Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Оконквоның масасынан кейінгі «Халық адамы»...

29.06.2023 1215

Оконквоның масасынан кейінгі «Халық адамы» 16+

Оконквоның масасынан кейінгі «Халық адамы» - adebiportal.kz

...сонымен қоғам ішіндегі билігін қайта қалыптастыра алмаған Оконкво «ақ адамдардың» алдында  өз мәдениетін, салт-дәстүрін, наным-сенімдерін қорғай алмағаны үшін жан тәсілім етеді. Қазақ даласына да именіп келіп иелік еткен орыс әскерлеріне қарсы шара таба алмай Оконкво секілді қаншама қолбасшыларымыз көз жұмғаны тарихқа аян. Бірақ басқыншылар олар қаза тапты екен деп, бір адым да артқа шегінгенін көрген/оқыған жоқпыз. Жат топыраққа жанталасып енген үстіне ене түсті. Колонизаторлар масаның мүрдесін түстеріне жерлеген халықтың түсіне кіріп, масаның мазарына гүл қоюдан тайынбады. Осы арқылы «гүл қоюшы» статусына ие болды. Дәлірек айтсақ, «біз болмасақ масаның мазары қараусыз қалатын еді» деп атой салды. Өң мен түсін ажырата алмаған халық оларға сенуге мәжбүр болды. Уақыт өте келе өздері өлтірген масаның басындағы гүлдерге арнап жыр жазды, олардың дәйім гүлденіп тұруы үшін өз қолдарымыз су берді. Тіпті соңында сол гүлдерге ғашық бұлбұлдарға айналып шыға келді. Гүлдерге ғашық болғаны соншалық мұның бір түс екенін, гүлдердің әуелгі масаның мазарына қойылғанын да ұмытып кетті.  Енді оларға ояну «бақшаны» жермен жексен етумен бірдей еді. Кімде-кім оянуға талпынса, «бақшаның жауы» атанды. Бірақ «бақшаның жаулары» мұның жай ғана түс екенінен хабарлар болатын. Сол үшін де өңіміздегі қурап қалған бақшаға ие болуымыз үшін оянуға/оятуға талпынды:

Найзаменен түртсе де,

Жатырмын,қазақ,оянбай.

Мұнша қалың ұйқыны

Бердің бізге, ой,Алла-ай!

Бар ма екен біздей ғафыл жұрт,

Атырафқа көз салсақ.

Көзі іскенше ұйқыға

Келе жатқан тоя алмай?

Етемін үміт жастардан,

Жаңа гүл шашқан бақшадай.

Мұрадын оңай кім табар,

Жар салып жұртқа қақсамай?

Халыққа,жастар,басшы бол!

Қараңғыда жетектеп.

Терең судан өтер ме,

Мың қойды серке бастамай? 

Бірақ «гүл қоюшылар» «бақша жауларын» «арамшөптердей» жұлып тастап, мазар басындағы халықты одан сайын маужыратып «бөліп алды да, билей берді». Халық болса гүлдерден көздерін алмай өздері де бір-бір мазарға айналды. Осылайша, тек қана түстерден құралған «гүлді өмір» жалғаса түсті. Бірақ бірнеше уақыттан кейін «гүл қоюшылар» мазар басына гүл қоюды халықтың өзіне тапсырды. Әрине, мұның саяси-экономикалық жақтары да жетерлік. Десе де, халық мұны «ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздік» деп атады. Енді масамыздың басына өзіміз гүл қоямыз деді. Ең өкініштісі, жылдар бойы тек қойылған гүлге ғана сүйсінген халық, мазар басына гүлді қалай қою керек екенін білмеді. Осы уақытта халық арасынан кешегі гүл қоюшылардың мирасқорлары шыға келді. «Біз енді тәуелсізбіз»,- деп қайтадан атой салды. Белгілі бір деңгейде тәуелсіздіктің не екенін түсіндіріп бақты. Халықтың жылдар бойы ұйқыда жатқанын, «бақшаның жаулары» ешқандай «жау емес» екенін сүйіншілеп айтты. Халықты оятуға тырысқандай болды, бірақ оятпады. Себебі оянудың не екенін, қалай екенін өздері де білмеді. Бәлкім, білді. Тек халықты оятқан күні өздерінің билігінен айрылып қалатындарынан қорықты. Тек қана оятып жатқандай әрекет етті. Осылайша, Оконквоның артында қалған халық кешегі ұйқыда жатқан күндеріне лағынет айта бастады. «Оянып жатырмыз» деп үміт етті. Бейне бір жылдар бойы ұйқыда болып, алыс сапардан үйлеріне оралатындай сезім кешті.

I will return home to her

---many centuries have I wandered--- 

And I will make my offering at the

feet of my lovely Mother: 

I will rebuild her house, 

the holy places they raped and plundered, 

And I will make it fine with black wood, 

bronzes and terra-cotta, – деп ағынан жарылып қайта жыр жазды. Бірақ халықты ешкім оятпады. Керісінше, маужыратқан үстіне маужырата түсті. 

Жоғарыда өлең жолдары Чинуа Ачебенің «A Man of the People» атты басқа бір романынан алынып отыр. Бейне бір кешегі отаршыларға қасқайып қарсы тұрған Оконкволардың арманынан құралған өлең бе дерсің?! Әсілі бұл өлеңді Нигерияның тәуелсіздік жолында ту көтерген әрбір адам оқуға тиісті болатын және оқыды да. Бірақ Ачебе аталған романда осы өлеңнен кейінгі абзацта: «I read this last verse over and over again. Poor black mother! Waiting so long for her infant son to come of age and comfort her and repay her for the years of shame and neglect. And the son she has pinned so much hope on turning out to be a Chief Nanga», - деп жазады. Мұндағы Шеф Нанга деп отырғаны біздің жоғарыда айтқан «жаңа гүл қоюшылардың» бірі. Дәлірек айтсақ, есімінен кесірі көп естілетін Нигерия мәдениет министрі. 

Яғни, аталған абзацтан отаршылдықтан шыққан халыққа «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманның келе қалмағанын, әлі оянбаған халыққа кешегі колонизаторлардың шәкірттері билік еткенін нақты аңғаруға болады. Шеф Нанга секілділер кеше де, бүгін де масаны емес, масаның мазарын пір тұтқанын ілгерілеген мәтіннен аңғарасыз деген ойдамыз. Сонымен, осыған дейінгі жазбамызда «ақ адамдардың» кәрі құрлыққа алғаш енуіндегі психо-экономикалық шиеленістерді суреттеуге тырыссақ, бүгінгі жазбамызда «ақ адамдардың» кәрі құрлықтан шығып, жергілікті халықты өз «түстерімен» бетпе-бет қалдырып кетудегі хаосты баяндауға тырысатын боламыз. Ең өкініштісі, «ақ адамдар» ұйқыдағы халыққа өздері жаратқан «гүл» жайлы мыңдаған мифтерін қалдырып кеткен еді. Ал ол мифтер өздіген қозғалатын машина секілді адамдардың өмір сүру салты мен болмысының бір бөлшегіне айналған болатын. Ендігі уақытта колонизаторлар жоқ болса да, отарланған елдердің тілінен бастап мәдениетіне дейін көптеген факторларда ықпалын жалғастыра береді.  Бұл процессті нақты суреттейтін концепт ретінде auto-colonialism терминін ұсынамыз. Auto-colonialism, Хусейн Абдилахи Булханның Бостон Университеті баспасынан шыққан «Frantz Fanon and the Psychology of Oppression» атты кітабындағы тілмен айтатын болсақ, «the highest stage oppression in which the victim actively participates in his own victimization».

Яғни, белгілі бір құрбанның өзін құрбан ету процессіне өзі «білегін сыбана» кірісетінін көріп, тәуелсіздік алғаннан кейін де отарлаушылардың мәдени және әлеуметтік траекториясынан шығу қиынға соғатынын аңғаруымызға болады. Ал бұл auto-colonialism-нің «қорғаушысы», «күзетшісі» ретінде отарланған интелектуалдар мен билік басындағы олигархтарды айта аламыз. Тәуелсіздіктен кейін толықтай жемқорлыққа батқан Нигерия мемлекеті осының айқын дәлелі. Әрине, тәуелсіздіктен кейінгі Қазақстанның жағдайын да осыған дәлел ретінде айтуымызға болады. Бірақ біздің қоғамнан Чинуа Ачебе секілді әлемдік деңгейде жазушылардың шықпағанын ескерсек, әдеби тұрғыдан биліктің жемқорлығын, Шеф Нанга секілді министрлердің екіжүздігін бағамдау қиынға соғады. Бәлкім, осы пікірден кейін қазақ жазушыларының есімін сымға тізілген торғайдай қылып есіңізге түсіруіңіз мүмкін. Әрине, белгілі бір деңгейде қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жағдайын суреттеген шығармалар бар, жоқ емес. Бірақ ешқайсысының Чинуа Ачебе секілді феномендік деңгейде емес екенін мойындауымыз да керек. Бұл біздің өз әдебиетімізді үш қайнаса сорпасы қосылмайтын африка әдебиетіне жығып беруіміз деп ұқпағаныңыз жөн. Себебі әркімнің әдебиеті өзіне тақ. Десе де, 2023 жылы Нигерияның жағдайын қазақ жазушысының романы арқылы суреттеуге тырысқан бір автордың жазбасын оқитын болсақ, бәлкім пікірімізді кері қайтарып алуымыз мүмкін. Бірақ, қазір емес. 

Сонымен, африка өлкелеріндегі тәуелсіздіктен кейінгі отаршылықтың зардаптарымен бірге, «түсіндегі гүлге ғашық» халықтың селқостығын және биліктегі қитұрқылықтарды жетер жеріне жеткізіп сынаған Ачебе, тек қана африканың емес, барлық отарланған халықтың қасіретін «күн бетіне шығарған» жазушы. Әрине, Ачебе өз қоғамында көргенін, білгенін жазды. Бірақ, әрбір ұйқыдағы халық бұл жазулардан өзін оңай тауып алады. Себебі «кемедегінің жаны бір». 

Нигерияның тәуелсіздік жылдарындағы әлі қалыптаспаған демократиясын суреттеген Ачебенің кезекті романы – «A Man of the People». Романның ішіне енбестен бұрын шығарма тілінің ерекшелігіне тоқталып өтуді жөн санаймыз. Автор шығарманы игбо акцентіндегі ағылшын тілімен ұсынады. Әрине, романның басынан бастап соңына дейін «түсініксіз ағылшын тілінде» жазбайды. Тек кейіпкерлердің диалогтарында игбо акценті өте жиі көрініс табады. Әрине, мұны автор кейіпкерлерді шынайы суреттеуі үшін қолданған болуы мүмкін деуіңізге болады. Бірақ, бұл бізге осыған дейінгі жазған «Жиль Делюздің ризомдық антиқұрылымы немесе жаңа әдеби сын» атты жазбамыздағы минор және мажор ұғымдарын есімізге салады. 

Француз философтарының еңбегінде аталған екі ұғым классикалық түсінікте емес. Яғни, қазақ тіліне аударғанымыздай «major» мен «minor» ұғымдары аз-көп дегенді айтпайды философтар. Азшылықта болу дегеніміз сан жағынан көп болса да, кімнің көпшілікке жататынын анықтайтын нормалар немесе ережелер тарапынан шеттетілуі дегенді білдіреді. Яғни, азшылық көп болуы мүмкін. Мысалы, аталған жазбамызда Платонның «Мемлекет» кітабындағы демократиялық нормаларды тілге тиек еткен болатынбыз:

«Афина демократиясындағы нормалар немесе ережелер жиынтығы бойынша көпшіліктің ішінде болуың үшін ер адам болуың керек, еркін, ержеткен, денің сау және афиналық болуың шарт. Демек, әйелдер, құлдар, балалар, мүгедектер және шетелдіктер көпшілікке қосыла алмайды. Яғни, сан жағынан шағын ғана топ (ер адамдар, еркін адамдар, ержеткен адамдар, дені сау адамдар, афинада туып-өскен адамдар) көпшілікті құрайды. Көріп отырғанымыздай, көпшілік санаулы адамдардан тұрады. Біз бұл тұрғыдан, Кеңес өкіметі кезіндегі қазақтарды, яки отарланған басқа ұлт өкілдерін де minor-лық деңгейде қарастыра аламыз».  

Делюз бен Гваттари «minor-лық (кіші) әдебиет, minor тілдегі әдебиет емес, азшылықтың majоr тілде жасаған әдебиеті», - дейді. «Kafka. Pour une littérature mineure» кітабында Кафканың мәтіндерін Чехия (Прага) немісшесінде жазуын осының дәлелі ретінде келтіреді. Себебі Кафканың ана тілінің еврей тілі болуына қарамастан, тіпті чех тілін ана тіліндей білуіне қарамастан, тіпті неміс тілін чех және еврей тілдері секілді білуіне қарамастан, Чехия немісшесінде шығарма жазуы minor-лық (кіші) әдебиеттің ең маңызды ерекшеліктерінің бірі. «Осылайша, Кафка бір тілдің шекарасында қалмай, тіл арқылы әрекет ететін күштің бақылауынан құтыла алды. Яғни, өз шығармасында көп азшылықтың (ризоматиканың) пайда болуын қамтамасыз етті. Бұл – тілдің жұртсыздануы»,- деген болатынбыз. Аталған пікірлердің аясында Делюз бен Гваттари Minor-лық әдебиеттің ерекшеліктері ретінде тілдің жұртсыздануы,  индивидтің жеке өмірі қаласын-қаламасын саяси оқиғалардың айналасында өрбуі және айтылымдардың ұжымдық кейіпке енуі деп келтіреді. Ачебенің шығармалары болса аталған үш ерекшелікке де қатысты екенін байқауымызға болады. Бірақ біз қазір осы бір ерекшіліктердің алғашқысына тоқталғымыз келеді. 

Жоғарыда айтқанымыздай,  Ачебе «A Man of the People» романында ағылшын тілінде қателіктерді әдейі жібереді. Мұның себебі де minor-лық (кіші) әдебиеттің  majоr тілінде жасағандығында жатыр. Яғни, минорлар саналы һәм санадан тыс үнемі мажорлардың шекарасын бұзып отырады. Және осы бұзу арқылы да өздерін ағзасыздандырады. Естеріңізде болса, «Оконквоның масасы» атты жазбамызда Ачабенің неліктен игбо тілінде емес, ағылшын тілінде жазғанын «отаршылдық процестің жойқын қатігездіктерін «су бетіне» шығарудың ең ұтымды тәсілі» деп бағалаған болатынбыз. Осы арқылы аталған қоғамдағы «дәстүрлі мәдениет, анимизм және христиандық, ерлер мен әйелдер, надандық пен сауаттылықты қайта қарауға жетелейді» деген едік. Бұл дегеніміз, мажорлық тілдің қалыптастарып берген шекараларын мажордың тілі арқылы бұзып, оның гегемониясынан құтылу, яғни жұртсыздануды білдіреді. Бейне бір америкалықтардың британдық ағылшын тілінің ережелерін бұзуы немесе Түркістан халықтарының орыс тілін өздеріне тән акцентпен сөйлеуі белгілі бір деңгейде гегемонияға қарсы иммунитет қалыптастырады. Енді бұл пікірлерді сөз болып отырған шығармаға төгетін болсақ, Ачебенің «ағзасыз денесі» мемлекеттік «қармау құрылғысын» ( фр. appareil de capture) үнемі бұзып отыратынын аңғаруымызға болады. Осы арқылы мемлекеттің (қазіргі жағдайда отаршылдардың) сызып берген шекарасынан асып өтіп, өзін жұртсыздандырады (қазіргі жағдайда отарсыздандырады). Осы тұрғыдан алып қарағанда, шығармадағы ағылшын тілінің игбо акцентінде жазылуы кейіпкерлердің шынайылығынан бұрын, сол кейіпкерлердің тәуелсіздігі үшін жасалған талпыныс деген қорытынды шығарамыз.

Сонымен, тілді жұртсыздану арқылы халықты отарсыздандыруға (ағзасыз денеге айналдыруға) тырысу жағынан алып қарайтын болсақ, Ачебенің «A Man of the People» романы басқа шығармаларынан ерекшелене түседі. Бірақ тілді жұртсыздандыру тек осы романда ғана көрініс табады, қалғандарында қолданылмаған дегенді білдірмейді. Тек осы романда ғана шығарма тілінің игбо акцентінде жазылуы алдыңғы планға шығып, ерекше көзге түседі.

Автордың басқа шығармаларына қарағанда, «A Man of the People» романында тілдің жұртсыздануына тағы бір себепші фактор – шығарманың көтерген тақырыбында жатыр. Себебі аталған роман Ұлыбританиядан жақында ғана тәуелсіздік алған Африка еліндегі саяси толқулар туралы. Яғни, жоғарыдағы романтикалық шегінісіміздей, түсіне жерлеген масаның мазар басына гүл қою «мәртебесі» халықтың өзіне қалған уақыт. Ал бұл кезеңде тек қана тілдің емес, барлық әлеуметтік саланың «қашу шекарасына» мүмкіндік алғанын аңғаруымызға болады. Сонымен, аталған романның сюжеті Аната гимназиясында Шеф Нанганың келуімен басталады. Ал Шефті күтушілердің ішінде оның бұрынғы студенті Одили де бар. Бірақ біз шығарманың «табалдырығын» иерархиялық сюжет арқылы емес, мәтіннің динамикасына қарай енуді жөн санаймыз. Бұл «ену» бізге ризомдық антиқұрылымдарды басшылыққа ала отырып айтатын болсақ,  мәтіннен трансцендентті мағыналарды емес, мәтінді түзетін күш динамикасы мен байланыс нүктелерін іздеп, сол жерден имманентті мағыналарды көруге септігін тигізедіАл ризоматикалық антиқұрылым бізге мәтінді автор немесе оқырман көзқарасы ретінде оқудан гөрі, оның динамикасына қарай, миниатюралық оқу тәсілін ұсынады. Естеріңізде болса, осыған дейінгі жазбамызда Ачебенің мәтініне Оконкво мен масаға құрылған сюжет арқылы бойлаған болсақ, бұл жолғы жазбамызда мәтіннің алғашқы сөйлемінен енуге жөн санап отырмыз. 

«No one can deny that Chief the Honourable M.A. Nanga, M.P., was the most approachable politician in the country» сөйлемі арқылы мәтін алға жылжыған сайын, артқа өріліп жатқанын байқауымызға болады. Яғни, әлі оқырманға белгісіз Нанга есімді мемлекет қызметкерін «Аса құрметті» деп суреттеуі автоматты түрде өткенге екпін береді.  Енді осы екпіннің арқасында алғашқы сөйлемнің мәтіннің басында емес, ортасында тұрғанын көреміз. Осы арқылы мәтін «болу» яки «түзілумен» тұратын ризомдық кейіпке еніп, көлденең жазықтықта жайыла түседі. Бұл бізге жоғарыда айтқанымыздай, мәтінді миниатюралық оқуға септігін тигізетін құбылыс. 

Сонымен алғашқы сөйлемнен мәтінге енген әрбір оқырман Шеф Нанганың болмысы Одили тарапынан бөлшектеніп жатқанын дереу аңғарады. Шеф Нанганың «Аса құрметті» дәрежесі қалай жеткенін және қазіргі таңда неге «Аса құрметті» екенін баяндауға тырысқан сөйлем, бір уақытта өткенге және қазіргі шаққа сілтеме жасайды. Нанганың «Аса құрметті» дәрежесіне өзінен үлкен элиталардың шашбауын көтеріп жүріп жеткенін және қазіргі таңда да өзінен кішілердің тарапынан «аса құрметті» деп бағалануы Нанганың болмысын толыққанды аша түседі. Тіпті Нанга секілділердің осы дәрежеге жету үшін премьер-министрдің кезекті үш сағаттық жиналысында тек мақтаумен өткізгенін оқимыз. Дәлірек айтсақ, «аса құрметті дәрежесіне» әлі жете қоймаған Нанга мен Нанга секілділердің премьер-министрді «қыран, арыстан, теңдесі жоқ басшы, аспан, мұхит» сынды сипаттаулары осының дәлелі дегіміз келеді. Көріп отырғанымыздай, мұндай мақтаулар тек Қазақстанда ғана емес, демократиясы толық қалыптаспаған басқа өлкелерде де бар екен, құрметті оқырман. 

Осылайша, мақтауларға тойған премьер-министр аталған жиналыста Аврам Линкольннің 1863 жылғы Пенсильвания маңайындағы соғыс алаңында айтқан сөзімен айтатын болсақ, «халықтың халық тарапынан халық үшін басқарылуын» қамтамасыз еткен билікті шетелдік дұшпандардың көмегімен төңкеруді көздеген «халық жауларын» құрықталғанын тілге тиек етеді. Сайып келгенде Одили олардың «халық жаулары» екеніне күмәнмен қарайды, себебі олардың мақсаты ешқандай билік емес, тек қана құлдыраған кофе нарығына жаңа жоба ұсыну болатын. Ал премьер-министр олардың жобаларын қабылдамай, «құлдырау үшін олардың өздерін кінәлап, бұл жетпегендей «халық жаулары» деп айды аспаннан бір-ақ шығарды»,- дейді Одили. Міне, осы аралықта жазықсыздарға «халық жаулары» деп айдар таққан премьер-министрдің бұл әрекетін қолдау Нанга және Нанга секілділерге қалғаны бесенеден белгілі. «Оларды асу керек», «өлтіру керек» деп жиналыста айқалағанның бірі де осы қазіргі «Аса құрметті» Шеф Нанга болатын. 

Ендігі кезекте Шеф Нанганың осы бір дәрежесін Спивактың «Can the Subaltern Speak?» еңбегіндегі элита ұғымымен толықтай түссек, мәтініміз әлдеқайда нақтырақ болады деген ойдамыз. Спивак отардан шыққан қоғамдағы элиталарды үшке бөледі. Олар, 

  • бөтен елдегі үстем тап өкілдері (отарлаушылар); 
  • Үндістан ішіндегі үстем тап өкілдері (Нигерия аумағында сөзі жүретін билік адамдары); 
  • жергілікті үстем тап өкілдері (бұлар әкімшіліктер, жоғарыдағы екі элитаның айтқанын орындаушылар). 

Ачебе сөз қылып отырған романда Нанганың осы бір элиталық классификация шеңберінде қалай жүріп өткенін баяндайды. Мұны баяндау арқылы билік басындағы үстем тап өкілдерінің жемқорлығы мен қарапайым халыққа жүргізілген «сөздегі» демократияны сынауды басты назарға алады. Нанганың жоғарыдағы «халық жауларына» қаратып айтқан сөзі элита жолындағы алғашқы баспалдағы екенін байқауымызға болады. 

Әрине, қоғамның билікке немесе биліктің қоғамға ара-қатынасын сынаған кез келген шығарманы шедевр деп айтуға болмайды. Себебі Джордж Оруэллдің тілімен айтатын болсақ, «жемқор саясаткерлерді, арамзаларды, ұрыларды және сатқындарды сайлаған адамдар құрбан емес, олар осы қылмыстың сыбайластары» болуы бек мүмкін. Енді осы тұрғыдан алып қараған уақытта, кез келген оқырман Ачебе суреттеп отырған қоғамдағы қателіктерді «сыбайластардан» көріп, мұнымен қоса Ачебенің шырғамаларындағы «мақтау/даттаудың» жоқ екенін өзіне конторгумент ретінде пайдаланып, талдау нәтижесін басқа арнаға бұрып жіберуі мүмкін. Бұл біздің ойымызша, отардан енді шыққан, демократиясы қалыптаспаған халықтар үшін орынсыз сын деп білеміз. Себебі дәл осы жағдайда Нанганы немесе Нанга секілділерді сайлаған халықтың еш кінәсі жоқ. Шынтуайтына келгенде оларды халық сайламады. Халықтың (субалтерннің) өзіне қатысты парадигмалық соғысына қатысуына бірден бір кедергі келтіргендер де дәл осы Нангалар болатын. 

Сонымен Нанга және Нанга секілділердің болмысына үңілу үшін мәтіннің динамикасына қарай, көлденең жазықтықта бойлаған тағы бір сөйлемге (дұрысы сөйлемдерге) назар аударуыңызды қалаймыз. Айта кету керек аталған сөйлемдердің барлығы бір-бірінен тәуелсіз болғанымен, ризомдық желіде бір арнада қозғалады

The conversation made little sense to me at the time especially as I heard only one end of it. But my host spoke with great feeling, almost annoyance, about a certain road which had to be tarred before the next elections. Then I heard the figure of two hundred and ten thousand pounds. But what really struck me was when my Minister said to his colleague: 'Look T. C. we agreed that this road should be tarred. What is this dillying and dallying...? Which expert? So you want to listen to expert now? You know very well T. C. that you cannot trust these our boys. That is why I always say that I prefer to deal with Europeans... What? Don't worry about the Press; I will make sure that they don't publish it....'

Оқыған сөйлемдеріңіз Одили мен Нангаға тиесілі. Бірақ бұл жердегі сөйлемдер Одили мен Нангаға тиесілі болғанымен, екі индивидтің бір-бірінің шекарасынан өтіп, жаңа бір мекенде жұртсызданғанын көруімізге болады. Яғни, әуел баста ештеңе түсінбеген Одили мен құпияны жасыруға тырысқан Нанганың сөйлемдері ризоматикалық желіде бір-бірінің құрылымын бұзады. Нәтижесінде Нанганың «құпиясы ашылып», Одили алдағы уақытта түзілетін мәтіннің тізгінін өз қолына алады. Бірақ Ачебе Одилидің «телефоннан қарсы тараптың дауысын естімегеннен кейін, тек жартылай ғана түсінгенін» жазады. Бұл дегеніміз Одилиге құпия қарсы тараптың ешқашан білінбейтіні үшін, мәтіннің тізгінін толықтай өз қолына алмағанын білдіреді. Бірақ екі индивидтің де шекаралары бұзылып, жұртсызданғаны үшін алдағы сөйлемдерде ішінара кіріктірілген үздіксіз Одили-Нанга «байланысына» куә боламыз. 

Енді үзіндінің өзіне келсек, Одилидің де, Нанганың да сөйлемдерінен көп жайға қанық бола түсеміз. Жалпылай жинақтап айтатын болсақ, (1) Сайлау алды жол жөндеу жұмыстары, (2) жолға асфальт төсеу үшін алынған паралар, (3) жол жұмыстарына жергілікті емес, шетелдік компаниялардың жұмылдыруы, (4) БАҚ өкілдерінен ақпаратты жасыру. Міне осындай  бірнеше «құпиялы» оқиғалар арқылы билік пен қоғамның арасындағы қарым-қатынасты бағамдауымызға мүмкіндік туады. Яғни, Одили сүрген қоғамда Нанга және Нанга секілділердің сайлау алды халықты үнемі алдайтынын, шетелдік компаниялармен келісілген жемқорлықтың үдегенін, төртінші билікте сөз бостандығының жоқ екенін тайға таңба басқандай көрсетіп береді. Сырт көзбен қарайтын болсақ, бұл факторлардың қазақ қоғамына жат оқиғалар емес екені де түсінікті. Енді сәл эмоциядан алыстап, рационалды қарасақ, бұл біздің көз алдымызға қасқыр терісін жамылғандай, демократияның кейпіне енген оклократияны елестетеді. 

Оклократия (грек. οχλοκρατία, okhlokratía; лат. ochlocratia) — білімі мен құзыреті жоқ қалың бұқараның қолдауымен мемлекеттік басқаруда абсолютті билікке ие болған популистік саясаткерлер құрған үкіметтік термин. Ең маңыздысы, оклократия әдетте аласапыран кезең ішінде өздігінен пайда болады. Дәлірек айтсақ, елдің білім деңгейі мен интеллектуалдық жинақталуының үлкен массасы қамтылғанымен,  қажетінше өспей қалуы нәтижесінде ортаға шығады. Бұған дәлел ретінде жазба басында да айтқанымыздай, оятуға келген масаны түсіне жерлеген халықты «аяғында тербетіп» өткізген отарлық кезеңді алсақ болады. Саясаттанушы Жасмин Гасановичтің «Ochlocracy in the Practices of Civil Society: A Threat for Democracy?» атты еңбегінде «оклократиялық билеуші топтар кейде шынымен демократиялық жолмен көпшіліктің қалауын орындап жатқанымен, азаматтық және демократиялық процестің болмауымен немесе бүлінуімен сипатталады»,- дейді. 

Нанганың Одилиге жол жөндеу секілді жұмыстардың барлығын халық үшін жасап жатқанын айтқанымен, Одили тілінде бұл басқаша суреттеледі: 

But none of these things was real news to me, only his saying that he had ordered ten luxury buses to ply the route as soon as it was tarred. Each would cost him six thousand pounds. So he had two good reasons for wanting the road tarred---next elections and the arrival of his buses. 

Яғни, Жасмин Гасановичтің айтқаны секілді Нанга демократиялық жолмен көпшіліктің қалауын орындап жатқандай көрінгенімен, оның басты уайымы сайлау және сайлау алды бағдарламаларына арнайы тапсырыс берген автобустар. Жылдар бойы ұйқыдағы халықтың «ұйқышылдығын» пайдаланып, дәлірек айтсақ, халықтағы білім мен біліктіліктің жоқтығынан билік басындағылардың демократиялық құрылымды  оклократияға айналдыруын жоғарыдағы романның үзінділерінен көруімізге болады. 

Сонымен миниатюралық оқу негізінде Шеф Нанганың Спивактың классификациясы бойынша мәтін ішінде үздіксіз жұртсызданып жатқаны көзіміздің алдында: әуелі «жергілікті үстем тап өкілі» болып премьер-министрдің алдында қалайша құрдай жорғалағанына куә болсақ, кейіннен «Нигерия аумағында сөзі жүретін билік адамы» ретінде телефондағы сөзін тыңдадық. Бірақ отарланған елдегі кез келген объектіленген субъект «бөтен елдегі үстем тап өкілдеріне» мүше бола алмайтынын Нанганың «ақ адамдармен» жолығуы кезінде қанық боламыз. «Ақ адамдар» Нанганы есімімен атап, амандасады. Бұған дейін оқырман Шеф Нанганы «аса құрметті Шеф Нанга» деп білсе, ақ адамдардың роман «сахнасына» шығып «аса құрметті» сипатын қолданбауы үздіксіз қозғалыстағы құрылымның бұзылуын білдіреді. Егер мәтінді ризомдық желіде қарастырып жатқанымызды ескерсек, қалыптасқан идеялардың бұзылуы заңды құбылыс. Себебі мағынаны тудыратын механикалық тоғысулар болса, бұл тоғысудың нәтижесінде әрбір мағына (мәтін) «бұзылады» және басқа болмысқа, Делюздің терминдерімен айтатын болсақ, жануарға (фр. devenir-animal) айналады. Осылайша, мәтіндерде (кейіпкерлер, оқиғалар және т.б.) бірін-бірі қармап алып, мәңгілік түзілу  кейпіне енеді. Сонымен белгілі бір жерге дейін «аса құрметті Шеф Нанга» болып келген кейіпкеріміз мемлекеттік «қармау құрылғысына» (фр. appareil de capture) түсіп, жай ғана Мика (Нанга оның фамилиясы болатын) болып шыға келеді. Мемлекет (отаршылдар) үшін шекараның сыртында ештеңе жоқ деп есептейтінін есімізге алсақ, «ақ адамдар» үшін де «аса құрметті Шеф Нанга» жоқ, тек Мика ғана бар. Ал Миканың «қармалғанына» тағы да Одилидің саясында қол жеткіземіз. Одили «I was dead certain that if I or any of our people for that matter had called him Micah he would have gone rampaging mad», - деу арқылы бізді көп жайдың парқына жеткізеді. Нигерия халқының кез келген адамының Шеф Нангаға Мика деуіне ешқандай рұқсат жоқ кезде, «ақ адамдардың» оны есімімен атауының себебін де Одилидің өзі түсіндіреді: «But perhaps I shouldn't have been so surprised. We have all accepted things from white skins that none of us would have brooked from our own people». Бұл жердегі «accept» (қабылдау) сөзіне ерекше мән беріп қарайтын болсақ, жоғарыдағы auto-colonialism ұғымының мәнін аша түскендей боламыз. 

Антонио Грамши «Prison notebooks» атты еңбегінде «ақ адамдардың» Нанганың үстіндегі гегемониясын тек мемлекеттің қауіпсіздік бөлімшелері ғана емес, сонымен бірге зиялылар тарапынан жұмсартылған (интеллектуалдандырылған) түрде бейнеленгенін айтады. Осы себепті мұндай гегемония бір жағында «ақ адамдардың» күш пен қуаты, екінші жағында Нанганың  келісімінің негізінде пайда болатынын алға тартады. Романнан да көретініміздей, Шеф Нанга өзінің жай ғана Мика болуына ешқандай қарсылық білдірмейді, тіпті Одилидің тілімен айтатын болсақ, «өз халқымыз жасай алмайтын әрекеттерді «ақ адамдардың» жасауына етіміз үйреніп кеткен». 

«Қабылдау» немесе «еті үйреніп кеткен» сөздеріне дәлел ретінде тағы бір философтың пікіріне құлақ асуды жөн санаймыз. Грамшидің «гегемония» ұғымын тереңдете отырып, француз философы, неомарксист Луи Пьер Альтюссер «Ideology and Ideological State Apparatuses» атты кітабында «гегемонияның» «репрессиялық» (әскери, полиция және т.б.) және «идеологиялық»( мектеп, БАҚ, т.б.) құралдардан тұратынын жазады. Нанга және оның қоғамында «репрессиялық» гегемонияның қабырғасы сөгілгенімен, «идеологиялық» гегемонияның әлі жалғасып келе жатқанын «ақ адамдардың» алдында Шеф Нанганың жай ғана Микаға айналуынан көре аламыз. 

Қорытындылай келе, «ақ адамдардың» Микасы «мика» болу арқылы өзінің «аса құрметті Шеф Нанга» дәрежесін қорғап қалу үшін роман бойы қолынан келгеннің барлығын жасайды. Қаншама жылғы «маңдай терінің арқасында» жеткен дәрежесін ұстап қалу үшін айналасындағылардың барлығын қойша қырып жіберуден де тайынбайды. Тіпті романның ілгерілеген бөлімдерінде сайлауға өз кандидатурасын да ұсынған Одилиге жасаған адам төзбес қастандықтары осының айқын дәлелі. Бірақ романның соңында әскери төңкеріс орын алып, Нанга құрықталады. Ең қызығы, Чинуа Ачебенің «A Man of the People» атты романы баспадан шыққан соң, бірнеше күннен кейін расында дәл романда суреттелгендей Нигерияда әскери төңкеріс орын алады. Бұл Нигерия тарихындағы алғашқы әскери төңкеріс болатын. 

Осылайша, Букер сыйлығының иегері, Чинуа Ачебе «A Man of the People» романы арқылы бізге жемқорлық пен арамзалық жайлаған қоғамның бет-бейнесін айна-қатесіз суреттеп береді. Жылдар бойы тәуелсіздікті аңсап, өз қолым өз аузыма жетті-ау дегенде, билік басына Нанга секілділер келсе, не шара?! Жазба басында аталған романда кездесетін бір өлеңнен үзінді беріп, үзіндіден кейін Ачебенің  «қайран қара кемпір-ай. Ұлым өсіп, өткен күндердегі азаптарым мен өкініштерімнің орнын толтырамын деп қанша уақыт күтті десеңші. Әйтпесе осынша үміт еткен ұлы соңында Шеф Нанга болып шықты»,- деген сөйлемін жазған болатынбыз. Ендігі кезекте осы бір сөйлемнің «жүрегінде» жасырылған қасірет пен қайғының қандай екенін қазақ қоғамы жақсы түсінеді деген ойдамыз. Себебі біздің қоғамда да қара шаңырақта қалған аналарымыздың үмітін жермен жексен еткен Шеф Нанга секілді ұлдар жетерлік. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар