұлттық рух деген керемет! Мұны тілмен айтып жеткізгісіз еді. 

– Сол фототаспаңыз сақталды ма? Сіздің алаңда болғаныңызды білгеннен кейін, мұның соңы сезіктенуге ұласатыны сөзсіз ғой?

– Солай болып шықты. Кеңес Одағында жүру мерзімін ұзарту қажет болып, консулдық орналасқан Ташкентке аттанбақ болып жатыр едім. Жатақхана бөлмесінде жалғыз өзім ғанамын. Пиджагімді қоя салып, спорттық костюммен дүкенге барып, жолға азық-түлік алдым. Ары кетсе он бес минут болған шығармын. Пиджагімнің қалтасында қойын дәптерім бар болатын, Қайтып келген соң киініп, әлгі қойын дәптерімді қарасам, жоқ. Былай қарадым, олай қарадым – жоқ. Содан өзіме өзім: «Әй қойшы енді, деп бір жерде түсіп қалған шығар!» - дедім де, Ташкентке ұшып кеттім. Онда Махамбет Жүсіпов деген әріптес ғалым досым бар еді. Сол досым қарсы алды. Қонақүйде жатпадым. Сол досымның үйінде жаттым. Бір жақсы жігіт еді. Қазір де сонда тұрады, ғылым докторы. 

Ташкентте он күн болып қайтып келсем, институттағылар маған үдірейе қарайды. «Ой не болды? Тыныштық па?» - деп сұраймын. Көтеріліс болғаны, машинаны құлатқаны бар, су сепкені бар, оның бәрі көз алдымызда тұр ғой. Бұл – содан кейінгі үрей болса керек. Институттың бөлімінде бөлек орным бар еді, соған барып отыра беріп едім, басшысы: «Ташкенттен қашан келдің?» - деді. «Кеше кешке таман келдім», - дедім. «Ойбай сені іздеп жатыр. Сен тізімге тұрмапсың ғой. Сырттан келген кісілерді тізімге алуға тиісті екен!» - деді. Мені тізімдететін кісі – академияның кадр бөлімі басшысы екен. Онда Иванов деген бір орыс бар еді. Әлгі бейшора мені қалың қазақтың бірі деп мән бермеген болып отыр ғой. Жаман орыс тіліммен сөйлей беремін. Ақыры жауапкершілік жолындағы кемшілігі үшін деп әлгіні жұмыстан лақтырып жіберіпті. Институт басшыларының бірі мені ертіп алып жаңағы тізімге отыратын жерге алып барды. Содан кейін жан қалды ғой. Сонда менің артымнан МҚК адамдары еріп жүрген болды ғой. Ташкентке барғаннан кейін қонақүйге жатпай қойғандықтан, таппай қалған. Шығыстану институтына барғанымды біледі, бірақ қайда жатқанымды білмейді. Содан кейін маған қайтыңыз деді. 

Баян-Өлгийге беталдым. Үш-төрт кебеже кітабым бар. Пойыздың купесіне салдым. Семейге таяй бергенде жанымда бір жас жігіт бар еді, төбемізден су кетті. «Апырмау бұл неғылған су!» - дедім. Әлгі жігіт кітаптарымды көтерісіп, су тигізбей алып қалдық. Содан жүріп отырып Новосибирскіге бардық. Новосибирскінің вокзалына барған кезде үлкен кітаптарды вокзалдың қоймасына, шағын жүктерді автоматты сақтауға қойып ертеңінде келдім. Новосибирскіде біраз монғолдар бар, өзіміздің қазақ жігіті Сыдық болды. Сыдық сол кезде Новосибирскіде еді. Оларға желтоқсан мәселесін айттым. «Сізді біреу өлтіріп кетіп жүрер!» - деп вокзалға келген еді. Менің артымнан кісі еріп жүрген болуы керек дегенді сезіп біліп жүрмін. Бет-жүзін де тоқтатып қалғанмын. Сағат түннің он бірінде Ұланбатырға жүретін пойызға отыруым керек. Он бір жарым дегенде пойыз жүруі керек. Жүгімді алайын деп барып едім, автомат сақтауды ашайын десем, ашылмайды. Кезекші орыс келіншек тұр екен. Сіз аша алмайсыз, мен ашып берейін деді. Біреулер келіп мұны ашты. Оның кім екенін сұрамаңыз. Менің көзімше, мұнда жоғалған нәрсеңіз бар ма деді. Ашып-ашып көрдім де, жоғалған нәрсем жоқ екен дедім. Қол қойдыртып алды. Онан кейін әлгі арада қоймаға барып кітаптарымды шығартып алдым. Біздің байласымыз бөлек қой, жіппен қазықбаулап, күрмеп байлағанымнан мүлде басқаша. «Үй мынаны тағы ашқан ба?» - деймін ғой. «Иә, ашты. Оны қайдан білдіңіз?» - деді. Менің байласым емес, көшпенділердің байласы мұндай болмайды дедім. Кітапты неғылады олар? 

Бұларына мән берген жоқпын. Пойызға орналасып алдым. Әлгі соңымнан ілесіп жүрген кісі келді. Кебежедегінің бір бөлігі – алма мен алмұрт болатын. Иісі аңқып тұр. Қолымда домбыра бар. Басқасы әдеби, ғылыми кітаптар. «Мынау не аспап?» - деп әлгі орыс келіп түк білмегендей қарады, сұрады. «Сіз білмейсіз ғой, Қазақ деген ұлы халық бар. Білесіңдер ме? Сол ұлы халықтың құдіретті аспабы. Шыңғыс ханның өзі осы домбыраны шертіп үйренген. Сол пайдаланған кезінде», - дедім. Тітіркеніп, ыза болып тұр. Жақтан қойып қалуға дайын тұрмын. Өткірлеу болдым, жас кезімде. Әлгі үндемей тұрып қалды. «Менің артымнан еріп жүрген – мына адам!» - дедім аналарға, орысша. «Сіз куәлігіңізді көрсетіңіз, әйтпесе шу көтеремін!» - дедім. «Сіздің фотосуретіңізді алып мен ана жаққа барып газетке беремін!» - дедім. «Жоқ, суретімді түсірмеңдер!» - деді. «Фотосуретімді өзім берейін», - деп кішкентай құжаттық фотоны берді. Куәлігін көрсетті. Диагональ тартқан қызыл сызығы бар, МҚК-нің кішкентай куәлігі ғой. Содан кейін туған жерге жүріп кеттік. Пойызда отырғанда: «Қай уақытта кім келіп терезеден лақтырар екен!» - деп отырмын. Әйтіп-бүйтіп жүріп Қияқтыға келдік. Қияқтыға келген соң менің купеме бірде-бір кеден, шекара адамы кірген жоқ. «Бұл кісі таза, аман-есен кетіп бара жатыр!» - деп хабар беріп тастапты. Құрықтары ұзын ғой. Сөйтіп Желтоқсан көтерілісінің куәсі, әрі күдіктісі болғаным бар. Өмірде осындай жайлар басымнан көп өтті.

– Монғолия Ұлы Хуралының, яғни парламентінің мүшесі ретінде қызмет атқарған кезіңіздегі ұлт мәселесіне қатысты батыл қадамдарыңыз ол елдегі алдыңғы буынның есінде болар деп ойлаймыз. Биылғы жылы Монғолияда жүрілген кезекті сайлауда бес бірдей қазақ баласы парламент мүшелігіне өтті. Ол елдегі қазақтардың ұлттық мүддесінің қорғалуына, әсіресе тілдік ахуалына елеңдеп отыратынымыз жасырын емес. Екінші рет сайланып отырған депутат Әубәкір Тілеуханұлының өткен жылы Монғолия Ұлы Хуралы мінберінде сол елдің Білім министрінің Қазақстандағы қос тілді оқыту тәжірибесін қарастыру туралы көтерген мәселесіне орнықты, жақсы жауап бергені белгілі. Өзіңізді осындай жағдайларға қатысты алғашқы қадамдарыңыз бен парламентте жүргенде мемлекет құраушы ұлттан шыққан депутаттармен айқасқан кездеріңіз туралы әңгімелеп берсеңіз. 

Ұлт мүддесі парламент қабырғасында да, оған дейін, студенттік шағымызда-ақ үшін талай тартысқа түскеніміз рас. Оның да өзіндік себептері бар еді. Ол жақта әдетте қазақтарды «ястан» немесе ру, сүйек, тайпа ретінде қарастыратын еді. Зерттеп қарасам, біз – ру, тайпа емес, ұлтпыз. Яғни «шеттен келген, кірме ұлт шашырандысы» деген мағына беретін диаспора деген ұғымға сыямыз. Бірақ монғолдар бізді қарапайым руға апарып тіреп тастаған екен. Содан өзіміздің қазақ жігіттерінен: «Сендер осы монғолсыңдар ма, қазақсыңдар ма?» - деп сұраймын ғой. Біразы: «Монғолмыз ғой», - дейді. Оқығанының өзі солай айтады. Ұлттың тарихын үйретпегендіктен, өзінің ұлттық жадысынан, түсінігінен де айырылып қалғаны анық. Содан орталық телевизиядан сұхбат алдыруды сұрадым. «Не деп айтады екен?» - десем біршама қатысушылар: «Біз монғол адамымыз», - деп шыға келді. «Бұл болмайды екен, түптің түбінде мына қазақтан айырылады екенбіз!» - деп іс-әрекетке көшуге тура келді. Мен бала кезімнен ұлтшыл болдым да, студент кезімнен ұлт мүддесін қорғауға тырыстым. Осы бағытта біздің аймақтың отыз жылдығына байланысты жүз студенттің құрамында концерт ұйымдастырдық. Бабан деген дәрігер досым болды. Өте ұлтшыл, мықты жігіт еді. Сол Бабан және Занай деген жігіт үшеуіміз ұйымдастырдық қой. 

Күн сайын сағат екі мен бірдің ортасында мен ҚХСҚ (қоғамды қауіптен сақтау қызметі) адамдары келіп алып кетіп жүретін. Мен оқитын факультетте Лочин деген бір оқытушы әрі жазушы бар еді, ол да социализмге қарсы адам болатын. Үнемі ұлтшыл өлеңдерін оқитын. Мені қайта-қайта әкете берген соң бір күні: «Қаржаубай айтып қоюы мүмкін, қазақ адамға сенуге болмайды», - жазғандарын тығамын деп жүріп, сусоқты қылып жоғалтып алғаны бар. Оны қайдан айтамын, айтпаймын ғой. Өзі соңыра: «Қаржаубайдың кеселінен болып, оппозициялық бағытта жазып жүрген көп дүниелерімді жоғалттым», - деп жазғаны бар. Осылайша студент кезімізден бастап қазақтықты ұмытпау, ұмыттырмау жолында әрекет еттік. Біздің концерт қою әрекетімізді әсіре ұлтшылдыққа бұрған жоқ. Монғол үкіметі кең ғой. Сөйтіп қазақ студенттерінің концертін аймақ-аймақтың концерті болдырып жайма-шуақтандырып жіберді. Ол кезде Қытай мен Монғолияның арасы қырғиқабақ. «Монғолдар мен қазақтардың арасы кәдімгідей іріп жатыр», - деген сөз шықпасын дегені екен. Монғолияның ішкі саясатын ұстайтындар ұлт мәселесінде жалпы өте қырағы болды. Бірақ қазақтары кең тұсаумен ұстады. Қанша дегенмен империя құрған халық қой. Кең мінезділік танытты. Әйтпесе сол кезде КСРО-да болсам, мені кешірмей жаза жүктетіп жіберер еді. 

Парламентте жүргенде: «Автономия құрамыз!» - дедік. «Еркіндік беретін бастанса, автономия құруымыз керек!» - деген пікір болды. Бұл енді бопса болатын. Өйткені осылай мінез танытпасақ, бізді «ястан» (ру) деп қалдырып қоюы мүмкін. Сосын біртіндеп тілімізге тиісуі мүмкін, сол үшін жұдырық болып жұмылып, азу көрсетіп автономия деген мәселені қозғайық дедік. Солтанхан деген бұрын халықаралық экономикалық өзара көмек кеңесінде (СЭВ) отырған мықты азамат бер еді. Ноғонордан шыққан кісісі еді. Сол кісі екеуіміз осы мәселені көтеріп Орталық телевизиядан сөйледік. Содан мұны естіген Монғолияның президенті Пунсалмагийн Очирбат: «Бұл бір күрделі мәселе болды ғой. Мына депутаттармен қалай сөйлессек болар екен?» - деп Мизамхан Күнтуғанұлын шақырады ғой. Мизаш болса: «Ой, ол сөзге келмейтін, алдына барсаң тістеп, артына шықсаң тебетін адуынды адам. Бұл мәселе жөнінде үндемей қойып қойсаңыз, басылар», - деген екен. Кейіннен сол Очирбат президентпен де тіл табысып, дос болып кеттік қой. Сонда ол кісі: «Ой, сізді расымен адуынды, сөз ұқпайтын адам ба десем, сондай ақкөңіл адам екенсің ғой. Ол кезде білген жоқпын ғой» - дегені бар. Мен де қарап тұрмай: «Бұл – ұлт мәселесі тұрғысындағы бопса еді!» - десем: «Сенің оның да дұрыс екен!» - деп қоштаған еді. 

«Қазақ – ру емес, ұлт, оның тілі қорғалуы керек» дегенді Негізгі заңға енгізу үшін де үлкен тартыс болды. Парламентте ел ағасы Сарай Асқанбайұлы бастаған он алты қазақ депутаты болдық. Мен отырыста сөз алған соң: «Негізгі заңның 8.2. бабына: «Қазақ тілін өзінің туған жерінде, Баян-Өлгий аймағында мемлекеттік тіл болдырып енгізу қажет!» - деп мен тура кеттім. Осыған келгенде үлкен-тартыс, талас басталды. 

Осыдан кейін үш күн шайқасып, парламент отырысын тастап шықтық. Оны тағы: «Парламентке бойкот жариялайық!» - деп мен шығарған едім. Сөйтіп біз үш күн бойы жиналысқа келмей жатып алдық. Содан кейін амалсыз президент Очирбат он сегіз аймақтың басшыларын шақырып алды. Мұнда да төрт сағат дауластық. Монғолдардың кеңдігі ғой, Очирбат президент: «Мен қазақтың жігіттерімен Ленинградта бірге оқыдым. Бастары істейтін, мықты, өтірік айтпайтын, адал жұрт. Халық дейтін қазақ досым болды, шынын айтқанда мен соның арқасында университет бітіргенмін!» - деп бәрін ашық айтып, қазақтарды жақтай сөйледі. Осылай алыстан орағыта отырып, ақырында былай деді: «Сендер өздеріңді мына Қаржаубайдың орнына қойыңдар. Сендер он сегізің қазақ болдыңдар, соның біреу ғана монғол дейік. Мына Қаржаубайдың басқарып отырғаны – қалың монғол дейік. Сонда қалай болады? Сендер өздерің ұлттарың үшін елің, тілің үшін күресесіңдер емес пе? Солай ма?» Монғолдар: «Күресеміз, әрине!» - деп гу етті. «Онда қазақтардың тіліне құқық берейік!» - деген кезде көпшілігі қолын көтерді. Президент: «Бірақ формулировкасын дұрыс жасаңдар!» - деді. Мен қазақ деген атаумен енгізбек болған едім. Оған болмады. Сөйтіп қазақ деген атауды алып тастады. Осылай жұмсартты. Себебі ана жағынан буриадтар, мына жағынан дөрбеттер, тывалар шығуы мүмкін еді. Сондықтан осыған келістік қой. Сөйтіп Негізгі заңның 8.1 бабында: «Монғол тілі – мемлекеттің ресми тілі» деп берілген болса, 8.2-де: «Осы баптың бірінші тармағы тұрғындардың өзге тілді ұлт азшылығының ана тілінде оқып білім алу, қарым-қатынас жасау, мәдениетін, өнерін, ғылыми іс-қызметтер жүргізу құқығына кедергі тудырмайды», - деп көрсетілді. 

Міне, күні бүгінге дейін соның арқасында Монғолия билігі ондағы қазақ мектептеріне бата тиісе алмай отыр. 

Демек сол тоқсаныншы жылдардағы батыл әрекеттеріңіз арқылы Монғолиядағы аз қазақтың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін қорғауына иммунитет қалыптастырып берген болып отырсыздар ғой!

– Солай деуге болады. Қазіргі депутат Әубәкір бауырымыз соны әдемі ұстап алған. Оған рақмет, разы болдым. Ал бізден кейін елге басшы, парламентке депутат болған жігіттердің біразы осы ұлттық мүддені ойлау, қорғау тұрғысында осалдық танытты деуге болады. Лауазымға жету, үкіметке жағу – негізгі мақсаттары болған болуы керек. Жеке басын ойлап кеткендер аз емес қой. Ал біз кезінде билікке жағайық деген жоқпыз ғой. Біз ұлт мүддесі тұрғысында өлуге дайын болдық. «Ұлт мүддесі» дегенде студенттік шақтағы мына бір оқиға есіме оралып отыр. Кейіннен белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты болған Қуанған Жұмаханұлы деген азамат болды. Ұланбатырдағы Монғолия мемлекеттік университетінің бесінші курсында оқып жүрген кезіміз. Бітіру емтиханы, диплом қорғау да келіп жетті. Мен алғашқы кіруге тиіс едім. Дипломдық жұмысымның тақырыбы: «Тоныкөк ескерткішінің тілі.» Комиссиядан бірінші күні маған: «Әзірге кірмейсің!» - деді. «Жарайды», - дедім. 

Бірінші күні Қуанған досым диплом қорғауға кірді. Ол мінберде, өзге студенттер арт жақта отырмыз. Осы жерден мәселе басталды. Бұл азамат дипломдық жұмысының сыртына «Жұмаханұлы Қуанған» деп жазып қойыпты. Кафедра меңгерушісі Дүгэрсүрэн деген дөрбет бар еді. «Мына «ұлы» дегенді қайдан тауып алғансың сен?» - деп дүрсе қоя бермесі бар ма? Қуанған жуас азамат еді, басын сипап мүдіріп тұрған кезде мен атып тұрдым да: «Кешірім етіңіз, ұстаз! Сіз Никита Сергеевич Хрущев дегенді Хрущ овогт Сергеийн Никита деп монғолшаға аудармайсыз ғой!» - деп едім, әлгі мұғалім күп-күрең болып сазарып отырды да қалды. Осындай бір жағдай болды. Қуанғанды қорғау керек қой енді. Ол қорғап шықты. Сонымен кеттік. 

Екінші күні менің диплом қорғайтын күнім еді. Кіргізбеді. «Соңғы күні кіресің!» - деді. Соңғы күні бірінші адам болып кіруге тиіс едім, кіргізбеді. «Бұлар не істемек болып жатыр екен?» - деп ойладым. «Ұлтшылдыққа байланысты тағы бірдеңесін істегелі отыр ма?» - деген күдігім де бар. 

Сөйтіп отырғанда қорғауға көп адам сау етіп кіріп келді. Білім, ғылым министрі, Үкімет аппараты, идеология бөлімінің басшысы, біздің ректор, проректорлар – оншақты адам бірақ келді. Ішінде журналистер де бар. Содан кейін маған кір деді. Кірдім. Жас кезімде жүректі болдым. Ешнәрседен қорықпаймын. Содан Аттестаттау кеңесін басқарушы Сүкібатыр деген мұғалім бар еді: «Басқа студенттерге он бес минут бергенбіз. Сен жиырма минут сөйле!» - деді. Содан соң: «Е, менің тақырыбыма байланысты мыналарға көрсетпекші болып жатыр екен ғой!» - деп біле қойдым. Өйткені көне түрік тілінен маған дейін әлі бірде-бір студент диплом қорғамаған екен. Дайындалып келген қорғау мәтінімді айтып, сұрақтарына жауап беріп шықтым. Бәрі қолдады. Мен де дипломдық жұмыстың сыртына «Сартқожаұлы Қаржаубай» деп жазып қойғанмын. Оған ешкім еш нәрсе айта алмады. «Өте жақсы» деген баға алдым. Екі күннен кейін біткен радио, газет-журналдарда менің суретіммен қорғау жөнінде материал жарияланды. 

– Социалистік дәуірде Баян-Өлгийде жақсы баспахана болды ғой. Осы баспаханадан жарық көрген рухани өнімдерді Атажұртқа жеткізуге мұрындық болғандығыңыз туралы ел аузында айтылады...

– Ол былай болған еді. Ел үдере көшіп жатқан кез. «Осы халық Атажұртқа көше алады. Адам қалмай, көшіп кететін заман болар. Түптің түбінде мұндағы сан жылдар бойы жинақтаған рухани дүниеміз қалып қалады ғой. Мұны Қазақстанға жеткізу керек!» - деген ойға бекіндім. Сан жүздеген кітаптар, «Шұғыла» журналы дегендей, Монғолия қазақтарының әдеби дүниелері баршылық қой. Осылардың бәрін Атажұртқа апару керек. Осы жөнінде жазушы Шынай Рахметұлымен сөйлестім. Ол кезде Шынай «Жаңа өмір» газетінде істейді. «Шұғыланың» мәселесі бойынша сұрастырсам, аймақтық кітапханада біраз саны бар екен. Содан не болса ол болсын, «ЗиЛ-130» машинасына артып алып, бір кузов кітап пен журналды Алматыға алып келдік. Сөйтіп ҚР ҰҒА Әдебиет және өнер институтына әкеліп тапсырдым. Ол мекеме разы болып қалды. Бұл бір игілікті іс болған еді. Қазір қаншасын сақтап, қаншасынан айырылғанын білмеймін. Ана жылдары Ақселеу дос-ағаммен әңгімелесіп отырғанда: «Ой оның игілігін үйге алып кетіп көрдік қой, біз!» - дейді. «Үйге алып кеткені қалай?» - десем: «Аймақтық қолданыстарды, тілдік диалектілерді зерттеп оқимыз деп алып кетіп, қайтарылмаған жағдайлар болады. Сол кітаптардың менде де бірнешеуі бар», - деп еді. Негізі ертеректе бұл кітаптар осылайша біршама талапайға түсіп кеткен сияқты. Әрине бұл енді сыйлық ретінде текке келген, ешқандай есепке алынбаған нәрсе ғой. Алғашқы Дүниежүзі қазақтары құрылтайы қарсаңында Шынай Рахметұлы екеуіміз алып келдік сонда. Шынай бұл істе қатты көмек етті. Бүгіндері Монғолияның Халық жазушысы атанған Шынай Рахметұлымен қатты сыйласқан адамдар болдық. Кітаптардың жеткізілуі осылай. Қазір Баян-Өлгийде ол кітаптар мен журналдар қаншалықты сақтаулы дегеннен хабарым жоқ. Атажұртқа көшкенде қап-қап кітаптарын артып келіп, рухани құндылық ретінде әлі күнге дейін сақтап отырған жазушылар мен зиялы оқығандар баршылық. Бұл да болса ұлттық әдебиет, мәдениетке адалдық деп білемін. Өзімнің де жетпіс жыл жинаған кітаптарымның басын үйімнің екінші қабатындағы мына кабинетімде қосып отырмын. Жолымды қуған ұрпақтарыма, болашақ зерттеушілерге қажет боларына сенемін. 

– Әрине бұл жинақталған мол рухани қазынаңыз – бүгінгі, болашақ ізденімпаз ұрпақтың кәдесіне молынан жарайтындығы сөзсіз. Аздап сырқаттанып жүрсеңіз де, уақыт тауып әдебиет, түркітану және басқа да тақырыпта кеңінен көсіле отырып сұхбат бергеніңізге рақмет, аға! Әрқашан ден сау, аманшылықта болып, жасай беріңіз! Халқыңызға берер рухани дүниелеріңіз, зерттеу еңбектеріңіз әлі де көп болғай! 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар