Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Қайратты "Қанаттылар"...

13.09.2024 1121

Қайратты "Қанаттылар"

Қайратты "Қанаттылар" - adebiportal.kz

Кеше Астана жұртшылығы «Қанаттылар» инклюзивті театры қойған «Алло, бұл кім?!» атты лирикалық комедиясын көруге барды. Кезінде жазушы, драматург Баққожа Мұқай жазған пьесаны «Жастар» театрында сахналаған режиссер Тәңірберген Марина.

«Қанаттылар» инклюзивті театрының басшысы Арнұр Қайнарбекұлы:

- Біздің театрда арбаға таңылған, көруі мен естуі нашар ұл-қыздар өнер көрсетеді. Мотивацияға толы дүниелер ұсынып, көрерменді рухани байытуға барынша тырысамыз. Қолымыздан келгенше Орталық Азияда кездесе бермейтін театрдың іргетасын қалап, қаншалықты қиын болса да творчестволық инклюзивті мәдениетті құруға тырысып келе жатырмыз. 

Театрымыздың төртінші маусымдық ашылуы алдында ойландық, осы кезге дейін қойылған оншақты қойылым бар, бірақ, біз осы жолы комедиямен ашайық деп шештік. Арбада отырған осы адамдардың өмір жолы қиын болса да, өнер жолы қолдарынан келетінін дәлелдегіміз келеді», - дей келіп, қолдау білдірушілерге, «Жастар» театрына, мәдениет басқармасына және қала әкімдігіне алғысын білдірді. 

Осы жерде айта кетелік, 2017 жылдан бері «Актив Лайф» мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы ретінде, сонымен бірге  жетім балаларға арналған фестиваль, құлағы мен тілі мүкіс жандарға арналған «Wide world» халықаралық театр фестивалін, «Жизнь после» деп аталатын мотивациялық көркем фильм түсіруге үлес қосқан Арнұр Қайнарбекұлының есімі көпшілікке таныс.

Танысу сайттары табыстыра бермейді

Драматург Баққожа Мұқайдың бұл пьесасын («Сергелдең болған серілер») аса танымал десек болады, республикадағы қаншама театрда қойылды. Дегенмен, «Қанаттылар» театры қойған комедия жаңашылдығымен ерекше. Комедиядан біз бүгінгі өзімізге таныс өмір салтын, өзімізге таныс трендтерді, йогамен айналысқан, әлеуметтік желі арқылы танысқан, және өмірі бітпейтін «күйеуге шықпай, өмірін тек өзіне арнаған қыздың өмірі керемет пе, күйеуге шыққан әйелдің өмірі мағыналы ма» деа пікір таластырудан шаршамайтын өзімізді көрдік. 

Сайра -  ауқатты адамның қызы. Әкесі бастық болған. Қызметінен алынғалы көңіл-күйі жоқ әкесінің жағдайынан кейін Сайра өзінше ермек тауып, йога орталығын ашқан. Кез келген жағдайда медитация жасайды. Сайра роліндегі Марина Тәңірбергеннің өз ролімен кірігіп кеткенін байқадық.

Жан мырза (Құрбанали Абуов) сәтті үйленуді жоспарлап, материалдық жағынан қиналмай өмір сүру үшін ең соңына дейін қыздан үміт үзбейтін өлермен адам. «Өзім өлең шығарып, оған ән жазам, оны өзім орындаймын және тыңдаушысы да өзім» дейтін мақтаншақ.

Байбол (Арман Қарынсау) - оның қызметте өскісі келеді, Сайраның әкесінің қолы ұзындығын пайдаланбақ ниетін жасырмайды. 

Нұрбай Ағабаев (Ғабиден Бәденов) ғылыми жетекшісінің ғана айтқанымен өмір сүретін, өз бетінше шешім қабылдауға ерік-күші аздау, заты момын адам, ол да қыздан үмітті.

Айжан (Шахноза Хамидова) Сайра құрбысына жаны ашып жігіт ертіп келетін, өмірде теңін таппаған, бірақ бақыттан үміт үзбейтін әйел.

Х мырза (Дастан Раушанбеков) - бұл телефон артындағы жұмбақ бейнеден ең бір жағымды кейіпкер роліне өткен, қыз жүрегін махаббатқа сендірген адам.

Ал әнші Рахат Бегасыловтың әніне бүкіл зал ұйып отырды. 

Өзі сұлу, өзі ақылды, өзі жақсы тұратын Сайраға таласқан жігіттердің іс-әрекеттері күлкі шақырады, сонымен бірге ойландырады. Көрермен бірі мақтаншақ, бірі мансапқор, бірі қызға ебі жоқ босбелбеу жігіттердің өмірлік ұстанымдары арқылы оларды таниды, солардың біреуіне келісім берген жағдайда Сайраның өмірі қалай бағыт аларын да іштей болжап отырады. Ең соңында өз теңін тапқан Сайра үшін қол соғады. Сондай жылы дүние. 

Бүгінгі жастар арасында жұбын тауып, уақытында отбасын құрудың мәселеге айналғаны рас, баяғы жеңгелер ролі, ата-аналардың ертерек құдандалы болу ниетінен туған өзара келісім әрекеттері бүгінгі уақытқа сәйкесе бермейтін болды да, оның орнына танысу сайттары, әлеуметтік желілер шықты. Бірақ, оның да «білмеген у ішетін» кілтипандары бары анық. «Адам аласы ішінде», танысу сайттары арқылы ойланбай опық жегендер де өмірде кездеседі. Қойылым жастарға ой салары анық.

Айта кетелік, осы кеште композитор Құралай Қырықбаева әнін, ақын Жұлдыз Бейсек сөзін  жазған «Әдемі» әні де жұрт назарына ұсынылды.

 

Өмірде мүмкіндіктер шексіз екенін дәлелдемекші

Біз қойылым режиссері Марина Тәңірбергенге бір-екі сұрақ қойған едік. 

- Кеше қойылымды көріп отырғанда актерлер ойынына риза болдық. Әрқайсысы өз ролін шынайы ойнап жеткізді. Айырмашылық театрдың инклюзивті деп аталатындығында секілді. Сіздің театрдағы адамдардың бәрі кәсіби актер ме?

- «Қанаттылар театры осыдан төрт жыл бұрын шымылдығын ашты. «Жастар» театрының, әкімшіліктің қолдауымен төртінші рет шымылдығын ашып отырған театрда қырыққа жуық өнерпаз қызмет атқарады. Оның 3/1 бөлігі кәсіби актерлер болса, қалғаны мүмкіндігі шектеулі жандар. 

Театр негізін қалаушы Арнұр Ысқақов. Ол өзінің арманын осындай мүмкіндігі шектеулі жандардың, оның ішінде көзі нашар көретін, құлағы нашар еститін, арбада отырған адамдар арқылы, бір сөзбен айтқанда 1,2,3 топтағы мүгедектердің өмірге деген құлшынысын арттырып, өмірде мүмкіндіктердің шексіз екенін дәлелдеу мақсатында жүзеге асырған. 

- Комедияда ойнаған актерлер жайлы айтып өтіңізші.

- Кеше сіздер өнерін тамашалаған актерлер кәсіби білімдері болмаса да бар күш-жігерін салып, театр негізін қалаушы актерлерден құралған труппа. Мысалы, Құрбанәли Абуов көпшілік ықыласына бөленіп жүрген актер, Арман Қарынсау «Жұлдызды сәт» жобасының жеңімпазы, әнші. Х мырзаны сомдаған Дастан Раушанбеков парабиші, әлемді бағындырып жүрген биші. 

Шахноза болса бір жыл бұрын ғана қатарымызға келіп қосылған өнерпаз. Ғабиден Бәденов деген азамат жедел қызметте қызмет етіп жүріп жол апатына түскен, кейін өнерге келген өнерпаз. Рахат Бегасылов дәстүрлі әнші, осы театрдың актері, негізі пьесада жоқ кейіпкер, бірақ, өзім қостырдым.

 Инклюзивті театр драманы қойса қиналмауы мүмкін сияқты көрінетіні бар, ал бірақ, комедия жанрын сәтті алып шықты. 

- Көбіне біздің театрға келетін көрермендер мұңға батырып, үлкен ой қалдыратын драмаларды көретін. «Алло, бұл кім?» комедиясын таңдау арқылы кәсіби тұрғыда комедияны да қоя алатынымызды дәлелдегіміз келді. 

- Бұл режиссер ретіндегі нешінші қойылымыңыз?

- Бірінші. Мен өзім осы театрда үш жылдан бері қызмет етемін. Актерлік мамандықты бітіргенмін. Алғашқы үзіндісін көрген кезде осы театрда жұмыс істегім, осындағы адамдарға көмектескім келді. Өзім көп балалы анамын, он екі жыл бала тәрбиесімен айналыстым, бір күні осы театрды көріп, өнерге қайта оралуға құлшынысым артты. 

- Сөйтіп «Баққожа Мұқайдың пьесасын таңдадыңыз...

- Комедия қою жайлы ойлағанда студенттік шақтан зерттеп, оқып біліп жүрген «Сергелдең болған серілер» есіме түсіп кетті. Осылай режиссерлік қадамға алғаш бардым. 

- Қойылымда йога, медитация, танысу сайттары... бүгінгі уақыт бар.

- Пьесаны жатқа білетін болғасын қазіргі заманға лайықтағым келді. Өйткені жастардың көбі кітап оқымайды, театрға келсе барлығы ұғынықты болар деген оймен, медитация, психолог, коучтарға бару деген сияқты осы әдістерді пайдалану арқылы арманға сену керектігін де айта кеткім келді. Ол жата қалып медитация жасап барлығын қиялдау деген емес, бір Аллаға сенеміз, дегенмен, армандай білсең жетуге болады дегенді ұғындырғым келеді. Бүгінде қоғамда «он-лайн махаббат» деген термин пайда болған. Адамды көрмей, білмей шешім қабылдаған жастар өмірде адасып, шатасып кетуі де мүмкін. 

- Әзірлікке қанша уақыт кетті?

- Қойылымды дайындауға үш айдай уақыт кетті. Пьеса бойынша қысқарған дүниелер көп, негізі екі сағаттық болатын. Режиссерлік мамандығына құжат тапсырып, енді мамандық алып жатырмын. «Жастар» театрының режиссері Нұрфат Вахитовтың қасында ассисент болып тәжірибе жинап жүрмін. 

- Қойылым сәтті шығуы үшін ең маңыздысы не?

- Спектакльдің сәтті шығуы материалға байланысты. Материал дұрыс таңдалса, сәтті шығады. Актерлармен режиссер жұмыс жасайды. Кейде материал шынайы болмаса, актерлерді ойнату да қиын, арзан күлкіге тап болып, көрерменге өтпей жатады. Аноу замандағы Б. Мұқай шығармасы өзіме қатты ұнағандықтан осыны таңдауға бел будым. Сөз қадірін білетіндер түсінеді. Мұнда әр сөз өз орнында, өз ролін ойнап тұр.

- Әңгімеңізге рахмет.

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар