Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Бақытты қаламгер...

10.09.2024 581

Бақытты қаламгер 14+

Бақытты қаламгер - adebiportal.kz

Адамзат әлемінің өсіп-өркендеуіне жартылыстану ғылымдарымен қатар гуманитарлық ғылымдардың да өлшеусіз үлес қосып келе жатқаны мәлім. Ғарыш заманы немесе қазіргі компьютер заманы тұрмыс-тіршілігімізді жеңілдеткенімен, жаратылыстану ғылымдары ұланасыр жаңалықтар ашқанымен, адамның қуанышы мен қайғысына ортақтаса ала ма, адам өмірінің құпиясын, тіршілігінің саналуан сырын таныта ала ма? Жоқ, әрине. Адам жанына, жүрегіне жол табатын да оның адамдық болмысының ажырамас қасиеті саналатын тілімен өзектес сөз өнері  – әдебиет екені ақиқат. Осы орайда, Шығыстың ұлы философы Цао Пидің: «Әдебиет-мемлекет басқарудағы ұлы іс» деген қағидасының да мәні зор екенін пайымдауға болады. Демек, ел тізгінін ұстаған адамға көреген көсемдік қана емес, шындықтың шекарасынан аспайтын, сөзіне ел-жұртты ұйыта алар  шешендік қажет екенін ұғуға болады. Сондықтан, саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік, мәдени өмірімізде сөз өнерінің орны бар десек қателеспеспіз. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев жастарды кітап оқуға баулуды, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуды басым бағыттардың қатарында атап өткен болатын. Шынында, қайта құру кезеңінде өмірімізге нарықтық-экономикалық қатынастардың енуі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыртпалықтар, қазіргі гаджеттің әлегі қалың қауымды кітап оқудан айырғаны жасырын емес. Алайда, бүгінгі таңда көзбен көріп те, естіп те жүрміз көпшілік, әсіресе жастар мәдени орындарға баруға, кітап оқуға ынталы бола бастады. Себебі, еліміздің іргесі бекіп қана қоймай, өмір-тұрмысы жақсарып, мәдени-экономикалық қуаты ілгерілеп келеді. Бұған ел ішінде жүргізілетін әлеуметтік-мәдени іс-шаралардың да қосар үлесі зор екеніне көз жеткізуге болады. Жақында үстіміздегі жылдың 23-тамызында Жетісу облысы, Сарқан ауданы, Қойлық ауылының К. Қазыбаев атындағы мәдениет үйінде дүниеден озғанына санаулы жыл ғана болған өлкетанушы, жазушы, аудармашы Заман Самалбекұлы Төлеуов атындағы «Тастұма» рухани-танымдық залының ашылуы руханиятымызға өзіндік олжа салған игілікті іс-шара болғаны даусыз. Себебі, бұл әдеби-мәдени іс-шара тікелей ел адамдарының, оның ішінде ауыл жастарының, жалпы қалың көпшіліктің кітап оқу мәдениетін арттыруды, кітап оқуына ықпал етуді мақсат еткені көзге түседі. Соған байланысты  «Тастұма» рухани-танымдық залында  заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған. Конференц-залға келуші оқырман қауым, жастар, мектеп оқушылары осы өлкеде туып-өскен, дәл осы мәдениет үйінде аянбай қызмет еткен дарынды жазушы Заман Самалбекұлы Төлеуовтің шығармашылық мұрасымен және басқа да қажетті әдеби-мәдени ақпараттармен таныса алады. Бұндай жағдайда олардың су жаңа үлкен үстел мен жайлы орындықтарды, қабырғадағы интерактивті тақтаны, кітап сөрелерін, әралуан басылымдарды, тіпті терезелердегі инновациялық үлгіде жасалған шымылдық-перделерді  және жазушының қанатты сөздері жазылған басқа да заманауи көрнекі құралдарды пайдалануына мүмкіндік туғызылған. Сондықтан дарынды жазушы З.С. Төлеуов атындағы «Тастұма» рухани-танымдық залы  ел ішінде әралуан әлеуметтік-мәдени шаралар, жиындар өткізуге де қолайлы болып табылады. Әрине, осы күнгі ауыл адамдары мен жастардың, оқушы-шәкірттердің, әдебиетсүйер қауымның рухани азығын қанағаттандыру бағытындағы бұндай іс-шараны іске асыру қаржыны, қайрат-жігерді, әдебиет ісіне деген құрметті ғана емес, туған ел мен жерге деген сүйіспеншілікті де қажет етеді. Сондықтан ауыл жастарының болашағы, жалпы ел игілігі үшін жасалған «Тастұма» рухани-танымдық залының ашылуына Сарқан ауданының әкімшілігі мен жазушының жерлестері, оқырмандары қолдау көрсеткенін, ал нақтырақ айтсақ, игі шараға жазушы Заман Төлеуовтің аяулы жары Гүлмира Ажиханованың тікелей мұрындық болғанын айту лазым. 

Жазушы, аудармашы, өлкетанушы Заман Самалбекұлы Төлеуов атындағы «Тастұма» рухани-танымдық залының ашылу салтанатына әкімшілік өкілдері, жазушының тіршілігінде тізе қосып еңбек еткен қимас әріптестері, оның шығармаларын сүйіп оқитын жерлестері, туыстары, арнайы шақырумен алыстан ат арытып келген өнер қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. Тіпті жиынға жазушының шығармаларын іздеп жүріп оқитын оқырмандардың шалғайдан келіп ықыласпен қатысуы таңғалдырды. Шынында, жазушы Заман Төлеуовті сирек дарын иесі деуге болатын шығар. Ол тағдырдың талқысына мойымастан сан түрлі кәсіпті де (дәрігер, спортшы) меңгерген, оның сан түрлі өнері де (суретші, мүсінші) өз ортасына танымал болған жан екенін де біз аталған іс-шара барысында көз жеткіздік. Салтанатты жиында алғаш сөз алған Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Алмас Байғұнысов ерекше дарынды тұлға Заман Самалбекұлының жазушылық өнерін ел-жұрты бағалайтынын, өйткені ол көркем шығармаларында қазіргі заман шындығын көркем бейнелегенін, ал публицистикалық мақалаларында ұлтымыздың өміріндегі өзекті мәселелерді батыл  талқыға салғанын сөз ете келіп, қаламгер мұрасының құндылығы оның көркемдігінде ғана емес, келешек ұрпақты елі мен жерін сүюге, еңбекқорлыққа, кісілікке баулудағы әлеуметтік-эстетикалық мәнінде екенін баса айтып өтті. Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облысындағы өкілі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын Жанкелді Немеребай да өз сөзінде жазушының табиғи дарынынан туған әңгімелеріндегі шеберлікке, жалпы жазушы  шығармаларындағы суреткерлік пен шынайылықтың сырларына, баяндау тіліндегі лаконизм мен стильдік даралығына тоқталды. Салтанатты жиынды аталған мәдениет үйінің қызметерлері, өнерпаз қауым әнмен өңдеп, музыкамен әдіптеп, жиналған көпшілікті тың әсерге бөледі деуге болады. Жазушының өмірінде жанына жақын тұтқан ақын інісі Жанкелді Немеребайдың сөзіне жазылған «Заман аға» әні де, жазушының аяулы жары Гүлмира Ажиханованың сөзіне жазылған абзал азаматына деген зары мен сағынышына толы ән де залдағы жұртшылықты ерекше тебіренткені рас.

«Тастұма» рухани-танымдық залының ашылу салтанатына Алматыдан арнайы келген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің ұстаз-ғалымдары қатысты. Филология ғылымдарының докторы, профессор  Раушангүл Авакова жазушының XXI ғасырдағы қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосқанын, жазушының уақытпен үндесіп, оқырман көкейіндегі дөп басып жазатын шыншылдығын, шұрайлы тілін салмақтады. Дарынды тұлға Заман Самалбекұлы Төлеуовтің  2020 жылы Лондонда өткен «Алтын қалам-2020» халықаралық әдеби конкурсында «Үздік роман» номинациясы бойынша Бас жүлде иеленген «Қарақуыс» атты психологиялық романы туралы ғылыми-теориялық талдау мақаламыз бұған дейін «Қазақ әдебиетінде» жарық көрген осы мақаланың авторы біз де аталған жиын барысында сөз алып, «Қарақуыс» романынында ғана емес, қазіргі алмағайып заман мен адам өмірінің шындығын нәзік сыршылдықпен әрі сыншылдықпен көркем бейнелеудегі шеберлігін көпшілік тыңдарманға нақты мысалдармен дәйектей жеткізуге тырыстық. Әсіресе, «Қарақуыс» романының жанрлық-композициялық тұрғыдан қазіргі қазақ романына сапалық өзгешелік әкелген жаңашылдығына тоқталдық. Оқырман қолына түсе бермейтін анималистік әңгімелері мен «Қызылауыздың» қарғысы», «Байғыз жылаған түн», «Қоңыр кие» кітаптарының таралымын көбейтіп, қайта шығаруды ұсыныс еттік десек болады. «Сарқан» газетінің бас редакторы, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Игіман Мақатұлы Жомарт та бір кездегі үзеңгілес әріптесі, қимас қаламдасы Заман Самалбекұлының кісілік қасиеті, жан жылуы, іскерлігі, жазушылық өнері туралы төгіле де егіле сөйледі. Заман жазушының өз өмірінде де, шығармаларында да адамгершілікті басты құндылық санағанын, шығармаларын да жүрекпен жазғанын, сондықтан оқырмандары оны іздеп жүріп оқитынын, замандасы Заманның рухы да, мұрасы да мәңгілік екенін қадап айтты. Ал, Алаш зиялысы, Алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер Базарбай Мәметовтің шөбересі Нұрсейіт Нүркен, Бердібек Соқпақбаев қорының президенті, «Ұлы Дала» қоғамдық ұйымының жетекшісі Ғабиден Жәкей, Құрмет орденінің иегері, ҚР мәдениет қайраткері, Тұрік дүниесі сыйлығының иегері, академик, темірден түйін түйетін шебер Махмұт Қүлментегі секілді сөз алған айтулы азаматтар Заман Самалбекұлының сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздығының, шығармашылық мұрасының ұлттың рухани игілігіне айналып, мәңгі жасайтындығына сенім білдірді.

Жазушы, аудармашы, өлкетанушы Заман Самалбекұлы Төлеуов атындағы «Тастұма» рухани-танымдық залының ашылу рәсімін жасау академик, есімі әлемге танымал темірші ұста Махмұт Қүлментегіне ұсынылып, жібек лентасы қиылды. Салтанатты жиын соңында Гүлмира Ажиханова ханым жан жары Заман Самалбекұлымен отау тігіп,  бір шаңырақта өмір сүрген қызығы да қиыншылығы мол күндерін еске алып, тебірене, толғана сөйледі. Жазушының соңғы жылдарда жазу үстелінен тұрмастан ерекше табандылықпен еңбектенгенін айрықша атады. Оның кісілік тұлғасының ерекшеліктерін, азаматтығын, баладай адал мінезін, отбасына ғана емес,  адам баласына деген мейірімінің шексіздігін қызғылықты әңгімелей келіп, шығармашылық лабораториясының сырларына да үңілте алды. Гүлмира ханым көзіне жас ала тұрып, Замандай азаматының, бүгінде оқырмандарының сүйікті жазушысына айналған, өлді деуге қимас жарының артында қалған мұрасын өзінің соңғы демі таусылғанша көзінің қарашығындай сақтап, әспеттеп, насихаттап өтетінін білдірді. Жиын соңында Гүлмира ханым асыл жары, ғаламат суреткер Заман Самалбекұлының рухына бағыштап ас берді.  

Әлемнің бір бөлшегіндей Қойлық ауылында ашылған белгілі жазушы Заман Самалбекұлы Төлеуов атындағы «Тастұма» рухани-танымдық залы ел игілігіне айналатынына, артында елі мен қалың оқырманы,  Гүлмира Ажихановадай аяулы жары,  іздеушісі, мираскері бар жазушының мұрасы мәңгі жасайтынына деген деген зор сеніммен, рухани шараның ерекше әсерімен біз де Алматыға қарай жол тарттық. Жол бойында неге екені белгісіз, тағдырдың талай тәлкегін көріп, асау тұлпардай жазушылық дарынын егде тартқанша өз бойында тұсаулап келіп, шын жариялылықтың, тәуелсіздіктің дәмін сезінген шағында жанкешті суреткерлік ісіне басы бүтін беріліп, әдебиет әлемінде «құйрықты жұлдыздай жарқ етті де, жоқ болды» дегендей таңғаларлық стильде жазатын қаламгер Заман Төлеуов туралы толғанғанда,  «ел-жұртының сүйіспеншілігіне, оқырмандарының ыстық ықыласына, жанындай сүйген жары Гүлмираның (романындағы  Қырмызының прототипі) шынайы махаббатына бөленген не  деген бақытты жазушы» деген ойға еріксіз берілдім.. Сол күні тамыздың таңы да тамылжып атып еді..    

                                                                                   Раушан Әбдіқұлова

                    Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің қауымдастырылған профессоры

                                                                       Алматы-Қойлық-Алматы 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар